ЛЕКЦИЯ №4. ШЕТЕЛДІК ГЕНДЕРЛІК-ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БАҒЫТЫ
Алғашқыда лингвистикалық гендерология деп аталған бұл сала әлеуметік тіл білімінің жаңа бағыты ретінде ХХ ғасырдың 90 жылдары өз жемісін бере бастады. Жеке сала ретінде бөлініп шығуына әйел мен еркектің жыныстың ерекшеліктерінен туындайтын мінез-құлықтың, қоғамдық ортадағы орны мен мәртебесінің тілдік қолданысқа ықпал ету факторлары басты себеп болды.
Шетел ғалымдары Т.Брандт, Лори Арлисс, Э.Гуссерль, Ш.Берн, П.Грайс, Э.Пайнс, К.Маслач, Энн Оуклей т.б. әйел тілі мен еркек тілін мәдениаралық коммуникация шеңберінде қарастырып, «қарым-қатынас кезінде адамзат баласы әйелдік немесе еркектік болмысын ерекше көрсете алады» деген ұстанымға сүйене отырып, зерттеу жүргізеді.
Ал ресейлік ғалымдар И.Халеева, Е.Горошко, В. Беликов, Л.Крысин, О.Воронина, А.Кирилина, т.б. әйел тілі мен еркек тілі арасындағы айырым белгілерді бастапқыда құрылымдық лингвистика өрісінде қарастыруды жөн көріп, «әйелдер тілі бағалауыш мәнді сөздер, модаль етістіктер, лепті сөйлемдер, өтіну, сұрау мәніндегі сөйлемдер сияқты тілдік құралдармен көрінеді, ал еркектер тіліне түйін сөз, шешімді сөз, қорытынды сөздер аса тән» екенін айқындап берді. Кейінгі зерттеушілер легі құрылымдық тіл білімі аясында тілдің гендерлік сипаты жете айқындала бермейтінін мойындай отырып, әйел тілі мен еркек тілін когнитивтік аспектіде қарастыруға бағытталады.
Гендерлік лингвистика ғылымын зерттейтін мәскеулік мектеп гендер аспектісін сала аралық нысан ретінде ұстанып, мәдениаралық коммуникация зерттеулерінде де, когнитивтік тіл ерекшеліктерін зерттеуде де, коммуникативтік жағдаяттар мен дискурстың тілдік көрініс зерттеуде де, оларға ықпал ететін экстра - және интралингвистикалық факторларды зерттеуде де гендерлік қатынасты айқындауға мүмкіндік бар екенін атап өтеді. Сондай-ақ екі тілді салыстыра отырып, гендер мен гендерлік қатынастардың сол тілді тұтынушы ұлттардың мәдениетінен де ерекше көрініс табатынын грузин тілі мен орыс тілін салғастыру нәтижесінде анықтайды. Яғни грузин тіліндегі гендерлік ерекшеліктер олардың тіліндегі мәдени құндылықтардың сақталуымен айқын байқалады екен. Мысалы, кісі есімдерінде, тегінде грамматикалық формалардың болмауы, эргативті, трансформативті септіктердің жалғануы, адам мен жансыз заттардың семантикалық категориясы арасындағы айырмашылықтар, т.б. [149, 211б].
Орыс тіл білімінде сөйленім мен тілдің гендерлік параметрін зерттеуге негізделген бағыт екі жақты сипатта дамыды. О.Л. Каменская осы бағыттардың негізгі даму жолын былайша түсіндіреді: «Бірінші бағыт – гендерлік лингвистика – тіл мен сөйленім әрекеттерін гендерлік әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы зерттеуге негізделсе, екінші бағыт – лингвистикалық гендерология – тілдік құралдардың көмегімен гендер категориясын айқындауға бағытталды» [150, 15б].
Осыдан кейін тіл біліміндегі гендер мәселесінің негізгі мақсаты мен жалпы ғылыми қағидаларын айқындау міндеті жедел шешімін табуды қажет етіп, ғалымдардың назарын аудартты. О.А. Воронина гендерді әлеуметтік-демографиялық категория ретінде, әлеуметтік құрылым ретінде, идеологиялық құрылым ретінде, мәдени метафора ретінде қарастыруды ұсына келе, «гендер – психология, әлеуметтану, философия ғылымдарының ортақ категориясы, оны тіл білімінің зерттеу нысаны етіп алу барысында осы ғылым салаларындағы гендерлік қызмет, гендерлік сипат тікелей байланыста анықталуы тиіс»,- деген пікірін білдірді [151, 56б].
Сонымен, тілде гендерлік қатынастың орын алатыны, яғни әйел мен еркек тілінің, сөйленісінің ара салмағы ерекшеленетіні айқын болды. Бірақ сол айырым белгілерді қай қырынан анықтау керек, не себепті ондай ерекшеліктер туындайды деген мәселелердің түйінін табатын әдіс-тәсілдерді айқындау, гендерлік сипатты тіл бірліктерінің қалай көрінетінін табу әлі де болса шешімін тапқан жоқ. Дегенмен, осы мәселелерді анықтауға тырысқан А.В. Мандрукевич тілдегі гендерлік қатынастар көп жағдайда стереотиптік жағдаяттар арқылы көрініс табатынын атап өтеді. Яғни тілдегі гендерлік стереотиптер арқылы әйелдердің тілдік тұлғасы мен еркектердің тілдік тұлғасын қалыптастыруға болады екен.
Марковина мен Сорокин бір ғана ұлттың мәдениетін сақтаушы, сол ұлт тілін тұтынушы екі адамның (бірақ бірі әйел, екіншісі еркек) лингвомәдени бірлікті таныту қабілеті мен білім деңгейі, тілдік қолданысы екі түрлі болатынын дәлелдейді. Яғни екі жыныс өкілі мәдени құндылықтардың мәнін, мазмұнын кодтау кезінде лакунарлық шеңбер өрісінен шығып кетуі мүмкін. Еркектердің ұлттық мәдени құндылықты өзге біреуге сипаттап, салыстырмалы түрде теңеп түсіндіру қабілеті жетпегендіктен ұғымның толық мазмұны ашылмауы мүмкін. Ал әйелдер жете түсіндіремін деп, басқа ұлттардағы ұқсас құндылықтармен салыстыра сипаттау арқылы адресант санасында ұғымның нақ бейнесін қалыптастыруға тырысады. Бірақ лингвомәдени бірліктер, ұлттық мәдени құндылықтар көп жағдайда баламасыз болады, өзге ұлттан оған ұқсас дүниелерді табу өте қиын болады, тіпті табылмайды да, сондықтан әйелдердің коммуникативтік-прагматикалық әрекетінде де лакунарлық шеңбер өрісінен ауытқу құбылыстары байқалады [152].
И.Н Тартаковская әйел мен еркектердің тіліндегі айырмашылықты олардың жасаған мәтіндері арқылы зерттеуді ұсынады. Белгілі бір құбылысқа не ұғымға берген бағалауыштық пікірінен құралған әйел мен еркектің мәтінін салыстыра отырып және белгілі бір мәтінді қабылдау, талдау, талқылаудан құралған әйел және еркек мәтінін теңестіре отырып, олардың гендерлік медиялық дискурсын анықтауға болатынын атап өтеді. Бұл жерде гендерлік тип емес, гендерлік рөлдің басым көрініс табатынын ескертеді [153, 92б].
Сонымен, гендерлік лингвистиканың негізгі бірлігі әйелдер тілі мен еркектер тілі болып анықталды, ғылым тілінде әйел мен еркек тілінің белгілері гендерлект деп атала бастады. Гендерлект бір жыныс өкілі болып саналатын, бірақ әртүрлі әлеуметтік және кәсіби мәртебеге ие болған адамдардың қарым-қатынасын зерттеу кезінде, жеке тұлғаның (әйел немесе еркек) отбасында, қызметте, таныстары, жақындары, туыстары арасында, жаңа ортаға келген кездегі сөйлеу, қарым-қатынас орнату қабілеттерін анықтау барысында айқын көрініс табады.
Гендерлік лингвистиканың негізгі бірліктерінің қатарына феминділік пен маскулинділік терминдері де енеді. А.Г. Шилина аталмыш ұғымдарды түсіндірудің үш негізгі тәсілін ұсынады: «феминділік – 1. биол. әйел жынысы өкіліне тән физиологиялық ерекшеліктердің жиынтығы. 2. психол. әйел тұлғасына тән дәстүрлі қасиеттердің жүйесі (тәуелділік, жұмсақтық, әлсіздік, нәзіктік, т.б.), әйелдерге тән жыныстық құлық нормаларының сақталуы. 3. әлеум. Белгілі бір мәдени ортадағы әйел жынысына тән ерекшеліктердің әлеуметтік қызметі, орны. Маскулинділік – 1. биол. Еркек жынысына тән физиологиялық ерекшеліктердің жиынтығы . 2. психол. Еркектерге лайықты белсенділік, тәуелсіздік, бірінші болу, билік басқару, шешім қабылдау, өз өзіне сенімді болу, әлді, қайратты болу сияқты құлықтық нормалардың сақталуы. 3. әлеум. Белгілі бір мәдени ортадағы еркекке тән табиғи ерекшеліктердің әлеуметтік сипаты»
Осы белгілер әйелдер мен еркектер тілінде, тілдік қолданысында эмоционалды, экспрессивтік тіл бірліктері арқылы, сипаттау, бағалау, қорытындылау дискурстары арқылы көрініс табады. Сондықтан гендерлект тек қоғамдық, әлеуметтік ғылымдардың ұғымы ғана емес, тіл білімінің де зерттеу нысаны бола алады.
Е.В. Митрухина мен А.В. Бессарабенко гендерлік лингвистика тек екі түрлі жыныс өкілінің тілін зерттеумен шектелмей, бір жыныс өкілінің тілдік даму динамикасын зерттеуге де бағытталуы тиіс деген пікірін айта отырып, қыз бала мен жас аналардың тілін, одан кейін кемеліне келген әйелдің тілін қарастырады, олардың әрқайсысын тілдік қоры мен сөз саптау құрылымының қалыптасу, даму деңгейін анықтауға тырысады. Бірақ психолингвистикалық әдіс-тәсілдерді, яғни бала тілінің қалыптасу мен даму қағидаларын қолданады. Сондай-ақ адамның аялық білімі мен жасанды интеллектісі дамыған сайын, тілдік қоры мен қолданысында болатын өзгерістерді зерттейтін когнитивтік амалдар пайдаланылған. Ал гендерлік сипаты толықтай ашылмағандықтан, бұл мәселені нақты гендерлік лингвистиканың нысаны ретінде алу күмәнді деп санаймыз.
А.Кирилина тілде көрініс тапқан гендерлік ерекшеліктер мен әйел немесе еркектің жеке құлықтық болмысынан, ой-санасынан туындаған тілдегі ерекшелікті қатар зерттей отырып, салыстыра отырып, екі жыныс өкілінің тілдік қолданысындағы жиілікке, сөз мәнерлілігіне, мәтіннің мөлшеріне (қысқа немесе ұзақ), мәтіннің сапасы мен мазмұнына, ондағы ойдың күрделі философиялық немес жеңіл бағалауыштық мәніне ерекше тоқталады. Осы критерийлерді негізге ала отырып, әйел мәтіні мен еркек мәтінін салыстырады. Нәтижесінде қолданыс жиілігі басым, яғни ойын жиі қайталайтын мәтін, ұзақ мәтін, бағалауыштық, сипаттауыштық мазмұны зор мәтін әйелдер тіліне тән болып шыққан [154].
Гендерлік лингвистиканы арнайы қарастырған орыс тілші-ғалымдары жазушы әйелдер мен жазушы еркектердің көркем прозасын салыстыру арқылы тілдегі гендерлік ерекшеліктерді айқындағаны белгілі. Мәселен, Е.Д. Назарова тілдегі гендерлік маркерлердің көрінісін былайша түсіндіреді: «фонетикалық гендерлік маркерлер – дауыс ырғағының төмен не жоғары болуы, екпіннің бәсең немесе жылдам болуы, сөйлеу кезіндегі кідірістерінің айырмашылықтары, дауыс қарқынының жоғары немесе әлсіз болуы, логикалық айқындау деңгейіндегі ерекшеліктері болып танылса, морфологиялық гендерлік маркерлер – еркектердің жалғауды көп қолданбайтыны, әйелдердің изафеттік құрылымды жиі қолданатыны, қыстырма, шылауларды жиі қолданатыны, т.б ерекшеліктер жатады, ал лексикалық гендерлік маркерлер - әйелдер көп қолданатын лексикондар мен еркектер көп қолданатын лексикондарды салыстыру нәтижесіндегі ерекшеліктер саналады, экстрессивті-стилистикалық гендерлік маркерлер - әйелдердің қыстырма, одағай сөздерді, экспрессивті мәнді сөздерді көп қолданатыны, еркектердің дөрекі, анайы сөздерді көп қолданатыны сияқты ерекшеліктер» деп топтастырып көрсетеді [155]. Т.Б. Крючкова көркем проза тіліндегі сөз таптарының жиілігін салыстыра отырып, әйелдер тілінде есімдіктер мен шылау түрлерінің жиі қолданылатыны, ал еркек тілінде зат есімдердің кең қолданыс табатынын атап өтеді. А.А. Вейлерт әйелдердің еркектерге қарағанда лексикон қоры бай болатынын аңғара отырып, әйелдер сын есімдерді жиі қолдануға бейім келсе, еркектер абстрактілі зат есімдерді көбірек қолданатынын дәлелдеп көрсетті.
Нәтижесінде әйелдердің лексиконы стереотип, ассоциацияны тез сезетін сол арқылы ойын эмоционалдық, иррационалды, бейнелі жеткізуге бейім болатыны, ал еркектер шынайы қабылдап, ақиқат дүниені тура қабылдайтын қабілеттері сай, ойын рационалды, тура мағынада жеткізуге бейім болатыны айқындалды. И.Г. Овчинникова бұл ерекшеліктерді екі жыныс өкіліне тән биологиялық, физиологиялық, яғни табиғи қабілет деп танып, әйелдердің көбінесе гуманитарлық саланы, филолог мамандығын таңдайтынымен, ал еркектердің негізінен техникалық саланы, физик, химик, инженерлік мамандықты таңдайтынымен дәйектейді.
Е.А. Земская еркектер мен әйелдердің ассоциативтік өрісін салыстыру арқылы феминистік тілдің символдарға, бейнелерге, троптарға, фразеологизмдерге толы екенін, ал еркектердің нақты зат атаулары мен нақты ұғымдық түсініктемелермен шектелетінін атап өтеді.
Осындай зерттеулердің нәтижесі бір ғана қорытындыны көздейді. Ол - әйел тілінің тілдік қоры еркектерге қарағанда мол, әрі бейнелі, эмоционалды, бағалауыштық, сипаттауыштық мағынаға бай, ал еркектер тілі қысқа, әрі нұсқа, тура мәнде жеткізілетін түсініктеме, анықтама тәрізді, стильдік реңкі солғын, бірақ шешімді, түйінді мазмұнымен ерекшеленеді.
Біздің ойымызша, әйел тілі мен еркек тіліне берілген бұл жалпы сипаттама дұрыс және ол екі жыныс өкіліне тән табиғи, құлықтық ерекшелік деп білеміз. Дегенмен де әйел тілі мен еркек тілі әрқашан осы критерийлерді ұстап тұрмайды. Әйелдің де тілдік қоры еркекке тән қысқа, тура мәнде болуы мүмкін. Керісінше кейбір еркектердің шешендік, суырып салмалық қабілеті басым болып, көп сөйлейтін, мәнерлі сөйлейтін қасиеті байқалуы мүмкін. Осындай ерекшеліктерге біріншіден, тұқым қуалаған гендік қабілеттер, мінез-құлықтар ықпал етеді. Екіншіден, кәсіби ортасы, мамандығы, қызметі ықпал етеді. Үшіншіден, өмір сүріп отырған ортасы, ұлттық тәрбие, салт-дәстүр, ырым-тыйымдар да өз септігін тигізеді деп санаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |