3. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2014 – 2018 жылдарға арналған негізгі мақсаты мен басымдықтары
Қазақстан Республикасының орта мерзімді перспективаға арналған әлеуметтік-экономикалық саясаты салаларды, кәсiпорындарды және халықты дағдарыстан кейін қолдауға бағытталған шаралардан Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан - 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық сипаттағы шараларға назар аударды.
Орта мерзімді кезеңде әлеуметтiк-экономикалық саясаттың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы дамуының жаңа бағытын іске асыруды бастау, пайда алу және тиімділік, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру қағидаттарына негізделген өнімді, бәсекеге қабілетті экономика үшін негіз құру.
Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкiметiнің негiзгi күш-жігері орта мерзімді кезеңде іске асырылуы қажеттi бюджеттiк шығыстармен қамтамасыз етілетін әлеуметтiк-экономикалық саясаттың мынадай басымдықтарына негізделеді:
1) макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылық.
Макроэкономикалық тұрақтылық жаңа салық-бюджет саясатын іске асыру, мемлекеттік борышты қауіпсіз деңгейде ұстау және экономикалық өсу үшін қолайлы инфляция деңгейін ұстап тұру есебінен қамтамасыз етіледі.
Кепілдендірілген трансферт көлемінде қор қаражатын пайдалануды шектеу жолымен Ұлттық қорда мұнай кірістерін жинақтау саясаты жалғасатын болады.
Салық саясаты экономиканы дамытуды ынталандыру құралдардың бірі болады және әлеуметтік бағытқа ие болады.
2) экономиканы жаңғырту және әртараптандыру арқылы оның тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне, оның тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту, сондай-ақ қоршаған ортаға жүктемені азайту кезінде экспортты әртараптандыру бағытында экономиканы құрылымдық қайта құрумен қолдау көрсетілетін болады. Бұл ретте өнімділікті арттыруға және әлемдік конъюнктураға байланысты экономиканың құбылмалылығын азайтуға ерекше көңіл бөлінеді.
Экономиканы жаңғырту мұнай-газ және тау-кен металлургиясы өнеркәсібіндегі, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы бәсекеге қабілетті қазіргі басымдықтарды пайдалануға бағытталатын болады. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті жаңа басымдықтар анықталып, экономиканың дәстүрлі емес салаларында, бірінші кезекте - қызметтер көрсету саласында өндірістер құрылатын болады.
Елдің табиғи ресурстарын ұтымды пайдалануға негізделген орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін «жасыл экономиканың» қағидаттарына көшудің негізгі стратегиялық бағыттары айқындалатын болады.
Экономиканың шикізат емес секторларына инвестициялар тарту және елде қолайлы инвестициялық ахуал жасау елдің негізгі экономикалық өсу факторына айналады.
Бизнес ахуалды бақылау-рұқсат беру практикасы жүйесін оңтайландыру арқылы жақсарту жұмыстары жалғасады.
3) әлеуметтік жаңғырту.
Орта мерзімді кезеңде әлеуметтік жаңғырту үшін құқықтық негіздерді қалау және әлеуметтік саланы реформалаудың бірінші кезектегі шараларын іске асыруды, жалпыға ортақ мүмкіндіктер теңдігі мен мемлекет, жұмыс беруші және азамат арасындағы жауапкершілікті нақты бөлу арқылы өнімді жұмыспен қамту және инклюзивті экономикалық өсу негізінде азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.
Экономиканың өсуін ескере отырып, халықтың өмір сүру сапасын кезең-кезеңімен арттыру үшін ең төменгі әлеуметтік стандарттар жүйесі бекітілетін болады.
4) теңгерімделген өңірлік даму.
Өңірлік саясат экономикалық өсу орталықтары - агломерацияларды, екінші деңгейдегі тірек қалаларды (облыс орталықтары) және үшінші деңгейдегі қалаларды (моноқалалар және шағын қалалар), сондай-ақ тірек ауылдық елді мекендерді қалыптастыруға бағытталады. Бұл ретте өңірлердің базалық әлеуметтік қызметтерге тең қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, өңірлердің қолда бар бәсекелес артықшылықтарына ерекше көңіл бөлінеді.
Бағдарламалық құжаттар мен әлеуметтік-экономикалық әлеуеті бар нақты аумақтардың бағытталатын қаржы ресурстарының өзара байланыстырылуы мен үйлесімділігі қамтамасыз етіледі.
5) мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру.
Мемлекеттік басқару жүйесінде мемлекеттік басқару органдарының арасында өкілеттіктердің аражігін ажыратуға мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және мемлекеттік қызметті кәсібилендіруге бағытталған реформаларды іске асыру жалғасатын болады.
Мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру шеңберінде квазимемлекеттік сектор субъектілерін оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізіледі. «Халықтық IPO» бағдарламасы одан әрі дамиды.
6) Халықаралық интеграция мен өзара іс-қимылды дамыту.
Қазақстан экономикасын Бірыңғай экономикалық кеңістік (бұдан әрі – БЭК) және Кеден одағы (бұдан әрі – КО) шеңберіндегі интеграция шарттарына бейімдеу, сондай-ақ Қазақстанның алдағы Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) кіру мақсатында тауарлардың импорты мен экспорты кезіндегі кедергілерді жою, сондай-ақ отандық өндірушілердің мүдделерін қорғауға және ілгерілетуге күш-жігер салынады.
4. Экономикалық саясаттың негізгі бағыттары мен шаралары 4.1 Макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету 4.1.1 Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын реттеу саласындағы саясат
Қазақстан Республикасының ақша-кредит саясатының негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, яғни макроэкономикалық алғышарттарға барабар қалыптасқан жылдық инфляцияның төмен деңгейін ұстап тұру болып табылады. Осы мақсатқа жету елдегі экономикалық өсу, инвестициялық нарықты дамыту, банк секторының кредиттік белсенділігін ынталандыру, елдің қаржы жүйесінің, ұлттық валютаның айырбас бағамының және төлем теңгерімінің орнықтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік беретін болады.
Ақша-кредит саясаты саласындағы негізгі перспективалық бағыт 2012 жылы басталған жаңа трансмиссиялық тетікті кезең-кезеңімен енгізу болып табылады. Ақша-кредит саясатының қолданыстағы құралдары жетілдіріліп, жаңалары енгізіледі, өтімділікті беру/алу, ашық нарықтағы операциялар бойынша тұрақты тетіктерге арналған тәсілдер өзгертіледі.
Жаңалықтарды енгізудің мақсаты ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігінің кредиттік арнасын жандандыру және оның валюталық арнасының маңыздылығын төмендету болып табылады. Жаңа тетік экономиканы долларландыруды, пайыздық мөлшерлемелердің құбылмалылығын, ақша нарығындағы алыпсатарлық құрамдас бөлікті төмендетуге және нәтижесінде өтімділікті реттеудің икемділігін және тиімділігін арттыруға және жалпы алғанда ақша-кредит саясатын жүргізуге мүмкіндік жасайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатын жүргізу кезінде экономикадағы ақша ұсынысын икемді реттеу бойынша шаралар қабылдайды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің пайыздық мөлшерлемелер дәлізі өзгертіледі. Оның шегі тұрақты тетік операциялары бойынша мөлшерлемелерге сәйкес келеді (төменгі шегі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің депозиттері, жоғары шегі – тұрақты қолжетімді қарыздар).
Пайыздық саясатты жүргізу кезінде жол берілген ауытқулар шегі бар базалық мөлшерлеме 7 күндік мерзімі бар операциялар негізінде есептеледі.
Ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігі шеңберінде жаңа операциялар мен құралдарды енгізу өтімділікті басқару мен реттеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Экономикадағы ақша ұсынысының көлемі экономиканың өсіміне сәйкес келетін деңгейде сақталатын болады. Оның тұрақты жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ету мақсатында қаржы нарығындағы ахуал қадағаланатын болады.
Валюта саясаты Қазақстан экономикасының ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы теңгерімді ұстап тұруға бағытталатын болады. Сонымен қатар бағамдық саясат ішкі экономиканы дамытудың іргетасын қалай отырып, әлемдік бағалардың, сыртқы сауда жағдайларының өзгеруіне тиісті түрде ден қоятын болады.
Ақша-кредит саясатының трансмиссиялық тетігін дамыту және пайыздық мөлшерлемелердің реттеушілік рөлін арттыру шамасына қарай Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ішкі валюта нарығына қатысуы қысқаратын болады.
Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін банктердің несие портфелінің сапасын жақсартуға және оларды нашар кредиттерден «тазартуға» бағытталған шараларды іске асыру жалғасын табады. Жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген кредиттерді, сондай-ақ жеке тұлғаларға берілген кредиттерді қоса алғанда, жұмыс істемейтін активтердің барынша кең тізбесін беру арқылы өз активтерін сауықтыру үшін банктер күмәнді активтерді басқарушы еншілес ұйымдарды құрады. Банктер теңгерімін тазарту опцияларының бірі ретінде үмітсіз берешекті кешіру тәртібін жеңілдететін арнайы тетік енгізу жалғасады.
Банктердің несие портфеліндегі жұмыс істемейтін қарыздардың үлесіне 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап 20%-дан аспайтын және 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап 15%-дан аспайтын шекті мәндер енгізіледі.
Қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы нарықтың барлық сегменттеріне мониторинг жүргізетін және олардың ағымдағы жағдайын бағалайтын болады.
Ақша-кредит және валюта саясатының қандай да болмасын шараларын қолдану БЭК жұмыс істеуі шеңберінде болып жатқан интеграциялық процестерді ескере отырып жүзеге асырылатын болады.
4.1.1.1 Инфляция деңгейін ұстап тұру
2014 – 2018 жылдары инфляциялық аяның ағымдағы деңгейде 6,0-8,0% дәлізінде сақталуы күтілуде.
Инфляцияның негізгі тәуекелдері ретінде шикізат пен азық-түліктің әлемдік нарықтарындағы тұрақсыздық, іскерлік белсенділіктің тұрақты өсуі, ішкі бәсекелестіктің жеткіліксіз даму деңгейі және тауарлар мен қызметтердің жекелеген нарықтарында монополияланудың жоғары деңгейі, бірқатар өңірлерде сауда инфрақұрылымының әлсіз дамуы сияқты факторлар болады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі инфляцияның монетарлық құрамдауыш бөлігінің оңтайлы деңгейде болуына және қосымша инфляциялық қысым көрсетпеуіне тырысады.
Инфляцияның өсуіне жол бермеу және оны жоспарланған дәлізде ұстап тұру үшін кеден-тарифтік реттеудің тетіктерін қолдану жалғасады. Осылайша, мұнай өнімдерінің ішкі нарығында жетіспеушілікті болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағынан жеңіл дистиляттарды, керосиндер мен газойльдерді шығаруға уақытша тыйым салынды.
Табиғи монополия субъектілері тарифінің өсуі реттелетін қызметтер тарифтерінің инфляцияға шекті үлесімен шектеледі.
Республиканың ішкі нарығын толықтыру және мұнай өнімдерінің негізгі түрлеріне арналған бағаларды тұрақтандыру мақсатында облыстар және Астана, Алматы қалалары бойынша мұнай өнімдерін жеткізу кестесін бекіту жалғасады, бензин мен дизель отынына шекті жол берілетін баға ай сайын белгіленеді.
Азық-түлік нарығындағы бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу нарық тетіктерін қолдана отырып азық-түлік нарығын реттеу бойынша шаралар кешені шеңберінде жүзеге асырылады. Бағалардың алыпсатарлық және негізсіз өсуіне жол бермеу және маусымдық ауытқуларды реттеу мақсатында азық-түлік нарығын реттеу үшін құрылған өңірлік азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын құру және пайдалану жұмысы жалғасады.
Ішкі нарықты толтыру үшін ірі коммуналдық сауда-логистикалық хабтар құрылады.
Бастапқы міндет ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толтыру болып табылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары және олардың шекті жол берілген бөлшек бағаларының мөлшері одан әрі бөлшек бағаның шекті мәнін белгілеу тетігіне сәйкес белгіленетін болады.
4.1.2 Квазимемлекеттік сепкторды ескере отырып, мемлекет міндеттемелерін басқару саясаты
Республикалық бюджеттік бағдарламаларды уақтылы қаржыландыру үшін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген мөлшері шеңберінде қарыз алу жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес мемлекеттік қарыз алу мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару және қарыз шарттарын жасасу жолымен ішкі және сыртқы нарықта жүзеге асырылады.
Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару жолымен ішкі қарыз алуды жүзеге асыра отырып, отандық қор нарығын дамыту жөніндегі міндеттерді шешеді.
Экономиканың басым салаларының жобасын қаржыландыру үшін сыртқы халықаралық инвестицияларды, қаржы ұйымдарының, шетелдік мемлекеттердің, шетелдік коммерциялық банктердің және фирмалардың инвестицияларының қарызы арқылы жүзеге асырылады.
Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қарыз туралы халықаралық шарттарды Қазақстан Республикасының Парламенті ратификациялайды.
Валюталық тәуекелдерді азайту мақсатында мемлекеттің сыртқы міндеттемелерінің үлесін азайту бойынша саясат жүргізілетін болады.
Өз кезегінде, елдің ішкі нарығында мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару көлемі елеулі ұлғайтылатын болады.
Жалпы, үкіметтік борыш мөлшерінің аса өсуіне жол бермеу үшін Республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы заңның шеңберінде ішкі және сыртқы қарызды тарту кезінде қарыз алудың шегі сақталатын болады.
2020 жылға қарай мыналарға шектеу қоюды көздейтін Мемлекеттік және жалпы ішкі борышты басқару жөніндегі тұжырымдамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады:
- ЖІӨ-ге 13,9% аспайтын мемлекеттік борыш;
- ЖІӨ-ге 13,7% аспайтын Үкімет борышы;
- ЖІӨ-ге 22% аспайтын мемлекеттік борыштың және квазимемлекеттік сектор борыштың жиынтығы.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің белгіленген сомадан артық қарыз алуы үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі міндетті келісу тетігін әзірлейтін болады.
Жалпы, мемлекетттің мiндеттемелерін басқару саясаты мемлекеттің борышын қауіпсіз деңгейде қолдауға бағытталатын болады.
4.1.3 Бюджет және салық саясатының негізгі басымдықтары
Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 26 маусымдағы № 590 Жарлығымен бекітілген, орта мерзімді кезеңге арналған бюджеттік саясат мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен әлеуметтік-экономикалық дамудың орнықтылығын қамтамасыз ету болып табылады.
Осыған байланысты, жаңа бюджет саясатының негізгі міндеттері:
- макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету;
- бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру;
- бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру;
- фискалдық орталықсыздандыру;
- мұнай кірістерін шектеулі түрде пайдалану жолымен Ұлттық қорда қаражат жинақтауды жалғастыру;
- бюджеттің мұнай кірістерінен тәуелділігін азайтуды қамтамасыз етуі тиіс болады.
Экономикалық өсудің одан әрі қамтамасыз ету мақсатында экономиканы контрциклдік реттеу шаралары сонымен қатар фискалдық ынталандыру жалғастырылады. Мемлекеттік шығыстардың есебінен жиынтық сұраныс пен инвестициялық белсенділікті қолдауды қамтамасыз ететін деңгейде сақталатын болады.
Макроэкономикалық тұрақтылық пен мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында бюджет саясаты Жаңа бюджет саясатының тұжырымдамасымен белгіленген фискалдық шектеулердің тапшылығы негізінде қалыптастырылатын болады.
2020 жылға қарай бюджет тапшылығын ЖІӨ-ге қатысты 1,4 % дейін төмендету мақсатында 2014 жылғы 2,4 %-дан, 2016 жылы 1,9 % дейін төмендету жоспарланып отыр.
Бюджет тапшылығының параметрі үкіметтік борыштың тұрақтылығын қамтамасыз етуді және ұзақ мерзімді перспективада мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамытуды ескере отырып айқындалатын болады.
Бюджет тапшылығы үкіметтің қарыз алуымен, негізінен ішкі нарықта қаржыландырылатын болады.
Дамудың сыртқы қолайлы жағдайлары сақталған кезде бюджет тапшылығын төмендету жоспарланып отыр, ол үкіметтің қарыз алуымен негізінен ішкі нарықта қаржыландырылатын болады.
Үкіметтің қарыз алу саясаты Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында белгіленген шектеулерге сәйкес онымен Ұлттық қордағы жинақтардың орнын ауыстыруға жол бермеуге сүйене отырып, жүргізілетін болады, атап айтқанда:
үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге арналған жыл сайынғы шығыстар Ұлттық қордың 4,5 % деңгейіндегі жыл сайынғы шартты тіркелген инвестициялық кірісінен аспауы тиіс;
үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге және өтеуге арналған шығыстар орта есеппен он жылдық кезең ішінде Ұлттық қордан берілетін трансферттерді қоса алғанда, бюджетке түсетін түсімдердің 15%-дан аспауы тиіс.
Болашақ ұрпақ үшін жинақтарды ұлғайту және бюджеттің мұнай кірісіне тәуелділігін төмендету мақсатында бюджетке Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансфертті шектеу жолымен Ұлттық қорда қаржы ресурстарын жинақтау саясаты жалғасатын болады.
Ұлттық қор қаражаты мұнайдан түскен кірістерді үнемдеуді қамтамасыз ететін шектеулі көлемде пайдаланылатын болады.
Бюджет пен Ұлттық қордың теңгерімділігін қамтамасыз ету мақсатында бюджет саясаты:
- мұнай тапшылығын 2020 жылға қарай ЖІӨ-ге 2,8% дейін төмендетуге;
- Ұлттық қор қаражатын кейіннен, ағымдағы шығыстарды қаржыландыруға пайдалануды қысқартуға бағытталатын болады.
Өңірлерді қаржылық қолдау олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономикалық әлеуетін ұтымды кеңістікте ұйымдастыруға бағытталатын болады.
Әлемдік және қазақстандық экономикалардағы жағдай өзгерген кезде бюджет саясатын түзету бойынша жедел және икемді шаралар қабылданатын болады.
Салық саясаты шеңберінде мемлекеттің кірістерді қайта бөлу бойынша әділ құралы ретінде салықтардың әлеуметтік маңызы бар, ынталандырушы және фискалдық функциялары нығайтылатын болады.
Осыған байланысты, салық саясатының шаралары орта мерзімді кезеңде:
- экономиканың басым секторларын және инновацияларды ынталандыру мақсатында салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыруға;
- табыстан салық алу және жер пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешен (бұдан әрі – АӨК) субъектілеріне салық салуды реформалауға;
- бизнестің әлеуметтік бағдарлануына қажетті қосымша салық ынталандыруларын енгізуге бағытталатын болады.
ЕЭК шеңберінде Қазақстанда неғұрлым қолайлы салық режимін қалыптастыру маңызды болып табылады, бұл капитал қозғалысына шектеу болмаған кезде экономиканың одан әрі өсуі үшін қосымша ресурстар тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасында акциздік саясатты жетілдіру және Қазақстанның алдағы ДСҰ кіру, ЕЭК жағдайында Қазақстан Республикасының салық заңнамасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады.
Қазақстан Республикасының азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар адамдардың кірістерін және мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру жөніндегі бекітілген, жеті жылға есептелген іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар адамдардың кірістерін және мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру көзделген.
4.1.4 Бюджетаралық қатынастар
Бюджетаралық қатынастар саясаты азаматтарға олардың тұрғылықты орындарына қарамастан Конституция және заңнамамен кепілдендірілген мемлекеттік қызметтер ұсынудың сапасы мен жалпы қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге әкімдердің экономикалық ынтасын күшейту мақсатында бюджетаралық қатынастарды одан әрі жетілдіру шеңберінде бюджетаралық трансферттер жүйесі жетілдіріледі.
Жергілікті бюджет шығыстарының базасына бұрын республикалық бюджеттен нысаналы ағымдағы трансферттер есебінен қаржыландырылған тұрақты сипаттағы шығындар қосылатын болады.
Бұдан басқа, өткен үш жылдық кезеңде әкімдер жұмысының рейтінгілік бағаларына сүйене отырып, субвенциялардың көлемін ұлғайтатын немесе алып қоюларды азайтатын коэффициентті жергілікті бюджет шығындарының есебіне қосу арқылы жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесі жетілдірілетін болады. Бұл ретте, негізгі көрсеткіш ретінде өңірдің салықтық базасын ұлғайту және тұрақты жұмыс орындарын құру айқындалатын болады.
Сондай-ақ, бюджеттік субвенциялар мен алып қоюларды есептеу кезінде өңірлердің даму бюджетінің көлемін ұлғайту жоспарлануда. Бұл әкімдерге аумақтық даму ерекшеліктерін ескере отырып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға арналған қаражатты жұмсаудың басымдықтарын дербес айқындауға мүмкіндік береді.
Жергілікті атқарушы органдардың қаржылық дербестігін жауапкершілігін және жұмыс тиімділігін кеңейту мақсатында Бюджет кодексіне:
- әлеуметтік маңызы бар қызметтерді қаржыландырудың, ең төменгі көлемін енгізу осы деңгейден төмен қаржыландыру болмауға тиіс;
- жоғары тұрған бюджетке қаржы жылының қорытындылары бойынша толық қаржыландырмаған әлеуметтік маңызы бар қызметтердің сомасын қайтару;
- әлеуметтік маңызы бар қызметтерді белгіленген көлемнен төмен қаржыландырған жағдайда, жергілікті атқарушы органдарға жауапкершілікті бекітуді көздейтін толықтырулар еңгізу жоспарлануда.
Осы жетілдірілген Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесі негізінде 2014 – 2016 жылдарға арналған ресми Жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы заң жобасы әзірленетін болады.
4.2 Әртараптандыру негізінде экономиканы жаңғырту
Тұрақты экономикалық өсуді жоспарланған деңгейде қамтамасыз ету және жеделдетілген экономикалық жаңғырту ҮИИДМБ-ні іске асыру арқылы жалғасатын болады.
ҮИИДМБ-нің бірінші бесжылдығы (2015 жылға дейін) Қазақстанның табысты индустрияландырылуы және кейіннен индустриядан кейiнгi қоғамға өтуі үшін Қазақстанда қажетті өндірістік және инфрақұрылымдық базаны қалыптастырады.
Одан әрі құрылымдық әртараптандыру және инновациялық дамыту мақсатында жаңа ҮИИДМБ әзірленетін болады (2020 жылға дейін).
2015 – 2019 жылдарға арналған индустрияландырудың екінші кезеңін іске асыру үшін «бастама нүктесін» қалыптастыру мақсатында:
- алғашқы үш жыл ішінде бағдарламаны іске асыру нәтижелеріне және 2013 – 2014 жылдарға арналған жетістіктердің консервативті болжамдарына негізделген, бірінші бесжылдыққа (2010 – 2014 жылдар) белгіленген басымдықтар мен мақсаттар жетістіктеріне;
- 2010 – 2014 жылдары ҮИИДМБ шеңберінде экономика салаларын дамытуды қолдаудың (құралдарының, әдістерінің) түйінді шараларының тиімділігі мен тұтастығына жүйелі талдау жүргізіледі.
Индустрияландырудың екінші кезеңі шеңберінде Қазақстан экономикасын одан әрі әртараптандырудың одан арғы саясаты бойынша ұсынымдар әзірленеді.
Кейінгі бесжылдықта ел экономикасын дамытудың негізгі бағыты Қазақстанда байырғы өндірістік революцияны қамтамасыз ететін экономиканың инновациялық жаңғыруы болуы тиіс.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында басымдық ретінде IT-технологиялар, биотехнологиялар салалары мен Назарбаев Университетінің ғылыми басымдықтары айқындалатын болады.
Өнеркәсіптің энергия тиімділігін арттыру және инновациялық және энергиялық тиімді технологиялар өндіру үшін ҮИИДМБ-нің екінші кезеңі бағыттарының бірі энергия тиімділігін арттыру және эмиссия шығарындыларын азайту, сондай-ақ жасыл экономикаға көшу үшін қажетті өнімдер өндіру мақсатында ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындарын жаңғырту болып табылады.
Индустриялық-инновациялық даму шеңберінде Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы қабылданады.
Тұжырымдама экономиканы жаңғыртудың кешенді және интеграцияланған тәсілін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Қазақстанның Орталық Азия аумағындағы «жасыл» жаңғыртылуға стратегиялық бағыт алған алғашқы мемлекеттердің бірі ретінде қалыптасуы үшін база жасалады, бұл мемлекетіміздің имиджін нығайтады.
Сондай-ақ 2050 жылға дейін Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жөнінде тұжырымдама (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірлеу бойынша жұмыстар басталды.
Тұжырымдама әзірлеу негізгі екі бағытты – Тұжырымдама жобасына негізгі тәсілдерді диагностикалау мен әзірлеуді және 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 еліне кіру бойынша стратегиялық басымдықтарды егжей-тегжейлі пысықтауды қамтиды.
2050 жылға қарай ең дамыған 30 елдің тізіміне кіру үшін экономиканың барлық секторларында, бір мезгілде негізгі өндіріс салаларын, шағын және орта бизнес пен қызмет көрсетулер саласын дамыта отырып, адами капиталды инвестициялай отырып, елдің жаһандық интеграциясын, бұл ретте халықтың мәдени дәсүрлерін сақтай және дамыта отырып, қамтамасыз етумен, өнімділікті арттыруға бар күш-жігерді шоғырландыру қажет.
4.2.1 Экономика салаларын дамыту
Тау-кен металлургия өнеркәсібі саясатының басты мақсаты шикізатты ел ішінде барынша қайта өңдеу, базалық металдарға шығу және машина жасау, құрылыс индустриясы сияқты өзге де өнеркәсіп салаларын дамытуды қамтамасыз ететін қайта бөлінісі жоғары өнімдерді өндіру болады.
Қойылған мақсатты іске асыру Қазақстан Республикасында тау-кен металлургиясы саласын дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламаның (бұдан әрі – Бағдарлама) аяқталу кезеңі шеңберінде:
бәсекеге қабілетті өндірістерді құру, номенклатураны кеңейту және шағын және орта бизнесті тартумен қосылған құны жоғары терең өңдеуден өткен өнімнің үлесін ұлғайту;
ресурс- және энергия сыйымдылығын төмендету, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында саладағы жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды жаңғырту;
шикізатты кешенді қайта өңдеу және бөліп алу технологиялары бойынша инновацияларды дамыту, өнімнің жаңа түрлерін әзірлеу және инновациялық процестерге саланың ғылыми-техникалық әлеуетін белсенді тарту;
салалық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және минералды-шикізат базасын молықтыруды кеңейту және қамтамасыз ету;
саланы, оның ішінде орта техникалық буынды білікті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету;
ішкі нарықта металлургиялық өнеркәсіп шикізаты мен өнімін жылжытуға жәрдемдесу;
сала кәсіпорындарының қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендету арқылы жүзеге асырылатын болады.
Мыс қорыту және электролиз зауыттарын, «Юбилейное» кен орнында құрамында алтын бар кенді қайта өңдейтін кен байыту фабрикасын және кен ошағын салу, «Сырымбет» кен орнын игеру, Бозшакөл және Ақтоғай тау-кен байыту комбинаттарын салу, «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамына жылына 6 млн. тоннаға дейін болат өндіруді ұлғайту, жүйе құраушы сала кәсіпорындарын жаңғырту сияқты жобаларды іске асыру көзделген.
Химия өнеркәсібіндегі саясат қосылған құны жоғары өнім өндірісіне бағытталатын болады.
Қойылған мақсатты іске асыру мынадай бағыттар бойынша:
химиялық кластерлерді құру;
озық технологиялар негізінде жаңа бәсекеге қабілетті химия өндірістерін құру;
заманауи басқару технологияларын енгізу есебінен энергия сыйымдылығын төмендету мақсатында саланың жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарын жаңғырту;
тиімділігі жоғары технологияларды әзірлеу және енгізу жолымен кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін дамыту;
салалық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету;
саланы, оның ішінде орта техникалық буынды білікті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету;
сыртқы нарықтарға өнімді ілгерілетуге жәрдемдесу;
кәсіпорындарының қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендету арқылы жүзеге асырылатын болады.
Мыналар көзделген: «Павлодар» АЭА базасында химиялық кластер құру және «Тараз» АЭА химиялық паркін құру, жаңа инвестициялық жобаларды пайдалануға беру жолымен «Қазфосфат» ЖШС және «ҚазАзот» ЖШС жаңғырту, Жамбыл облысында «Еврохим-Тыңайтқыштар» ЖШС кешенді минералдық тыңайтқыштар өндірісі бойынша жобаны іске асыру.
Атом өнеркәсібін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясат уран өндіру көлемін ұлғайту, ядролық отын циклінің жаңа өндірістерін құру, атом энергетикасы және атом ғылымының инфрақұрылымын дамыту жолымен елдің жедел индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету үшін атом энергетикасын құруға бағытталады.
Аталған мақсат 2020 жылға дейінгі даму перспективасымен Қазақстан Республикасында атом саласын дамытудың 2011 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру негізінде іске асырылатын болады.
Туристік саланы дамыту жөніндегі саясат инфрақұрылымды жасау және дамыту жолымен туризм индустриясын орнықты дамытуға, Қазақстанның туристік бағыт ретінде тартымдылығын арттыру үшін оның имиджін қалыптастыруға бағытталатын болады.
Қойылған мақсатты іске асыру Қазақстан Республикасы туристік индустриясының перспективалы бағыттарын дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Ақмола облысының «Бурабай» АЭА шекарасында туристік ойын-сауық кешенін (2009 – 2017 жылдары) салу, Алматы облысының Қапшағай су қоймасы жағалауында «Жаңа Іле» халықаралық туристік орталығын салу, Маңғыстау облысында «Кендірлі» халықаралық курортын салу сияқты жобаларды іске асыру көзделіп отыр.
Алматы облысында әлемдік деңгейдегі тау шаңғысы курорттарын және Ақмола облысында Бурабай курорт аймағын дамыту жоспарлары әзірленетін және бекітілетін болады.
Машина жасауды дамыту саясаты қосылған құны жоғары түпкі өнім өндіруді ұлғайту есебінен ішкі нарықтың қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға және экспортты кеңейтуге бағытталатын болады.
Жалпы, 2018 жылға дейін машина жасау өнімінің өндіріс көлемдерінің өсуі 2010 – 2014 жылдарға арналған Қазақстанның индустрияландыру картасын іске асыру шеңберінде іске қосылған кәсіпорындардың жобалық қуаттылығына шығуы есебінен қамтамасыз етіледі. Машина жасау саласында 71 жоба іске асырылуда, оның ішінде 2013 – 2015 жылдары 17 жобаның іске асырылуы жоспарланған. Бұл ретте саланың даму бағдарламасын іске асыру шараларының әсері ретінде еңбек өнімділігі деңгейінің артуы қолда бар және жаңадан іске қосылған өндірістік қуаттың пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өсу қарқынын сақтауға мүмкіндік береді.
Теміржол машина жасау саласында 2015 жылға қарай өнім өндірісінің көлемін 2008 жылмен салыстырғанда 30 есе ұлғайту жоспарлануда, ол теміржол саласын қазақстандық өндірістің жылжымалы құрамымен 100% қамтамасыз етуге және экспорт нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Алдағы үш жылда 420 «Тальго» жолаушылар вагонын шығару жоспарлануда.
Автомобиль өнеркәсібі және автомобиль бөлшектері өндірісінің өнеркәсібі машина жасау құрылысы үшін іргетасқа айналуы тиіс. 2020 жылы отандық өндірушілер 300 мың бірлік автомобиль шығара алады.
Фармацевтика саласындағы саясат 2018 жылға қарай халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту және жаңа өндірістерді салу, саланы білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету, нормативтік-құқықтық актілер қабылдау, республика жобаларын бірлесіп іске асыру үшін инвестиция тарту жолымен отандық өндіріс есебінен елдің дәрілік препараттарға қажеттіліктерін 60% қол жеткізуге бағытталатын болады.
2013 – 2018 жылдары онкологиялық, туберкулезге қарсы, кардиологиялық, диабетке қарсы препараттар, вирусқа қарсы, гастроэнтерологиялық препараттар, инфузиялық ерітінділер, антибиотиктер және компанияның медициналық мақсаттағы бұйымдарын өндіру бойынша ірі жобалар іске асырылатын болады.
Құрылыс индустриясындағы саясат құрылыс индустриясының индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз етуге, елде құрылыс материалдарын тұрақты және теңгерімді өндіруге бағытталатын болады.
Құрылыс индустриясының индустриялық-инновациялық дамуы, құрылыс материалдары өндірісінің өсуі:
құрылыс саласын техникалық реттеу жүйесін реформалау және мемлекеттiк инвестициялардың қатысуымен құрылыстағы сметалық баға белгiлеу жүйесін жетiлдiру;
өңірлерді аумақтық жоспарлауды жетiлдiру және елді мекендердің қала құрылысын дамыту есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Жалпы қуаттылығы жылына 6,152 миллион тонна жаңа цемент зауыттарын салу жоспарлануда.
Мыналар:
Ақмола облысында «BI-Cement» ЖШС және «Көкшецемент» ЖШС;
Жамбыл облысында «Жамбыл цемент өндірісі компаниясы» ЖШС және «ACIG» АҚ;
Шығыс Қазақстан облысында «Қазақцемент» ЖШС;
Оңтүстiк Қазақстан облысында «Цемент стандарт» ЖШС іске қосылатын болады.
Қуаттылығы шамамен жылына 146 мың тонна табақ шыны өндiрiсiн құру жоспарлануда. Жоба шеңберiнде шикiзат өндiруден бастап түпкi өнiм шығаруға дейiн деңгейлес интеграцияланған жоғары технологиялы өндіріс құрылатын болады.
Ақтөбе облысында табақ шыны өндіретін зауыттың құрылысы (start-up) болжанып отыр. Болжамды қуаты – тәулігіне шамамен 500-600 тонна немесе жылына 145-175 мың тонна. Шыны өнімдеріне 2020 жылға дейінгі қажеттілік айқындалды. «Қолжетімді тұрғын үй 2020» бағдарламасының іске асырылуын ескере отырып, тұрғын үй құрылысындағы табақ шыны қажеттілігі жылына шамамен 4,5 млн. шаршы метрді құрайды, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысында жылына 2,5 млн. жуық шаршы метрді құрайды.
Сондай-ақ, 2014 жылға қарай 15 құрылыс комбинатын іске қосу жоспарланып отыр. Астанада және ШҚО, БҚО облыстарының әрбіреуінде екі құрылыс комбинатын іске қосу көзделіп отыр.
Құрылыста өсудің болжанатын қарқынына қол жеткізу үшiн Индустрияландыру картасында көзделген объектiлер, әлеуметтік сала объектілері мен инфрақұрылымдар пайдалануға беріледі және «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын іске асыру қамтамасыз етілетін болады.
Елдің мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі саясат мұнай өнімдері мен газға деген ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз етуге, жаңа құбыржолдар салуға, мұнай және газ экспортын ұлғайтуға, мұнайды тасымалдаудың экспорттық бағыттарын әртараптандыруға бағытталатын болады.
Мұнай-газ секторын одан әрі дамыту жаңа кен орындарын ашу есебінен қордың өсімімен қамтамасыз етілуі тиіс.
Мұнай өндіру
Мұнай-газ кешені елдің және оның жекелеген өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына шешуші ықпал етеді, экономиканың басқа салаларының дамуына мүмкіндік береді.
2018 жылы мұнай және газ конденсатын өндіру көлемінің 2012 жылға қарағанда 138,8%-ға дейін өсуі (өндіру көлемінің өсімі 30,8 млн. тонна) күтіледі.
Мұнайды қайта өңдеу
Жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу қуаттарын жаңғырту есебінен мұнай өңдеу зауыттарында (бұдан әрі – МӨЗ) мұнай өңдеу көлемін жылына 15,05 млн. тоннаға дейін ұлғайту, тиісінше мұнай өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту жоспарлануда.
Атырау МӨЗ базасында мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы, «Петро Казахстан Ойл Продактс» ЖШС-ін және Павлодар мұнай-химия зауытын реконструкциялау және жаңғырту аяқталатын болады.
МӨЗ-дерді реконструкциялау мен жаңғыртуды аяқтау 2016 жылы елді К4 пен К5 экологиялық кластарының тиісті талаптарына сәйкес келетін сапалы мұнай өнімдерімен және мұнай-химия өнімдерімен қамтамасыз етуге, қоршаған ортаға зиянды әсерін төмендетуге, автомобиль және авиациялық отынға қажеттілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Газ өндіру
Ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету үшін Батыс Қазақстан облысында Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр, Қазақстан Республикасының солтүстік өңірлерін және Астана қаласын газдандыру үшін «Қарталы – Тобыл – Көкшетау – Астана» газқұбырын салу жоспарланып отыр.
Агроөнеркәсіптік (АӨК) кешенді дамыту
АӨК-тегі саясат азық-түлік қауіпсіздігі мен қазақстандық өнімнің экспортын арттыруды қамтамасыз ететін елдің бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға шоғырланатын болады.
Агроөнеркәсіптік кешенді индустриялық-инновациялық дамытуға жоғары технологиялық инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ су ресурстарын интеграцияланған басқару қағидаттарын енгізу қол жеткізілетін болады.
Аграрлық сектор субъектілерінің бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін «Агробизнес – 2020» бағдарламасын іске асыру шеңберінде жағдай жасалады.
Бағдарламаны іске асыру төрт бағыт бойынша жүргізіледі: қаржылық сауықтыру, ауыл шаруашылығы субъектілері үшін тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру, ауыл шаруашылығындағы мемлекеттік реттеу жүйелерінің тиімділігін қамтамасыз ету және оны арттырудың мемлекеттік жүйесін дамыту. Жайылымдық мал шаруашылығы мен жемшөп өндірісіне ерекше назар аударылатын болады.
«Агробизнес-2020» салалық бағдарламасында өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, тауарлық балық шаруашылығы, ауыл шаруашылық шикізатын терең қайта өндеу және агроөнеркәсіптік кешеннің басқа салаларына қаражат бөлу және мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктерін енгізу көзделген. Бұл кейіннен өндіріс көлемін ұлғайтуға, қазақстандық өнімдердің өзіндік құнын төмендету және сапасын арттыру есебінен оның бәсекеге қабілеттігін ұлғайтуға және нарықты отандық өндіріс өнімдерімен қамтамасыз етуді елеулі арттыруға мүмкіндік береді.
Өсімдік шаруашылығы саласында өндірісті әртараптандыру, дақылдарды баптаудың ғылыми негізделген ылғал-ресурс үнемдеуші технологияларына көшу жолымен ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы айналымына жаңа және қазіргі кезде пайдаланылмайтын жерлерді тарту жүргізілетін болады.
Астық өндірісінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылатын болады, өйткені ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының құрылымында астық дақылдарының алатын орны зор. Бидайды өңдеу және сақтау, сондай-ақ оны тасымалдау үшін қуаттылықтар құру және оны ұлғайту жолымен элеваторлар мен бидай тасығыштардың жетіспеушілігі мәселелері пысықталатын болады.
Мал шаруашылығы саласында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді етті және сүтті мал шаруашылығын дамытуға және ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыруға ынталандыру жұмысы жалғасатын болады.
Асыл тұқымды базаны дамыту және мал мен құстың генетикалық әлеуетін арттыру, оның ішінде одан әрі өсіру үшін асыл тұқымды малдың импорты есебінен арттыру жұмысы жалғасатын болады.
Дәстүрлі мал шаруашылығы салаларын дамыту үшін жайылымдық мал шаруашылығын, оның ішінде қой шаруашылығын дамытуға ынталандыратын іс-шаралар кешені қабылданады.
Сондай-ақ жем-шөп өндірісін дамыту және бұзылған жайылымдық жерлерді қалпына келтіру, суландыру мәселесі пысықталатын болады.
Балық шаруашылығын дамытудың басым бағыты ретінде тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін отандық акваөсіру өнімдерін өндірушілерді мемлекеттік қолдау шаралары қабылданатын болады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында отандық өнімнің сапасын арттыру, азық-түлік тауарларының ассортиментін кеңейту үшін өндірісті техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру жүргізілетін болады, осылайша Кеден одағы бойынша негізгі сауда әріптестермен бәсекелестікте тең жағдайлар жасалатын болады.
Халықаралық сертификаттау жүйесін енгізу арқылы органикалық өнімдер өндірісін ынталандыру үшін жағдайлар жасалатын болады.
Нарықты отандық өндірістің азық-түлік өнімдерімен одан әрі толықтыру сақтау логистикасын дамыту және өнімді тұтынушыларға дейін жеткізу арқылы, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді кооперациялау жолымен дайындау, қайта өңдеу және сақтау пункттерін құру жолымен қамтамасыз етілетін болады.
Азық-түліктің жоғары сапа стандарттары мен қауіпсіздігіне қол жеткізу мақсатында ветеринарияны дамытуға, өсімдіктерді қорғауға және тамақ өнімінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылатын болады.
ДСҰ-ға кіру, сондай-ақ Кеден одағы (бұдан әрі – КО) мен БЭК-ке мүшеліктің аясында отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тең жағдайларды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау деңгейі интеграциялық процестер шеңберінде тиісті келісілген көрсеткіштерге дейін жеткізілетін болады.
АӨК басым салаларында білімді генерациялау мен енгізудің ғылыми-инновациялық жүйесін құру ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық жетекші ғылыми орталықтармен аграрлық зерттеулер саласында ғылыми-инновациялық жобаларды бірлесіп іске асыру, трансферт және агротехнологиялар мен білім тарату желілерін коммерцияландыру жүйесін дамыту, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі пәнаралық ғылыми білім беру кешендерін (орталықтарын) құру жолымен жүзеге асырылатын болады.
Ғарыш қызметін дамыту жөніндегі саясат толыққанды ғарыш саласын құрудың бірінші кезеңін іске асыруға бағытталған.
Ғарыш аппараттарының құрастыру-сынақ кешенін (ҚұСК) салу және пайдалануға беру; отынның экологиялық таза түріне көшуді қамтамасыз ететін «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін салу және пайдалануға беру; жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйелерін құру (ЖҚЗ ҒЖ); басты ақпарат орталығын және ақпаратты қабылдау, өңдеу мен таратудың жерүсті станцияларының бөлінген желісін қамтитын жерүсті нысаналы кешенін құру; «KazSat» спутниктік байланыс және хабар тарату жүйесін пайдалануға беру және қолдау сияқты ірі жобалар іске асырылатын болады.
Жобаларды іске асыру қорытындылары бойынша саладағы қазақстандық құрамдас бөліктің үлесі 70%-ға дейін ұлғаяды.
Бұдан басқа, ғарыш техникасын әзірлеу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды халықаралық деңгейге шығару және әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілетті байланыс ғарыш аппараттары (ҒА) мен ЖҚЗ, оның жерүсті кешендерін, спутниктік навигация аппаратурасы мен түпкі пайдаланушылардың аппараттық-бағдарламалық құралдарын (АБҚ) құру бойынша жұмыстар жалғасады.
«Байқоңыр» ғарыш айлағында ұшыру қызметтерін көрсету бойынша Халықаралық ғарыш орталығын құру жоспарлануда.
Электр энергетикасындағы экономикалық саясаттың мақсаты экономиканың электр энергиясына қажеттілігін және еліміздің энергетика тәуелсіздігін қамтамасыз ету болады.
Электр энергетикасы саласын орнықты дамыту мақсатында елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экологиялық проблемаларды және Қазақстан экономикасының озық қарқынмен дамытылуын қамтамасыз етуге бағытталған Электр энергетикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданатын болады.
Электр қуаттылығы нарығының қазақстандық моделін құруды, электр энергетикасы саласын дамыту мәселелерін жүйелі шешуді және электр энергетикасына инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз етуді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы, табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру.
Елдің бәсекеге қабілеттілігінің өсуі, өнеркәсіпті технологиялық жаңғырту, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты бағыттарының бірі энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында елдің жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығын 2015 жылға қарай кемінде 20%-ға және 2020 жылға қарай кемінде 25%-ға төмендету бойынша міндеттер қойылған.
Энергия үнемдеу саясатын жүргізу үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық база: Қазақстан Республикасының «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдары және 2011 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1404 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Энергия тиімділігін арттырудың 2012 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспары негіз болады.
Кешенді жоспар шеңберінде электр энергетикасын қоса алғанда, өнеркәсіптің энергия сыйымдылығын төмендету үшін жүйелі шаралар әзірленетін болады. Тұрғын үй және бюджет секторларында энергия ресурстарын өнімсіз жоғалтуды қысқарту үшін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» акционерлік қоғамының энергия аудиті жалғасатын болады.
Энергия үнемдеу саласындағы негізгі міндеттер:
- «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
- Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 4 маусымдағы № 579 Жарлығымен қабылданған Қазақстан Республикасының инновациялық даму тұжырымдамасында көзделген инновациялық инфрақұрылымды құру шеңберінде конструкторлық бюро және коммерцияландыру офистерін құру.
Жасыл экономика
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы № 577 Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілді.
Тұжырымдамада «жасыл экономикаға» көшудің негізгі қағидаттары, тәсілдері және мынадай бағыттар бойынша іс-шаралар көрсетілген:
Су ресурстарын тиімді басқару.
Ауыл шаруашылығын жаңғырту.
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру.
Электр энергетикасын дамыту.
Қалдықтарды басқару.
Ауаның ластану деңгейін төмендету.
Экожүйелерді сақтап қалу және тиімді басқару.
Тұжырымдаманы іске асыру Қазақстан экономикасын дамытудың қолданыстағы траекториясын елеулі өзгертуді талап етеді, нәтижесінде 2030 жылға қарай еліміз су және жер ресурстарын қалпына келтіре алады және көп жағдайда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына қатысушы елдермен және басқа да дамыған елдермен табиғи капиталды тиімді пайдаланудың орташа көрсеткіштері бойынша теңесе алады.
Тұжырымдама 2050 жылға дейін үш кезеңде іске асырылатын болады.
Орта мерзімді кезеңге арналған алдағы міндеттерге қол жеткізу Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 – 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Іс-шаралар жоспарында мыналарды қамтитын заңнамалық, ұйымдастырушылық, техникалық шаралар көзделген:
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы;
Қазақстан Республикасының Президенті жанынан «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес құру;
өңірлік «жасыл» кластерлерді кадрмен қамтамасыз ету;
ауыл шаруашылығын қалпына келтіру және жаңғырту, биологиялық ресурстарды сақтау және тұрақты пайдалану бойынша шаралар.
Су ресурстарын тұрақты пайдалануға және суды пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленетін болады.
«Жасыл экономиканы» дамытудың басым бағыттарының бірі энергияның баламалы және жаңартылатын түрлерін дамыту болып айқындалды, 2050 жылға қарай оған жиынтық энергия тұтынудың кемінде 50% тиесілі болуы керек. Барлық жаңартылатын энергия көздері (күн, ауа, гидро, биомасса және геотермалды көздер) түрлерінің әлеуеті бойынша атлас әзірленетін болады.
«ЭКСПО-2017» «Болашақ энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуды жеделдетуге және баламалы энергетиканы дамытудың перспективалы кластерлік моделін дамыту бойынша шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендету үшін қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру бойынша шаралар көзделетін болады, шығарындылар бойынша жаңа стандарттар әзірленеді.
Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуінің практикалық тетігі өңірлерде «жасыл» өсуді қамтамасыз ету шараларын іске асыруға жәрдемдесуге бағытталған «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы болып табылады. Орта мерзімді кезеңде «Жасыл көпір» бағдарламасының құрылымы айқындалатын және жалпы қағидаттары әзірленетін болады.
Инновация
Инновацияларды дамыту жөніндегі саясат инновациялық-технологиялық дамытуды басқару жүйесін құру, салалар мен өңірлерді инновациялық дамыту есебінен экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін ұлттық инновациялық жүйелерді құруға, жоғары технологиялық шағын және орта бизнесті дамыту және еліміздің ғылыми және инжинирингтiк әлеуетін арттыру үшін жағдайлар жасауға, сондай-ақ инновациялық кластерлердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болады.
Сондай-ақ, инновацияны енгізетін жұмысын жаңа бастаған және жас кәсіпкерлерді қолдауға жаңа тетіктерді енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады.
Индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға қаражат бөлуге және инновациялық гранттарды қаржыландыруды жоспарлы ұлғайтуға байланысты индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға бағытталатын бюджет қаражатының пайдаланылуына бақылау қамтамасыз етіледі.
Көлік инфрақұрылымы
Көлік инфрақұрылымын дамыту аудандардың облыс орталықтарымен сапалы көлік байланыстарын, сондай-ақ ел өңірлерінің ішінде көлік инфрақұрылымының тиісті жай-күйін қамтамасыз етуге бағытталады.
Қазақстанға екі континент Еуропа мен Азияның тоғысуындағы ел ретінде өзінің транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту маңызды. Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдарды ұлғайту үшін «Жаһандық инфрақұрылымдық интеграция» бағдарламасы және Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленетін болады.
Көлік саласындағы басым жоба «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің құрылысын аяқтау болып айқындалды. Қазақстанның аумағы бойынша дәліздің ұзындығы 2 787 км құрайды, оның ішінде реконструкциялауға 2 452 км жатады, жобаның жалпы құны 825 млрд. теңгені құрайды.
Бұдан басқа, «Шымкент-Жамбыл облысының қалалары», «Тараз қаласының айналма жолы», «Алматы-Қорғас» жаңа автожол учаскелерінің құрылысы жоспарлануда, олар бойынша халықаралық қаржы институттарының қарыздарын тарту және конкурстық сауда-саттық бойынша рәсімдер өткізілуде, жобаның аяқталуы 2015 жылы жоспарланады.
Құрылыс жұмыстарымен бірге барлық бағыт бойында жасыл белдеуді құру жоспарланады.
Жол бойындағы сервисті дамыту шеңберінде жол бойындағы қызметтердің толық сервисін қосумен шамамен 60 жол бойында қызмет көрсету кешенін құру жоспарланады (кемпингтер, қонақ үйлер, АМҚО, ТКО, тамақтану мен сауда пунктері).
Үш бағытта заманауи жолдар салу басталды: Орталық – Оңтүстік (Астана – Қарағанды – Алматы), Орталық – Шығыс (Астана – Павлодар – Қалбатау – Өскемен) және Орталық – Батыс (Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Шалқар – Бейнеу – Ақтау). Үш дәліздің жалпы ұзындығы 3 535 км құрайды, құны шамамен 1 588 млрд. теңге.
Автожол саласын қайта құрылымдау мақсатында халықаралық бағыттарға ақылылықты енгізу арқылы автожолдардың өзін-өзі өтеуіне өтуі жүзеге асырылады, бұл республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын ұстау және жөндеуге бюджет қаражатының шығыстарын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Автожолдар ақылылығын енгізе отырып мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің тетіктерін қолдану арқылы нарықтық тәсілдер енгізу жоспарлануда («ҮАААЖ» жобасы).
Ел экономикасындағы стратегиялық мән теміржол көлігі саласына бөлінді, ол ең танымал жолаушылар қозғалысының құралы және талап етілетін жүк тасымалдау түрі болып табылады.
Осыған байланысты халықтың және экономиканың тасымалдау қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жалпы ұзақтығы 1 200 км. Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл жаңа екі теміржол желісінің құрылысы басталды. Жобаларды іске асыру «Шығыс – Батыс» бағытындағы бағдардың арақатынасын 1 200 км-ге қысқартуға, Орталық Ресей мен Солтүстік Қазақстанды Орталық Азия және Иран мемлекеттерімен қосатын жаңа бағытты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жетіген – Қорғас бағыты бойынша жүк ағыны деңгейінің жоғарылауына байланысты Алматы торабынан жүктемені төмендету мақсатында 2020 жылға дейін Алматы станциясының теміржол торабынан айналма теміржол желілерінің құрылысы жоспарланған.
Теміржол машина жасау саласында Астанада электровоздар өндірісін одан әрі дамыту бойынша жұмыс жалғасады, зауыттың өндірістік қуаты жылына 50 электровозды құрайды, бұл локомотив паркінің тапшылығын төмендетуге және 2020 жылға қарай теміржол саласының локомотивтік тартымға қажеттілігін толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту шеңберінде өткізу қабілеттілігі тәулігіне 12-35 мың жолаушы болатын, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін Астана қаласында жаңа вокзал кешенінің құрылысы көзделген.
Қазақстан теңіз көлігінің айтарлықтай әлеуетіне ие. Осыған байланысты, орта мерзімді кезеңде порт инфрақұрылымының дамуына, кеме санын көбейтуге және жаңғыртуға ерекше назар бөлінеді.
Азаматтық авиация саласында инфрақұрылым дамиды. Қазақстандық әуе компаниялар жаңа әуе кемелерін сатып алады, жолаушыларды тасымалдау көлемі тұрақты өседі, ұшу географиясы кеңейеді, сондай-ақ әуетасымалдау нарығында бәсекелестік күшейеді.
Автомобильмен жолаушылар тасымалдарын дамыту мақсатында Қазақстан Республикасында жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешені қабылданды, бұл мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-шаралар өткізуді көздейді.
Автовокзалдар, автостанциялар, жолаушыларға қызмет көрсету пунктері мен автобус тасымалдаушылары және такси қызметтерін көрсетудің мемлекеттік стандарттары әзірленген және бекітілген.
Автомобиль көлігінің инфрақұрылымын дамыту үшін жаңа автовокзалдар, автостанциялар мен жолаушыларға қызмет көрсету пунктерін, сондай-ақ такси тұрақтарын салу болжанады.
Қазақстандық халықаралық қызметтер көрсету нарығына отандық автотасымалдаушылардың қатысу үлесін 43%-ға дейін ұлғайту бойынша жұмыстар жалғасады.
Қазақстанның логистикалық хаб ретінде қалыптасуы және «Қазақстан – Жаңа Жібек жолы» жобасы шеңберінде транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында мультимодальды және аралас тасымалдарға қызмет көрсету үшін 2015 жылға қарай Қазақстан Республикасының аумағында елдің анағұрлым тартымды сауда-экономикалық нүктелеріне көліктік-логистикалық орталықтарды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Коммуникациялық инфрақұрылым
Ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту жөніндегі саясат Қазақстан Республикасының ақпараттық қоғам мен инновациялық экономикаға көшуі, бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған ұлттық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторын қалыптастыруы үшін жағдайлар мен тетіктер құруға бағытталатын болады.
Алға қойылған міндеттерге қол жеткізу «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру есебінен жүзеге асырылатын болады, онда цифрлық телерадио хабарларын таратуды дамыту; ұлттық интеграциялық шлюз базасында Қазақстан мен Кеден одағына мүше мемлекеттердің ұлттық ақпараттық жүйелерінің тұрақты ақпараттық өзара іс-қимылын ұйымдастыруға бағытталған Кеден одағы шеңберінде ақпарат алмасу үшін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым құру сияқты жобаларды іске асыру көзделген.
Сондай-ақ, «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық-талдамалық ортасы әзірленеді, ол мемлекеттік басқару реформаларының барлық түрлерін келісіп жүргізудің негізгі құралы болады.
«Электрондық үкіметтің» Саll-орталығы базасында мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай контакт-орталық одан әрі дамиды.
Шағын және орта бизнес кәсіпкерлері, жұмыссыз және/немесе ішінара жұмыспен қамтылған жастар, сондай-ақ денсаулық мүмкіндігі шектеулі адамдар, қарт адамдар және халықтың әлеуметтік қорғалмаған өзге де санаттары үшін компьютерлік сауаттылықтың базалық дағдылары және мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда алу бойынша курстар жүргізіледі.
Билеттерді электронды форматта сататын бағыттардың (рейстер, бағыттар) үлесі 2017 жылы 40%-ға, 2020 жылы – 100%-ға жетеді; 2017 жылы қазақстандық телевизия арналарының таралу географиясы 100 шет елге дейін, 2020 жылы – 110-ға дейін кеңейетін болады; 2020 жылға қарай халықтың компьютерлік сауаттылығының деңгейі 80%-ға дейін артады.
4.2.2 Тарифтік саясат және бәсекелестікті қорғау
Тарифтік саясат мынадай міндеттерді іске асыруға бағытталатын болады:
тиімсіз ағымдағы шығындарды болдырмау және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін субъектілердің активтерін жаңғыртуға және жаңартуға инвестициялар салуды ынталандыру;
субъектілердің реттелетін қызметтеріне тарифтердің тұрақтылығын және болжамдылығын арттыру;
нормативтен тыс және нормативтік шығындар деңгейлерін төмендету, сондай-ақ электр энергиясы мен судың сараланған тарифтерін енгізу жолымен энергия үнемдеу;
шикізат және материалдар, отын мен энергия шығыстары, әкімшілік шығыстар нормаларын оңтайландыру жолымен ресурсты үнемдеу.
Тарифтік реттеуді жүзеге асырған кезде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының макроэкономикалық көрсеткіштеріне қол жеткізу қажеттілігі, оның ішінде инфляцияны болжанған дәлізде ұстап тұруды қамтамасыз ету үшін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, жыл сайын анықталатын реттелетін қызметтердің инфляцияға салымы есептелетін болады.
Тұтынушылар құқығын қорғау тетігін жетілдіру мақсатында:
тарифтерді қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз етуге;
тарифтік сметада көзделген қаражатты нысаналы пайдалануға, оның ішінде табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларды орындауын бақылауды күшейтуге;
тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша қоғамдық ұйымдардың рөлін арттыруға;
тұтынушы ретінде өз құқықтарын қорғау саласында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша ақпараттық жұмыстарды күшейтуге;
рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыруға бағытталған жұмыс жалғасатын болады.
Тарифтердің тұрақтылығын және болжамдылығын қамтамасыз ету, активтерді жаңғыртуға инвестициялар салу есебінен қызметтер сапасын арттыру үшін инвестициялық тарифтер (орта мерзімді және ұзақ мерзімді) бекітіледі.
Субъектілердің инвестициялық міндеттемелерді орындауына бақылау күшейтілетін болады, бұл:
қаражатты нысаналы пайдалануды;
тұтынушылардың мүдделерін қорғауды;
активтерді жаңғыртуды және жаңартуды қамтамасыз етеді.
Жүктерді теміржол көлігімен тасымалдауға арналған тарифтерді біріздендіру үшін Кеден одағы шеңберінде тарифтерді жыл сайын 15%-ға ұлғайту жоспарланған.
Монополияға қарсы саясат тауар нарықтарындағы бәсекелестікті қорғауға, тауар нарығына кіруге кедергі келтіретін тосқауылдарды тиімді жоюға және бәсекелестікті шектеуге жол бермеуге бағытталатын болады.
Монополияға қарсы заңнама мемлекеттік органдардың бәсекелестікті шектейтін іс-қимылынан тиімді қорғанысты қамтамасыз етеді.
Нарық субъектілері үстемдік жағдайларын асыра пайдаланған жағдайда тұтынушылардың мүдделерін қорғау үшін мыналар бойынша жұмыс жандандырылатын болады:
жосықсыз бәсекелестіктердің кез келген түрлерінің және нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері мен іс-әрекеттерінің жолын кесу және тыйым салу;
тауар нарығына кіруге кедергі келтіретін тосқауылдарды жою;
экономиканың инфрақұрылымдық салаларында экономикалық шоғырлануды төмендету.
Электр энергиясы мен табиғи монополиялар салаларын дамыту мақсатында электр станциялары мен табиғи монополия субъектілерінің ашықтығын арттыратын және инвестициялық қызметін бақылайтын қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Инвестициялар көлемінің өсуі, тарифтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және суды үнемді тұтыну мақсатында сумен жабдықтау және кәріз саласында Суға тарифтерді белгілеудің жаңа тетіктерін енгізу жөніндегі 2013 – 2015 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданған, оның шеңберінде су арналарын кең ауқымды жаңғырту және реконструкциялау, мақсаты суды үнемдеу, инвестицияларды қаржыландыруға арналған көздерді ұлғайту болып табылатын бірқатар нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.
4.2.3 Бизнес ахуалды жақсарту
Кәсіпкерлікті дамыту үшін айтарлықтай кедергі сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары және ашық емес рұқсат беру жүйесі болып табылады.
Рұқсат беру жүйесін одан әрі реттеу мақсатында негізгі қағидаты рұқсат беру құжаттарын жіктеуді, оларды қауіп дәрежелері бойынша санатқа бөлуді көздейтін интеграцияланған рұқсат беру жүйесін енгізу болып табылатын Рұқсат беру жүйесін одан әрі реформалаудың 2012 – 2015 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жалғасатын болады.
Осы жүйе сыныптар мен санаттарға және хабарламалар бойынша бөле отырып рұқсат беру құжаттарының толық тізбесі бекітілетін «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» бірыңғай заңымен енгізілетін болады. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей әсер етпейтін барлық рұқсаттар хабарламаларға ауыстырылады.
Заң мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыру мақсатында рұқсат беру заңнамасына жаңа қағидаттар енгізуге, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені төмендетуге және рұқсат беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың құрамдас бөлігін жоюға бағытталатын болады.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету үшін 2015 жылға дейін барлық рұқсаттарды беру рәсімдері толығымен автоматтандырылатын болады.
Заңдардың талаптарын бұлжытпай сақтауды, мемлекеттік органдарды одан әрі жетілдіру үшін жоспарлау ашықтығын арттыру және оның қызметіне бақылау-қадағалаудың объективті талдауын жүргізуді қамтамасыз ету үшін тексерулерді тағайындау туралы актілерді тіркеу, тексерулерді электронды жоспарлауды енгізу және олар бойынша есепке алудың электронды журналын енгізу процесін автоматтандыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
Кәсіпкерлік ахуалды одан әрі жақсарту мақсатында Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің 2020 жылға дейінгі кешенді тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірленетін болады.
Тұжырымдамада мынадай қағидаттарды іске асыру көзделген: мемлекет, бизнес және тұтынушылар мүдделерінің теңгерімі, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және ақпараттың қолжетімділігі, өзара жауапкершілік және жазалаудың әділдігі, реттеуіш құралдардың негізділігі мен тиімділігі, реформаларды іске асырудың кешенділігі мен тиімділігі.
Аталған қағидаттарды іске асыру мынадай бағыттар бойынша жұмыстарды орындау арқылы жүзеге асырылатын болады: рұқсат беру жүйесі; мемлекеттік бақылау және қадағалау; бизнестің өзін-өзі реттеуі; норма шығармашылық; техникалық реттеу; заңға мойынсынушылық мінез-құлықты ынталандыру; салықтық және кедендік әкімшілендіру; бизнесті ашу және жабу; кәсіпкерлер мен тұтынушыларды қорғау.
Кәсіпкерлік субъектілерін шоғырландыру үшін кәсіпкерлік субъектілерінің тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуді, олардың мемлекеттік органдармен бірігуін, сондай-ақ кәсіпкерлік қоғамдастықты қалыптастыру процесінде кәсіпкерлік субъектілерін кең қамтуды және тартылуын көздейтін «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Кәсіпкерлік саласы шаруашылық жүргізудің барынша қолайлы жағдайларына және өз қызметін жүзеге асыруға қосымша кепілдіктерге ие болады. Мемлекеттің бизнеспен заңнамалық деңгейде институционалды ресімделген қатынасы елдің әлеуметтік-экономикалық басымдықтарын іске асыру үшін негіз құрайтын тараптар ресурстарын шоғырландыруға жәрдемдесетін болады.
Нақты жұмыс орындарын құруға бағытталған «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде шағын және орта бизнесті кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды кеңейту көзделіп отыр.
Субсидиялау мен кепілдік беру құралдарын одан әрі жетілдіру, шағын қалалар мен ауылдардың кәсіпкерлері және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау үшін жекелеген банк өнімдерін әзірлеу жөніндегі шаралар қабылданатын болады.
Елдiң барлық өңірлерінде кәсiпкерлiкке қызмет көрсету орталықтарының желiсi ашылатын болады. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерді қаржылай қолдау бойынша шараларды практикалық іске асыру басталады. Ел өңірлерінде Ірi компаниялар төңірегінде шағын және орта бизнестi дамыту бойынша әрiптестiк бағдарламалар да іске асырылатын болады.
4.2.4 Инвестициялық ахуалды жақсарту және мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту
Қазақстанның инвестициялық саясаты қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуге арналған және экономикалық прагматизм қағидаттарына: пайдалылыққа, инвестициялардың қайтарылымына, бәсекеге қабілеттілікке, сондай-ақ экономикалық өсудің жаңа нүктелерін дамыту және жаңа нарық тауашаларын анықтау арқылы экономикалық әлеуеттің өсуін қамтамасыз етуге негізделеді.
Инвестицияларды тарту үшiн экономиканың басым секторлары шикізат емес экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялы өндiрiстер, инфрақұрылымды дамыту, баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларды дамыту болып табылады.
Инвестицияларды тарту технологиялар трансферті және жоғары технологиялы өндірістерді құру жағдайында жүзеге асырылады, бұл инвестициялық қызмет және бизнесті жүргізу үшін анағұрлым бәсекелі шарттарды қамтамасыз етуді талап етеді.
Инвестициялық қызмет саласындағы Қазақстанның заңнамасы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдарының стандарттарымен үндестірілетін болады.
Қазақстанның инвестициялық саясаты Қазақстанның Кеден одағына қатысуын және алдағы уақытта ДСҰ-ға кіруін ескере отырып жүргізілетін болады.
Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы, сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы шет мемлекеттермен келiсiм жасасу бойынша жұмыс жалғасады. «Doing business» рейтингінде Қазақстанның позицияларын жоспарлы ұлғайту және Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаhандық бәсекеге қабiлеттiлiк индексі көрсеткiштерiн жақсарту бойынша шаралар қабылданады.
Шетелдiк және ішкі инвестицияларды тарту үшін инвестицияларды тартудың тұтастай жүйесін құру болжануда, ол ынталандырудың қаржылық және қаржылық емес шараларын және инвесторлармен жұмыстың институционалды тетіктерін, оның ішінде инвестициялық преференциялар ұсыну мен кәсіпорындарға салынатын салық жүктемесін төмендетуге ықпал ететін икемді салық саясатын іске асыруды және босатылған қаражаттың жеке дамуға бағытталуын қамтиды.
Ұлттық және шетел инвесторларына әкiмшiлiк жүктемені төмендету үшiн
жағдай жасалады, «бiр терезе» қағидатын енгізу және «инвестициялық омбудсмен» құру арқылы инвесторлардың ұлттық нарыққа шығуын сүйемелдеудің тиiмдiлiгі арттырылады.
Инвестицияларды тартуда сапалы серпіліс жасауды қамтамасыз ету және арнайы экономикалық аймақтардың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында оларды басқаруға кәсiби басқарушы компаниялар тартылады.
Мемлекеттiк-жеке меншік әріптестік мүдделер, тәуекелдер мен жауапкершiлiк теңгерiмiне қол жеткізуге мүмкіндік беретін, сондай-ақ мемлекеттiк бюджетке жүктеменi төмендету құралы ретінде қоғамдық маңызы бар жобаларды іске асыру үшін жеке инвестициялар тартудың тиімді тетігі болып табылады.
Мемлекеттiк-жеке меншік әрiптестiктi дамыту мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлеріне мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің жаңа түрлерін енгiзу және олардың қолданылу салаларын кеңейту бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 4 шілдедегі Заңы қабылданды, ол мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің жаңа түрлерін енгізуді (институционалдық және келісімшартты), жеткiлiктi ақшалай ағын жинамайтын салалар есебiнен (ғылым, білім, денсаулық сақтау, спорт, ТКМ) олардың қолдану өрісін кеңейтуді, жоғары технологиялы салаларды (ақпараттық технологиялар) көздейді.
Келісімшартты мемлекеттiк-жеке меншік әріптестіктің жаңа үлгілері енгiзілді, бұл халықаралық тәжiрибеде қолданылатын келісімшарттардың кез келген түрлерін құрастыруға мүмкiндiк береді.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаттары мемлекеттiк меншiк объектілерін басқаруға, ұстауға және мүліктік жалға беру кезінде қолданылады. Әлеуметтік бағыттарға ие инвестициялық жобалар бойынша жеке сектор үшін тартымды шарттар концессионердің тек инвестициялық қана емес, сонымен қатар пайдалану шығыстарын өтеу және басқару үшін сыйақы төлеу арқылы құрылды.
4.2.5 Ішкі сауда
Қазақстан Республикасының тауар биржасы жөніндегі заңнамасын жетілдіру үшін іске асырылуы 2014 жылы аяқталатын Қазақстан Республикасында Сауданы дамыту жөніндегі салалық бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
Өзгерістер тауар биржалары мен биржалық қызметтерді одан әрі дамытудың негізгі тұжырымдамалық тәсілдеріне қатысты, атап айтқанда:
- дауыс беру сауда-саттықтарын жою;
- тауар биржалары жөніндегі заңнама нормаларын сақтамағаны үшін тауар биржаларының, биржалық брокерлер мен дилерлердің әкімшілік жауапкершілігін енгізу;
- электрондық сауда жүйесі және т.б. көмегімен тауар биржалары арқылы парниктік газдардың шығарындыларына квоталар сауда-саттығын ұйымдастыру.
Мемлекет қабылдап жатқан жүйелі шаралардың нәтижелілігін арттыру үшін салалық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдама жобасы әзірленді, ол қолданыстағы салалық заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталған, атап айтқанда:
- сауда объектілерінің сыныптауыштарын бірыңғай стандарттарға келтіру;
- тауарлардың өндірушіден тұтынушыға тікелей жетуі, отандық өндірушілерді қолдау жөнінде норма енгізу;
- әлеуметтік маңызы бар тауарларды жеткізу шарттарын жасасу кезінде шекті сауда үстемеақысының мөлшерін белгілеуді сақтау, оны белгілемегені үшін жауапкершілік қарастыру;
- нарықтар әкімшілігіне қойылатын талаптар бөлігінде нормалар енгізу, атап айтқанда: сауда қызметін жүргізу үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету, нарық регламентін әзірлеу, энергия, су, жылумен жабдықтау бөлігінде нарық аумағындағы сауда объектілері мен орындарына сервистік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, пайдалану және белгіленген санитариялық нормалар мен қағидалардың (СанНҚ) талаптарына сәйкес келетін сауда мүкәммалдары мен бақылау таразыларының болуы және басқа да шарттар;
- электрондық биржалық сауда-саттықты енгізу;
- «Тауар биржалары туралы» 2009 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу.
Достарыңызбен бөлісу: |