Қазақстандықтардың еңбектегі ерліктері
Соғыстың бірінші күнінен бастап Қазақстан оның арсеналдарының біріне айналды. Мұның өзі жалпы одақтық экономикаға, өндірістің бар саласында да, сол сияқты жаңадан жасауға тура келген саласында да арттыруды талап етті.
Қарағанды шахтерлері ерен еңбек етті. Төрт жыл уақытында олар 34 млн. тонна көмір шығарды, бұл бассейннің барлық бұрынғы шығарған өнімінен 3 млн. тонна артық болды. Орал-Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39% арттырды, электр қуатын өндіру екі есеге жуық өсті.
Республика мыс (35%), қорғасын (85%) өндірудегі жетекші орынды сақтап қалды, сонымен қатар зерттелген кен орындарының негізінде металл шығаруға, байыту, балқыту кәсіпорындары: Шығыс Қоңырат молибден, Жезді марганец, Донск хромит кен орындары, Ақшатау молибденвольфрам, Текелі полиметалл комбинаттары және т.б. салынды. Осы кен орындарының арқасында республика молибденнің одақтық көлемінің 60%, металл висмутының 65%, полиметалл рудаларының 79% берді. Осы нәтижеге жетуге жұмысшылар, техниктер мен инженерлер: А.Баймуханов, Б.Смағұлов, В.Дементюк, А.Казакова, Д.А.Косых, Д.А.Қонаев, М.А.Муньянова, А.Сафин, А.М.Сиразутдинова, Т.Хайдин және олардың шәкірттерімен ізбасарлары ерекше үлес қосты.
1941—1945жж. барлығы 460 завод, фабрика, кен орны, шахта және жеке өндірістер салынды. Олардың қатарына көшіріліп әкелінген, оның ішінде металл өңдейтін және машина жасайтын заводтар қосылды, олар миналар, снарядтар, торпедо, бомбалар, огнеметтер, радиостанциялар және басқа қарулар мен әскери техникалар шығарды. Өндірісті игеруге, одан кейін қару-жарақ түрлерін жетілдіруге конструкторлар, инженерлер мен кәсіпорындардың озат жұмысшылары: И.А.Аристов, Г.А.Бариков, Н.К.Пышкин, П.Х.Резчик, Л.Я.Семлинова, Я.И.Фефер, Н.Шмарин баса көңіл бөлді. Бұл өндірістің сан және сапа көрсеткіштерін жақсартуға көмектесті. Қазақстан индустриясының жалпы өнімінде металл өңдеу мен машина жасау саласының үлесі 1940ж. 16%-тен 1945ж. 35% дейін өсті.
Жалпы алғанда республикада өнеркәсіп өндірісі соғыс жылдарында 37% өсті, бұл соғыстың алдындағы төрт жылдағы өнімінен 2% жоғары. Осы нәтижелерге еңбектегі үлкен ауытрпалыққа, жоқшылық пен қиыншылықтарға қарамай қол жетті. Бірақ соғыс алда тұрған міндеттерді орындаудың басқа жолы мен әдістерін іздеу мүмкіндіктерінен толық айырды немесе мейлінше шектеді, сондықтан адамдар майданның талаптарын орындаудан күші мен мүмкіндіктерін аяған жоқ.
Ауыл шаруашылық еңбеккерлерінің еңбек жағдайы мен міндеттер күрт өзгерді. Қиын жағдай кадрлар туралы мәселе болды: майданға аттанған қазақстандықтардың шамамен үштен екі бөлігі ауыл мен селолардан кетті. Әскер қатарына шақырылған ер адамдардың орнын негізінен әйелдер басты. Соғыстың соңына қарай көптеген колхоздарда жұмыс істегендердің 70—80% әйелдер болды. Оның бер жағында жылына 400 және одан көп, яғни міндетті минимумнан үш есе жоғары, еңбеккүн тапқан әйелдердің саны 1940ж. 20607-ден, 1945ж. 94202-ге жетті.
Құрғақшылық болған 1943ж. Ақтөбе облысы “Құрман” колхозының звено жетекшісі Ш.Берсиев тарының гектарынан 202 центнер өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасады. Қызылорда облысы “Авангард” колхозының звено жетекшісі Ы.Жақаев күріштің гектарынан 172ц. өнім алып, дәл сондай табысқа жетті. Қаскелең ауданы ІІІ Интернационал колхозының звено жетекшісі М.Мухамедиева қант қызылшасынан гектарынан 600ц. өнім алды.
Мал өсірушілер де күш-жірегімен білім тәжірибесін аяған жоқ. Жезқазған ауданы, Амангельді атындағы колхоздың шопаны Ж.Мұқашев жыл сайын жүз қойдан 180-ге дейін қозы алып, аман өсіріп келді. Атырау облысы “Жаңа талап” колхозының жылқышысы Ш.Шұғампова бір мыңнан астам жылқыны шығынсыз бағып келді. Қазақстанның батыс облыстарында жау қолында қалған аудандардың 370 мыңдай малы бағылды, 1943ж. олар кері қайтарылды. Өз малдарын және батыстан айдап әкелінген малдарды сақтап қалуға, соғыстың аяғында ірі қара, қой мен ешкі жөнінен олардың соғысқа дейінгі санын біраз көбейтуге мүмкіндік берген қары жұқа шөлейтті және жартылай далалық өңірлерде малдың бір бөлігін жайып бағуға уақытында көшіру және оны ұйымдастыру болды. Бұл мал өсірушілердің еңбегін біраз жеңілдетті. Соғыс уақытындағы бірінші қыста осындай учаскелерде 2,1 млн. мал бағылды (24%), ол содан кейінгі жылдары 4,4 млн. мал (46%) бағылды.
Қазақстанның ауыл-село еңбеккерлері өздерінің патриоттық және еңбек парызын өтеді: 1941—1945жж. Олар майдан мен елге 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түлік, өнеркәсіп үшін шикізат берді.
Достарыңызбен бөлісу: |