Гендерлік лингвистика – қазіргі тіл білімінде қарқынды дамып келе жатқан лингвистикалық бағыттардың бірі. Лингвистикалық әдебиеттерде «гендер» термині жүйелі қолданылмағандықтан, ғалымдардың еңбектерінде «жыныс» және «гендер» сөздері қатарласа қолданылады. Гендер - әйел мен ердің әлеуметтік қоғам қалыптастырған, жасаған үлгісі. Ол әйел мен ер жынысының әлеуметтік ортадағы, қоғамдық-мәдениет ошақтарындағы өзіндік орны мен ролін айқындайды. Жалпы ғалымдар «жыныс және сөз» мәселелерімен шетел тіл білімінде ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап айналыса бастады. Грамматикалық род категориясын білдіретін ағылшын термині «gender» лингвистикалық контекстен алынып, ең алдымен, басқа ғылым салаларының, яғни әлеуметтік пәлсафа, әлеуметтану, тарих және саясаттану ғылымдарының зертттеу нысанына айналды. Кейінірек бұл термин гендерлік зерттеулердің кең өркен жаюына орай ғылымда өзіндік мәртебе алып, қазіргі тіл біліміне жаңа мағынада, жаңаша сипатпен қайтадан енді.
Қазіргі таңда гендерлік лингвистика негізінен тілдік қатынастағы ерлер мен әйелдер тілінің өзіндік ерекшеліктері мен айырым белгілеріне айрықша назар аударуда. Сол себепті қазіргі кезде әлемдік тіл білімінде әр ел ғалымдары тілдегі гендерлік ерекшеліктер мәселесін көтеріп, жан-жақты зерттеулер жүргізуде. Мысалы, неміс ғалымдары Ф.Вернер мен К.Наринз жынысқа қатысты психологиялық сөйлеу айырмашылығына баса назар аударып, әйелдердің сөйлеу әрекетінің артикуляциялық жағынан гөрі кәсіптік тілін көбірек зерттеп жүр. Өйткені адам психикасымен байланысты сөйлеу процесі кезіндегі мидың қызметінің қандай болатыны, сөйлеу мүшелеріне тигізетін әсерін қарастыру тіл білімі үшін де, психология ғылымы үшін де аса маңызды. Яғни сөйлеуді тілсіз, ал сөйлегенді қабылдауды психологиясыз шешу мүлдем мүмкін емес. Сондықтан аталған екі ғылым бірлесе отырып, осы мәселелерді шешуі тиіс.
Орыс тіл білімінде гендерлік лингвистиканың негізін қалаған ғалымдардың ішінде А.В.Кирилина, Е.В.Митрохина, А.В. Бесарабенко, Е.И.Трофимова сынды ғалымдарды атауға болады. Олардың ғылыми зерттеулерінен Ресей тіл біліміндегі гендерлік лингвистика саласы бастау алады. Негізінен «гендер» ұғымын тілдік жағынан сипаттап, оның орыс тіліндегі ерекшеліктерін анықтауға зор үлес қосқан ғалым – А.В.Кирилина. Ал ғалым К.Пузыренко өз зерттеуінде тіл білімінде бұл бағыттың «феминистік немесе жыныстық лингвистика» деп аталғанын көрсетеді. Сонымен қатар ғылыми жұмыстарында психология мен әлеуметтану саласындағы гендер мәселесін қарастырған Ю.Ф.Чуфаровский, Е.П Ильин, И.С.Кон сияқты ғалымдардың еңбектерінде психологиялық және этнолингвистикалық талдау жасау үрдіс алған. Осыған орай біз жалпы «гендер» сөзінің «биологиялық жыныс» сөзіне қарағанда, мағынасының кеңірек екенін толық сеніммен айта аламыз. Бұл сөз «әлеуметтік жыныс» деген ұғыммен шектесіп жатыр, яғни тіл білімінде әйел мен ердің қоғам қалыптастырған үлгісі ретінде қолданыс тапқан.
Гендерлік зерттеулер – қазақ ғылымы үшін соны құбылыс. Кезінде гендерлік зерттеулер туралы қазақ тіл білімінде нақты сөз қозғалып, ғылыми зерттеулер жазылмаса да, оның ұшқынын қазақ халқының таным-түсінігінде әйелге қатысты қалыптасқан тілдік ерекшеліктерді сөз еткен Ә.Ахметовтің «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер», М.Бимағамбетованың «Қазақ сөз этикеті» еңбектерінен табуға болады. Бұдан біз қазақ тіл білімінде гендерлік мәселелер бұрын да ғалымдардың назарына іліккендігін байқаймыз, дей тұрса да бұл факторлар қазіргі кезде Отандық тіл білімінде жан-жақты арнайы қарастыруды талап етеді. Осыған орай қазіргі кезде бұл бағытта қазақ тіл білімінде тіл мәселелерін гендерлік лингвистика аясында қарастыратын зерттеулер көбеюде. Олардың қатарына Б.Хасанұлы, Г.Мамаева, Қ.Жанатаев, Г.Шоқым, М.Ешимовтің, А.Байғұтованың ғылыми зерттеулерін жатқызуға болады. Сол себепті қазіргі кезде тіл білімінде гендерлік зерттеулердің басты мақсаты – әлеуметтік қоғамдағы ерлер мен әйелдерге деген тілдік қарым-қатынасты айқындайтын қоғамдық, танымдық, әлеуметтік, ұлттық факторларды анықтау, жеке тұлғаның белгілі бір жынысқа қатысуына қатысты мінез-құлық ерекшеліктерін, болмыс-бітімін, олардың еркекке не әйелге тән негізгі қасиеттерінің тілдік белгілерін анықтау. Осы тұрғыдан келгенде, біз өз мақаламызда тілімізде «Қыз» концептісіне қатысты туындаған антропонимдер мен топонимдерді, гидронимдерді тұлғалық, мағыналық ерекшеліктеріне қарай талдап, кейбіреуінің түп-төркінін анықтауға тырыстық.
Ұрпаққа жарасымды есім беру – ежелден келе жатқан халқымыздағы игі дәстүрдің бірі. Қазіргі қазақ есімдері сан жағынан көп те мол болумен қатар, құрамы мен құрылысы жағынан да әр алуан. Тілімізде өзінше бөлек, дәстүрлі қазақ есімдері көп кездеседі. Сол себепті қазақ тіліндегі қызға қатысты есімдер өзінің әртүрлілігімен, сан қырлылығымен ерекшеленеді. Мысалы, қазақ тілінде жыныстық белгіні көрсету үшін ұрғашы (ұрғашы мал, ұрғашы қой); еркек (еркек бұзау); ұл (ұл бала); қыз (қыз бала) сияқты сөздердің қолданылатыны анық. Белгілі түрколог ғалым Л.Покровская өз еңбегінде түркі тілдеріндегі қандық, туысқандық қатынасты білдіретін атауларға ата (әке), апа (шеше),сіңлі, қарындаш, аба, оғұл, қыз сөздерін жатқызады. Ол бұл туралы былай дейді : «Рассмотрение терминов кровного родства мы считаем целесобразным начать не с терминов, выражающих понятие «отец», «мать», а с «сын» и «дочь». Это вызвано тем обстоятельством, что оғұл и қыз являются не только терминами родства в собственном смысле слова, но обладают более широкой семантикой, а именно выражают понятие «мальчик», «юноша», «девочка», «девушка» в тюркских языках как показатели пола» [3,19б]. Ғалымның бұл тұжырымынан біз гендерлік лингвистика тұрғысынан «Қыз» концептісінің ауқымының кеңірек екенін аңғарамыз. Қазақ тілінде сирек болса да жалқы есімдерге (адам аттарына) арнайы қосымшалар қосылып келіп те жыныстық мағынаны білдіреді. Мысалы, Сәлім (ер адамның аты) – Сәлима (әйел адамның аты), Кәрім-Кәрима, Кәміл-Кәмил1 Гендерлік лингвистика,мақсаты мен міндеттері
Қазіргі заманда тіл білімінде жүргізіліп жатқан зерттеулердің әртүрлілігі олардың бір-бірімен байланысы мен шекарасын және негізгі өлшемдерін анықтауды талап етеді.Солардың ішінде лингвистикалық зерттеулерге ортақ төрт түрлі ұстанымды атап өтуге болады:
1.Экспансионизм ұстанымы (шекараның жойылуы,шектеудің болмауы, пәнаралық байланыстың кеңеюі);
2.Антропоөзектілік ұстанымы (тілдегі адам мәселесі);
3.Жаңафункционалдық (неофункционалдық) ұстаным (тілді әрекет деп қарастыру оның қолданыс аясын зерттеу);
4.Экспланаторлық ұстаным (түсіндірмелік) [Кубрякова 1995,207б.].
Бұлар гендерлік зерттеулерде де қарастырылады.Жеке пән ретінде қалыптасу барысында түрлі объективті себептер орын алады.Бір жағынан, пәннің әдіснамасын қалыптастыру,сонымен байланысты зерттеу нысанына қатысты жалпы әдістемелік көзқарастардың қалыптасу үдерісі жүреді,екінші жағынан,пәннің ғылыми-танымдық теориясын (эпистемологиясын) қарқынды зерттеу жүргізіледі.
Тіл білімі үшін маңызды жалпы теориялық қағида-жыныстың әлеуметтік-мәдени байланыстылығының тіл мен сөйлеудегі көрінісі.Мұны анықтауға мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдер мен әдістемелер тіл білімінде жеткілікті.Тілшілер тарапынан көтеріліп жүрген өзекті мәселелердің бірі де осы-гендерлік лингвистика бағытын қалыптастыру,өзге де ғылым салаларының мәліметтерін пайдалана отырып,дербес пәндік білімді дамыту болып табылады.[Халеева 1999, 5б.].
Достарыңызбен бөлісу: |