Жертөледегі жазу



жүктеу 2,03 Mb.
бет19/29
Дата20.11.2018
өлшемі2,03 Mb.
#22392
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   29

ЖИЫРМА ҮШІНШІ ТАРАУ

АҚБОЗ АТТЫ АСАУ ЖЫР

1

Әзиз-Сұлтан тергеушiнiң бөлмесiнде құлақшынын баса киген екi айдауыл ұзын сирақ жендеттiң ымдауымен тарпа бас сап тепкiлеп-тепкiлеп түн ортасы ауа камерасына сүйреп әкеп тастағаннан берi әлi ес-түссiз. Тас қараңғы меңiреу тыныштықты бұзып үзiк-үзiк қырылдаған тынысы ғана тiрлiгiнен белгi бергендей. Сандырақтаған санасы сапырылысқан елес. Темiр есiк ашылды ма, жылтыр шынжырға тiзiп, күзетшiнiң бiлегiне асып жүретiн бiр бума кiлттiң үйреншiктi сылдыры естiлгендей болды. Жо-жоқ, саздай сүйкiмдi дыбыс, күмiс жүгеннiң сылдыры. Аяғын әсем басқан аяңшыл аттың езуiндегi сағалдырықтың сыңғыры ма, қалай? Әне, даланы тұяқ дүбiрi кернеп, жылқы кiсiнедi.

Кенет түрме iшiндегi қара түннiң қарыны қақ айырылды. Қол созым биiктегi алақандай қуыстың сығырайған көзi шырадай жанды да, бiрте-бiрте ұлғайып, жарық дүниеге кең ашылған терезеге айналды. Қара түндi қақ жарып бiр әппақ елес кезiп жүр: ақша бұлт па, әппақ құйын ба? – жо-жоқ, жал-құйрығы желбiреп жүйткiген қос ақ боз арғымақ! Мойынын аққудай созып, әппақ нұр боп ағып келедi. Қатарласқан қос арғымақтың бiрiне Олжас мiнген, үстiнде ақ жiбек көйлек, белiн шарт буған көк шәйi белбеудiң шашақты ұшы оң бүйiрiнде байрақтай желбiрейдi.

Бiр үзiм көк зеңгiр аспан. Ақын ақ сүңгiсiн үңiлтiп қаптаған жауды түре қуып келе жатыр едi, кенет ақ бұлтты ақ сақалына ораған бiр сұсты қария биiктен сорғалап кеп найзасын жұлып алды да қолына ұшынан от шашқан алтын қалам ұстатты. Қалам ұшынан шашыраған ұшқын бiр-бiр жұлдыз боп жарқырап аспанға қонып жатыр. Алтын қаламнан ақ сүңгiден бетер қорыққан жауға қарап тұрып Ақын қабағын түйедi:

Жауыздықтың үш түрi бар кәдiмгi:

Бiр жауыздық жаралайды тәнiңдi;

Бiр жауыздық жаралайды жаныңды;

Бiр жауыздық жаралайды тәнiңдi де жаныңды...

Екiншi ат бос. Ағындап жеткен бойда қарсы алдына көлденеңдеп тұра қалды.

– Тұр, бауырым, шық қапастан! – дедi Ақын күндей күркiреп.

– Тұра алмаймын. Өне бойымда сау тамтық жоқ соққыдан.

– Сөйлеуге тiлiң келгенде тұруға әлiң келмегенi ме! Менiң бауырым ондай жасық болуға тиiс емес. Тұр орныңнан! Мен сенi кең далаға, бостандық елiне алып кетуге келдiм.

Әмiрлi дауыс қолтығынан демегендей орнынан қалай атып тұрғанын бiлген жоқ. Бойы жеп-жеңiл. Жанын шырқыратқан ауруы қайда кеткенi белгiсiз. Қунақ басып кеп арғымаққа қарғып мiнген. Шүу деп тақымын қысып қалып едi, ауыздығын қарш-қарш шайнап тыпыршыған жануар ыта жөнелдi.

Самал желпiп торғындай толқыған кең дала, таң шапағын бетiне жаққан шырайлы аспан. Қайран боз көделi бостандық отаны! Көңiл асқақ, қиял шексiз. О, кең дала, сенде соққан жүректiң iңкәр болмауы мүмкiн бе! Сенде жортқан тұяқтың тұлпар болмауы мүмкiн бе! Сондықтан сенiң боз жусаның ән-жырмен тербеледi; Көк аспаныңа қырандар ғана билiк етедi.

Көкжиектi кертiп асқақтаған арса-арса биiк таудың жықпыл-жықпылынан жырыла лықсып төгiлген күн нұрына мөлдiр таң рахаттана шомылып тұр. Қос жүйрiк шабысынан танар емес. Ақын оқ бойы алда. Ай маңдайы жарқырап, қара толқын шашы желбiреп, азат жүрегi асқақтап, құдiреттi үнмен аспан астын жаңғыртып келедi:

– Еh-hей, половецкий край,

Ты табунами славен.

Вон вороные бродят

В ливнях сухой травы.

Дай молодого коня,

Жилы во мне играют,

Я проскачу до края,

Город и степь

Накреня...

Жалын атқан өжет жырды жел iлiп ап қияндарға қалықтатып әкеттi, шың-құздар бiр-бiрiмен жарыса қайталап қоңыраудай күмбiрледi. Бұрын-соңды мұндай айбынды зор дауысты естiмеген дала дүр сiлкiнген. Жапанды ен жайлаған мақұлықтардың зәресi ұшып, бiрi iнге тығылып, бiрi бетi ауған жаққа тұра безген.

Кенет ши арасынан қорс-қорс етiп, бiр қап-қара қабан шошқаның алдынан көлденеңдеп қаша жөнелмесi бар ма. Жалт берiп үрiккен ат кiсiнеп тiк шапшығанда бұл сыпырылып сауырынан түсiп қалды. Жерге қатты құлады. Еңсесiн көтере алар емес. Айғайлайын десе, дауысы шықпайды. Ойнап шыға келген ат ер-тұрманы жалтылдап айдалаға кеттi. Ақын артына бұрылып қараған жоқ, күн астына сiңiп барады күңірене күркiреп...

Әзиз-Сұлтан селт етiп көзiн ашып алды да, қайда жатқанын түсiнбей айналасына таңырқап ұзақ қарады. Жаңа ғана өзi атой сап бел ортасында жүрген қилы көрiнiс пен мына қай жағына қараса да жанарына желiмше жабысқан бұлдыр-бедерсiз сұрғылт қабырғалардың қайсысы өңi, қайсысы елес екенiн қапелiмде ажырата алмай мең-зең.

2

Түн ортасында тепкiлеп-тепкiлеп әкеп тастағаннан берi ес жиғаны осы. Күн шығыпты. Аузында темiр кiрес ырсиған кiшкентай қуыстан сыздықтаған қызыл шапақ қарсыдағы есiктiң шекесiне шоқ басып тұр. Бетон еденге етпеттей құлаған екен, iшi-бауыры мұз боп сiресiп қалғандай. Тұрмақ боп қозғалып едi, тас төбесiнен құйымшағына дейiн жұлын бойын қуалай өткiр қылыш осып өткендей, қалай айғайлап жiбергенiн бiлместен қайтадан орнына құлап түстi. Аузы-мұрынының қайсысынан аққаны белгiсiз, едендегi кәсе аузындай ұйыған қара қанды шынтағымен баса жығылды.

Тұла бойында қақсамайтын жерi жоқ. Сүйек-сүйегi үгiтiлiп, терi iшiнде сылдырап бос жүргендей. Атаңа нәлеттер қорлап құтырған итше тепкiледi-ау. Өкпе-бауыры езiлiп кеткен шығар. Әлгiндегiдей шалт қимылдамай, әуелi екi қолымен жер тiреп, содан кейiн бiр тiзерлеп, қабырғаға сүйене бiрте-бiрте бой тiктедi де, тәлтiректеп келiп iргедегi темiр-тақтаның үстiне қисайды.

Бүгiн, мiне, алтыншы күн еркiн тыныстар бiр жұтым таза ауаға зар боп тар қапаста жатқанына. Тәнi жара, көкiрегi нала. Басқа қорлығы аздай, мұнда сүйреп әкеп тыққанын айтсайшы. Қазақ болса, бармағы iшке бүгiлер, орыс болса, тiс батырды деген дауға қалармыз, одан да ара ағайынның қолымен от көсейiк деген есеп пе, тергеушiсi Аллахвердиев деген әзербайжан жiгiтi екен. Мұрнының астына ғана төрт бұрыштап кертiп мұрт қойған, шашын шекесiнен қақ жарып майлап тараған жып-жылмағай жылтыр қара. Әуелгiде фамилиясына қарап, мұсылман ғой деп iшi жылып қап едi, дiнi кәпiрден де қатты, қадалған жерiнен қан алатын қызыл көз пәленiң өзi екен. Адам тағдырын шешiп отырғанымен iсi жоқ, дөкейлерi қылмыскер деп ат қойып, айдар тақты ма – бiттi, терiс езулеп жан-тәнiмен соны дәлелдеуге асық.

КГБ шiркiн айтары жоқ, кiнәратсыз жұмыс iстептi. Елеусiз, қатардағы бiр бұның үстiнен мұнша мәлiмет жинаса, миллиондарды қалт жiбермей қырағы көздiң аясында ұстап отыру үшiн қаншалық күш-құдырет керек десеңшi. Сол екi күнгi мұның сөйлеген сөзi, iстеген әрекетi түп-түгел сайрап мұз қабақ тергеушiнiң алдында жатыр. Өткен-кеткендi көз алдынан өткiзiп, қалай екшесе де ақылға сияр емес, қолтықтасып қасында жүргендей, не iстеп, не қойғанын көзiнен тiзiп берiптi. Суреттер мен кинолентаға қарап отырсаң, тас лақтырып жүрген, әлдекiмдi таяқпен ұрып тепкiлеп жатқан ылғи да бұлар. Неткен жабайы бұзақылық дерсiң. Ал бұлардың бұрымдысын шашынан сүйреп, жатырынан тепкiлеген солдаттың етiгi, басқа-көзге төпелеген шолақ күректер мен темiр шыбықтар, өрт сөндiргiш машина шашқан судан үстi-басы малмандай болған бейшараны көк мұздың үстiне алып-соғып талап жатқан қасқыр иттер... қайда? Оның бiрi де жоқ. Жанұшыртқан далбасамен қорғану үшiн қолдарына ұстаған тас, таяқтары шошаңдап қазақтар ғана қалған объективте.

– ... Таяқ жұмсағаныңды мойындайсың ба?

– Мен қорғандым ғой.

– Қайдағы қорғанған? Әне, ұрып жатқан жоқсың ба?

– Темiр күрекпен пергiлеп басы-көзiңдi жарып жатқанда, ағаш таяқ ұстап қарсыласқан күнә ма?

– Олар – тәртiп сақшылары, қалай жазаласа да ерiктi. Артыңды қысып үйiңде отырсаң, кiм тиiсер едi? Не үшiн бардың Алаңға?

– Намысымды жоқтап бардым!

«Намыс сенiң не теңiң» дедi ме, тергеушi бетiне үнсiз ұзақ қарап мырс еттi:

– Iздегенiңдi тапқан шығарсың! Көзiң биттеп, мiне, ендi сотталасың. Өкiнбейсiң бе?

– Титтей де өкiнбеймiн. Қайта сол күнi Алаңға бармай бұғып қалсам, өмiр бойы жерге қарап өтер ем!

– Ух, ты дека-а-брист! Сөзiң ендi түзеле бастады, сөйлей түс. Алаңға саналы түрде барғаныңды өзiң де мойындап отырсың. Демек, бүлiкке дем берушiлердiң бiрi екенiңдi де терiске шығармассың?

– Бiрiншiден, мен мұны бүлiк деп есептемеймiн. Бiз Конституцияда көрсетiлген азаматтық хұқымызды пайдаланып бейбiт шеруге шықтық. Бүлiкке айналдырып жiберген – өздерiңiз. Бейбiт талаптан басқа не бас бұзарлық жасады жұрт? Сөздерiне құлақ асып, дұрыстап сөйлесе бiлгенде өздерi-ақ ың-шыңсыз тарап кетер едi. Өйтудiң орнына үкiмет шаптан түртiп өздерi арандатты. Халықтың қаhарынан қорықты. Басқаларды айбынтып уысында ұстау үшiн бұзақылардың бүлiгi деп басып-шаншып тастағанды жөн көрдi. Екiншiден, мен жүр деп ешкiмдi үгiттегенiм жоқ, өз жүрегiнiң жетегiне ерген көптiң бiрi боп бардым Алаңға.

Жылтыр қоңыр үстелдi қос шынтақтап, күшiгенше төнiп отырған тергеушi қалың қабағын бiр секiртiп алып, қасындағы телевизордың түймесiн сырт еткiзiп басып қалып едi, көзi жыпылықтап барып ашылған экраннан күндей күркiреп, әнеукүнгi тентек Алаң шыға келдi. Трибунаның түбiнде, дәл көсемдердiң көз алдында бұл саңқылдап сөйлеп тұр. Аузынан буы бұрқ-бұрқ етедi. Жалындаған сөзi одан да ыстық. Қолын екпiндете сермеп, сөзiнiң аяғын өлеңдетiп барып тоқтағанда, гуiлдеген Алаң дүр сiлкiнiп, «Бастырмаймыз кеудемiздi!» деп толқып күңiренiп кеттi.

– Бұл не, үгiт емес пе? – дедi тергеушi экранды сырт еткiзiп сөндiрiп жатып. – Бұдан артық қандай насихат керек? Көтерiл, жұмыл, қират! деп ұрандап жатқан жоқсың ба! Бұзақыларды бүлiк жасап, қоғамдық тәртiпке қарсы шығуға үндедiң. Бұның қандай қылмыс екенiн бiлесiң бе?

Әккi неме қиюын тауып, заңның алып дөңгелегiн бұған қарай ақырын дөңгелетiп әкеле жатыр, оңтайына келгенде шығырға түскен текедей бақ еткiзiп үстiнен жанши салмақ. Қап, «артық қайрат жанға қас» деп бабалар осындайда айтқан-ау дедi Әзиз-Сұлтан бiр сәт өкiнiшке бел алдырып. Осыншалық лапылдап көзге көрiнбесе де болатын едi ғой. Бiрақ бойды кернеп тасыған ыстық қан қойды ма. Айтатын жерде айтып қалмасаң, ататын жерде ата алмасаң, ондай өлексе кеуденi сүйретiп керегi не.

– Мен өз басым қылмыс iстедiм деп есептемеймiн! – дедi Әзиз-Сұлтан ширығып. – Мен тек партияның осы уақытқа дейiн жүргiзiп келген кейбiр саясатына өз көзқарасымды бiлдiрдiм. Партия өзi де сүттен ақ, судан тазамын деп отырған жоқ, жiберiлген талай қателiктердiң бетiн ашып жатыр. Қазiргiдей Демократия мен Жариялылық заманында азаматтық хұқымызды пайдаланып пiкiр бiлдiрсек айып па?

– Көп бiлесiң, жiгiтiм. Үйретушiң мықты ғой, сiрә. «Мысық пен тышқан» ойнап қайтемiз, турасына көшейiк әңгiменiң. Алаңда сөз сөйлеп насихат таратуға кiм итермеледi?

– Елдер шығып ойларын бiлдiрiп жатқан соң, мен де сөйледiм.

– Өйтiп жалтарма. Сендер алдын ала дайындалып алғансыңдар. Арғы жағыңдағы айтақтаушылардың әзiрлеп берген сөзiн айттың.

– Ешкiмнен сөз сұрамаймын. Құдайға шүкiр, екi-үш ауыз сөздiң басын құрауға өзiмнiң де шамам жетедi!

– Өлеңдi де табан астында өзiң шығардың ба?

– Иә.


– Тоже мне нашелся Джамбул! Бұрын тақпақ жазып көрiп пе ең? Газет-журналға шықты ма?

– Жоқ.


– Ендеше кiм сенедi сенiң ол сандырағыңа. – Тергеушi өзiнiң түсiнiгiне шаң жұқтырар емес.

Қазақстанның жаңа басшысы Алаңға шыққан «бұзақы, ұлтшыл элементтердiң» ұйымын әшкерелеп, таяу күндерде басшыларының атын атаймыз деп айдай әлемге жариялап қойған болатын hәм оның солай болатынына нық сенiмдi едi. Тиiстi мекемелерге қылмыскерлердi жедел түрде тауып, жазалауға нұсқау берген.

Жомарттық жасап, бiзге еңбек еткен елеусiз қалмайды деген ишарамен, «бүлiктi» басып-жаншуда айрықша атсалысқандардың шендерiн өсiрiп, наградаға көмiп тастады. Жас тергеушi шен құмар едi. Оп-оңай өсудiң, шен алып, шекпен жамылудың төбесi көрiнiп тұрғанда атқа қамшы баспай қалай қарап тұрсын, алақанын ысқылап, тапсырған iстi орындауға жаныға кiрiстi.

Жоғарыдағылардың сызып бергенi – сара жол ол үшiн, төрт сирағын байлап, алдына топ еткiзiп тастаған көк тоқтының «Аллаhу акбар» деп жаназасын шығарудан өзге ештеңе ойлаған жоқ. Қылмыскер деген екен, демек тек қылмыскер деп дәлелдеу керек, басқаша байлам – болашағыңа қойылған крест. Сондықтан табан жолынан таймайтын өлермен тергеушi өзi алдын ала кесiп-пiшiп алған жорамалын дәлелдеу үшiн айыпкерiн қия бастырмай қақпайлап қуды да отырды. «Бүлiктi басқарған белсендiлердiң бiрi осы. Уыстан шығармау керек. Жақсылап тұрып шырылдатсаң, қоясын өзi-ақ ақтарады» деген сенiмдi миына мықтап шегелеп алса керек.

– Он алтысы күнi ымырт қараңғысында номерсiз ақ «Волгамен» жатақханаларды аралап, үгiт таратқандарыңды анықтап отырмыз. Қасыңда тағы кiмдер болды?

Әзиз-Сұлтан ерiксiз мырс еттi:

– Ақ «Волга» емес, ақ шолақ атқа мiнiп жүргенiм есiмде.

– Қиқаңды қойып, дұрыс жауап бер, – дедi тергеушi зiлденiп.

– Дұрысы сол. Он алтысы күнi мен мұнда болғам жоқ,
ауылда, ауру әкемнiң қасында болдым. Сенбесеңiз, куәларым бар.

Тосылып қалған тергеушi жұдырығына жөтелiп алып:

– Тексеремiз. Анықтаймыз бәрiн, – дедi бәсеңсiп.

Қиюы келмеген жерге тоқпақтап кiргiзiп жiберу едi ойы, онысы iске асатын емес. Талай сағат бас қатырып сара жолын сызып алған дәйек-дәлелiнiң бiрi қолынан сусып шығып кететiн түрi бар. Алаңда сөз сөйлеген батыр жiгiттiң бiр күн бұрын түнделетiп номерсiз ақ «Волгамен» жатақханаларды аралауының бек қисыны келiп-ақ тұр. Айыпты үйiп-төгiп жамай берейiн, қай қылмыскер кiнәсiн өздiгiнен мойындаушы едi, қасарысса тiзеге салармын деген. Он алтысында Алматыда болмағаны шынымен расталса, бұныкi арам тер. Алтын погонға қонақтар жаңа жұлдызшаның жарығы көмескi тартып алыстап бара ма, черт побери.

Тергеушiнiң өңi қуқылданып, саусағының ұшына дiрiл жүгiрдi. Қолындағы қаламсаптың құйрығын тiстелеп, оң көзiн сығырайта бұның бетiне тесiлiп сәл отырды да, жез қармағын жалт еткiзiп тағы да алдына қарай лақтырды:

– Транспоранттар жазып, саяси ұранмен мыңдаған адамдардың бiр-ақ сәтте тастүйiн Алаңға шығуы мүмкiн емес. Бұның артында үлкен ұйым бар. Алдын ала дайындалғансыңдар. Идеялық дем берушiлерiң кiм жоғарыдан? Мәселен... – Қалың қызыл дәптердi ашып, әлдебiр тiзмге қарады. – Қонаев, Сүлейменов, Асқаров, Бекежанов тағы сол сияқтылар. Осылардың қайсысы сендермен жең ұшынан жалғасты? Өздерi тiкелей араласпаса да, сенiмдi адамдары араларыңда болған шығар?

«Мынаның бiр емес, бiрнеше ноқаты кем-ау!» деп бiр дем бетiне таңырқай қараған Әзиз-Сұлтан:

– Иә, болды, – дедi терiс езулеп. – Қонаевтың аты, Олжастың өлеңi аузымызда болды.

– Дұрыс айтасың, сендер олардың ұлтшылдық идеяларымен уланғансыңдар! Жалпы ұйымдарыңның аты қалай?

– Намыс.


– Дұр-рыс!.. – Құйрығы кемiрiлген қара қалам ақ парақтың бетiмен қайқаңдай жөнелдi. – Мүшесi қанша?

– Жетi миллион.

Қалам қаңтарылып қалды:

– Қылжақты қой, жөн сөздi айт.

– Шын айтамын, Қазақстандағы бүкiл қазақ соған мүше!

Сөз төркiнi түйсiгiне ендi жеткен тергеушi:

– Оттапсың! – деп қалшылдап ұшып тұрды. – Ақымақты тапқан екенсiң. Бүйтiп қырсыға берсең, жыныңды қағып аламын, ұқтың ба? Сұраққа нақты жауап бер, сендердi Алаңға бастап апарған кiм?

– Әркiмнiң өз жүрегi.

Жылтыр столдың ернеуiн сығымдай тұтқан тарамыс саусақтар қаны қашып боп-боз боп кеттi. Тұтығып, түйiлген күйi мелшиiп тұрып қалды да, шашы шегiне бастаған жылтыр шекесiне дейiн лап қызарған ашудың алауы сәл басылып сабасына түсейiн дегенде: – Жарайды, бара бер, – дедi есiктi иегiмен нұсқап. – Жаңағы сұрақтар жөнiнде ертеңге дейiн жақсылап ойлан!

– Ертең де, арғы күнi де берер жауабым осы!

Ертеңiнде де, одан кейiн де тергеушi сол бiр әнiнен жаңылған жоқ: «Басшыларың кiм? Қонаев па, Бекежанов па? Әлде Сүлейменов пе?.. Нақты аттарын айт». Ойдан құраған өтiрiгiне өзi ғана емес өзгенi де иландырғысы келетiн топас озбырлыққа бұл да тастай қатып қарсыласып бақты. «Бiздi ешкiм бастаған жоқ, Алаңға өзiмiз бардық» деп бiр сөзiнен айнымай қарысып тұрып алған.

Үшiншi күнi тергеушi басқа айлаға көшкен сыңайлы. Ызғарын сыртына салып күндегiдей бiрден шүйлiккен жоқ. Сыпайы, сынық. Жақсылық ойлайтын қамқор адамның үнiмен күмбiрлеп, бұның өмiрге ендi қадам басқан жас екенiн, жанбай жатып өшпей, болашағын ойлау керектiгiн, албырттықпен жасаған қателiгiн шын көңiлiмен мойындаса, советтiк әдiл заң кешiрiм ететiнiн ұзақ айтып, алыстан орағытқан. Әбден буыны босады-ау деген бiр мезгiлде:

– Жас болған соң жаным ашып отыр. Жағдайың қиын-ақ. Әйтсе де көп нәрсе өзiңе байланысты, – дедi шылбыр ұшын алдына тастап. – Өздерiң сияқты аңқау, албырт жастарды отқа итерiп қойып, жылы ұяларында бұғып отырған нағыз бүлiкшiлердi әшкерелеу үшiн сенiң жәрдемiң керек. Бiз, әрине, олардың кiм және нендей әрекет iстегенiн бес саусақтай бiлемiз. Сен тiптi үндемей қойсаң да ештеңе өзгермейдi; тек ол сенiң адалдығыңды айғақтау үшiн қажет...

– Ол нендей көмек? – дедi Әзиз-Сұлтан түтiннiң қай жақтан шалықтап шығарын аңғара алмай тiксiнiп.

– Қонаевты ауызға алуға қаймығарсың, әрине. Жарайды, Бекежановты-ақ ата. Соның астыртын жiберген кiсiлерiнiң алдауына ерiп, арандап қалғандарыңды жаз. Талайдың қанын iшiп тайраңдаған сұм онсыз да құрдымға кеткелi тұр. Қылмысты әрекетi толық дәлелдендi, бұлтартпайтын айғақтар қолымызда қазiр.

– Дәлелденiп отырса, менiң жалған куә болуымның не қажетi бар?

«Соны да түсiнбейсiң бе?» дегендей тергеушi тесiлiп бұның бетiне ұзақ қарады.

– Саған қажет. Жаңа айттым емес пе, сенiң өз басыңды арашалау үшiн керек деп, Не деген сорлысың, отқа айдаса боққа қашатын қыңырайып. Мә, мынаны оқып шығып, көшiрiп жаз да қолыңды қой, сонымен құда да тыныш, құдағи да тыныш!.. – Папканың iшiнен бiр парақ қағаз алып, қолына ұстатты. Машинкаға сiрестiрiлiп басылған толық бiр бет. Ләм-мим деуге шамасы келмей ерiксiз көз жүгiртiп шықты. Ұзын-ұрғасы: «Арандатуға ерiп алаңға барғаныма қатты опынамын... Жайбарақат жатқан бiздi Бекежанов дүрлiктiрдi. Рас, мен ол кiсiнiң өзiн көрген жоқпын. Пленум болған күнi ымыртқа қарай номерсiз ақ «Волга» мiнген бiреулер жатақханаға келiп: «намыстарың қайда, Қонаевты алып тастағанға қарсымыз деп митингiге шығыңдар ертең. Қорықпаңдар, бiздi Бекежановтың өзi жiберiп отыр», дедi. Өкiнiшке орай, мен олардың атын да бiлмеймiн, қараңғыда бет-жүздерiн де анықтап көре алғамын жоқ...»

Әзиз-Сұлтан өңi қуарып созалаңдай орнынан көтерiлдi. Мең-зең. Саусағының ұшымен шымшып ұстаған қағаз сытыр қағып дiрiлдеп тұр.

– Бұл деген сандырақ қой ақылға сыймайтын! Мен мұндайға арымды былғамаймын.

– Ар сенiң не теңiң, сорлы-ау. Алдыңда не күтiп тұрғанын бiлемiсiң?

– Қылмысым болса дәлелдеңiздер де лайықты жазасын берiңiздер.

– Неге ғана түсiнбейсiң, мен саған жақсылық ойлап тұрмын ғой. Статьяң ауыр: аз дегенде – он жыл, әйтпесе – атыласың!

– Мейлi. Бiреуге жалған күйе жаға алмаймын. Өлсем де тiк тұрып өлем...

– Мә, саған тiк тұрған! – Қалшылдаған ашудан бет-аузы қоқ боп түтеп шыға келген тергеушi асқазан тұсынан жұдырығымен iрей пергенде Әзиз-Сұлтан екi бүктелiп етпетiнен құлады. – Кекiрейген басындағы боққа батырамын сенiң!

Тұрам дегенше есiк аузындағы күзетшi атылып кеп үстiне мiне түстi. Екеуi екi жақтап жүрiп қолдарын арқасына қайырып, кiсен салды да допша домалатып тепкiлеп ап жөнелдi. Мұрнынан сидектеген қан сыры өшкен ескi едендi жуып кеттi. Екi жендет ентiгiп барып сәл толастағанда қан жапқан жүзiн көтерiп Әзиз-Сұлтан:

– Ей, хайуандар, ер адамды теппеңдер! – дедi булыққан кекпен қырылдап. – Қолды не үшiн бердi құдай сендерге. Қолмен ұрыңдар. Әлде қолдарының әлi келмейтiн қатынбысыңдар!

– Сендей сiлiмтiкке қолымды былғамаймын. Ерегесетiн итсiң ғой, мә, саған, мә!..

Тепкi қайтадан жауып кеттi...

Селк етiп көзiн ашқанда сырлы көк шелектi сарылдата еңкейтiп төбесiнде ұстап тұрған шұбар бет күзетшiнi көрдi. Тергеушi қара шашын шекесiнен қақ жара жылмита тарап, ине-жiптен шыққандай жылтырап отыр, түк болмағандай тымпиып алдындағы әлдебiр қағазға шұқшиып қалған. Соншалық бiр биязы, мәдениеттi адамның түрi. Етек-жеңiнен су сорғалап орнынан шайқалақтай әрең тұрған Әзиз-Сұлтан:

– Мен прокурорға арызданам! – дедi қорлықтан дауысы дiрiлдеп. – Бұлай ұрып-соғуға хақыларыңыз жоқ!

– Сiзге тырнағымыздың ұшын да тигiзбедiк, мәртебелi мырза, өйтiп жала жаппаңыз! – Тергеушi көзiн сығырайтып аярлана жымиды. – Үстi-басыңыздағы жара – алаңға барғанда алған сыбағаңыз. Жаныңыз аяулы болса, неге үйiңiзде отырмадыңыз тып-тыныш!..

Сол күннен бергi көргенi – тозақ. Тергеушi өзiнiң сандырақ ойынан құрастырған өтiрiгiне қол қойдырам деп арам тер, бұл қоймаймын деп қырсығады. Теке-тiрестiң ақыры – таяқ. Тергеушi мен күзетшi екеуi алып ұрып тепкiлейдi мұны. Талып қалса, бетiне мұздай су шашып жiберiп есiн жиғызып алады да тағы ұрады. Қашан қол қойғанша көретiнiң осы дейдi.

Жатақханадағы қыздарға келiп жүретiн, iшiп алса, дәлiздi басына көтерiп айқайлап итальян операларынан ария айтатын Армиял дейтiн белгiлi журналистiң бiр бас қосып қалғанда кiжiнiп отырып айтқан әңгiмесi есiнен кетпейдi Әзиз-Сұлтанның. «КГБ-ның небiр сұмдықтары бар ғой, – деген ол құмығып, – Жақында Боралдайда зобалаңға ұшыраған жетпiс үш жастағы бiр қариямен әңгiмелестiм. Отыз сегiзiншi жылы мұғалiм боп жүргенде, үйiнен Құран-кәрiм шыққаны үшiн панисламист, пантюркист деп тұтқындап, Сәкендi, тергеген Иванов деген жендет жауап алады. «Қазақстанды бөлiп әкеткелi жүрсiңдер, Түркиямен байланысың бар, мойында!» дейдi. «Ойбай-ау, ойға симайтын сандырақ қой, – дейдi бұл шырылдап. – Мойындамаймын!» «Жоқ, мойындайсың. Сен түгiл құдайдай табынып жүрген Сейфуллиндерiңнiң өзiн үш күнде мойындатқанмын!» дейдi анау көзiн ойнақшытып.

Сөйтсе ақынды бақайынан төмен салбыратып асып қойып қинайды екен жендет. Бүкiл iшқұрылысы лықсып алқымына тiрелiп, қаны басына құйылған адам көп шыдай алмайтын көрiнедi, он минуттан соң көз-құлақ, ауыз-мұрын – барлық тесiгiнен қан кетедi екен. Есеңгiрей бастағанда түсiрiп алып: «Ал қане, қол қой!» дейдi. Көнбесе қайтадан асады. Үшiншi күнi тағылыққа шыдай алмаған қайран ақын көзiнен қан сорғалап тұрып, жалалы қағазға қолын сүйкей салыпты. Сәкеннiң iсiмен танысқан адамдар ақын ең соңғы рет қол қойған қағазда тамшылаған қанның дағы бар деседi...

Иә, бәрi бәз-баяғы қалпы – сол террорлық машина, сол Иванов... Тек аты ғана бөлек. Мынау түнерген күңгiрт сұр қабырғалардың ортасында уақыт тоқтап қалған тәрiздi.

Кеше тағы да тепкiнiң астына алып, түн ортасында шалажансар денесiн сүйретiп камераға әкеп тастаған. Содан ес жиып отырғаны осы. Түс пе әлде өлi мен тiрiнiң арасында сандырақтап жатып санасында көшкен елес пе – әлгiндегi сурет көңiл айнасынан өшпей көлбеңдеп тұрып алды: тақымында ойнақтаған ақбоз арғымақ, жалынды үнi аспан астын жаңғыртып қиқулаған Олжас ақын, көсiлген кең дала... – бәрi-бәрi көз алдынан кетер емес. Жүрегi өз-өзiнен өрекпiп алып ұшты. Ақбоз атқа мiнiп жүргенi жақсылық нышаны ғой. Олжастай абыз ағасының шарапатымен тар қапастан шығады екен. Ал жол ортада аттан ауып құлап қалғаны қалай? Қылп етiп көңiлiне суық кiрдi. Мұны жалт берiп тастап, ойнап шыға келген арғымақ: «Төлеген мiнген ақбоз ат, ертоқымсыз бос көрдiм...» Жо-жоқ, бетi аулақ! Қандай түс болмасын, жамандыққа жорымау керек. Апасы солай дейтiн. Алда кездесетiн бiр сәтсiздiк, ауыртпалық болар. Ең бастысы, мына қапастан құтылып, бостандыққа шығады екен. Еркiндiкте не қиындық көрсе де, бұның жанында ойыншық емес пе. Тәуба, тәуба, бұлар үшiн шырылдап отқа түсетiн ағалары бар екен ғой...

3

Олжас шынымен бұл түнi ұйқы көрмей тыпыршып, намыс үшiн болатын ұлы айқасқа дайындалып жатқан.

«Мен» деген талайдың бейшаралығына куә болғысы келмей қорғалақтаған тағы бiр таң бетi қызарып ұяла атып келе жатты Алматы аспанында.

Саяси өмiрге құлағы түрiк зиялы Алматы бүгiн жүрегi лүпiлдеп ерте оянған. Кезектен тыс өтетiн Орталық комитеттiң осынау пленумы дауылдай ұйтқып талай тағдырды талқандап кеткен таяудағы уақиғаға лайықты бағасын берер деп үмiттенiп едi, бiрақ жапа шеккен жаралы қазақтың басы тағы да төмен салбырады. Бұл жолы ұяттан жерге қарады.

Тапталған ар, қорланған намыстың жоғын жоқтайды-ау деген жақсы мен жайсаңның бiреуi белсенiп шығуға жараған жоқ. Қонаевтан көрген қоқайы мен зәбiр-жапасын жаңа бастыққа шағынып, әрқайсысы өз бастарын арашалап әлек. Қонаевты неғұрлым жамандаса, жаңа қожайынға соғұрлым жағатынын бiлiп, жарыса салғыласып, бiр-бiрiнiң iшiп-жегенiн, бұрынғы басшымен қандай әмпей болғанын айтысып ырылдасты да кеттi. Қайтсем қожайынға жағып, орнымда қалам деген жанталас. Бiрi өзiнiң жетiм екенiн, қарындасы екеуi еден сыпыратын шешесiнiң мардымсыз айлығымен бiрде аш, бiрде тоқ жүрiп, оқып жетiлгенiн айтып, аяй көрiңiзшi дегендей зар жылады. Екiншiсi «Қонаев пен Бекежанов соңыма шырақ алып түстi, пәленше облыста тұратын қайын жұртыма дейiн тексерiп күн көрсетпедi. Ендi жаңа басшылық тұсында партиялық жұмыс стилiмiзде нағыз демократиялық қатынас қалыптасады ғой деген сенiмдемiн», деп майыссын. Үшiншiсiн тыңдап отырсаң, одан таза, одан iскер адам жоқ екен. Басқалардың бәрi ала аяқ, шеттерiнен парақор, коррупцияның былығына кеңiрдектен батқан, феодалдық-рушылдық дертпен әбден уланған. Қайтақұрудың Қазақстандағы алғашқы қарлығашы өзi ғана. Мен бүйттiм, мен сөйттiм деп, әйелiнiң жұртпен бiрге таңертең кезекте тұрып бөшкеден сүт алатынын, өзiнiң машина мiнбейтiнiн, үйiнен елу метр жердегi жұмысына жаяу баратынын айтып кеудесiн дүрс-дүрс ұрғанда төбесiндегi селдiр шашы желп-желп еттi. Димекеңе қалай соқтығарын бiлмей далбасалаған ендi бiреу «кадр таңдай бiлмедi, үкiлеп ел басқартқан адамының сиқы мынау» деген желеумен солтүстiк облыстардағы бiр обком хатшысын тiлге тиек еттi. Сөйтсе ол сорлы, басқа iшiп-жегенi бойына құт болмағандай, жаңа үйге көшкенде ескi үйдегi үкiметтiң мебелiн комиссиялық дүкенге өткiзiп сатып жiберiптi. Жерден жетi қоян тапқандай елiрiп алған шешен «осындай жемқорға қалай ел басқартамыз!» деп жер тепкiледi...

Кешегi дос, бауыр, жолдас бәрi айналып келiп Қонаевқа жабылды, бар күнәнi соның басына үйiп-төгуде. Әркiмдiкi екі есеп, бір қисап: бiрi «өзi кетерде жоғарыдағыларға орныма мынау лайықты деп айтпады» деп тiсiн басса, бiрi жамандау керек болған соң жамандауда.

Үрит-соқтап қойып сырттай қызыққа батып жұмсақ креслоға шалқалай жайғасқан қызыл түлкi тамашаның өзi ойлағаннан да асып түскенiне бiр жағынан бек риза болса, бiр жағынан iш жиып қалды. «Япырау, мына тобырмен қалай ел басқарып келген. Iлiп алар басқа азаматтардың болмағаны ма, әлде бұл халықтың бар интеллектiсiнiң жеткен жерi осы ғана ма? Ертеңнен бастап қасиеттi жердi былғап жүрген көк есектердi көтiнен теуiп айдап шығу керек шығар. Жо-жоқ, осылардың өзi қолайлы. Бiлiмпазды жуытсаң басыңа сор. Айтқанды орындайтындай ғана қабылетi бар қоңыр төбел болса, солғұрлым жаутаңдаған именшек, бағынышты болмақ. Әрi келмей жатып ұлттық кадрларды қудалап жатыр деген қаңқудан аулақ. Терiс езулеп бара жатса, анда-санда тұлымынан ұстап суға бiр-бiр батырып тәубасына келтiрiп қойсаң, өздерi-ақ әке-көкелеп аяғын құшақтар. Бәрiнiң сөзiн ертеңгi газеттерге бергiзу керек. Үтiрiн де өзгертпестен. Былжырақтарын халық оқысын. Бұның келгенiне қарсы боп, «Қонаев кеткенмен қасындағылар бар емес пе, солардың бiрi неге болмайды» деп бүлiк шығаратын немелер ғой, көрсiн өз адамдарының сиқын».

Әрбiр елеусiз, ұсақ нәрседен қиюын келтiрiп ұпай жинайтын өзiнiң ұтқырлығына дән риза болып креслоға шалқалай түсiп едi, аяқ астынан сол жақ көзiнiң асты бүлк-бүлк тартып ала жөнелгенi. Бiр нәрсеге ренжiп, нервiсi ойнарда өститiн әдетi. Әнеукүнгi пленумда да сөйткен. Тағы не пәле бұл? Жарықтан жүзiн бұрып, жыртыңдаған көзiне қолын апара бергенде өңкей қара бас, қара киiмнен күңгiрт тартып тұрған залдың түкпiрiнен бiр алмас жарық жарқ еткендей селк ете түстi. Өңкей қараның iшiнен бөлiнiп әппақ киiмдi бiреу берi қарай келе жатыр. Сымға тартқандай сұлу денелi, сұңғақ. Маңдайына төгiлген толқынды қара шашын серпiп тастап, басын тiк ұстап, маңғаз басады. Құдды бiр көп жабының iшiндегi ақбоз ақалтеке арғымақ сияқты, көзге оқшау, тым айдынды-ақ.

Қап, мынау Сүлейменов қой! Тiзiмде жоқ едi, неге сөз бердi бұған? Суқаны сүймейдi өзiн. Тым бiлгiш, тым асқақ. Алжыған шалдар бетiнен қақпай әбден есiртiп жiберген. Әр сөзiнiң астарында пәле жатады. Октябрьдiң арқасында көзi ашылып, адам қатарына қосылғаны есiнде жоқ, көп нәрсесiн жоғалтып қор боп отырғандай қиянпұрыс тартуға әуес. Көне тарихты айтқан боп, бұрын, мiне, бiз осындай болғанбыз деп кеуде қағып оқушысын елiртедi. Шөлмектегi Жынды шығару деген сол емес пе. Шындап келгенде, кешегi көшеге шыққан бұзақыларды елiрткен осылар. Жат пиғылды шығармаларымен ұлтшылдыққа тәрбиелеп уландырды. Басқасын былай қойғанда, «Аз и Я» кiтабы үшiн-ақ аяғын аспаннан келтiруге болар едi ғой. Бiздiң қырағы деп мақтайтын чекистерiмiз қайда қарайды осы, көздерiн шел басып кеткен бе, қалай?

Төрт жылдай бұрын Грузияда дем алып жатқанда осының Останкинодан берген кешiн телевизордан көргенi бар. Екi сағаттан астам өз өлеңiн жатқа соқты. Мойындайтын нәрсенi мойындау керек. Жiңiшкелеп жеткiзген ишара емеурiннен қанша жиырылып тыжырынса да өлең бойындағы бұрқ-сарқ атқылаған қуатты екпiн ерiксiз баурап, шiркiн-ай, өстiп оқитын бiр ақын орыста неге жоқ деп iштей қызыққаны рас. Жанында отырған студент қызы да, жайшылықта оңайшылықпен желпiлдей қоймаушы едi, «Ну, надо же!.. Действительно чудо природы!» деп күрсiнiп, бiресе экрандағылармен iлесiп қол соғып ұшқалақтанып кеттi. Кеш бiте бере бiр жалтыр бас даңғой грузин ұшып тұрып: «Бiздiң Грузияда сендей ақынға алтыннан ескерткiш қояр едi. Өкiнiшке орай, Грузияда алтын бар, ақын жоқ; Қазақстанда ақын бар, алтын жоқ. Жизнь такая штука, батона. Салют, Олжас!» деп экранға қолын бұлғады... Әне, бұл сондай. Сиқыры бар. Әнеукүнi екi күн үйiнен шығартқызбай күзет қойып, қамақта ұстады. Әйтпегенде кiм бiледi. Бұзақылар Алаңды кернеп лықсып тұрғанда қайта-қайта телефон соғып, «менi трибунаға жiберiңдер, жастармен сөйлесiп, ақылға шақырамын. Кейде танкi тоқтата алмайтын күштi сөз тоқтатады» дейдi. Тапқан екен ақымақты! Ақылға шақыра ма, жоқ әлде оқ дәрiге от тастай ма!.. Ендi не бүлдiрмек екен?

Тым-тырс тына қалған меңiреу, күңгiрт залда Ақын келедi ақ сәуледей қақ жарып.

Тәкаббар, асқақ. Жүрiсi де, киiм киiсi де бөлек. Төгiлген әппақ костюм, ақ көйлек, галстук орнына қызыл жiбек орамалды бiр түйiп мойнына байлай салған – еркiндiк ескен бүкiл болмысы мына тәртiптi залдың тар өлшемiне сыймаймын деп бұлқынып тұр.

Емен мiнбердiң қос ернеуiнен сығымдай ұстап, томағасын сыпырған қырандай отты жанары лап етiп зал iшiн бiр шолып өттi. Қалтыраған өлi тыныштықты қақыратып, көкiректен тепсiнiп шыққан қуатты қоңыр дауыс шарықтай жөнелдi:

– Бiз бағанадан берi өз мұң-зарымызды айтып жатырмыз. Қара бастың жоғын жоқтап зарланатын жер осы ма? Биiк мiнберге бойың жетпесе, мұнда шығып нең бар. Бiз әрқайсымыз өз жетiмдiгiмiздi айтып кеттiк. Неге елдiң жетiмдiгiн айтпаймыз. Ұлы итке таланса, қызы бұрымы жұлынып қорланса – ел жетiм емей немене! «Ұлы достық пен бауырластықтың» бет-бейнесiн осы үш күн iшiнде айқын көрдiк. Шын мәнiнде бiз Империяның өгей ұлы екенбiз. Новочеркасскi мен Темiртаудағы еркiндiктi таптаған зұлым, дүлей күш өзiнiң шойын жұдырығын ұл-қыздарымыздың төбесiнде ойнатты. Олар Кремльден ескен демократия лебiне елiтiп едi.

Тақтан түскен мен табытқа түскендi бас салып қаралау бiздiң қанымызға сiңген дертiмiз сияқты. Кеше дәуiрi жүрiп тұрғанда аяғына басымызды ұрып табынған көсем мен кемеңгердiң қайсысын оңдырдық. Оқулықтарға қарайықшы: өткен тарихымызда бiр оңған Хан, бiр оңған Әмiр бар ма? Бәрi жауыз, бәрi опасыз, сатқын. Бiр қызығы, сол «зұлым, сұмпайы» хандардың тұсында жерiмiз бостан, елiмiз еркiн болатын. Ханның ақырғысы Кенесары едi, ол да азаттық үшiн арпалысып, опат тапты. Хан кеттi, ханмен бiрге қазақ даласынан азаттық кеттi...

Күңгiрт залдың iшiнде күн күркiреп, найзағай ойнады. Шарасынан шығып бақырайған көздер «бұл не сұмдық» деп үрпиiсiп бiр-бiрiне қарасты.

– ... Ондаған жылдан бергi кемшiлiктердi жiбке тiзiп, ескi басшылықты әшкерелеуде қатты белсендiлiк танытып жатырмыз. Бiздiң әдiлдiк сүйгiш, принципшiл шешендерiмiз осы былық пен шылықты бұрын айтса қайда қалды. Осыдан жарты жыл бұрын өткен партия съезiнде неге айтпады? Жо-жоқ, ондай батылдық қайда. Жарты жыл түгiл жарты ай бұрын қыңқ деп жақ аша алмас едi! Кемшiлiк iздеп алысқа барудың қажетi жоқ, жаңа басшылық табалдырықтан кесiр болып аттады. Айтқыш болсақ, осыны неге айтпаймыз? Демократиялық диалогқа дайындығы жоқ дәрменсiздiктерiн бiрден көрсеттi. Бәрiн қара күш жеңедi деп ойлады, танкiнiң табаны таптаған бiр өмiрдiң орнына он өжеттiк өсiп шығатынын бiлмедi. Бiздiң сүйiктi партиямыз бен үкiметiмiз жауға сайлаған жарағын бiздiң ұл-қыздарымызға жұмсады – осы ма көрегендiк? Алаңға жастар адамға, ұлтқа тән ең қарапайым тiлектермен шықты емес пе. Социализмнiң лениндiк нормаларын қалпына келтiрудi талап еттi. Соншалық үрейленiп, жау шаптылап даңғыра қағуға нендей негiз бар едi. Дұрыстап сөйлессе, ақылға келiп тарап кететiн жастардың өзiмiз қалтасына наша салып, орталарына машиналап арақ апарып, ойбай, мiне, наркоман, алкаш, бұзықтар деп, қанжоса ғып жусатып салдық. Сол түнi жазықсыз төгiлген жастардың қанын Алаңнан парашокпен жуып кетiргенмен, ол бәрiбiр тарих бетiнен өшпек емес. Бұл бiздiң партиямыздың бетiне басылған қара таңба. Жазалау машинасын тоқтатып, жазықсыз жапа шеккендердi дереу қапастан шығару керек. Партия өзiнiң өрескел қателiгiн батыл түрде мойындауға тиiс, әйтпеген күнде халық бұл қиянатты кешiрмейдi...

Сыртта, көшеде жариялылықтың жылы желi есiп тұр. Ал, бiздiң еңселi ақ сарайымыздың iшi тымырсық. Неге есiк-терезесiн ашпаймыз? Менiң бұл сөзiмнiң сiзге ұнамай отырғанын сезiп тұрмын, құрметтi хатшы жолдас. Әйтсе де сiзге айтар кеңесiм: «қараңғы үйден қара мысық» iздемей-ақ қойыңыз. Жарық бөлмеден iздеу – тiптен әурешiлiк. Өйткенi ол мысық жоқ! Сiз халықтан қорықпаңыз, сенiмдi адамдарыңыз сыртынан сыбырлап айдар таққан жауларыңыздан да қорқпаңыз. Қорықсаңыз, мына қасыңызда отырған достарыңыздан қорқыңыз!..

Бiрiншi хатшының қос қанатына жайыла жайғасып, тентек сөз басталғаннан-ақ қожайынның бетiне жалтақтап, жамбастарынан су шыққандай қылпылдап отырған ығай мен сығай қақ төбелерiнен қақырата ұрған соққыдан жайрап қалды. «Мынау қайтедi-ей, бiрдеңе десеңдершi» дегендей жаутаңдап залға қараған. Сол-ақ екен, залдағы қас-қабақ танығыш қағылез қауым соншалық ынтымақтастықпен гуiлдеп ала жөнелдi. Ысқырып, жер тепкiлеп, «Болды, жетедi, тыңдамаймыз сөзiңдi!» «Түс трибунадан. Бұл не деген бассыздық!» деп жарыса айғайлап ышқынып кеттi.

Президиумдағы бiреудiң ымдауымен пульттағылар микрофондарды өшiрiп тастады. Ақын бiрақ тоқтаған жоқ. Өкiрген дүлей толқынға қасқайып қарсы салды қайығын. Екпiндеп, өршелене саңқылдады. Күркiреген құдiреттi дауыс бұралқы айқай-шуды бұзып-жарып еститiн құлаққа жетiп жатты.

– ... Бұлар кеше Қонаевқа да дәл осылай дос болған, бүгiн, мiне, жалт берiп басқа жағаға шыға келдi. Барлығы – кезiнде Димекеңнiң тәлiм-тәрбиесiн алған, шарапатын көрген iнi-шәкiрттерi. Аяқ астынан құбылып, қарғыс айтып, топырақ шашатындай Қонаев халық жауы ма екен? Неғып бiр-ақ күнде жаман бола қалды? Көзiңдi қанша жұмам дегенмен бәрiбiр, Қазақстанның ширек ғасырлық тарихын онсыз елестете алмайсың. Заманына қарай қадари-халiнше халқына қызмет еткен көрнектi тұлға. Iс барысындағы кемшiлiктi сынау – бiр басқа, ал әлдекiмге жарамсақтану үшiн оның бар еткен еңбегiн тәрк етiп ғайбаттағандардың көкiрегiнен кiсiлiк ар-ұждан iздеу далбасалық. Бүгiн Қонаевты қалай сатса, ертең Сiздi де дәл солай оп-оңай сата салады. Сатқында мораль болмайды, бүгiн – дос, ертең – қас. Түссiз сағым секiлдi, сүреңсiз, сұрқай. Ақпен – ақ, қарамен қара боп араласып жүре бередi. Сондықтан да онымен күресу қиын.

... Сволочь – не мелочь,

общественное явление.

Узнать их не просто:

их цвет отличительный –

серость.


Она растворяется в белом,

и в черном, и в желтом,

возносится серость бронзой,

блистает золотом,

в темных углах души

собирается серость как сырость.

Белый стреляет в черного?

Серый стреляет.

Серый взгляд

проникает в сердце,

пронзительный, волчий.

Узнаю вас по взгляду,

серая раса –

сволочи...

Қолын сермеп, ұйтқып, нөсерлеткен күйi Ақын, алғашқы әпiгi басылып, алақан соғарын не қарсылық бiлдiрiп айғай саларын бiлмей абдырап қалған абройсыз залды қақ жарып өтiп, қорасан шыққандай жан жуымай бiр қатарда сопайып жалғыз өзi отырған Димаш ағасының қасына келiп жайғасты. Екi асыл бiр-бiрiмен жарасып, осынау күйкiлiк жайлаған күңгiрт кеңiстiктiң көлеңкесiн дарытпай шамдай жарқырады. Асыл мен жасықтың, ақ пен қараның парқы екшелiп көзге айқындалғандай.

Зал тым-тырс, бiр сәт өзiнiң дәрменсiз бейшаралығын сезiнгендей жасып, бұғып қалды. Сұрқай беткейде өскен қос шынар айналасынан ажары асып асқақтап тұр.

Осының бәрiн жан толқынысымен үнсiз бақылап отырған Димекеңнiң көзiне жас үйiрiлдi. Көкiрек тереңiнен шымырлап шыққан ып-ыстық қос тамшы. Естi ғұмырында мұншама толқып, жанарына жас iркiлгенi осымен екiншi рет. Оның өзiнде де соңғы бiр айдың iшiнде. Боркемiк, күйрек боп бара ма қалай?

Тақ пен бақтың тартысында не өткелектi бастан кешпедi десеңшi. Күйзелдi де, күйредi де. Бас айналдырар даңқ биiгiне көтерiлгенде қуанған, шаттанған сәттерi қаншама. Бiрақ соның бiрде-бiрiнде жұлын-жүйкесi елжiреп дәл бұлай толқыған емес.

Алғаш рет көңiлi босап құмыққаны әнеукүнi жастардың ереуiлге шыққан кезiнде болды.

Ақ сарайдың жаңа қожасы, Алаңның тегеурiнiнен жаны қысылса керек, «Дiнмұхамед Ахмедович, жағдай ушығып барады. Ереуiлшiлер Сiздiң алдарына шығып сөйлеуiңiздi талап етiп отыр. Әсiлi, сөйле десе, сөйлеп, басу айтқаныңыз дұрыс болар» деп үгіт-насихат бөлімінің бастығы арқылы телефон соғып, шақыртып алған.

Өзi шақырып алып өзi кергiгенi қай құйтұрқысы екенiн кiм бiлсiн, кабинетiне кiргiзбей қабылдау бөлмесiнде телмiртiп күткiзiп қойды. Кеше төрiнде төбедей боп отыратын өз кабинетi. Жымдасқан күрең емен есiк ашылып қашан iшке шақырар екен деп ендiгi жаутаңдап отырысы мынау. Кiрiп-шыққан үлкендi-кiшiлi қызметкерлердiң де сәлемi сырдаң. Кешегi, мұны көрсе, жер басып жүрген Құдайдың өзiн көргендей жапырылатын ықылас, қошамет жоқ, сыпайылық үшiн бер жақтары ғана жылтырайды. Кiсiлiктен басқаның бәрi баянсыз екенiне сонда тағы да көзi жеткендей болып едi.

Жаңа басшының мұқатқан түрi ме, әлде мәдениетiнiң жеткен жерi осы ма, тура бiр сағат қырық минут сарылтып қойды.Не өзі шықпады,не кабиетіне шақырып кешірім сұрауға жарамады.Сол баяғы Устюгов бейшараны отқа-суға салып:«Сөйлемей-ақ қойсын. Бiз солай шештiк. Бара берсін!» депті.

Қорланғанына күйiнгенiмен, сол бiр сағат қырық минутта Ақ сарайдың iшiн ғана емес, өзiнiң жас ұрпақ жеткiншектерiн де жаңаша көзбен көргендей болған.

Бұрыштағы жалпақ бет телевизор экранында Алаңның төрт бұрышы түгел алақанға салғандай сайрап тұр. КГБ камералары түсiрген бейне-көрiнiстер тiкелей берiлiп жатыр. Буырқанған қаhарлы нөпiр. Әр тұстан қосыла айқайлаған дауыстар күркiрей жаңғырығып, кенер тепкен қуатты толқын лықсып-лықсып кетедi: «Димаш аға алдымызға шығып сөйлесiн!» «Олжас шықсын!» «Димекеңдi қорлағаны – халқымызды қорлағаны!» «Әр ұлтты өз көсемдерi басқарсын!..»

Өзiнiң атын мың-сан дауыспен қосыла айтып күңiренген Алаңды көргенде, Димекеңнiң кеңiрдегiне ерiксiз өксiк кептелдi. Мына ұлтарағын иiскеуге жарамайтын ат төбелiндей чиновниктерге керексiз қалғанмен, халқына керегi бар екен, қадырын жоғалтпапты. Өмiрi мағынасыз, бос өтпептi, шама-шарқы жеткенше еткен еңбегiнiң зая кетпегенiне риза. Әйтседе өзiн осыншалық сүйген ұрпақты соған лайықты дәрежеде сүйе бiлдi ме? Осы уақытқа дейiн өзiн партияның бел баласы ғана сезiнiп келдi. Бар мұрат-мақсатын соған қызмет етуге арнады. Сөйтсе бұл халқының көш бастаған көсемi, ұрпақтың әкесi екен ғой. Өз кiндiгiнен перзент болмағанмен, бүкiл ұрпақ бұның баласы екен. Тұңғыш рет әкелiк ұлы сезiммен көкiрегi тереңнен толқып тебiренiп тұрды. «Осы ұрпағымның келешегi үшiн не iстедiм?» Шiркiн, осы сезiм ертерек оянғанда ғой, бұдан гөрi тәуекелмен батылдау қимылдар едi!..

Содан кейiн көкiрегi толқып сондай күйдi басынан кешiп тұрғаны осы. Олжасты бұрын да жақсы көретiн, ендiгi ықыласы тiптi алабөтен.

Ел аузындағы ескi әңгiме бойынша, қалмақпен арадағы бiр шайқаста Абылай хан төрт батыры мен жау қолына тұтқынға түседi. Қалмақтың Хонтайшысы сынамақ үшiн Ордадағы төселген кiлемдi түгел жинатқызып тастап, Ханды алдына шақыртады. Ордаға келген Абылай, түрегеп тұрып тiлдесу – рәсiмге жат, төсенiшсiз жерге отыра кетуге арланып iркiлiп қалады. Қағылез батырдың бiрi дереу үстiндегi шапанын шешiп жiберiп, жерге жайып: «Мәрхамат, Хан ием, отырыңыз!» дейдi. Сонда Хонтайшы: «Төсенiшсiз жерге отырмағаны – тектiлiгiнiң белгiсi; ана батыры өз басына қатер төнiп тұрса да, құрметтеудi ұмытпауына қарағанда, бұл абыройы бек асқақ, қадырлы Хан болды. Артында iздеушi жұрты бар екен. Қой, бұнымен елдесейiн» деп, Хан мен төрт батырға ат мiнгiзiп, иықтарына шапан жауып, сый-хошаметпен елiне қайтарады.

Былай шыққан соң серiктерi Абылайға: «Хан ием, осы төртеуiмiздiң қайсымызды жақсы көресiз?» деп бопсалайды. Сонда Хан: «Төртеуiң төрт құбылама тiккен төрт байрағым емессiң бе!

Ел шетiне жау тисе,

Арыстандай ашындың;

Айбарымды асырдың.

Бiрiңнен бiрiңдi қалайша кем көремiн,

Әрқайсыңды бiр-бiр асылға теңгеремiн.

Әйтсе де мына батырыма бүйрегiм сәл бұрып келедi.

Тапқырлықтың осындайда ғой керегi.

Жауымның алдында сағымды сындырмай,

Iштерiңдегi болып шықты зерегi!» деп әлгiндегi батырды нұсқаған екен.

Бүгiн, мiне, Олжас Абылайдың сол дара батыры болды. Өз басына төнер қатерге қараған жоқ, көзiн жұмып қызыл өрттiң ортасына қойды да кеттi. Достыққа адалдығын, өр тұлғалы бекзаттығын танытты. Атой сап айқасып жүрiп бұның қорланған арын сатқындықтың табан астынан алып шықты. Шарафатын көрген сыйлас ағасына ара түсiп қана қойған жоқ, ұға бiлгенге ол халқының намысын да арашалап қалды. Әйтпесе мына «Үрит, соқтап» тамашаға қарық боп отырған жаңа қожайын мыналар сыпыра сатқын, жапырылған жағымпаз, қандай сорлы деп ойлар едi ғой. Қыл көпiрдiң үстiнде басын бәйгеге тiгiп, кiсiлiгiн сақтап қалса, шын ерлiк, шынайы асқақтық деген сол емес пе.

Ал, мыналар ше? Бәрi – өзi баулып өсiрген шәкiрттерi. Кеше ғана әкемiз де, жәкемiз де өзiңiзсiз, Сiзсiз таңымыз атып, күнiмiз батпайды, Сiзсiз болашағымызды елестете алмаймыз деп қос-қостап көпшiк қойып, жамырай жарапазан айтатын бейбақтар ендi, мiне, тарысы пiскеннiң тауығына айналып, қыт-қыттап шыға келдi. Елдiң бәрiн көмейiнде бүкпесi жоқ өзiндей көретiн. Құлақ түбiне қырық құбылтып сайрап мадақтағанда кәдiмгiдей иланып, манаурап балқушы едi. «Кiсi аласы – iшiнде» деп қазекем қалай дәл айтқан. Көзiнiң алды көк тұман, кiсi танымапты ғой. Кадр таңдағанда көкiрек қатпарына үңiлiп адамдық сапасын сараламай, көбiнесе басқарған шаруашылығының көрсеткiшiне, аппарат жазып берген баяндаманы жиындарда желпiнтiп оқығанына алданып, не сенiмдi достарының ақылын малданып айналасына арсыз бен нәрсiздi жинаған екен. Әйтпесе бұларға жақсылық жасағаннан басқа не жазды? Қиянат көрсе бiр сәрi. Ешқайсының бұған өкпесi жоқ. Тек тақтан кеткен соң керегi болмай қалды. Жаңа қожайынның ыңғайына құлап жағыну үшiн ғана ғайбаттап жатыр. Бұдан артық сатқындық, сорақылық болар ма!

Оларға жасаған жақсылықты Олжасқа да жасаған. Бiрақ олар тас атқанда, Олжас көкiрегiн қалқан ғып тосып, мұны мiне, қорғап қалды. Жақсылықты да қадырын бiлетiнге қыл деген осы.

Тумысы бөлек, дара дауысты Ақын поэзия әлемiне дабылдатып енген сонау албырт, балаң кезiнен бастап мұның назарында. Әуезовтен айрылып аңтарылған ұлы керуеннiң бұйдасын iлiп ап iлгерi бастап кетер жаңа ұрпақтың жас перiсiн көрiп қуанған. Гагарин космосқа ұшқанда әйгiлi дастанын жазып, қазақ жырын космосқа шығарды. Одан берi де талай жауhар дүние жазды. Бiрiнен бiрi өтедi. Ылғи да тамсантумен келедi. Қазекеңнiң өз асылын бағаламай, дана мен данышпанды басқа жақтан iздейтiнiне қайран. Евтушенко, Вознесенский, Ғамзатов, Айтматов деп аузын ашып, көзiн жұматын ағайындар Олжасқа келгенде тiлдерi күрмелiп кекештенiп қалады. Өзге болса бола берсiн, өзiмiзден шықпасын деген көрбiлте бақастық. Әйтпесе, өз басы Олжасты солардың қай-қайсысынан да құдыреттi санайды. Ақынды күстаналап алдына келген небiр сiлiмтiк сасықтардың сұрқия жүзiн көрiп талай рет күйзелген. Кейiн «АЗиЯ»-ның дүрбелеңi кезiнде солар Москваның қолтығына су бүркiп қанша лаңға айналдырды десеңшi. Орталық Комитетiң кезектi пленумында қаралатын мәселе ғып «АЗиЯ»-ны күн тәртiбiне енгiзiп қойғанда, Брежневке тiкелей өзi барып әзер дегенде өрттiң алдын ораған.

От пен суға ентелеп лапылдаған асау мiнез Ақынның тағдырына содан бергi уақытта қатты алаңдады. Саяси интригадан аулақ болсын деп әрi жауларынан қорғау үшiн жоғары лауазымды, салихалы қызметтерге тартты: Орталық Комитеттiң мүшелiгiне өткiздi, Жоғарғы Советтiң депутаты ғып сайлады, министр портфелiн де ұстатты...

Үкiлеп бәйгеге қосқанда ғана болмаса, жүген-құрық тимей кең өрiс, көк шалғында еркiн сайраңдайтын сәйгүлiк, мiне, мойнына қамыт киiп, қара шаруаның соқасын мықшия тартып келедi. Жиырма жылдан бергi өмiрi – айқас пен арпалыс. Тас қажағандай қажып, мұқаласың. Ұлы талантын рәсуаламай алаңсыз отырғанда осы уақыт iшiнде қаншама шығарма жазар едi! Жақсылық жасадым деп обалына қалған жоқ па?

Ағалық, әкелiк жүрекпен елжiреген Димекең маздап жанған әппақ шырақтай айналасын нұрландырып қасында отырған Ақынға сүйсiне қарады.



Төбе шаштары тiкiрейiп үдiрейе қараған президиумға қожайын сыр бiлдiрген жоқ. Көк шыны көзiнiң айналасына суық көлеңке ұялап сабырлы отыр. Осы ғұмырының iшiнде бұл секiлдi жүзi жалаңдаған талай қанжарды жұтқан жырынды емес пе. Әйтсе де, әлдене жазбақ оймен алдындағы жартылай шимайланған парақ үстiнде көлденең жатқан қаламға ұмтыла берiп iркiлiп қалды – қаламның дiрiлi iштегi астан-кестен арпалысты анталаған көздерге сата ма деп сескенiп, қолын қайтадан кеудесiне айқастырды. Көңiлiнiң терең иiрiмiнде қара шұбар жылан ирелеңдейдi. «Демократия, қайтақұру деген сандырақ шайтаныма керек пе едi. Аңыс баққан мына сияқты жымысқылар, мiне, тайраңдап шыға келдi. Тапа-тал түсте беттен ап, жағадан жұлқып жатыр. Бұдан кейiн партияда не бедел қалмақ? Бұлай бетiмен жiберсек, түбiмiзге осылар жететiнi айдан анық. Террор, репрессияны айыптағанмен, ол да қоғамдық қажеттiлiктен туған. Сипағанға көнбесе, жұдырық көрсет. Бұл неменiң әкесi отыз жетiде атылған дейдi. Тегiн адамға тисе ме. Алашордашыл, алпауыт феодалдың тұқымы. Мiне, көрдiң бе, бөрiнiң бөлтiрiгi тауға қарап ұлиды, бәрiбiр. Жөргегiнде тұншықтыру керек едi, ендi мiне, амал қанша кекжиген басы тым биiктеп кеттi – сiлтеген сойылың солаң етiп көрiнiп қалады. Әрине, шындап соңына түссе, омақастыру оп-оңай. Сылтау жеткiлiктi: бүгiнгi сөзi мынау терiс езулеп айға шапшыған; «түрiкшiл», «ұлтшыл» деген қоңырауы баяғыдан бар; мына отырған көсемдердiң бәрiмен шайнасқан, қырғи қабақ, су түбiне итермесе бiрi қол ұшын бермесi хақ... Қисыны кеп тұрғанда бүлiк басы осы деп үстiнен iс қозғатып, түрмеге тығып жiберсе ме екен. Сабыр, сабыр. Әнеукүнi шеруге шыққандар Жазушылар одағының алдына келiп, «Бiздi баста, Олжас, өзiң баста халқыңды!» деп тұрып алған жоқ па. Бүкiл қазақтан басқа ешкiмнiң атын атаған жоқ, жалғыз соған сендi, соның ғана соңынан ермек. КГБ-ның жедел мәлiметiне қарағанда, Жамбыл, Шымкент, Қарағанды, Павлодар, Жезқазған облыстарының кей жерлерiнде әлдекiмдер үй қабырғаларына, дуалдарға «Олжасқа бостандық берiлсiн!» «Қолыңды тарт, Олжастан!» деген үндеулер жазған. Жастар топтанып барып кей қалаларда партия комитеттерiне наразылық бiлдiрген. Лақаптың өзiне шала бүлiнген жұрттың шын қамалғанын естiсе, дүр ете түспесiне кiм кепiл. Шамы басылмай шамырқанып тұрған асауды шапқа түртпеген ләзiм. «Ситуацияға ие бола алмай, абройымызды айрандай шашқыздың. Бүкiл әлем алдында масқара болдық!..» деп әнеукүнi Кремльдегілердің кейбіреуі Генсектің алдын орап телефонмен жерден ап жерге салған. Ендi ши шығарып алса, бөстегiн арқалатып қаңғытып жiберер. Құрсын, бетi аулақ... Бұны ұзын арқандап жiберiп-тартып, жiберiп-тартып уыста ұстаған абзал. Шымбайға батырды деп шамданбай, салмақтап қараса, айтқандарының жаны бар. Қазiр «сенен жақсы жоқ» деп маңыраған мына қошқарлардың iшiнде қандай ит өлiп жатқанын кiм бiлсiн. Бiр-бiрiне жеңiстiк әпермей екi жақты тең ұстау керек. Ақын бұларды анда-санда өстiп тарпытып, шаңын қағып алуға жақсы. Сонда олар шеттен келген бұған алакөзденбей, арамдық iздеуге мұршасы келмей, қайта қолтығына тығыла түсiп, бар тiс-тырнағын Ақынға жұмсап әуре.

Бәрiнен бұрын баспасөз мәжiлiсiнде, пленумда сөйлеушiлердiң сөзi республикалық газеттерде ешқандай өзгерiссiз түгел басылады деп жалпақ әлемге жариялап қойып едi, мына керезудiң сөзiн қалай жарияламақ? Бүйректен сирақ шығарып қарашы!..»

Үкi көзденiп қожайынның қас-қабағын бағып отырған үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi иек қақтырмай-ақ жетiп келдi.

– Мынаның сөзi жарияланбасын. Бiр формулировкасын табыңдар!

Екi оттың ортасында терлеп-тепшiп жаны дызақтаған меңгерушi үзiлiсте фойеге шыққан Ақынның шалғайына жабыса кетiп шетке қарай қақпайлай бердi:

– Сiзбен келiсiп алатын шаруа боп тұр. Жаңа қызбаланып тым қатты кеттiңiз-ау...

– Менiң сөзiм ешқашан чиновниктерге ұнап көрген емес.

– Жоқ, олай демеңiз. Сiз – әлемге даңқы жайылған адамсыз. Дос-дұшпан әр сөзiңiзге құлақ түрiп отыр. Сыртқа сыр шашып қайтемiз. Газетке беру үшiн сөзiңiздi бiраз жұқарту керек.

– Мейлi, жарияламай қойсаңдар да көңiлiм баяғыдай. Сөзiмдi естуге тиiстi құлақтар естiдi, сол жетедi... Жарайды, тұмауға қарамай келiп ем, басым лықылдап тұр...

* * *


Киоскiлерде өтпеген соң, жиып-терiп әкеп, ешкiм оқи алмасын, оқыса да ішінде ештеңе жоқ дей ме, «Социалистiк Қазақстан» газетiн пайдалану үшiн түрменiң әжетханасына толтырып қоятын. Төрт-бес күннен кейiн сол газеттен Әзиз-Сұлтан пленум материалдарын көрдi. Сiрескен сегiз бет. Елiм, жерiм деген бiрауыз сөз жоқ. Салғыласқан, сойылдасқан бiреулер. Көрген зәбiр-жапасын айтып зарланғанда айдаладағы сен ұяласың. Сөздерiн сол қалпында жариялап отырған мына жаңа басшы не деген зымиян десеңшi. «Мiне, өз игi-жақсыларыңның сиқы қандай екенiн көр» дегенi ғой. Соңғы беттiң ең ақырында «...тұмауға шалдығып, есеңгiреп тұрып сөйлегендiктен О.Сүлейменовтiң сөзiн, оның өтiнiшi бойынша, газетке жарияламадық» дептi. «Есеңгiреп тұрып айтса да бұларды есеңгiрететiн бiрдеңе айтқан ғой. Әйтпесе, мiне, көрiңдер не деп былжырағанын деп масқаралау үшiн бұл жауыздар қайта қуана-қуана басар едi ғой, – деп ойлады Әзиз-Сұлтан. – Ақынның басына бұлт үйiрiлген екен». Көңiлi одан сайын құлазып күңгiрт тартты.

жүктеу 2,03 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   29




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау