теңестіру метафорасы, шынайы еркек пен әйел бейнесін қалыптастыруда теңестірілетін табиғи болмыстан берілген белсенділік/әлсіздік, интеллект/эмоция, т.б. ерекшеліктер.
бейнелі метафора, жынысқа тікелей қатысы жоқ, әр түрлі сипаттағы нысандар үшін қолданылады. Мысалы, еркектік ерен ерлік, әйелдік сұлулықтуралы жиі айтылады, ал кейбір тарихи-философиялық еңбектерде неміс ұлтының еркектік мінезі, орыс халқының әйелдік қасиеті жайында сөз қозғалады [Кириллина 1999, 93 б.].
Мұндай жағдайларда еркектік, әйелдік қасиеттердің жыныс өкілдеріне тікелей қатысы жоқ. Бұл жердегі әңгіме еркектік пен әйелдік ұғымдарының жыныс өкілдеріне ортақ, жалпы, кешенді белгілерінің бірігуі, олардың жиынтығы негізінде болып отыр. Еркектік бастау форманың, идеяның, белсенділіктің, ұсыныс-бастаманың, биліктің, жауапкершіліктің, мәдениеттің, тұлғаның (тұлға болудың), зерденің, абстрактілік ойлаудың, сана мен ақылдың, әділдіктің бастамасы ретінде түсіндіріледі. Ал әйелдік бастау материяның, әлсіздіктің, бағынушылықтың, табиғаттың, ұрықтанудың, сезімнің, санадан тыс болудың (бейсаналылықтың), нақты ойлаудың, қайырымдылықтың бастамасы деп ұғынылады. Бұл белгілерді еркек пен әйелге тән қасиеттер ретінде түсіндіру философия үшін де, жалпы бұқаралық таным үшін де қалыптасқан түсінік болып табылады.
Жалпы алғанда, сөздің метафоралық мағынасы оның «тура мағынасынан» туындамайды, керісінше, соған сәйкес келетін тұжырымдық құрылымдардан, яғни белгілі бір тұжырымдық ақпараттардың көмегімен жинақталған фрейм мен сценарийлерден туындайды. Қай кезеңде болса да, еркектік пен әйелдік ұғымдарының дихотомиялық қарама-қарсылығы және олардың иерархиялы құрылылуы, философиялық ойлар мен тұжырымдарға тән болып келді. Олардың бірқатары аталған ұғымдар арасындағы қарама-қарсы айырмашылықтары табиғи, субстанционалды, экзистенциалды қасиеттер ретінде қарастырды. Ал кейінгі зерттеулерде олар акциденталды, кездейсоқтық қасиеттер деп танылды. [Рябов 2002, 39б.].
Көптеген тілдерде еркек пен әйел тегінің морфологиялық және лексикалық белгісінің (маркерінің) болуы, жансыз заттарды еркектік пен әйелдік тұрғыдан ұғыну, сондай-ақ түрлі мәдениетке тән еркек пен әйел бастауына қатысты дүниетанымды қозғаушы негізгі күштердің өзара байланысты болуы оларды концептілік алғашқы бейне (архетип) ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |