Ортақ меншік. Екi немесе бiрнеше адамның меншiгiндегi мүлiк оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.
Мүлiк меншiк иелерiнiң əрқайсысының меншiк құқығындағы үлестерi белгiлене отырып (үлестiк меншiк) немесе ондай үлестер белгiленбей (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн. Мүлiкке ортақ меншiк үлестiк меншiк болып табылады, бұған мүлiкке ортақ меншiк құру заңда көзделген реттер қосылмайды. Ортақ меншiк екi немесе бiрнеше адамның меншiгiне мүлiк түскен кезде пайда болады, оны өзiнiң мақсаты өзгертiлмейiнше бөлуге болмайды (бөлiнбейтiн заттар), өйткенi ол заңға сəйкес бөлiнуге жатпайды.
Бөлiнетiн мүлiкке ортақ меншiк заң құжаттарында немесе шартта көзделген реттерде пайда болады. Бiрлескен меншiкке қатысушылардың келiсiмi бойынша, ал келiсiмге қол жетпеген жағдайда – сот шешiмi бойынша ортақ меншiкке осы адамдардың үлестi меншiгi белгiленуi мүмкiн.
Жылжымайтын мүлiкке меншiк кондоминиум нысанында пайда болуы мүмкiн, бұл жағдайда жылжымайтын мүлiктiң жекелеген бөлiктерi азаматтардың жəне (немесе) заңды тұлғалардың дара (бөлек) меншiгiнде болады, ал жылжымайтын мүлiктiң бөлек меншiкте емес бөлiктерi ортақ үлестiк меншiк құқығымен жылжымайтын мүлiк бөлiктерiнiң иелерiне тиесiлi болады.
Əрбiр меншiк иесiнiң ортақ мүлiктегi үлесi оның жылжымайтын мүлiктiң өзiне тиесiлi бөлiгiне бөлек меншiгiнен ажырағысыз. Əрбiр меншiк иесiнiң ортақ мүлiктегi үлесiнiң мөлшерi мен оны ұстауға арналған шығындарға қатысу дəрежесi, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жылжымайтын мүлiктiң дара (бөлек) меншiктегi бөлiктерiнiң мөлшерiне байланысты болады.
Инвестициялық пай қорының активтерiне ортақ үлестiк меншiктiң құқықтық режимiнiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының инвестициялық қорлар туралы заң актiсiмен айқындалады. Егер үлестi меншiкке қатысушылар үлестерiнiң мөлшерi заң құжаттары негiзiнде анықталуы жəне оған барлық қатысушылардың келiсiмiмен белгiленуi мүмкiн болмаса, үлестер тең деп саналады. Үлестi меншiкке барлық қатысушылардың келiсiмiмен олардың əрқайсысының ортақ мүлiктi құру мен көбейтуге қосқан салымдарына қарай қатысушылардың үлестерiн анықтау мен өзгерту тəртiбi белгiленуi мүмкiн.
Ортақ мүлiктi пайдаланудың белгiленген тəртiбiн сақтай отырып, оны бөлмей жақсартуды өз есебiнен жүзеге асырған үлестi меншiк қатысушысының ортақ мүлiкке құқықтағы өз үлесiн тиiсiнше ұлғайтуға құқығы бар.Ортақ мүлiктi бөлiп алып жақсарту, егер үлестi меншiкке қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, оны жасаған қатысушының меншiгiне түседi.
Үлестi меншiктегi мүлiкке билiк ету оның барлық қатысушыларының келiсуiмен жүзеге асырылады. Үлестi меншiкке əрбiр қатысушы өзiнiң үлесiн өз қалауы бойынша сатуға, сыйға тартуға, өсиет етуге, кепiлге беруге, не Азаматтық Кодекстiң 216-бабында көзделген шарттарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билiк етуге құқылы.
Үлесті меншiктегi мүлiктi иелену жəне пайдалану оның барлық қатысушыларының келiсуiмен, ал келiсiмге келмеген жағдайда – сот белгiлейтiн тəртiппен жүзеге асырылады. Үлестi меншiктiң əрбiр қатысушысы ортақ мүлiктiң өз үлесi мөлшерiне тең бөлiгi өзiнiң иеленуiне жəне пайдалануына берiлуiне құқылы, ал бұл мүмкiн болмаған жағдайда – өз үлесiне тиесiлi мүлiктi иеленетiн жəне пайдаланатын басқа қатысушылардан тиiстi ақша сомасын немесе өзге де өтем төлеудi талап етуге құқылы. Үлестi меншiктiң əрбiр қатысушысы ортақ мүлiк бойынша өз үлесiне сəйкес салықтар, алымдар жəне өзге де төлемдер төлеуге, сондай-ақ оны күтiп ұстау мен сақтауға байланысты шығындарға қатысуға мiндеттi.
Үлестi меншiк құқығындағы үлестi бөгде адамдарға сату кезiнде сатылатын үлестi оның сатылатын бағасы бойынша жəне жария саудаға салып сату реттерiнен басқа тең жағдайларда үлестi меншiктiң қалған қатысушыларының сатып алуға басым құқығы болады. Үлесiн сатушы оның сату бағасын жəне оны сатудың басқа да шарттарын көрсете отырып, үлестi меншiктiң басқа қатысушыларына өз үлесiн бөтен адамға сату ниетi туралы жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
Егер үлестi меншiктiң басқа қатысушылары сатып алудан бас тартса немесе қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығындағы сатылатын үлестi бiр ай iшiнде, ал басқа мүлiк жөнiнен – хабар алған күннен бастап он күн iшiнде сатып алмаса, сатушы өз үлесiн кез келген адамға сатуға құқылы.
Үлес сатып алудың басым құқығы бұзыла отырып сатылған жағдайда үлестi меншiктiң кез келген басқа қатысушысы үш айдың iшiнде сотта өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды талап етуге құқылы. Үлестi сатып алудың басым құқығын басқа бiреуге беруге рұқсат етiлмейдi. Үлестi меншiк құқығындағы үлес, егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, шарт жасасқан кезден бастап шарт бойынша сатып алушыға ауысады.
Үлестi меншiктегi мүлiк оған қатысушылар арасындағы келiсiм бойынша өздерiнiң арасында бөлiнуi мүмкiн. Үлестi меншiкке қатысушы ортақ мүлiктен өз үлесiн бөлiп шығаруды талап етуге құқылы. Үлестi меншiкке қатысушылар ортақ мүлiктi бөлу немесе бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығарудың əдiстерi мен шарттары жөнiнде келiсiмге келе алмаған жағдайда үлестi меншiкке қатысушы ортақ мүлiктен өз үлесiн заттай бөлiп берудi талап етуге құқылы. Егер үлестi заттай бөлiп беруге заң құжаттарында жол берiлмесе немесе ол ортақ меншiктегi мүлiкке шамадан тыс залал келтiрмейiнше мүмкiн болмаса, бөлiнiп шығушы меншiк иесi үлестi меншiктiң басқа қатысушыларынан өз үлесiнiң құнын төлетуге құқылы.
Үлестi меншiктiң қатысушысына заттай бөлiп берiлетiн мүлiктiң меншiк құқығындағы оның үлесiне сəйкессiздiгi тиiстi ақша сомасын немесе өзге өтем төлеу арқылы жөнге келтiрiледi.
Басқа меншiк иелерiнiң үлестi меншiкке қатысушыға оның үлесiн заттай бөлiп берудiң орнына өтем төлеуiне қатысушының келiсуiмен жол берiледi. Тиiстi меншiк иесiнiң үлесi шамалы болып, нақты бөлiп шығару мүмкiн болмай жəне ол ортақ мүлiктi пайдалануға онша мүдделi болмаса, сот бұл меншiк иесiнiң келiсiмi болмаған күнде де үлестi меншiкке қатысушыларды оған өтем төлеуге мiндеттей алады.
Ортақ бiрлескен меншiк түлері төмендегідей:
1) ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi;
2) шаруа қожалығы мүшелерiнiң ортақ меншiгi;
3) жекешелендiрiлген тұрғын үйге ортақ меншiк түрiнде болады. Ортақ бiрлескен меншiк, егер оған қатысушылар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, тағайындалады жəне қолдануда болады.
Бiрлескен меншiкке қатысушылар, егер олардың арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, ортақ мүлiктi бiрлесiп иеленедi жəне пайдаланады. Мүлiкке билiк ету жөнiндегi мəмiленi қатысушылардың қайсысы жасағанына қарамастан бiрлескен меншiктегi мүлiкке билiк ету барлық қатысушылардың келiсiмi бойынша жүзеге асырылады. Егер барлық қатысушылардың келiсiмiнен өзгеше туындамайтын болса, бiрлескен меншiкке қатысушылардың əрқайсысы ортақ мүлiкке билiк ету жөнiнде мəмiлелер жасасуға құқылы. Бiрлескен меншiкке қатысушылардың бiреуi ортақ мүлiкке билiк етуге байланысты жасаған мəмiле басқа қатысушылардың талап етуiмен мəмiле жасаған қатысушының қажеттi өкiлеттiгi болмады деген себеппен мəмiледегi екiншi тарап бұл жөнiнде бiлгенi немесе көпе-көрiнеу бiлуге тиiс болғандығы дəлелденген ретте ғана жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
Нотариаттың куəландыруын немесе мемлекеттiк тiркеудi керек ететiн мəмiлелер жасасу кезiнде бiрлескен мүлiкке басқа қатысушылардың мəмiле жасауға келiсiмi нотариалдық тəртiппен расталуға тиiс.
Ортақ меншiктi бiрлескен меншiкке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың бiреуiнiң үлесiн бөлiп шығару қатысушылардың əрқайсысының ортақ мүлiкке құқығындағы үлесi алдын ала анықталған жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкiн.
Ортақ мүлiктi бөлу жəне одан үлестi бөлiп шығару кезiнде, егер заң актiлерiмен немесе қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, олардың үлестерi тең деп танылады.
Үлестi немесе бiрлескен меншiкке қатысушыға несие берушi қатысушыда басқа мүлiк жеткiлiксiз болған жағдайда борышқордың ортақ мүлiктегi үлесiн одан ақы өндiрiп алу үшiн бөлiп беру туралы талап қоюға құқылы.
Ортақ меншiктiң өзге қатысушылары борышқордың үлесiн сатып алудан бас тартқан реттерде несие берушi борышқордың ортақ меншiк құқығындағы үлесiн жария саудаға салу жолымен осы үлестен сот арқылы ақы өндiрiп алуға талап етуге құқылы.
Егер мұндай жағдайда үлестi заттай бөлiп шығару мүмкiн болмаса, не үлестi немесе бiрлескен меншiктiң қалған қатысушылары бұған қарсылық бiлдiрсе, несие берушi борышқордан өз үлесiн ортақ меншiктiң өзге қатысушыларына осы үлестi нарықтық құнына сəйкес бағамен сатып, сатудан түскен қаражатты борышты өтеуге салуды талап етуге құқылы.
Ортақ меншiктің құқытық реттелуін шаруа немесе фермер қожалығы негізінде қарастырайық. Шаруа қожалығының мүлкi, егер оның мүшелерiнiң арасындағы шартта өзгеше белгiленбесе, оларға бiрлескен меншiк құқығында тиесiлi болады.
Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң меншiгiнде жер учаскелерi, жер учаскесiндегi екпелер, оның iшiнде жеке орман қорындағы екпелер, ерiксiз жəне (немесе) жартылай ерiктi жағдайларда өсiрiлiп, ұсталатын жабайы жануарлар, шаруашылыққа арналған жəне өзге де қора-қопсылар, мелиорациялық жəне басқа да құрылыстар, өнiм беретiн жəне жегiн мал, құс, ауыл шаруашылығына арналған жəне өзге де техника мен жабдықтар, көлiк құралдары, құрал-саймандар жəне қожалық мүшелерi берген жəне (немесе) қожалық үшiн оның мүшелерiнiң ортақ қаражатына сатып алынған басқа да мүлiк болуы мүмкiн.
Шаруа (фермерлік) қожалығының қызметi нəтижесiнде алынған жемiстер, өнiм мен кiрiстер шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң ортақ мүлкi болып табылады жəне олардың арасында келiсiм бойынша пайдаланылады.
Барлық мүшелерiнiң шығып кетуiне байланысты немесе өзге де негiздер бойынша немесе фермер қожалығы тоқтатылған жағдайда ортақ мүлiк бөлiнуге тиiс. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерiнiң бiрi одан шыққан кезде, шаруашылықтың өндiрiс құрал-жабдықтары бөлiнуге жатпайды. Қожалықтан шыққан адамның бұл мүлiкке ортақ меншiктегi өз үлесiне сəйкес ақшалай өтем алуға құқығы бар.
Қожалық мүлкi негiзiнде шаруа (фермерлік) қожалығының мүшелерi шаруашылық серiктестiгiн немесе өндiрiстiк кооператив құруы мүмкiн. Қайта құрылған мұндай шаруа (фермерлік) қожалығының заңды тұлға ретiнде шаруа (фермерлік) қожалығының мүшелерi өзiне салымдар жəне басқа жарналар түрiнде берген мүлiктiң, сондай-ақ оның қызметi нəтижесiнде алынған жəне заңдарға қайшы келмейтiн өзге де негiздер бойынша сатып алынған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
Шаруа (фермерлік) қожалығының серiктестiкке қатысушылары немесе кооператив мүшелерi болып табылатын мүшелерi салымдарының мөлшерi шаруа (фермерлік) қожалығының мүлкiне ортақ меншiк құқығындағы өз үлестерiн негiзге ала отырып белгiленедi.
Достарыңызбен бөлісу: |