Саты
1.(Гур., Маңғ.) – өре. Сатыға құрт жаяды.
2. (Шымк.: Сайр.; Қызылқ.; Жамб., Шу.; Жезқ., Ағад.) – баспалдақ. Сатымен там төбесіне шығып құрт жаямыз (Шымк., Сайр.). Қырғызша шаты 1) баспалдақ, 2. түйе жазысының көлденең ағашы.
Мал шаруашылығына байланысты жұмсалатын сөздер:
Саранау (Гур.: Маңғ., Есб.; Түрікм.: Красн., Небид., Жеб., Ашх., Тедж.) – сүті мол сиыр. Қазақ тілі говорларының батыс тобындағы бұл сөзді де Алтай төңірегіндегі түркі халықтарының тілінен табамыз. Тува тілінде : сааринек – сауын сиыр. Осы сөздің қазақ тілінің говорында біршама дыбыстық өзгеріске ұшырағаны байқалады. Этимологиялық талдау жасағанда екі сөздің бірігуінен пайда болғандығын көреміз: саар+инек. Г.Вамберидің болжамы бойынша сіғір – сауу дегенді аңғартады [32, 263-б.], ал екінші сыңары – «инек» кейбір түркі тілдерінде (алтай, гагауыз, қырғыз, якут т.б.) біздегі сиыр мағынасын беретіндігі белгілі. Сонда: сіғір + инек – сааринек – саранак – саранау. Қазақшаласақ – «сауатын сиыр» болады.
Күту (Маңғ.) – бағуға, жайылуға қосқан мал тобы. ...Қолдарындағы ірі, уақты малдарын күтуде әдейі бақташы арқылы бақтыратын болсын. Бұл сөз сібір татарларының тілінде «көту»- мал тобы [33, 38-б.], азербайжан тілінде - «көдүк» [34, 9-б.], болып дыбысталады. Татар тілінде: көтү – 1. пасти; 2. стадо;башқұрт тілінде - «көтөү» – стадо, косяк.Оғыз тобына жататын тілдерде кездеспейді десе де болғандай (әрине, диалектілерін еске аламағанда). «Күту» сөзінің тамырын Алтай төңірегіндегі халықтар тілінен іздеу қажет. Құманды диалектісінде: күдү – пастбище. Тек бұл ғана емес, тағы бір деректерде т/д – с/з – й дыбыстарының бір-біріне өту процессін әңгімелей келіп, «...сохранения тех и других согласных в некоторых корнях и основах слов имеются в современном алтайском языке: куй – ждат, поджидат в алтайском языке и более древняя форма в других тюрских языках : кут – ждать, которая в алтайском языке получила значение «пасти», «ухаживать за скотом» [35, 129-б.], – дейді Н.А.Баскаков. Сондықтан бұл сөздің Орталық говорға қайдан келгендігі белгілі. Қосымша айтарымыз, оңтүстік қазақтарындағы бұл сөздің синонимі: «пада» - мал тобы – иран тілінен алынған.
Сейіс (Гур.: Маңғ., Бақс.; Ақт.: Жұр., Тем.; Қ. орда.,Арал.; Түрікм., Красн.; Қарақ.) – ат жаратушы. Ол бір керемет сейіс кісі (Гур., Бақс.). Ат жарысқа сейістер бір-бір жүйрік атты дайындап отырды (Ақт., Тем.). Өзі жақсы бір сейістің қолына түссе, нағыз бәйгеге қосатын ат болайын деп тұр екен, жануар (Түрікм., Красн.). Түрікше сейіс 1) ат бағушы; 2) командирдің ат күтушісі.
Қаймал (Маңғ.) – үш жастағы ұрғашы түйе. Қаймалынан қайу (үш жастағы түйенің қайуы). Бұл сөз қырғыз тілінде де дәл осы мағынада, осындай дыбыстық құрамда ұшырайды.
Кәтеп (Түрікм., Красн., Таш., Ашх., Мары., Гур., Маңғ.) – бір өркешті түйенің үстіне салатын ыңыршақ, ашамай. Алам десең өзің біл, бірақ ауыттың кәтебі сынып тұр. Көк майсаға ...шөгеріп тастаған қырық нар, қырқы да кәтепті қызыл шұнақ. Түрікменше хатап.
Достарыңызбен бөлісу: |