2. Екінші бағыт:
кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру
және тірек ауылдарды дамыту
31. Екінші бағыт жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту арқылы кәсіпкерлікті ынталандыруды және экономикалық белсенділікті арттыруды, тірек ауылдық елді мекендерді кешенді дамытуды көздейді.
Жеке кәсіпкерлік бастаманы қолдау
32. Жеке кәсіпкерлік бастаманы қолдау әкімшілік бағыныстылығына қарамастан, даму әлеуеті орташа және жоғары ауылдарда, шағын қалаларда, қалалық әкімшілік бағыныстылық аумағындағы кенттерде жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлік бастаманы мемлекеттік қолдауды іске асыру үшін тірек ауылдық елді мекендер басым елді мекендер болып табылады.
33. Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетіледі:
1) жол жүруге және тұруға материалдық көмек ұсына отырып, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту және бизнес-жоспарды әзірлеуге жәрдемдесу;
2) микрокредиттер беру;
3) бір жылға дейінгі мерзімге жобаларды сүйемелдеу жөнінде сервистік қызметтер (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлері) көрсету;
4) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредиттер алған адамдарды қоспағанда, жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе салу және/немесе Бағдарламаға қатысушылар іске асырып жатқан жобалар үшін, оның ішінде отарлы мал шаруашылығын дамыту үшін жабдықтар сатып алу.
34. Қатысу және Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шарттары Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарға кәсіпкерлікті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларымен айқындалады.
35. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу тәртібі, микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдары мен кредиттік серіктестіктерді іріктеу және кредит ресурстарын беру, оларға осы бағыт шеңберінде бөлінген кредит ресурстарының мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізу Микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдары мен кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидаларымен айқындалады.
36. Микрокредит беру шарттары:
1) республикалық бюджеттен бюджеттік кредит жергілікті атқарушы органға қайтарымдылық, мерзімділік және ақылылық қағидаттарында 0,01 % жылдық сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға беріледі;
2) бюджеттiк кредиттiң нысаналы мақсаты – жеке iсiн ұйымдастыру немесе кеңейту;
3) микрокредит тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй алуға, сондай-ақ сауда саласындағы қызметті жүзеге асыруға берiлмейдi;
4) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредит беру мерзiмi – 3 жылдан аспайды, 500 мың теңгеден жоғары сомаға – 5 жылдан аспайды;
5) микрокредиттiң ең жоғары сомасы 3 млн. теңгеден аспайды;
6) 500 мың теңгеге дейінгі сомаға микрокредит алған алушыларды қоспағанда, түпкілікті қарыз алушыға, микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарына және/немесе кредиттiк серiктестiктерге микрокредит бойынша негiзгi борышты өтеу бойынша микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бiрiнен аспайтын мерзiмге жеңiлдiктi кезең ұсынылуы мүмкiн;
6-1) 500 мың теңгеге дейін микрокредит бойынша түпкілікті қарыз алушыға негiзгi борышты өтеу бойынша алты айдан аспайтын мерзімге жеңiлдiктi кезең ұсынылады;
7) микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдары және/немесе кредиттiк серiктестiктер үшiн уәкiлеттi өңiрлiк ұйым ұсынатын микрокредиттер бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі өңiрлiк комиссиямен келiсу арқылы уәкiлеттi өңiрлiк ұйым үшiн белгiленген микрокредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі мен оның микрокредит берудi ұйымдастыруға байланысты жоспарланған шығыстарын негізге ала отырып белгіленеді;
8) соңғы қарыз алушы үшiн кредиттiк ресурстар бойынша жылдық ең жоғары тиiмдi мөлшерлемені өңiрлiк комиссиямен келiсу арқылы уәкiлеттi өңiрлiк ұйым белгiлейдi;
9) қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйым ұсынатын соңғы қарыз алушы үшін кредиттік ресурстар бойынша жылдық сыйақының ең жоғары тиімді мөлшерлемесі өңірлік комиссиямен келісім бойынша белгіленеді. Бұл ретте 500 мың теңгеге дейінгі микрокредиттер бойынша түпкілікті қарыз алушы үшін жылдық сыйақының ең жоғары тиімді мөлшерлемесі 5 %-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді;
10) микрокредиттерін мерзімінен бұрын өтеген Бағдарламаға қатысушылардың жеке ісін кеңейту үшін микрокредит алуға қайта өтініш беруге және 5 млн. теңгеге дейін микрокредит алуға құқығы бар;
11) түпкілікті кредит алушылардың бұрын берілген кредиттік ресурстар бойынша қайтарған қаражаты есебінен осы Бағдарламаның шарттарына сәйкес қайта кредит беруге жол беріледі.
37. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және Бағдарламаға қатысушылар іске асырып жатқан жобалар үшін жабдық алу шарттары:
1) инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және/немесе салу Бағдарламаға қатысушылар iске асыратын жобалар үшiн қолданыстағы жүйелерге: жолдарға, кәрiзге, жылумен және сумен, газбен жабдықтауға, телефон және электр желiлерiне жетiспейтiн инфрақұрылым жүргізуді болжайды.
Жетiспейтiн инфрақұрылым жүргізу елдi мекендi дамытудың бас жоспарына (ауылда – инженерлiк-коммуникациялық желiлердiң жергiлiктi схемаларына) сәйкес келуге тиiс және бiр немесе бiрнеше жобаны қамтамасыз етуге бағытталуы мүмкiн.
Жүргізілген инженерлік инфрақұрылым жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігінің теңгеріміне беріледі.
Жетіспейтін инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе салу Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
2) Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін жабдық сатып алу кәріз, жылумен және сумен, газбен жабдықтау желілерін, телефон және электр желiлерiн алмастыратын жабдықпен, сондай-ақ жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін блок модульдермен (арнайы жабдықталған жылжымалы үйлер) жарақтандыруды көздейді.
Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін сатып алынатын жабдық қабылдау-беру актісі арқылы Бағдарламаға қатысушының меншігіне беріледі. Бұл ретте микрокредитті қайтару мерзімі ішінде Бағдарламаға қатысушы технологиялық жабдықты мақсатты пайдалануды қамтамасыз етеді және растайды.
38. Жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуды және/немесе салуды Бағдарламаға қатысушылар іске асырып жатқан жобалар, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін жабдықтар сатып алуды жергілікті атқарушы органдар республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен жүзеге асырады.
Нысаналы трансферттерді жергілікті атқарушы органдар айқындалған техникалық шарттарға немесе заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға және бизнес-ұсыныстарға сәйкес пайдаланады.
39. Жергілікті атқарушы органдар жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе салу және Бағдарламаға қатысушылар іске асырып жатқан жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға арналған жабдықтарды сатып алу жөніндегі уәкілетті органды айқындайды.
Бұл ретте инфрақұрылым объектілерін дамыту және/немесе салу Бағдарламаға қатысушылар іске асырып жатқан жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін сатып алынатын жабдықтардың құны жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу құны мен мемлекеттік сараптама жүргізу құны есепке алынбай, берілетін микрокредиттің сомасына қарамастан, Бағдарламаның бір қатысушысына 3 млн. теңгеден аспауға тиіс.
Шартта көзделген инфрақұрылымдық жобаның iске асырылуына мониторинг жүргiзу инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi уәкiлеттi органға жүктеледi.
40. Микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарына, кредиттік серіктестіктерге және қаржы агенттігі мәртебесіне ие ұйымдарға кредиттік ресурстар беру тетігі:
1) Бағдарлама операторы жергiлiктi атқарушы органға бюджеттiк кредит бередi;
2) аудандардың (қалалардың) жергілікті атқарушы органдары ауылдық округтер әкімдерінің қатысуымен аумақтарды дамыту бағдарламаларына сәйкес Кәсіпкерлікті дамыту картасын әзірлейді және оны облыстың кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі уәкілетті органымен келісім бойынша бекітеді. Кәсіпкерлікті дамыту картасы бекітілгенге дейін Бағдарламаға қатысушыларға микрокредит беру өңірлік комиссиялар айқындаған өңірде кәсіпкерлікті дамытудың басым бағыттарына сәйкес жүзеге асырылады;
3) облыстардың жергілікті атқарушы органдары микрокредит беруді ұйымдастыру үшін уәкілетті өңірлік ұйымдарды айқындайды;
4) уәкiлеттi өңiрлiк ұйымдар микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарына және/немесе кредиттiк серiктестiктерге кредит берудiң белгiленген қағидаларына сәйкес Бағдарламаға қатысу үшiн микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарын және/немесе кредиттiк серiктестiктердi iрiктеу бойынша конкурс өткiзедi.
Микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдары мен кредиттiк серiктестiктер арасында конкурс өткізбей, соңғы қарыз алушыларға кредит беруді қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымның өзі жүзеге асыруы мүмкін;
5) уәкiлеттi өңiрлiк ұйым мен микроқаржы (микрокредиттiк) ұйымдарының және/немесе кредиттiк серiктестiктердiң арасында кредит беру туралы шарт жасалады.
Уәкілетті өңірлік ұйымның қаржы агенттігі мәртебесі болған жағдайда, микрокредит ұсыну туралы шарт тікелей соңғы қарыз алушымен жасалады.
41. Бағдарламаға қатысушыларға кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетігі:
1) Бағдарламаның екiншi бағытының бірінші құрамдас бөлігіне қатысуға тілек бiлдiрушiлер халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді, онда оларға Бағдарлама шеңберінде микрокредит алудың ықтимал нұсқалары туралы консультация беріледі;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаның екінші бағытына қатысушылардың құрамына енгізілген адамдармен әлеуметтік келісімшарттар жасасады;
3) халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйымға жібереді, онда оларды кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту, бизнес-жоспар әзірлеуге жәрдемдесу қамтамасыз етіледі.
Уәкілетті жұмыспен қамту органдары Бағдарламаға қатысушыға тұруына және жол жүруіне материалдық көмек төлеуді қамтамасыз етеді.
Жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейтіп жатқан немесе бұдан бұрын кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен адамдар не микрокредит алар алдындағы үш жыл ішінде кәсіпкерлік негіздеріне оқудың тиісті курстарынан өткені туралы растайтын құжаттары бар адамдар кәсіпкерлік негіздеріне оқытусыз микрокредит алуға үміткер бола алады;
4) микрокредиттер беру:
Бағдарламаға қатысушы сервистік қызметтер көрсету жөніндегі ұйымның жәрдем көрсетуімен бизнес-жоспар әзірлейді және Бағдарламаға қатысушыларға кредит беру құқығын алған қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымға не микроқаржы (микрокредиттік) ұйымына микрокредит алуға өтініммен жүгінеді;
микрокредитті кредиттік серіктестік арқылы алған жағдайда, Бағдарламаға қатысушы жобаның бизнес-жоспарын әзірлейді және микроқаржы (микрокредиттік) ұйымдарына және кредиттік серіктестіктерге конкурстық негізде кредит беру қағидаларына сәйкес уәкілетті өңірлік ұйым өткізетін кредиттік серіктестіктерді іріктеу жөніндегі конкурсқа қатысатын кредиттік серіктестікке жүгінеді;
5) Бағдарламаға қатысушы микрокредит алуға оң қорытынды алғаннан кейін сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйыммен бір жылға дейінгі мерзімге жобаны сүйемелдеу жөніндегі қосымша қызметтер (маркетингтік, заңдық, бухгалтерлік және басқа да қызмет түрлерін) ұсынуға шарт жасасуға құқылы;
6) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту:
халықты жұмыспен қамту орталықтары қаржы агенттігі мәртебесіне ие уәкілетті өңірлік ұйымнан не микроқаржы (микрокредиттік) ұйымынан немесе кредиттік серіктестіктен оң қорытынды алған кезде инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті органға жобалары инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамытуды және/немесе жетіспейтіндерін салуды және/немесе Бағдарламаға қатысушылар іске асырып жатқан жобалар үшін, оның ішінде отарлы мал шаруашылығын дамыту үшін жабдықтар сатып алуды талап ететін Бағдарламаға қатысушылардың тізімдер жібереді;
Бағдарламаға қатысушылар жетіспейтін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін дамыту үшін қажет болса, техникалық паспортты, жер актісін, жер учаскесін бөліп беруді және техникалық жағдайларды ұсынады;
инфрақұрылымды дамыту жөніндегі уәкілетті орган инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін қаржыландыру немесе Бағдарламаға қатысушылар іске асырып жатқан жобалар үшін, оның ішінде жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін жабдықтар сатып алу мүмкіндігі (немесе мүмкін еместігі) және қажетті қаржыландыру көлемі туралы қорытынды дайындайды және халықты жұмыспен қамту орталығын хабардар етеді;
7) оң қорытынды алған жобалар бойынша Бағдарламаға қатысушы мен инфрақұрылымды дамыту жөнiндегi уәкiлеттi органның арасында тиiстi шарт жасалады.
Тірек ауылдарды кешенді дамыту
42. Тірек ауылдарды кешенді дамыту ауылдарды мемлекеттік қолдау шараларын шоғырландыру есебінен тірек ауылдық елді мекендерде тұратын азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.
43. Тірек ауылдық елді мекен – ауылдық елді мекендердің белгіленген тобына мемлекеттік, білім беру, медициналық, қаржылық-делдалдық, мәдени-демалыс және сервистік қызметтердің кең ауқымын көрсететін дамыған әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымы бар жайластырылған елді мекен.
44. Тірек ауылдық елді мекендерді айқындау әдістемесін өңірлік даму мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
45. Әзірленген әдістемеге сәйкес жергілікті атқарушы органдар тірек ауылдарды айқындау, тиісті қорытындыны келісу әдістемесінде айқындалған критерийлерге сәйкес баға беру үшін өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органға тиісті негіздемелерді қоса тірек ауылдар тізбесінің жобасын жібереді.
46. Жергілікті атқарушы органдар Бағдарламаға енгізу үшін және тірек ауылдарды кешенді дамытудың мастер-жоспарын әзірлеу үшін өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен келісілген тірек ауылдық елді мекендердің тізбесінен тірек ауылдарды таңдап алады.
47. Тірек ауылдың мастер-жоспары тірек ауылдық елді мекенді дамытудың кешенді жоспарының құрамдас бөлігі болып табылады, ол кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдау арқылы экономикалық және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану есебінен азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған.
Тірек ауылдың мастер-жоспары:
тірек ауылдың ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жай-күйіне талдауды;
оның экономикалық қызметтің нақты түрін мамандануын ескере отырып, тірек ауылды дамыту мүмкіндіктері мен шарттарын айқындауды;
қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ жеке инвестицияларды қамтитын мастер-жоспарды іске асырудың тетіктері мен құралдарын;
инвестицияларды тартуды көздейтін тірек ауылды дамыту жөніндегі шараларды іске асырудың қадамдық жоспарларын, шикізат базасын, қайта өңдеуді дамытуды, ілеспе және қосалқы өндірістерді, инфрақұрылымды дамытуды, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды, жұмыссыздарды және табысы аз азаматтарды ауылды дамыту жөніндегі жұмыстарға тартуды;
қолданыстағы мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларының көлемдерін және басқа қаржыландыру көздерін, іске асыру мерзімдері мен жауапты орындаушыларды айқындауды қамтиды.
48. Тірек ауылдың мастер-жоспарында көзделген іс-шараларды қаржыландыру Бағдарламаны, сондай-ақ қолданыстағы басқа мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға бөлінген жалпы лимиттер шегінде жүзеге асырылады.
Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында (әр өңірде бір тірек ауылдан) пилоттық режимде әзірленген тірек ауылдарды дамытудың мастер-жоспарларын қаржыландыруға арналған қаражат жеткізілген лимиттердің жалпы сомасының 10 пайызынан аспайтын мөлшерде қосымша жоспарланады.
Тірек ауылдарды дамытуды қаржыландыру үшін тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бөлінген қаражатты өңірлер арасында бөлу тірек ауылдарды дамытудың бекітілген мастер-жоспарларының негізінде тиісті республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшісінің өтінімі бойынша ВАК шешімінің негізінде жүзеге асырылады.
49. Тірек ауылдың мастер-жоспарын іске асыру барысында Бағдарламада көзделген құралдар шектеусіз қолданылатын болады.
50. Тірек ауылдардағы жобаларды іске асыруға қатысатын Бағдарламаға қатысушыларды қосымша ынталандыру:
1) 5 жылдан аспайтын мерзімге 5 млн. теңгеге дейінгі сомада микрокредит беру;
2) бір айға дейінгі мерзімге кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту, жол жүруге және тұруға материалдық көмек ұсына отырып, бизнес-жоспар даярлауға көмек көрсету, жобаларды сүйемелдеу жөніндегі сервистік қызметтер және ИКИ дамыту, Бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобалар үшін жабдық сатып алу;
3) Бағдарлама қаражатынан тыс тірек ауылдарда жобаларды іске асырып жатқан адамдарға берілген екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау;
4) тірек ауылдарда тұратын және Бағдарламаға қатысушы болған адамдарға өздерінің таңдаған Бағдарлама бағыттарына сәйкес мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары ұсынылады.
51. Тірек ауылдарда іске асырылатын жобалар үшін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жөніндегі функцияларды іске асыруды қаржы агенті – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы жүзеге асырады.
52. Тірек ауылдарда тұратын адамдардың екінші деңгейдегі банктер кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды қаржыландыру тетігі, тәртібі, шарттары мен көздері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 сәуірдегі № 301 қаулысымен бекітілген Бизнестің 2020 жол картасында көзделген шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
53. Мастер жоспарды әзірлеу тәртібі:
1) ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен ауыл округтерінің әкімдері тірек ауылдардың мастер-жоспарын әзірлейді;
2) тірек ауылдың мастер-жоспары жергілікті қауымдастық жиынына талқылауға шығарылады және жеке және заңды тұлғалар ынтымақты жауапкершілік қағидаттарында іске асырады;
3) жергілікті қоғамдастық жиынында мақұлданған тірек ауылдың мастер-жоспары аудандық комиссияның қарауына шығарылады және оң қорытынды алынғаннан кейін өңірлік комиссияның қарауына жіберіледі.
4) өңірлік комиссияның оң қорытындысын алған тірек ауылдың мастер-жоспары тиісті орталық уәкілетті органдармен бірлесіп қаржыландыру және ВАК-тың қарауына енгізу жөнінде қорытындыны бағалау, ұсыну үшін Бағдарлама операторына жібереді.
5) ВАК мақұлдаған мастер-жоспарды аудан (қала) мәслихаты бекітеді және жергілікті атқарушы органдар іске асырады.
54. Бағдарлама операторы өңірлік даму мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, тірек ауылдардың мастер-жоспарларының іске асырылуына мониторинг жүргізеді және бақылауды жүзеге асырады және олардың орындалу барысы туралы ақпаратты ВАК-қа ұсынады.
55. Тірек ауылды дамыту жөніндегі ұсынылатын шаралар Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында (әр өңірде бір тірек ауылдан) пилоттық режимде сынақтан өткізіледі.
3. Үшінші бағыт:
жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
56. Үшінші бағыт жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде еңбек әлеуетін дамыту, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының кәсіптік және аумақтық ұтқырлығын арттыру жолымен халықты жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған.
57. Үшінші бағыттың мынадай құрауыштары бар:
1) оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу;
2) еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
Оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
58. Аталған бағыт шеңберінде Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетіледі:
1) кәсіптік бағдарлану, кәсіп таңдауда көмек, оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультация, психологиялық бейімдеу жөніндегі қызметтер;
2) тегін біліктілікті арттыру, кәсіптік даярлау және қайта даярлау курстарына (бұдан әрі – кәсіптік оқыту) жіберу;
3) кәсіптік оқуға материалдық көмек беру;
4) лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар практикасына орналасуға жәрдемдесу;
5) әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жеке тұлғалардың жалақысын ішінара субсидиялау;
6) жастар практикасына жіберілген жеке тұлғаларға еңбекақы төлеу;
7) практикалық дағдыларды алу үшін қысқа мерзімді курстарға (бұдан әрі – оқытатын мастер-класстар) жолдау.
Үміткерлерді кәсіптік бағдарлау
59. Кәсіптік бағдарлау кәсіптерді саналы түрде таңдау үшін 50 жастан асқан адамдарды қоса алғанда, үміткерлердің бейімділіктерін, қабілеттерін айқындауға бағытталған. Кәсіптерді таңдау Жалпыұлттық дерекқордағы мәліметтерді ескере отырып жүзеге асырылады.
Кәсіптік бағдарлауды халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және табысы аз топтары, орта білім беру ұйымдарының 9, 11-сыныптарының оқушылары арасында білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлеген әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырады.
60. Кәсіптік бағдарлауды жүргізуді мемлекеттік сатып алу туралы және/немесе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес тартылатын жеке жұмыспен қамту агенттіктері және/немесе үкіметтік емес ұйымдар жүзеге асырады.
61. Кәсіптік бағдарлаудан өткен адамдар туралы мәліметтер «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне орналастырылады.
62. Кәсіптік бағдарлауды халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырады және өткізіледі.
Кәсіптік оқыту:
63. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, кәсіптік қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды.
64. Оқуға үміткерлерді Бағдарламаға қатысушылар қатарынан да, Бағдарламаның тиісті критерийлеріне сәйкес келетін, жеке жұмыспен қамту агенттіктері және бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы өз бетінше іздеу негізінде тартылатын басқа да үміткерлерді де жұмыс беруші іріктейді.
Бағдарламаға қатысушы жұмыс берушімен келісім бойынша кәсіптік оқу түрін және білім беретін ұйымды өз бетінше таңдайды.
Оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымын таңдау, тізбесі Бағдарлама операторының интернет-ресурсына орналастырылған ұйымдардың, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті органның, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдардың және халықты жұмыспен қамту орталықтарының және жұмыс берушілердің оқу орталықтарының қатарынан жүргізіледі.
65. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқыту кәсіптік даярлық деңгейін бағалау жөніндегі біліктілік емтиханынан өткен адамдарға заңнамаға сәйкес белгіленген үлгідегі куәлік (сертификат) берілген жағдайда не «Республикалық техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту және біліктілік беру ғылыми-әдістемелік орталығы» акционерлік қоғамында куәлік (сертификат) алуға жәрдемдесу кезінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Кәсіптік оқыту кадрларды даярлаудың дуальді моделі қағидаттарында жүргізілуге тиіс.
Жалдамалы қызметкерлерді өндірістен қол үзіп немесе қол үзбей кәсіптік қайта даярлау және біліктілігін арттыру Бағдарламаға қатысушының жұмыс орнының сақталу шартымен жұмыс берушілердің өтінімі бойынша жүзеге асырылады.
66. Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде Жұмыспен қамту орталығы ұйымдастырады және оқу курсының мазмұнына қарай ұзақтығы:
1) кәсіптік даярлау жүргізу кезінде – он екі айдан аспайды;
2) қайта даярлау кезінде – алты айдан аспайды;
3) біліктілікті арттыру кезінде – үш айдан аспайды.
67. Жергілікті атқарушы органдар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кәсіптік оқыту құнын жыл сайын білім беру процесіндегі шығыстарды есепке ала отырып, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының талаптарына сәйкес мамандығы мен біліктілік деңгейіне байланысты белгілейді.
Жұмыс берушілердің оқу орталықтарындағы кәсіптік оқыту құнын халықты жұмыспен қамту орталығымен, білім беру саласындағы уәкілетті органмен және өңірлік комиссиямен келісім бойынша оқу орталығы айқындайды.
68. Кәсіптік оқу аяқталғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды жұмыс беруші мәлімдеген тұрақты жұмыс орнына жібереді.
69. 2013 жылға дейін кәсіптік даярлауға қабылданған адамдардың оқуын қаржыландыруды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі көрсетілген адамдарды оқыту толық аяқталғанға дейін жүзеге асыратын болады.
Жастар практикасына және әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу
70. Оқуды аяқтағаннан кейінгі үш жыл ішінде бітірушілер қатарындағы жастар практикасына қатысушылардың жалақысын субсидиялау 6 айдан асырмай жүзеге асырылады. Экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, субсидия мөлшері айына 18 айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және банк қызметтерін ескере отырып) құрайды.
Жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша жастар практикасына жіберілген жеке тұлғалардың еңбекақысын жергілікті бюджет қаражатын есебінен қоса қаржыландыруға жол беріледі.
Жамбыл облысында пилоттық режимде оқуды аяқтағаннан кейін үш жыл аралығындағы түлектер қатарындағы жастар практикасына қатысушыларға еңбекақыны субсидиялау 12 ай аралығында іске асырылады.
71. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушылардың жалақысын мемлекеттің ішінара субсидиялауы жұмысқа орналасқан күннен бастап 12 ай ішінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан Бағдарламаға қатысушылардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдер есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескере отырып, бекітілген жалақы мөлшерінің 35 %-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.
Әлеуметтік жұмыс орындарында және жастар практикасында уақытша жұмыспен қамтылу шарттары «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысында айқындалған.
72. Жұмыспен қамту орталықтары Бағдарламаға қатысушыларды кәсіби оқытуды және/немесе жұмысқа орналастыруды өз бетінше не мемлекеттік сатып алу және/немесе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке жұмыспен қамту агенттіктерін және/немесе үкіметтік емес ұйымдарды тарту арқылы жүргізеді.
Оқытатын мастер-класстарды ұйымдастыру.
Бағдарламаға қатысушылар үшін оқытатын мастер-класстарды Халықты жұмыспен орталықтары 2 жұмадан аспайтын мерзімге ұйымдастырады.
Оқытатын мастер-класстар практикалық сабақтарды қолданумен өткізіледі.
Оқытатын мастер-класстарды өткізу үшін практикалық жұмыс дағдысы бар жоғары білікті мамандар, оның ішінде табысты еңбек өтілі бар жоғары білікті шетелдік мамандар тартылады.
73. Бағдарлама шеңберінде азаматтардың қатысу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну шарттары, кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесін қалыптастыру тәртібі Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.
74. Іске асыру тетігі:
1) үміткерлер Бағдарламаға қатысуға өтінішпен тұрғылықты жерінде ауданның, қаланың халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінеді және Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын адамдарды оқытуды, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуді және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес құжаттарды ұсынады;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтары:
ұсынылған құжаттарды қарайды және Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптарға ұсынылған құжаттардың сәйкестігін тексеру негізінде Бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу (не одан бас тарту) туралы шешім қабылдайды және дерекқорда бар жұмыс орындарына не жұмыс берушілер өз бетінше немесе жеке жұмыспен қамту агенттіктері арқылы мәлімдеген жұмыс орындарына, жалақыны ішінара субсидиялаумен әлеуметтік жұмыс орындарына, сондай-ақ жастар практикасын өту үшін жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді;
3) қажетті біліктілігі болмағандықтан, жұмысқа орналаса алмайтын Бағдарламаға қатысушылар, сондай-ақ жұмыс берушілер мәлімдеген мамандық бойынша кәсіптік оқуға жіберіледі;
4) Бағдарламаға қатысушы мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқуға жіберген кезде білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер де әлеуметтік келісімшарт тараптары бола алады.
Жұмыс беруші мен білім беру ұйымы әлеуметтік келісімшартқа қосылу туралы басшының не қол қоюға құқығы бар жауапты лауазымды адамның қолымен және мөрмен куәландырылған жазбаша өтініш (хабарлама) беру арқылы әлеуметтік келісімшарт жасасуды растайды.
Бағдарламаға қатысушыларды жұмысқа орналастыру үшін тұрақты жұмыс орындарын ұсынатын жұмыс берушілер өтініште (хабарламада) Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын талаптарды және оқу шарттарын, оларды оқытуды ұйымдастыру жоспарланып отырған мамандық (кәсіп), білім беру ұйымын, өндірістік практикадан өту орнын және оқу аяқталғаннан кейін жұмыс істеу кезеңін көрсетеді.
Бағдарламаға қатысушыларды кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары өтініште (хабарламада) мамандығы (кәсібі), оқытудың ұзақтығы мен құны, өндірістік практикадан өтетін ықтимал орны мен шарттары туралы ақпаратты көрсетеді;
5) әлеуметтік келісімшарт талаптарының орындалуын Бағдарламаға қатысушылар, жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдары тарапынан халықты жұмыспен қамту орталықтары, халықты жұмыспен қамту орталықтары тарапынан ауданның (қаланың) жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органы бақылайды.
Достарыңызбен бөлісу: |