Адамның түрлі рухани, табиғи қасиеттерін білдіретін сөздер:
Сайқал (Гур., Маңғ., Шевч.) - кербез, әсемпаз. Бір жүрген қасымдағы сайқалым -ай, Дүние өте шықты шайқалып-ай... Қырғызша сайкал өңдеу, жылтырату; монғол тілінде - сайхан әдемі, өңді, сымбатты.
Нәйіс (Түрікм.: Красн., Небид., Таш.; Орал.) - лас, салақ. Кей адам нәйіс келеді. Түрікменше нежис.
Нәкөс (Түрікм.:Красн., Небид., Ашх., Тедж.,Көнеүр.; Орал.) – жынды, есуас, топас. Шөлмекті сындыр, нәкөс неме! Түрікменше нәкөс бишара, аянышты; өзбекше ноқис жарым, кеміс мағынасын береді.
Асырау (Орал., Жән., Орда.) – масыл. Ережеп баласы жұмыс жасамай, әлі әке-шешесіне асырау. Туваларда азырадыкчы. Ертедегі жазба ескерткіштерде асрамақ жасыру, тығу мағынасын берген.
Ауызды (Гур., Маңғ.; Түрікм., Красн., Таш., Ашх.) – шешен, сөз тапқыш адам. Байбақтыда ауызды билер көп болыпты (Түрікм., Таш). Қашаған жасында ауызды жігіт болған (Гур., Маңғ). Әзербайжан тілінде ағызлы.
Әжептеуір (Орал., Чап., Жән., Орда.; Гур., Маңғ.; Қарақ.; Түрікм., Красн., Ашх., Таш., Тедж.) – нашар, келіссіз, жағымсыз. Мінезі тәйтік, өзі самас, әжептеуір қыз (Түрікм., Красн). Оның әйелі әжептеуір кісі екен, жекіп тастайды (Орал., Чап). Қарақалпақша оғаш, түсініксіз, арабша ғәджәб «таң қалу, таңырқау» және тауыр «түр, ажар, көрініс, үлгі, өнеге сөздерінен жасалған.
Қалтаман 1.(Түрікм.: Красн., Небид., Ашх., Таш., Мары.; Гур., Маңғ.)– ұры. Ертеректе бұл өңір қалтамандар мекені болса керек (Түрікм., Красн.). 2. (ҚХР) – қалта ұрысы. Түрікменше галтаман қарақшы, тонаушы, бандит; қарақалпақ тілінде шалтаман қалтаға түсетін ұры.
Қаста (Түрікм., Красн., Ашх., Таш., Мары; Гур., Маңғ.) – ауру. Қаста адам ғой, көңілі жарым, сонан да өкпешіл келеді (Түрікм., Ашх.). Денеңде қаста болса ел білсін, білмесін өз жаның ауырмай ма? Түр ікменше хасса, өзбекше хаста, парсыша хастэ жаралы, ауру сырқат.
Мызылу (Түрікм.: Таш., Көнеүр.; Рес., Волг., Сарат., Орал: Орда., Жән., Чап.; Гур., Маңғ., Есб.; Ақт., Ойыл.) – сызылу, қылымсу. Бізге келгенде сен орынсыз мызылма, жайың белгілі (Түрікм.). Ол өзі әуелден мызылып отырады (Рес., Волг.). Мызылған жас әйел бізді қызыл мүйішке ертіп барды (Орал., Орда.). Түрікмен тілінің салар диалектісінде мызлыкь жағымпаз мағынасын береді.
Әк (Маңғ., Маң.) – ерке, бұзық. Түрікменстандағы қазақтар тілінде бұзықтық, оқыс мінез шығару мағынасын береді. Түрікмен тілінің әсері деуге, мұндай мағына берерлік, осы тұлғаға сәйкес сөзді екі тілдік сөздікте табылмады. Оның есесіне «Qutadyu bilig»-тің Гератта сақталған вариантында: aqsumla – жанжал (скандал, буянить) [25, 49-б.], деген түсініктерді оқимыз. Ал қазіргі тува тілінде «аак» сөзі «қыңыр», «ерке» мағынасын береді. Осындай тілдік деректерге қарап, «әк» сөзін тілімздегі диалектілік ерекшеліктерде сақталған ертедегі ру, тайпа тілінің ізі деуге толық болады. Бірақ дәл осындай сөздерді монғол, қалмақ тілдерінен де табамыз. Монғол тілінде: ааг – ашу, ыза; қалмақша: агсм күн – озорник (тентек бұзық). Көрсетілген факт бұл сөзді түркі және монғол тобына жататын тілдерге ортақ санауды талап етеді.
Мырық (Түрікм.: Красн., Небид., Жеб., Ашх., Таш.; Орал) – маңқа, боқмұрын. Мырық тоқалға бой беріп қойғаның (Түрікм., Таш.). Пәле! Мына мырық не дейді. Өзбекше майрик, қарақалпақтарда мыррық.
Самсық (Гур., Маңғ.; Түрікм.: Красн., Небид., Ашх., Таш., Тедж.) – жынды, ақымақ, есалаң. Ондай самсық ұл кімді мұратқа жеткізер дейсің (Гур., Маңғ.). Ішеріңді іштің, бірақ самсық болмашы. Түрікменше самсық, қарақалпақша сам-сам, әзербайжан тілінде сарсак ақымақ, есалаң.
Достарыңызбен бөлісу: |