§ 30. МАҚАЛ МЕН МӘТЕЛДЕР.
Мақал-мәтелдер — халық даналығының, көрегендігінің айнасы, тіл байлығының алтын қазынасы. Олардың көбі өмір шындығының қорытындысы.
Халықтың кейінгі ұрпаққа қалдырған өсиеті, өмір сүру әрекетінің ережесі секілді қымбат мұра.
"Сөздің көркі — мақал" деп тегін айтылмаған. Мақал-мәтелді айтылатын оймен орайластырып, орынды колдансақ, сөзіміз мірдің оғындай өткір, көңілге қонымды көркем әрі бейнелі болады. Мақал-мәтелдер аз сөзбен терең мағынаны беретіндіктен, өте ұтымды болады, сөйлеген адамнын шешендігін, ой ұшқырлығын, тапқырлығын байқатады. Мақал мен мәтелдер халық санасында талай жылдар мен ғасырлар бойында қалыптасып, тұракталып қалған да, сөйлегенде дайын тілдік құбылыс ретінде қолданылады.
30
Бұл жағынан келгенде, яғни құрамындағы сөздердің тұрақты болуы, дайын тілдік құбылыс ретінде қолданылуы және ойға әсерлі де әсем, көрікті де көркем мән үстеуі жағынан, макал-мәтелдер тұрақты тіркестерге жақын болып келеді.
Сөйлем құрылысы, ішкі мазмұны жағынан мақал мен мәтелдердің өз ішінде ерекшелігі байқалып тұрады.
Мақалдарда ой түйінді пікір, өсиет, ереже тәрізді көбіне ауыс, астарлы мәнде тұжырымдалып айтылады.
Мысалы: Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені.
Еменнің иілгені — сынғаны.
Жақсыдан шарапат, жаманннан кесапат.
Өз басыңды дауға берсең де, жолдасыңды жауға берме.
Мәтелдерде негізгі айтылатын ой-пікір жанамалап, сілтеме — ишара түрінде беріледі.
Мысалы: Күш атасын танымас.
Айласыз батыр алдырар.
Нар тәуекел — ер ісі.
Ер есімі — ел есінде.
Мақал-мәтелдердің көпшілігі ауыспалы, келтірінді мағынамен беріледі.
Мысалы: Әркімнің өзі шығар биігі бар.
Кісінің шырайына қарама, райына қара.
Оқ жетпес жерге қылышыңды суырма.
Пысықтау үшін сұрақтар.
1. Лексика дегеннің мәнін қалай түсінесің және ол кандай салалардан тұрады? 2. Сөздік қор мен сөздің құрам деген не және олардың байланысы қандай? 3. Сөз дегенді қалай түсінесің? 4. Лексикалық мағына деген не? 5. Лексикалық мағынасы жағынан сөздердің негізгі сөздер және көмекші сөздер болып бөлінуінің мәнін түсіндір. 6. Грамматикалық мағына дегеннің мәнін мысалдармен түсіндір. 7. Сөздердің тура және ауыспалы мағыналары дегенді қалай түсінесің? 8. Сөздің көп мағыналылығы деген не? 9. Омоним, синоним, антоним дегендердің мәнін мысалдармен түсіндір. 10. Жалпылама колданылатын сөздер мен терминдер деген не және олардың ара қатынасы қандай? 11. Қазақ тілінде қандай тілдерден енген сөздер бар? 12. Диалект және кәсіби сөздер деген не? 13. Көнерген сөздер деген не және кандай түрлері бар? 14. Неологизм деген не? 15. Тұрақты тіркес деген не және еркін сөз тіркесінен айырмашылығы неде? 16. Мақал-мәтелдердің мәні неде? Өздерің білетін мақал-мәтелдерді келтіріп, ерекшелігін көрсетіңдер.
СӨЗДЕРДІҢ ЖАСАЛУЫ.
§ 31. СӨЗЖАСАМ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК.
Қоғамдық өмірдің дамуымен байланысты жаңа ұғымдарды білдіретін жаңа сөздер пайда болады. Сөздердің пайда болуы мен
31
жасалуының белгілі заңдылықтары бар. Мысалы: оқушы, оқулық, аялдама, тоқсан, жеті, өнеркәсіп, бүгін, аяқ-табақ т. б. сөздер әр түрлі тәсілдермен жасалған: оку-шы, оқу-лық, аялда-ма дегендер сөзге (түбірге) -шы, -лық, -ма қосымшалары жалғану арқылы, тоқсан, жеті дегендердің мағынасы өзгеру арқылы, яғни тоқсан саны үш айлық мерзім (квартал), жеті — жеті күн яғни апта деген мәндерде, өнеркәсіп — өнер+кәсіп, бугін — бұл+күн деген сөздердің бірігуі арқыльі, аяқ-табақ екі сөздің қосарлануы арқылы жасалған. Тілдің сөздік құрамының дамып, осылай жаңа сөздердің пайда болуын ғылым тілінде сөзжасам деп атайды.
§ 32. СӨЗДЕРДІҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ.
Сөздердің жасалуының бірнеше жолы болады. Олар: 1) түбірге қосымша (сөз тудырушы жұрнақ) жалғану арқылы, мысалы: ба-ла-лық, кітап-ша, ақыл-шы, айт-ыс, жас-ар т. б. 2) сөздердің бірігуі арқылы; мысалы: турегелді (тұра-келді), ашудас (ашу-тас), белбеу (бел-бау), сексен (сегіз-он) т. б. 3) сөздердің қосарлануы арқылы; мысалы: жақсы-жаман, куні-туні, жата-жастана, құрт-қумырсқа, дос-жаран т. б.
Түбірге қосымша жалғану арқылы жасалған сөздер туынды түбір деп аталады. Сөздердің бірігуі арқылы жасалған сөздер біріккен сөздер деп аталады. Сөздердің қосарлануы арқылы жасалған сөздер қос сөздер деп аталады.
Қазақ тілінің сөздік құрамы қысқарған сөздер арқылы да, сөздердіқ мағына өзгерісі арқылы да, бөтен тілден енген сөздер арқылы да толығып, байып отырады.
§ 33. СӨЗДІҢ ҚҰРАМЫ.
Сөз түрлі бөлшектерден тұрады. Сөз бөлшектерінің өзіне тән белгілі мағынасы және қызметі болады. Мысалы, жолдастыққа деген сөз мынадай төрт бөлшектен тұрады: жол-дас-тық-қа. Бірінші жол бөлшегі салған із немесе сапар мағынасын білдірсе, оған -дас қосымшасы қосылып, жолдас сөзі серік мағынасын беріп тұр. Бұл сөзге -тық қосымшасы жалғанып, адамдар арасындағы қатынас мағынасын білдіретін сөз жасалған. Соңғы -қа бөлшегі бұл сөзге жаңа мағына үстеп тұрған жоқ.
Сөйтіп, сөздің құрамы деген ұғымға түбір және қосымша деп аталатын бөлшектер кіреді. Сөз жалғыз бір түбірден де (мысалы, үй, әке, бала т. б.), түбір мен қосымшадан да (мысалы, маңдай-ша, өнер-паз, біл-ім т. б.), түбір мен түбірден де (мысалы, не-кен-саяқ, жақсы-жаман, аққу, Марқакөл т. б.) құралады.
§ 34. ТҮБІР МЕН ҚОСЫМША.
Сөздің бастапқы мағыналы бөлшегін түбір дейді. Мысалы: жолдастық, сауыншылар, мектептердің, көрінген т. б. сөздердің
32
түбірлері — жол, сау, мектеп, көр. Себебі бұлар қосымшасыз тұрып та белгілі бір мағынаны білдіреді: жол — із немесе сапар, сау — сүт алу, мектеп — оқитын орын, көр — көзбен байқау.
Осы түбірлерге жалғанған -дас, -тық (жолдастық деген сөзде) -ын, -шы (сауыншы деген сөзде), -тер, -діқ (мектептердің деген сөзде) -ін, -ген (көрінген деген сөзде) бөлшектері қосымша деп аталады. Қосымша жеке тұрғанда ешбір мағына білдіре алмайды. Жоғарыдағы -дас, -тық, -ын т. б. дегендерде ешбір мән жоқ. Түбірге қосылғанда, оған бүтіндей жаңа мағына қосады, мысалы, жол — із я сапар болса, жолдас — жолға бірге шығатын адам я серік; не қосымша мән үстейді: мектеп — оқу оқитын орын болса, -тер деген қосымша сол мектептің біреу емес көп екенін ғана білдіреді. Сөйтіп, қосымша түбірсіз қолданылмайды және оның мәні тек түбір арқылы айқындалады.
Қосымша екі түрлі: жұрнақ және жалғау. Жұрнақ өзі жалғанған сөздің мағынасын езгертеді немесе жаңа мағына тудырады. Жалғау өзі жалғанған сөздің мағынасын өзгертпейді, ол сөзді басқа сөзбен байланыстырады. Жұрнақтын өзі екі түрге бөлінеді: сөз тудырушы жұрнақтар және сөз түрлендіруші жұрнақтар. Түбірдің негізгі мағынасын өзгертіп, жаңа мағына үстейтін жұрнақты сөз тудырушы жұрнақтар дейді. -ын және -шы жұрнақтары жаңа сөз тудырып тұр. Жол деген із немесе сапар мәнін беретін сөз болса, оған -дас қосылып, жолдас — серік мәніндегі адам, оған -тық қосылып, жолдастық — адамдар арасында болатын қарым-қатынас, сау деген сүт алу мәнін беретін, қимылды білдіретін сөз болса, оған -ын қосылып, саууға байланысты жаңа мағынадағы заттық ұғым, оған -шы қосылып саууды іске асыратын адам, сондай мамандықтың иесі сияқты жаңа мағыналарды беріп тұр. Осындай жұрнақтар арқылы жасалған сөздер туынды түбір немесе туынды сөз деп аталады. Сөйтіп, жол, сау деген сөздер — негізгі түбірлер де, жолдас, жолдастық, сауын, сауыншы деген сөздер — туынды түбірлер.
Бір сөзге бірнеше жұрнақ жалғана береді. Бір түбірден жасалған әр түрлі сөздер түбірлес сөздер деп аталады. Мысалы: өнім, өндіріс, өніс, өнгіш сияқты сөздердің негізгі түбірі — өн.
Пысықтау үшін сұрақтар.
1. Сөздердің жасалуы мен сөздік құрамынын арасында қандай байланыс бар? 2. Сөзжасам деген не? 3. Сөздердің жасалуының қандай жолдары бар? 4. Түбірге қосымша жалғану арқылы қаңдай сөздер жасалады? 5. Сөздердің бірігуі арқылы қандай сөздер жасалады? 6. Сөздердің қосарлануы арқылы қандай сөздер жасалады.
7. Жаңа сөздердің жасалуында қысқарған сөздердің орны қандай?
8. Сөздің құрамы неден тұрады? 9. Түбірдің негізгі белгісі қандай? 10. Түбір мен қосымшаның айырмашылықтары қандай? 11. Қосымшаның қандай түрлері бар? Олардың бір-бірінен айырмашылығы неде? 12. Туыңды түбір деген не? 13. Туынды түбір мен негізгі түбірдің айырмашылыгы қандай? 14. Түбірлес сөздер деген не?
33
§ 35. ДАРА СӨЗДЕР МЕН КҮРДЕЛІ СӨЗДЕР.
Сөздер құрамы жағынан дара және күрделі сөздер болып екіге бөлінеді. Бір ғана түбірден тұратын негізгі және туынды түбір сөзді дара сөз дейді. Мысалы: әке, жолдас, ауыл, аялдама сияқты сөздер дара сөз болып табылады. Себебі бұл сөздер жалаң бір ғана негізгі түбірден (әке, ауыл) немесе бір ғана туынды түбірден (жолдас, түбірі жол, -дас — жұрнақ, аялда-ма, түбірі — аялда, -ма — жұрнақ) тұрады.
Екі немесе одан да көп түбірден құралған сөзді күрделі сөз дейді. Мысалы: әке-шеше, ауыл-аймақ, ашудас, бесжылдық, боз торгай, қара торы, он уш сияқты сөздер күрделі сөздер болып табылады. Себебі бұлар кемінде екі түбірден құралған: әке-шеше (әке және шеше), ауыл-аймқ, (ауыл және аймақ), ашудас (ашу немесе ащы және тас), бесжылдық (бес және жылдық), боз торғай (боз және торғай), қара торы (қара және торы), он уш (он және үш).
Күрделі сөздер жасалу жолына қарай біріккен сөздер (бүгін, жаздыгүні, алғысөз), қос сөздер (үлкен-кіші, аяқ-табақ), қысқарған сөздер (АҚШ, БҰҰ, ҚазМУ), тіркесті сөздер (қара торғай, қара көк, жүз бес) болып бөлінеді.
Сөйтіп, күрделі сөздер, бір жағынан, сөз тудырудың (сөзжасамның) белгілі жолдары (біріктіру, қосарлау, тіркестіру) арқылы жасалған жаңа сөздер болса, екінші жағынан, күрделі түбір, сөйтіп, түбірдің бір түрі болып табылады.
§ 36. БІРІККЕН СӨЗДЕР.
Екі я одан да көп түбірден бірігіп, тұтас бір ұғымды білдіретін күрделі сөздер біріккен сөз деп аталады. Мысалы: алгысөз, белбеу, баспасөз, ашудас, өнеркәсіп, тоқсан екі сөзден құралып (алғы және сөз, бел және бау, яғни бау, баспа және сөз, ашу я ащы және тас, кейінгі ықпал заңы бойынша т дыбысы д-ға айналып, тас сөзі дас болған; өнер және кәсіп, тоғыз — тоқс және он — ан), бір ұғымның ғана атауы болып тұр.
Қазақ тілінде біріккен сөз екі түрлі болады. Бірі — құрамына енген түбірлердің тұлғалары сақталып отырады. Мысалы: туйекұс (түйе-құс), бұзаубас (бұзау-бас), қарақұрт (қара-құрт), басмақала (бас-мақала) т. б. Екіншісі құрамына енген түбірлердің тұлғалары сақталмай, кейбір дыбыстық өзгерістерге ұшырайды. Мысалы: биыл (бұл және жыл, бірінші сөздегі л дыбысы түсіп қалған, екінші сөздің басындағы ж дыбысы й-ға айналған), жаздыгуні (жаздың және күні, бірінші сөздегі соңғы ң дыбысы түсіп қалган, екінші сөздің басындағы к дыбысы ілгерінді ықпал заны бойынша г-ге айналған), түрегелді (тұра және келді, бірінші сөздегі дауысты
34
дыбыстар екінші сөздің әсерінен жіңішкеріп ұ-ү-ге, а-е-ге айналған, екінші сөздің басындағы к дыбысы г-ге айналған). Бұлар ғылым тілінде кіріккен сөздер деп аталады.
Біріккен сөздерге көбіне мынадай атаулар жатады. 1. Аң, құс, жәндік, өсімдік атаулары: қосаяқ, тасбақа, егеуқұйрық, жолбарыс, көкқұтан, текесақал, алабота, аққу, қарақұрт, итмұрын, саңырауқұлақ, бәйтерек, бәйшешек т. б.
2. Географиялық атаулар (жер, су, планета аттары); Жетіқарақшы, Темірқазық, Ақбозат, Көкбозат, Сарысу, Қызылорда, Әулиеата, Алакөл т. б.
3. Кісі аттары: Орынбасар, Сейілбек, Мұхамеджан, Қойбагар, Жаңбырбай, Есенәлі, Бейсенбай т. б.
4. Дене мүшелері, анатомиялық атаулар: асқазан, тоқішек, ұлтабар, мойыномыртқа, кәріжілік, сегізкөз, тазқарын т. б.
5. Ауру атаулары: алаөкпе, көкжөтел, қылтамақ, қарасан т. б.
6. Ойын атаулары: алтыбақан, ақсуйек, балтамтап, доптаяқ, орынсатпақ т. б.
7. Ән, күй, өлең аттары: Саржайлау, Сарыарқа, Қараторгай, Кісенашқан, Сегізаяқ т. б.
8. Қоғамдык өмірге, күнделікті тұрмысқа байланысты әр түрлі атаулар: баспасөз, қолбасшы, кәсіпорын, шекара, еңбеккүн, отағасы, ақсақал т. б.
9. Мезгілге байланысты атаулар: биыл, бүгін, қыстыгүні, жазғытұрым, күздігүні, әнеугүні т. б.
10. Белгісіздік, болымсыздық мәндегі атаулар: ешкім, ештеңе, қайсыбіреу, әлдекім, әрқайсысы, ешқашан, кейбір, әрбіреу, әлдеқашан т. б.
§ 37. БІРІККЕН СӨЗДЕРДІҢ ЕМЛЕСІ.
1. Біріккен сөздер әрқашан бірге жазылады. Мысалы: баспасөз, шекара, қарақұс, әлденеше, әркім, Ақтөбе, Талдықорган, бесжылдық.
2. Кіріккен сөздер түбір тұлғасының дыбыстық өзгерген түрінде жазылады. Мысалы: ашудас (ашутас емес, ащытас емес), ендігәрі (ендігіденәрі емес), сөйтіп (солайетіп емес), қонағасы (қонақасы емес), Өмірзақ (Өміріұзақ емес), Бегәлі (Бекәлі емес), бүгін (бұл күн емес) т. б.
3. Еш, бір, әр, кей, әлде деген сөздер есімдіктермен (мысалы, еш сөзі кім, бір, қандай, қайда, қашан, теңе сөздерімен, бір сөзі неше, талай, аз, ыңгай, келкі, жола, жолата, қыдыру сөздерімен, әр сөзі кім, қашан, қайсы, дайым, бір, қалай сөздерімен, кей сөзі бір, біреу сөзімен, әлде сөзі кім, қашан, қалай, қайда сөздерімен) бірігіп жазылады да, зат есімдердің анықтауышы ретінде жұмсалғанда, олардан бөлек жазылады. Мысалы: еш бала, еш жерде, бір мектепте, әр оқушы, кей адам т. б.
35
§ 38. ҚОС СӨЗДЕР.
Сөздердің қосарланып немесе қайталанып айтылуынан жасалған сөздерді қос сөз деп атайды. Сөздерді қосарлап немесе қайталап қолдану — жана сөз жасаудың бір жолы болып табылады. Мысалы: Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі. (Абай). Бұл сөйлемде жан-жануар, ата-анадай деген — қос сөздер, олар жаңа ұғым, жаңа мағына білдіріп тұр: жан-жануар — бүкіл айналадағы, табиғаттағы жаңды заттар; ата-анадай — ең жақын туғандар ата мен анадай деген мағынада яғни ең күшті мейрімділік деген мәнде қолданылған.
Қос сөздер екі түрлі болады: қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер.
ҚАЙТАЛАМА ҚОС СӨЗДЕР.
Бір түбірдің екі рет қайталануынан жасалған қос сөздер қайталама қос сөздер деп аталады. Олардың жасалу жолдары мынадай:
1) Қосымшасыз және қосымшалы түбірдің түгелдей кайталануы. Мысалы: тау-тау астық, көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады, үйдей-үйдей боп жатыр, алпамсадай-алпамсадай жігіттер т. б.
2) бір сыңары қосымшалы, бір сыңары қосымшасыз бір түбірдің қайталануы. Мысалы: көзбе-көз айтты, ауыл-ауылды аралады, өз-өзінен кысылды, жүзбе-жүз көрісті т. б.
3) бір түбірдің әр түрлі қосымшада тұрып кайталануы. Мысалы: өзді-өзіне айтты, қолды-қолмен кетті, ерні-ерніне жұқпады, айтып-айтпай не керек, орынды-орынсыз күлме, барар-бармасымды Құртқа біледі т. б.
4) екінші сыңары бірінші сыңарына еліктеу мәнінде келіп, дауыссыз дыбыстан басталатын сөздің бірінші дауыссыз дыбысының орнына және дауысты дыбыстан басталатын сөздің алдына -м, -п дыбыстары қосылып жасалады. Мысалы: ет-мет, шай-пай, түйе-мүйе, ат-мат т. б.
5) еліктеуіш сөздің екінші сыңарында кейбір дыбыстық өзгерістерге ұшырап қайталануы. Мысалы: тарс-тұрс дыбыс шыкты, жалт-жұлт етті, найзағай жарқ-жұрқ етті.
ҚОСАРЛАМА ҚОС СӨЗДЕР.
Екі түбірден қосарланып жасалған қос сөзді қосарлама қос сөздер дейді. Әдетте мағыналары бір-біріне жақын синоним сөздер немесе мағыналары бір-біріне қарама-қайшы келетін антоним сөздер косарланады. Мысалы: аяқ-табақ, құрт-құ.мырсқа, құрбы-құрдас, әке-шеше т. б. Бұнда аяқ та, табақ та ыдыстар, құрт та, құмырсқа да жәндіктер, құрбы да құрдас та замандастар, әке де, шеше де ата-аналар. Ал кәрі-жас, улкен-кіші, ұзынды-қысқалы,
36
қысы-жазы деген қос сөздердің бірінші сыңары екіншісінің мағынасына қайшы келіп тұр. Осы қасиеттері жағынан қосарлама қос сөздер сөйлемнің бірыңғай мүшелеріне ұқсас, жақын болып келеді, олардың сыңарлары тұлғалас болып отырады. Бұндай қос сөздерді кейде арасына жалғаулық шылауларды келтіріп, бірыңғай мүше етіп қолдануға болады. Мысалы: Кәрі-жас тугел жиналды — кәрі мен жас тугел жиналды, айқай-щу тыйылды — айқай да, шу да тыйылды т. б.
Қосарлама қос сөздердің құрамы мынадай болады.
1. Мағынасы бір-біріне жақын (синоним) я қарама-қайшы (антоним) сөздер қосарланады. Мысалы: аға-іні, үлкен-кіші, алыс-жақын, қысы-жазы, жата-жастана, ауыл-аймақ т. б.
2. Бір сыңары мағыналы, екінші сыңары мағынасыз сөздер қосарланады. Мысалы: бала-шага, жүн-жұрқа, құда-анда, көйлек-көншек т. б. Қазіргі кезде мағынасыз делінетін сыңарының ерте кезде мағынасы болған, тек кейін ұмытылып қалған. Ондай сөздердің көпшілігі көне сөз немесе басқа тілден енген сөз болып табылады. Мысалы: бала сөзі түсінікті шаға деген де көне кезде бала, кішкентай деген үғымды білдірген (қызыл шақа дегенді салыстыр), ол мағына қазірге дейін кейбір түркі тілдерінде (мысалы, түркімен тіліңде) бар. Жұрқа сөзі көне монғол тілінде жүн, анда сөзі көңілі жақын, дос адам деген мағынада қолданылған. Көне түркі тілінде көншек жалаңаш етке киетін киім болған.
3. Екі сыңары да мағынасыз сөздер қосарланады. Мысалы: ығы-жығы, оқта-текте, некен-саяқ т. б. Бұл сияқты сөздер қазіргі кезде ешбір мағына білдірмесе де, бұрынғы кезде мағынасы болған. Мысалы: ығы сөзі де, жығы сөзі де көне түркі тілінде жиын деген мағынаны, монғол тілінде некен де, саяқ та жеке бөлек деген мағынаны, оқта да, текте де кейде деген мағыналарды білдірген.
4. Кейінгі кезде ғана қалыптаса бастаған бір топ қосарланған сөздер бар. Олардың сыңарлары кейде бір тұлғада, кейде әр тұлғада бола береді. Мысалы: үгіт-насихат бөлімі, оқу-ағарту саласы, саяси-экономикалық жағдай, қоғамдық-саяси әдебиет, саяси-көпшілік әдебиет, оку-методикалық кабинеті, қазақша-орысша сөздік, мәдени-ағарту бөлімі т. б.
Қос сөздердің қайталама түрі де, қосарлама түрі де де әрқашан дефис арқылы жазылады. Қосымша сөйлем ішінде негізінен қос сөздің екінші сыңарына жалғанады. Мысалы: барар-бармасымды Құртқа біледі деген сөйлемде І-жақ тәуелдік жалғауы (-ым) мен табыс септік жалғауы (-ды) қос сөздің екінші сыңарына (бармас) жалғанған, бірақ бұл қосымша білдіретін мағына (І-жақ тәуелділік және тура объектілік) қос сөздің бірінші сыңарына да ортақ: барар-ым-ды.
§ 39. ҚЫСҚАРҒАН СӨЗДЕР.
Кейбір күрделі атаулар, мемлекет, мекеме, ұйым аттары бірнеше сөздің тіркестерінен құралып, кейде қысқартылып та
37
қолданыла береді. Мысалы: Машина-трактор станциясы деген МТС болып, Америка Құрама Штаттары деген АКШ болып, Біріккен Ұлттар Ұйымы деген Б¥¥ болып, Қазақтың мемлекеттік университеті деген ҚазМУ болып кысқарып та жұмсалады. Осындай күрделі атаулардың белгілі тәсілдермен қысқартылып алуын қысқарған сөздер дейді.
Күрделі атаулар әр түрлі жолдармен кыскартылады.
1. Күрделі атау құрамыңдағы сөздердің бас әріптерінен құралады. Мысалы: Б¥¥ — Біріккен Ұлттар Ұйымы, ҒА — Ғылым Академиясы, ХШЖК — Халық шаруашылық жетістіктерінің көрмесі, КТУ — кәсіптік-техникалық училище т. б.
Бұндай қысқарған сөздер бас әріппен жазылады да оларға қосымша дефис (-) арқылы жалғанады. Мысалы: АКШ-тың (Америка Құрама Штаттарының), ҒА-нан (Ғылым академиясынан).
2. Күрделі атау құрамындағы бірінші сөздің бас буыны мен кейінгі сөздердің бас әріптерінен құралады. Мысалы: ҚазМИ — Қазақтың медицина институты.
Бұндай қысқарған сөздердің бірінші буынындағы бірінші әріп пен кейінгі сөздерден қысқартылып алынған бірінші әріптері бас әріппен жазылады да, оларға қосымша дефис (-) арқылы жалғанады. Мысалы: ҚазМУ-дің (Қазақтың мемлекеттік университетінің) студенті, ҚазТАГ-тің (Қазақтың телеғраф агенттігінің) мәлімдемесі.
3. Күрделі атау құрамындағы сөздердің бірінші буындарынан немесе бірінші сөздің бірінші буыны мен келесі сөз тұтасымен бірігіп құралады. Бұндай қысқарған сөздер кіші әріппен жазылады да, қосымша әдеттегі сөздей (дефис арқылы емес) жалғанады, яғни қосылып жазылады. Мысалы: обкомға (облыстық комитетке) барды, ауаткомда (аудандық атқару комитетінде) болды, педучилищеге (педагогтік училищеге) түсті, медпункттің (медициналық пункттің) алдында т. б.
4. ГАЗ-51, ТУ-154, Ил-86, АН-24 тәрізді техника түрлерінің (самолет, машина, трактор т. б.) маркаларын көрсету үшін алынған шартты белгілер де қысқарған сөздер болып табылады. Бұңдай қысқарган сөздер бас әріппен жазылады да, қосымша дефис арқылы жалғанады. Мысалы: ТУ-154-пен ұшып келді.
5. Әр түрлі өлшемнің атауы болып табылатын м (метр), см (сантиметр), кг (киллограмм), т (тонна), га (гектар), ц (центнер), т. б. (тағы басқа), тәрізді белгілер де қысқарған сөздер болып табылады. Бұлар кіші әріппен жазылады да, қосымша жалғанбайды.
§ 40. ТІРКЕСТІ СӨЗДЕР.
Екі я одан да көп сөздер тіркесіп келіп бір ұғымды білдіретін күрделі сөздер тіркесті сөздер деп аталады. Бұлар мағынасы жағынан біріккен сөздер сияқты бір ұғымның атауы болып келеді, бірақ бөлек жазылады. Мысалы: боз торғай, сөз таптары, қара торы, уш жуз т. б.
38
Тіркесті сөздерге күрделі зат есімдер (мәдениет сарайы, Алматы қаласы, ауыл шаруашылығы т. б.), күрделі сын есімдер (кара кер, бидай өңді, ат жақты, ұзын бойлы т. б.), күрделі сан есімдер (он үш, екі жүз сексен бес т. б.), күрделі үстеулер (күні бойы, ала жаздай, ертеден қара кешке дейін т. б.) жатады.
Пысықтау үшін сұрақтар.
1. Дара және күрделі сөздердің ара қатынасы қандай? 2. Күрделі сөздердің жасалу жолына қарай қандай түрлері бар? 3. Күрделі сөздердің ерекшеліктері қандай? 4. Біріккен сөздер деген не? 5. Кіріккен сөздер деген не? 6. Біріккен сөздерге жататын қандай күрделі атауларды білесің? 7. Біріккен сөздердің, емлесі кандай? 8. Қос сөздің қандай түрлері бар? 9. Қайталама қос сөздердің қандай жасалу жолдары бар? 10. Қосарлама кос сөздердің құрамы қаңдай болады? 11. Қос сөздің емлесін айт. 12. Сөздерді колданудың жолдарын талдап бер. 13. Қысқарған сөздердің емлесін түсіндір. 14. Тіркесті сөздердің емлесін айт.
МОРФОЛОГИЯ.
§ 41. НЕГІЗГІ ЖӘНЕ КӨМЕКШІ СӨЗДЕР.
Сөйлемде қолданылған сөздердің мағыналары бірдей, біркелкі бола бермейді. Сөздердің көпшілігі белгілі бір ұғымның атауы болады да жеке тұрғанда да лексикалық мағына білдіреді. Ал кейбір сөздер жеке тұрғанда ешбір мағына білдіре алмайды, сөйлемде екінші бір сөздердің жетегінде қолданылып, сол сөздің мағынасын толықтырып, күшейтіп тұрады немесе сөздерді бір-бірімен байланыстыру қызметін атқарады. Мысалы: Мен жазбаймын өлеңді ермек ушін (Абай). Бұл сөйлемдегі 5 сөздің төртеуі жеке тұрып та белгілі бір мағына білдіреді.
Мен — айтушы адам, жазбаймын — қағаз бетіне сөз түсіру (түсірмеу), өлеңді — әнмен немесе белгілі бір ұйқаспен айтылатын сөз, ермек — уақыт өткізу үшін жасалатын әрекет. Ал ушін дегеннің бұндай мағынасы жоқ. Бұл сөйлемде үшін деген сөз ермек деген сөздің жетегінде тұрып, сол сөзге мақсаттық мән үстейді де, ермек сөзін жазбаймын дегенмен байланыстырады. Міне, осындай сөйлемде белгілі бір мағына білдіретін, белгілі бір ұғымның атауы болып табылатын сөздерді негізгі сөздер деп атайды да, ондай мағына білдіре алмайтын, тек басқа сөздердің жетегінде жұмсалатын сөздерді көмекші сөздер дейді. Негізгі сөздер өз бетімен белгілі бір мағынаны білдіретіндіктен, сұраққа жауап бере алады, сондықтан сөйлем ішінде белгілі бір сөйлем мүшесі бола алады. Ал көмекші сөздер жеке тұрып мағына білдіре алмайтындықтан, сұраққа жауап та бере алмайды, демек, өз бетімен жеке сөйлем мүшесі де бола алмайды. Әдетте көмекші сөздер өзі жетегінде жұмсалатын сөзбен қабаттасып қолданылады, сол сөзге қосымша
39
мән үстейді немесе ол сөзді баска сөзбен байланыстырып тұрады. Жоғарыдағы сейлемді талдасақ былай болар еді.
Кім жазбаймын?— м е н — бастауыш. Мен не істеймін?— жазбаймын — баяндауы- ш. Нені жазбаймын?— ө л е ң д і — толықтауыш. Не үшін (мақсатпен) жазбаймын?— ермек үшін — пысықтауыш.
Үшін деген сөзге жеке сұрақ қоюга болмайды, өз бетімен сөйлем мүшесі де бола алмайды, ермек пен жазбаймын сөздерін байланыстырып, мақсаттық мән үстеп тұр.
СӨЗ ТАПТАРЫ.
Сөздердің білдіретін мағынасына, түрлену тұлғасына, қойылатын сұрағына, сөйлемде аткаратын қызметіне қарай топталуын сөз таптары деп атайды. Қазақ тілінде 9 түрлі сөз табы бар. Олар: зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеу сөздер, шылау, одағай.
Достарыңызбен бөлісу: |