Имам Ғазали. Достастық негіздері
Адам көлденең кезіккен әркіммен дос бола бермейді. Себебі, достың мынадай үш ерекше қасиеті болу шарт.
1 – Ақылды болуы. Ақылсызбен дос болудың ешбір пайдасы жоқ. Өйткені, ақымақпен анда болсаң, басың қайғы-қасыретке душар болып, соңында қара басың қалқиып жалғыз қаласың. Ақылсыз адам саған пайдалы бір нәрсе жасаймын десе де, ақылсыздықпен саған зиянды нәрсе істейді. Ал, оған өз іс-әрекетінің зияндығы білінбейді. «Ақылсыздардан ұзақ тұру, Аллаға жақын тұру» деген сөз тегіннен тегін айтылмаған. Яғни, әрбір істің ақ-қарасын ажырата алмаған адамнан ұзақ тұрған абзал.
2 - Көркем-мінезді болуы. Жаман мінез-құлықты адамнан тек зиян көресің. Ал, мінезі қөркем, биязы һәм жібектей адамнан тек жылуар аласың.
3 - Салихтардан болуы. Күнә істеуді жалғастырушылар Алладан қорықпайды. Алладан қорықпағандарға сенім де көрсетілмейді. Алла Тағала: «Бізді түсінуге мән бермегендер және нәпсісіне мойынсұнғандарға мойынсұнбаңыз» деп бұйырады. Бидғад (дінде жоқ қаиғадалар) жасаушылардан мүлде ұзақ тұру керек. Өйткені, оның бидғат ісінен әсерленіп, бидғатты сен де жасауың мүмкін. Тегінде, бүгінгі күнгі жаңа жол-жоралғылар аса қауіпті. Базбіреулер: «Алланың құлдарына әкім бола алмаймыз. Ешкімнің күнә мен күпірлік жасауына кедергі болмауымыз шарт. Біздің Алланың құлдарымен еш дұшпандығымыз жоқ. Олардың ісіне араласуға да құқымыз жоқ» дейді. Бұл бидғаттан да ауыр күнә, барып тұрған антұрғандық һәм дінсіздік. Өмірлік ұстанымы солқылдақ мұндай адамдардан қашық тұрған жөн. Себебі, олардың қисынсыз әңгімесі нәпсіге жағып, адамды жеңіл ойларға жетелейді. Ібіліс осы сәтте бүкіл күш-қуатымен азғырушыға жәрдемші болып, оның әлгіндей пікірлерін әдемі көрсетіп, адамды діннен шығаруға барын салады.
Жафар-Садық (р.а) : «Мынадай бес адамды дос көруге болмайды дейді:
1) Өтірікші: оның әрбір ісіне әрдайым сақ бол, себебі сені күтпеген жерде алдауы мүмкін.
2) Ақымақ: саған жақсылық жасағысы келсе де, мәселенің байыбына бармастан жамандық жасап қоюы мүмкін.
3) Сараң: ең қат шақта немесе сын сағатта, дүние үшін сені тастап кетуі мүмкін.
4) Қорқақ: басыңа алмағайып күн туса, үркектеп сенен қашып кетуі мүмкін.
5) Пасық: болмашы нәрсеге бола, сені жарға итеруі әбден мүмкін.
Ғұламалардың өсиеттеріне үңілген болсақ, достықты үш түрге бөліп, былайша жіктеуге болады.
Бірінші дос тәтті тамақ секілді. Ас-ауқаттың күнделікті қажеттілігі болған секілді мұндай досқа әрдайым зәрусің және ол әманда жаныңнан табылады.
Екінші дос дертке дауа болар шипа-ем секілді. Бұндай дос кейде керек, кейде керек емес. Яғни, сырқаттанғанда оған зәрусің, сау шағыңда оны іздемейсің.
Үшінші дос меңдеп алған сырқат секілді. Жұқпалы індеттен бойыңды аулақ ұстағаның тәрізді қасына жолап кетсең сырқатын себетін достан да қашасың. Яғни, мұндай досты ешқашан керек етпейсің.
Жалпы адамның қандай екенін досына қарап танисың. Досы жақcы болса, ол адам да жақсы адам. Досы жаман болса, ондағы жаман қасиеттер, сенде де болуы ықтимал. Яғни, досың Алла-тағала немесе хақ жолынан бұлтармаған салих құлдар болған болса, онда олардың бойындағы ізгі-қасиеттердың шапағы саған да шағылысары сөзсіз. Керісінше досың сайтан болған болса, оның бойындағы қиямпұрыстық, қарадүрсіндік һәм пасықтық сенің бойыңнан көрінуі ғажап емес.
Біреумен дос болған болсаң некеге тұрған кездегідей кейбір міндетті шарттар туындайды. Бұл міндетті шарттардың астарындағы хикметті сезінбейінше, шынайы достықтың да түпкі мәнін түсіну мүмкін емес. Алла Елшісі с.ғ.а: «Екі дос бір-бірін толықтырған екі қол секілді» деп, досы жоқ жандардың бұл фәниден бейдауа ғұмыр кешетінін тұспалдап, адамзаттың бәрін анда болуға үндеген-тін. Иә, илаһи осы үндеуден кейін досы жоқ адамды құр қуыс кеуде демеске ләжың қалмайды. Асқақ абыройы көк тіреп, атағынан ат үркетін ол адам кім болса да, тұғыры биік тұлға емес, жаназығы жоқ құр сұлба саналады.
Шынайы достардың бір-біріне деген көптеген хақтары бар. Соның бірі дүние-мүлік мәселесінде десек қателеспейміз. Мүліктік қатынаста өзіңнің хақыңды досыңның хақы, досыңның хақын өзіңнің хақың деп білуің шарт. Бұл туралы Құранда: «Өздері мұқтаж болсада (олжаға), өздеріне қарағанда оларға (мұхажірлерге) көп береді» деп бұйырылады. Әсілі (орта дәрежеде), досыңды өзің секілді сезінгенің абзал. Ең болмағанда (төменгі дәрежеде) досыңды қамқорлығыңдағы қызметшің секілді көріп, өзіңнен артылса оның қажеттілігін өтеу ләзім. Досыңды айтқызып барып, сен оған көмектесең, онда ол қан-сөлі жоқ, жалаң достық деген сөз. Өйткені, мұндай жағдайда сен досыңның халін ойламған болып табыласың. Досың туралы ойламауың, сенің жүрегіңде достық сезімнің ізі-табы қалмағанын көрсетеді. Ал, мұндай самарқау достық екі дүниеміз үшін де опа әпермейді.
Үтбетул Ғүламның бір досы бар еді. Ол: «Маған төрт мың дирхем керек еді» деп, досынан әжетін шығаруды өтінеді. «Жарайды екі мың күміс берейін» деген жауапты естіп, «Алла ризашылығы үшін жақсы көргеніңді айтасың, бірақ, дүние-боқты тарту етуді білмейсің. Бұл ісіңе қалай қымсынбайсың?!» деп, онымен дос болудан бас тартады.
Халифтің маңайындағы базбір сопылар бір адам хақында теріс көзқарас қалыптастырмақ ниетпен, өсек айта бастайды. Халиф бұған ашуланып, бәрін өлтіруге әмір береді. Сопылардың ішінде отырған Әбу Хасан Нури алға шығып, бірінші өзін өлтіруін қиылып сұрайды. Халиф: «Неге бірінші сені өлтіруіміз керек?» дегенде, «Олар менің достарым, олар үшін жанымды пида еткім келеді» деп, жақын достары үшін сауға сұрап, оның орнына өзінің басын бәйгеге тігеді. Халиф: «Достары үшін жанын садаға ететін жанқиярлар өлтірілмеуі тиіс» деп, әлгілердің бәрін жазадан босатады.
Фатһи Мусули бір досының үйіне барды. Досы үйінде жоқ еді. Досының күңі: «Мына дорбаны алып, үйден не керек болса, соны қалағанныңша ал ғой» деп, өз иесінің досына асқан мырзалық танытады. Досы кешке үйіне келгенде, мұны естіп, қуанғанынан әлгі күңнің басына азаттық беріп, өз еркіне қоя береді.
Әбу Хурайраға бір адам келіп: «Сенімен дос болғым келеді» деп, ақжарма пейілін ұсынады. Әбу Хурайра: «Шын достықтың қадірін білесің бе?» деп сұрады. Әлгі кісі: «Жоқ» деп жауап қатты. Сонда Әбу Хурайра: «Менімен дос боламын десең, алтының мен күмісіңді менің санауыма риза болуға тиістісің» деді. Әлгі адам: «Әлі мен бұл мақамға шыққан жоқпын» деп, аздап тосылып қалады. Әбу Хурайра: «Олай болса, менімен доста бола алмайсың!» деп, қатқылдау болса да, әділетті түрде бұл ұсыныстан бас тартады.
Ибн Омар (р.а) аш құрсақ жүрген бір сахабаға кәуап жібереді. Ол: «Менен гөрі пәленше деген сахабаның жағдайы тым қиын» деп кәуапты соған жібереді. Бұны алған әлгі сахаба: «Менен қарағанда жағдайы мүшкіл бір сахаба бар» деп кәуапты соған жібереді. Сөйтіп кәуап бірнеше қолдан өтіп келіп, ең соңында Ибн Омардың (р.а) өзіне қайтып келеді.
Масрук пен Хайсеме деген екі мұсылман бір-бірімен дос болады. Күндердің күнінде тұрмыстың тауқыметіне байланысты екеуі де қарызға белшесінен батады. Бірақ, екі дос табыс тапса, бір-біріне айтпастан, өзінен бұрын, досының қарызын өтейтін еді.
Хазіреті Али (р.а): «Мен кембағалға жүз дирхем бергеннен гөрі, досыма жиырма дирхем бергенді әлдеқайда дұрыс көрем» деп, садақа беруден көрі, достыққа адал болуды жоғары қоятын. Бірде, Пайғамбарымыз с.ғ.а бір сахабамен бірге бауға барады. Баудан екі мисфак алады. Мисфактың біреуі түзу, біреуі қисық еді. Түзуін әлгі сахабаға беріп, қисығын өзі алады. Әлгі сахаба: «Ей Алланың Елшісі түзу мисфакка сен лайықтысың, мұны сен ал» дегенде, Мұхаммед с.ғ.а: «Бір адам біреумен дос болған болса, (есеп күні) міндетті түрде, досының ақысын беріп-бермегені сұралады» деп, шын достықтың жүгі ауыр болатынын сахабасына насихат еткен еді. Тағы бірде Пайғамбарымыз с.ғ.а-нан: «Бір-бірімен дос болған екі адамның қайсысы Алланың алдында жоғары тұрады?» деп сұралғанда, «Қайсысы өзінен гөрі досын жоғары қойса, соның мәртебесі ұлық» деп жауап қатқан болатын. Яғни, Хақ Елшісі бұл тәмсіл-хадистерінде дос болған жандардың бір-біріне дүние-боқты пида ете білу керектігін дәріптеген-тін.
Жарты күлшенің өзін жарып жейтін жанқияр достар әманда арға сын болатын әрбір істе адалдық танытады. Қашанда бір-біріне айтқызбастан қол ұшын беріп, достық парыз-міндетін шат-шадыман рәуіште маңдайы жарқыраған күймен атқарады. Көздің нұрымен ұғысып, көңілдерін аулап, мейірлене қарағаны соншалықты ішкі жан-дүниелері тұтастанып, бір-бірімен біте-қайнасады.
Ислам әлемінің жарық жұлдыздарына баланған иір бұтақ ғұламалардың көпшілігі достыққа бұл жалғанның жарығымен емес, ақыреттік тұрғыдан, яғни, ғарасат майданының дүрбісімен қарай білген. Олар Құдайдың құтты күні ақыреттік бауырларының үйіне бас сұғып, аман-саулығын сұрасып, үйдегі һәм түздегі тіршілігін түзеуге атсалысатын. Тұрмыс тауқыметін бірге тартуға тәуекел етіп, бейне бірін-бірінсіз тамағынан ас өтпейтіндей көрінетін. Олар достарының мүддесін өзінің мүддесі санап, досының басына түскен ауыртпалықтың дәмін татпайынша жанын қоярға жер таппайтын. Соңынан сол ауыртпалықты бірге еңсеріп тұрып та: «Жан бауырым айыпқа бұйырмағайсың, жаман досыңның жасаған бар көмегі осы болды», - деп, асқан кішіпейілдікпен ізет көрсететін.
Ақжал толқын табиғиндердің алғадайы Хасан Басри: «Біз үшін дін қарындастарымыз жиған дүние-мүлкіміз бен өз кіндігімізден тараған бала-шағамыздан да артық. Өйткені, олар есеп күнін (маһшар алаңын) есімізге түсіреді. Сондықтан, бұл фәниде бала-шағаңызбен қатар дін-бауырларымызбен де бірге ғұмыр кешіңіз. Алтын жіптің арқауындай болған рухани сырласуды үзіп алмауға мән беріңіздер. Себебі, рухани сұхбаттастық, иман азығының күретамыры іспетті», - деп, илаһи достықтың қадірін терең түсінуге шақырады.
Айдарынан жел ескен даңқты ғұлама Ата (р.а): «Дін қарындасыңызды кем дегенде үш күнде бір жоқтаңыз. Сырқаттанып қалған болса, хал-ахуалын сұрап, зиярат жасап, көңіл-күйін бір серпілтіп тастаңыз. Дәрі-дәрмегін де апарып беріп, қол ұшыңызды созыңыз. Түйіні шешілмей, тығырыққа тіреген қауырт жұмысы болса, сол істің бір уығын көтерісіп, қолыңыздан келер көмекті аямаңыз. Бәрінен бұрын, илаһи сұхбаттастық құрып, рухани сырласудың қаншалықты ләззатты болатынын сезіндіруге тырысыңыз», - деп, нағыз жанашыр достықтың қас үлгісінің қандай болатынын нұсқаған еді.
Асылдардың сынығы (аһли вайт) Жафар ибн Мұхаммед (р.а): «Маған мұң-мұқтажын айтып жұрт келмесін деп, досым түгілі дұшпаныма да көмегімді аямаймын. Мен оларға емес, олар маған мұқтаж болмасын (яғни, оларға көмек бере алмай жер шұқып қалмайын мағынасында) деп таңның атысы, күннің батысы қара терге малшынып, көп жұмыс істеймін. Жора-жолдастарымның жағдайы мені қатты толғандырғаны соншалықты, кейде таң атқанша кірпік ілмеймін», - деп, шынайы дос бола білудің өрнегін өз өмірінен ойып көрсеткен-тін.
Дін ғұламаларының бірі жан досы жан тәсілім еткенде, оның артында қалған бала-шағасының қырық жылға дейін тұрмыстық қажеттілігін өтеп, өз балаларындай бағып-қағып, мәпелеп өсіріп, олардың хақын өзінің хақы деп білген еді. Қарызданып-қауғаланса да, досының артында қалған үйелмелі-сүйелмелі шиттей бала-шағасын асырап бағып, ел қатарына қосқан-тын. Әрі ол бұл ісін ешкімге міндет қылмай, өзінің Алланың алдындағы қасиетті борышы деп санаған болатын.
Иә, біреумен дос болған болсақ, оның салмағы зіл батпан екеніне сөзсіз көзіміз жетеді. Себебі, шынайы достық әрбір іске ынты-шынтылықпен қарауға үйрететін, салихалы болуға үндейтін нәзік дүние. Үйретіп-үндеп қана қоймайды, қаласаңыз да, қаламасаңызда илаһи достықтың қасиетті міндеттерін мойныңызға жүктеп, тек достықтың лебімен еріксіз тыныс алуға итермелейді. Осы тұста баса назар аударатын жайт - достықтың бос ұстасаңыз сусып шығып кететін, қатты қыссаңыз қолыңызды тіліп кететін мұздақ қылыш екенін ұмытпаған жөн. Достық - немкетті қарауға болмайтын, қарадүрсін илеуге көнбейтін құбылыс. Сондықтан достық сезім – ұдайы аялауды керек ететін, үнемі қастерлеуді қажет ететін шын достардың өзіне ғана мәлім илаһи сыр һәм зор байлық. Яғни, шынайы достық екінің бірінің пешенесіне жазыла бермейтін аса бағалы құндылық саналады.
Арда емген арғымақтың тұяғының дыбысы қозы-көш жерден дүмпу болып естілетініндей, анда болған азаматтардың достық рухының дүрсілі де ақырет әлеміне жаңғырық болып жетіп жатады. Тәңір-Тағала өлшеп-пішіп қамшының сабындай бес күндік ғұмырды нәсіп еткен. Сол ғұмырдан тысқары тұрған тылсым әлемге зор мақтанышпен ала баратын ерен байлығымыз - илаһи достық екені талассыз шындық. Тегінде шынайы достықтың үдесінен шығып, көңіл тұтастығын құра білген жанқияр жандар ақыретке аттанбай тұрып-ақ илаһи достықтың қадірін жете түсінеді. Яғни, жұмыр басты пенделер бақи әлемде фани әлемнің зейнетін көретіні секілді, жанқиярлар бұл жалғанда жүріп-ақ кемел достықтың жұмақта есетін жылы лебін терең жұтына алады.
Илаһи достықтың ажырамас бөлігінің бірі тілмен болатын хақ екені бесенеден белгілі. Хақ діннің канондарында рухани бауырлар өзара қарым-қатынас барысында жұмсақ сөйлеп, қолынан келгенінше бір-бірінің айыбы мен кемшіліктерін бүркеуі қажет. Дін қарындастарын ғайбаттаған біреу болса, құлағын тарс жауып тыңдамағаны немесе мүлде үн қатпағаны абзал. Ұнжырғаны түсірер ыңғайсыз жағдайға тап болуды өзіңе қаламағаның секілді, дін бауырыңның да еңсесін түсірер көңілсіз күйге душар болуын қаламауы керек. Өмірде болуы мүмкін мұндай мұңға батырар ахуалға мәжбүрлі жағдайдан басқа кезде бармаған дұрыс.
Шынайы достар ешқашан сөзбен керісіп, бір-біріне қарама-қарсы келмей һәм талас-тартыс жасамауы шарт. Өзараларында ештеңені жасырмайтындай жылы қатынас орнаса да, қара бастың қамын айтамын деп рухани тұтастыққа сызат түсірмегені абзал. Себебі, кіршіксіз достықтың ақ парағына бір қара дақ түсті ме, оны қайта ағарту қиямет-қайым іс. Әсілі, біреуді сөз қылып күңкілдеу, әлсіздіктің белгісі. Әсіресе, дін бауырлар өзараларында Құдай қосқан қосағы мен бала-шағасы хақында ғайбат жасауына болмайды. Задында, бұндай есірік сөзге мүлде ерік бермеген жөн. Бұған бір ерік берсең, әдетке айналуы әбден мүмкін. Әйтседе, жақындарымыз жайлы жақсы сөз айтылса, оған тосқауыл болудың қажеті жоқ. Егер, тосқауыл болсаң, тұма ойға таяз, ішегіңе шынтақ айнмалмайтын пейілі тар пенде болып көрінесің.
Хақ Елшісі (с.а.у) хадис-шарифтерінің бірінде: «Мүмін әрдайым кешірім іздесе, мүнәпық әрқашан айып іздейді», - дейді. Демек, Құдай-Тағаланың сүйген салих құлдарының сапында болуымыз үшін кешірімді болып, ал елікпе екіжүзділіктен ұзақ тұру үшін ешкімнің айыбын әшкере етпеуіміз шарт. Тегі, біз бір жақсы ісімізбен он кемшілігімізді түзетуіміз керек. Сонда біздің руханиятымыз үнемі ілгерлеу үстінде болады. Керісінше, албырттанып біреудің айыбын айдай әлемге паш етсек, құлаш бойламас құрдымға өз-өзімізді тастап жіберген боламыз.
Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.а.у): «Жаман достан сақтаныңыз, бір жамандығыңызды байқаса, жарияға жар салады. Жақсылығыңызды көрсе, тірі жанға тіс жармайды», - дейді. Әсілі, екі елі езуіне төрт елі қақпақ қоя білмеген бейпіл ауыздымен мүлде дос болмаған абзал. Біреудің сырын ұрлап, оны жұртқа жария ету ұрлық жасағанмен немесе аманатқа қиянат жасағанмен бірдей күнә. Нағыз дос - шын жанашыр болып, бейне сен ол, ол сен болып кетуі тиіс. Сонда мүдделер тоғысып, сенің хақың досыңның хақы, досыңның хақы сенің хақың болып, бір-бірімен астасып жатады. Достықтың бұл биігіне шығу үшін жан дүниені жаман ойдан ада-күде тазартып, ұдайы кемшіліктерді бүркеп, жанқияр жандар бір-бірі үшін кешірім тілеп күн кешуі қажет.
Досың абайсызда артық сөйлеп ағат кетсе, оған бола оны күстаналамау керек. Кемшілігіңді көзге айтса да ренжімегенің дұрыс. Керісінше, досыңа айтатын әрбір сөзіңе абай болғаның жөн. Себебі, кейде бір-ақ ауыз сөз қасырет жиып, біржола достықтың көбесін сөгіп жіберуі ғажап емес. Тегінде кемшіліксіз дос іздесек Тәңір-Тағалаға ғана тоқтаймыз. Онда адамзат баласымен анда-дос бола алмай, бұл фәниден жалғыз озасың. Сондықтан, илаһи бағалы байлығыңның бірі дін қарындасыңнан айырылғың келмесе, досыңа ағат сөйлеуден сақтан. Тіл тигізген біреу болса, бауырыңды қорғап бақ. Керісінше ол сені сынап-мінесе, досыңның саған жасаған жанашырлық ізеті деп қабылдап, сол сыннан досың разы болатындай қорытынды шығар. Сонда ғана достықтың лебімен терең тыныс алып, оның қадірін жете түсінген боласың. Тек осындай хикметке толы достық бұл фәнимен шектелмей, мәңгілікке ұласпақ.
Хаққа иман келтірушілік мәңгілік толайым табыс пен сарқылмас бақытқа қол жеткізудің кілті болады десек, илаһи достықтың шарттарын қалтықсыз игере білуіміз де рухани көкжиегімізді кеңейтіп, кісілігімізді құтайта түсері сөзсіз. Хақ дариясының қойнауына терең шому үшін жүректі ұдайы жанашырлықтың желкені үрлеп, достықтың дерті бойымызды кернеп, ой-әлемімізді тек аппақ нұрлы сезім билеп тұруы тиіс. Достық теңізінің толқыны буырқана соғып, көңіл айдынын кіршіксіз таза ұстап, кенересін керімсал леп есіп, жағалауы жасыл желекке бөленіп тұруы қажет. Руханияттың бұл сатысына иек артуымыз үшін жансебілдіктің қыр-сырын һәм достықтың жөн-жоралғысын дәйім терең тани түскеніміз абзал.
Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.ғ.а) өзінің тәмсіл-хадистерінде Алла-тағала мүміндерге бір-бірінің дүние-мүлкіне қол сұғуға, бір-бірінің қанын жүктеуге, ғайбат жасауына және бір-бірі туралы жаман ойлауға тыйым салғанын өсиет еткен. Мүміндерге бұл төрт нәрсені жасау харам болғаны секілді, Хақтың разылығы үшін бір-бірімен серік болуға серттескен жандардың өресіз ойдың шырмауында қалуына мүлде жол жоқ. Күнәні қолмен істеу былай тұрсын, періште пейілге селкеу түсіретін пендеуи кінәратты тіпті ой-електен өткізуіне болмайды. Жанқияр жандардың достық ынта-ықыласы жанкешті жолаушының құзар шыңның жиегінде жүріп қауіпті жағдайды басынан кешіргені секілді ұдайы қатерде тұрады. Яғни, шынайы достық - бір сәт те болса мүлгіп кетуді көтермейтін аса нәзік құбылыс.
Хақиқат жаршысы һәм әлем шапағатшысы Иса (с.ғ.а) бірде өзінің қауымына: «Досы ұйықтап жатқанда, үстіндегі жамылғысын алып, ұятты жерін ашып көрген сұғанақ адам жөнінде не айтуға болады? – деп сауал тастады. Хауарилер: «Мұндай әбес қылықты кім істеп жатыр? – деп, бір-біріне секемдене қарады. Сонда Иса (с.ғ.а): Бұл әбестікті істеп жүрген сіздер. Себебі, дін бауырыңыздың бір айыбын көрген кезде, дереу жарияға жар салуға құмарсыздар», - деп, қауымына қатты кейіс білдірген-тін.
Иір бұтақты Ислам ғұламалары: «Біреумен дос болғың келсе, оған ашуланған сияқты болып, іле-шала оған біреуді жіберіп, өзіңді жамандатып көр. Егер дос болғысы келген адам әлгі жамандаушыға қосылып арандап қалса, онымен мүлде достасушы болма. Сондай-ақ, Аллаға ғана аян сырыңды білген адам, сол сырды тіс жарып ешкімге айтпаса, онда ол адамды құлай сүй. Басыңа қайғы-қасірет келген кезде, ашуланғаныңда, одан бір нәрсе сұрғаныңда және басыңа түскен іс бойынша куә болған кезде құбылған адам дос болуға жарамайды. Керісінше, басыңа іс түскенде саған деген достық пейілін өзгертпейтін адаммен дос болсаң, онда екі дүниенің қызығына кенелесің», - деп шынайы достықтың нағыз үлгісін нұсқап, мұсылмандарды жанқиярлықтың қағидасына берік болуға үндеген.
Хазреті Аббас баласы Абдуллаһқа: «Омар (р.а) сені өзіне жақын тартып жүр. Ендеше, достықтың үдесінен шыға білуің үшін бес нәрсеге аса сақ бол. Біріншіден, досыңның ешқандай сырын ашушы болма, екіншіден, ол туралы ешқашан ғайбат жасама, үшіншіден, оған жалған сөйлеуші болма, төртіншіден, саған бір нәрсені бұйырған болса, бұлжытпай орында, бесіншіден, ол сенен ешқашан қиянат көруші болмасын», - деп, кіндігінен тараған ұлын бәрінен бұрын достыққа адал болуға баулыған еді.
Адамзаттың ардақтысы (с.ғ.а): «Дін қарындасыңның сөзін ешқашан теріске шығарып, оны келеке қылушы болма, оған берген сөзіңе бекем бол!», - деп, шын жанашыр достардың өзарасында келіспеушілік пен келемеждеушіліктің болмайтынын, илаһи достардың қарым-қатынасы тек шынайылыққа өрілетінін жеткізген-тін. Әсілі, досыңның пікірін жоққа шығару, достықты жоққа шығару, досыңнан өзіңді ақылды санау, оны ақымақ санау деген сөз. Досымыздан өзімізді жоғары қойсақ, оны кемсіткен немесе оған көпе-көрінеу қиянат жасаған боламыз. Ал, кімде-кімге иненің жасуындай қиянат жасасақ, ол сөзсіз дұшпандыққа баланады.
Иә, шынайы достық илаһи нұр мен сырға тұнған тынысы терең құбылыс. Бұл құбылыстың өзіне тән қыртыс-қатпарлары бар. Оның әрқайсысы сыр-құпияға толы болады. Достықтың мөлдір тұнығынан сусындағың келсе, жан-дүниеңнің кір-қоқыстан тазартып, Алладан тек адал ниетті болуыңды тілеуге тиістісің. Себебі, көңілдің кір шалған тотын кетірмей, шынайы достықтың шәрбатін тата алмайсың. Яғни, жансебіл жандардың ақ пейілдері бір-бірімен шағылысып, біте қайнасқанда ғана илаһи достық бүр жарады.
Саратанның сартап ыстығында кенезесі кеуіп сапарда келе жатқан жолаушыға төбесінен бір шөкім бұлт көлеңке түсіріп, бауырынан ақ нөсерін төгіп-төгіп жіберсе, оның шөлі басылып, көңілі бір райланып қалатыны айдан анық. Сол секілді өмірден сан түрлі теперіш көріп, күйзеліске ұшыраған кісінің жаралы жанына жан досының ыстық ықыласы жалау болатыны да сөзсіз. Алайда, жеміс ағашы мәуесін үйіп-төгіп беретін дарақ болғанға дейін мол күтімді қажет ететініндей, жабырқанған көңілдерге демеу болар достық сезім де ұдайы қастерлеуді қажет етеді. Достықтың саф сезімін аппақ айдын көлге теңесек, жанқияр жандар сол айдын көлде сейіл құрған аққу-қаз тәрізді. Яғни, досы жоқ жандар – жарты адамдар, ал достық сезімін аяламағандар – бақытын бағалай алмағандар.
Хақ Елшісі (с.ғ.а): «Бір адамды жақсы көрсеңіз, оны ашып айтыңыз. Осылай жасасаңыз, оның жүрегінде сүйіспеншілік пайда болып, саған деген махаббаты арта түседі», - дейді. Яғни, достық сезім кемелдене түсуі үшін жүректің үні көмескіленбей көмейден күмбірлеп шығып, көркем түрде иесіне жеткізіліп, жария болғаны дұрыс. Себебі, қап түбінде саф алтынның жатпайтыны секілді, достық сезімнің дүрсілі сәті соққанда жүректі жарып шығады. Демек, достық сезімді ішке бүгіп ұстамастан, уақыты келгенде томағасын сыпырған жөн.
Достық қарым-қатынас кемерінде толықсып тұруы үшін ақыреттік бауырлар әманда бір-бірінің хал-ахуалын сұрап, қайғысы мен қуанышына ортақтасып, бір-бірінің атын атағанда құрметпен һәм әсем аттармен атағаны абзал. Бұл жөнінде хз. Омар (р.а.): «Досыңды ұдайы әсем атаумен атап, оған алдымен сәлем беріп, ізетпен үйіңнің төрінен орын берсең, сол достық саф күйінде сақтала береді», - дейді. Яғни, достық сезім ғұмыр бойы жан-дүниеңді жаулап тұруы үшін досыңа тек жақсы атауларды телуге тиістісің.
Әбу Дерда (р.а.) бір жерде жатқан екі сиырды көрді. Біреуін тұрғызып жіберіп еді. Екіншісі де орнынан тұрды. Бұны көріп: «Алланың разылығы үшін дос болғандар осылайша тұрғанда да, жүргенде де бірге жүреді», - деп ағыл-тегіл боп, жанарын жасқа малыды. Иә, досыңның бөркі қисайып, басына алмағайып күн туа қалса, ерте келген көктемгі қарлығаштай алғаш болып сен қол ұшын созуың қажет. Мұндай сындарлы сәтте бейғамдық танытсаң, онда сенің достығың жалаң достық болғаны. Ал, досың қуанышқа кенеліп жатса, алғаш болып сен қуануға тиістісің. Себебі, илаһи достар қашанда өмірдің ащысы мен тұщысын бірге бөлісуімен ерекшеленеді.
Шынайы бауырмашылдықтың белгілерінің бірі, досымыз болмаған жерде, оған қатысты әңгіме бола қалса, оның жақсы қасиетін айтып, мақтан етуіміз қажет. Сондай-ақ, досымыздың әрбір жасаған жақсы ісіне шүкір еткеніміз абзал. Хз. Али (р.а.): «Дін-бауырының бір ізгі ниетіне разы болмаған, оның игі амал-әркетіне де көңілі толмайды», - дейді. Тегінде, жақсы істі бағалай білетін жандар көпшілік ішінен әрқашан табылады. Демек, біз досымыздың жақсы ісі түгілі, әлі жүзеге аспаған бір ізгі ниетінің өзіне разылық көрсеткеніміз жөн.
Жалпы, дін мұсылман баласы жан досынан сөз жәрдемін аямағаны игі. Достың мерейін үстем етуі үшін ол туралы айтылған қауесетке қарсы тұрып, оны қал-қадерінше қорғап-бағуымыз шарт. Себебі, мұндай сын сағатта үнсіз қалсақ, онда досымызға опасыздық жасаған боламыз. Бұл досымызға біреу зәбір көрсетіп жатқанда, оған араша түспеумен бірдей. Негізі досқа сөз тигізу, таяқ тигізгеннен де ауыр қасірет. Өйткені, досыңа тіл тигізгенің - өзіңе тіл тигізгенің. Досы үшін етінен ет кесіп беруге даяр тұратын ислам ғұламаларының бірі: «Біреу досым жөнінде жаман сөз айтса, досым сол әңгімені тыңдап тұрғандай сезініп, оның басынан сөз асырмаймын. Ал, досым туралы пікір айтар болсам, ол тап қасымда тұрғандай сөйлеймін», - дейді. Демек, досқа деген ынтық сезім ол - сені, сен - оны көріп тұрғандай шынайы болғанда ғана достықтың негіздері мызғымастай мекем бола түсері сөзсіз.
(Ықшамдап тәржімалаған Мұхан Исахан)
Достарыңызбен бөлісу: |