§ 16. орфография.
Тілдегі сөздердің дұрыс жазу ережелерінің жиынтығы орфография (гректің орфос — дұрыс, түзу және графия — жазу деген сөздерден алынған) деп аталады. Тіл жүйелі, қоғамдық құбылыс болғандықтан, жұрттың бәріне ортақ оның жазу ережелері болады. Әркім өзінше әр түрлі жаза беретін болса, ол жүйелі тіл болмақ емес. Кейде дұрыс жазу ережелерін емле деп те атайды.
Тілде жазу үш принципке сүйенеді.
1. Морфологиялық принцип. Бұл принцип бойынша сөздер айтылуынша емес, бастапқы түбір тұлғасы сақталып жазылады. Мысалы: бас-шы (айтылуындай башшы емес), түн-гі (түңгі емес), Жан-пейіс (Жәмпейіс емес) болып сөздің түбірі де, қосымша да өз тұлғаларын сақтап жазылады.
2. Дәстүрлі (тарихи) принцип бойынша сөздер әуелгі тұлғасында емес, тілде қалыптасқан тұлғасы бойынша жазылады. Мысалы: хал, хат, хабар т. б. сөздер қал, к,ат, қабар болып жазылмайды, дәстүр бойынша қалыптасқан тұлғасында жазылады.
3. Фонетикалық принцип бойынша сөздер дыбыстық заңдарга сүйеніліп, айтылуы және естілуі бойынша жазылады. Мысалы, жаздыгүні, сексен, бүгін, жауып қойды, белбеу сияқты сөздер осылай айтылуынша, естілуінше жазылады, ал бұл сөздердің тарихи тұлғалары — жаздың күні, сегіз он, бұл күн, жап+ып қойды, белбау.
Қазақ тіліндегі сөздер бір ғана принцип бойынша жазылмайды. Сөздердің көпшілігі морфологиялық принцип бойынша жазылса да, фонетикалык және дәстүрлі принциптер бойынша да жазылатын сөздер аз емес. Оны қазақ тілінің ресми бекітілген "Орфографиялық (емле) ережелері" мен -
20
орфографиялық сөздіктері белгілеп отырады. Орфографиялық ережелерді Қазақстан республикасының Жоғаргы Кеңесі бекітеді.
§ 17. ОРФОЭПИЯ.
Тілдегі сөздердің, сөз тіркестерінің дұрыс айтылу ережелері орфоэпия (орфос — гректің дұрыс, түзу және эпос — сөйлеу, сөз дегендерінен алынған) деп аталады. Сөздер мен сөз тіркесінін айтылуы мен жазылуы әрдайым бірдей бола бермейді. Мысалы, барған, балалар, алтын сағат, жастар бригадасы сияқты сөздер мен сөз тіркестері бірдей айтылады және жазылады. Ал, ішсе, сенбе, ақ ешкі, сақ бол, құлын, өрік, көз салды сияқты сөздер мен тіркестер осылай жазылса да, іш-ше, сем-бе, ағ ешкі, сақ пол, құлұн, өрүк, көс салды болып айтылады. Сөздердің орфоэпиялық нормалары орфоэпиялық сөздіктерде көрсетіліп отырады.
§ 18. СӨЗДЕРДІ ФОНЕТИКАЛЫҚ ТАЛДАУДЫҢ ТӘРТІБІ.
Сөздерді фонетикалық жағынан талдау деген — оның (сөздің) құрамындағы дыбыстарды ажыратып, ерекшеліктерін көрсету, дыбыстардың дауыс (үн) қатысына карай, жасалу жолы мен орнына қарай түрлерін айқындау, сондай-ақ кейде сөз құрамында болып отыратын бір дыбыстың әсерінен екінші дыбыстың өзгеруін көрсету. Оны дауысты дыбыстар мен дауссыз дыбыстардың жіктелу кестесін және үндестік заңындағы ережелерді негізге ала отырып талдау қажет. Мысалы, кітабым, әсемпаз сияқты сөздерді талдап көрейік:
к — дауыссыз, үн қатысына қарай қатаң, жасалу орнына қарай тіл ортасы, айтылуына қарай шұғыл дыбыс.
і — дауысты, жіңішке, қысаң, езулік дыбыс.
т — дауыссыз, қатаң, тіс, шұгыл дыбыс.
а — дауысты, жуан, ашық, езулік дыбыс.
б — дауыссыз, ұяң, ерін, шұғыл дыбыс.
ы — дауысты, жуан, қысаң, езулік дыбыс.
м — дауыссыз, үнді (сонор), мұрын жолды дыбыс.
Кітап сөзінің соңғы п дыбысы қосымшаның (жіктік жалғауының 3-жағы) алғашқы ы дауысты дыбысының әсерінен ұяңданып, б дыбысына өзгерген. Әсемпаз: ә — дауысты, жіңішке, ашық, езулік дыбыс.
С — дауыссыз, катаң, тіс, ызың дыбыс.
е — дауысты, жіңішке, ашық, езулік дыбыс.
м — дауыссыз, үнді (сонор) ,мұрын жолды дыбыс.
п — дауыссыз, қатаң, ерін, шұғыл дыбыс.
а — дауысты, жуан, ашық, езулік дыбыс.
з — дауыссыз, ұяң, тіс, ызың дыбыс.
21
Пысықтау үшін сұрақтар.
1. Фонетика нені зерттейді? 2. Артикуляция, артикуляциялык база дегенді қалай түсінесің? 3. Дыбыс пен әріптің айырмашылығын айт. 4. Дыбыстарды дауысты және дауыссыз деп бөлуге негіз болатын не? 5. Дауысты дыбыстар қалай жіктеледі? 6. Дауыссыз дыбыстар қалай жіктеледі? 7. Дауысты және дауыссыз дыбыс әріптерінің емлесін айт. 8. Буын деген не және қандай түрлері бар? 9. Екпіннің және тасымалдың мәнін түсіндір. 10.Үндестік заңы деген не? Буын үндестігінін мәні мен қолданылу орнын көрсет. 12. Дыбыс үндестігінің мәні мен түрлерін мысалдар арқылы талдап көрсет. 13. Орфо-графия мен орфоэпияның байланысы мен ерекшеліктерін түсіндір. 14. Орфографиялық принциптердің түрлерін айт.
ЛЕКСИКА.
§ 19. ЛЕКСИКА ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК.
Лексика (грекше лексикос — сөз дегенді білдіреді) тілдегі сөздердің жиьштығы деген ұғымды білдіреді. Кейде лексика жеке ақын-жазушылардың шығармаларында қолданылған сөздер жиынтыгы деген ұғыммен де жұмсалады. Мысалы, Абай шыгармаларының лексикасы дегенде, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде қолданылған сөздер жиынтығы дегенді, қазақ тілінің лексикасы дегенде, қазақ тілінде қолданылатын барлық сөздің жиынтығы деген ұғымды түсінеміз.
Лексика лексикология, семасиология, этимология және лексикография деген салалардан тұрады.
1. Лексикология — сөз туралы ілім (лексикос — сөз және логос — ілім), тілдің сөздік құрамын, байлығын зерттейді.
2. Семасиология (гректің семантикос — білдіру, мән және логос — ілім деген сөздерінен алынған) сөз мағынасын, сөздің ішкі мәнін, сөздің мағыналық ерекшеліктерін қарастырады.
3. Этимология — сөздер мен жекеленген тұлғаларының тарихын, шығуын, дамуын зерттейтін тіл білімінің саласы. Мысалы, қазіргі тілімізде қолданылып жүрген кітап, дос, бөкебай, биыл, сексен сияқты сөздерінің мән-мағынасы бізге түсінікті, бірақ ол сөздердің қалай шыкқандығына көз жүгіртіп, мән бере бермейміз. Кітап — китабун деген араб сөзі, дос — дост деген парсы сөзі, бөкебай — пуховый деген орыс сөзі, ал биыл — бұл+йыл (жыл), сексен — сегіз+он деген түбірден құралған біріккен сөздер.
4. Лексикография (гректін лексикос — сөз және графос — жазу деген сөздерінен алынған) тілдегі сөздерді жинастырып, сөздік жасау деген үғымды білдіреді. Сөздік максаты мен мәні жағынан түрлі-түрлі болып келеді. Сөздіктегі сөздер алфавит тәртібімен беріледі.
Сөздіктердің негізгі түрлері мынадай:
22
Түсіндірме сөздік тілдегі барлық сөздерді қамтып, білдіретін мағыналарды мысалдар арқылы талдап, саралап береді. Қазақ тілінде 1956—1961 жылдары екі томдық, кейін 1974—86 жылдары он томдық "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі" жарық көрді.
Аударма сөздік бір тілдің сөздерін екінші тілге аударып береді. Қазақ тіліне қатысты аударма сөздіктер; "Орысша-қазақша сөздік", "Қазақша-орысша сөздік". "Парсыша-қазақша сөздік", "Ағылшынша-қазақша сөздік" т. б. Сондай-ақ кене түркі ғалымы Махмүд Қашғаридың "Дивану лұғат-ит түрік" (Түркі тілдері сөздігі, яғни түрікше-арабша, 1072 ж.), "Кодекс Куманикус (қыпшақша-немісше, 1303 ж.), академик В. В. Радловтың төрт томдық "Опыт словаря тюркских наречий" (түркі тілдерінің сөздері орыс және неміс тілдеріне аударылып беріледі, демек көп тілді сөздік, 1897—1911 ж.) осы сөздіктер қатарына жатады.
Терминологиялық сөздік тілдегі әр түрлі ғылым мен техника саласы бойынша қолданылып жүрген арнайы термин сөздердің мәнін ашып беретін немесе екінші тілге аударып көрсететін сөздіктің түрі болып табылады. Қазақ тілінде әр түрлі терминологиялық сөздіктер бар.
Этимологиялық сөздік — тілдегі сөздердің шығу төркіні мен тарихын, қалай пайда болғанын көрсететін сөздік. Қазақ тілінде алғаш рет 1965 жылы "Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі" жарық көрді.
Орфографиялық сөздік — тілдегі сөздердің дұрыс жазылу қалпын, емлесін көрсетіп береді. Қазақ тілінде бірнеше рет басылып шыққан үлкен орфографиялық сөздіктерден басқа мектепке арналған да орфографиялық сөздік бар.
Орфоэпиялық сөздік — тілдегі сөздердің дұрыс айтылуын көрсетеді: өйткені тілдегі сөздер бірдей жазылып, бірдей айтыла бермейді.
Сөздіктің баска да түрлері бар. Олар: энциклопедиялық сөздік, жиілік сөздік, синонимдер сөздігі, фразеологиялық сөздік, белгілі бір ақын-жазушының сөздігі, мысалы, Абай тілі сөздігі т. б.
§ 20. ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ СӨЗ БАЙЛЫҒЫ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК.
Ғасырлар бойы дамып жетілген, қолдану аясы кең, бай тілдердің бірі — қазақ тілі. Өйткені қазақ тілінің құрамындағы сөздердің саны ұлан ғайыр көп. Әсіресе халықтың байырғы (адам, әке, ана, аға, туыс, бауыр, жолдас, ақыл, мінез, жер, су, орман, үй, еңбек, шаруа, жігіт, батыр) сөздері өте мол. Сонымен қатар байырғы сөздерден косымша арқылы жасалган (ағарту-шы, жазу-шы, адам-гершілік, кісі-лік, мейірім-ділік, оку-лық, аялда-ма, өнер-паз, шабан-доз, тіл-ші) сөздер немесе сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы жасалғандардың (үлкенді-кішілі, оңды-солды, ағалы-інілі, жұмысшы-шаруа, ақ көңіл, ақ иық, ақ пейіл, қарға адым, жылан бауыр, жеті қараңғы, күйтабақ, кәсіподақ, баспасөз, еңбеккүн, кемпірқосақ, өнеркәсіп) есебі жоқ. Осылардың барлығына негізгі қор, тірек болатын — халықтың байырғы сөздері.
23
Сондықтан байырғы сөздерді сөздік қор деп атайды. Сөздік қор тілімізде жаңа сөздер жасауға негіз болады.
Қазақ тілінің құрамында басқа тілден енген сөздер де мол. Орыс тілінен: машина, трактор, пионер, институт, техникум, фабрика, колхоз, совхоз, парта, актер, кино, дружина т. б. ал араб-парсы тілдерінен: мектеп, қалам, дәптер, ұстаз, мұғалім, бала, медресе, әдебиет, кітап т. с. с. сөздер халықтың өз сөзіндей болып кеткен. Басқа тілден енген сөздер болғанмен, бұлар байырғы сөздермен бірге қазақ тілінің сөздік құрамына енеді. Қазақша сөйлеуге және жазуға қатысатын барлық сөздердің жалпы жиынтығы қазақ тілінің сөздік құрамы немесе лексикасы деп аталады.
§ 21. СӨЗ ЖӘНЕ ОНЫҢ МАҒЫНАСЫ.
Адамдар бір-бірін тіл арқылы түсінісетін болса, сол тілдің басты құралы — сөз. Сөз дегеніміз — заттың, түрлі құбылыстың, қимыл-әрекеттердің атауы. Әрбір сөздің білдіретін жеке ұғымы болады. Мысалы: қар деген сөздің білдіретін ұғымы — түсі ак, салқын, еріп, суға айналатын зат. Парта — ағаштан жасалган оқушьшың мектептегі құралы, отыратын орны. Әр сөздін білдіретін осындай ұғымы оның мағынасы делінеді.
Сөз білдіретін мағына бірдей, біркелкі бола бермейді, Әдетте сөз мағынасы екі тұрғыдан екіге бөлініп қаралады: лексикалык, мағына және грамматикалық мағына.
Сөздің жеке тұрғанда немесе сөйлемде білдіретін негізгі ұғымы онын лексикалық мағынасы болады: Тау, тас, орман. Ал осы сөздерді сөз тұлғасы, сөз таптары, сөйлемдегі қызметі тұрғысынан қарастырғанда, олардың білдіретін мағыналары грамматикалық мағыналар болады: Тау мен тасты жел бұзар; Орман — ел байлығы деп, сөйлем құрастырсақ, тау, тас, орман, ел, байлық деген сөздер, бір жағынан, жеке-жеке ұғымның атауы болып, лексикалық мағынаны білдіреді. Екінші жағынан, ол сөздердің барлығы да жалпы зат атауы мәнін білдіріп, зат есім болып түр. Бұл — сол сөздердің грамматикалық мағынасы. Егер бұларға грамматикалық талдау (грамматикалық тұлғалары мен атқаратын қызметтеріне қарай) жасасақ, олардың әрқайсысы бірнеше грамматикалық мағынаны білдіріп тұрғанын байқаған болар едік. Мысалы: тау және тасты деген сөздер әркайсысы белгілі бір ұғымды білдірсе (бұл — лексикалық мағынасы), оның үстіне бұл екі сөз де жалпьг жансыз зат атауы және табыс септік жалғауы арқылы бұзу қимылының тура объектісі мәнін (нені бұзар?) білдіріп тұр. Сондай-ақ жел — әрі жалпы жансыз зат атауы, әрі қимылды атқарушы (бастауыш)— не бұзар? Бұзар — жалпы қимылды білдіреді және -ар қосымшасы арқылы шақтық (болжалды келер шақ), 3-жақта түруы арқылы жақтық, баяндауыштық мәнде тұр. Бұлардың барлығы — грамматикалық мағыналар. Сондықтан сөзде бір лексикалық және бір я бірнеше грамматикалық мағына болады дейміз.
24
Создер толық (лексикалық) мағынасы бар негізгі сөздер және лексикалық мағынаны білдіре алмайтын көмекші сөздер болып та бөлінеді: Жұмыстан кейін киноға бардым десек, сөйлемдегі жұмы-стан, киноға, бардым дегендер — толық мағыналы сөздер, өйткені олардың әрқайсысы өздігінен тұрып белгілі бір ұғымды білдіре алады. Ал сөйлемдегі кейін сөзі өздігінен тұрып ешбір ұғым білдіре алмайды, өзінің алдындағы сөзге тіркесіп барып мезгілді, уақытты білдіреді. Сондықтан кейін сөзін көмекші сөз дейміз. Асқар келгенде, Ботагөз ұйықтап қалып еді деген сөйлемде Асқар келгенде, Ботагөз, уйықтап негізгі толық мағынаны, ал қалып еді сөздері көмекші мағынаны білдіріп тұр. Калып еді етістіктері өздігінен толық мағынаны білдіре алмай, ұйықтап көсемшесіне тіркесіп барып бір істі, әрекетті (бір мағынаны) білдіреді.
Сонымен, сөздер толық, негізгі, көмекші, қосымша мағыналарды да білдіре алады. Сөз бір мағынаны да, бірнеше мағынаны да білдіреді.
§ 22. СӨЗДЕРДІҢ ТУРА ЖӘНЕ АУЫСПАЛЫ МАҒЫНАЛАРЫ.
Сөздің бастапқы (негізгі) білдіретін тура ұғымы — оның тура мағынасы болып есептеледі. Цирктерден қолға үйретілген арыстанды көруге болады, дегенде арыстан сөзі — жыртқыш, қайсар аң ұғымын береді, сол аңды көз алдымызға елестетеді. Ал "Арыстан еді-ау Исатай бұл пәнидің жүзіңде..." (М) дегендегі арыстан аң ұғымын емес, асқан ерлік пен күш-жігердің, намыс пен ежеттіліктің батыр тұлгасы ұғымын береді. Яғни тура мағынасы ауысып, келтірінді басқа мағынаға айналады. Сондықтан сөздің мұндай мағынасын ауыспалы (келтірінді) мағына дейді.
Завод деген сөз жеке тұрып та, сөйлемде келсе де, бір-ақ мағынаны — заводты білдіреді. Сондықтан мұндай сөздерді бір мағына білдіретін сөздер дейміз. Ал бас сөзі бірнеше мағынаны білдіреді: 1. Адам басы; 2. Таудың басы; 3. Жұмыстың басы; 4. Сөздің басы; 5. Бұлақтың басы т. б.
Сөздің зат, құбылыс, ұғым, түсінік, болмыс, амал, әрекеттерге тағылған атау түріндегі бастапқы мағынасын сөздің тура мағынасы дейді де, бастапқы мағынасынан ауыстырылып, өзге мағынада қолданылуын ауыспалы мағынасы дейді: Қол — адамның дене мүшесі. Бұл — осы сөздің тура мағынасы.
Сен менің оң қолымсың деген сөйлемде оң қолымсың деген сөз көмекшімсің деген мағынаны білдіріп тұр. Ал қол ұшын береді деген тіркесі жәрдемдесті деген үғымды, қолы жеңіл — ісі сәтті деген ұғымды білдіреді. Бұлар — қол сөзінің ауыспалы мағыналары. Кейде бір сөз бірнеше мағынада да қолданыла береді. Мысалы: Ақ сөзі бірде түсті білдіріп, ақ көйлек деген тіркесте қолданылса; бірде сүт, айран дегенді білдіреді.
§ 23. КӨП МАҒЫНАЛЫ СӨЗ.
Сөздер өзінің негізгі мағынасынан басқа да мағынада қолданыла береді. Бірнеше мағынада қолданылатын сөздерді көп мағыналы сөздер дейді.
25
Көп мағыналы сөздер көркем шығармаларда жиі қолданылады. Өздерінің шығармаларында ақын-жазушылар кейбір сөзді екі не үш мағынасында қатар алып жұмсай береді.
Екі күймек бір жанға әділет пе,
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
Ашиды жаның, қайнайды қаның,
Мінездерін көргенде...
(А.)
Көп мағыналы сөздер мен омонимдерді шатастыруға болмайды. Көп мағыналы сөздердің әр мағынасы бір-біріне жақын, бір-бірімен байланысты болса, омоним сөздердің мағыналары бір-бірімен байланысты емес, мағыналары бүтіндей бөлек болады.
24. ОМОНИМДЕР. СИНОНИМДЕР. АНТОНИМДЕР.
Айтылуы бірдей болғанмен, мағыналары бөлек-бөлек сөздерді омоним дейді. Мысалы, аяқ деген сөз әрі ыдыстың бір түрі және адамның дене мүшесі мағыналарын білдіреді. Бұл мағыналардын арасында байланыс жоқ. Демек, аяқ деген сөз бірдей айтылғанмен әр мағынасы бөлек-бөлек сөз болып табылады. Сондай-ақ сыр — біреудің құпия ойы және сыр — бояу, жас — адамның нешеге келуі және жас — көзден ағатын су және жас — жастық кез т. б. Омоним сөздерді көп мағыналы сөздермен шатастыруға болмайды.
Мағыналары бір-біріне жақын, мәндес сөздерді синоним дейді. Мысалы, әдемі, сулу, келбетті, немесе қысқа, шолақ, келте, немесе кушті, мықты, берік т. б. сөздердің мағыналары бір-біріне жақын, сондықтан да көбіне-көп оларды бірінің орнына екіншісін қолдана беруге болады: әдемі қыз — сұлу қыз, келбетті қыз немесе күшті жігіт, мықты жігіт, берік жігіт т. б.
Белгілі бір ұғымды білдіретін мәңдес сөздер тобы синонимдік қатар жасайды. Мысалы: аброй, бедел, қадір немесе мықты берік, күшті, бекем дегендер синонимдік қатар құрайды. Бірақ жалпы ұғымды білдіретін сөздер мен жеке ұғымды білдіретін сөздер немесе бір заттың әр жақты түрін біддіретін сөздер синонимдік қатар жасай алмайды. Мысалы, киім деген сөзге шалбар немесе көйлек синоним бола алмайды, өйткені шалбар да, көйлек те киімнің жеке-жеке түрлері.
Мағыналары бір-біріне қарама-қарсы сөздерді антонимдер дейді. Ащы-тұщы, жақсы-жаман, аз-көп, алыс-жақын т. б. Болымсыздық мағынаны білдіретін қосымшалар арқылы жасалған сөздер антоним бола алмайды: Қарлы — қарсыз, желді — желсіз т. б.
Антоним болу үшін сөздердің тұлғалары бөлек, мағыналары бір-біріне қарама-қайшы болуы шарт. Кейде антоним сөздер жалпылық мағыналы қос сөз түрінде де қолданылады.
Мысалы: Жоғары — төмен үйрек-қаз ұшып тұрса сымпылдап.
(А. Қ.)
26
§ 25. ЖАЛПЫЛАМА КОЛДАНЫЛАТЫН СӨЗДЕР МЕН ТЕРМИНДЕР.
Сөздік құрамдағы сөздердің колданылу аясы бірдей емес. Кейбір сөздер кісінің мамандығына, кәсібіне, біліміне қарай қолданылса, енді бір сөздер ғылым түріне не жергілікті жер еректелігіне байланысты қолданылады.
Мысалы: оқулық, шәкірт, көрнекілік, ұстаз, үлгірім — мектеп, ісіне байланысты сөздер, ал ринг, гоңг, раунд, төреші, қарсылас, секундант сөздері спорт ойындарына қатысты. Мұндай сөздер кез келген жерде айтыла бермейді, әркімнің аузынан естіле бермейді. Осылармен қатар адамдардың мамандығына, кәсібіне, біліміне қарамай-ак күнделікті өмірде, тұрмыс-тіршілікте, қызметте жиі қолданылатын, кез келген орында айтыла беретін сөздер бар.
Мысалы: ас, су, ауа, жер, кун, киім, ауыл, ел, қала, көрші, туыс, орын, уй-жай, отыр, жур, кел, бер, ал, сөйле, жақын-алыс, жақсы, әдеп, улкен-кіші, ақыл, тәртіп, т. б. Мұндай сөздердің көптігі қазақ тілінің сөздік қорының бай екендігін көрсетеді. Жалпыға бірдей жиі қолданылатын сөздер болғандықтан, оларды жалпылама қолданылатын сөздер деп атайды. Мамандыққа және ғылым мен техниканың әр түрлі салаларына ғана қатысты арнаулы сөздерді терминдер дейді. Мысалы: тіл біліміне қатысты сөз табы, септеу, сын есім, зат есім, жалғау, жұрнақ, түбір, тасымал, екпін, үндестік заңы, шылау, одағай сияқты терминдер бар. Әдебиетте кейіпкер, сюжет, бейне, теңеу, композиция, идея, шумақ, ұйқас, эпитет, поэзия, мысал, әңгіме, роман т. б. сияқты терминдер қолданылады. География гылымына байланысты азимут, полярлық әдіс, компас, масштаб, глобус, меридиан, литосфера т. б. терминдерді айтуға болады. Математика ғылымынан көбейгіш, көбейтінді, азайғыш, айырма, қосынды, бөлгіш, теңдеу, симметрия, координат, пропорционал сияқты терминдер қолданылып жүр.
Биология ғылымына қатысты тамыр, жапырақ, өркендер мен бүршіктер, клетка, цитоплазма, органикалық заттар, организм т. б. терминдер бар. Осы тәріздес арнайы терминдер оқу-педагогика, химия, физика, астрономия, медицина, заң, экономика, тарих, этнография т. б. ғылым салалары мен техниканың түр-түріне байланысты да қодданылады.
§ 26. БАСҚА ТІЛДЕРДЕН ЕНГЕН СӨЗДЕР.
Қай тілдің болса да, сөздік құрамы өзінің даму барысында басқа тілдерден енген сөздермен де толысып отырады. Бір тілден екінші тілге сөз ену тарихи жағдайға және экономикалық, сауда, мәдени қатынастарға байланысты болады. Мұндай мемлекетаралық қатынастар халықтардың бір-біріне зат алмастыруымен қатар, ол заттардың атауларын да ауыстыруға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік жағдайға және мемлекетаралық қатынастарға байланысты, мысалы, орыс тілі мен қазақ тіліне енген сөздер өте көп. Мысалы: ескі грек, рим мәдениетінен келе жатқан республика,
27
диктатура, милиция, грамматика, механика, лаборатория, формула, газет, почта, кабинет, бюллетень, симфония, касса, кассир, балкон, опера; грек, латынша: геометрия, физика, экономика, термометр, телеграф, телефон, телевизор; ағылшын тілінен: чемпион, руль, рельс, клуб, вокзал; француз тілінен: бюро, депо, партизан, авангард, метр; неміс тілінен: штраф, мундир, офицер, штаб, матрас т. б. Бұл сөздердің барлығы қазақ тіліне орыс тілі арқылы енген. Сонымен катар, казак тілінің қанына сіңіп, тіліміздің байлығына айналған, жалпыхалықтық сипат алып кеткен араб, парсы тілдерінін сөздері де бар: алгебра, нашатырь, әдебиет, дәптер, кітап, калам, сәлем, сағат, мектеп, өмір, Отан, бала, ұстаз, мұғалім т. б.
§ 27. ДИАЛЕКТ ЖӘНЕ КӘСІБИ (ПРОФЕССИОНАЛДЫҚ) СӨЗДЕР.
Жалпы халықтық тілде қолданылып, сөздік құрамға енетін сөздер сол тілде сөйлейтін адамдардың бәріне түсінікті болып келеді. Сондай-ақ жалпылама қолданыла бермейтін, тек белгілі бір аймақ шеңберінде ғана жұмсалатын сөздер бар. Мысалы: Шымкент, Арыс манында шайнекті — чәугім, жұмыртқаны — тұқым дейді, Орал өңірінде таразыны — шеккі, бәкіні — шаппа, кауғаны — бөрлек десе, Гурьев, Маңғыстауда: көрт, кердері, жанпоз, жарбай сияқты түйе атауының неше түрі бар. Осындай жергілікті халық тілінде ғана колданылатын, белгілі аймақ көлсмінде ғана айтылатын сөздерді диалектизмдер дейді.
Әр түрлі шаруашылыкқа, кәсіпке байланысты сөздер болады. Мысалы: балық аулау кәсібінс байланысты: таутан, асман, қызылқанат, табан, бекіре, шортан (балық атаулары), аламан, тоспай, итерқұл, морда (ау, түрі) т. б.; егін бау-бакша шаруашылығына байланысты; әнер, атыз, жан арық, қол арық, оман арық, ата жап, жер суы, желке суы, орақ суы, құлақ суы (арық түрлері), кешір, пісте, шекілдеуік, бәдірен, қауыншек, әнгелек, күнбағыс т. б. сөздер бар. Мұндай белгілі бір мамандық пен кәсіп түріне байланысты ғана қолданылатын сөздерді кәсіби (профессионалдық) сөздер деп атайды.
§ 28. КӨНЕРГЕН СӨЗДЕР МЕН НЕОЛОГИЗМДЕР.
Ғылымдағы жэне техникадағы, өнер мен мәдениет, қоғамдық-әлеуметтік өмір мен әдебиет саласындағы жаналықтар лексикаға да үнемі ыкпалын тигізіп отырады. Өткен дәуірлерде болған кейбір наным-сенімдер, әдет-ғұрыптар, ескі ұғымдар, үй мүлкі, шаруашылық бұйымдары халық тұрмысының дамуына байланысты азайып, қолданудан шығып қалады. Соларға қатысты сөздер мен атаулар да ескіреді, яғни қолданудан шыға бастайды. Мысалы: шоқпар, соқа, сойыл, найза, айбалта, күрзі, қорамса, кіреуке, малта, ояз, зындан, күң, кұл, әмеңгер, болыс, жүзбасы, сарбаз, дуан, пері, періште, ысқат, азан, барымта, дабыл тәрізді сөздер бүгінгі өмірде
28
көп қолданыла бермейді. Бұлар белгілі бір дәуірдің, тарихи кезеңнің тілдік көрсеткіші ретінде жұмсалуы мүмкін. Олар көнерген сөздер деп аталады. Және олардың кейбірі жана ұғымдардың келуімен байланысты жаңарып қолданылуы да мүмкін.
Тіл — тілде көнерген сөздердің историзмдер және архаизмдер деп аталатын екі түрі бар. Кейбір заттар мен құбылыстар күнделікті өмірден шығып қалып, сол ұғымдарды білдіретін олардың атаулары — сөздер де көнеріп, тілде қолданбайды. Мысалы: сұлтан, атшабар, ояз, барымта, дуан басы, дүре, малай, күң, құл, бай, болыс т. б. Мұндай сөздерді историзмдер дейді. Бұрынғы атаулары ескіріп, кейін басқа атаулармен беріліп жүрген заттар мен құбылыстар бар. Мысалы: жасак, немесе қол — әскер, қол басы — әскер басы, почтабай — хат тасушы, жатак, — отырықшы, серіктік — бірлесу, қосын — ұйым, желек — орамал т. б. Қазірде осындай басқа атаулармен беріліп жүрген заттар мен құбылыстардың бұрынғы атаулары архаизмдер деп аталады.
Қоғамның дамуына сай тіліміз де дамып, жетіліп отырады. Әр қоғамда халықтың санасына, түрліше жағдайына, рухани есуіне, экономика мен техниканың дамуына байланысты жаңа сөздер пайда болады. Мұндай жаңа сөздерді неологизм деп атайды.
Бұрынгы Советтік дәуірде тілімізге көптеген жаңа сөздер енді. Мысалы: революция, коммунист, комсомол, пионер, колхоз, совхоз, тәлімгер т. б. Қазақ тіліндегі неологизмдер бес түрлі тәсілмен жасалады.
1. Сөздердің мағыналарының жаңаруы арқылы: мұра, әлем, талқылау.
2. Қосымша жалғану арқылы: мұздат-қыш, құра-м, наград-тау, оқу-лық.
3. Сөздердің бірігуі арқылы: өнеркәсіп, бесжылдық, қолөнер.
4. Басқа тілдерден ауысу, ену арқылы: самолет, парашют, химия, телефон.
5. Басқа тілден сөзбе-сөз аудару арқылы: үшбұрыш, жазушы.
§ 29. ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР.
Тіл арқылы қатынас жасағанда, сөздер дара күйінде емес, бір-бірімен тіркесіп қолданылады. Тіркес екі түрлі болады. 1. Құрамындағы сөздердің орнын өзгертуге немесе басқа сөздермен алмастыруға бола беретін еркін тіркес. Мысалы: үлгілі бала дегеннің орнына үлгілі қыз деуге болады, диктант жазу дегеннің орнына шығарма жазу, хат жазу, мазмұндама жазу десе де болады. Мұндай еркін тіркестер сөз тіркесі деп аталады. Еркін сөз тіркесінің беретін мағынасы сол тіркесті құрайтын сөздердің мағыналарымен байланысты болады.
2. Мағынасы бір тұтас, құрамын өзгертуге, басқа сөзбен алмастыруға болмайтын, бір сөздің орнына ғана жұмсалатын да тіркестер бар. Мысалы: қой аузынан шөп алмас, ит жанды, таяқ тастам жер, мұзға отырғызып кету, жұмған аузын ашпау, көзді ашып жұмганша т. б. Қой аузынан шөп алмас дегеннің орнына- түйе аузынан шөп алмас, ит жанды дегеннің
29
орнына мысық жанды деп өзгертіп айтуға көнбейді.
Сондай-ақ мұндай тіркес көркем, бейнелі бір ұғымды білдіреді: қой аузынан шөп алмас — жуас, ит жанды — көнбіс, таяқ тастам — жақын, мұзға отырғызып кету — алдау, жұмған аузын ашпау — үндемеу, көзді ашып-жұмғанша — лезде деген мағыналарды білдіріп, бір сөздің орнына қолданылады. Сондықтан мұндай тіркестерді тұрақты тіркестер дейді. Тұрақты тіркестің мағынасы оның құрамындағы сөздердің мағыналарынан тумайды, басқа бір мағынаны білдіреді. Мысалы: қабыргаңмен кеңес — ойлан, бесіктен белі шықпай — ерте, қас пен көздің арасында — шапшаң мағыналарын білдіреді.
Еркін сөз тіркесі мен тұрақты тіркесті салыстырып көрейік.
Сөз тіркесі
|
тұрақты тіркес
|
/. Таза дәптер, таза киім, әдемі дәптер, әдемі киім,
2. Әдепті оқушы, әдепті кісі, баланың ісі, улкеннің ісі.
|
тайга таңба басқандай (анық),
біреудің ала жібін аттамау (ұрламау),
жүрек жұтқан (батыр), қоян жүрек (қорқак,), таяқ тастам (жақын), тіс жармау (ундемеу).
|
Неше сөзден құралса да, тұрақты тіркес бір ғана ұғымды білдіреді. Сөйлем ішінде бір ғана мүшенің қызметін атқарады. Мысалы: Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар елге қызмет етеді. Осы сөйлемдегі көзі ашық, көкірегі ояу тұрақты тіркестің сұрағы қандай? Саналы деген бір мағынаны білдіреді, анықтауыштық қызмет атқарады.
Орын жағынан әбден қалыптаскан, құрамы өзгертуге келмейтін, бәрі тұтасып бір мағынаны білдіретін, бір ғана сөйлем мүшесі ретінде қолданы-латын тіркесті тұрақты тіркес дейміз. Тұрақты тіркестер ғылым тілінде фразеология, фразеологизм деп те аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |