«ЖАСТАР ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ: БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ»
Студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдарды 72-Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы
Сәуір, 2019
38
Zhumabek Kazyna
Kazakh philology
1 course/baccalaureate
Supervisor:
doctor of philology science, professor A. B. Salkinbay
KazNu
ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ ТІРКЕСТЕРДІҢ ЭТНОМӘДЕНИ СИПАТЫ
Этнолингвистика - халықтың этногенезін, тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын, басқа халықтармен
тарихи-мәдени байланысын, күнделікті тұрмысын, материалдық және рухани мәдениетін зерттейтін
тіл білімінің саласы. Бірақ, оның мағынасын профессор М. Копыленко сөзімен айтқандай, этнография
мен линвистиканың қарапайым қосындысы деп қарауға болмайды. Нақтырақ айтқанда, академик Ә.
Қайдар «этно» компонентінің мәнін «этнография» ұғымымен шектемей, кеңірек қарайды. Ол
этнолингвистика саласын этнос пен оның тілінің ортасынан туындаған ғылым саласы деп қарап,
соған сәйкес «этнос» компонентінің: «Өткен бір дәуірлерде дүниеге келіп, белгілі бір географиялық
ортада қалыптасқан, шұғылданған тіршілік-тірлігі бірыңғай, мінез-құлқы ұқсас, діні де, тілі де бір,
салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ортақ, өзінің ортақ тегін, туыстығын, тұтастығын сезіне білетін, сатылып
даму барысында аналық, аталық, рулық, тайпалық, ұлыстық және халықтық дәуірлерді басынан
кешіріп, бүгінде дербес ел болып отырған адамдар қауымы»,- деген ғылыми түсініктемеге ерекше
мән жүктейді. Демек, халықтың ұлт болып қалыптасу жолы күрделі процесс екендігін ескерсек,
оның танымы мен ұлттық болмысы, дәстүрі мен салтының сарқыншақтары өз ана тілінде көрініс
берері анық. Ана тіліміздің сөз айдынының тереңінде халықтың ғасырлар бойғы іс-тәжірибесінен,
өмір тануынан қорытылып, ереже түрінде тұжырымдалған аталы сөз, мақал-мәтелдер, тұрақты
тіркестер тұнып жатады. Қазақ тілінде фразеологиялық тіркестер көбінесе еркін көшпелі өмір мен
мал бағуға байланысты дәстүр, әдет-ғұрып яғни қазақтың тұрмысы мен әлеуметтік-тарихи өмірін
бейнелейтін, көп жағдайда тарихи жұрнақ (реликт) ретінде сақталған перифериялық лексикаға
жатады. Фразеологиялық тіркестер құрамындағы мәдениетке қатысты атауларды лингвистикалық
тұрғыдан салыстырмалы-тарихи негізде атауға болады. Мысалы, сабасына түсу тіркесін алайық. Бұл
фразеологиялық тіркес «ашу-ызасы басылды» деген мәнді білдіреді. Оның арқауы-қымыз құятын
ыдыстың атауы-саба (саба-сау-сапыр-саб+a). Демек, сабасына түсу деген о баста еркін тіркес ретінде
пайда болған. Яғни, қымыз ашығанда көпіріп, сабасының арнасынан асып кетеді. Бірақ, оны
сапырғасын өз арнасына қайта түседі. Міне, күнделікті тұрмыста кездесетін осындай құбылыс
бейнелі түрдегі тұжырымға негіз болған [206, 213 б.].
Фразеологиялық тіркестер алғашында еркін тіркес ретінде қалыптасқан. Содан соң белгілі бір
заттың сыртқы сипаты мен ішкі қасиетін келесі бір затқа ұқсастырудың нәтижесінде бейнелі сөздер
қалыптасып, олардың құрамындағы фразеологиялық бірліктер арасында мағына жақындығы пайда
болған. Фразеологиялық тіркестердің компоненттерінің семантикалық бірлігін, тұрақтылығын,
әсіресе мағынасы көмескіленген компоненттерді салыстырмалы-тарихи, семантикалық әдіс негізінде
морфо-семантикалық талдау мен сыртқы және ішкі реконструкция әдістері ерекше тиімді. Ол
түбірлес сөздердің ұясының мағынасын талдауға негізделеді. Қазақ тілінде «өз үйім, өлең төсегім»
деген тіркес бар. Бұл тіркестің мағынасы әркімге өз мекені, тұрағы қымбат екендігін білдіреді. Осы
тіркестегі өлең - жұмсақ келген, қазақ даласында өсетін шөп. Демек, осы фразеологиялық бірлік
арқылы бүтін бір мағынаға ие тіркес құралып, бейнелі сөз жасалып тұр. Тағы бір мысал келтіре
кетейік. Жығасы жығылды деген тіркес бағы тайып, басына қиындық түсті дегенді білдіреді. Ерте
уақытта қыздардың, сұлтандардың, хандардың бас киіміне қадайтын қауырсынды жыға деп атаған.
Фразеологиялық тіркестердің құрамындағы мәдениетке қатысты атаулар көркемдік сөз іспетті, әр
түрлі заттар мен құбылыстарды бейнелеп атау үшін ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан дайын сөз
үлгілері, таным бірлігі ретінде, тарихи-лексикологиялық сөз тудырушы ретінде қызмет етеді.
Мәселен, өзі илейтін терінің пұшпағы - түбінде өзі істейтін жұмыс. Пұшпақ сөзінің тарихи тұрғыдан
о баста қырғыз тіліндегідей «тізеден төменгі жақ, сирақ» деген мағынада болғанын мына
фразеологиялық тіркестерде сақталғанынан көруге болады: Пұшпағынан сабылды-болдырды,
шаршады. Жалпы, пұшпақ сөзінің (аяқтың төменгі жағы) және содан туатын туынды мағынаның
(терісі) беретін негізгі мәні - бір заттың, нәрсенің бір шеті, бөлігі. Яғни, ол тұтас аяқтың атауы емес,
«ЖАСТАР ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ: БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ»
Студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдарды 72-Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы
Сәуір, 2019
39
сол сияқты тұтас терінің де атауы емес, оның бір бөлігінің ғана атауы. Одан ауыспалы мағыналар да
туған: пұшпақ-туған жердің, Отанның бір шеті, бөлігі; пұшпақ-әңгіменің, сөздің шет жағасы, бір ұшы
т.б. Сол сияқты бейнелі мағынадағы фразеологиялық тіркестер де туған: пұшпағын ұстады - «бір
билікке ие болды» (бірақ, тұтас билік емес, биліктің бір шеті ғана); пұшпағына да татымайды –
«ширегіне де келмейді, маңына да бармайды [218, 219 б.].
Фразеологизмдер тіл иесі халықтың дүниеге көзқарасын, дүниетанымын, рухани әлемі мен
материалдық мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін таныта отырып, этностың ғалам, әлем, дүние жайлы
түсініктерінің көне элементтерін жаңғыртуға көмектеседі, ғаламның біртұтас тілдік бейнесін
қалыптастыруға қатысады. Сыртқы дүниедегі құбылыстар мен заттар, шындық болмыс адам
танымында «мәндік өріс», «мағыналар жүйесі» ретіндегі ішкі образ түрінде орнығады.
Фразеологизмнің өн бойына ұлттық-мәдени бояу дарытатын мәдени-ақпаратты ішкі құрылым
дегеннің өзі, сайып келгенде, «этностың әлем, ғалам жайлы түсінігі» болып табылады.
Көшпелілердің дәстүрлі дүниетанымының құрамдас бөліктерінің бірі болып табылатын «Адам –
киім» жүйесіндегі адамның белінен төменгі жағына киетін киімдердің, олардың детальдарының
семантикалық статустарынының төмендігіне, керісінше, белден жоғарғы жаққа киетін киімдердің,
олардың детальдарының семантикалық статусының жоғары болуына ғаламның мифтік қабаттарына,
мифтік танымдағы жұп символдарға қатысты халықтың ежелгі таным-түсініктерінің ықпалы зор. Бұл
ықпал ізін киім-кешекке байланысты туған фразеологизмдердің ішкі құрылымына бойлау арқылы
айқындауға болады. Киім-кешекпен байланысты бейнелі фразеологизмдердің ішкі құрылымында
сақталған, тіл иесінің ғаламның тік және жатық бағыттағы мифтік қабаттары жайындағы көне
түсініктерімен тығыз сабақтастықтағы «жоғары мен төмен», «байлық пен кедейлік», «ескі мен жаңа»
т.б сияқты қарама-қарсылықтардан тұратын жұп символдардың бір сыңары қоғам мүшелерінің
әлеуметтік, жыныстық, жас-мөлшерлік бөліністерінің фразеологизмдерде көрініс тауып жатуына
түпнегіз болады. Қазақтың ұлттық киім үлгілерінің ішінен семантикалық статусы жоғарысы – бас
киім. Қазақ тілінде бөрік, қалпақ, малақай, тымақ, құлақшын сияқты ер адамның бас киімдерінің
атауларының ішінен фразеологиялық тіркестердің ішінде жиі кездесетіні – бөрік. Бөрік киген, бөркін
аспанға ату, бөрікпен ұрып алатын, бөрікті тастап, бөріден құтылу, бас жарылса бөрік ішінде сияқты
бейнелі орамдарды жасауға ұйытқы болған бөрік образы арқылы қазақ ер адам бойынан табылуға
тиісті сырбаздық, тапқырлық, ептілік тәрізді қасиеттерді бейнелейді. Этнограф Н. Шаханова бас
киімнің сакралді «жоғары жаққа» қатысты семантикалық статусын «құт» ұғымымен сабақтастыра
келіп, «бас – «құт» мекендейтін, ұялайтын орын» деген түсініктің бас киімнің «қасиетті, киелі»
саналуына негіз болғандығын айтады [218, 221 б.].
Қорыта айтқанда, тұрақты тіркестерді тек тілдік бірлік ретіндегі қызметін ғана емес,
халықтың ерте кезден бастап қалыптасқан дүниетанымының көрінісі ретінде қарап, фразеологиялық
бірліктердің мәнін терең ұғыну қажет.
Әдебиеттер:
1. Манкеева Ж. А. «Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері».
Алматы, 2008.
2. Сағидолдақызы Г. «Поэтикалық фразеологизмдердің этномәдени мазмұны». Алматы, 2003.