Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Театр өнері қазақта бар ма?
2. Комедия мағынасын түсіндір.
3. Алкестиданың қазақ мифіндегі аналогі?
4. Өлең-жырдың орындалуындағы музыкалық аспаптың орны.
5. Асатаяқтың ролі?
6. Драманың мағынасын түсіндір.
7. Трагедияның шығу тегі.
8. Сатирлер деген кімдер?
9. Скоморохтар әдебиеттегі орны.
10. Мейстензингер дегендер кімдер, қазақ әдебиетіндегі аналогі?
Әдебиеттер:
1 Марғұлан Ә. Қазақ халқының көне поэтикалық мұрасын жасаушылар
туралы. – Кітапта: //М.О.Әуезовтің 60 жылдығына. Алматы. 1959, 73-
б.
2 Лихачев Д.С. Поэтика древне русской литературы. Москва. 1979.
с.129.
3 Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті (ХҮ – ХҮІІІ ғғ.). Зерттеулер.
М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты шығарған.
Алматы. 1983. 131-б.
4 Аманжолов К., Рахметов Қ. Түркі халықтарының тарихы. Алматы.
1996. 270-б.
5 Абылқасымов Б. Телқоңыр (қазақтың көне наным-сенімдеріне
қатысты ғұрыптық фольклоры). Алматы: Атамұра-Қазқстан. 1993. –
169-б.
Қосымша әдебиеттер:
1 Келімбетов Н. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі. Алматы. 1986.
167-б.
2 Ақбердиева Б. Қазақ тіліндегі мифтік жүйе. Алматы: Арыс. 2005.
130-б.
3 Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. Алматы: Ғылым, 1984. 87-
б.
10 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1 том. А-Ә. А., 1974.145 –б.
VI
АНТИКА ДӘУІРІНДЕГІ РИМ ӘДЕБИЕТІМЕН САРЫНДАСТЫҚ
Қазақтың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: “Грек әдебиетінен үлгіні Рум алған. Еуропадағы басқа жұрттар алған” – дегені тарихи факт.
Антикалық әдебиеттің бүкіл әлемдік мәдениетке әсері болғаны анық болса, дегенімен өз уақтысында көне дәуірдегі Қазақстан жеріндегі мекен еткен ата-бабаларымыздың да Грекия мен Римге өз әсері болғанын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, соңғы зерттеулерде Шығыс мәдениеті, шумерлердің, аккад-хуррит мәдениеті, оның ішіндегі қазақ халқының арғы ата-бабалары скиф-сақ, ғұн, үйсін, қыпшақ, Тұран елдері мен т.б. ру-тайпаларының да айтулы әсері мен байланысы болғандығын зерттеушілердің ой-пікірлерін жасыра алмаймыз.
Тағы бір атап өтетін маңызды дерек, бұл – “Ежелгі дүние тарихы” оқулығында Геродот, Страбон, Тацит еңбектеріне сүйене отырып, рим территориясында мекен еткен, рим мәдениетіне үлкен әсерін тигізген этрускілердің Кіші Азия жерінен ауып келгендігі жөніндегі пікір. Ал солардың ішіндегі қазақ халқының арғы ата-бабалары скиф-сақ, ғұн, үйсін, қыпшақ, найман т.б.ру-тайпаларының да болуы да ғажап емес. Ол пікірді яғни, “Этрускілердің Шығыстан келгендігін, прогресшіл орыс тарихшысы В.И. Модестов (1839-1907) мейілінше нанымды да беделді түрде дәлелдеп шықты. Совет тарихи қоғамында этрускілердің шығу проблемасы 1930-жылдары жіті талқыланған болатын, ол кезде академик Н.Я. Марр бастаған совет ғалымдар тобы этрускілердің автохтондық шығу тегі туралы гипотеза ұсынған-ды. Алайда ежелгі рим тарихынан совет мамандарының көпшілгі (В.И. Сергеев, Н.А. Машкин, С.И. Ковалев те) өмірінің ақырына қарай этрускілердің шығу тегінің шығыстығын, яғни кіші азиялығын мойындауға ауысты. Ең ықтималы, С.И. Ковалев жазғандай, Кіші Азияның батыс бөлігінен қоныс аударған тиррен мен жергілікті умбр және лигур халқының қосылып, бірігуінен этруск халық тобы пайда болғандығы. Қоғамның үстемдік етуші жігі Кіші Азиядан шыққан ұрпақтардан тұрды. Бұл, бір жағынан, этрускілер үшін Апеннин түбегі халқының алдыңғы бөлігіне мәдени жағдай жасады да, олардың саяси күш-қуатының тез өсуіне жол ашты. Алайда шұғыл әлеуметтік теңсіздік сыртқы жаулармен күресте этрускі қоғамы бастан өткізген алғашқы елеулі сілкіністерде білінбей қалмады. Италия халық топтарының арасындағы этрускілердің саяси және мәдени көсемдігі жоғалды да, әуел баста гректерге, ал біраз кейінірек Рим бастаған италия құл иеленуші қалаларының қуатты бірлестігіне көшті” делінген.
Антика әдебиетінің 1200 жылдығының ішінде Рим әдебиетінің қалдырған әдеби мұрасы айтарлықтай болса, оның грек әдебиетінен 500-600 жылдық кішілігі бар. Дегенімен, кеш келсе де Европа елдеріне, оның ішінде ренессанс дәуірінің (үдеу дәуірі, ояну дәуірі деп те атайды) келуіне үлкен септігін тигізгендігін жоққа шығаруға болмайды. Көне, кейінгі кезеңдегі Грекия тәрізді көне Рим де Европа тарихында ғана емес әлемдік мәдениет пен әдебиет, өнер туындыларына ерекше әсерін тигізді. Ал Грекияның бірінші аталуы да заңды, өйткені, Грекия Шығысқа жақын болды және көп мәдени құндылықтарды да ең бірінші болып сезінді, әсер алды. Кейін осы үрдіс Римге ауысты. “Рим тарихнамасының басы Рим мемлекеті қуатты Жерорта теңізі державасына айналған б.э.дейінгі ІІ ғасырға жатады. Римнің Греция мен эллиндік мелекеттерді жеңіп алуы грек ықпалының күшеюіне жол ашты. Қалаларда құлдар мен тұтқындар арасынан жақсы білімді гректер шықты. Рим нобильдері үшін грек тілін, ғылымы мен өнерін білу міндетті болды. Алайда Рим қоғамы эллиндік дүние мәдениетін жайдан-жай өз бойына сіңіре алмады, одан Рим мемлекеттік өмірінің нормаларына, дәстүрлеріне, мораліне жататындарын ғана алды”.
Ал Мұрат Аджидың “Европа, тюрки, Великая степь” еңбегіне көңіл қойсақ, онда былай делінген: “Почему первой стала Древняя Греция? Она была ближе к Востоку. Позже Рим, перехватив торговые пути на Средиземноморье, оттеснил греков от живительных восточных дорог… Собственно, вокруг Средиземного моря и складывалась европейская цивилизация. Морской транспорт был ее кровеносной системой. В Греций, в Риме строили суда. Они, и только они, связывали с другими странами, усиливая мощь государства. Вот почему границы Древней Греций не уходили далеко от моря – крупные города были, как правило, у побережья. Римляне добились того, чтобы “все дороги вели в Рим”, но было этих “всех дорог” от силы две-три, по ним изредка проползали колымаги, шли рабы с поклажей на плечах.
Европу символизировал парус, с колесом она не дружила. Так продолжалось до ІV века, пока не появилось кибитки и брички кипчаков. Стоит подчеркнуть – прибыли тюрки не по морю, как “ходили” во всей Римской империи, а посуху! Очень важная деталь. Принципиальная, многое объясняющая. Например, почему именно в степях Центральной Европы селились первые тюрки. Почему они не стремились к побережью…
А брички их были отменны. Запряженные парой или тройкой лошадей, они заполнили нехоженое пространство глубинной Европы. Дороги им не требовались. Бричка – технически совершеннейшее изобретение той эпохи. Ее конструкция легка и надежна.
Действительно, столько написано о “дикости” кипчаков и почти ничего об их технической сноровке. Упущены любопытнейшие “мелочи”, которые как раз и показывают, почему тюрки совершили то, что было не под силу другим народам… Случайностей в жизни бывает. Особенно если речь идет о Великом переселении народов” - делінсе, Европаны, соның ішінде жеңілмейтін, “мәңгі қала – Римге” қауіп төндірген Атилланың жорығы да Римге өз әсерін тигізгенін айта кеткен жөн. Оның европалық әдебиеттегі орнын, ол жөніндегі зерттеушілер мен әдебиетші-ғалымдардың пікірлері үлкен орын алады.
“Ғылым мен мәдениеті қарыштап дамыған Рим империясын варварлар, яғни герман мен хун тайпалары құлатты деген теория әлдеқашан ескірді”-дейді Самат Өтенияз. Шын мәнінде 12 ғасыр өмір сүрген қасиетті Римді құлатқан христиандар еді. Жалпы Рим тарихы үш кезеңнен тұрады. Олар: 1.Патшалық Рим – б.д.д. V ғасырға дейін. 2.Республикалық Рим - б.д.д. V ғасырдан б.д.д. 27 жылға шейін.3.Императорлық Рим - б.д.д. 27 жылдан 476 жылға дейін.
Римді құлатқан осы императорлық кезең, яғни жалғыз адам билеген дәуір. Жалғыз адам билесе, бәрі бірдей сәтті бола бермейді. Сол жалғыз адамның бірі христиан шылауына түскенде іріткі басталды. Рим солдаты ішкілікке салынып, әскер таратылды…
Рим қаласы тарихында алғаш христиан дініне кірген Грацияның мемлекет басына келуі, әртүрлі азғындықтар, әскерден айырылу, жалдамалы әскерлерге сүйену, бірін-бірі өлтіру, әсіресе Рим империясының патриоттары Стилихон, Аэций сынды қолбасшыларды өлтіру, олардың балаларының көзін жою… Осының бәрі христиан басшыларының негізгі мақсаты – Рим империясын құлату болғанын көрсетеді”.
Мұндағы айтпағымыз – Рим тарихындағы “мызғымас қаланың” құлауына, талан-таражға түсіп, қирауына “жабайы”, “варварлық” деп аталып жүрген Аттиланың еш қатысы жоқ екендігі, қайта керісінше, қала ішіне кірмей, жорығын жалғастырған кемел ойлы қолбасшының тарихтағы орнын көрсету. Мұны сол тұстағы ақын-жазушылардың, тарихшылардың өздері де мойындап, Аттиланың әрекетін жақтап, өлең-жырға қосқан.
Римнің әдеби-мәдени жағының күрт көтерілуі шамамен б.д.д. ІІ ғасырда пайда болған үрдіс. Алдындағы мәдени күштер Эртрурия, Грекия, Мысыр, Шам, Британия, Испания т.б. елдерінің әсерінен Рим халқы жаңа жоғары рухани сатыға көтерілді. Өзінің тек рухани жағынан ғана емес, күшті әскери құрамы арқылы бүкіл Европаны қол астында ұстады. Осы кезде шамамен бір ғасыр төңірегінде рим империясы Хун ордасымен байланыс орнатады. “Хундар - ертеде Қытай жерінде, яғни Шығыс Түркістанда пайда болған халық. Шығыстағы Хун қоғамының пайда болуы – біздің эрамызға дейінгі ІІІ ғасырдың басы. Дегенімен, көптеген зерттеуші ғалымдар хун қоғамының пайда болуы біздің эрамызға дейінгі ХХІІІ ғасырларда деп жорамалдайды. Қытай тарихын зерттеген Ф.Хирт хунның пайда болуын б.э.д. ХХІІІ-ХІХ ғасырларға жатқызады.
Оның бұл пікірін басқа көптеген ғалымдар қолдады. Хун ордасының ең күшейген тұсы - б.э.д. ІІІ ғасырдың ақырында Тума мен оның баласы Модэнің басшылық құрған уақыты. б.э.д. 209 жылы Тума өлгенде оның баласы Модэ өз әкесінің орнына таққа отырған. Қытай империясы Модэ тұсында Хун ордасына бағынуға мәжбүр болды, көп уақыттар бойы салық төлеп тұрды.
Дегенімен б.д.д. І ғасырдың ақырында Қытай империясы Хун ордасын талқандаған. Сол себепті хундар екі бөлініп, бірі Қытай империясы құрамында қалып, ал екінші бөлігі қазіргі Қазақстан жеріне, батысқа қарай жылжыған.
Осы тұста тарихи аренаға Солтүстік хундардың арасынан Чжичже шығады. Ол Қытайдың басқыншы саясатына қарсы шығу үшін үйсін, қаңлы, хун тайпаларын біріктіріп, батысқа қарай ұлы жорықтар жасап, күшті елге айналады. Өзінің ордасы етіп Талас қаласының іргесін қалайды. Орданың күшейіп, өзге мемлекеттермен байланыс орнаса, оның ішінде Рим империясының аузы дуалы Юлий Цезарь, Октавиан Августо секілді басшылармен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Оның белгісі есебінде тарихшылардың айтуынша, хундар астанасы Таласта Рим әскерінің бірнеше легионы осы қалада орналасқан. Осыны байқаған Қытай елі Чжичжеге тосқауыл қою мақсатында орасан көп әскер шығарып, б.д.д. 36 жылы Талас қаласын талқандаған.
Әлкей Марғұланның айтуы бойынша, ғұндардың тарихы мен салт- дәстүрлері туралы рим ақын-жазушылары, тарихшылары өз еңбектерінде көп тоқталған.
“Ғұндар өзінің тарихи дәстүрі бойынша, байтақ сахарадан Европа жеріне ауып барғанда осы архитектураны өзімен бірге апарып, Дунай өзенінің бойында тастан дөңгелете жасаған үйлерді көп тұрғызады. Мұны жақсылап жазып қалдырған рум жазушылары Менандер, Приск, Прокопий, Феофилакт Симокатталар. Сонымен қатар олар ғұндардың әлеуметтік тәртібін, Орта Азиядан алып барған мәдениет мұрасын, халықтың ерлік сипатын әңгімелеген. Архитектура туралы Прокопий: “На море гунны выстроили выступы (қоршау қамал), которые они называют Мола. Местность между морем и стеной они загородили постройками” деп жазған.
Осындай ескі дәуірде жасалған қамалдың қалдығы Х-ХІ ғасырдың басына дейін, Көкшетау облысында Жақсы, Жаңғыз тау көлінің бір жарты аралында сақталып келген.
Тұтасынан қоршалған қамал төрт бұрышты порфир таспен қаланған, қалыңдығы екі-үш метрдей әрі биік болған, бірақ жел үріп, су шайып жермен-жексен еткен.
Феофилакт Симокатта ғұндардың бір тайпасы ауарлар туралы жазған. Ауарлар қырдан ауып, 560 жылы Дунай өзенінің бойында отырған туыстары ғұндарға қосылады. Мұнда келген соң олар өздерін “ауар” деп атады, мәнісі ауып келуден шыққан (орысша “авар”- ауар (переселенцы).
Ауарлар Европаға келісімен Дунай өзені бойында тастан қалап шығарған дөңгелек үйлері, берік қамалдар сала бастады. (“Кругообразные земляные укрепления, кольца”). Жазушының айтуынша Карл Великий әскер жіберіп, ауарлардың дөңгелек қамалдарын тегісімен қиратады.
А. Гильфирдиннің көрсетуінше ғұн-ауарлардың дөңгелек үйлерін немістер “хиринга” деп атады. Оның сырты арық суымен қоршалатын болған. “В этом круге хранились несметные богатства, полученные ими (гуннами) в день от византийских императоров. Следы этих укреплении находятся доселе в разных местах Венгрии” дейді зерттеуші.
Әдемі сарайлар, храмдар, берік қамалдар, тастан салған дөңгелек үйлер Орхон жазуында да айтылады деген дерек көздері бар.
Қазақ үйлердің салыну ерекшелігі туралы айта келе, оның грек-рим амфитеатрларына ұқсас келетінін көрсетеді. Атақты географ Асқар Пешельдің айтуынша сахарада киіз басып, күмбез үй тұрғызу, биенің сүтінен қымыз жасау, қой өсіріп, түйені көлік орнына пайдалану – Орта Азиядағы халықтардың байырғы ісі болған (Пешель А. “Сибирский сборник”, под редакцией Н. Ядринцева, 1887, стр.79.). Шынында Асқар Пешель айтқандай, бір сызықпен салатын тас (ағаш, кірпіш) үйден геометриялық нақышпен дәл келтіріп шар тәрізді киіз үй жасау қиынырақ еді. Бес қанат күмбез үйдің сағанағын, торларын дәл келтіріп, оны шаңырақ пен уыққа тап келтіріп шығару үлкен шеберлікті көрсетеді. Киіз үй жасаудағы ерекшеліктің бірі - оны көлбеу бағытымен келтіре білушілік. Бұл, әрине, өте тапқырлық. Мұндай күмбез, шар тәрізді пішінді пайдалану ерте кездегі грек-римдердің үй жасау тәжірибесінде “амфитеатр” деп аталған”.
Рим тарихшысы Диодордың айтуынша, скиф тәңіриесі Зевс жерден туып, оның жары белінен төмен қарай жылан кейіптес таңғажайып әйелі болғандығын, олардың жұбайлық қатынасынан Скиф атты баланың дүниеге келгендігін айта кеткен. Ал осы Скифтен Пал мен Нап деген бала туған деген деректер рим тарихшыларының еңбектерінде орын алған.
Ғұндарға ұлы тотем болғандар – Көк бұқа, бөрі, марал. Рим жазушыларының ғұндардан жазып алған бір аңызы бойынша – “оларға елес беріп, жол көрсетіп отыратын сұлу ақ Марал” болған. Мэотіс батпағында аң аулап жүрген бір топ ғұндар батпақтан шыға алмай көп қиындықтар көреді. Сол кезде кенеттен бір сұлу марал кездесіп, батпақтан кесіп өтіп, көлдің ар жағына шығып тұрады. Оған таң қалған аңшылар Маралдың ізімен бірге өтеді. Олар шыққан кезде Ақ Марал көзден ғайып болады. Бұл аңыз Рим жазушыларына үлкен әсер етіп, кейбір сюжеттерде еске түсіріп отырады.
Ғұндардың мал шаруасына, рухани тіршілігіне зор әсер етіп, аңызға айналған тотем - бұқа. Бұл аңыз найман елінде сақталған. Ғасырлар бойы оларға таңсық болған “Көк бұқаның күні” әлі күнге Ертіс бойында, Алтайда ұмытылмаған.
Ең ғажайып нәрсе күміс табақтың бетіне түсірген Көк бұқаның суреті Ноин-Ұлы обасын қазғанда содан шыққан. Біздің заманымыздан екі ғасыр бұрын оны ғұн шеберлері күміске ойып түсірген. Бұқа – мал өсірудің бір алыбы. Ол өзі ақылды, өзі алпауыт, суы мол, шөбі шүйгін жерді күні бұрын болжап біледі. Латын жазушысы Ермий Созоменнің бақылауынша – “күндерде бір күн сәйгелден мазасы кеткен бір бұқа көлді жүзіп өтіп, судың арғы бетіне шығады. Байқаса, ол жер созылып жатқан бір жойқын өріс, оны еліне келіп айтады. (Бір ескерер жайт – грек аңызындағы Зевстің сұлу Европаға ғашық болып, аппақ өгіз кейіпіне еніп, адам секілді ойлап, оны алып қашатын, теңізден өтіп Крит аралына барып тұрақтауы, екі аңыздың сарындастығына еріксіз мойын бұрғызады).
Қытайдың хань дәуіріндегі ескі жазулары бойынша ғұндар баласының атын “Окр” деп қоятын болған. Бұл өгіз сөзінің бір түрі. Окр, Өкіреш -наймандардың ескі дәуірдегі бір тайпасының аты.
Бір таңсық нәрсе, ғұндардың балаларын ардақтайтын аяулы сөздері: “Ай мүйізді ақ қошқарым бастаған отарлы қойым сенікі болсын, қамыстай сүйір құлағының шетінде қара меңі бар мөлдір көзді боз айғырым бастаған, ұлан-байтақ боз жылқым сенікі болсын, шудалары төгілген, түсінен кісі шошитын, қара бурам бастаған отарлы түйем сенікі болсын, мүйізі қарағайдай, бөрі келсе оны жармай тыныш алмайтын, көк бұқам бастаған малым сенікі болсын”- дегені, көне халықтардың ішінде грек, латын, рим елдерінің ортақ таным-түсініктері болғанынан хабардар етеді.
Деректер Рим империясының алыста жатқан қазақ даласындағы халқының жеріндегі сонау көне ғұндармен араласуларының алғашқы қадамы болса, одан кейінгі кезеңде де олардың біріне – бірі әсері, мәдени, әдеби байланыстардың туындауына әкеліп соққанын көре аламыз.
6.1 Мифтік туындылардағы ұқсастықтар
Рим мифологиясындағы Ромул мен Ремнің тууы мен Римнің негізін қалау туралы сюжеттерден қазақ жұртындағы бөрі тотеміне жақын келетін тұстарды анық аңғаруға болады.Негізінен рим тарихшылары мен әдебиетшілері Ромул мен Ремнің арғы аталары Троя түбінен келген деген пікірге ойысады. Ал олардың аман қалып, өмір сүру бөріге байланысты миф көп ретте қазақ мифологиясымен сарындас келеді. Оның қысқаша оқиғасы төмендегідей:
Троя түбіндегі қантөгіс қырғыннан иллириялық патша Дарданның ұрпағы Анхис бен Афродитаның батыр ұлы Эней ғана кәрi әкесiн арқалап, Ида тауына тығылып, аман қалады. Энеймен бiрге оның ұлы Асканий да бiрге кетедi. Эней көп жылдар бойы теңіз бен құрлық жолымен ұзақ сапар шегіп, Италия жағалауларына жетіп, сол жерде тұрақтап қалады. Оның сапар шеккен мифтік маршруты нақты тарихи-географиялық атауларға ие. Эней қираған Троядан шығып, Ида тауын біраз паналап, теңіз жолымен алғашында Фракияға, одан Македонияға, Критке, Делос пен Лаконияға (Спарта жері), Аркадияға барып, өзіне ыңғайлы тұрақ таба алмайды. Ионий теңізінің аралдары Эпир, Сицилия, Карфаген арқылы Италияға жетеді. Жергілікті Италия тұрғындарымен талай жылдар соғыса жүріп, оларды жеңеді де, Латин патшаның қызы Лавинияға үйленеді. Тұрақтаған аймағы Лациум деп аталады. Трояндық Эней Лациумда қала іргесін көтеріп, оның атын Альба-Лонга деп атайды. Бұдан қазақтың эпостық батыры Алтайлы Аңшыбайдың әке-шешеден айырылып, кейін өскен соң, су жағасындағы екі пері қызына үйленіп, сол жерге өзінің ұрпағын тарата бастайды. Басқа аңыздардағы Нұх пайғамбардың, Еркенекон аңызы немесе Нукуздың басқа бір жерден қашып шығып, өзіне тұрақты жер тауып алып, сол жерде адамзат ұрпағын көбейтіп, бір ел болған жайт Энейдің де басынан өтеді.
Талай жылдар өтіп, көп өзгерістер болады. Альба–Лонганы Энейдің кейінгі ұрпағы – Нумитор басқарып, ел мен жерді байлыққа кенелдіріп, атағы шартарапқа жайылады. Бірақ бақытсыздық пен қайғы айтып келмейді. Қала маңында тұратын Нумитордың кіші бауыры Амулий қатігез де арамза еді. Оның басты мақсаты - ағасын тақтан тайдырып, оның орнына жайғасу. Осы мақсатқа жету үшін ол қандай да арам жолдардан жиренбей, ойлаған, діттеген жеріне жетеді. Қартайған, әбден сілікпесі шыққан, әлсіз Нумитордан енді одан ештеңе шықпас деген оймен оны өлтірмей, билікті тартып алады. Тек оның баласы мен ұрпақтарынан қорқып, олардың көзін жоюға кіріседі. Ұлын қапысын тауып, мерт қылады да, қызы Рея Сильвияны оның ерікінсіз ошақ тәңіриесі Вестаның (гректерде Гестия) шырақшысы (весталка) етіп қояды. Вестаның шырақшылары ешуақытта да тұрмысқа шықпайтын болған, заң қатаң сақталған. Олар Вестаның ғибадатханасында қызмет істеп, ешқайда шықпауы керек. Бірақ тәңірдің жазуы басқаша еді. Көп ұзамай Рея Сильвия аяғы ауырлап, егіз ұлды дүниеге әкеледі. Аңыз бойынша олардың әкелері соғыс құдайы Марс (гректерде Арес) болса керек. Негіге тартып Ромул мен Рэм бала шағынан қорқу мен сескенуді білмейтін, шыншыл да соғысқұмар болып өседі.
Амулий болған оқиғаны естігенде қатты ашуланып, кейін сабасына түскенде, бойын қорқыныш билей бастайды. Оның себебі де бар еді, өйткені балалар өскенде, атасы үшін кек қайтарар деген ой оның мазасын алып, түн ұйқысын бөледі. Амулий Рея Сильвияны жазалап, егіз балаларды Тибр өзеніне тастауды бұйырады.
Амулийдың сарайындағы құл егіз балаларды себетке салып, өзен жағасына алып барады. Тибр өзені тасып, жағалауын су басып жатқандықтан, құл өзенге түсуден сескеніп, егіз ұлды су жағасына қалдырады. Ойы – кемерінен асқан су, себетті ағызып әкетіп, балалар өзенге батып өлер деген тоқтам. Су шынымен-ақ көтеріліп, нәрестелерге қауіп тудырады, бірақ, Марс тәңіриесінің құдіреті болар, себет өзен жағасындағы бұтаға ілініп, ажал құрығы балаларға жетпейді.
Тибрдың буырқанған мол суы азайған соң, егіз ұл себеттен құрғақ жерге құлап, ащы айқайға басады. Су ішпек болып, өзен жағасына келген қаншық қасқыр айқайды естіп, жақындап келіп, егіздерді тілімен жалап, иіген емшегін нәрестелердің аузына тосады. Біршама өсіп-жетілген балаларды патшаның бақташысы тауып алып, оларды өз тәрбиесіне алады. Аттарын Ромул мен Рем деп қояды. Бауырлар денелерін шынықтырып, түрлі ойын-жаттығулар жасап, аз уақыттың ішінде батыл жауынгер, мерген болып, аң аулауға да шыға бастайды.
Жас батырлардың атағы шартарапқа тарап, құрметке кенеледі. Егіздердің атақ-даңқын естіген қарапайым адамдар мен бақташылар, қашқындар мен құлдар Ромул мен Ремнің қосына келіп, қатарларына қосылады. Егіздер әрқайсысы жеке топ құрып, оның басшысы болып тағайындалады.
Кездейсоқтық деген аяқ астынан, Рем Нумитордың бақташыларымен жоқ жерден кикілжіңге барып, достарымен қамауға алынады. Оны Нумиторға алып келгенде, қарт жап-жас Ремнің келбетті де өжет түс-тұрпатын көріп, оның шығу тегін сұрайды. Рем өзінің егіз екенін айта келе, “патша бақташысының балаларымыз деп есептегенімен, бүгінгі күні мен өлім мен өмірдің ортасында тұрғандықтан, Сізге, аса бір маңызды, таңғажайып жайтты және біздің туғанымыздың өзі бір жұмбақ күйде болғанын айтайын деп едім”- дейді. Нәресте кезімізде бізді біреулер жыртқыштарға жем болсын деп қалдырып кетсе, тауып алған қаншық қасқыр бізді емізіп, аман алып қалып, орман тоқылдағы корек әкеліп, аузымызға салған екен. Содан осы күйге жеттік деп шындықты жайып салады.
Нумитор бұл Рея Сильвияның баласы шығар, демек, менің немерем болғаны ғой деген ой ұшқындайды. Көп ұзамай оның күмәнді ойы айқындала бастайды. Оған себеп – егіздерді бағып-қаққан патша бақташысы, Ремнің қамауда отырғанын білген соң, Ромулға бар шындықты айтып, көзін ашады. Ромул Ремді босатып алып, Альба-Лонгаға аттанады. Жол-жөнекей қала маңындағы тұрғындар Ромул мен Ремге қосылып, қатігез Амулиийді тақтан тайдырмақ болып, көтеріліске шығады. Көтерілісшілер Амулийді өлтіріп, Ромул мен Рем Нумитор атасына тақты қайтарып береді. Егіздер қалада қалғылары келмей, өздерінің жеке қалаларын салмақ оймен сапарға аттанады. Тибрдың шайып кеткен жеріндегі Палатин бағы көңілдерінен шығып, сол жерге қала қабырғасын орнатуға ұйғарады.
Осы тұста егіздер арасындағы татулыққа сызат түседі. Даудың басы - қаланың құрылысын қай жерден бастап салу керектігі мен оның атын қалай қою және қаланы кім билемек дегеннен басталады. Оның әділ шешімін тек тәңіриелер ғана сездірер деген ой-ұйғарымға келеді. Ол үшін құстардың ұшу мәнерінен анықтуға болады деген оймен әрқайсысы жеке жайғасып алып, аспан әлеміне көз тігеді. Ең алғашқы болып Рем аспанда қалықтап ұшып шыққан алты қаршығаны көрсе, аз мезеттен соң Ромул найзағайдың жарқылы мен күннің күркіреуінен он екі қаршыға ұшып шыққанын көреді. Егіздердің даулары қыза түседі. Рем ең бірінші болып алты қаршығаны көрдім, яғни таңдау менікі десе, Ромул оған келіспей, мен он екі қаршыға көрдім, мен билікті қолыма алуым керек деп қасарысады. Ромул терең, ұзын шұңқыр қазып, бұл қаланың аумағы болар деп жобаласа, оның бұл әрекетін мазақ етіп, шұңқырдан секіріп өткен Ремді Ромул тап беріп, жайратып салып, былай деп дауыстайды: “Менің қаламның қабырғасынан осылай секіріп өткен адамның күні осылай болмақ!”деп. Рем сыңарының өлгеніне қатты қайғырып, қаншама азапты күнді басынан өткерсе, мұның бәрі де тәңірдің жасағаны деп көңілін жұбатады.
Осыдан кейін Ромул қаланың іргесінің қалану ырымын жасайды. Ол өгіз бен сиырды соқаға жегіп алып, қала шекарасының аумағы осы болар деп жыртады. Қақпа тұрар жерге соқаның өзін қалдырады. Қала қабырғасы осыдан кейін қасиетті саналған. Оның аты Ромулдың атымен Рим деп аталып, оның ең алғашқы билеушісі (рекс) болып тарихта аты қалған.
Кейіннен рим зерттеушілері бұл қай кезең, қай жылы болғанын есептеп, мынадай тоқтамға келген. Бұл оқиға б.д.д. 753 жылдың 21-ші сәуірінде болған. Сондықтан бұл күнді көне римдіктер жыл сайын тойлайтын болған.
Көне римдіктер өздерінің “Мәңгілік қала” Рим іргесінің қалануын осы аңыздан таратса, Ромулдың аман қалу-қалмауы бөріге байланысты болып отыр. Егер бөрі егіздерді аман алып қалмағанда, Рим қаласының салынуы да неғайбыл еді. Сондықтан римдіктер қаншық қасқырды қадір тұтып, Рим қаласының орталығы Капитолия алаңында қаншық қасқырды емген егіздердің ескерткіші бой көтеріп тұр.
Қазақ мифіндегі көк бөрі – түркі халықтарының тарихи ата-тегі, олардың қастер тұтатын тотемдік түз тағысы. Бұл сонау ерте заманнан, шамамен V-VІ ғасырлардың ішінде көк түріктер үшін аса мағыналы да мәнді, қасиет тұтар, тарихи мәні жоғары, батырлықтың тұлғасы, грек аңызындағы жеңіс тәңірісі Ника секілді жеңімпаздықтың символы саналған. Сол дәуірде түркінің жоғарғы қолбасшысының штандарты Көк Бөрі кейіпінде жасалаған. Бұл ұғым кейінгі дәуірлерге дейін сақталып, Көк бөріні жекелей ақындар өзінің рухани демеушісі, қасиетті пірі, ата-бабасының әруағы деп қастерлеп өлеңге де қосқан. Солардың бірі Сүйінбай Аронұлы болса, арқалы ақын бір өлеңінде былай деп толғанады:
“Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен.
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен.
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен.
Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза атамыз,
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында,
Ту түсіріп, жау алған,
Қазыбек, Қастек атамыз.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Жоқты жонып табамыз.
Бөрілі байрақ астында,
Ту түсіріп, жау алған,
Шапырашты батыр бабамыз.
Бөрілі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым”-дейді.
Қазақтың мифтік аңыздарында, римдік Ромул мен Рем секілді, Көк бөрі көк түріктердің анасы іспеттес. “Өмірдегі жақсылықтың бәрі Тәңірінің нұрынан таралады, нұр – тіршіліктің бастауы” деп ұғынған түркі халықтары үшін адалдық пен әділеттілік, шынайлық пен қайсарлық секілді жақсы қасиеттердің белгісі де Көк бөрі болып табылған”- дейді, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері Дархан Құдайбергенов, өзінің “Көк бөрі еді ұраным!..” атты мақаласында. “Түркі халықтарының танымында көк түс – Тәңірінің шапағаты мен ерекше мейірімнің белгісі іспетті. Осы тұста, әсіресе, көк түсті түркілердің ерекше қадірлегенін байқауға болады. Сондықтан да түркі халықтарының, өздерін “көк түрік” деп атап, арғы ата-бабаларын Көк бөрі деп тануы тегін емес…
“…Әрине, түркілердің жауынгер халық болғаны әлемге белгілі. Олар жорыққа аттанар алдында бөрілі байрағын көтеріп, киелі аңды, яғни Көк бөріні ұран санап, әрдайым жеңіске жетіп отырған. Бұл арғы тегін ұмытпаудың белгісі.
Жалпы, Көк бөрі – тек түркі халықтарының фольклорлық - әдеби мұраларында ғана емес, әлемдік фольклордан да ерекше орын алған негізігі тотемдік бейнелердің бірі - Әбілғазы Баһадүр ханның “Түрік шежіресі” мен Рашид ад-диннің “Шежірелер жинағында” түркі халқының ханы Бөртешене және оның анасы қаншық қасқыр туралы аңыздар баяндалса, Н.Я. Бичурин “Ғұн тайпаларының шығу тегі” атты еңбегінде қол-аяғын кесіп, сазға лақтыра салған бала мен оны тауып алып, асырап баққан ұрғашы қасқырдан таралған ұрпақ жөнінде аңызды келтіреді. Осы орайда орыс ғалымы Л.Н. Гумилев те өзінің “Көне түріктер” атты еңбегінің “Қаншық қасқырдың ұрпақтары” деген бөлімінде ата-тегін бөріден тараған деп ұғатын түркі тайпаларын айта келіп, бастауын қаншық қасқырдан өрбітетін аңыздарды атап көрсетеді”.
Асқар Егеубаев көне дәуірдегі әдеби мұраларды зерттеген зерделі ғалым есебінде ғана емес, қазақ поэзиясында да үлкен орны бар қаламы қарымды ақын. Ерте дүниеден өткен ақынның жүрек жарды өлеңінің бірі “Көк бөріге сиыну” деп аталады. Онда ақын көк бөріні: “Пірім”, “кием”, “ием”, “сиынарам”, “сүйенерім” деп әспеттейді.
“…Уа, көк бөрім!
Берші қуат, берші айбат!
Жер-Суымның жігер-күшін келші айдап!…
Көк бөрідей көкті тітіретейін
Жел шайқаған көкіректе шер қайнап…
Бөрідейін сар даламды шолайын,
Ырғасқанды бөрідейін орайын!
Бесігімнен бөріктірген заманның
Беті қайтпас көк бөрісі болайын…-деп, көк бөріге деген ынтазарлығы мен құрметін шынайы беріле жырлаған өлең жолдарынан айқын аңғара аламыз.
Көк бөрі – түркі халықтарының ішіндегі қазіргі уақытта аса жоғарғы деңгейде дәріптейтін халықтардың бірі – шешендер, яғни тәуелсіздік жолында күрес жүргізіп жатқан Ичкерия мемлекеті. Олардың фольклорлық мұраларында арлан қасқыр - тәуелсіздіктің, асқақтық пен тазалықтың белгісі, символы саналады. Тіпті, мемлекеттің гербін арлан қасқырдың бейнесі салынған. (Герб 2003 жылдың 21 наурызында Егемен Қазақстан газетінде “Шешенстанда өтетін референдум шиеленісті шеше ме?” мақалада жарық көрді.)
Көк бөрі аңызы ғұн дәуірінде халықтар арасында көп таралған. Сондай аңыздардың бірі – жоғарыда римдік Ромул мен Рем турасында айтылған аңызға ұқсас сюжетті атап өтпеске болмайды. Оның қысқаша мотиві “Ежелгі Қазақстан мифтері”атты еңбекте төмендегідей айтылады:“Үйсін мемлекетінің батыс шекарасы хун шекарасымен қабысып жатқан. Жауынгер хундар үйсіндерге тарпа бас салып, көршілерін жаулап алады. Халқын түгелдей, соның ішінде, көсемі мен оның әйелдерін де қырып тастайды. Тек үйсін көсемінің ұлы Кун-мо ғана тірі қалады, ол әлі мүлдем жас сәби болатын. Хун қолбасшысы кішкентай ханзаданы өлтірткізбей, аяушылық жасайды, бірақ оны құтқарып та жатпады. Ол нәрестені шалғын шөпке тастап, тағдырдың еркіне қалдырды”.
Рим аңызына көңіл қойсақ, онда да арамза Амулий екі егізді өлтірмейді, оларды да тағдырдың еркіне қалдырып, Тибр өзенінің жағасына тастайды. Тек өзен ағызып кетер деген оймен екі нәрестені өзенге батыру қаперіне де келмейді. Екі егіз қарындары ашқан соң, даланы басына көтеріп жыласа, Кун-Мо да тыныш жатпай, ащы дауысымен айналаны азан-қазан етеді. Жылаған дауысты естіген қарға піскен ет беріп, баланы аштан аман қалдырса, рим вариантында, орман тоқылдағы ұшып келіп, егіздерді тамақтандырады. Қазақтың “Қарға тамырлы қазақ”, “Қарғам”, “Қарғаш”, “Қарғам-ау” және тағы да басқа тұрақты сөз тіркестерінің халық арасында кең тарауының бір ұшы, мифтегі Қарғаның осы істеген жақсылығында жатса керек.
Екі мифтік туындыда құс атаулылар (Тоқылдақ, Қарға) кішкентай нәрестелердің құтқарушылары. Бірақ көне дәуірдегі адамдардың түсінігінде, нәрестелердің аузына ана сүті есебінде Бөрілерден татқан дәм қасиетті, қуаты күшті, бойға қайрат пен сұс береді деген ой-түсінік алдыға шыққан. Түз тағысы қасқыр атаулы қанша жыртқыш болса да, бойы таза, күш-қуаты мол, сұсты болғандықтан, оның бойындағы қасиеттерді қадірлеп, симпатиялық көзқараспен бейнелеу екі елдің аңызынан үлкен орын алған. Жаугершілік пен қантөгіс кезеңінде осындай мифтің туындауы заңды да. Мәселен Ромул мен Ремнің қолдаушысы соғыс тәңірісі Марс (Арес) болса, Кун-Моның қолдаушысы Көк Тәңірі. Ондағы мақсат – достыққа адал, жауға деген кекшілдік пен өшпенділік рухты көтермелеу, айналаға сес көрсетуде бөрілердің бойындағы қасиеттері үлкен әсерін тигізер дегеннен шықса керек. Аңыздың келесі сюжетінде кішкентай Кун-Мо өзеннің жағасына еңбектеп барғанда, сол жерге жақын маңда күшіктеген, емшегін сүт кернеген қаншық қасқыр байқап қалып, баланы тойғанша емізеді. Мұны сыртынан бақылаған Хун қолбасшысы тәңірлердің сәбиді қолдап, желеп-жебегенін, жыртқыш аң екеш қасқыр да, жемтік аңдыған қарға да тиіспей бауырына алып, бұйырған дәмді алдыларына тосқанын көріп, таң-тамаша болады. Бұл Көк тәңірдің ісі екен жазбай таныған Хун көсемі ханзаданы өзімен бірге алып кетеді де, өз баласындай тәрбиелейді.
Жоғарыдағы бейнеленген сюжеттегі ұқсас мотивтен аңғарғанымыз – екі мифтегі сәбилердің адам қолына өтуі. Рим мифінде Ромул мен Ремді патшаның бақташысы тауып алып тәрбиелесе, қазақ мифінде хуннның қолбасшысы өз баласындай тәрбиелейді. Себебі, олардың бойындағы, түр-тұлғасындағы бекзадалық қасиеттері мен қандарындағы нағыз қара көк, таза билеушілер тегінен екенін жазбай таниды. Асыл тегіне жаратушы тәңірлер де немқұрайлылық танытпайды. Ромул мен Ремнің қолдаушысы соғыс тәңірісі Марс (Арес) болса, Кун-Моның қолдаушысы Көк Тәңірі өсіп-жетілген жас жігіттерді ерен күшті әрі ержүрек жауынгер етеді. Көп ерліктер жасап, халықтың құрметіне бөленеді. Мифтің финалында Ромул өзінің сыңары Ремді өлтіріп, Римнің патшасы болып тағайындалса, Кун-Мо Тәңірдің рақымы түсіп, заңды түрде өз халқы – үйсіндердің патшасы болып таққа отырады.
Қазақтың көне аңыздарының ішінде римнің Ромул мен Рем мифіне ұқсас тағы бір миф – бұл Ашина әулетінің шығуы туралы. Мұнда Көк түркілердің жайма-шуақ жатқан кезінде дұшпандар күтпеген жерден шабуыл жасап, халықты қынадай қырып, он жастағы баланың аяқ-қолын тірідей кесіп, жаралы ұлды батпаққа тастайды. Бір ескерері – бәйкүнә сәбилердің қалатын орны өзен немесе өзен жағалауындағы батпақты жер. Бұл деталь осы аңызда да қайталанады. Соған қарағанда, мифтегі сәбилердің мекендеген жері сулы-нулы орын ретінде көрсетіледі. Табиғаттың осындай берекелі, суы мол жерде мекендеген ел қамсыз, жайма-шуақ өмір кешіп жатқанда, аяқ астынан жау шабады да, бәрін қырғынға ұшыратып, дүние-мүлікті алып, нәрестелерді тағдырдың жазуына қалдырады. Рим аңызында Нумитор да алаңсыз жатқан еді. “Жау жоқ деме, жар астынан” демекші, өзінің арамза інісі Амулий жайма-шуақ жатқан елдің берекесін кетіріп, тарпа бас салып, қартаң Нумиторды тақтан тайдырады да, ханзада баласын өлтіріп, жай табады.
Ашина аңызында нәрестенің аяқ-қолын шапса да, аман қалып, Тәңірдің қолдауына бөленіп, бөрінің сүтін еміп, өскен соң қаншық қасқырға үйленеді. Бұл бала да жоғарыдағы аңыздағыдай, ақсүйек, ханзада еді. Рим мифімен ұқсастығы - оның тірі екенін білген жаулары өлтіріп, көңілдері жай табады. Бірақ мұнда да Тәңір тағы да араласып, қаншық қасқырға қанат бітіртіп, биік таудың басына ұшып кетеді де, сонда өлген күйеуінен құрсақта қалған он баласын дүниеге әкеледі. Ұлдары өсіп ержеткен соң көршілес жатқан елдің қыздарына үйленіп, үлкен бір рулы елге айналады. Сол балалардың ішінде Ромул секілді Ашина деген баласы ержүрек, ақылды, батыр болып, кейін ру көсемі дәрежесіне дейін көтеріледі.
Көптеген жылдар өтіп, Ашинаның елі Алтай тауына қоныстанып, темір өндірумен айналысып, күшті де қуатты елге айналады. Алтай тауларының шыңдары бірі алыстан қарағанда дулығаға ұқсайтындықтан, оларды дулыға елі, яғни көне түркі тілінде дулыға түркі (“тірік”) деген сөз. Сондықтан болса керек, осы жерде мекендеген Ашинаның қол астындағы елді “түркі” елі деп атайды.
Көк түріктер айналасындағы елді түгел бағындырып, ешкімге дес бермеген. Тек жауларының әккілігі арқасында жеңіліске ұшырап, Елханның (Бумын қаған) әуелетінен жалғыз қалған адам Қайы Ергенекөнге (монғол тілінен аударғанда, “ергенек” – тік, құлама, қия, ал “көн” жартас. Сонда бұл “тік жартас”, “қия шың” болып шығады) мекен етіп, кейін үлкен елге айналып, өз отандарына оралады. Талай жаулармен қанды майданда кездесіп, осынау үлкен жерді иелігінде қалдырды.
Атап өткеніміздей, Лев Гумилев өзінің “Көне түріктер” деген еңбегінде осы мәселеге арнайы тоқталып, көк түріктердің ата тегінің қаншық қасқырмен байланысын қытайдың, арабтың, орыстың көнеден келе жатқан мифтік аңыздарын сөйлетеді. “Ата тегін білу және оларды әдейі жаттап алу ортаазиялық халықтардың өзгеше сипаты. Сондағы ең бір қызықты жері, олардың көпшілігі әуелгі тегін әртүрлі аңнан бастайды. Мысалы, тибеттер өздерінің арғы тегін маймылдың еркегі мен раушастың (орман-аруақ) ұрғашысынан шыққан, моңғолдар – көкбөрі мен ақмаралдан, телестер – бөрі мен хұн шаньюінің қызынан, түріктер – хұн ханзадасы мен қаншық қасқырдан тараған деп есептейді. Соңғы екі аңыз баяғыда, осынау қос халық ұлан шөл – Гобидің оңтүстік шетіндегі аймақты мекендеген кезде шыққан болуға тиіс, өйткені аңыздың өзі белгілі дәрежеде саяси тарих пен этногенездің фактілермен әріленіп, жөнделіп отырады.
Тобалар солтүстік Қытайды бағындырған кезде, олардан жеңілген тайпалардың ішінде “ Бес жүз шаңырақ Ашин руы да” бар еді. “Осынау бес жүз шаңырақ”, Хұндар мен сәнбилер ІV ғ. Қытайлардан жаулап алған Шэньсидің батыс бөлегі мекен еткен “әр түрлі рулардың қосындысынан” шыққан болатын. Ашин Хэсиді (Ордостың батысындағы Хуанхе шығанағы мен Наньшаннің арасындағы облыс) билеген Хұн кінәзі Муганға бағынып тұрған. 439 ж. Хұндарды жеңіп, Хәсиді Вэй империясына қосып алған кезде, “Ашин бес жүз үймен жужандарға қашып барады да, Алтай тауының күнгей бетіне қоныстанып, жужандарға темір өндіріп беріп тұрады…”
“…Қытайлар Ашин ханның бодандарын – Ту-кю деп атаған. Бұл сөзді П.Пелью “түрк ют” яғни түріктер деп сәтті аударған, бірақ ондағы көптік жалғауы түрікше емес, моңғолша. Көне түрік тілінде саяси терминдердің бәріне көптік жалғауының моңғолшасы қосылатын болған. Бұл жәйттен оның түрік тіліне шеттен қосылғанын білеміз.
“Түрік” сөзінің өзі “күшті”, “мықты” дегенді білдіреді. А.Н. Кононовтың пікірінше, ол жинақтауыш ат, кейін тайпалар бірлестігінің этникалық атына айналған. Бұл бірлестіктің әуелгі тілі қандай болса – ондай болсын, әйтеуір олар тарих сахнасына шыққан кезде, оның күллі өкілдеріне сол заманның тайпааралық ортақ тілі-сәнби яғни көне моңғол тілі түсінікті болған. Бұл бұйрық-жарлықтың, базардың, елшіліктің тілі екен. Осы тілмен 439 ж. Ашин Гобидің солтүстік шет аймағына көшеді. “Ашин – Қасқыр, бөрі” деген сөз. Ол моңғолша “шоно-чино”. “А”- қытай тілінде құрметтеу префиксі. Демек, “Ашин” – “дегдар бөрі”. Бұл есімнің қытайша мәнерленбеген түрі – Шане араб жазбасында сақталған.
Ашин хандарын тотемистер деп атауға бола ма, болмай ма – біздің біліміміздің қәзіргі жағдайына оны шешу мүмкін емес, алайда “бөрі” сөзі VІғ. Түріктер үшін аса мәнді сөз болғаны анық. Қытай авторлары “түрік ханы” мен “бөрі” ұғымын мағыналас деп есептейді, сонда тегі түрік хандарының көзқарасына сүйенетін болса керек. Сәнби ханшасының күйеуі Шаболио хан жөнінде: “өзінің қасиеті жағынан хан нағыз қасқыр” деп айтқаны тегін болмаса керек; түріктерге шабуыл жасаған кезде: “мынадай шаралар қолдану керек: көшпенділерін қуып, бөрілеріне бас салу қажет” деп тіпті нұсқау қағаздың өзінде де айтылған. Түрік байрақтарына бөрінің басы алтынмен әшекейленіп салынған, ақырында, түріктердің шыққан тегі жөніндегі екі аңызында ең әуелгі ана қаншық қасқыр делінеді”- дейді.
Әлкей Марғұланның пікірінше, аңыздағы аяқ-қолы кесілген баланы жаулары өлтірген соң, Ергенекөнде қоныс тепкен бөрінің қаншығы осы арада бекініп, баладан он ұл көтереді. “Соның бір ұрпағы Ашына қытай эроглифімен жазылған, қазақша айтқанда Шене (бөрте - Шене) – бөрі. Түрік қағанатын бірінші рет басқарған ғұн ұрпағы Шене (бөрі) – ақылды, кемеңгер, ойшыл кісі болған, Тоны-көкке ұқсас. Өзінің ерекшелігін білдіру үшін ордасының қақпасына бөрі басты сурет салынған ту байлатып қойған. Ғұндардың түрік қағанатымен тығыз байланыстылығын сипаттайтын дәлел – Моденің бір ұрпағы Теле (ұйғыр) – қағанатының солтүстіктегі бір одағы болған”.
Жоғарыдағы рим мифологиясының сарыны бойынша Капитолияда егіздердің бөріні еміп тұрған сәтін көрсек, Монғолияда Бугута қаласында соғдылардың сынатастағы жазуының биігінен қарағанда, “бөріні және бөрінің бауырынан аяқ-қолы шабылған сәби баланың кескінін көруге болады” делінген “Ежелгі Қазақстан мифтері” деген еңбекте.
Оғыз бен ғұн дәуіріндегі мифтерде де өздерінің шығу тегін бөрімен байланыстырады. Оғыздар көне түркілердің одағы, бірінші мыңжылдықтың басынан Сырдария өзенінің сағасында өмір кешкендігі туралы тарих беттерінен аңғарамыз. ІХ –Х ғасырларда жеке мемлекет құрып, астанасын Сырдария маңында салып, Жаңакент немесе Жаңа Гузия деген атпен белгілі болған. 965 жылы оғыз елі Киев Русімен одақтасады да, іргелі мемлекетке айналып, жан-жаққа өзінің билігін жүргізіп, Хазар қағанаты мен Еділ бұлғарларын жеңіп, шекарасын ұлғайтады.
Оғыздар мемлекеті ХІ ғасырда әлсірейді. Қыпшақтардың тегеурінді соққысы арқылы жеңіліске ұшыраған оғыздар байырғы еліне қайтып, қыпшақ, қаңлы, қарлұқ және басқа да түркі халықтарымен мидай араласып кетеді.
Сол тарихи кезеңдегі туындаған аса айтулы шығармалардың бірі “Оғыз-нама” жырында оғыздардың бөріге табынған сюжеттік желісті ұшыратамыз. Оғыз батырдың Тәңірдің құдіреттілігімен берген екі әйелінен алты ұлы дүниеге келіп, сан мыңдаған мол әскерімен талай елді жаулап алады. Сол жауларына аттанғанда, алдында үнемі оған аспаннан көк түкті, қою жалды арлан бөрі түсіп, жол бастап отырады. Оғыз батыр көкжал бөрінің айтқанын орындап, өзінің дегеніне жетіп, қартайған шағында уәзірі Ұлық Түріктің түсіндегі аяны бойынша, ұлдары – Күнге, Айға, Жұлдызға, Көкке, Тауға және Теңізге билікті бөліп береді. Жырда Үрім деген елдің атауы айтылады. Ал осы Үрімге аттану жайы жырдың негізгі оқиғаларында көркем суреттеледі. “Оғыз қаған үлкен той жасап, сонда өз халқына үндеу тастайды: “Дүниенің төрт бұрышы түгел маған бағынуы тиіс. Бізге өз еркімен бағынғандар – салық төлесін. Бағынбағандар – жауымыз болады. Оларға қарсы қисапсыз көп әскер жіберіп, құртамыз. Біздің ұранымыз, жолбасшымыз – көк қасқыр болсын!” дейді қаған.
Алтын қаған басқаратын ел Оғыз қағанға елші жіберіп, көптеген алтын мен күміс, қисапсыз қазына әкеліп беріпті. Ал, енді Үрім қаған басқаратын ел Оғыз қаған дереу Үрімге қарсы соғысқа аттанады. Жолда әскер шаршап, тынығады. Таңсәріде Оғыз батыр жатқан шатырға бір жарық сәуле түседі:
Сол жарық сәуледен көк шашты,
Достарыңызбен бөлісу: |