Жертөледегі жазу



жүктеу 2,03 Mb.
бет17/29
Дата20.11.2018
өлшемі2,03 Mb.
#22392
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   29

5

Әзиз-Сұлтан Сәбираның жатақханасына келдi. Екi көзi екiншi қабаттың оң қанатындағы шеткi терезеде. Қоңыр перде ортасынан жарылып сүйем қарыстай шала жабылған. Алдыңғы күнi солай тұр едi, әлi сол қалпы. Көңiлi алабұртып өз көзiне өзi сенгiсi келмей, бiр уыс қар жентектеп алып терезеге лақтырғанмен, күдiгiн растағандай қоңыр перде бәрiбiр селт етпедi. Сонда да «бәлкiм ұйықтап жатқан шығар» деген әлсiз үмiттiң талын қарманып, аузын қос алақанымен қалқалап айғайлап едi, көкке қарап ұлығандай, жетiм дауысы «Сәбира! Сәбира!» деп жаңғырып, аспан астын кернеп кеттi. Жарты дүние жаңғырыққанмен ол үнi бiрақ Сәбираға жетпеп едi – жиегiн қырау көмкерген әйнек, соқырдың көзiндей селт етпей сұп-суық мелшиiп тұр. Жабырқаған жанары төмен қарай сырғып барып қар үстiнде шаншылған бес тал қызыл райханға жолықты. Алдыңғы күнi өзi әкеп тастап кеткен гүл. Үсiп қарайған жапырақтары қар бетiнде шашылып жатыр. Осы гүлдей бәрi солып бiткендей, жан дүниесiн әлдебiр көзсiз үрей жайпап өттi. «Бәрi тұспал, сандырақ қой, көзбен көрген ештеңе жоқ» деп анталаған күдiктi қалай қуса да, жүрегi құрғыр бiр жамандық сезгендей, өзегi қалтырап ақылға жеңсiк берер емес. Қар үстiнде қарайып шашылып жатқан жапырақтар аты-заты белгiсiз әлдебiр қара суреттi көз алдына тосып тұрып алды. Сең соққан балықтай есеңгiреп не iстеп, не қоярын бiлген жоқ. Басы ауған жаққа қарай сенделiп жүрiп келедi.

Тротуармен ерсiлi-қарсылы ағылып әлдеқайда асығып бара жатқан халық. Мойындарын iшiне тығып, қымтанып-шымқанып бүрсең қағады. Күн соншалық аяз ба? Неге бұған сезiлмейдi? Басы салбырап, былқ-сылқ шайқалақтап келе жатқан бұны мас дейтiн шығар, жолыққандар анандайдан жалт берiп айналып өтедi.

Меңiрейген көзi шиыршықталып жол жиегiнде жатқан газетке түстi. Бiреудiң қалтасынан түсiп қалған-ау. Әуестiк билеп қолына алды. Он тоғызыншы декабрь, яғни бүгiнгi номер. Саяси бюроның социалистiк қоғамды одан ары демократияландыру жөнiндегi кезектi мәжiлiсi. Кейптаунда қара түстiлер мен полиция арасында болған қақтығыста бiр зәңгi өлiп, жетi адам тұтқындалыпты. Осыған орай нәсiлдiк кемсiтудi үзiлдi-кесiлдi айыптап Совет Үкiметi наразылық нотасын жолдаған. Темiртау болат қорытушыларының жылдық тапсырманы мерзiмiнен бұрын орындағаны туралы рапорт. Қостанайдағы мал қыстатудың барысы... Төрт беттi түгел тiнтiп шықты – Алматыдағы оқиға туралы ләм-мим бiр ауыз сөз жоқ. Есесiне Дария жақтағы бiр иттiң тағдыры егжей-тегжей жазылған. Рекстi иесi, басқа жаққа көшетiн болған соң, бiреуге сатып кетедi: Ол томырық, мейiрiмсiздеу жан екен. Басынан сипап, еркелетпейдi, тек гараж күзетуге пайдаланады. Бiрақ Рекс бұрынғы күнiн ойлап жүдеп тамақ та iшпейдi, бөтен кiсiге айбат қып үрмейдi де. Қып-қызыл ақша далаға кеткенге iшi күйген қожайын ашуға булығып тепкiнiң астына алады, таяқпен ұрып, көзiн ағызып жiбередi. Бiр күнi шынжырдан оқыстан босанып шығып қашып келе жатқанда Рекстi машина қағып, артқы екi аяғынан бiрдей мертiгедi. Ай бойы бұта түбiнде жатып әзер басын көтередi.

Осы күнi ел аяғы басылып түн ортасы ауған шақта арса-арсасы шыққан, бiр көзi жоқ соқыр ит жансыз жарты денесiн сүйретiп кеп бұрынғы өз үйiнiң босағасында бүрiсiп жататын көрiнедi. «Неткен қатыгез тас жүректiк!» деп қос өкпесi түсе күрсiнедi тiлшi!..

Әзиз-Сұлтан дар-дар айырып лақтырып жiбердi газеттi. «О, аярлар! Сүмелек сатқындар! – дедi бар дауысымен ышқына айғайлап. – Ит пен биттi жазғанша, қан жұтқан қазақты неге жазбайсың? Неге!!!» Екi қолын көкке жайып жол ортасында айғайлап тұрған бұған ешкiм назар аударған жоқ. Маскүнем не нақұрыс бiреу дей ме, жымия қарап, бастарын бiр шайқап қойып, үн-түнсiз өтiп жатыр.

Жүрек түбiнен қайнап шыққан жан айқайын сұрғылт әлем сылп еткiзiп жұта салды. Айғайламақ түгiл асылып өлсең де маған бәрi бiр дегендей сыз қабағы салбырап меңiрейiп тұр.

ЖИЫРМАСЫНШЫ ТАРАУ

ҚҰЗҒЫН ТОЯТ

1

Екi күннен берi тiс қаққан старшинаның құдайы


бердi. Жайшылықта бiрдi бiрге қағыстырып, тiмiскiленбесе iшкенi ас болмайтын жырынды сұмға мына аласапыран тiптен бап болды. Тексерiп,тергеп жатқан ешкiм жоқ. Не iстеймiн десең де өз еркiң. Аңшылық сияқты делебеңдi қоздыратын тамаша бiр ермек. Аңға шыққанда да мұндай қызыққа батып рахаттанбайтын шығарсың. “Калбиттердiң” құны қазiр саған қоянмен бiрдей. Кез келгенiн көшеде қуып жүрiп тепкiлеуге хақың бар. Ешкiм мұның қалай демейдi. Шашынан сүйреп, ұрып­-соғып машинаға тоғытасың да айдалаға апарып тастайсың. Жыраға төңкере салған мусормен бiрдей. Ол жерде не iстеп жатқаныңды кiм бiледi. Аузынан теуiп қара қанын ағызасың, қарға тұншықтырасың, аяқ киiмiн шештiрiп, жалаң аяқ жүгiртесiң... Ох, дүниенiң қожасы сезiну қандай керемет десеңшi. Кеше қалың бұтаның арасында ана бiр “калбиткаға” тояттағаннан берi тiптi дәнiгiп, қызылсыраған құзғындай қорқаулана түскен.

Осы екi күн шынында да бұлар үшiн нағыз қызық, қансонардың өзi болды. Қараңғыда, көзден таса бiр қиырда не iстеп жатқаныңды кiм аңдып тұр дейсiң. Жалтақтамай еркiн қимылдады. Қар үстiнде қара шаштарын жел үрлеп ыңырсып жатқан шала өлiктердiң қойны-­қоныштарын ақтарып алқа­-жүзiк, әмиандарын алды. Өмiрi көрмеген олжаға бөктi. Қасындағы шiңкiлдек Орлов та атына заты сай нағыз қыранның өзi екен. Одан салсаң, бұдан шығады, алдыңды орап лыпып тұр. Тек анау шоферi түскiр ылжыраған жылауық бiреу. Соны қайдан ерттi екен десеңшi, кейiн бiрдеңе деп бықсып жүрмесе? Ешқандай iстерiне ниет танытып қосылған емес. Тұнжырап қабақ бермейдi.

“Шұңқырға” “қоқыс” тасу деген бiр азап – қаланың қиыр шетi, иен далаға апарасың. Ұрып­соғып, тепкiлеуiң керек. Олар да тiрi жан. Кейде қарсылық қылуы мүмкiн. Қауiптi. Таңертеңнен берi үш рейс жасады. Бүгiнге осы да жетер. Алаңдағы қаптаған “калбиттердiң” қайсысын тасып бiтiресiң. Жүрек жалғамақ болып жолдан бұрылған. Қырды айналып барып, көзден таса сайлауытқа келiп тоқтады. Аяз. Жалтаңда үйiрiле соққан суық жел бетiңдi жеп жалаңдап тұр. Бiр кезде су жырған кең аңғардың табанына түстi. Биiк жарқабақтың қалқасы ықтасын екен. Жiпсiп, қардың шетi кеңсiрiктенiп ерiп жатыр. Үшеуi сонда жайғасты. Бағана жол­жөнекей гастрономға соққан. Тамақ мол. Шошқаның шұжығы, консервi, жұмыртқа, тұздалған қияр... Кiшiгiрiм тойдың мәзiрiндей. Айқара ашылған “Правданың” бетi жоталанып үйiлiп қалды. Орлов шекпенiнiң қойнынан екi “Экстра” шығарып, газеттiң шетiне қаздитып қойды.

Костя бұлардың харам дастарханынан ауыз тиген емес. Шақырды, қорқытты – бәрi бiр илiкпеген. Екеуi жылы-­жұмсаққа жаудай тиiп апырып­-жапырып жатқанда, бiр шетте өзiнiң түлкi құрсақ солдат паегiн қаужаңдап отыра беретiн. Басқа қолынан келер қайраны болмаған соң, қарсылығын осылай көрсеткен.

Мiне, қызық, Костя бүгiн әдетінен жаңылып, дастарханға оң қарап отыр. Шикiлсары “Экстраның” темiр қалпағын тiсiмен жұлып ала бергенде, старшинамен жарыса бұл да бүйiрi қабысқан қалайы кружкасын созған. Орловтың кiшкентай көкшiл көздерi шекесiне шығып, мұздай қатып қалды:

– Сен рульде емессiң бе?

– Арақ iшкен адам рульдi ұстай алмайды деп кiм
айтты?

Шикiлсары “шеф, не iстеймiз?” дегендей бастығына қараған.

– Құй! – дедi старшина иек қағып. Шофердiң жолынан жаңылып аяқ астынан бұлай құбылғанына әрi таңырқады, әрi iшi жылып отыр. Үшеуi шүпiлдеген кружкаларды қаңтармай қағыстырды да қағып салды бiр деммен.

Старшина бетiнiң быт-­шыты шығып, апыл-­ғұпыл бiр жапырақ қара нанды мұрынына басып аз­-кем отырды да, сәл адам қалпына келген соң Костяға риза қалыппен көз тастады.

– Вот это другой разговор. Теперь ты свой человек!

Костя бұрын бұлай кружкамен iшiп үйренбесе де ашырқанған жоқ. Өңi қуқылданып, одан ары қанын iшiне тарта түстi. Басы қақшаңдаған бiр шұбар жылан көкiрегiнде ширатылып шиыршық атты.



2

Костя Новиков тың игерушiнiң баласы болатын.


Өзi де сегiзiншi кластан кейiн Державиндегi СПТУ-дi бiтiрген. Бесаспап механизатор. Трактор-­комбайнның құлағында ойнайды. Әскердi бiтiрген соң туған совхозына барып жұмыс iстемекшi. Ата-анасы – сол өзi туып-өскен “Нахимов” совхозының iргесiн қалаушылардың бiрi. Екеуi Россияның екi қиырынан комсомолдық жолдамамен келiп, осы жерде бас қосыпты. Ойхой, Арқаның боранын айтсаңшы, кей суретi көз алдына елестесе, шiлденiң шiлiңгiрiнде отырып төбе құйқаң шымырлайды. Аспан мен жер астасып ақ түтек боп тұрып алады. Күн соғады, түн соғады, апта бойы ұйтқып, ұлып жағы сембейдi. Қар дегенiң тып-­типыл сипап үйдiң төбесiнен жүрiп кетедi. Кебiн жамылған әппақ дала. Аузы­-мұрыны жоқ, бiтеу. Мал қораның төбесiндегi тесiктен сыртқа шығып, есiк алдын аршисың. Үй мен мал қораның, көршiлердiң арасына қарды үңгiп қатынайсың. Қардың асты “ақ қала”, тарам­-тарам жол, көше. Анда-­мұнда бармақ боп бала­-шағасымен сыртқа шыққанда жұрт бiр­-бiрiнен адасып қалмау үшiн арқаннан ұстап жүредi. Сыртқы дүниемен байланыс жоқ. Жолдың бәрi бiтелген. Қар тұтқынындағы аядай ауыл шықпа, жаным, шықпамен қалтырап-­жаурап қалт-­құлт етiп отырады. Күннiң көзi жылт етiп ашылған сәтте құтқарушыдай “Ан-­2” жетедi барылдап. Күннiң сәулесiн күмiс қанатымен оңды-­солды сапырып шарықтап жүрген бақыт құсы сияқты. Ауылдың төбесiнде айнала ұшып қап-­қап ұн, қант, тең­тең газет-­журнал тастап кететiн.

Осындай боранды күндердiң бiрiнде әкесi трактормен далада қалып үсiп өлген. Төрт жастан жаңа асқан кезi. Шала­-шарпы ғана есiнде. Әкесi ұзақ уақыт жоқ боп кеткенге қатты iздеп сағынатын, қыңқылдап мамасынан сұрайды. Ол: “жақында келедi. Көп конфет әкеледi...” дейдi де, өзi мұны құшақтай алады. Ып-­ыстық, толық кеудесi селкiлдей жөнеледi... Кейiн есейгенде үлкендерден мән­-жайды сұрап бiлген. Боран басылған соң бригаданың жiгiттерi төңiректi сүзiп жүрiп тракторды тауып алады. Кабинада бiрақ әкесi жоқ боп шығады. Трактор батып қалған соң жаяулап жетем деп адасып кеттi ме екен? Қар ерiгенде ауылдың дәл iргесiнен табылады. Әр жерде шашылып, сүйегi ғана қалған. Қасқыр жесе керек. Киiмiнен ғана таниды... Әкесiнiң мойнына асылып еркелеп асыр салатын қайран дәурен ендi жоқ. Жан тырнаған жабырқау, сұрқай күндер басталды. Қазаның күйiгiне шыдай алмай мамасы қатты күйзелдi. Қайғысын басу үшiн арақ iшетiн болды. Кей күндерi тұра алмай жатып қалады. Қарындары аш, қаңыраған мұздай үйде аяғын жаңа басып жүрген қарындасы Ангелина екеуi мұрынбоқтары жерге шұбатылып жылап отырғаны. Бiрақ үй суық болғанмен, айналадағы адамдардың көңiлдерiнiң жылуы бұларды тоңдырған жоқ. Совхоздың саманнан салынған қос ауыз үйiнiң екiншi жартысында Сапарбай аға мен Күмiсжан тәте тұрады. Бiр ұл, екi қызы бар. Қайрат мұнымен құрдас, кiшкентай Жұмагүл Ангелинамен жасты. Бұлардың шырылдаған дауысын естiп, не ағай, не тәтей жүгiрiп келедi. Ангелинаны көтерiп, мұны жетелеп үйлерiне әкеледi. Табалдырықты аттағаннан жылуы беттi шарпып, пейiшке енгендей боласың. Әсiресе сүрiнiң иiсiн айтсаңшы. Аузыңа тигенше сiлекейiң шұбырады. Қарының тойып, бойың жылынған соң бәрiн ұмытып ойынға кiрiсесiң. Бес бала текеметтiң шаңын аспанға шығарып асыр салып, аядай үйдi у-­шу базар қылады. Қайраттың кiндiгiне қорғасын құйған сақалары мен қызыл, көк, сарыға боялған асықтары көп. Сонымен ойнауға жалықпайтын. Күн ашықта жылы киiнiп сыртқа шығады. Айқабақ, сабалақ қара төбетке шана жегiп, кеш батқанша үйге кiрмейтiн. Ес жиғанда шешесi әкетсе әкеттi, әйтпесе осында жата кетедi. Бесеуi бiр үйдiң баласындай бiрге өстi. Сенiкi-­менiкi жоқ. Тату-­тәттi. Бiлмейтiндер ағайынды екен деп ойлап қалатын, бiрақ түрлерiнiң бөлектiгiне қарап:

– Сапеке, балаларыңыздың сорттары әртүрлi ғой, жартысы қара, жартысы сары боп кеткенi қызық екен? – дейтiн кейбiрi әзiлдеп. Ондайда Сапарбай ағай жiңiшке қара мұртын сылап қойып, қулана жымияды.

– Е, тәйiрi, бiр биеден ала да, құла да туа бермей ме, бәйбiшенiң бір ұрлығы бар шығар, қайдан бiлейiк!

Осынау алалауды бiлмейтiн қарапайым, әзиз жандардың арқасында жоқшылық көрмедi. Әйтпесе аштық пен ауырудан өлiп қалар ма едi не көзi биттеп жетiмханада жүрмесiне кiм кепiл?

Кейiн мамалары iшудi азайтып, үй iшiне қарайтын болды. Бiрақ бұлар сонда да Сапарбай ағаның үйiнен шықпайтын.

Қайрат қазiр Тынық мұхит флотында матрос. Хат жазысып тұрады. Жұмагүл мен Ангелина оныншы класта бiрге оқиды. Екеуi де әсем боп бойжеттi. Әсiресе Жұмагүлдiң сымбатын көрсең. Жазда демалысқа барғанда көрiп, аузын ашып қалған. Бiр жылдың iшiнде танымастай боп өсiп кетiптi. Сұңғақ бойлы. Кеудесi дүмпiп, мықыны толыса түскен. Мұның аңтарылып қарап қалғанына қысылды ма, сопақша аққұба жүзi лып қызарып шыға келген. Тура қарамай, жалт­-жұлт еткен үлкен қара көздерiн төңкерiп, алып қаша бередi. Есiк алдында абайсыз ұшырасып қалған, екеуi өмiрiнде бiрiншi рет бiр-­бiрiнен ұялып тұр. Не болғанын өздерi де түсiнбейдi. Бұрынғы көрген жерде арсалаңдап құшақтаса кететiн салдыр­-күлдiр риясыз қылықтары қайда? Әлде екеуiнiң есейгендiгi ме? Әйтеуiр сөздерi қиыспады. Қысылған тек тұрмастың кебiмен, бұл әрнәрсенiң басын шалып әуре. Не айтқанын өзi де түсiнбейдi. Қыз басын көтерген жоқ. Күн күйдiрген қоңырқай жұмыр балтырын созып туфлиiнiң ұшымен сыз топырақтың бетiне доға сызғылаумен болды... Бiртүрлi қызық хал. Бұл да кiбiртiк. Ендi Сапарбай ағаның үйiне әдеттегiдей емен-­еркiн кiре алмайды. Әлденеден тартыншақтай бередi. Жұмагүл де мұнымен ұшырасудан тайсақтайтын секiлдi. Бұл не жұмбақ? Әйтеуiр осы жаз Жұмагүлдi көргеннен берi көңiлi алаң. Түсiнен шықпайды. Бiр қуанып, бiр мұңайып көкiрегi алабұртады. Көз алдында оянған елестерге елiтiп, небiр тәттi қиялға бататын.

3

Мына екi күнгi лаң бұған қатты әсер еттi. Сең соққан балықтай есеңгiреп қалды. Адам баласы да бiр-­бiрiне мұндай қатыгез болады екен ғой. Кешеден бергi көрген сұмдықтардан жаны түршiгедi. Қарусыз, қорғансыз жастарға солдаттар не iстеген жоқ: күрек, дубинамен басқа-­көзге төпеледi; қуып жүрiп итке талатты. Шала-жансар денелердi машина-машина ғып тиеп айдалаға әкеп, аязда ақ қардың үстiне лақтырып жатыр; тонады, зорлады... Мұнша қорлайтындай не жазды олар? Осы қиянат, зұлымдықтың бәрi орыс халқының атынан жасалып жатқанын көрiп, өзiнiң орыс болғанына арланды. Қазақтың не басқаның орыстан қай жерi кем? Бұлай өктемсiп, басыну өзiнiң топастығын көрсету емес пе? Өзi туып-өскен совхозда орыс та, қазақ та, шуаш та, молдаван да тұрады. Бiрiн-бiрi ешқашан жатырқап, алалаған емес. Тiптi ондай сезiм ойларына да кiрiп-­шықпайтын. Бiте қайнап, бiрге өстi. Адамдарды бөлсе, жақсы-­жаман деп қана бөлетiн. Әке­-шешесiнен көрмеген жақсылықты Сапарбай аға мен Күмiсжан тәтеден көрмеп пе едi. Жатырқап шетке тепкен жерi бар ма? Қазаққа қол көтергенi соларға қол көтергенi емес пе? Ендi сол аяулы жандардың жүзiне қалай қарамақ? Жұмагүлдiң алдында не деп ақталады? Мұңайып, кiнәлай қарап бұдан жырақтап бара жатқандай сәт сайын. Зәбiрлеп, өз қолымен ештеңе iстемесе де, басқалардың зұлымдығын көрiп, куә болудың өзi қандай азап. Дәрменсiз сорлылығына қиналды. Ішi жылап, ұлып тұрса да, қыңқ етiп қарсылық көрсетуге жарады ма! Кеше мына екi жауыз бұтаның арасында қорғансыз қызды көжектей шыңғыртып айуандық жасағанда қалай шыдап тұрды? Бар iстегенi шырылдаған дауысын естiмейiн деп құлағын басып, терiс қарап кемсеңдеген. Неге монтировкамен қарақұстарын аузына түсiрмедi? Өз басын ойлады. Ұрып не өлтiрiп кете ме деп қорықты. Осыдан кейiн де өзiн еркекпiн дейдi-­ау. Кек пен қорлыққа булығып түнiмен көз iлмеген. Ара-­арасында жастықты тiстелеп өксiп­-өксiп алады. Көкiрек буып қабындаған дүлей ашу шығарға жол таппай шиыршық атады.



4

Ізiн суытпай бiрiнен кейiн бiрiн жиiлетiп қағып тастаған екi кружка арақ бiрден ойнап басына шықты. Өжеттенiп, көзi оттай жайнап шыға келдi Костяның. Ештеңеден тайынар емес. Тас түйiлiп сұстанып алған. Ішiндегi сұр жыланы ысқырып, атылғалы отыр.

Арақ iшкенiне қыбы қанып, ризашылық танытқан старшина:

– Мiне, жүзiңе қан жүгiрiп адам болып қалдың ғой. Баяғыдан берi өстiмейсiң бе! – деген ұрты бұлтылдап күйсеңдеген күйi қабақ астынан жымсия қарап.

– Сен – хайуансың! – дедi Костя кек тұтанған көзiнен көк жалын бүркiп. Анау аузындағысын қылғына әзер жұтты.

– Не?


– Екеуiң де малғұнсыңдар! Азғын!

– Ей, сүмелек, тiлiңдi тарта сөйле! – Орлов мойынын бұрай созып, алыса кететiн адамдай ұмтыла түсiп тоқтады.

– Тартпаймын, не iстейсiң? Екеуiңдi де соттатамын. Түрмеде шiрисiңдер?

– Не үшiн? – Старшинаның суық жанары сығырайып ұстараның жүзiндей сызаттана жарқ еттi.

– Не үшiн екенiн өзiң бiлесiң. Кешеден берi не iстеген жоқсыңдар!

– Не iстеппiз?

– Қорлағандарың аздай, ана шала-жансар жатқан адамдарды тонадыңдар!..

– Тағы не бүлдiрiппiз, иә, сайрай түс?

– Кеше ана бiр қызды зорладыңдар!..

– Ё­мое, ақ перiштем­-ай! – Старшина iшiн басып сықылықтап өтiрiк күлген болды. – Өзiң де “дәм” таттың емес пе! Бiзден қалған “итаяқты” жалаған кiм екен, ха­-ха-­ха! – Айызы қанып, заһарын төге әжуалады.

– Қателесесiң. Мен сендердi алдап соққанмын.

– Қалай?

– Сендерден қорқып, жәй көз алдағаным болмаса, ештеңе iстегемiн жоқ ол қызға. Құдай куә, арым таза!

– Ой, апостол! Николай әулие! Сенiң түк iстемегенiңе құдайың куә бола алмайды. Аузың жесең де, жемесең де қан. Бәрi бiр ақтала алмайсың!

– Мейлi, өз арымның алдында тазамын.

– Сонда не iстемексiң?

– Осы iстегендерiңнiң бәрiн командирлерге айтамын. Олар қиқаңдаса, әскери трибуналға шағымданамын.

– Мә, қылып аларсың! – дедi старшина қолын шығарып. – Сенiң сандырағыңды кiм артына қыстырады?.. Дәлелдей алмайсың! Тiптi болмаса, сенi бiрге ала кетемiз.

– Мейлi, кетсем кетейiн. Сендердi түрмеге тықпай тынбаймын.

– Егер соттата алмасаң ше?

– Онда екеуiңдi өз қолыммен өлтiремiн! – Костя ветчина тураған жүзi сүйем қарыс қайқиған қара селебені шап берiп, орынынан ұшып түрегелдi. – Тура осы жерде бауыздап саламын!

Ана екеуi сiлейiп сәл қыбырсыз қалды да, iле созалаңдай көтерiлдi. Қайсымызға салып алар екен дегендей, көз алмаған күйi сескенiп шегiншектей бердi.

Костя шын аянбасқа бекiнгендей, қатал сұспен кек түйiп, қанын iшiне тартып алды. Селебенің жалаңдаған жүзiн жайқап, екеуiне алма-­кезек тап-тап ұмтылады. Аналар да ес жиып, қашқалақтағанмен ұзамай айналсоқтап, қалай қапысын табудың айласын ойлап жүр. Старшина жалтақтап жан­-жағын қарағыштап едi, қолға iлiгер ештеңе байқалмады. Үшеуi бiрiн-­бiрi аңдып, арбасып, қардың бетiн шиырлап шыр айналды. Дегенмен, аңдысу ұзаққа барған жоқ. Талай сойқанды бастан өткерген жырынды старшина бәрiбiр айласын асырды. Малақайын алып Костяның бетiне жiберiп қалған. Анау жасқанып жалтарам дегенше қырқай сiлтеп алақан қырымен бiлезiктен қаққан. Селебе анандай жерге ұшып кеттi. Іле оң аяғын шалт көтере ауада шеңбер сыза шыр айналып өкшесiмен дәл кiндiктен тепкен – Костя жерден жарты метрдей көтерiлiп қардың үстiне бұрқ ете түстi. Тiзесi иегiне жете дөңгеленiп тыпыршып жатыр. Старшина шикiл сарыға қасын қақты.

– Бар, теп!

Айтақ күткен сары бұралқы ойланған жоқ. Пышақтан қорқып қашқақтап анандай жерде үдiрейiп тұрған, қасқыр жыққан жемтiкке қарқылдап ұшатын қарғадай құнжыңдап құлшынып кеттi. Ұмтылып келiп тепкiлей жөнелдi. Басқа-­көзге қарар емес. Қанқұмар өшпендiлiкпен қорғансыз дененi тепкiлей бердi-­тепкiлей бердi... Аяғын көтеруге шамасы келмей салығып шаршағанда әзер тоқтаған. Имиген құзғын тұмсығының ұшынан тер тамшылап, екi иiнiнен дем алып тұр. Костяның аузынан лақ етiп қан кеттi. Денесi бiр жиырылып, бiр созылып жанталаса селкiлдеп барып сәлден кейiн жайымен сұлап қимылсыз қалды.

Бағанадан берi үнсiз бақылап тұрған старшина жорта зекiдi:

– Ей, бұл не iстегенiң? Өлтiрдiң ғой! – Костяның қасына келдi де, қабағына кiре төңкерiлiп ашық қалған көзiн көрiп басын шайқады. – Өлiп қалды.

Шикi сары түкке түсiнбей бақырайып бетiне қарады:

– Не?

– Ну, хана тебе, малыш! Бiттiң, балақай! Кiсi өлтiрдiң!



– Теп дедiң – тептiм!..

– Теп дегенде, өлтiр деген жоқпын ғой.

– Ендi не болады? – дедi Орлов шегiр көздерi шекесiне шыға шапраштанып.

– Не болушы едi? Трибуналға кетесiң. Атыласың!

Не iстегенi санасына ендi жетсе керек, Орлов:

– Қалай? – дедi шоқ басқандай шар етiп. Старшина одан сайын үрейдiң отын үрлеп қоздыра түстi:

– Кiсi өлтiрген адамды атпағанда не iстейдi? Орден бередi деп пе едiң?

– Ал, сен ше?

– Не мен? Менiң бұған қатысым жоқ.

– Неге қатысың жоқ? Теп деген сен емессiң бе?

– Теп десем, тебе бересiң бе? Андағы иығыңдағы бас па әлде капуста ма? Неге ойланбайсың? Пәлеңнен аулақ. Тепкiлеген – сен. Өлтiрген – сен. Атылатын да сенсiң!

Орлов аузы бiр жаққа, бетi бiр жаққа қисайып, меңiрейiп сәл тұрды да, өкiрiп жерге құлай кеттi. Еңбектеп барып старшинаның аяғын құшақтай алды:

– Тольян, ендi қайттiм, құрыдым ғой? Құтқара гөр!

Старшина мiз бақпаған күйi ананы әбден жылатып, жалбарынтып алды да:

– А­а-­а-­а, өлгiң келмей ме? – дедi мысқылдай мырс етiп. – Ендеше тыңдап ал. Құтылудың бiр ғана амалы бар.

Орлов өксiгiн тиып, басын көтердi. Маңқасы жiптей шұбатылып барып жерге үзiлiп түстi. Ол не амал дегендей старшинаның бетiне үмiтпен емiне қарады.

– Пәленi қазақтарға жаба салайық. Солар өлтiрiп кеттi деймiз. Тергеп­-тексергенде сен былжырақтап жүрмесең болды. Екеумiздiң сөзiмiз бiр жерден шығуы керек.

– Құлың боп өтейiн! – дедi Орлов көзiнен үмiт ұшқыны оянып. – Не айтсаң, соны орындаймын.

– Ендеше қауашағыңа құйып ал: “Айдалаға әкелiп түсiрген кезде қазақтар өзiмiзге тарпа бассалды, – дейiк. – Екеумiз қашып үлгiрдiк. Новиков қолға түсiп қалды. Бiр жарқабақтың түбiнде тығылып жатып, аналар ұзап кеткен соң қайтып келсек, Новиков өлiп жатыр екен.” Айтар сөзiмiз осы болсын. Мың қайталап сұраса да, осыдан танба!

– Ұқтым...

Екеуi Костяны аяқ­-қолынан көтерiп әкелiп, ырғап-­ырғап машинаның қорабына бiр­-ақ атты. Қан тамшысын қармен таптап жапты. Машинамен арлы-­берлi шиырлап, iз тастап, ертең тексере қалғандай болса, көрсететiн тұстарын көзбен белгiлеп, қалаға қарай тартқан. Алдағы болар спектакльдің дайындығына бек шеберлiкпен кiрiсiп кеткен қос жәдiгөй арсыз беттерiне қайғының қисық ауыз көлеңкесiн шаптап, көз таныс біреу жолыға қалса, әне-міне еңіреп жiберердей танауларын қорс-қорс тартып, кемсеңдей күйзелiп, күйреп отыр.

ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУ

ЖАҒАДА

1

Ақ кебiн жамылып сазарған жым-жырт даланың шырқын бұзып ыңыранған домалақ сары автобус баяу жылжиды, бораннан кейiн күрелген жолдың жиегiндегi жал-жал қардан төбесi қылт-қылт етiп әзер шалынады кей тұста. Қыстың қарға адым күнi баюға жақын – қыбыладағы жайдақ төбенiң иығына баданадай қызыл тамшы әне-мiне тамайын деп тұр. Күнi бойғы өнiмсiз мимырт жүрiс жолаушыларды әбден дiңкелеткен – әр тұста бiр қарауытқан бастар машина шоқалақтаған сайын орындықтың жиегiнде жүгiрген шариктей арлы-берлi былқ-сылқ етедi.

Кешкi ымырт ұялаған автобус iшi азынаған суық. Арт жақтағы бос орындықтардың бiрiнде шоқайып, жалғыз отырған Сәбираның көкiрегi одан да күңгiрт, одан да ызғарлы. Қырау басқан ақ шел терезеге телмiрген күйi мелшиiп отыр. Сезiмсiз, суық жанарына сырттағы көшкен көрiнiстер селт еткiзiп сәуле түсiрер емес.

Алаңдағы уақиғадан кейiн апта өтпей жаппай тергеп-қудалау науқаны қала iшiн iндеттей жайлай бастап едi. Талай тағдырды талқандаған қара дауыл Сәбираны айналып өткен жоқ. Желбiреген жас қайыңды түбiнен опырып құлатпаса да жапырағын жұлып қуартып кеттi. «Шеруге шыққандарды суретке тартып алыпты, iлiнбей қалғандарды жансыздар арқылы тiзiмге алып жатыр екен» деген сыбыстан үрейлерi ұшып ине ұшында жүргенде, үш әрiптiң салпаң құлағы келiп, Алаңға барған жиырма төрт қызды парткомның бөлмесiне бiр-бiрлеп шақырған. Жетi аталарына дейiн тергеп-тексерiп түсiнiктеме жаздырды. Көрген зәбiр-жапаларын айтып шағынғанмен түк өнбедi. Пәленi өздерiне үйiп-төктi. Кейбiр жаны ашығандар «жас қой, балалықпен бiлместiк жасаған шығар. Жұмысты жақсы iстейдi» деп араша түспек болып едi, комбинаттың шовинист белсендiлерi: «кiмге iш тартып тұрсың? Совет өкiметiне қарсы шыққан бұзақыға ма? Байқа!..» деп ол байқұстардың өздерiне нос көрсетiп жалын күдiрейттi. Әсiресе партком мүшесi, бояу цехының озат жұмысшысы Малахова «Бiр жерлерiн қысып тыныш жүрсе бұларға кiм тиiсер едi. Бәрiне кiнәлi өздерi. Сондықтан ешқандай аяушылық болмасын!» деп қатты тебiттi. Ешқайсысы рай танытқан жоқ. Көбi соңғы уақытта көбейiп тегеурiн көрсете бастаған қазақ жастарының кеудесiн басатын оңтайлы тұста қамшы сiлтеп қалуға тырысса, кейбiрi жыл аяғында бөлiнер сыйлық ақшаға ортақтасар артық ауыздан құтылғанға қуанған шығар.

Бiр-ақ күнде документтерiн қолдарына ұстатып, жатақханадан айдап шыққан. Барар жер, басар тау жоқ, қаңғып қалды. Жұмыс iздеп бiрер жерге барып едi, еңбек кiтапшасын көрiп, басымыз екеу емес деп азар да безер болды. Содан амалсыз ауылға оралып келе жатқан бетi осы. Қатты жасып, күйреп келедi. Өткен күн – көрген түс. Кеше ғана жанарында бақыт оты ойнап, алдан тек жақсылық күткен алаңсыз, мұңсыз сәби көңiл балауса қыз едiм дегенге өзге түгiлi өзiнiң де сенуi қиын. Жастық деп аталатын бәйшешегi толықсыған жасыл жағалаудан тұтқиыл ұйтқыған дауыл жалғыз-ақ сәтте түп көтерiп алысқа апарып тастағандай. Тағдыр өртеген сәулелi суреттердiң күлiне суынған кексе, сұлық көңiлмен қарайды.

Сол бiр қаралы түн көкiрегiндегi маздаған жарықты бiр-ақ үрлеп өшiрген. Ендi одан иненiң жасуындай жылт еткен жылы ұшқынды көрмейсiң, тас түнек, қапас. Жаны да, тәнi де қорланған тiрi өлiк. Өмiрде жақсылық, жарқын үмiт бар дегенге сенбейдi. Жайнаған жүрек бақшасын осынау қаhарлы үш күннiң сұрапыл аязы ұрып, қайтып гүлдеместей, көктеместей бiр жолата солдырып кеткен тәрiздi.

Әзиз-Сұлтанды әнеукүнi әкесi ауырып үйiне кеткеннен берi көрген жоқ. Бәлкiм бұл жоқта келiп, жатақтағы қыздардан жаманат хабарды естiген соң қолын бiр-ақ сiлтеп жоламай кеттi ме? Әлде топ бастаған серкелердi көзiнен тiзiп қамап жатқан мына топалаң науқанның қыл бұғауы оның да мойнына түсiп, өз жанымен қайғы боп жүр ме екен? Бiрнеше мәрте iздеп бармақ боп оқталғанмен батылы жетпедi. «Ендi мен кiм, ол кiм. Не бетiммен бармақпын» деп iркiлген. Абайсызда жерге түсiп, лас табандардың астында тапталып керексiз боп қалған заттай сезiндi өзiн. Өзiнен өзi жиiркенедi. Мына түрiмен ондай жiгiттiң бекзатына қалай тең болмақ, қалай жарқырап күлiп жанында жүрмек? Мейлi, ол тiптi түсiнiп не аяғаннан бұрынғыдай аялап әлпештесiн. Бiрақ оны көрген сайын өзiн жартыкеш сезiнiп, жасып, қорланып өтпей ме қалған ғұмыры. Жо-жоқ, шiркеу түскен күнәhар жүзiн көрсетпейдi, ең болмаса көкiрек айнасында пәк бейнесi қалсын. Қайтып көзiне түспейтiндей бiржолата қарасын батырады. Бұның нендей күйге ұшырағанын бiреулерден естiп бiлер, бiлмесе – тiптен жақсы. Қапияда көз жазып қалған асыл арманын аңсап алданышпен өтсiн тым болмаса. Көзiне көрiнiп күйiк тастап күйретiп кеткеннен не опа. Көңiлiне тереңiрек үңiлсе, өзiн емес, оны аяғаннан осы тәуекелге бел буған сияқты. Оның жүрегiнде қалу үшiн кетiп бара жатқан жоқ па. Қорланған жаны, ластанған тәнiндегi кiр шалмаған кiшкентай жалғыз арал – бұның Әзиз-Сұлтанға деген махаббаты. Әлi талай таң атып, жарқырап күн шығар, бiрақ бұның көкiрегiндегi шөккен қара бұлт айығар ма. Тек сол бiр бақытты күндердiң сәулелi елесi ғана бұның да жас болып жадырап күлгенiн еске сап алыстан қол бұлғап мұнартып тұрар.

Ыңыранған автобус қоңыздай өрмелеп көлденең қырдың шоқтығына көтерiлгенде бөктердегi шағын ауыл мен мұндалап алдарынан шыға келдi. Бытырап жайылып бара жатқан малдай дөңестiң үстiнде бей-берекет шашырап жатыр. Үй-үйдiң мұржасынан ақшыл түтiн тiк шаншылып жарыса будақтайды. Туған ауылының түтiнi! Жарты жылдан соң ат басын тiреп тұр. Ата-ананың бауырынан аттап шығып көрмеген Сәбира үшiн бұл қаншама ұзақ уақыт десеңшi. Күнi айдай, айы жылдай созылып бiтiп бердi ме. Алғашқы еңбек демалысым қашан болар екен деп он бiр айдың әр күнiн санаумен өткiзетiн. Ендi, мiне, әр көшесi, әр дарағы түнде түсiнен, күндiз есiнен кетпей жанына сағыныш ұялатқан туған ауылы жарқ етiп алдынан шыға келгенде көңiлi селт еткен жоқ. Бiр түрлi суық, жат. Алдында қалың табалаушы тұрғандай. Сонау батқан күннiң соңғы шапағымен жылт-жылт жанған жатаған терезелер «бетiм-ай, ананы қара!» деп сыртынан жымсия сығыраятын жымысқы көздер сияқты. Жақындаған сайын суханы ұшып қалтырап келедi.

Автостанция басында кiсi сирек. Соңғы автобусты күткен шағын топ шоғыр-шоғыр боп әр жерде қараяды. Денi басқа жақтан келгендер. Сонда да таныс бiреу-мiреу кездесiп қала ма деп жасқанып, ешкiмнiң бетiне көз тiктеп қараған жоқ. Түбiт шәлiсiн қабағына түсiре байлап, тонының жағасын тiк көтерiп бет-аузын бүркеп алды. Қарсы ұшырасқанға сыртын берiп айналып кетедi. Қаңыраған бос залдың босағасынан озбай терезе алдындағы батареяға терiс қарап тұрып қолы мен тiзесiн жылытып алды да, қайтадан тысқа шықты.

Итарқа қырдың қалқасынан құлағы қылтиған күннiң соңғы шапағы су астындағы мыс легеннiң шағылысқан сәулесiндей көлкiлдеп қар бетiнде әлсiз жылтырайды. Маңайдағы жота-бұйраттардың бауырынан өрген көлеңке қара шапанының етегi сүйретiлiп ауылға қарай баяу еңбектеп келедi. Кешкi апақ-сапақта шулаған ойын баласынан бастап мал жайлаған, шаруа қамдаған жұрттың көбi күйбеңдеп сыртта жүр.

Алда не сый күтiп тұрғанын кiм бiлсiн, сумаңдаған сыпсықай өсек екi етегiн түрiнiп өзiнен бұрын шапқылап жеттi ме? Күмәндi ойға күптi болған көңiлi үркектеп таныс көздердiң сұғынан қаймығады. Ымырт қоюланып, ел аяғы саябырлағанша аялдай тұрмақ боп вокзал үйiнiң ығына кеп бой тасалаған.

Боз мұнарға бөгiп шаңытқан жым-жырт кеңiстiк қоңыр кешке басын сүйеп қалғып тұр. Жаны құлазығын Сәбира әлдененi алданыш қылу ойымен қарсы алдына немқұрайлы көз салды. Вокзалға тұмсық тiрей жығылған түп-түзу кең көшеде қимылдаған тiрi жан жоқ, алаң-ашық. Қадап қойған сыпыртқыдай жиектегi белуарынан қарға қылғынған көктеректердi санамалап жылжыған жанары лезде шолақ көшенiң сауырынан сырғып түсiп, ұшы-қиырсыз созылған ақ далаға тiрелдi. Қарайып барып шорт қиылған жол сүтке батқан шөмiштiң сабы сықылды. Бұл – жазық дала емес, мұз құрсанып, қар жамылып жатқан көлдiң бетi. Жаз болса жер-дүниеге сыймай көлкiген айдын ауыл iргесiнде көк торғындай судыр-судыр желбiреп жатар едi. Толқынның сыңғырлаған, сылдырлаған тәттi күлкiсiне шағаланың шаңқылы, қаз-үйректiң базарлы үнi қосылып, тiршiлiк гимнi толассыз шертiлетiн. Қамысты аралдың иiнiнде қалқыған аққу шоғыры кесек-кесек қар секiлдi елестейдi. Анда-санда айдынның етегiн үтiктеп, ақырын маңған ауыр баржа жағаға сәлем жолдап боздап өтедi. Әсiресе қандай ғажап айлы түн. Төбең де аспан, төмен де аспан – жымың қаққан жұлдыздар, сұйық ұшпа бұлт дiрiлдеп су түбiнде шөгiп жатқаны. Толған айдың күмiс теңгесi секеңдеп толқын бетiнде «май жалатпақ» ойнайды. Төбеңнен сiркiреген сүт сәуле жан-дүниеңде тырнақ ұшындай қара дақ қалдырмай ағартып жiбергендей, осынау нұрлы әлемге соншалық бiр пәктiкпен елжiрей қарайсың. Сусыған жып-жылы майда құмды жалаң аяқ көсiп, алқынған, сиқырлы үнмен сыбырлаған толқынның салқын демiне кеудеңдi тосып тұра бергiң келедi.



жүктеу 2,03 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   29




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау