ЛЕКЦИЯ №11. ГЕНДЕРЛІК ЖІКТЕЛІМНІҢ ТІЛ ДЕҢГЕЙЛЕРІНДЕГІ КӨРІНІСІ
1. Фонетика деңгейіндегі гендерлік ерекшеліктер
Гендерлік айырым белгілер тілдің барлық салаларынан табылады және де ол түрлі тілдерде, түрлі дәрежеде көрініс береді. Соның ішінде гендерлік фонетика-фонологиялық ерекшеліктер өз алдына үлкен бір қабат құрайды.
Алғашқы әлемдік өркениеттің тіл иеленушілерінің бірі ретінде шумерлерде эпикалық мәтіндер мен құдай аналар гимнінде, құдай аналар, әйелдер мен қызметкерлер сөзінде кездесетін өзгеше «әйел тілі» (eme-sall, акк. ummisallu) ажыратылып көрсетілген [Дьяконов 1967, 35-51 бб.]. Ол негізгі шумер тілінен (еmе-КU) фонетикалық жағынан ерекшеленеді, ал лексикалық тұрғыдан айырмашылығы шамалы. Мысалы, негізгі шумер тілі (ЕК) мен «әйел тілі» (ЕS) арасындағы дауысты дыбыстар сәйкесімі а>а, е>а, і (мүмкін, екпіннің түсуіне байланысты); і>е; и>е түрінде көрінеді (ЕК кіrі «бақша»>ЕS ке-rе, ЕК іnіm «сөз»>ЕSе-nе-еm, ЕК digir «тәңір»>ЕS dem-mе-еr). Шамасы, еркектер қолданатын айтылымдық ерекшеліктер әйелдер үшін табу сипатында болған. Әйел аталымдары түсінікті болу үшін мәтінде логограммасыз, фонетикалық жолмен, буындарға жіктеліп беріледі. Сол сияқты аккад тіліне ауысқан шумерлік сөздердің басым көпшілігі әйелдер тілі арқылы енген тұрмыстық сөздер екені анықталды. Жалпы ежелгі шумер тілі жанрлық түрлерге, кәсіби тілдерге бөлінген. Атап айтсақ, негізгі тіл, жоғары тіл (ресми) тіл, ерекше тіл, теңізшілер тілі, малшылар тілі, т.с.с.
Зерттеулерге сүйенсек [Дьяконов 1967, 48 б.], осыған ұқсас жағдай Калифорния үндістерінің яна тайпасында орын алған. Мұнда еркектер әйелдермен әйелдер тілінде, ал өзара ерлер тілінде сөйлеседі. Әйелдер ерлер тілін тек олардың сөздерін мысалға алған кезде қолдануларына болады (мысалы, еркектің батырлығы баяндалатын ертегі жайлы сөз еткенде). Еркектер тілі - ресми сипатта, әйелдер тілі - ауызекі тілдік мәнде жұмсалады. Әйелдер тілінде этнографиялық белгілер мол сақталған. Ғалымдардың пікірінше, «әйел тілі» жергілікті тіл ерекшеліктерінің (аймақтық диалектілердің) негізі болуы мүмкін. Батыс Сібірдегі чукот тілі де сөйлеушінің жыныс ерекшелігімен байланысты фонологиялық тұрғыдан түрленіп отырады. Мұнда әйелдер айтуындағы ц дыбысы ерлердің р дыбысын айтуымен сәйкес келеді. Сол сияқты Монтанодағы грос вентр тайпасында ерлер мен әйелдерге тән дыбыстық айырмашылықтар қатаң сақталған. Мәселен, таңдай арты, шүғыл дауыссыз [к] дыбысын ер адам аффрикатпен алмастырып айтады. Сондықтан бұл тілдік жағдайда айтылым гендердің айрықша белгісі ретінде танылады [Коатс 2005, 75 б.].
Көне құбылыстар кейбіреуі қазіргі тілдерде де кездесіп қалады. Атап айтсақ, орыс говорларында [р] орнына [й] дыбысын қолдану - көненің көзі, бұлай сөйлеу тек әйелдерге тән (мысалы, бйат (брат), бейоза (береза) деу) [Мечковская 2001, 260 б.]. Осы ретте ғалымдар әйел тілінде бұрынғы қалып (консерватизм) басым деген пікірді жиі айтады. Дей тұрса да, бірқатар лингвистер әйел тілінің өскелең ұрпақ тәрбиесіне әсері мол, сондықтан да әйелдің сөйлеу тілінде әдеби тіл нормалары қатаң сақталған әрі қостілділік жағдайда әйел келешекте балаларына тиімді болар тілге көбірек мән береді деп көрсетеді [Потапов 1997, 53 б.].
Америкалық жэне британдық нұсқадағы қазіргі ағылшын тілі мен орыс тілі материалдары негізінде «еркек-әйел дауысына» қатысты акустикалық және айтылымдық ерекшеліктерді зерттеген В. В. Потапов фонетикалық жіктелім арқылы берілетін мәліметтің екі түрін бөліп көрсетеді:
1) фонетикалық мәлімет (мысалы, дауыс тембрі (әуені), бірқатар сегменттік, атап айтқанда, дыбыс пен буын деңгейіндегі акустикалық-артикуляциялық белгілер және фразалық деңгейдегі суперсегменттік ерекшеліктер, дыбыстық мәтіндер);
2) әмбебаптық мәлімет (мысалы, «еркек-әйел дауысы» белгілерінің сөйлеу кезіндегі жасына, білім деңгейіне, тәлім-тәрбиесіне, әлеуметтік жағдайына, мамандығына, экономикалық факторларға («эконолингвистика» тұрғысынан) сәйкес функционалды корреляциялануы, сол сияқты диалектілік ерекшеліктерге, билингвалдық айтылымға, эмоционалдық және коннотативтік факторлардың әсеріне, басқа да түрлі жағдайларға байланысты дауыстың түрленіп келуі. Бұл мәліметтердің әрқайсысы, бір жағынан, жеке адамның нейрофизиологиялық, психикалық, антропоөлшемдік ерекшеліктерімен, екінші жағынан, әлеуметтік және экономикалық факторлармен байланысты [1997, 526.].
Дауыс-айтылғанның мәнінен (не айтылғанынан) бұрын сапасын (қалай айтылғанынын) бейнелейтін пәрменді күш. Айтылғанды ойға көшіріп, талқылып, қорыту алдында адам біраз уақыт дауыс жетегінде болады. Дауыс (сөздермен бірге не сөздерден тыс) санада сезімдік жауап ретінде қабылданады [Крейдлин 2000, 435 б.]. Айталық, әйелдер өзара әңгімеде жай (бірқалыпты) дауыспен сөйлеседі. Күнделікті қарым-қатынаста жай дауыс, ал шиеліністі немесе эмоциялық жағдайларда дауыс екпіні (кейде дауыс дірілі) күшейіп, әдеттегіден жоғары (қатты) дауыс гүрі қолданылады.
Дауыс сапасында мәдени және табиғи белгілердің сабақтасып келуі еркек пен әйел дауысы мен дауыс әрекетін (просодиясын) ерекшелендірген [Коттхофф 2005, 575 б.]. Анатомиялық жағынан алғанда, еркек дауысы (нормаға сай) көмей мен дауыс шымылдығының кең, үлкен болуына байланысты әйел дауысынан ажыратылады. Әйел адамның дауыс шымылдығының қысқа болуы тербеліс жиілігін (герцпен өлшенеді) күшейтеді де, жоғары (жіңішке) дауысты көрсетеді. Ер адамның дауысы - төмен (жуан), орташа есеп- пен 100 гц өлшемге сәйкес келеді. Әрине, бұл жерде жеке адамға тән дауыс құбылулары болатынын ескеріп отырған жөн.
Бірнеше тілдер мен диалектілерді салыстыра зерттеу нәтижесі еркек пен әйел дауысы тек физиологиялық жағынан емес, әлеуметтік тұрғыдан да ерекшеленетінін көрсетті. Екі дыбыстың (мысалы, екі дауысты немесе екі ызың дауыссыз) біреуін әйел, екіншісін еркек дыбыстаған тәжірибеде фонетист-ғалым екеуін де «бірдей» деп анықтағанымен, дыбыс анықтағыш құралдар формантты құрылымдағы айырмашылықтарды тіркеген. Спектрлі талдауға сәйкес, әйел дауысының спектрлік құрылымы ермен салыстырғанда, 18%-ға жоғары, бірақ бұл көрсеткіш дауыстылардың сапасына қарай өзгеріп отырады. Сонымен, әйел мен еркек дауысына тән гендерлік ерекшеліктер әсіресе оңтүстік ағылшындық, жалпы америкалық, нидерландтық үлгілер мен француз, швед тілдерінде және Мидленд (Англия), Утрихта (Ни-дерланд) диалектілерінде кездесетіндігі белгілі болды. Еркек пен әйел дауысының нормалық үлгісінің түрлі тілдерде көрінуі оның әлеуметтік айырмасына және қоғамда қалыптасқан таптаурындық сипатына қатысты түсіндіріледі [Шевченко 1990].
Ал интонацияға келсек, талдауларда көбінесе тілдік біліктілік, озық үлгілер мен бұрынғы қалып, эмоционалдық, әлеуметтік мәртебе мен әлеуметтік тіл негізге алынады. Мәселен, әлеуметтік мәртебесі бірдей топтың ішінде білімді әйелдер интонациялық біліктілігін үнемі жетілдіріп, заманға сай озық үлгілерді игеріп отырады. Интонацияның әйелдің әлеуметтік рөліне әсері тілдік қатынаста айқын көрінеді. Интонациялық нормадан ауытқу эмоционалдық деңгейде орын алады. Көбінесе ер адамдар арасында (ашу үстінде, қуану сәтінде) байқалады. Мұндайда екпінді буындар интервалы - 6 пт құрап, 4 есеге дейін көтерілсе, әйелдерде - 5,8 пт көрсетіп, 2 есеге өседі. Гендерлік таптаурындар әйел тілінің эмоционалдыгын (жіңішке дауыс, жоғары диапазон, шапшаң сөйлеу) баса көрсетеді [Потапов 1997, 56 б.].
Еркек пен әйел дауысының айырмашылық белгілерін тілдің сегменттік және супрасегменттік деңгейлерінен де кездестіруге болады. Соның ішінде сегменттік деңгейде дауысты дыбыстар қатарын зерттеу - әйел тіліне қатысты мәліметтерді толықтыра түсері абзал. Себебі әйел дауысының тембрі дауыстыларға негізделген. Сонымен, сегменттік салыстыруларға назар аударсақ, айтылым ерекшелігі әйелдерде - вокализмдер, ерлерде - консонантизмдер аясында көрініс тапқан. Бұл қарама-қарсылық еркек пен әйел дауысының просодикасына да қатысты. Фразадағы акцент түсірілген сөздің фонетикалық дыбысталуы әйел тілінде екпінді дауысты дыбыстардың, ерлерде дауыссыз дыбыстардың созылып айтылуымен ерекшеленеді. Екпінді дауыстылардың созылып айтылуы ауызша тілде кең қолданылады және дауыстың музыкалық қозғалысын айқындай көрсетеді. Әйел дауысының түрленіп, құйқылжып отыруы дауысты дыбыстардың созылыңқылық сипатына байланысты. Әйел дауысына тән аталған ерекшелік белгілері түрлі тілдік ортада (мәселен, балаларымен қарым-қатынаста немесе пікір білдіргенде (бағалауыштық сипатта) пайдаланылады [Потапов 1997, 52-62 бб.].
Жалпы алғанда, әйел тілі интонациялық амалдарға бай. Ер адамдар мұндайда лексикалық және грамматикалық амалдарды таңдайды (Ой жарайсың! Бәрекелді! Жігітсің!, т.б.).
Н.С. Трубецкой, К. Бюлердің ізімен, тілдік қатынаста дыбыстар арқылы берілетін мәліметтің үш түрін бөліп көрсетеді:
1) экспрессия немесе сөйлеушінің мінез-құлқы я айтылымды жеткізу шеберлігі;
2) аппеляция (тыңдаушының көңілін аудару);
3) экспликация (айтылатын ой, зат,... туралы хабар) [2000,29 б.].
Дыбыстардың дифференциалдық қасиеттері (кульминативтік, делимитативтік, дистинктивтік) туралы М. Жүсіпұлы еңбегінде кеңінен сөз болады. Ғалымның «Негізгі қызметтің тіл құралының құрамында болуы міндет, яғни мағына өзгертетін (айыратын) қызмет әр түрлі тілдерде әр түрлі дыбыстар (фонемалар) арқылы ғана емес, сол дыбыстау единицаларының қасиеттері арқылы орындалады» [1998, 127 б.] - деген пікірін келтіре отырып, тіліміздегі кейбір дыбыстардың жеке қасиеттері арқылы гендерлік үғым да қалыптасатынына көз жеткіземіз.
Қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде фонологиялық-экспрессивтік қызмет атқарып, сөйлеушінің тұлғалық келбетін сипаттайтын қасиетке ие дыбыстардың бірі - һ фонемасы. Ол көбінесе араб- парсы тілдерінен ауысқан кірме сөздерде кездеседі. Өзге түркі тілдерінде айтылатын һ спирантының қолданылу жайы мен айтылу күйі, фонетикалық қасиеті біркелкі емес. Қазіргі қазақ тілінде һ бірде қатаңданып тіл арты қ-х дыбыстарына ауысса, бірде мүлде түсіп қалып айтылады: айуан, хайуан, жаһан, шаһар, т.б. Сонымен һ дыбысын қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қазақ қоғамы әлеуметтік жыныстық жіктелімін айқындайтын фонетикалық ерекшелік деп тануға болады. Өйткені һ дыбысының (араб тілінің нормасына сәйкес) айтылуы бойынша: 1) сөйлеушінің медреселік білімі (мұсылманша сауаттылығы); 2) жасы; 3) әлеуметтік жағдайы (дәулетті болуы); 4) жынысы (білімді ер адам) ажыратылатын болған. Бір сөзбен айтқанда, һ дыбысы ер адамдар тілінде кездесетін гендерлік ерекшелік болған.
Кейіннен мұның өнер туындыларын сахналауда драматургтер, композиторлар, режиссерлер, либереттистер, актерлер тарапынан ескерілігі отырғандығын байқауға болады. Соның дәлелі ретінде М. Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсындағы (либереттосы Қ. Жұмалиевтікі) молда үкімін бейнелейтін сахналық көріністі айтуға болады: (киімі, апеллятивтік, лексикалық амалдардан басқа) һ дыбысының стильдік қолданысы шығарманың әлеуметтік идеясымен сабақтастырыла келіп, авторлық ұшқырлық пен актерлік шеберлікке тәнті етеді [Татубаев 1978, 64 б.].
Еркек-әйел дауысына тән фонетикалық белгілерді салыстыруда интегративтік айтылымның белгілі бір этносқа, этникалық ортаға байланысты ерекшеліктерін де ескерген абзал [Потапов 1997, 59 б.]. Өйткені сөйлеу тіліне этнолингвистикалық факторлардың әсері көп. Айталық, тіл алды дыбысталудың (артикуляциялық базаға тән ерекшеліктер) акустикалық өлшемдерге, соның ішінде дауыстың жоғары регистріне тікелей қатысы бар (мысалы, орыс халқымен салыстырғанда, неміс халқы ерлерінің дауысы төмен келеді; жоғары диапазон Қиыр Шығыс әйелдеріне тән, орта және төменгі диапазон Еуропа әйелдерінің дауысын ерекшелейді, т.б.).
Қазақ тіл білімінде жүргізілген арнайы гендерлік зерттеулер болмаса да, бірқатар ғалымдардың еңбектерінде еркек пен әйел тілінің фонетикалық жіктелімі мәселесі ішінара сөз болады. Солай бола тұрса да, мұндай мәліметтер гендерлік тілдік талдауларға негіз болары анық. Әйелдерге ғана арнаулы жүйелі тіл болмаса да әйел тілінің өзгешелігі қазақта жоқ емес. Сол өзгешеліктерді Қ. Жұбанов әйел тілінің арнайы белгілері арқылы көрсетеді: Мәселен, «ернін шығару» (кеміткенде), «бетін шымшу» (ұятсынғанда), «аузын шылп еткізу» (таңданғанда), «аузын быртылдату» (кекеткенде). Міне, мұның соңғы екеуінде үнсіз ым ғана емес, дыбыс шығару да бар. Бірақ дыбыс айырынды (членораздельный) емес»... [Жұбанов 1990, 41 б.].
С. Татубаев еңбегінде [1978] вокалдық тілдегі фонетикалық ерекшеліктер сөйлеу тілі фонетикасымен салыстырыла берілген. Гендерлік лингвистика үшін маңыздысы - автор қазақ әншілерінің ән айту форманттық аймағын (певческая формантная область) ішінара еркек-әйел дауысы арқылы эксперименттік әдіспен зерттеген. Бұл ретте ғалым дауысты дыбыстар спектріне талдау жасап, олардың әрқайсысына акустикалық сипаттама беруді мақсат еткен.
Музыкалық дауыс жас-жыныс айырмашылығына қарай арнайы бөлінеді: ересек еркек дауысының түрлері - төмен (бас), орта (баритон), жоғары (тенор); әйел дауысының түрлері - алът, контралъто, сопрано, меццо-сопрано, колоратурлық сопрано. Әйел дауысының әншілік нормасы - жоғары дауыс (дауыс шымылдығының жіңішке, қысқалығына қарай дауыс жоғарылай түседі). Тілімізде ән айтумен байланысты туындаған сөздер мен сөз тіркестері жетерлік: сыңгырлаған дауыс, әуезді дауыс, жақсы/жаман дауыс, жасанды дауыс, тамаша дауыс, дауысы таза, дауысы бар/жоқ, дауысына ие болу, дауыс диапозоны, даусын игеру, т.б.
Қай тілде болса да, әуеннің рөлі ерекше және ол тілдің бірденбір өзгешелік белгісі бола алады. Тілдің әуені адамның сөйлеу ерекшеліктеріне қарай құбылуы мүмкін. Әйтсе де ол құбылу сол тілдің әуенінің негізгі формаларынан тыс өзгеше ауытқи алмайды. Акустикалық жағынан қарағанда, әуен сипаты әр уақытта өзгеріп тұратын негізгі тон жиілілігіне (частота основного тона) сәйкес. Сөйлеу тілінің негізгі тон жиілілігі шамамен бір октава деңгейінде, ал ән айтуда әсіресе қазақ композиторларының операларында екі октава аралығында өзгеріп отырады. Сөйлеу тілінде ер адамның калыпты диапазон жиілілігі секундына 100-250 тербеліс, әйел дауысы 250-500 тербелісті шамалайды [Татубаев 1978, 49 б.].
Тағы бір ерекшелігі, ғалымдар дауыс өлшемдерінің түрлі мәдениеттерде қалыптасқан мөлшері болатынын да анықтаған. Мәселен, жапон әйелдеріне - 225 гц, испан әйелдеріне - 217 гц, америкалық әйелдерге -214 гц және швед, голланд әйелдеріне - 200 гц тән деп көрсетілген. Сонымен бірге әрбір мәдениетте дауыс түрлеріне қатысты түрлі гендерлік таптаурындар да орын алған. Жапон тіліндеғі дауыс ерекшеліктерінің гендерлік мәнін зерттеген И. Охара жоғары (жіңішке) дауысты жапон әйелдері тартымды, сүйкімді, нәзік, сыпайы, байсалды, жас әрі сұлу деп бағаланады да, төмен (жуан) дауысты әйелдер бірбеткей, тік, өзімшіл, ашық әрі күшті есептеледі дейді [Коттхофф 2005, 575 б.].
Орыс тілінде «грудной голос», қазақ тілінде «дауысы ащы» тіркесі әйелге қарата қолданылады. Ал ағылшын, неміс тілдеріндегі rich voice және tiefe Stimme ұқсас нұсқалары тек әйел дауысын ерекшелемейді [Крейдлин 2000]. Қазақ тілінде әйел дауысын бейнелейтін гендерлектілер: еркек дауысты, дауыс қылды, дауыс етті (салды), бажылдаө, т.б. Мысалы: <<Дауысы еркек үндес боп, гүжілдеңкіреп, шыгатын, жарықшақ үнді Ділдә Әйгерімнің жүзінен көзін алмайды» (М. Әуезов, Абай жолы); «Ол өлмесе, ана бажылдақ кемпір жыламас еді гой» (М. Сүндетов, Балық аула).
Стильдік мәнде жұмсалатын орыс тіліндегі «бабий голос», қазақ тіліндегі «әйел/қатын дауысты» тіркесі ер адамға қатысты пайдаланылады. Тіліміздегі еркек дауысын өрнектейтін гендерлектілер: бұқа дауысты, гүжіл үнді, аюдай ақырды, арыстандай ақырды, т.б. Мысалы: «Еркек дауысты қатында ұят болмас, әйел дауысты еркекте қуат болмас» (Мақал); «Алыстан Түйебайдың аюдай ақырған дауысы естіліп, денені түршіктірді» (Ә. Әбішев, Терең тамыр); «Гүжілдек жігіт сөреге жетіп, бүйірін таянып тұра қалган келіншегін көтеріп алып, шыр көбелек айналдырып жүр» (С. Бердіқұлов, Егеулі найза).
Жалпы алғанда, көптеген тілдерде әйелдермен салыстырғанда, ер адамдардың дауыс тембрі төмен (жуан) келеді, жастарға қарағанда, қарттардың дауысы - бәсең, сөйлеу қалпы баяу болады.
Сонымен, ілгерідегі айтылғандарды саралай келгенде, еркек пен әйел тілінің фонетикалық ерекшеліктерін біріншіден, дауыс тембрі (акустикалық сипаттама), екіншіден, дыбыстық сигналдың сегменттік белгілері (вокализмдер мен консонантизмдердің акустикалық-артикуляциялық түрленуі), үшіншіден сөйлеу тілінің интегративтік супрасегменттік ерекшелігі (просодикалық құрылымы) тұрғысынан талдау қажет.
Қысқасы, гендерлік лингвистиканы фонетика-фонологиялық, просодикалық, интонологиялық тұрғыдан зерттеп, дамытудың қажеттілігі анық.
Достарыңызбен бөлісу: |