«ЖАСТАР ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ: БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ»
Студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдарды 72-Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы
Сәуір, 2019
46
Кәдірбек Гүлсім
5В011700 Қазақ тілі мен әдебиеті
ҚазМемҚызПУ
Ғылыми жетекші:ф.ғ.к.,
қауым. профессор Сарбасов Б.С.
«ҚҰПИЯ ШЕЖІРЕДЕГІ» ШЫҢҒЫС ХАН БЕЙНЕСІ
Аннотация. В статье рассматривается исторический памятник «Тайная запись Монгола».
Abstract, The article deals wish the historic monument «Mongolian secret recording».
«Құпия шежіре», сөзсіз, өзіне дейінгі халық ауыз әдебиетінің және жазба мұралардың
дәстүрлі бейнелеу құралдарын шығармашылықпен жетілдіре отырып пайдаланған. Әрине, көркемдік
жетістіктер тарихи шындықты ажарландырып, құбылтып, құлпыртса да, ондағы дәуір тынысы,
замана ағымы көлеңкеде қалмаған. Шығарма бастан-аяқ желі тартқан Шыңғыс қаған өмірімен
қабаттаса жүретін этностар тарихы бір сәтке босаңсымайды, керісінше, оқиғадан оқиғаға өткен сайын
ширығып, жинақталып отырады.
Автор өз шығармасына халық әдебиетінің қажет деп тапқан үлгілерімен қатар сол дәуір
туғызған жекелеген тарихи өлеңдердің басын қосып эпикалық туынды жасаған.
Осы орайда, ғалым Б.Рахымовтың мына пікірі орынды айтылған: «Шындығында, тарихи
өлеңнің өзегі өткен өмір, болған белгілі бір оқиғалардың сол сәтінде туып, өзара топтасқан түрде
циклденіп, белгілі дәуірдің тұтас көрінісін көзге елестетеді. Тарихи өлеңде айтылған ой-түйінді аңыз
әңгімелерден де табуға болатыны белгілі. Сондықтан да болар ауыз әдебиетін жасаушылар немесе
тарихи жырларды тудырған жыршы, ақындар тарихи өлең, аңыз оқиғаларын эпикалық шығармаға
молынан пайдаланған. Құнды қазына ретінде кәдесіне жаратқан» [1,42б].
Тарихи дәуірдің шындығын дер кезінде бұрмаламай жеткізу – «шежіре» авторының да негізгі
нысанасы болса керек. Соған орай, жаугершілік заман шындығы:
Көк аспанның астында,
Көп елменен қағысып,
Бел шешіп бір жата алмай,
Бодан еттік қарысып.
Қара жердің бетінде,
Қарлы желдің өтінде,
Көрпені бір жамылмай,
Қан жұтысып қажысып [2,78б].
деген өлең жолдарымен беріледі. Мұнда асыра дәріптеу немесе сыдырта жамандаудан гөрі ұлы
жорық қимылдарының елге тигізген зардабы ашық айтылған. Осы тұста Күлтегін жырындағы «Бек
ұлдары құл болған, пәк қыздары күң болған, сүйегі таудай үйілген, қаны судай төгілген» дәуір
бейнесі елес береді. Қай дәуірде де ел басына түскен ауырпалықты ақын-жыраулар хан алдында
қасқайып тұрып ашық айтқан. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп қызыл тілге ерік берген дала
демократиясы көшпелілерді сөз өнерлерін құрметтеуге тәрбиелеген. Бұл дәстүрден «Құпия шежіре»
авторы да айнымағандығын аңғарымыз. Шығарма авторы кезі келгенде Шыңғыс ханның теріс мінезін
тезге салғызып, Өзлүн анасы арқылы қолға алады.
Жарқын досын жайпаған,
Жан серігін жайратқан,
Қатыгездер туғанда
Қанды уыстай жаралған.
Үлкен қара төбеттей
Үндемей жатып қабатын,
Қаршығадай тақымдап,
Қапысын тауып алатын.
Арыстандай түз аңы
«ЖАСТАР ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ: БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ»
Студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдарды 72-Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы
Сәуір, 2019
47
Атылғанын құртатын,
Жалмауыздай ызалы
Жанды тірі жұтатын... [2,78б].
Әкесі бір, анасы басқа ағалы-інілердің өзара алауыздығы күтпеген жағдайға соқтырады.
Зұлымдыққа жаны қас, ана жүрегі, жауыздыққа жаңа ауызданған балаларының ісіне көз жұма қарай
алмайтындығы белгілі. Сондықтан да «кеңес сөзден тәлімдеп, көне сөзден мәлімдеп» ашу шақырып,
ақылын айтады. Жасөспірім ұлдарының қате басқан қадамын халық атынан жазғырады.
Өлең мазмұнындағы бейбіт өмірдің мән-маңызы, береке-бірліктің күші, сыртқы формамен
(пішін) үндесіп, қуатты насихат жырына айналған. Соған сәйкес, көркем теңеулер көшпелілер
өмірінің күнделікті көрінісінен, өмірлік тәжірибесінен алынған. Тегеурінді тіркес пен айшықты
өрнектер жыр авторының жарқын талантын танытады.
Осы тұста, «қаршығадай, қара төбеттей, арыстандай, жалмауыздай, аюдай, бурадай, арландай,
құтырынған құстардай, қарманған қаншық қасқырдай» т.б. теңеулер көне түркі дәуірінен бастап күні
бүгінге дейін жауыздықты немесе батыр тұлғасын бейнелеуде жиі қолданылып келе жатқандығын
айтқан жөн.
Көне түркі дәуірінен келе жатқан дәстүр бойынша қасқыр, бөрі арқылы да көркем бейне
жасаудың әр түрлі амалдары қалыптасқан. Кейде бөрі жақсылыққа бастаса, енді бірде жыртқыштық,
озбырлық символы ретінде алынған.
Мадақталып отырған адамның ата-тегін, жора жолдасын, ерліктерін санамалау арқылы ердің
даңқын арттыру, асыра дәріптеу – мадақтау өлеңдерінің жанрлық ерекшелігін айқындайды.
Шежіреде төзімділікті, сұлулықты мадақтайтын бірнеше өлеңдердің бар екендігіне көңіл қойсақ,
мадақ өлеңдерінің дәстүрлі өлшемінің болғандығын да аңғарамыз.
Шыңғыс қаған эпостық жырларға тән ғажайып жағдайда дүниеге келеді. Оның арғы аталарын
таратуда да күн нұрынан пайда болғандығын айтқанбыз. Ал, Шыңғыстың өзі «алақанына асықтай
ұйыған қан уыстап», өзінің өзгеше жаратылысын паш етеді. Сөзсіз, кейінен бұл жағдай қазақ
батырлық эпостары мен тарихи жырларында Шыңғыс қаған немесе оның ұрпақтарына қатысты
тұрақты мотивке айналған. Сондай-ақ, Шыңғыс қаған өмірінің өсу, есею жолдарында да көпшілікке
ұқсай бермейтін өзгешеліктер бар.
Шыңғыс хан бейнесін сомдау үшін түркі халықтары, оның ішінде қазақ эпосының негізгі
поэтикалық ұстанымдары, әдіс тәсілдері көркемдік қағидалары пайдаланылған. Қазақ қаһармандық
жырларының жалпылық белгілерін санамалап көрсеткен Р. Бердібаев, Ш. Ыбыраев сияқты
ғалымдардың еңбектерінде сюжет кезеңдерінің дамуында ортақ заңдылықтардың болатындығы жан-
жақты қарастырылған [3,67б].
Қорыта айтқанда, бас қаһарман Шыңғыс қаған бейнесін эпикалық образға айналдырған,
«Монғолдың құпия шежіресі» эпос сюжеті тұрғысынан келгенде, Ш.Ыбыраевтың көрсеткен
сюжеттік инварианттарының басым бөлігін сақтаған. Тарихта болған оқиғалардың ішінде эпос
сюжеттерімен сәйкес тұстарына басым мән берілген. «Құпия шежірені» қағазға түсіруші өзіне дейін
белгілі болған халық ауыз әдебиетінің үлгілерін өз шығармасында қажетінше пайдаланған.
Осы мәселелер «Құпия шежіренің» түркі халықтарының эпикалық үрдісінде қалыптасып,
дүниеге келгендігін айғақтай түседі. Кітаби эпос дәстүрін бойында сақтаған, аталмыш мұраны ежелгі
дәуір әдебиетінің құрамындағы Алтын Орда тұсындағы түркі әдебиетінің асыл қазынасы, інжу-
маржаны, өшпес мұрасы деп таныған жөн.
Әдебиеттер:
1. Рахымов Б.С. Тарихи эпос табиғаты: Қазақ тарихи жырларының поэтикасы. – Қарағанды:
ҚарМУ баспасы, 1999. – 235 б.
2. Моңғолдың құпия шежіресі (XII- XIII ғасырлардағы көшпелілер шежіресі) / Монғолшадан
аударған: Сұлтанияұлы М. – Алматы: Өнер, 1998. – 224б.
3. Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және түркология. – Алматы: Ғылым, 1987. – 368 б.