МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ҒЫЛЫМИ СТИЛЬДІҢ АКАДЕМИЯЛЫҚ ТҮРЛЕРІН ЖАЗУДЫ МЕҢГЕРТУ
Б.Ақбұзауова, ф.ғ.д., доцент
«Филологияның қазіргі кезеңдегі басымдықтары: дәстүрі мен болашағы» атты профессор М.Т.Томановтың туғанына 80 жыл толуына орай өткізілген халықаралық ғылыми‑теориялық конференция материалдары. 1‑том Алматы, 2012, ақпан, 174‑177 бб.
Аннотация
В статье рассматриваются теоретические и практические методы обучения студентов написанию научного реферата на государственном языке.
Abstract
Б. Акбузауова – к.ф.н., доцент
Кафедра практического казахского языка ФФ ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, ул.Мунайтпасова 5
корпоративная почта: Akbuzauova_b@enu.kz
Abstract
Қазақ тілінің ғылыми стилі – халықаралық қатынастар факультетінің құқық мамандығында қазақ тілінен кейін өтілетін элективті пәндердің бірі. Жалпы алғанда қазақ тілінде ғылымды, оның ішінде, гуманитарлық қана емес, жаратылыстану, нақты ғылымдарды дамыту, оқулықтар жазу ісінде де ғылыми стильдің әліппесімен танысудың маңызы зор екендігін бұған дейінгі мақалаларда жазған болатынбыз.
Ғылыми стильдің қазақ тілінде жазбаша түрде кеңінен қолданылатыны әрі ғылымның барлық саласында қолданылу аясы кеңейіп келе жатқанын білеміз. Негізінен тіл үйренушілердің дені қазақ тілінің ауызекі стилін мектеп қабырғасынан біршама меңгеріп келетінін ескерсек, тіл үйретудің келесі сатысы – қазақ тілінде ғылыми ортада және ғылым тілінде қатысым жасауға бағытталғаны дұрыс. Екінші жағынан, студенттер мамандық саласы бойынша курс жұмыстарын, реферат, жоспар, конспект, тезис, мақала, баяндама жазуға біршама дайындықпен барады. Ізденіп оқу, материал іріктеу, жүйелеу, пайымдау, тұжырым жасау дағдылары қалыптасады. Өз студенттік тәжірибемізден білетініміз пән оқытушысы баяндама, реферат жазуға тапсырма бергенмен олардың ерекшеліктері неде, материалдарды сұрыптау, жұмыстың мақсаты не, көлемі қанша болу керек деген сұрақтарды студенттің өзі шешетін. Нәтижесінде баяндама да, реферат та, конспект де мазмұндық жағынан ұқсас болып келетін, жұмыс орындаушының өзіндік пікір білдіріп, тұжырым жазуы сирек кездесетін. Өйткені оқылған бұлақтардың абырой‑беделі мұндай қадамға жібермейтін. Яғни сыни ойлау жоқтың қасы еді.
Ал қазіргі студенттердің бұл жұмыстарды орындаудағы үлкен кемшіліктері берілген тақырып бойынша ғаламторда берілген материалдарды іріктеместен шамалап көшіріп алуы. Кейде мүлдем берілген тапсырмаға «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» дүнилерді де алып келеді. Сондықтан бұл жұмыстарды орындауда ыждағаһаттылық әрі оқытушының қадағалауы қажет. Көбінесе дәрісханада дайын материалдар беріп оған жоспар құру, тезис, конспект, пайымдау жазғызып машықтану жұмыстарын жүргізген соң оның күрделі түрлеріне жазуға қадам басуға болады. Академиялық мәтіндерге реферат, мақала, баяндама, дәріс жатады.
Қазақ тілінде жазылатын ғылыми мәтіндердің аталған түрлерінен сыни пікірді қажет етпейтін, алғашқы жазылатын түрі – реферат.
Алдымен рефераттың жазылу мақсаты, құрылымы, көлемі жайлы теориялық мағлұмат береміз.
Реферат латынша refere – мазмұндау, баяндау деген сөзден шыққан. Яғни, ғылыми түпнұсқа мәтіннің (мақала, монография, кітап т.б.) мазмұнын баяндау. Ғылым тілімен айтсақ: Реферат – көлемі жағынан түпнұсқадан шағын, бірақ семантикалық жағынан түпнұсқамен барабар, құрылымы тұрақты, түрлі ақпараттық қызмет атқаратын ғылыми еңбек.
Реферат мәтіні кітапта немесе ғылыми еңбекте айтылған негізгі мәселенің мазмұнын қамтиды. Оның көлемі оның мақсатына байланысты – түпнұсқаның 15-30% аралығында болады.
Реферат алдына қойылған мақсатына қарай бірнеше қызмет атқарады: мысалы, ақпараттық (түпнұсқа еңбектегі негізгі мәселеден хабардар ету), индикативтік (тұпнұсқа еңбекті сипаттау), іздену (қандай да бір ғылым саласында осындай еңбектердің жарық көргендігінен, бар екенінен хабардар ету), таныстыру қызметі (реферат түпнұсқа мәтіннен бұрын жоқ мәліметтерді алады). Реферат арқылы бір еңбекті, сондай-ақ бір тақырыпқа жазылған бірнеше еңбекті қамтуға болады.
Бұл мағлұматтарды берген соң студенттерге Тәуке ханның «Жеті жарғысы» мен «Хамурапи заңдарынан» үзінді мәтіндер беру арқылы рефераттың шағын моделін жазуға тапсырма беріледі. Ол үшін жұмыстың мақсатын түсіндіреміз. Яғни рефераттың мақсаты – неғұрлым шағын мәтінмен соғұрлым көп мағлұмат беру. Реферат құрылымы тұрақты болады:
1) Кіріспе бөлімі. Онда еңбектің аты, басылымы, көлемі, авторы жайлы мәлімет беріледі.
2) Еңбектің (мақала, монография, кітап т.б.) негізгі тақырыбы және ол көтерген проблема қамтылады.
3) Үшінші бөлімнің болуы міндетті емес, бірақ еңбекте көрсетілген қосымша фактілер, цифр деректері, иллюстрациялар, сызба нұсқа, кестелер болса, оларды дәлел ретінде көрсетуге болады.
Бұл жұмыстар міндетті түрде мәтінмен танысып болған соң орындалатын тапсырмалар.Бұдан соң студенттің өз бетімен творчестволық ізденуін қажет ететін тапсырма беріледі. Ол реферат жазушының 1) өз ойын дәлелдеуі, нақтылау. Бұл жерде «Жеті жарғының» өз заманында атқарған қызметі қандай болды? Басқа феодалдық мемлекеттерде мұндай заңдар болды ма? Қазақ қоғамына мұның пайдасы тиді ме? Кейінгі шыққан заңдарға негіз бола алды ма? Деген тәрізді сұрақтар төңірегінде ой шақыруға болады. 2) бұрыннан бар пікірлерді жаңа идеямен толықтыру. Бұл тұста сіз бұл заңды немен толықтырар едіңіз? 3) бұрынғы пікірлерді теріске шығару. 4) бұрыннан бар пікірлерді көпшілікке жеткізу, талдау. Немесе қандай кемшіліктерін көріп отырсыз, қандай баптарын өзгертер едіңіз деген сұрақтарға жауап іздесе болады.
Реферат жазуда машықтануды қажет ететін тағы бір жұмыс – негізгі мәліметтерді қосалқы мәліметтерден ажырата білу. Осы міндетті орындау үшін түпнұсқа еңбектегі негізгі мәліметті сипаттайтын тезистер мен тұжырымдарды табау және қосымша, дәлелдеме мәліметтерді қысқартып, өзгертіп немесе мүлдем алып тастау қажет. Бұл мәліметтер түпнұсқада сондай-ақ, сонымен қатар, сонымен бірге, сондықтан, т.б. шылаулар мен қыстырма сөздер арқылы беріледі. Бұдан басқа, қайталама мәліметтерді рефератқа енгізу қажет емес. Олар: немесе, яғни, басқа сөзбен айтқанда, басқаша түсіндіргенде, бұл мынаны білдіреді деген сөздер арқылы беріледі. Дәлелдеме мәліметтерді қысқартуға, немесе өзгертуге болады.
Ғылыми стилдегі академиялық мәтіндерді жазуға дағдыландырудың тағы бір ұтымды тұсы көптеген грамматикалық материалдарды қайталап, оны тәжірибе жүзінде меңгертуге мүмкіндік береді. Мәселен, төл сөзді төлеу сөзге айналдыру. Әрі барлық пікірлерді авторлық баяндаумен жеткізу қиындық келтіреді. Сондықтан төл сөзді төлеу сөзге айналдыру ғылыми стильде жиі қолданылады. Мысалы:
1. “Кітаптың алдыңғы он тарауы «Ежелгі Грекия», ал қалған үшеуі – «Ежелгі Рим тарихына» ”- деп көрсетеді кітап авторлары.
2. Кітап авторлары кітаптың алдыңғы он тарауы «Ежелгі Грекия», үш тарауының «Ежелгі Рим тарихына арналған(ын) айтады.
1. Төлеу сөзде негізгі сөз болып отырған мәселе тәуелдік жалғауының 3-ші жағы мен табыс септігінде тұрып, негізгі объектіні көрсетеді.
2. Сондай-ақ, ғылыми стильде төлеу сөз еңбек авторының бұрынғы пікірлерді беруі мынандай тіркестер арқылы жүреді (Автордың, ғалымның (байқауы, пайымдауы, дәлелдеуі, көрсетуі, талдауы), +н+дай; 2) бойынша (-а/ -е/ -й) +(ды/ді).
Дәрісханада шағын мәтіндермен танысып, рефераттың шағын моделін жазуды жаттығулар арқылы бекіткен соң, студенттің өз бетімен ізденіп реферат жазуы үшін тағы да пысықтау жұмыстары жүргізіледі. Рефератқа қойылатын негізгі талаптар қайталанады: Рефератқа қойылатын бірінші талап оның мазмұнының объективті болуы – тек түпнұсқадағы ақпаратты іріктеп алу, түпнұса мәтіндегі негізгі ғылыми пікір мен идеяны толық қамту, мәтін мазмұныныа сай ғылыми тілмен баяндау, негізгі ғылыми терминдер мен тірек сөздердің қамтылуы, түпнұсқаның маңызды ақпарат беретін бөлімдері мен үзінділердің міндетті түрде болуы.
Сондай‑ақ, рефераттың басқа ғылыми жұмыстардан бір ерекшелігі – бағалау мен сыни көзқарастың болуы міндетті емес. Басты міндет берілген тақырып бойынша бірнеше көздерді оқып, сол мәселе туралы нақты ақпарат алу, рефераты қорғау арқылы сол мағлұматты көпшілікке жеткізу. Егер реферат қорғалмаса онда уақыттың және қағаздың босқа ысырап болу деп сенімді айтуға болады.
Реферат тақырыбын оқытушы ұсынса да болады, бірақ көкейкесті мәселелер немесе қызықты проблемалар бойынша студенттің тақырыпты өзі таңдағаны дұрыс. Егер студент өзін қызықтырған мәселе бойынша ізденсе, жұмыс нәтижелі болмақ. Жалпы реферат жазу үшін үш‑төрт монографиямен танысқан дұрыс болып есептеледі. Ал тіл үйренуші студент үшін екі‑үш мақаламен шектелсе де жеткілікті. Реферат жазуда тағы бір есекрілетін жайт, пайдаланылатын материалдардың неғұрлым соңғы төрт‑бес жыл көлемінде жазылған болуы. Мәселен, Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси қарым қатынастарды ала отырып, Кеңес дәуірінде жазылған еңбектерге сүйенген дұрыс емес. Реферат соңында пайдаланылған әдебиеттер туралы толық мағлұматтың болуы міндетті.
Тіл үйренушілердің дайындық деңгейі әр түрлі екенін ескерсек, өз бетімен жұмыс жазу мүмкіндігі төмен студенттерге көмек ретінде дайын рефераттық қалып қалыпты (клише) ұсынуға болады. Бұл студенттің рефераттты ғаламтордан көшіріп алмауына тағы бір себеп. Оқытушы жұмысты тексергенде берілген үлгілерді студенттің қолданып‑қолданбағандығын әрі дұрыс меңгергендігін тексере алады. Рефератта қолданылатын дайын қолданыстардың үлгісі:
Еңбектің (оқулықтың, мақаланың, монографияның, кітаптың) тақы-рыбы және көтерген проблемасы … .
Бұл еңбекте (кітапта, мақалада, монографияда, оқулықта) автор … қозғайды.
2. Бұл еңбекте (кітапта, мақалада, монографияда, оқулықта) автор (қарастыру, талдау, көрсету, кө-теру, тоқталу, сөз ету, түсіндіру, баяндау) +(-а/-е/-й) + (ды/ді)+ (-ған /-ген).
Бұл еңбектің көтерген проблемасы: (изафет(ілік септік+тәуелді жал-ғау)
Еңбектің (оқулықтың, мақаланың, монографияның, кітаптың) мақсаты –
(Анықтау, дәлелдеу, талдау, атап өту, ескерту, қарастыру, салыстыру, назар аудару).
Еңбектің мақсаты:
Автор (оқулық, мақала т.б.) (қандай) мақсат қояды?
1)…
2)…
Еңбектің (оқулықтың, мақаланың, монографияның, кітаптың) құрылымы (композициясы) …. (тарау, бөлім, бөлік, тақырыпша-(лар)-ға (лар)-дан) (құралған, тұрады).
Еңбек (қандай, қанша) нелерге бөлінген?
Еңбек (қандай, қанша, неден) тұрады?
Түпнұсқа мәтіндегі негізгі мәселені сипаттау:
( Айта келіп, талдай отырып, сүйене отырып, дәлелдей келе, негіздей келе, бөліп көрсетеді, қозғау, қорытындыға келеді, дәлелдейді.
(Неге?) тоқталады?
(Қандай?) қорытындыға келеді?
(Нені?) бөліп көрсетеді?
(Нені?) қозғайды?
Автор (еңбекте) өз көзқарасын немен дәлелдейді?
Автор (қандай?) мысал келтіреді дәлел ретінде.
Түпнұсқадағы автор көзқарасы қандай?
(қостау, ұстану, келісу, сенімді деп табу, күмән келтіру, қарсы шығу, құптамау, келіспеу, теріске шығару, кемшілігін көрсету.
Автор (кімді?, нені?) қостайды? (кіммен?, немен?) келіседі?
(кімге?, неге?) күмән келтіреді?
(кімнің?, ненің?) кемшілігін көрсетеді?
Қорытынды:
Автор (қандай?) қорытынды жасайды?
Автор (қалай?) қорытады?
Автор (қандай?) пікірге тоқтайды?
Дәлелдейді, мысал келтіреді, дәйексөз (цитата), фактілер, цифрлар, формулалар берілген.
Сонымен студенттің рефераты өзі жазғанына кепілдік беретін мынандай фактілер: Берілген синтаксистік құрылымдар мен сұрақтардың көмегімен кіріспе және қорытынды бөлімдері өз сөздері мен тұжырымдарынан тұруы керек. Кіріспе бөлімінде жұмыстың мақсаты, міндеттері осы міндеттерді шешу үшін қандай сұрақтарға жауап іздеді, қандай бұлақтарды пайдаланды? Сондай‑ақ әр мәселеден соң үш‑төрт жол тұжырым жасап келесі мәселеге көшуі яғни мағналық байланыс пен тұтастық болуы қажет.
Ал қорытынды бөлімде осы жазылғандардан шығатын қорытынды, қандай сұрақтар жан‑жақты қарастырылды, қай мәселе тек аталып қана өтті және ғылымның алдында тұрған болашақта шешімін табуды зерттеуді қажет ететін маңызды сұрақтар. Егер осы мәселелерді толығымен қамтыса оның осы тақырып бойынша әдебиеттерді қарап, рефераты көшіріп алмай өзі жазғанына кепіл болады.
Яғни әдебиетті түсініп оқығаны сөздік қорның молайғаны, қазақша ұғым‑түсінігініңң кеңейгені, пайымдау, тұжырым жасағаны ғылыми қатысым жасай алғаны. Рефератты түсініп жазған студенттің келесі қадамы ғылыми баяндама, ғылыми мақала болмақ.
Пайдаланылған әдебиет
Мұсабекова Ф. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. –Алматы: Мектеп, 1982.
Стиль научной речи. (Сб.статей. Редкол:Троянская Е.С. –М.:Наука, 1978 г.
3.Ақбұзауова Б. «Қазақ тілінің ғылыми стилін оқыту құралы». Алматы: «Қазақ университеті», 2000 ж.
4. Чекина Е.Б., Бурамбаева С.Г. Пособие по научному стилю речи для студентов иностранцев. Алматы: «Қазақ университеті», 1999 г.
5. Чечин Л.М.Шаңбаев Т.Қ. Ғылыми сұхбат әлемі. –Алматы: Ана тілі, 1994 ж.
6. Басаков М.И. От реферата до дипломной работы. Рекомендации студентам по оформлению текста. – Ростов-на-Дону: Феникс, 2001.
Достарыңызбен бөлісу: |