Ќ¦растырушыдан



жүктеу 1,12 Mb.
бет1/5
Дата26.02.2018
өлшемі1,12 Mb.
#10787
  1   2   3   4   5

ҚҰРАСТЫРУШЫДАН
Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Ақын сөзімен айтқанда: «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», - десек артық емес. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасыбала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.

Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз.

Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі.

Ата-асқар тау,

Ана – бауырдағы бұлақ,

Бала жағасындағы құрақ – деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың.



Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі.

2006 жыл – Қазақстан Республикасында Отбасы жылы болып жарияланды. Осыған орай С.Бегалин атындағы Мемлекеттік республикалық балалар кітапханасы, назарларыңызға «Отбасы – тіршіліктің тірегі...» атты әдістеме – библиографиялық жинағын ұсынады.

Құрал – мұғалімдер мен оқушыларға ғана емес, ұрпақ өсірер, оның келешегін ойлар иісі қазаққа арналып жазылған деп ойлаймын.

Құралда төмендегідей тақырыптар қамтылған:

1. Құрастырушыдан

2. Отбасы – Отанымыздың ошағы

3. Отбасы берекесі - имандылықтан басталады...


  1. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

  2. Ата - ананың парызын, өтеу - сенің қарызың

6. Бала, бала, болашақ...

7. Мен және менің отбасым ( әдеби – музыкалық кеш)

8. Парасатты арулар мен ержүрек азаматтар (сайыс байқауы)


  1. Алтын сақа.(әдеби ойын)

10. Ұлағат сөздер

11. Мақал - мәтелдер

12. Отбасы – көркем әдебиетте

13. Отбасы – ақындар өлеңдерінде



ОТБАСЫ – ОТАНЫМЫЗДЫЊ ОШАЃЫ

Отбасында адам бойындағы асыл

қасиеттер жарқырай көрініп,қалыптасады.

Отанға деген ыстық сезім – жақындарына,

туған-туысқандарына деген

сүйіспеншіліктен басталады.

Н.Ә.Назарбаев
Көшпелі және рулық-тайпалық негізде құрылған халықтарда туыстық байланыстар қоғамдық қарым-қатынастың негізін қалайды. Рулас ағайын, туыс, жақын туыс, аталас, бір ата баласы, бір әке баласы арасында туыстық байланыстан туындайтын парыз бен қарыз міндеттер өте көп. Олар қазақтың ғұрыптық заң-салттарымен бекітілген.

Отбасында негізгі туыстық қатынас - ерлер жағымен есептелген. Сонымен қатар әйел жағымен де туыстық байланыстардың атаулары бар. Қыздан туған балаларды жиен деп атап, балалар үшін шешесінің туыстары нағашы, нағашы жұрт деп аталды. Қазақ салты бойынша жиенді ренжітуге болмайды, сұрағанын беріп, көңілін жықпауға тырысқан.

Жалпы алғанда, қазақтың туыстық қатынас атаулары 90ға жетеді.

Көнекөз шежіреші қариялар бір атадан келесі атаның баласын, туыстық тармақтарды еш қиналмастан-ақ тарқата береді. Осылайша, тарихи оқиғалар, аңыз-әңгімелер атадан балаға жалғастырылады.

Туыстық жүйенің ең негізі, бел ортасы - отбасы саналады. Барлық алыс-жақын туыстық – осы отбасынан есептеледі.

Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады. Ол ата, әке, бала.

Аталар мен апалар ауыл-аймақ, ағайын арасының берекесі, ақылшысы болып келеді. Олардың әрқашанда мәртебесі биік болып, сый-құрметке бөленген. Өйткені, үлкенді сыйлауды қадір тұтқан қазақ салты бойынша көргені мен тұрмыста түйгені көп, тәжірибесі мол адамның сыйға бөленуі заңды құбылыс деп танылған. Үлкенді сыйлау, ақылын тыңдау көргенділік деп есептеледі.

Дәстүрлі қоғамда ата-апаның тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған. Ата-апалар жыр, дастан, ертегі айтып немере-шөберелерін рухани байытып тәрбиелеп отырған.

Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша тұңғыш немересін атасы мен апасы өз қолына алып, немере ыстық болғандықтан балаларынан да артық көріп, тәрбиелеген. Тұңғыш немерелер ата-апасын өз әке-шешесіндей санап, туған әке-шешесін тек қана өскеннен кейін де танып жатады. Кейде тұңғыш немересі кенже ұлының орнына, атасының қара шаңырағына ие болып та қалатын жәйт кездеседі.

Әке - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше.

Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті.

Қара шаңырақ, үлкен үй деп атайтын әкенің үйіне болашақта кенже ұл ие болып, қарттарды бағып-қағатын, көне салт бүгінгі қазақ отбасыларында да сақталған. Ал үлкендері үйленіп үй болысымен еншілерін алып, бөлек шыққан. Жасы кіші болса да кенже иеленген үлкен үй басқа жасы үлкен туыстары үшін де қадірлі, қасиетті үй ретінде саналған.

Қазақ қоғамындағы әйелдердің орны жайлы әңгімелегенде, Орта Азияны мекендеген басқа халықтардың әйелдерімен салыстырғанда қазақ қыздары мен әйелдерінің анағұрлым еркін болғанын айтқан жөн. Олар жүздерін жамылғылармен бүркемей, ашық өмір сүрген. Дегенмен, қазақ әйелдері үшін басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету болып табылады.

Түйгені көп шешесі қызымен, келінімен өмір тәжірибелерін бөлісіп, болашақ үлкен өмірге дайындайды. Туыс ағыйындардың әйелдері – абысындардың қарым-қатынасы өзара көмек пен түсіністікке, берекеге құрылады. Сондықтан да, «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», - деген.

Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: « Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой», - деп мадақтайды.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Шығармашылықта, ақындықта танылған жас баланың тәрбиесіне аса назар аударылған. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Билік, батырлық, әншілік, серілік, мергендік, аңшылық, зергерлік сияқты ата-баба өнерін жеті атасына дейін жалғастырған әулеттер қазір де баршылық.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейтін қазақ қыз балаларының тәрбиесіне аса үлкен назар аударды. Кәмелетке толғанға дейін бойжеткен болашақ отбасы өмірінің басты міндеттерінен сабақ алды. Ол ерінің адал жары, ана болу, отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындық тәрбиесі. Көргенді отбасылары қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Қыз баланың тәрбиесіне ең бірінші анасы жауапты болған. Сондықтан қазақ «Шешесіне қарап қызын ал» – деген.

Ұзатылып келген қалыңдық үйлену тойының ертеңінде бүкіл ру, әулет, ауылға келін болып саналады. Өзі аттаған босағасының, рудың адамы санатына қосылып кетеді.

Қазақ жақсы келінді қызынан кем көрмеген.

Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, тіріде өзін, өлгенде аруағын құрметтеу - жақсы келіннің әдептілігі мен тәрбиелілігінің айғағы.

Тұрмыстағы көргені мен түйгені, ақылдылығы, парасатты келінді есейе келе, ауыл-үй құлақ салып ақылдасатын ана дәрежесіне көтереді.

Қызына құда түсіп, айттырған күннен бастап жігіт қыз ауылы үшін күйеу атанып кете барады. Күйеу қайын жұртында төрге шықпайды, оған сыбағалы асы деп асықты жілік пен төс тартылады.

Әрине, жасы егделеген сайын, күйеудің әлеуметтік мәртебесі де жоғарылайтыны белгілі. «Күйеу қартайса құда болады», сөзі осы уақыт аралығында күйеу жақтан әлденеше қыз алысып, қыз беріскендігін, күйеудің де беделді адам бола бастағандығын айғақтаса керек. Қазақтың «Күйеуді қызым үшін сыйлаймын» деген сөзінде де үлкен мән бар.

Әуезов М. Абай жолы: Бұл романда жазушы Құнанбайды асқан сүйіспеншілікпен жетер жеріне жеткізе суреттейді. Құнанбай Абайға әке ғана емес, заманның үлкен қайраткері, әрі үлкен тұлғасы. Ал, Абай ойы, Абай даналығы, Абай тереңдігі – тазадан тазалыққа, биіктен биіктерге шақырар жанның жарық жұлдызына айналған. Мұндай эпопеяны халқын шын сүйген адам ғана жаза алады. Бұл эпопеясы болмаса қазақ өмірі, оның кім екендігі дәл сондай құдіреттілікпен дүниеге танылмас еді. « Абай жолы» халқымыздың ақыл – ойын биікке көтерген, әрбір отбасының сүйіп оқитын, тәлім-тәрбие алатын туындысы болды.



ОТБАСЫНЫҢ БЕРЕКЕСІИМАНДЫЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ...
Имандылық – адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс-әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш, қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез-құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым-қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған.

Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көрегенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, Имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған.

Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты «көргенді» деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды «иманды» деп атаған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша Имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни Имандылық. Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен Имандылыққа уағыздау деп саналған. Ең соңғы пайғамбар Мұхаммед «Мен ең ғажап көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім»,- деуі арқылы әлемдегі тәлім-тәрбие мен имандылықтың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен, Имандылыққа өзі бірінші үлгі болған делінеді. Алла тағала адамды иман мен имандылық үшін жаратқан, сондықтан: «Алланың мінезінен үлгі-өнеге алыңдар» (Мұхаммед пайғамбар),- деп уағыздалады. Имандылықтың негізін мұсылмандар Құранда деп біледі. Құран Кәрімнен ең көп үлгі алған Мұхаммед пайғамбардың мінезі жайлы Хазіреті Айша: «Оның мінезі - Құран»,- деп жауап берген. Ізгі істер діни ұғым бойынша Имандылық болып табылады. Қазіргі зайырлы өркениетті қоғамда имандылық – аса қастерлі, биік адамшылық қасиет ретінде ұсынылады.

Шәкәрім Құдайбердіұлының Иманым атты жинағында жаратылыс жұмбағы, Алла мен адам қарым-қатынасы, иман жайлы жазған туындылары қамтылған. Ой бастауы Құран Кәрімнен құйылар Шәкәрімнің сыр сөздері бүгінгі қоғамның тынысымен үндес екендігі даусыз. Қазақ қауымының ғана емес, жалпы адамзат баласының рухани қазынасы үшін өлмес өсиет қалдырған Шәкәрім бабамыздың асыл мағыналы сыр сөздерінің жылдар өткен сайын жаңғыратыны шындыққа айналып отыр. Сондықтан да «иманына қазақтың талапты жастарын таныс қылмақ үшін Шәкәрім бұл жинағында»:

«Қырықтан соңғы қырымды,

Сынамақ болсаң түрімді,

Көрейін десең нұрымды,

Жи-дағы оқы жырымды»,

немесе

Қырықтан соңғы иманым,



Отыз жылдай жиғаным,

Көп ғалымның сөзінің

Ақылға алдым сыйғанын,-

деген екен.

Г.Сандыбаеваның «Иманды қыз, сүйікті жар, аяулы ана»

кітапшасында мұсылман қыздары үшін ғибраты мол хадис тағылымдары сөз етіледі. Сыры мол хадистердің құпия астарын талдап түсіндіріп, салиқалы оқырманға исламның інжу – маржанын шашады. Ислам өнегесінен тәлім алуға асыққан, имандылықты жаны қалайтын қыздарға арналған.

«Ислам шариғатын ұстанумен молда болармын» деген қате көзқарастан аулақ болу керек. Дін – деген сенім. Алла тағаланың Жаратушы күш екеніне, Құран Кәрім мұсылман қауымның Конституциясы екеніне сеніп, амал қылған дұрыс.

Имандылыққа қарама-қарсы жағымсыз сипат – имансыздық.

Қоғамның қуат тірегі – отбасы. Сол отбасының бекем болуы көбіне әйел адамдарға байланысты. Алайда әйелдер хұқығы исламға дейін мүлдем адам төзгісіз еді. Арабтар әйел затының ар-намысын қорлап, қажет десеңіз қыздарын тірідей жерге көмді: әйелдер хұқығы тек арабтарда ғана емес, бүкіл дүние жүзі халықтары арасында мәз болмай, ар-намысы тапталып жатты.

Үнділерде әйелдер мүлік қатарында қаралып, ерлерінің жеке меншігі саналды. Сати заңы бойынша өлген ерімен бірге әйелі де өртенген. Мұндай өлім қасиетті, еріне шын берілу тұрғысында саналғанымен кімнің өлгісі келеді? Сөйтсе де оларды күштеп өртеп отырған. Оның үстіне жесір қалған әйелдерге тұрмыс құруға тиым салу заңы тағы болды. Осындай тағылық заң тек ХІХ ғасырдың ортасында ғана күшін жойды.

Басқа елдерде, мысалы, Жапонияда әйелдерге көпшілік табынатын орындарда табынуға тиым салынған. Қытайда да шіркеуге әйелдерді енгізбеген: Рим Заңы бойынша әйел еріне басыбайлы болып, өзіне тиісті дүние-мүлікке де ие бола алмаған. Сол секілді өзіне бала да асырап ала алмаған.

Ислам діні ерлер мен әйелдерді теңестіріп, бірдей құқық берді. Әйелдер еркін дем алып, өзінің қасиетті борышы аналық парыздарын еркін атқаруға мүмкіндік алды. Ислам әйелдерге құрметпен қарауға үндеді. Тірідей қыздарын көметін тағылық қағиданы жойды. Кімде-кім үш қыз бала тәрбиелеп өсірсе, ол жәннатқа кіреді деп есептейді. Мұндай көзқарас әлбетте, әлемде тыныштық пен берекет, бақыт болып, ұрпақтың жалғасуына, адамзаттың өсіп-өркендеуіне игі әсер етті. Құранда ерлер мен әйелдер тек тең құқықты ғана емес, бірін-бірі толықтырып, кемелдендіріп отыратын жаратылыстар. Иманды ерлер мен иманды әйелдер бірдей мейір-шапағатқа ие болады.

Ислам діні отбасының бұзылмауына ерекше мән береді, шаңырақ шайқалмауын көздейді. Сондықтан шариғат заңында неке мәселесі ерекше орын алады. Өйткені кішкентай сол отбасынан қоғам құрылады. Отбасы нық, әрі тату болса, қоғамда да жайлы тұрмыс орнайды. Ер мен әйел адамзаттың ұрпақ тарататын негізгі факторы. Олар бір-бірінсіз өмір сүретін болса, ұрпақ жалғаспай, тоқырауға ұшырайды. Жер бетіндегі тіршілік жоғалып, өшіп-сөнеді. Рухани тұрғыдан бұл екеуі бір-бірінен ажырағысыз, туысқан. «Ердің де өзіне тән тиісті міндеттері, әйелдердің де өзіне тиісті міндеттері бар. Міне, осы тиісті міндеттерін дұрыс бөліп атқарса, онда қуаныш та, өмір мәні де толық болады»,- делінген Құранда.

Исламның қағида-ережелері, қазақ халқының қағида-ережелерімен астарласып, қабысып кеткен, әрі ұзақ жылдар бойы өмірде қолданылып келген. Өз ата бабаларымыз екі етпей орындаған, әрі заңдарына айналдырған осынау қағида-ережелерді есте ұстаған ләзім.

Жас ұрпаққа мұсылмандық қағидаларын таныстырып түсіндіру әрі парыз, әрі сауабы мол іс. Міне, белгілі шығыстанушы М.Өсерұлының «Мұсылмандық қағидалары» кітапшасында мұсылмандықтың қағида – ережелері қарапайым да әсерлі түрде жан – жақты әңгімеленеді.

Ал, «Құран хикаялары» атты кітапта пайғамбарлар өмірбаянына, дін тарихына байланысты сан алуан оқиғалар іріктеліп алынған.

Ислам дінінің негізгі мәліметтеріне қоса, бұл кітаптың танымдық, тәрбиелік маңызы да өте зор.
Отбасының бала тәрбиесіндегі ролі


  • бала тәрбиесінде отбасы ықпалы басқа тәрбиелік ықпалдарға қарағанда ең басым болып келуі;

  • өркениетті, зайырлы, құқықты қоғамның азаматын тәрбиелеуде отбасы мемлекеттің негізгі буыны;

  • отбасы – болашақ ұрпақтың бойында ең құнды адамгершілік қасиеттерді қалыптастыратын қоғамның ажырмайтын басты тірек – арқауы;

  • отбасы – жеке тұлғаны әлеуметтендіру міндетін жүзеге асырушы. Ол болашақ жас азаматтың дене жетілеуіне, шынығуына, рухани және адами дамуына, ең құнды жалпы адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты бағалауға, еңбек ету дағдысын тәрбиелеуге ықпал жасаушы;

  • отбасы бала тәрбиесінде адамзат қоғамның тарихындағы ғасырлар сынынан мүдірмей өткен ұлттық дәстүрлі жалғастырушы;

  • отбасының әлеуметтік міндеттерінің өзегі тәуелсіздікке ие болған Қазақстан Республикасының мемлекеттік заңдарын құрметтеуші, елжанды азамат тәрбиелеу;

  • отбасы баланың мамандықты еркін және саналы таңдауына ықпал жасаушы;

  • отбасы өзінің ұрпағын болашақ отбасылық өмірге дайындаушы;



ҰРПАҚ ТЄРБИЕСІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ
Адамның адамшылдығы – ақыл,

ғылым, жақсы ата, жақсы ана,

жақсы құрбы, жақсы ұстаздан

болады.

Абай

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.

Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?

Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат ынтымақтастығы бар.

Атақты қазақ ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:

Отбасы – шағын мемлекет,

Мен – президент, сен – премьер,

дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері, т.б. болатыны сияқты, әр отбасы болмыс-тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар, оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан отбасының құрылымына зор маңыз беріліп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын шашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәнісі де осында.

Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, сонымен бірге оның балағатқа толған мүшелерін үй болуға, өз шаңырағын көтеруге әзірлеуі басты әрі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлік орын тепкен жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда, соны ілерсің», «Анасына қарап, қызын ал», - деп, халық бәрін бастан кешіп, сынақтан өткізгендіктен айтқан.

Хан ордасы, салтанатты сарайларда талай күн аунап-қунап жатып, өзінің шұрқ тесік құрым киіз лашығына қайтып оралғанда Жиренше шешен: «Айхай, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім», - деп, жаны жай тапқан екен. Бұл аңызда үлкен шындық, терең мән бар. Әркімге, оның ішінде балаға өз үйінен ыстық, өз үйінен кең де керемет мекен жер жүзінде жоқ. Кавказ халықтарында «Нағыз жайлы орын: қылышқа – қынабы, отқа – ошағы, ер жігітке - өз үйі» – деген тамаша нақыл бар.

Адалдық пен мейірімділік, жауапкершілік пен кешірімділік те отбасында шын ықылас-пейілменен баланың көкірегінде орын тебеді.

Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін шеше, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен шешенің баласына қоятын ең бірінші басты талап-тілектері – баланың «әдепті бала» болып өсуі.

Сондықтан қазақ жанұясы әрдайым: «Әдепті бол, тәрбиесіздік етпе, көргенсіз болма» деген сияқты сөздерді балаларының құлағына құйып өсірген.

Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала ақырында, өздігінен тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып шыға келеді.

Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана әуелі баласына өздерін сыйлап-құрметтеуді, өзгелерге, әсіресе үлкендерге, сыпайылық танытуды, ешкімді мұқатпауды үйреткен. Сонымен қатар, балаларының ер-азамат болып, халқына еңбек етулерін басты міндет етіп қойған.

Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі - әйел. Әйелдің бұл рөлі отағасының жамағатына, бала-шағаның анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді. Әрине, әйел де өзінің аналық борышын ұмытпағанда, әсіресе, ерімен қабағы жарасып, тату – сүйіспеншілікте тұрғанда мәртебесі арта түспек.

Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуға тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балалар көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала – шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына кейін өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді.

Бұл жағынан аналардың балаларға: «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» т.б. сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет! Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «...Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала – Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан: «Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» – дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.

Ата-ананың бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеу ара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік.

Сайып келгенде, қоғамда әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, демек, ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек!


АТА - АНАНЫҢ ПАРЫЗЫН,

ӨТЕУ - СЕНІҢ ҚАРЫЗЫҢ


Ата-ананың қадірін білмеген – халық қадірін білмес.

Ғ.Мұстафин

Ата-ана отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше әспеттелген.

Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусәр бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық та жоқ.

Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды.

Бала, бала, бала деп,

Түнде шошып оянған.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Мұзды бесік таянған, -

да ана, көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяғынан тік тұрғызатын да ана. Халықтың халықтығының басты нышаны – туған елінің тілін үйретіп, сазына қандыратын да ана. Сондықтан әрбір ұлттың рухани өзегі, қан тамыры болып табылатын тілі – Ана тілі деп аталады.

«Баланы – жастан» дегенге мен де толық қосыламын. Бірде Бернард Шоудан: «Маған ақылыңызды айтыңызшы, баланы қай жастан тәрбиелеген қолайлы?» деп сұрамай ма, сонда атақты драматург қарсы сауал қойыпты: «Балаңыз қанша жаста?». «Өмірге келгеніне екі апта болды», депті оған сауал қоюшы. Сонда Б.Шоу: «Сіз дәл екі аптаға кешіктіңіз» деген екен. Мұның өзі достық нақышта айтылғанмен, астарында шындық жатыр.

Өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің бойына туған елінің рухын сіңіретін, балбыратып уататын тұңғыш тәтті сазы, жылауын қойғызатын ән өлеңі де сол ғазиз ана бесікке сүйеніп отырып, емірене айтатын бесік жыры.

Ал нәресте өмірінің нәрі - Ана сүті. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың Анасы алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады. Оның жөнін халық: «Ана сүтін Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, өтей алмайсың»,- деп түсіндіреді. Атақты орыс жазушысы М. Горькийдің: «Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған»,- деуі де сол шындықты айқындайды. Әрине, сондықтан да дүние жүзінің барлық елдерінде Отанға опасыздық пен Ана сүтін ақтамау ең зор қылмыс саналады.

Ал ананың балаға деген сүйіспеншілігі жайында мынандай бір аңыз бар. Оны қазақтың дарынды қызы Ақұштап Бақтыгереева әдемі де әсерлі жырға айналдырған:

…Ертеде сұлу қызға болған ғашық

Ананың әлпештеген жалғыз ұлы.


Қыз атын айтса, ауыздан зар шығыпты,

Құс жастық аққан жасқа малшыныпты.

Дертіне сағыныштың шыдай алмай,

Жас жігіт құр сүлде боп таусылыпты.


Қинады қыздың шарты, бөлек екен

О, сұлу неткен қатал керемет ең?!

«Анаңның жүрегін ап келген күні

Мен саған жар боламын»,- деген екен.


Сол қызға есі ауған жігіт мүлде,

Бүк түсіп жата алмады құрып күнде.

Ұйқыда бейқам жатқан сорлы ананың

Жүрегін жұлып алды тұрып түнде.


Сүюдің серті ме еді соның бәрі,

Ол, міне, қыздың шартын орындады.

Сүрініп кетсе жігіт келе жатып,

Жүрегі түсіп кеткен қолындағы


Ананың кезі бар ма кекті болған,

Оқыста жүрек түсіп кетті қолдан.

Ұмтылса топырақта жатқан жүрек:

«Құлыным, байқасаңшы», - депті оған…


Бұл – ананың баланы қаншалық шексіз сүйетінін білдіретін терең мәнді көңілсіз мысал.

Ал біздің бала кезімізде « Ана тілі» оқулығында Ы. Алтынсариннің «Ананың сүюі» деген өлеңі болды. Осы өлеңді оқығанда, сол кезде кішкентай бала болсақ та, қатты тебіренуші едік. Бала ұғымына лайық тілмен ананың қадір-қасиетін жүрекке жылы етіп жеткізген өлең шумақтары әлі күнге дейін есімде. Онда былай деуші еді:

Кім сендерді балалар сүйе -тұғын,

Қуанышыңа қуанып, қайғыңа

күйе -тұғын.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

кірпік қақпай,

Шешең байғұс дамылсыз

жүре –тұғын.

Кім сендерді, балалар

тербететін,

Еркелетіп, ойнатып, сергітетін?

Жалқау болсаң, балалар,

жаман болсаң,

Қамқор анаң көз жасын

көлдететін.

Кім сендерді сағынар

шетке кетсең,

Ғылым іздеп, тез қайтпай,

көпке кетсең.

Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз

сайын,


Хат жазып тұр, төбесі

көкке жетсін.

Кім сағынар сендерді

келгеніңше,

Құлындарын көзімен

көргенінше?

Сендер қайтып келгенде

адам болып,

Еш арманым болмас

дер өле-өлгенше.

Барша аналарға тән қасиет осындай деп ойлаймын.

Дін мұсылман жолында Әкені құрметтеу - айрықша парыз. «Әкеге бағыну - Аллаға бағыну. Оның алдында күнәһар болу - Алла алдында күнәһар болу» дейді Пайғамбарымыз.

Халқымыздың мақал - мәтелдерінен, даналық сөздерінен де ата-ананың қадір –қасиеті туралы айтылған асыл сөздерді табар едік. «Алты аға бірігіп - әке болмас,

Жеті жеңге бірігіп - ана болмас»,- деген сөзде де терең ой жатыр. Ата-ананың үміт-арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі балаға бағышталған. Ақыры, ең қастерлі тілектері: бала-шағаның алдында дүние салып, солардан топырақ бұйырса, - дейді. Осындай ата-ананы сыйлау сәби шағыңда өзіңді олар қалай бағып-қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялап, күту қандай ғанибет!

Қазақтар – « Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз.

Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз. Қазақ ғұрпындағы ата-ананың алған ерекше биік орны, қадір - қасиеті ше! Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау - өз болашағыңды сақтау.

Ата-анаға не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың. Сен ата-анаңды сыйласаң, сенің балаларың да қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып-қағатын болады.

Орыс жазушысы Лев Толстойдың «Қарт пен немере» мысалы естеріңде ме? Бір үйде төрт адам. Ата, бала, келін, немере. Кәрі кісі тәрелкені сындырып алады деп, келіні атасына тамақты темір табақпен береді. Бір күні шалдың немересі ағаш жоныпты. Әке-шешесі:

- Балам, не істеп отырсың?- деп сұрайды.

- Ертең сендер қартайып, атам сияқты болғанда тамақ ішетін ағаш астау жасап отырмын, - депті баласы. «Әкесін сыйламағанды, баласы сыйламайды»,- деген бар емес пе? Ата-анаға қатыгездік жасаған адам дүниедегі ең күнәсі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Қазақ халқында ондай пенделер қатаң жазаға, қатты қарғысқа ұшыраған.

Алайда, «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада», - демекші, өзінің перзенттік борышын түсінбеген, сөйтіп, ата-анасын жерге қаратып, көкіректерін қарс айырғандар бұрын да болған, қазір де жоқ емес.

Бүгінде кейбір жастар ата-анаға ақша жағынан қарасуды өздерінің перзенттік борышын өтегендік деп біледі. Мұны әке-шешесін аңыратып, ат ізін салмай кеткендер мен жалғыз басты қарттарын кәрілер үйіне тапсыруға дәті барған жүзіқараларға қарағанда адамшылыққа баласақ та, оның да оңып тұрмаған қате түсінік екені айқын.

Ата-анаға қажетті - баласынан күтері жалғыз материалдық жәрдем бе екен? Қайта, ата-анасы баласымен бірге тұруға болмаған күнде, жиі-жиі көрісіп, жүзбе-жүз отырып әңгімелесіп, мейірін қандыруды, баласын, келіні мен немерелерін көріп, көңілдері көншуін, олардың сый-құрметін көріп, тәңірге шүкіршілік етуді аңсамай ма?! Дүниеге бала әкеліп, оны азаптанып өсіріп, енді соның қызығын, қызметін көре алмай, тірідей суынып, қайырылмай кеткен баласын аңсай-аңсай, дүниеден өткен кәрі әке-шеше қайғысынан артық қайғы бар ма?!

Абайдың: «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік», - дейтіні содан шығар.

Ата-ананың сөзін сыйлап, құлақ асу, пікірлес болу отбасы тіршілігінің бір ғанибеті ғой. Сол арқылы-ақ бала ата-анасының мейірін өсіріп, өз ортасында төрден орын алуына көмектеседі. Керісінше, ата-ананың сөзін құлаққа ілмейтін, өзі тағы жөн білмейтін жетесіз бала олардың сағын сындырып, төрдегі басын есікке сүйрейді.

Отбасындағы психологиялық оңды ахуал, татулық пен тыныштық, жайдары қабақ, пейіл-береке – оның барлық мүшелерінің ырысы, ойға алған істерінің өрге басып, мақсаттарының жүзеге асуының кепілі.

Балалардың ұрысқақ, жанжалқой, дөрекі-дөкірлігі әке-шешенің жатса-тұрса жадынан шықпайтын қауіпі, азабы болады. Ондай ата-аналар үнемі алаңдаумен күн кешіп, қабақтарынан кірбің кетпейді.

Бұған қарама-қарсы еңбекқор, кең пейіл, жарқын мінезді болып өскен ұл-қыз ата-ананың қас-қабағына қарап, хал-жағдайларын айтқызбай аңғарып, олардың көңілін тауып, мерейін өсіреді. Демек, балалары ата-анасын, үлкендерді қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелтем десе, алдымен, әдепті болулары керек, өз жұмыстарын адал да тыңғылықты атқарып, отбасына кіріс кіргізіп, әке-шешенің қарттығын қажетті тыныштықпен және дәулетпен қамтамасыз етулері қажет.

Ата-ана да адам, сондықтан олардың қателесетін, жаңылысатын, ағаттық жіберетін кездері болады. Әдепті бала ондай кезде зіркілдеп, дауыс көтеріп шыға келмейді, ал үлкенді балағаттау – бала тұрмақ жасы кіші адамның ісі емес. Үлкендердің әлдеқалай істеген ісі, сөзі жанына қатты батса да, сабыр етіп, өзіңді дүниеге әкеп, зор мехнатпен әлпештеп өсіргенін есіңе түсіруің, кешірімді болуың міндет.

Ұл-қыз әдептілігінің негізі – ата-ананы риза қылып, үнемі алғыс батасын алуында. Сонда ғана үлкендердің мерейі көтеріліп, ұл-қыздардың өркені өспек!


жүктеу 1,12 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау