Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы __ наурыздағы
№ __ қаулысымен
бекітілген
Жұмыспен қамту 2020 жол картасы
Бағдарламаның атауы
|
Жұмыспен қамту 2020 жол картасы
|
Әзірлеу үшін негіздеме
|
Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен 2013 жылғы 23 қаңтардағы кеңестің № 01-7.1 хаттамасы
|
Әзірлеуге және іске асыруға жауапты мемлекеттік орган
|
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі
|
Мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік және өзге де органдар
|
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері
|
Бағдарлама мақсаты
|
Жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздықты қысқарту арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу
|
Бағдарламаның міндеттері
|
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және халықтың нысаналы топтарына кіретін адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту;
кадрлық әлеуетті, оның ішінде Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін кадрлық әлеуетті дамыту; атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру.
|
Бағдарламаны іске асыру мерзімдері және кезеңдері
|
1-кезең – 2013 – 2015 жылдар
2-кезең – 2016 – 2020 жылдар
|
Нысаналы индикаторлар
|
Жұмыспен қамту 2020 жол картасында қойылған міндеттерді іске асыру барысында мынадай нәтижелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:
2016 жылға қарай:
кедейлік деңгейі 6,0 %-дан аспайтын болады;
жұмыссыздық деңгейі 5,2 %-дан аспайтын болады;
өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың жалпы санындағы нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың үлесі 64,5 %-ға дейін ұлғаяды.
2020 жылға қарай нәтижелерге қол жеткізу индикаторлары Жұмыспен қамту 2020 жол картасының бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін айқындалатын болады.
|
Қаржыландыру көздері және көлемі
|
Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыруға республикалық бюджетте: 2015 жылға – 37,7 млрд. теңге
Келесі жылдары Бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджетті тиісті жоспарлы кезеңге қалыптастыру кезінде нақтыланатын болады.
|
2. Кіріспе
1. Мемлекет басшысы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында өнімді жұмыспен қамтудың қолжетімділігін кеңейту, еңбекке ынталандыруды арттыру және халықтың табысын өсіру мақсатында халықты жұмыспен қамту саясатын жаңғырту қажеттілігін көрсетті.
Бұл үшін қажетті шарттар Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің бар қарқынымен әзірленген. Елімізде серпінді дамып келе жатқан еңбек нарығы құрылды, халықтың экономикалық белсенділігі және жұмыспен қамтылу деңгейі тұрақты арттырылуда.
Дағдарыс қарсы реттеу тәжірибесі жинақталған. Жол картасы (2009 – 2010 жылдары) шеңберінде әзірленген жұмыс орындарын сақтау және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс ықпалына байланысты уақытша экономикалық қиындықтар жылдарында да жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік берді.
Соған қарамастан, әлемдік дамудың тұрақсыздығы және әлеуметтік жаңғырту жағдайларында серпінді өзгеріп отыратын ішкі болмыстар еңбек нарығын реттеуге және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге жаңа талаптар қояды.
Осы бағдарлама – Жұмыспен қамту 2020 жол картасы (бұдан әрі – Бағдарлама) аталған талаптардың жауабы болып табылады. Ол 2009 және 2010 жылдардағы жол карталарын және Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асырудың логикалық жалғасы болып табылады.
Бағдарлама дағдарысқа қарсы ден қою тетіктерін, еңбек нарығын реттеудің тиімділігін арттыру, оның ішінде еңбек нарығын болжау және мониторингін жүргізу, табысы аз, жұмыссыз және өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту тетіктерін қамтиды.
3. Ағымдағы ахуалды талдау
2. 2001 жылмен салыстырғанда 2012 жылдың соңында жұмыспен қамтылған халықтың саны 6 698,8 мың адамнан 8 651,1 мың адамға дейін көбейді, ал жұмыссыздық деңгейі 12,8 %-дан 2014 жылғы 4-тоқсанда 5,0 %-ға дейін төмендеді.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, елімізде:
1) 458,6 мың жұмыссыз, олардың ішінде ең үлкен топ – 34 жасқа дейінгі адамдар;
2) 720,8 мың нәтижесіз жұмыспен қамтылған өзін-өзі жұмыспен қамтыған қызметкерлер (тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұмыскерлер, жеке қосалқы шаруашылығында тек өзінің тұтынуы үшін өнім өндірумен айналысатын адамдар және отбасылық кәсіпорындардың ақы төленбейтін жұмыскерлері);
3) 2,8 млн. жұмыспен қамтылған адам жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтылмаған және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайды;
4) жұмыс орындарына тапшылық проблемасы ауылдық жерлерде аса өткір болып отыр. Бұл:
жұмыстардың маусымдық сипаты мен санаулы өндірістік базаға;
көліктік, өндірістік және коммуналдық инфрақұрылымның дамымағанына;
өткізу нарықтарынан шалғайлығына;
ауылда тұратын тұрғындар біліктілігінің төмендігіне;
қаржылық қызметтердің жеткілікті қолжетімді болмауына (ауылда екінші деңгейдегі банктер жоқ) байланысты.
Әлемдік практикада осындай проблемаларды шешу үшін еңбек нарығының белсенді бағдарламалары қолданылады. Олар:
еңбек ресурстарын дамытуды (кәсіптік даярлау және қайта даярлау);
жұмыс күшіне сұранысты ұлғайтуды (жалақыны/жұмыспен қамтуды субсидиялау, жаңа жұмыс орындарын құру);
жұмыспен қамту саясатын институционалдық және ақпараттық қамтамасыз етуді (жұмыспен қамту қызметтерін, ақпараттық жүйелерді құру, ақпараттандыруды ұйымдастыру);
еңбекке ынталандыруды күшейтуді (кәсіби бағдар, келісілген әлеуметтік көмек көрсету) болжамдайды.
Орын алған проблемаларды шешу және Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін әлемдік тәжірибені бейімдеу мүмкіндігін ескере отырып, осы Бағдарлама әзірленді.
4. Бағдарламаның мақсаты, міндеттері және нысаналы индикаторлары
1. Бағдарламаның мақсаты
3. Жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу, жұмыссыздық деңгейін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу.
2. Бағдарламаның нысаналы индикаторлары
4. 2016 жылға қарай:
1) кедейлік деңгейі 6,0 %-дан аспайтын болады;
2) жұмыссыздық деңгейі 5,2 %-дан аспайтын болады;
3) өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың жалпы санындағы нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың үлесі 64,5 %-ға дейін ұлғаяды;
2020 жылға қарай күтілетін нәтижелер индикаторлары Бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін айқындалатын болады.
5. Бағдарлама шеңберінде:
1) өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған адамдар: 2013 жылы – олардың санынан 3,0 %, 2014 жылы – 3,8 % және 2015 жылы – 6,1 %;
2) жұмыссыздар: 2013 жылы – 15,0 %, 2014 жылы – 18,0 % және 2015 жылы – 21,0 %;
3) атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан табысы аз отбасылардың еңбекке жарамды мүшелері: 2013 жылы – олардың жалпы санынан 18,0 %, 2014 жылы – 19,0 % және 2015 жылы – 20,0 % мемлекеттік қолдаумен қамтылатын болады.
3. Бағдарламаның міндеттері
6. Бағдарламаның негізгі міндеттері:
1) өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және халықтың нысаналы тобына кіретін адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту;
2) кадрлық әлеуетті, оның ішінде Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін кадрлық әлеуетті дамыту.
3) атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру.
Бағдарламаны іске асыру оқытуға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуге және еңбек ресурстарының ұтқырлығын дамытуға бағытталған.
7. Бағдарламаны іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1) инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету;
2) ауылдағы жеке кәсіпкерлік бастаманы қолдау және тірек ауылдарды кешенді дамыту есебінен ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу арқылы жұмыс орындарын құру;
3) жұмыс берушінің нақты сұранысын есепке ала отырып, оқыту және жұмысқа орналастыруға және қоныс аударуға жәрдемдесу.
8. Бағдарламаның іске асырылуын басқаруды:
республикалық деңгейде:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Бағдарламаны іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – ВАК);
2) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі (бұдан әрі – Бағдарлама операторы);
облыстық (астаналық, республикалық маңызы бар қала) деңгейде – Бағдарламаны іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия (бұдан әрі – өңірлік комиссиялар) және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдар;
аудандық (қалалық) деңгейде – Бағдарламаны іске асыру жөніндегі аудандық (қалалық) комиссия (бұдан әрі – аудандық (қалалық) комиссиялар), жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдар мен халықты жұмыспен қамту орталықтары;
кент, ауыл және ауылдық округтер деңгейінде – кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдері жүзеге асырады.
Тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын әлеуметтік келісімшарттар Бағдарламаны орындауды ұйымдастырудың маңызды құралы болып табылады.
5. Бағдарламаны қаржылай қамтамасыз ету
9. Бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету үшін Бағдарлама операторы мемлекеттің қаржы-экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, жыл сайын 1 ақпанға дейін алдағы үш жылға арналған қаржыландыру лимиттерін айқындайды және қаражатты өңірлер бойынша бөлу жөнінде ВАК-қа ұсыныстар енгізеді.
Қаржыландыру лимиттері өңірлер арасында қаражат бөлу алдындағы тоқсандағы жағдай бойынша статистика жөніндегі уәкілетті органның деректері бойынша экономикалық белсенді халық санына қарай бөлінеді.
Жергілікті атқарушы органдар өңірлік еңбек нарығының көрсеткіштеріне байланысты бағдарлама бағыттары арасында өз бетінше бөледі.
Бұл ретте, Астана және Алматы қалаларын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдар жеткізілген лимиттің жалпы сомасының 70 %-дан кем емес қаражатын ауылдық жерге бағыттауы тиіс.
Бөлінген қаржыландыру лимиттерін нақтылау және түзету кезінде экономикалық белсенді халық бойынша көзделген өлшем қолданылмайды.
Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында (әр өңірде бір тірек ауылдан) пилотты режимде әзірленген тірек ауылдарды дамытудың мастер-жоспарлары шеңберінде тірек ауылдарды дамытуды қаржыландыруға арналған қаражат жеткізілген қаржыландыру лимиттерінің сомасына кірмейтін болады және аталған қаражаттың (жеткізілген лимиттердің) 10 %-ынан аспайтын мөлшерде қосымша жоспарланатын болады.
Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру жобаның жалпы құнының кемінде 10 %-ы жергілікті бюджет есебінен қоса қаржыландырылған жағдайда жүзеге асырылады.
Көппәтерлі тұрғын үйді, сондай-ақ жеке, екі (үш) пәтерлі тұрғын үйлерді салу және сатып алу кезінде жұмыс беруші тұрғын үйдің жалпы сметалық құнының кемінде 10 %-ы мөлшерінде қоса қаржыландыруды жүзеге асырады.
Қызметтік тұрғын үйлер мен жатақханалар салуды және (немесе) сатып алуды қаржыландыру Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес айқындалған жалға берілетін (коммуналдық) тұрғын үйдің 1 шаршы метрі құнының мөлшерін негізге ала отырып, республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында айқындалған құннан асатын шығыстар жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Жергілікті атқарушы органдар белгіленген лимиттерді негізге ала отырып, Бағдарламаның негізгі параметрлері бойынша күтілетін нәтижелерді (нысаналы индикаторларды) көрсете отырып, Бағдарламаның бағыттары, бюджеттік заңнамада белгіленген нысандар бойынша алдағы қаржы жылына арналған бюджеттік өтінімді қалыптастырады және тиісті орталық мемлекеттік органдарға жыл сайын 15 сәуірге дейінгі мерзімде ұсынады.
Тиісті орталық мемлекеттік органдар Бағдарламаның негізгі параметрлері бойынша күтілетін нәтижелерді (нысаналы индикаторларды) көрсете отырып, Бағдарлама операторына бюджет заңнамасында белгіленген нысандар бойынша бюджеттік өтінімдерді жыл сайын 1 мамырға дейінгі мерзімге ұсынады.
Бағдарлама операторы жыл сайын 15 мамырға дейінгі мерзімде бюджеттік өтінімдерді бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық мемлекеттік органға ұсынады.
Облыстық бюджеттерге, төмен тұрған бюджеттерге ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерінің сомаларын бөлуді қоса алғанда, Бағдарламаның іс-шараларын іске асыруға республикалық бюджетте тиісті кезеңге көзделген қаражатты республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша бөлу Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
Республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ағымдағы нысаналы трансферттер мен нысаналы даму трансферттерін төмен тұрған бюджеттерге аударуды бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Өңірлер бөлінген және (немесе) бөлінетін қаражаттан бас тартқан, сондай-ақ инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға тиісті құжаттаманы ұсынбаған жағдайда, Бағдарлама Операторы республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің тиісті құжаттама қоса берілген қосымша өтінімдерінің негізінде экономикалық белсенді халықтың саны бойынша өлшемдерді есепке алмай ВАК-тың қарауына қаражатты қайта бөлу жөнінде ұсыныстар енгізеді.
Республикалық бюджетті нақтылаған кезде жоғарыда көрсетілген рәсімдер сақталады, бюджеттік өтінімдерді ұсыну мерзімін Бағдарлама операторы белгілейді.
Лимит бойынша ұсынылған қаражатты нысаналы пайдалануды және Бағдарламада көзделген нәтижелерге (нысаналы индикаторларға) қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдар арасында мынадай негізгі параметрлер бойынша Меморандумдар жасалады:
1) жұмыссыздық деңгейі;
2) тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылғандардың қатысушылардың жалпы санындағы үлес салмағы;
3) өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың жалпы санындағы нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың үлесін ұлғайту;
4) еңбекке қабілетті азаматтардың халықтың аз қамтылған құрамындағы үлесін қысқарту;
5) Бағдарлама бағыттарының әрқайсысында мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған Бағдарламаға қатысушылардың саны;
6) әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасына жұмысқа орналастырылған, оның ішінде Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқудан өткен адамдар қатарынан Бағдарламаға қатысушылардың саны;
7) инфрақұрылымдық жобалар бойынша құрылатын жұмыс орындарының саны және орташа айлық жалақының мөлшері.
Республикалық меншіктегі объектілерді күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша 2013 жылы басталған жобалар жұмыстар толық аяқталғанға дейін қаржыландырылады.
6. Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың мониторингі
10. Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа мониторинг жүргізу үшін:
1) нормативтік құқықтық базаны жетілдіру;
2) мемлекеттік, салалық бағдарламалар мен аумақтарды дамыту бағдарламалары, сондай-ақ жеке сектор бастамасы шеңберінде іске асырылатын жобаларда сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос жұмыс орындары және жұмыс орындарын құру болжамы туралы ақпаратты қамтитын жалпыұлттық дерекқорды (бұдан әрі – Жалпыұлттық дерекқор) қалыптастыру және дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады.
Жалпыұлттық дерекқор:
1) нақты кәсіпорындар мен мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос жұмыс орындарын;
2) нақты мамандықтар мен елді мекендер бөлінісінде еңбек ресурстарына қажеттіліктің жедел (1 жылға арналған) болжамын;
3) мамандықтар топтары және облыстар бөлінісінде еңбек ресурстарына қажеттіліктің орта мерзімді (5 жылға арналған) болжамын қамтитын болады.
Ағымдағы бос жұмыс орындары мен болжамдалатын жұмыс орындары, сұранысқа ие мамандықтар туралы мәліметтерді ұсыну нысандарын Бағдарлама операторы мүдделі орталық мемлекеттік органдардың келісімімен бекітеді.
Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында азаматтарды халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы мемлекеттік (салалық) бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру көзделеді.
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар және мемлекеттік, салалық бағдарламалар, аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберіндегі жобаларды іске асыруға жауапты ұйымдар іске асыру орны бойынша жұмыспен қамту орталықтарына әр инфрақұрылымдық жоба бойынша өңірлер және жеке мамандықтар бөлінісінде қызметкерлерге деген бар және болжамды қажеттілік бойынша мәлімет жолдайды.
Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар іске асырылып жатқан жобаларға жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша құрылыс және қайта жөндеу кезінде 10 %-дан кем емес және ағымдағы және күрделі жөндеу кезінде 15 %-дан кем емес жұмыс орындарын қамтамасыз етеді.
Ауданда (қалада) қажетті еңбек ресурстары болмаған жағдайда оларды сырттан тартуға аудандандардың (қалалардың) жұмыспен қамту орталықтары жазбаша келісім берген жағдайда рұқсат етіледі.
7. Бағдарламаға қатысушылар
11. Жұмыссыз, ішінара жұмыспен қамтылған, табысы аз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ оралмандар және қатысу басымдылығы Бағдарламада белгіленген азаматтардың өзге де санаттары Бағдарламаға қатысушылар болып табылады.
12. Бағдарламаға қатысу үшін басым құқық мынадай санаттарға:
1) оқуды аяқтағаннан кейін үш жыл ішінде жалпы білім беру мектептерінің 9, 11-сыныптарын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын бітірушілерді және оқушыларын қоса алғанда, жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастарға;
2) он сегізден жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
3) еңбек қызметімен айналысу үшін денсаулық жағдайы бойынша қарсы айғақтары жоқ мүгедектерге;
4) ауылды жерлерде тұратын әйелдерге;
5) зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін 50 жастан асқан адамдарға;
6) жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына дейін зейнеткерлікке шыққан зейнеткерлерге;
7) ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бұрын істеген және мемлекеттік жәрдемақыларды алушы болып табылатын адамдарға;
8) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарынан босатылған адамдарға;
9) бас бостандығынан айыру орындарынан және (немесе) мәжбүрлі емдеуден босатылған адамдарға;
10) жұмыс беруші – заңды тұлғаның таратылуына, жұмыс беруші – жеке тұлға қызметін тоқтатқанға немесе қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуына байланысты жұмыстан босатылған адамдарға беріледі.
Бағдарламаға қатысушылардың құрамына енгізу кезінде дәйексіз деректер ұсынған адамдар Бағдарламаға қатысушылар құрамынан шығарылады және мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге жұмсалған мемлекеттік шығыстар сомаларын бюджетке өз еркімен, ал бас тартқан жағдайда – сот тәртібімен өтейді.
8. Бағдарламаның негізгі бағдарламаларын іске асыру
1. Бірінші бағыт:
инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету
13. Аталған бағыт мынадай жұмыс және объектілер түрлері бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жолымен халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді көздейді:
1) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (сумен жабдықтау, кәріз объектілері, газбен, жылумен, электрмен жабдықтау жүйелері);
2) әлеуметтік-мәдени объектілерді (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ойын-сауық және демалыс объектілерін) күрделі және ағымдағы жөндеу. Сейсмологиялық қауіпті өңірлер үшін сейсмологиялық қауіпсіздікті күшейте отырып, күрделі жөндеуге жол беріледі;
3) инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу (қалалық автомобиль жолдары, кентішілік және ауылішілік жолдар, кірме жолдар, аудандық маңызы бар жолдар, тротуарлар, бөгеттер, дамбалар мен көпірлер);
4) ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу (ауылдағы авариялық, бейімделмеген және саман объектілердің проблемаларын шешетін объектілерге баса назар аударылады);
5) елді мекендерді абаттандыру (көшелерді, саябақтарды, скверлерді жарықтандыру және көгалдандыру, иесі жоқ объектілерді бұзу, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын, шағын сәулет нысандарын, қоршауларды, балалардың ойын және спорт алаңшаларын жайластыру);
6) Мүгедектердің және халықтың іс-қимылы шектеулі топтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік-мәдени объектілерді, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды күрделі, ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
14. Әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары және орташа ауылдық елді мекендерде іске асыру осы Бағдарламаның 13-тармағында көзделген барлық жұмыс түрлері мен объектілері бойынша, ал қалаларда – осы Бағдарламаның 13-тармағының 1), 2), 3), 6) тармақшаларында көрсетілген жұмыс түрлері бойынша жүзеге асырылады.
Саяжай кенттерінде осы Бағдарламаның 13-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген жұмыс түрлері коммуналдық меншікте тұрған объектілер бойынша іске асырылады.
15. Жергілікті атқарушы органдар жобаларды іріктеуді:
1) жеткізілген қаржыландыру лимиттері, бұл ретте бір жұмыс орнының құны инфрақұрылымдық жобалардың барлық түрлері бойынша 3 млн. теңгеден аспауы тиіс;
2) мемлекеттік сараптамадан өткен объектілерді салуға және күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттаманың болуы;
3) жобалар шеңберінде орташа және (немесе) ағымдағы жөндеуді жүзеге асыру жоспарланып отырған ақаулар ведомосінің, сметалық құжаттаманың, орындалатын жұмыс көлемінің шығыстар сметасының болуы;
4) мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдері және отандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу мүмкіндігі;
5) жобаларды іске асыруды бастау және аяқтау мерзімдері;
6) жобалардың іске асырылуын жергілікті бюджет есебінен қоса қаржыландыру мүмкіндіктері;
7) құрылатын жұмыс орындарының саны және ұсынылған жобалар бойынша есептелген орташа айлық жалақының мөлшері;
8) жобаларды іске асыруға әсер ететін өңірдің табиғи климаттық жағдайлары және басқа да ерекшеліктері негізінде дербес жүзеге асырады.
16. Халықты жұмыспен қамту орталықтары осы ауданда (қалада) тұратын Бағдарламаға қатысушыларды, уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын жұмыс беруші – мердігерлерге жібереді.
Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру тетігі.
17. Жергілікті атқарушы органдар денсаулық сақтау саласындағы орталық уәкілетті органға – фельдшерлік-акушерлік пункттердің, дәрігерлік амбулаторийлердің құрылысы бойынша жобаларды, өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органға Бағдарлама шеңберінде іске асыру ұсынылатын инфрақұрылымдық жобаларды, қолданыстағы заңнамада талап етілетін техникалық құжаттаманы, жобаны таңдауды, құрылатын жұмыс орындары мен орташа айлық жалақы көрсеткіштерін негіздей отырып, жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей ұсынады.
Тиісті техникалық құжаттамасыз және жобаның таңдалуы, құрылатын жұмыс орындарының саны мен орташа айлық жалақының көрсеткіштері негізделмей ұсынылған, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобалардағы бір жұмыс орнының құны 3 млн. теңгеден асқан жобалар қаралмайды.
18. Жобаларды қарау барысында өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган жобалардың осы Бағдарламаның 13-тармағы 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген жұмыс түрлері мен объектілерге, денсаулық сақтау саласындағы орталық уәкілетті орган 13-тармақтың 4) тармақшасына сәйкестігін тексереді.
19. Жобалар іріктеу талаптарына сәйкес келмеген жағдайда өңірлік даму мәселелері жөніндегі, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму саласындағы орталық уәкілетті органдар жергілікті атқарушы органдарға бас тарту себептері көрсетілген уәждемелі жауап жібереді.
Жобаларды жұмыс түрлеріне сәйкестікке қарағаннан кейін өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті орган Бағдарлама операторына қаржыландыру көлемдерін, құрылатын жұмыс орындарының саны мен орташа айлық жалақы мөлшерінің күтілетін көрсеткіштерін қоса бере отырып, инфрақұрылымдық жобалардың тізбесін жібереді.
20. Бағдарлама Операторы өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган ұсынған құрылатын жұмыс орындары санының, орташа айлық жалақы мөлшерінің күтілетін көрсеткіштерін ескере отырып, жобаларды қарайды.
21. Жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру шеңберінде:
1) жаңа жұмыс орындарын құруды;
2) құрылыс кезінде кемінде 30 %, күрделі, ағымдағы жөндеу және абаттандыру бойынша кемінде 50 % инфрақұрылымдық жобалар іске асырылатын ауданда (қалада), оның ішінде уақытша тіркеумен тұратын Бағдарламаға қатысушылар үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша жұмыс орындарын ұсынуды қамтамасыз етеді.
Инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатқан ауданда (қалада) қажетті еңбек ресурстары болмаған кезде аудандардың (қалалардың) жұмыспен қамту орталықтарының жазбаша келісімі болған жағдайда оны сырттан тартуға жол беріледі.
22. Жобаларды күрделі, ағымдағы жөндеу, абаттандыру бойынша бюджет қаражаты үнемделген жағдайда жергілікті атқарушы органдар өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органның және Бағдарлама операторының келісімімен көрсетілген қаражатты Бағдарламаның осы бағыты бойынша іске асырылатын өзге де жобаларға немесе жобалардың соңғы нәтижелерінің көрсеткіштерін жақсартуға жібере алады.
23. Жергілікті атқарушы органдар ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 5-күніне өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті органға, ауылдық жерлерде фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу бойынша есепті денсаулық сақтау саласындағы орталық уәкілетті органға ұсынады.
Есептерде:
1) басталған (аяқталған) жобалар, жобалар бөлінісінде орындалған жұмыстардың көлемі;
2) құрылған жұмыс орындарының саны және халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жұмысқа орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың саны, сондай-ақ олардың орташа айлық еңбекақысының мөлшері;
3) бөлінген нысаналы трансферттердің игерілуі, уақтылы игерілмеудің себептері және төмен тұрған бюджеттен қаржыландыру көлемдері;
4) жіберілген бұзушылықтар және оларды жою бойынша қабылданған шаралар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Бағдарлама операторына басталған (аяқталған) жобалар, құрылған жұмыс орындары және халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушылардың саны, олардың орташа айлық жалақысының мөлшері туралы ақпаратты қосымша ұсынады.
24. Өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық мемлекеттік орган жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді және ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне Бағдарлама операторына Бағдарламаның 23-тармағы 1), 2), 3) және 4) тармақшаларының талаптарына сәйкес есептер ұсынады.
Инфрақұрылымдық жобаларға қатысу тетігі.
25. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуға тілек білдірген және іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар Бағдарламаға әлеуетті қатысушылар халықты жұмыспен қамту орталықтарына Бағдарламаға қатысуға өтінішпен жүгініп, мынадай құжаттарды қоса береді:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін (мекенжай анықтамасы, ауылдық әкімдердің анықтамасы), уақытша тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;
3) болған жағдайда, білімі туралы құжаттың көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом) және/немесе оқу курстарынан өткенін растайтын басқа да құжаттар (куәлік, сертификат).
26. Халықты жұмыспен қамту орталығы еңбек ресурстарына жұмыс берушілердің қажеттілігін есепке алып, өтініш берушілерді Бағдарламаға қатысушылардың құрамына қосу туралы шешім қабылдайды және оларды іске асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде құрылатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасу үшін жібереді.
27. Бағдарламаға қатысушы мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады. Әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын халықты жұмыспен қамту орталығы бақылайды.
28. Инфрақұрылымдық жобаны іске асыратын жұмыс беруші әлеуметтік келісімшартқа қосылу туралы басшысының не қол қоюға құқығы бар жауапты лауазымды адамның қолымен және мөрмен куәландырылған жазбаша өтініш (хабарлама) беру арқылы әлеуметтік келісімшарт жасасуды растайды.
29. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысатын Бағдарламаға қатысушылар мен жұмыс берушілер туралы мәліметтер «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орналастырылады.
30. Өңірлік даму жөніндегі орталық уәкілетті орган мен Бағдарлама операторы өз құзыреттері шегінде Бағдарлама шеңберінде іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларға мониторинг жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |