Іsbn 9965-412-71-5 Иманғазинов М., 2009 кiрiспе а нтика


Антика әдебиетiнiң Ресейге әсерi



жүктеу 1,83 Mb.
бет2/20
Дата29.01.2020
өлшемі1,83 Mb.
#27571
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20

1.2 Антика әдебиетiнiң Ресейге әсерi

Жоғарыда көрсеткенiмiздей, Ресейге грек қолжазбалары ерте кезден бастап түсе бастаған. Бұл шамамен б.д. ХIV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырлардың басында Византиядан христиан дiнiн орыс халқы қабылдаған тұспен сай келедi. Әсiресе, осы кезеңде антика әдебиетiнен хабардар етер аса мол кiтаптары бар адамдардың iшiнде IV Иванды және патриарх Никонды боярин Ф.М.Ртищевтер есiмдерiн атауға болады. Кейiн бұл кiтаптардың көбi Мәскеу патриарх кiтапханасында жинақталған едi. Қазiргi тұста олар Мәскеудегi мемлекеттiк тарихи музейiнде, бiр бөлiгi М.Е.Салтыков-Щедрин атындағы көпшiлiк кiтапханасы мен Санкт-Петербург, Киев қалаларында сақталған. Антика жазушылары шығармаларының сақталып қалған қолжазбаларының көпшiлiгi IХ-ХV ғасырларға жатады. Соңғы кезде ХIХ ғасырдан бастап, қазiргi дейiн ежелгi дәуiрге жататын қолжазбалар саны Египетте табылған папирустармен толықтырылды. Бұл мәтiндердiң бөлiгi б.д.д. ІІІ ғасыр мен бiр бөлiгi б.д.д. бiрiншi ғасырға жатады. Табылған қолжазбалардың iшiнде Гиперидтiң сөзi, Аристотельдiң “Афина политиясы”, Бакхилидтiң өлең жинақтары, Геронданың “Миамбылары”, Тимофейдiң “Парсылары”, Менандрдың бiртұтас комедиясы мен бес комедиясының үзiндiлерi, Софоклдың “Iзкесушiлерi”, сонымен бiрге бiрқатар лирикалық ақындар, тарихшылардың шығармалары және трагедиялық туындылардың үзiндiлерi сақталған .

ХVІІІ ғасыр мен ХIХ ғасырдың басындағы орыс жазушылары, суретшiлерi мен музыканттары да көбiнесе өз шығармаларына сюжет iздеген кезде ежелгi грек мифологиясының образдары мен эпизодтарына назар аударған. Ресейде қойылған ең алғашқы операларының бiрi 1755 жылы “Цефал мен Прокрис” (“Кефал мен Прокрида”) едi. Опера либреттосын Сумароков, әуенiн сарай композиторы Арайя жазған. Кейiнiрек, Сумароков басқа да аңыздық эпизодтарды фабула ретiнде ала отырып, “Альцеста” (“Алкеста”) операсының либреттосын, “Нарцисс” комедиясын жазды. ХVІІІ ғасырдың аяғында орыстың талантты композиторы Фомин ежелгi грек мифологиясының сюжетiн пайдалана отырып “Орфей” мелодрамасын тудырды.

Аса көрнектi орыс мүсiншiсi Ф.Толстой гректiң ұйқы тәңiрiсi Морфейдiң тамаша бюстын жасады, ал суретшi К.П.Брюллов өзiнiң кейбiр картиналарын антикалық мифология сюжеттерiне арнады (“Аполлон мен Диананың кездесуi”, “Сатурн мен Нептун Олимпте”).

ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында аса көрнектi орыс суретшiлерi В.А.Серов (“Европаны ұрлау”, “Одиссей мен Навсикая”), М.А.Врубель (“Пан”) ежелгi грек мифологиясының жекелеген эпизодтары мен образдарына назар аударды.

ХVІІІ-ХIХ ғасырларда Мәскеу мен Санкт-Петербургта салынған көптеген тамаша үйлер ежелгi грек мифологиясының сюжетi бойынша жасалған мүсiндермен безендiрiлiген. Мәскеудегi Үлкен театр колоннадасының тамаша еңселi портигi төрт ат жегiлген күйменiң үстiнде құйғытып бара жатқан ежелгi грек құдайы Аполлонды бейнелейтiн қоладан жасалған мүсiндер шоғырымен безендiрiлген. Нақ осындай топтастырылған мүсiндер Санкт-Петербургтағы А.С. Пушкин атындағы театр портигiнiң үстiнде де тұр. Ежелгi гректердiң мифтiк құдайлары мен қаһармандарын бейнелейтiн көптеген мүсiндер тобы мен жекелеген статуялар Санкт-Петербургтегi Адмиралтейство, мемлекеттiк Эрмитаж үйлерiн, жазғы бақ аллеяларын, Пушкин, Павловск, Петродворец үйлерiнiң iшi мен ғажайып парктерiн, қазiргi кезде музейлерге айналдырған. ХVІІІ ғасырдағы Мәскеу маңының аса бай дворян қоныстары Кускованың, Останкиноның, Архангельскiнiң сәулеттi үйлерi мен бақтарын безендiрiп тұр”.

Атап өтер жайт, Гомер жөнiнде деректер ежелгi орыс әдебиетiнде ХІІ ғасырдан бастап кездеседi. ХVІІ ғасырда Гомер туралы аса бiлгiрдiң бiрi -Симон Полоцкий болған, ал ХVІІІ ғасырда Гомердiң шығармасына ден қоюшылар мен аудармашылардың саны арта түседi. Басты жазушылардың қатарынан бiз Кантемир, Ломоносов, Тредиаковский, Сумароков, Херасков, Державин, Карамзин, Радищев және Крылов сынды жазушыларды көремiз.

Орыс әдебиетi тарихында ХIХ ғасырда өмiр сүрген жазушылардың iшiнде Гомерден шабыт алмаған, одан рухтанбаған жазушыны кездестiру қиын. Белинский Гомер жөнiнде аса терең толғанып, поэмаларының “халықтық шығарма екенi, батылдық, поэтикалық күрделiлiгi, балалық қарапайымдылығы, шығармашылығының бүкiл жанрларға жол ашқандығы және оның әлемдiк маңызы жөнiнде” айқын, нақты анықтама бередi. В.Г.Белинский Гомерге шынайы ғашық адам ретінде қарап, ол өмірде болғанына еш күмән келтірмей, мынадай ойды ортаға салады: “Его художественный гений был плавильною печью, через которую грубая руда народных преданий и поэтических песен и отрывков вышла чистым золотом”дейді .

Гомерге аса үлкен назар аударған демократ-жазушылардың iшiнде Гоголь, Тургенев, Достоевскийлердi қосуға болады. Л. Толстой А. Фетке хат жазғанда Гомер жөнiнде мынадай пiкiр айтады: “…таза, қайнардан шыққан тiс жарар судай, күндей жарқыраған сәулесi, iшiнде қыл-қыбыры болса да, мұнтаздай, таза “жаңа түскен шықтай” әсер етедi… Қуанып-шаттануға болады: грек тілінсіз білімнің жоқ екені анық” деп бағалаған.

Гомер поэмаларының аудармалары ХVІІІ ғасырдың екiншi жартысында пайда бола бастайды, ал 1829 жылы атақты “Илиада” Гнедичтiң аудармасымен жарық көредi. Гнедич Гомердiң поэтикалық түсiнiгiн дөп басып, мәңгiлiк, тозбас салтанатты, көтерiңкi және өмiршеңдiк тұрғыдағы ескерткiштi дүниеге келтiрген.

Жаңаша, сонымен бiрге “Одиссеяның” түпнұсқалық негiзiн сақтап аударған В.А. Жуковский еңбегiн 1849 жылы жарыққа шығарады. Iрi орыс ақыны Гомердiң эпосынан қарапайым сәбидей сенгiш патриархалдық әлемдi, ежелгi поэтикалық орыс рухымен ұқсастырады.

Белгiлi орыс жазушысы В.В. Вересаев өзiнiң екi аудармасында (1949, 1953) поэманың өмiршеңдiгi мен тiлдiң қатал қарапайымдылығынан салтанаттылық пен көтерiңкiлiк пафостан қашық екендiгiн айқындаған.

Антика әдебиетiнiң Ресейге бет алуының бiр көрiнiсi есебiнде Мәскеудегi 1649 жылы Славян-грек-латын мектебiнiң ашылып, кейiн 1668 жылы академияға айналуы рухани қарым-қатынастың шынайы “алтын көпiрiне” айналды. Осы академиядан тұсында холмогорлық шаруа болған М.В. Ломоносов, провинциалдық дiндар отбасынан шыққан В.К.Тредиаковский, молдаван билеушiсiнiң баласы Антиох Кантемир, орыстың мысал жанрының негiзiн қалаған И.А. Крылов және т.б. алдыңғы қатарлы ақын-жазушылар осы академияның кешегi түлектерi.

ХVІІІ ғасырдың антикалық мұраның оқу-ағарту саласында Ресейде терең қалыптасқанына Мәскеу университетiнiң ежелгi авторлардың сан жүздеген мұраларын аударғандарынан айқын аңғаруға болады. Энциклопедиялар, грамматика, тiлашар, өлең құрастыру жинағы, мифология, нақылдар мен афоризмдер, тарихи анекдоттар, латын-грек-француз аударма сөздiктерi шығарылады. Грек-латын бiлiмiн алуға бәрiне мүмкiндiк туғызылды. Антика әдебиеттi, өнердi қаумалап алды, адамдар онымен өмiр сүрiп, орнымен ауа жұтқандай сезiндi.

ХV ғасырда ІІІ Василийдiң шақыруымен 1516 жылы атақты Максим Грек Мәскеуге келедi. Василийдiң тапсыруы бойынша, шет елден келген оқымысты адамдардың бiлiмiн тексеру үшiн, Максим Грек гекзаметр мен элегиялық өлең түрiндегi грек тiлiнде жазылған екi өлеңдi аударуды мiндеттеген. Үлгi үшiн М.Грек өзiнiң аудармаларын берген. Егер шет елден келген оқымысты “өзiнiң көп том кiтап жаздым” деп мақтан етiп, екi өлеңдi аудара алмаса, оның бiлiмiнiң жалған болғаны, ал егер де берiлген өлеңдердi тәптiштеп аудара бiлсе, “оны зор құрметпен қонақ жайлылық көрсетiп қарсы алу қажеттiгiн” еске салған .

А.Н. Радищев: “Сырт келбетi тот басқанымен, таза нақты сұлулық ешқашанда сынын жоғалтпайды. Гомер, Вергилий адамзат тұқымы құрып бiткенше бұлар оқылады” дейді.

В.Г. Белинский В. Станкевичке 1839 жылы 19 сәуiр күнi жазған хатында: “Гректер (ежелгi) туралы ойлағанда, көз жасымды тоқтата алмаймын” дейдi.

Көне гректер мен римляндықтарға сүйiспеншiлiгi мен құрметiн мына сөздерiнен көреміз: “Грек және латын тiлдерi кез-келген мектептiң iргетасы, оқу-бiлiмнiң бүлiнбес тас қайрағы болуы тиiс”) деген тоқтам жасайды А.С.Пушкин антикалық әдебиеттi “бiздiң алғашқы университетiмiз деп бағалаған.

Ресейде антика әдебиетiнiң мәнi мен маңызы өте жоғары. Оның қамтыған диапозоны Ресей оқу-бiлiмiнiң сан-саласына таралған. Орта мектептердiң, лицей-гимназиялардың жоғарғы сыныптарында, классикалық дәрежедегi жоғарғы оқу орындарының филолог, әлеуметтанушы, философ, психология және т.б. болашақ маман иелерiнiң қолынан түспейтiн негiзгi және маңызды әдебиеттердiң бiрiне айналған.

1.3 Антика әдебиетi мұраларының қазақ сөз өнерінен көрініс

табуы және ортақ ұқсастықтар
Бiздiң ата-бабаларымыздың антика дәуiрiндегi өмiр сүрген европалық елдерiмен қарым-қатынасы жайында там-тұмдап болса да тарихи еңбектерде кездеседi. Соның бiрi - антика дәуiрiнде ғұмыр кешкен, артында мол әдеби, тарихи деректер қалдырып “тарихтың атасы” атанған Герадот жазбаларында сақ-скифтер жөнiнде көп мағлұмат бар.

Герадот б.д. дейiнгi 484-425 жылдары өмiр сүрген. Ол Кiшi Азияның батыс жағалауының оңтүстiгiнде туып, көп саяхат жасаған. Жерорта теңiзiнен бастап Элефантиниге /elefant – ағылшынша пiл, яғни пiл сүйегi елiне дейiн мағынада/ дейiн бүкiл Мысыр елiн аралаған, Эгей теңiзiнен парсы астанасы Сузыға дейiн “патша жолы” деп аталатын жолмен жүрiп өткен. Ол сондай-ақ Солтүстiк Қара теңiз жағалауының далаларында болып, грек бiлiмпаздар орталығы – Афины қаласында тұрған.

Геродоттың еңбегi грек-парсы соғыстары, архаистiк және классикалық Грекияның, Скифияның және бүкiл Алдыңғы Шығыс тарихы бойынша маңызды деректер болып табылады.

Геродоттың сақтар турасындағы жазған “Тарих” еңбегінің “Мельпомена” атты төртінші кітабы аса бағалы да құнды еңбек. Өйткені, қазіргі тұста қазақтың арғы көне тарихы мен мәдениеті, әдебиеті жөнінен көп мағлұматтар сол жоғарыдағы еңбек арқылы жетіп отыр. “Дуалы ауыздан шыққан сөз дүниенің төрт бұрышын мойындатқалы екі мың жылдан асып барады” – дейді, Ақселеу Сейдімбеков “Қазақ әдебиеті” газетіндегі Герадоттың “Тарих” атты еңбегі турасында. “Римнің әйгілі шешені Цицерон (б.з.д.106-43ж.ж) бір ойдың орамында Герадотты “тарихтың атасы” деген болатын. Содан бері бұл бағаға шәк келтірген тірі пенде жоқ. Әрине, аталы сөздің астарында ақиқат болған соң да күдік – күмәнға орын қалмайтын әдеті ғой.

Герадот біздің заманымызға дейінгі 490-480 жылдар аралығында Кіші Азияның Галикарнас деген шағын қаласында дүниеге келіп, 425 жылдар шамасында Италияның оңтүстік өңірінен топырақ бұйырған. Оның балалық шағында парсылар Балқанға үстемдік етсе, жігіт ағасы болған кезі Афинаның кемеліне келе гүлденген шағымен тұспа-тұс. Ал, қартайған шағында әйгілі Пелопоннес соғысы басталған. Герадоттың дүние танымының қалыптасуына байырғы Грек Аттикасының әйгілі қаласы Афиныда тұруы, ондағы заңгер әрі әскери басшы Периклдың үйірмесінде болуы елеулі ықпал еткен.

Герадот жаһанкез тарихшы. Ол Кіші Азияны түгелге дерлік аралап, Бабылда (Вавилонда), Финикияда, Эгей теңізінің аралдарында, Пелопоннесте, орта Грекия қалаларында, Оңтүстік Италия мен Сицилия қалаларында болып, тарихи оқиғаларды көзімен көрген. Болған жерлеріндегі халықтардың өмір салтына ықыласпен ден қоюмен бірге, жаһан кезген саяхатшы – керуеншілердің естелік әңгімелерін көп естіген. Нәтижесінде “Тарих” деп аталатын әйгілі еңбегін жазған.

Кейін бұл еңбекті александриялық ғалымдар тоғыз кітапқа бөліп, әр кітапқа өнердің бір-бір желеп-жебеушісінің есімін берген. Сондықтан да, кейде Геродоттың кітабын жинақтап “Музалар” деп те атайды. Мәселен, Клио - тарихтың, Евтерпа – лирикалық поэзия мен музыканың. Талия - комедияның, Мельпомена – трагедия мен сахна өнерінің, Терпсихора – би мен хордың, Эрато – поэзияның, Полигимния - әнұрандардың (гимндердің), Урания – астрономияның, Каллиопа – эпос пен шешендіктің желеп-жебеушісі.

Осылардың ішінде бір кездері қазақ даласын мекен еткен скиф, сақ, массагет тайпалары туралы жазылған төртінші кітабы “Мельпомена” деп аталады. Геродот өз еңбегінде әйгілі Кирдің, Дарий біріншінің байырғы қазақ даласына жорығы, ол даладағы тайпалардың өмір-тіршілігі, тұрмыс-салты, дәстүрі, тұтынған зат – мүліктері, таным-түсініктері, көршілес елдермен аралас-құраластығы, жорық-жортуылдарын жан-жақты баяндаған. Сондықтан да, соңғы замандарада археологиялық, лингвистикалық, эпиграфиялық, салыстырмалы-этнографиялық қыруар деректің жинақталғанына қарамастан Геродоттың скиф туралы ғажайып әңгімелері аса мәнді тарихи айғақ болуынан танбай келеді.

Сонымен бірге, Геродот “Тарихында” келтірілген қыруар деректің сыр-сипаты бүгінгі таңда толық ашылып бітті деп айта алмаймыз. Тіптен үнді-ираншыл ғалым-зерттеушілердің біразы Геродот “Тарихындағы” ру-тайпалардың мекенін, жер-су атауларын бұрмалай жорып, жалған-жасанды тұжырымдарға мұрындық болып келе жатқан жайы бар. Бұл орайда, Г.Ю.Клапрот, Е.Миллер, В.И. Абаев сияқты ғалымдардың скиф-сармат-алан тайпалары мен бүгінгі осетиндерді шендестіре зерттеген еңбектері және олардың тілдік тегін иран тіліне ұштастырулары түбегейлі орныққан тұжырым бола алмай келеді. Мұны соңғы кезде түркі тілдес халықтардың тарихы мен мәдениетіне кең аяда ден қойып жүрген ғалымдардың еңбектерінен байқауға болады (И.М. Мизиев, С.С. Алияров, Ю.Б. Юсифов т.б.). Геродот сөз ететін скифтер біртұтас этнос па, жоқ әлде бірненеше этностан тұра ма? Сондай-ақ, скифтердің шыққан мекені Азияның апайтөс даласы ма, жоқ әлде Қара теңіздің солтүстігін тұрақты мекендеген бе? Немесе жер-су атаулары бүгінгі жер-сумен нанымды үндесе ме? Ең соңында, Геродот суреттеген скифтердің салт-дәстүрі, тұтынған мүлкі, ішкен тамағы, әдет-ғұрпы бүгінгі қай халықтың болмысына жуық? Скифтердің ұрпағы кімдер? Міне бұл мәселерлер жөнінде де шындықтың беті толық ашылды деп айта алмаймыз. Осы орайда, өктем саясаттың сойылын соғып, өктем ұлттың шашбауын көтеріп, көшпелілер өркениетін тарих бетінен өшіріп тастауды мұрат тұтқан ғылымсымақ тұжырымдардың біздің санамызды ғасырлар бойы улап келгенін ашып айтқан жөн. Мұндай тұжырымдардың зиянкестігі тек қана қателігінде болса бір сәрі ғой, ең сұмдығы, сол қате тұжырымдар ғылымның күмән тудырмас жаңалығы ретінде санамызға зорлықпен сіңірілді.

Қысқасы, Геродот “Тарихының” түбегейлі зерттелуі Евразиядағы талай халықтың, соның ішінде қазақтың да тарихи тегін тануға негіз бола алатынына күман жоқ”- деп біледі, профессор А.Сейдімбеков.

Жазбада қазаққа етене жақын Геродот суреттеген скифтердің салт-дәстүрі, тұтынған мүлкі, ішкен тамағы, әдет-ғұрпы айқын көрсетілген.

Біріншіден, қазақтың ата-бабаларының көшпенді екені, егін екпей, мал бағумен және балық аулаумен айналысатыны, сондай-ақ сүт ішетіні (Геродот қымызды мегзеуі мүмкін. Геродот: “Скифтер сусын ретінде ішетін бие сүті үшін өздерінің барлық құлдарын соқыр етеді. …Сауып алынған сүтті скифтер, шұғыл ағаш ыдыстарға құяды да, ыдыстарды қоршай соқырларды тұрғызып қойып, сүтті пістіртеді. Өстігенде, сүттің бетіне шыққан маңызын алып тұрады және оны жоғары санайды, ал түбінде қалғанын нашар қалдыққа санайды”-дейді. (Геродот “Тарих”.4.2), олардың табынатын жалғыз құдайы – күн екендігі. Күнге құрбандыққа ат шалатыны. Онысы ең ұшқыр құдайға жер бетінің ең ұшқыр жануары лайық дегені. Күнге табыну қазақ халқының көне дәуірінен жалғасып келе жатқан құдайлардың бірі. Қазақ жеріндегі ерте кездегі адамдардың тас бедеріндегі адам денесінің басындағы күнді бейнелеуі соның айғағы болса, скифтердің “Күн патшасы”- жоғарғы әлемнің әміршісі – Қолақсай саналады. Мифтегі Қолақсай үш ағайынды. Қолақсай - әлемнің жоғарғы әміршісі болса, Арпоксай – төменгі әлемнің әміршісі, Липоксай – ортаңғы әлемнің әміршісі, қасқыр - адамды, құбылғыш бейне дегенді білдірсе керек. Скифтердің мифологиялық шежіресінде “Күн патшасы”- жоғарғы әлемнің әміршісі – Қолақсай турасындағы сюжет (мұнда гректердің тәңірісі Зевс пен Гестияның есімімен байланысты сюжет кездеседі) төмендегідей баяндалады: “Скифтердің Тарғытайдың (Тарғытай – шамамен, біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтың бес жүзінші жылдарында өмір кешкен, яғни біздің осы күндерімізден екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген скиф патшасы) шығу тегі жөнінде оның әкесі – Зевс, шешесі – теңіз патшасы Борисфеннің қызы Гестия дейді. Ертеде гректер Борисфен деп Днепр өзенін айтқан.

Тарғытайдың үш ұлы болған. Олардың аттары – Липоксай, Арпоксай және Қолақсай. Олар – үш скиф халқының бабалары.

Тарғытай патшалық құрған кезде скиф жеріне Көктен алтын заттар (Тәңірдің сәлемдемесі): соқа, мойынтұрық, айбалта және тостаған түседі. Бұл заттарды үлкен ағалары Липоксай бірінші көреді. Ол әлгі заттардың қасына барып жерден көтерейін десе, алтын лап ете түседі. Ол шегініп, енді ортаншы ұл Арпоксай жақындайды. Алтын тағы да от құшағына оранады. Лапылдап жанған алтынның ыстығы екі үлкен ағасын тоқтатып, тек үшінші, кенже ұл жақындағанда ғана жалыны өшеді. Ол заттарды өз үйіне апарады.Сол себептен ағалары патшалықты және соған қоса үлкендік жолын інілеріне беруге келіседі.

Үлкен ұл Липоксайдан авхат деп аталатын скиф тайпасы өрбіген. Ортаншы ұл Арпоксайдан катиар және траспи халықтары, ал кіші Қолақсайдан паралат тайпасы тарайды. Барлық тайпаларды бірге қосып, сколаттар, яғни патша адамдары деп атайды. Эллиндер (ежелгі гректер) оларды скифтер деген”.

Скифтер арғы аталарының тектілігін сөз ете отыра, оларды аспан тәңірлерінің ішінде ең құдіреттісі Күнмен байланыстыруы - Колақсайдың ақылды да, дана патша болғандығын айғақтайды. Күнді жалғыз құдірет деп оған астындағы атын құрбандыққа шалу кейінгі кезеңдерге дейін жалғасқан салт-дәстүр. Бұған сақ, ғұн, түркі дәуіріндегі үлкен мола-қорғандардан табылған жылқы сүйектері дәлел бола алады.

Ғұндар мифологиясында Күннің пайда болуы да таңғажайып сюжеттерге толы: “Жер мен Көк жаралғаннан кейін де қараңғы қара қапас айыға қоймаған. Жасаған ие Жер мен Көкті өз қолымен аялап, әлпештеп, жылы мерейімен есіркеп, жарық нұрымен жарылқап, олардың арасынан екі перзент –Күн (ұл) мен Ай (ару) – екі жарықты туғызыпты. Сөйтіп, Күн мен Ай алма – кезек айналып, бірінің артынан бірі жүріп отырып, әлемдегі қара түнекті түре қуыпты. Олар Жер-Көкті жылуы мен жарығына бөлеп, қақаған аяз бен қараңғы түнекті айдап отыратын болыпты”.

Абайдың табиғат лирикасындағы шоқтығы биік шығармаларының бірі – “Жазғытұрым” өлеңінде Күнді адам кейпінде бейнелейді, яғни мифтегі антроморфты бейне ретінде көрсетеді. Өңгелерді былай қойғанда өзі:


“…Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты,

Құмары екеуінің сондай күшті….

…Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай,

Біреуіне біреуі қосылыспай,

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,

Жер толықсып, түрленер тоты құстай…”- деп жырлаған ғой.

Мұндағы Күн ұл, күйеу, яғни ер адам кейіпінде көрінген. Мифте де Абай өлеңінде ер адам, ал көне грек мифологиясында да Күн ер адам – Гелиос есімді құдай. Яғни, Күн екі халыққа да құдай, Тәңірі есебінде жоғары бағаланады.

Тарихшы-этнограф Әбсәлімұлы Төлеміш өзінің “Бие сауған байырғы жұрт пайдаланған ұлттық тағамдар және этногенездік тек” деген зерттеу мақаласында Геродоттың “Мельпоменада” айтылған жайларды талдай келе, төмендегідей пікірлерді алдыға тартады: “Геродот тұсындағы, яки б.д.д. V ғасырдағы күбіде не сабада қымыз пісу мен күбіде сүт пісіп, май алу тәсілі қазіргі қазақ, қырғызда сол бәз-баяғы қалпында жалғасқан. Геродоттың “шұңғыл ағаш ыдыс…” дегені күбі екені даусыз. Пазырық обасын қазуда “қымыз құятын торсықтың” да табылғаны белгілі (“Қазақ әдебиеті”, 1968. №34).

Бұл мәліметтерден еуропалық скифтердің күбі-піспектерді, торсық сабаларды, Сыр өңірін жайлаған тұстан-ақ пайдаланғаны және сақ-скиф-түрік этногенез бастауының бірлігі аңғарылады. Бие сүтінен пісіліп май алу деген ұғым Геродот тұсындағы гректердің де, римдіктердің де сүттен ( тек бие сүтінен емес) май алу тәсілін білмегендіктен туған болса керек. Ал құлдары соқыр ету, олардың қашпауын қамтаматсыз еткен.

Ет пісіруге қазан болмаған жағдайда етті скифтердің қалай пісіретінін Геродот былай деп жазып қалдырыпты. Сойылған мал “етін малдың қарнына салып су құйып, сүйегін жағады. Ол тамаша жанады. Ал сүйегі алынған ет қарынға еркін сиып кетеді. Осылайша өгіз етін пісіреді”. (Геродот, ІҮ. 76-80).

Құмда мал бағатындардың “түймеш” деп атайтын тағамы бар. Олар құмды шұңқырлап қазып, соның үстіне дүзген өртейді екен. Қарынға салынған мал етін қазған шұңқырға тастап, күл, қоламта, қыздырылған құммен көміп тастап, тәулік, одан көп уақыт өткен соң алатын болса керек. Былбырап, өз майында піскен ет тіл үйіретіндей дәмді болады.

“Қазақтарда мал қарынында ет пісіру ХХ ғ. бас тұсына дейін сақталынып келді”, - деп жазады (“Кочевое общество”. Алма-ата, “Наука”, 1984, 58-бет). Ал тарихшы ғалым А.П.Смирнов “Скифы” дейтін кітабында: “Бүйтіп, етті скифтерше пісіруді ешкім қайталап, тексеріп көрген жоқ…”,- дейді (“Скифы”. Москва. “Наука”, 1966, 182-бет). Бұған не деуге болады? Қазақстан археологиясына, Қазақстан мәдениетіне, салт-дәстүріне көз салған адамның мұндай скифтерше ет пісірудің қазақ малшыларында үрдісі үзілмеген амал екеніне көзі жетер еді”-дейді, Әбсәлімұлы Төлеміш.

Әбсәлімұлы Төлеміштің осы тұрғыда жазған тағы бір мақаласы көне грек тарихшылары мен ақын-жазушыларының сақтар туралы және олардың тұтынған заттары, пайдаланған құрал-саймандары мен мінез-құлықтары арқылы оның кейінгі ұрпақтары қазақ екендігін танытатын деректермен толығыпты. “Арба жеккен арыстар-бізідің ата-тегіміз” деген зерттеу мақаласында Геродоттан басқа, Эфордың, Гиппократтың, гректің атақты лиригі Пиндардың ой-пікірлерін дәлелге келтірген. “Сақ-скифтердің көш-қоны жайында, олардың күймелі арбаларды тұтынуы жайында көне гректердің жазып қалдырған мәліметтеріне назар аударайық.

Грек тарихшысы Эфор (б.д.д. 405-300 жылдар) өзінің 30 кітаптан тұратын “Жалпы тарихында”: “Қой бағатын сақтар – скиф тайпалары. Олар Азияны мекендейді. Әділетті көшпелілерден тараған олар дүниеқор емес. Бір-біріне адал… Олар арбамен қөшіп-қонып (жүреді), сүт ішеді. Жеке меншікке жол бермей, барлық дүние-мүлікті бөліп пайдаланады”,- деп жазып қалдырған.

Қай заманда болса да тарихи жағдайда қалыптасып шыққан халықтың өзіндік мәдениеті, ғұрпы, сенім-нанымы, тілі болумен қатар өзіндік мінез-құлқы болатыны аян. Шаруашылық жүргізуде де ерекше айырмашылығы болмақ.

Эфордың сақтар жайындағы бұл дерегінен біздің халқымызға тән үш сәйкестікті көреміз.



  1. Шаруашылық жүргізу сәйкестігі.

  2. Психологиялық, яки мінез-құлықтық сәйкестік.

3. Олардың тұтынған рухани, материалдық мәдениет сәйкестігі…”- деген сәйкестіктері мен ұқсастықтары еш талассыз ғылыми факт.

ХХІ ғасырда өмір сүріп отырған қазақ халқының әлеуметтік-этнографиялық, материалды-шаруашылық ерекшеліктерінің көп жағдайда жақын екендігін Эфордың жазбаларынан аңғару қиынға соқпайды.

“Скифтер туралы көне грек дәрігері Гиппократ (б.д.д. 377-460 жылдар): “Олар ең азы төрт дөңгелекті, әйтпесе алты дөңгелекті, жан-жағы киізбен қымталған, кейбірі екі, кейбірі үшке бөлінген үй сияқты етіп құрылған киіз үйлерде тұрады. Одан жауын да, күн де, жел де өтпейді. Бұл күймелерге екі, үш қосақтан мүйізсіз өгіздер жегіледі. Олардың мүйіздері суықтан өспейді. Мұндай киіз үйлерде әйелдер орналасады. Ал, еркектер ат үстінде жүреді. Олардың артынан қоралы қой, сиырлар, үйірлі жылқы жүріп отырады. Бір жерде олар шөп жеткенше отырады, ал жетпей қалғанда басқа жерге кетіп қалады. Олардың өздері пісірілген ет жейді, бие сүтін ішеді және иппак жейді. Скифтердің өмір сүру жағдайы және салы осындай”- деп жазды (Гиппократ, “ВДИ”.1947, №2. Стр.296.).

Зер салсақ, бұдан 2600 жыл шамасы бұрынғы Қара теңіз жағалауын жайлаған скифтердің өмір сүру жағдайы, шаруашылық жүргізуі, көшіп-қонуы, күймелі арба тұтынуы, тамақ ішуі – б.д. ХІІІ – ХІV ғасырларындағы қыпшақтардың (Ибн-Батута, Гильом Рубрук деректері), ХV-ХVІ ғасырлардағы қазақтардың (Ш.Уәлиханов) өмір сүру жағдайымен, көшіп-қонуымен, күймелі үй тұтынуымен бірдей екенін байқаймыз.

Скифтердің бие сүтін ішуі мен иппак жейтіні қыпшақтардың да қымыз ішіп, иппак жейтінімен бірдей. Яки, скиф тілінде “иппак” нан ұғымын білдірсе, көне қыпшақ тілінде де “иппак” нан ұғымында айтылған (“Древнетюркский словарь”, стр. 188. 645. Ленинград, “Наука”, 1969).

Ақиқатты анықтағанда дәлел атаулының бәрі тізіліп көрсетілуді тиіс. Сондықтан күймелі арбаларға байланысты скиф-түрік көші-қонының бірегейлік көріністерін бәрін атап өтейік:

1.Шаруашылық жүргізуі.

2.Мал ұстау қажетіне сай көшпелі өмір сүруі.

3.Көшу қажетіне күймелі үй тұтынуы.

4.Бұл күймелі үйлердің жасалынуы, жабдықталуы.

5.Күймеге жабдықталған киізден жауынның да, күннің де, желдің

де өтпейтіндігі.

6.Күймелі арбаға көбіне өгіздер жегілетіндігі.

7. Күймеде әйелдердің, балалардың орнығатындығы.

8. Еркектердің ат үстінде жүретіндігі.

9. Көшудің себебі шөптің желініп таусылуына

байланыстылығы.

10. Көш соңынан мал түрлерінің айдалып отыратындығы.

11. Тағам, ас суының бір түрлілігі.

12. Нан ұғымындағы тіл бірлігі.

13. Күймелі үйден басқа да киіз үй тұтынатындығы.

Уақыт жылжымай, сақ-скифтердің сар даланы шаңдатқан көші-қонын жаңа ауысқан ұрпақ – түріктер - әрмен, бұлдыр сағымды көкжиекке қарай жылжытып бара жатқанға ұқсайды.Тек ұрпақ ауысқан, әйтпесе, көш сол баяғы көш. Маң-маң басқан түйелер, өгіздер, шиқылдаған арбалар тізбегі. Найзаларын көкке тіреген аттылар шеруі, көш соңында шұбырған мал...”

“…Грек лиригі Пиндар (б.д.д. 552-422 жылдар) шығармаларының бірінде: “Көшпелі скифтер арасында, күймеде алып жүретін жағдайы жоқ Стратон қаңғып жүр…”, - деген жолдар бар (“Позднейшие схолии”, “ВДИ”, стр.310.1947, №1). Көне комментатордың бұған қосқан мынандай ескертпесі бар екен: Стратонның қаңғуының себебі, скифтер қыс суығына шыдамай мүліктерін күймеге тиеп алып, басқа елге кетіп қалады. Күймесі жоқтар онда абыройсыз саналады”.(“Схолии в комедиям Аристофана”, “ВДИ”, стр.300.1947,№2)…”

“…Сөйтіп, б.д. дейінгі 1-мыңыншы жылдықта өмір сүрген сақ-скифтер мен біздің дәуіріміздің І-ІІ мың жылдықтарында өмір сүрген түріктердің көшіп-қонуға байланысты тұтқан мәдениетінде, шаруашылығында, психологиясында бірлік, сәйкестік, үйлесімділік айқын аңғарылады. Бұл - этникалық біртектілікті көрсететін айғақтар”.

Антика дәуірінде өмір кешкен сақ-скифтердің қазіргі қазақ халқымен ортақ рухани-материалдық құндылықтар, яғни тұрмысқа қажетті бұйымдар, халықта сақталынған өнер, археологиялық табындылар ғана емес, сонымен бірге рухани құндылықтар да ортақ екендігін байқау қиын емес.

Геродоттың “Тарихында” әдебиет пен мифологияға қатысты сюжеттер мол кездеседі. Соның бірі - Зевс пен Латонаның ұлы Феб-Аполлон жөніндегі аңыз. Феб-Аполлон қазақтың көне дәуіріндегі аңыздарында оның басынан өткен оқиғаларға ұқсас сюжеттердің ішінде жиі орын алтынын айта кеткен жөн. (Оның образы оғыз дәуірінің асыл перзенті Қорқытпен сәйкес келетін жолдар кейінде айтылады). “Мельпоменада” (4,13) ол жай былай суреттелген: “Осындайда еске түседі, Проконнестен шыққан Кайстробидің баласы Аристей өзінің эпикалық поэмасында ержүрек Фебпен (Феб-ашық, жарық деген мағынада. “Шыңғысхан жөніндегі көне монғол аңыздары” деген еңбек жазған орыс зерттеушісі Палладий Кафаров былай дейді: “Қытай аудармасында “ву” деген қосымша рухтармен байланысы бар адамдардың есімдері соңына қосылады. Кокешу-Теб-тәңірінің жалған аты. Теб – Тәңірі парсы тіліне Бут –Тенгри – Аспан бейнесі болып аударылған.

Соған қарағанда, Феб, Теб ортақ мағына береді”-дейді) бірге исседондарға келгенін айтады. Оның айтуы бойынша, исседондардан арғы жерді жалғыз көзді аримаспылар мекен етеді; аримаспылардан арғы жерде – алтын күзеткен күшігендер, одан да әріде – теңізбен шектескен гиперборейлер жері. Бұл халықтардың гиперборейден басқасы үнемі көршілермен соғысады (және де соғысты үнемі аримаспылар бастаған). Аримаспылар исседондарды өз жерінен қуған, сонан соң исседондар скифтерді ығыстырған. Ал Оңтүстік теңізінің жағасындағы киммерліктер болса скифтердің қыспағынан ата-жұртын тастап кеткен. Міне, осылайша, Аристейдің айтқаны скифтердің бұл елдер туралы аңыз-әңгімелерімен сай келмейді”.

Мұндағы айтылған Феб грек аңызындағы Аполлон, кәдімгі білім мен ғылымның, өнер мен мәдениеттің пірі, тоғыз музаның қамқоршысы. Жоғарыда айтылған Феб Аристейге еріп, исседондарға, гиперборейлерге, аримаспыларға келуі жөнінде айтылса, бұл жөніндегі аңыз грек мифологиясында да бар:

“Аполлон көктем мен жаз кезінде Делфыда тұрады. Ал күз түсіп, гүлдер солып, ағаштардың жапырақтары сарғайып, Парнастың төбесін қар жабатын суық қыс түсуге жақындап қалған кезде, Аполлон аппақ қардай ақққулар жегілген өзінің күймесіне отырып алып, суық дегенді білмейтін гиперборейлер еліне, мәңгі көктем еліне кетеді. Онда бүкіл қыс бойы тұрады. Ал Дельфыда бәрі де қайтадан жасыл желекке бөленіп, гүлдер шешек атып, Криса алқабын түсті кілемге айналдырған кезде алтын бұйра шашты Аполлон адамдарға найзағай құдайы Зевстің әмірін жеткізу үшін Дельфыға қайтып оралады. Сол кезде Дельфыдағылар Аполлонның гиперборейлер елінен қайтып оралуын тойлайды. Ол бүкіл көктем мен жаз бойы тағы да Дельфыда тұрады, өзінің отаны Делосқа барады, онда да оның тамаша ғибадатханасы бар”.

Аполлонның көне сақтардың арасында белгілі болғанын Солтүстік Қара теңіз маңындағы табылған археологиялық құндылықтар да жоққа шығармайды.

“Находки таких изделий в городах Северного Причерноморья показывают, что ольвиополиты, херсонеситы и боспоряне интересовались литературой. А стихотворные надписи в честь богов почетных граждан, фрагменты стихов “Илиады” и “Одиссеи” на фрагментах керамических сосудов, служивших черновиками для школьников, стихотворные застольные надписи показывают, что они не только интересовались, но и сами активно занимались поэтическим творчеством. И это неудивительно, поскольку именно поэзия играла главенствующую роль в античной литературе в то время.

Надписи из Херсонеса свидетельствуют о состязаниях глашатаев, трубачей и поэтов – составителей эпиграмм. Но особенно многочисленны стихотворные надписи Боспора. Многие из них восхваляют правителей царства из династии Спартокидов. Таково посвящение Аполлону-Фебу за царя Перисада І:



Статую Фебу твою посвятив, Антистасий, бессмертный

Памятник сын Фаномах смертному создал отцу.

В оные дни, когда всею землей от пределов Кавказа

Вполть до таврийских границ славный владел Перисад.

Пер. А.П.Рудакова

Надпись сооставлено в обычном для эллинских эпитафий размере элегического дистиха. Каждый стих занимает одну строку. Это и другие подобные эпитафии говорят о хорошем знакомстве боспорских поэтов с греческой лирической и эпической поэзией. Видимо, и здесь также проходили соревнования поэтов. Об этом позволяет думать находка в Пантикапее чернолаковой солонки ІҮ века до н.э. с надписью “NIKH ГҮГНNТОΣ КАІ ПАТАІКОҮ ЕПОΣ (Победа Гигента и Патайка [в] стих[ах]”.

Почти треть стихотворных надписей Боспора относится к І веку до н.э.” - делінсе, Боспорда скифтердің өмір кешкендігі туралы деректер алдыдан шығады.

Геродоттың жазбаларында элладалықтардың полистерінде шамамен б.д.д. VІІІ ғасырдың орта шенінде халықтың жедел қарқынмен өсуіне байланысты жерге орналасуының проблемасынан көршілес елдермен соғыса, қырқыса жүріп “Жіберсе құс қанаты талатын, тұлпар шапса, тұяғы тозатын”, сайын даланың иелері, еркіндік сүйгіш скифтер жеріне тап болады. Алғашында оларды “гиперборейлер елі” (“Солтүстіктен соғатын желдің иелері елі”) десе, кейде “Алтын қорыған грифондар“(“Алтын қорыған күшіген елі”), “Аримаспалар” (“Жалғыз көзді ел”), соғысқұмар жауынгер амозонка-әйелдер және тағы басқа да мифологиялық атауға ие болған елмен араласады. Үнемі көшіп-қонып жүрген елдің кең байтақ жерінің шұрайлығына қызығып, сол жерге тұрақтау үшін қиян-кескі соғыстар жүргізеді. Солардың бірі-Гомердің “Илиада” поэмасының ХІІІ өлеңіндегі “Бие сауатын, әділетті жақтайтын халық” кемерліктер тайпасы болса керек. Лингвист-ғалымдардың қазақтағы “кемер белдік”, “теңіздің кемері”, “судың кемері”, “кемерінен асты” деген сөздер мен сөз тіркестері содан қалса керек. Тарихи деректерде (б.д.д. өмір кешкен грек авторы Страбонның “География” деген еңбегінде) көңіл қойсақ кемерліктер өз уақтысында көне гректермен өзара қарым-қатынаста болған. Гректің Иония деген жеріне баса-көктеп кіріп алды деген дерек барын айта кеткен. Олардың жауынгер халық екендіктері ауыз әдебиеті нұсқаларында кездесетіндігін атап өткен.

Кемерліктердің мүлдем жоғалып кеткендіктері жөнінде Геродот өзінен 200 жыл бұрын өмір кешкен халықтың тарихына өзінің төртінші кітабының 11 және 12 тарауларын арнаған. Жауынгер массагеттердің (кей деректе атақты исседондықтар) скифтерді Азияның түпкірінен ығыстырғанда Аракс өзенімен шекаралас жатқан жерден өтіп, кемерліктердің Еділ өзенінің маңындағы жерге келіп тұрақтайды. Скифтердің жақындағанын көрген кемерліктер кеңес өткізіп, не істеу керектігін ақылдасады. Халық кету керектігін қолдаса, патшалар өз жері үшін соғысуды қалайды. Екі жақ мәмілеге келмей, қырық пышақ болып қырқысып, талайлары жер жастанса, кейбіреулері скифтердің қатарына қосылып, тайпа есебінде аттары жоғалады. Бірақ, антик авторлардың мәлімдеуінше, Керч бұғазын ежелгілер “Кимерлік Боспор”десе, жақын маңдағы жер “кимерлік қорған”, “кимерлік өткел”, “кимерлік аймақ”,”кимерлік арал”, “кимерлік”, “киммерик” деген атау әлі күнге дейін сақталған.

Сол кимерліктердің жеріне орналасқан скифтер біржолата оны өзінің жеріне айналдырған.

Б.д.д.ІV-ІІІ ғасыр кезеңі Боспор патшалығының кіші азиялық Грекияның арал және материк қалаларымен кең сауда-саттық жасаған кезі болды. Шеттен әкелініп тұрған бұйым ең алдымен зәйтүн майы еді. Ол Боспорда өндірілмеді, өйткені Солтүстік Кавказ жағалауында зәйтүн ағашы өспейтін-ді. Май Понти Гераклеясы мен Синопадан әкелініп тұрды. Өзінің шарап өндірісі грек шарабын артық көрген Боспор халқының аристократтрын, сірә, қанағаттандырмаса керек. Археологтар тапқан белгі амфоралары мен жеке таңбалары негізінде шарап гректік Фасостан, Родостан, Гераклеядан және Синопадан, сондай-ақ басқа орталықтардан әкелініп тұрған деген қорытындыға келуге болады. Сол кезде қалыптасқан күміс ақшалар салмағының боспорлық жүйесі сауда-саттықтың дамығанын көрсетеді.

Ал осы Боспор мемлекетінде жергілікті халықтардың бас көтерулері жиі болып тұрса, соның ең үлкені б.д. д. 107 жылы болған. Оның басындағы қолбасшы Перисадтың шәкірті скиф Савмақ еді. Бұл көтерілістің басты себебі – Понттың құдіретті патшасы ІV Митридат Евпатордың қолбасшысы Диафанттың билеуші топтармен жасаған арам пиғылды әрекеттерінен туындаған көтеріліс еді. Көтеріліс Савмақтың Боспор патшасы болып жарияланумен аяқталады. Ол елді бір жылдай биледі, осы уақыт ішінде оның есімімен күміс және жез ақшалар шығарылды. Бірақ Митридат Евпатор бұл жағдаймен ұзаққа келісе алмады, көп кешікпей Боспорда скифтер көтерілісі басылды. Ал римдіктер жеңген соң Митридат өзіне-өзі қол салады.

Қырымда Боспор мемлекетімен қатар ең күшті скиф мемлекетінің басты қаласы Скиф Неаполі болды. Б.д.д.ІІ ғасырда патшалық гүлденді. Сол уақытта Скиф Неаполі бекіністеніп, онда мавзолей, яғни патшалар мен ханымдар қабыры салынды. Скиф патшалығының аса көрнекті өкімет билеушілері Скилур мен оның баласы Палак болды. Скилур патша күміс ақша шығарды.

Б.д.дейінгі ІІ ғасырда Скиф патшалығы зор күшке айналды, ол Херсонеске шабуыл жасады және Боспор үшін де қауіпті болды.

Солтүстік Қара теңіз жағалуында Боспор мемлекеті мен скиф мемлекетерінен басқа ірі қала мемлекеттер де – Оливия, Херсонес, Танаис болды. Осындай ірі мемлекеттермен қарым-қатынасты күшейтуге Эллада елі аса құштарлық танытты. Ал осы скифтің ірі қалаларындағы өз тәуелсіздіктері үшін күрес жүргізген көтерілістер тарихшылардың мәліметінше, Херсонесте Юлий Цезардың көмегімен б.д.дейінгі І ғасырда толық тәуелсіздікке-элевтерияға қол жеткізеді. Ал Танаис тәуелсіздікке Б.д.дейінгі ІІІ ғасырда ғана жетеді.

Енді сол жерге кемемен жүзудің айла-тәсілін жақсы меңгерген элладалықтар көп көлемде қоныстарын Скифия еліне аудара бастайды. Алғашында 100, кейінірек 1000-нан аса адамдар көшіп келетін болса, олардың қатарында Элладаның еркін азаматтары осы елге көңілдері ауып, қатарлары күннен-күнге өсе бастады. Басқа елге қоныстанғанды гректер “апойкия” деп атайды, яғни “қоныс тебуші” деген мағына береді. ”Апойкаларды” кейде “колония”, “колонистер” деп те атайды. Бұларды қазір “Ұлы грек колонизациясы” десе, олардың көшіп-қонуы шамамен б.д.д. VІІІ – VІ ғасырларда үш бағытта іске асқан. Бұл – оңтүстік, батыс, солтүстік бағытар арқылы Скифия жеріне көшіп-қонған. Сол тұста жергілікті халықты бағындыру үшін қаншама кескілескен соғыстар жүргізсе элладалықтар өз дегендеріне жете алмайды. Бұл халық ешкімге бағынбайтын халық, онымен тек тең дәрежелес, дос – жолдас, сыйлас болуға болады. Сонда ғана олардың досқа адал, дұшпанға қатал екендіктерін таниды. Тарихи деректе элладалықтермен бірге қоян-қолтық араласып, Азия елін бағындырған “жеңілмейтін” парсылардың патшалары-Дарий мен Кирді, жеңіп, мерейлерін асырады. Александр Македонский әскері елге қауіп төндіргенде оларға да тойтарыс беріп, бір мәмілеге келіп, достық қарым-қатынасқа көшіп, македондықтармен бірге Үндістанға соғысқа аттанады.

Александр Македонскийдің скиф жерінде болып, өз тәуелсіздіктері үшін күрескен үлкен қарсылыққа кезіккенін тарих жоққа шығармайды. Онда былай делінген: “Александрдың әскерлері – Экбатанның шығысынан Гиркан (Каспий) теңізінің шығысында орналасқан тау асуынан – Гиркан қақпасынан өтті де, Орта Азияға басып кірді. Орта Азияда македон армиясы қиын жағдайға кездесті. Оазистер мен таулы аудандардың жартылай тәуелді немесе іс жүзінде тәуелсіз халқы жаулап алушыларды кескілескен партизан соғысымен қарсы алды. Александр Маракан (қазіргі Самарқандтың жанында) қаласында екі жылдай тұрды, өйткені таяу жерде тұратын бостандық сүйгіш согдиандықтармен, скифтермен күрес жүгізуіне тура келді.

Македон өкіметіне көрсетілген күшті қарсылық, өз төңірегіне согди тайпаларын біріктірген Спитамен көтерілісі болды. Александрдың көтерілісшілермен табан тіресе күресуіне тура келді және кімнің жеңері ұзақ уақыт белгісіз болды. Алайда Спитаменге опасыздық жасалды, ал оның армиясы тырым-тырақай болды. Александр согди қыстақтары мен қалаларын жойып, өртеп жіберді” делінген “Ежелгі дүние тарихы” деген еңбекте.

Енді осы Спитамен деген кім? Оның қазаққа қандай қатысы бар дегенге келсек, профессор Тұрсын Жұртбаевтың айтуынша, “ол біздің дәуірімізге дейінгі 345-326-жылдардың шамасында өмір сүрген. Александр Македонскийге қарсы соғыста Орта Азия халқының бостандығын сақтап қалған Спитаменнің соңғы жорығы туралы Аррианның әңгімесіндегі оқиға сақтардың ұлы ордасы орналасқан кең даланың құпия сырын толық ашып берді. Спитамен Соғдианаға жасырын өтіп кетіп, македониялықтарға соққы бергісі келді, ал Спитаменнің шабуылынан сескенген Александр Соғдианада қыстап қалды” деп В.В. Струвенің “…Кавказ бен Орта Азия тарихы жөніндегі әфсаналар” деген еңбекке сүйенеді де, Спитаменнің сақ дәуірінде өмір сүрген қазақылағанда Сыпатай екендігін алдыға тартады. Ия, Сыпатай елін қорғаған ерен батыр.

В. Янның “Отқа оранған қорған” атты повесінде “Ол – еркін елдің азаттығын қорғаған, аты көшпелілер тарихына алтын әріппен жазылуға тиісті есіл ердің бірі. Александр Македонскийдің жүрегін шайлықтырған бірден-бір батыр ретінде әлем тарихынан орын алған ержүрек тұлға”-дейді.

Аталмыш “Дулыға” еңбегінде “Ұлы шайқас аяқталғанмен, азаттық үшін күрес тоқталмады. Сыпатайдың сарбаздары үш жыл бойы Зұлқарнайынның явандарына тыныштық бермеді. Оның соңына түскен ең таңдаулы қолбасы Фарнухтың әскерінің тас-талқаны шыққанын есігенде Ескендір:

- Кімде-кім Сыпатайдың басын кесіп әкелсе, алтынмен аптап, күміспен күптеймін. Даңқты Фарнухты ат құйрығына сүйретіп өлтіргені – менің сүйегіме таңба! Келең, тап Сыпатайды. Әйтпесе, өз басың кетеді! Мен олардың астанасы Шаш (қазіргі Ташкент) шаһарын талқандаймын! – деді ызаға булығып.

Алайда “әлем әміршісі” бұл екі арманына да жете алған жоқ. Шашқа аттанып бара жатқанда оларға түйе жетелеген жас жігіт жолықты.


  • Сен кімсің? – деді оған Ескендір Зулқарнайын.

  • Менің атым – Солақай Серіппе (Левша – Шеппе. В.Ян.)

- Диуанамын, - деді.

  • Ендеше, Сыпатайды – Спитаменді білетін шығарсың?

  • Жоқ, ондай адамның атын естісем, бұйырмасын!-дейді.

Ескендір жүріп кетеді. Ал әлгі Солақай Серіппе Сыпатайдың дәл өзі екен (В. Ян).

Зулқарнайын Шашқа жетпеді. Өйткені Сыпатай оның Самарқандағы қолына шабуыл жасады. Олар кері бұрылғанда Сыпатай явандардың екінші жасағын батпаққа қамап, сазға батырып жібереді.

Әбден ызаға булыққан Зулқарнайын: “Әдейі жасырып жүрсің”- деп, Келең сатқынның басын кеспек болады. Мұны естіген әккі, алаяқ Келең сақ жауынгерлерінің бірінің басын кесіп, әміршіге әкеп береді. Ескендір осы бастың бедерін сазға түсіріп, мүсінін жасатыпты. Сонда ғана көңілі орнына түскендей:


  • Сақтардың сор басқан даласында қазына бар дейсің бе? Енді кері қайтамыз ба, әлде шабуылға шығамыз ба? – депті екіұшты оймен.

  • Патша! Бұдан әрі қарай бізге жол жоқ! Сақтарды жеңе алмаймыз. Кері қайтайық дегеніңіз ғой, - депті сонда Коллисфен.

Шындықты айтқаны үшін шығыс ғылымын білу мақсатында Зулқарнайынмен сақ даласына ілесе келген ғалымды “әлемнің әміршісі” итке талатып өлтіртті де, бағытын күрт өзгертіп, Үндіге жорыққа аттанды.

Ал “Өліп бара жатқан скифтің басы” деген мүсін қазір Римдегі Терн музейінде тұр. Енді осы Сыпатай – Спитамен кім еді? Содан мағлұмат берейік.

Сыпатай батырдың шешесі – сақ, әкесі соғда болатын. Әкесі жас кезінде гректерге тұтқынға түсіп, Афиныға құлдыққа жіберіледі. Шешесі бетін отқа күйдіріп, ешкім қызықпайтындай етіп шұбарлап, Сыпатайды ертіп, күйеуін іздеп жолға шығады. Сөйтіп жүріп әкесі Афиныдан табылады. Сыпатай сонда скиф жасағының құрамында тәрбиеленеді.

Александр Македонский Грецияны жаулап алып, Азияға жорыққа аттанған соң, Сыпатай шешесімен сақ даласына қайтып оралған еді. Ол Ескендірдің әскери тактикасын жете меңгерген. Қолға түспей, үнемі жеңіске жетуінің мәні де сонда еді”.

Геродоттың жазбалары сол тұста өмiр кешкен сақтардың (скифтердiң) өмiр-тұрмыстары мен тiршiлiктерi, келбетi мен сипаты туралы бiршама хабардар етедi.

“Олар-сақалды, мұртты, ұзын шекпендi, мәсi киген және киiз қалпақты адамдар”. Сондықтан да Блок өзiнiң өлеңдерiнде сақтар (скифтер) келбетiн суреттей отырып: “Асау атты ауыздықтап омыртқасын күйреткен, тарпаң келген күңдерiн өз ырқына үйреткен”- деп тегiн айтпаса керек.

Көшпелi скифтер киiз үйлерде тұрған, жылқы етi мен қымыз олардың негiзгi тамағы болды. Сәйгүлiк пен шайқасты думандар олардың тұрмысын айқындады. Соғыс тәңiрiсiн қастерледi, оның белгiсi семсер едi /өз мекенiне жыл сайын жүз елу арба отын әкеледi – дейдi, Герадот. Өйткенi ауа-райының қолайсыздығынан құрылыстар көбiне шөгiп кетедi. Осындай әр қорғанның төбесiне соғыс тәңiрiсiнiң бейнесi болып табылатын темiр семсер қадалған. Бұл тәңiрiсiне скифтер әр жүзiншi тұтқынды құрбандыққа шалған/.

Скифтердiң атты әскерi сынаптай сырғитын, олар қарсылыстарына садақ оғын қарша жаудыратын. Әр тайпаның басында көсемдер тұрды. Көсем қаза болғанда оның әйелдерi, нөкерлерi, аспаздары және ереуiл аттары өлтiрiлiп, бiрге көмiлетiн. Грек, Рим, Ахмендiк Иран жазбаларында “скифтер” деген атпен белгiлi болған сақтардың өте жауынгер халық ретiнде аты шықты. Қарсыласына қатал, досқа адал сақтар қастасқан жауының қанын iшпей тынбаған. Шайқастарда жеңiлген жауының жөн терiсiнен шылбыр, бас сүйегiнен iшiмдiк iшетiн ыдыс жасаған. Жыл сайын өткiзiлетiн мереке-мейрамдарда осындай ортақ ыдыстан ұрыстарда ерлiгiмен көзге түскен батырлар жұрт алдында iшiмдiк iшу бақытына ие болған. Үйiр-үйiр жылқы мен iрi қара табындар скифтердiң негiзгi байлығы болды. Бiрақ мал шаруашылығын олар қатар жүргiздi”.

Бiздiң заманымызға дейiнгi 529-558 жылдарда парсы елiнде патшалық құрған Кирдiң ажалы да сақтардан болыпты. Сақ әулетiн басып алмақшы болып жорыққа шыққан Кирдiң әскерлерiне қаһармандықпен қарсы тұрып, оларды қанды майданда қырғынға ұшыратқан сақтар Кирдiң өзiн қолға түсiрген. Оны тұтқындаған сақ әулетiне кiретiн массагет тайпасының жасақтары екен. Бұл жөнiнде Герадот: “массагеттердiң” әйел патшасы Томирис (Тұмар) шайқаста парсыларды жеңгеннен кейiн, жарғақ тұлыпқа қан толтырып, оның iшiне парсы патшасы Кирдiң басын салып, “аңсағаның қан едi, iш ендi соны!”-деп, тұлыпты дарияға лақтырған.

Жорық кездерiнде скифтер Египетке дейiн жеттi, қамалдар мен қалаларды қиратып, жау қарсылығын жеңiспен тойтарып отырды. Тiптi әбден шыныққан және жақсы ұйымдасқан парсы әскерлерi де олардан жеңiлiп қала беретiн.

Бұдан сабақ алмай, сақтарды бағындыру ниетiнен бас тартпаған парсы патшасы Дарий б.д. дейiнгi 918 жылы ауыр қолмен сақтардың жерiне баса-көктеп кiргенде, бұл да сақтардың тегеурiндi қарсылығынан қатты жеңiлiске ұшыраған. Оны грек тарихшысы Полишен былай деп суреттейдi: “Ширақ деген сақ жiгiтi өзiнiң денесiн пышақпен жаралап, парсыларға қашып барып, өзiн сақ бастықтарынан қорлық көрген етiп көрсетедi. Ширақ өзiнiң руластарынан кек алатын кiсi кейiпiне кiрiп, парсы әскерлерiн оларға бастап барамын деп алдап, адастырып, сусыз шөлге апарады. Парсы басқыншылары шөлден қырылады. Ақырында Ширақ оларға “мен сендердi адастырып, қырғынға ұшыраттым, елiмдi аман алып қалдым, мен дегенiме жеттiм. Ендi қолдарыңнан келгенiңдi iстей берiңдер”, - деп, басын құрбандыққа тiгiп келгенiн паш етедi”.

Ширақ турасында көркем шығарма ретінде Жезқазған университетінің доценті, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Кенжебай Ахметов “Шырақ” атты тарихи драма жазған. Бұл шығармасы 2003 жылы Мәдениет министрлігі ұйымдастырған тұңғыш ұлттық “Астана-Бәйтерек” конкурсында “Ең үздік драмалық шығарма” номинациясы бойынша жүлдегер атанды.

Әлемнiң көп елдерiн бағындырып, жеңiмпаз қолбасшы атанған Александр Македонскийдiң әскерлерi де сақтардан ауыр соққыға ұшырап, қолбасшысының өзi жазылмайтын жарақат алған. Ширақтың ерлiгiн естiп, сақтардың батырлығы мен батылдығынан сескенген ол әскерiн керi әкетуге асыққан. Александр Македонский эллиндік дәуірдің негізін қаласа, оның іздері Қазақстан жерінің көне дәуірдегі Ақсақ Темір тұсындағы астана болған Самарқанд қаласында сайрап жатыр. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізілгенде Самарқанд қаласының маңынан эллиндік мәдениеттің көптеген ескерткіштері, жәдігерліктер мен әр түрлі көз тартар бұйымдар табылған. Соған қарағанда Александр Македонскийдің Самарқанд қаласымен тығыз байланысы болғанын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, тарихи деректерге көңіл қойғанымызда, мына жайтқа еріксіз тоқталдық: “Ерте және кейінгі ортағасырлардағы Самарқанд қазіргі Самарқандтың солтүстік тарапындағы Афрасиаб қалашығына сәйкес келеді. Жергілікті тұрғындар қалашықты Тұранның мифологиялық патшасы Афрасиабтың атымен байланыстырады…

…Афрасиабтың орнындағы ертеректегі елді мекен б.з.д. VІІ – VІ ғғ. пайда болған. Ол сабан кірпіштерден қаланған бекініс қабырғамен қоршалған. Кейін келе елді мекен өсіп, үлкен қалаға айналады. Зерттеушілер оны аты алғаш рет Александр Македонскийдің б.з.д. 329-327 жж. Соғдыға жасаған жорығына қатысты аталатын Мараканд қаласымен байланыстырады.

ІV – І ғасырларда Афрасиаб орнындағы қаланың көлемі кеңейеді. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде қала орнынан эллиндік мәдениеттің көптеген жәдігерлері - әр түрлі бұйымдар табылады…”- делінген тарихшы-ғалым Карл Байпақовтың “Қазақстанның ежелгі қалалары” деген еңбегінде.

Белгілі саясаттанушы, профессор Әзімбай Ғали “Қазақ әдебиеті” газетінде “Бес аманат пен екі бұйымтай немесе Назарбаевтың алтын заманы туа ма?” деген мақаласында: “Өзбекстан тарихы мен руханиятында грек-македон ықпалы бар”-дейді. “Александр Македонский басқыншылығы Өзбекстан үшін Қазақстан сияқты жанама болмай терең ықпал жасады. Эллинизм Өзбекстанда жаулаушылардың жүйелі отарлау саясатына негізделді. Мыңдаған греко-македон әскери ардагерлері мен шонжарлары, көпестері мен ғалымдары тұрақты қоныстанып, үйлі-баранды болып, билеуші династия құрып, 150-180 жылдай тұрақты үстемдік етті. Мәселенки, Греко-Бактрия мемлекетінде грек жазуы қолданылған. Эллиндердің діни нанымдары – Афина, Посейдон, Аполлондармен қатар жергілікті халық сенімдері жүрді. Әрине, жоғарғы мәдениетті грек-македон ықпалы өзбек, тәжік мәдениеттеріне терең өзек қалдырды. Орта Азияда, әсіресе, Өзбекстан территориясында Кушан мәдениеті дамыды. Кушан мәдениетіндегі Үнді, Парсы, Греко-Бактр мәдениеттердің жалғасын жоққа шығара алмаймыз. Қазақстанда бұл фактор бар десек те, тым әлсіз, тым мардымсыз болды”.

Александр Македонскийдің сол тұстағы атақ – даңқының кең көлемде тарағаны сондай, Мұхаммед Ала ад-Дин (өмір сүрген уақыты, шамамен (? – 1220 жж.) 1200 жылы 3 тамызда Хорезм мемлекетінің хорезмшахы болып таққа отырады да 20 жылдай елді басқарған тұста, өзін “Екінші Александр Македонский” деп жария етеді, тіпті ол атаққа мақтанышпен қарайды.. “Осы жылдардың бәрін мемлекет территориясын кеңейту мақсатымен толасыз соғыстарда, бітпес жорықтарда өткізеді.

Мұхаммед заманында Хорезм толық тәуелсіздікке қол жеткізді. Хорезмшах өзіне-өзі “ІІ Александр Македонский” мен “Алланың жердегі көлеңкесі” деген атақтар берді”- делінген Карл Байпақовтың еңбегінде.

Александр Македонский есімі қазақ әдебиетінде аса танымал. Оны ерте кезеңнен “Ескендір Зулқарнайын” деп атайды және ол турасында екі ұдай пікір ұстанады. Біріншіден - Александр Македонскийді зұлым, тойымсыз, көрсеқызар десе, екіншіден – ақылды қолбасшы, дана, көреген дейтін теңеулер қазақ әдебиетінде жиі көрініс табады. Абай оны “… Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен” деп бейнелейді және шығармасындағы негізгі фабула оның осы қасиетін сынап-мінейді.

“Зулқарнайын” арабша екі мүйізді деген сөз”-дейді Ақжан әл-Машани. Оның мәнісін мынадай жағдаймен байланыстырады. “Біздің жыл санаумыздан 332 жыл бұрын Мысырдың ертедегі орталығы Ніл бойындағы Менфис (Маниф) қаласын алды. Жаңадан Александрия портын салдырды. Ол елдің ертедегі әулиесі Амон храмына барды.

Ескендірдің Зулқарнайын (екі мүйізді) аталуы осы сапармен байланысты. Мысырдың қуатты зор ел екенін бейнелейтін Амон әулиенің басына киген тәжі қошқар мүйіз түрінде болған. Сол бойынша Мысыр елі Ескендірді патша сайлау үшін (хан көтеру үшін) оның басына қошқар мүйіз (қос мүйіз) тәж кигізді. Сонан былай Ескендір Зулқарнайын аталады. Басқаша айтқанда, оны әулие Амонның нәсілінен деген түсінікке апарады. Сонымен Ескендір өз елінде Зевс – Ахилл нәсілінен деген аңызға ие болса, бұл арада, Мысырда Амон нәсілінен деген атаққа ие болды. Осымен байланысты Мысыр мен грек аңыздарын біріне бірін байланыстыру басталды…”

“…Гректердің Мысырды жаулап алуы олардың көп заманнан бергі арманы болатын. Өйткені грек ғалымының атасы болып саналатын Фалистен бастап Пифогор, Платон, Аристотель тағы басқалары Мысыр мен Вавилон елдерінен тағылым алғандар.

Иран патшасы Кирдің баласы Камбиз біздің жыл санауымыдан бұрынғы 525 жылы Мысырды жаулап алғанда атақты ғалым Пифагор сол елде оқып жүрген екен. Оны ирандықтар Вавилонға жібереді. Сонан кейін Пифагор Мысыр, Иран, Вавилон елдерінен ғылым үйреніп, соны Италияға және грек арасына таратқан…”

“…Құранда айтылатын Зулқарнайынның атын ислам тарихшылары көбінесе Ғабдолла дейді. Мысалы, Рабуғузидың пайғамбарлар тарихында солай атаған. Оны Иемен патшасынан шыққан деп санайды.

Екінші жағынан Македония патшасы Александрды (Ескендірді) Зулқарнайын деп те атайды. Көп жерлерде осы екеуінің арасын айырмай, бір ғана адам деп қарайтын жағдайлар бар. Олай болғанда құранда айтылған Зулқарнайынның жақсы қасиеттерін дәріптеп, Ескендірге кір жұқтырмау керек. Бірсыпыра атақты ақындар солай істеген. Мысалы атақты Фердауси “Шахнамада”, Низами “Ескендір намасында”, Әлішер Науаи өзінің “Ескендір қорғаны” атты шығармасында Зулқарнайынды жағымды сипаттаған.

Мысырлықтардың Ескендірді жақсы қарсы алуына бір себебі олар Камбиз заманынан бері Иранның отарында болып келгендігі. Ескендірді олар сол отарлықтан құтқарушы ретінде қабылдайды”.

Ал Абай Ескендір Зулқарнайынның ісін құп көрмейді. Оның бойындағы тойымсыздығын дүние жүзін түгел дерлік алсам ғана деген ойымен байланыстырады. Оның алған қалалары мен мемлекеттері қанша көп болса да, алған сайын араны ашылған Ескендірді көреміз.

“…Ескендір елде алмаған хан қоймады,

Алған сайын көңілі бір тоймады.

Араны барған сайын қатты ашылып,

Жердің жүзін алуға ой ойлады.
Қан ішер қаһарлы хан ашулы көп,

Атағынан қорқады, жұрт қайғы жеп.

Сол күнде қошаметші айтады екен:

“Ханның ханы, патшаны патшасы”, - деп…”.


Ескендір Зулқарнайынның өрекпіген, тойымсыз қасиетін тоқтатар нәрсе бар ма? Ол оның тек трагедиялық өлімі немесе катастрофалық жағдай тоқтатуы мүмкін. Бірақ Абай “Ескендірнамасы” мүлдем басқа жолды таңдайды. Ситуациялық жағдай оны шөл далаға апарып, қазіргі қазақтың кең – байтақ еліне жолықтырады. Ол жерде әбден қаталап, өлермен жағдайға келгенде алдынан: “…бір сылдыр қаққан мөлдір бұлақ” кезігеді. Шөл қанып, естерін жиған соң, бұлақ бойымен өрлеп барып, қақпасы бар, алтын қорғанға тап болады. Бұл қорған Ақжан әл-Машанидың пікірінше, араптардың айтуынша Барабы, яғни Фараб-Отырар қаласы “Солтүстік шығыс жақтағы Ескендірдің тоқтаған жері Отырар деп білеміз. Қанша әрекет етсе де Отырарды ала алмайды. Онан бұрынғы Иран шахы Кир де сол арада жеңіліс тапқан. Екінші жағынан ертедегі Арабстан жеріне Ескендір кіре алған жоқ.

Демек, ол әулие суының шыққан көзіне жете аламады деп білеміз”-дейді. Енді сол жердегі суреттелген тамаша қасиетті су Сырдария өзені деген тоқтамға келеді. ”Ескендірдің беті қайтқан ең шеткі қаласы – қорғаны Абайдың бабаларының мекені Отырар(Фараб) болған. Оның жанынан аққан қасиетті су Сырдария. Аты жақсы Яқсарт дария ертедегі аңызда ол Сырдария пейіштен шыққан өзеннің деп келеді. Осы жағынан алып қарағанда Абайдың “Ескендірінде” тарихи негіз жатыр”- дейді.

Абайдың поэмасында грек халқының мақтанышы Аристотель Ескендірдің ақылшысы болса, Ақжан әл-Машани: “Низамидің “Ескендірнамасында” Ескендірдің ақылшысы Қыдыр болып саналады. Олар тіршілік көзін (“Ғайын алхайат”) іздейді. Ол көздің белгісі өлген балықты салса, тіріліп кетеді. Қыдыр оны табады. Бірақ Ескендір қайта іздегенде таба алмайды: Сол іздеу жолында ол бір тамаша асыл тас тауып алады. Онан көп ғибрат шығады”- десе, Абай Ескендірді адамның қураған бас сүйегіне тап қылдырады. Одан өз ақылшысы Аристотель арқылы көп ғибрат алып, өз-өзіне келіп, еліне қайтады.

Плутархтың “Ғұмырнамалық салыстырулар” атты тарихи еңбегінде Ескендірдің сақ-скиф жерінде көп жайсыздыққа ұрынғаны айқын көрсетіледі. Мәселен, өзінің талай жорықта бірге жауға шапқан бұқабас тұлпары Букефалды варварлар ұрлап, кейін өзіне қайтарып берсе, балтырына жебе оғы қадалады, мойнына ауыр тастың соққысы тиеді. Сөздің жалаң болмас үшін Плутархтың еңбегіне тоқталу қажет сияқты: “ХLІҮ. ЗАТЕМ Александр с лучшей частью войска отправился в Гирканию. Там он увидел морской залив, вода в котором была гораздо менее соленой, чем в других морях (Арал теңізі болса керек). Об этом заливе, которой казалось, не уступал по величине Понту, Александру не удалось узнать ничего определенного, и царь решил, что это край Меотиды. Между тем естествоиспытатели были уже знакомы с истиной: за много лет до похода Александра они писали, что Гирканский залив, или Каспийское море, - самый северный из четырех заливов Океана.

В тех местах какие-то варвары похитили царского коня Букефала, неожиданно напав на конюхов. Александр пришел в ярость и объявил через вестника, что если ему не возвратят коня, он пербьет всех местных жителей с их детьми и женами. Но когда ему привели коня и города добровольно покорились ему, Александр обошелся со всеми милостиво и даже заплатил похитителям выкуп за Букефала…

…Ведь, не говоря уже о том, что он перенес прежде, совсем незадолго до описываемых здесь событий он был ранен стрелой в голень, и так сильно, что кость сломалась и вышло наружу, в другой раз он получил удар камнем в шею, и долгое время туманная пелена застилала ему взор. И все же он не щадил себя, а непрестанно рвался навстречу всяческим опасностям; так страдая поносом, он перешел реку Орексарт (қазіргі Сырдария өзені), которую принял за Танаид (қазіргі Дон өзені), и, обратив скифов в бегство, гнался за ним верхом на коне целых сто стадиев”- деген дерек келтірілген .

Сақ-скиф жөнінде орыстың ориенталист-ғалымы Лев Дмитриевич Любимов мынадай пікір білдіреді: “Скиф мәдениетiнiң таралуы б.д. бұрынғы I мың жылдықта солтүстiк Қара теңiз бойында, Кубаньда, Алтайда және Оңтүстiк Сiбiрде, яғни Дунайдан Ұлы Қытай қорғандарына дейiн көсiлiп жатқан территорияда өмiр сүрген негiзiнен көшпелi және жартылай көшпелi тайпалардың мәдениетi. Оңтүстiгiнде және Оңтүстiк Батысында Эллиндiк және Алдыңғы Азия мәдениетiмен, Батыста-Кельт тайпаларының мәдениетiмен, Шығыста-Орта Азия және Қытай мәдениетiмен түйiсiп жатқан мәдениет”-дейді.

Демек, сақтардың (скифтер) мәдениетiнiң басқа құрлықта өмiр сүрген халықтар, соның iшiнде Элладаның мәдениеті мен өнерiн, әдебиетiн қастерлейтiн ежелгi гректердi тануы, бiлуі талас тудырмайды. Орасан кең аумақта жатса да, осы екi мәдениеттiң орайласуы – ежелгi халықтардың ой-санасы мен эстетикалық ой-талғамдарының сол тұста да деңгейлес болғандығын мойындауға мәжбүрміз.

Әрбiр халықтың өз даралығы мен ерекшелiгi, жекелей тегi болса, соған орай өз тiлi, әдет-ғұрпы болатыны заңды құбылыс. Мәселен, қазақ халқы Эллада елiнен қанша қашық болғанымен олардың фольклорларының сюжеттiк ұқсастықтарымен қатар кейбiр тiлдiк ұқсастықтары таңданыс туғызады.

Мәселен, С. Қондыбайдың мына схемасына көңiл қойсақ:

Ежелгi грек тiлiнде “архе, архайос” сөздерiнiң аудармасы “ежелгi”, “бастапқы” деген мағына берсе, қазақ тiлiндегi баламасы “арғы” болмақ. Ежелгi грек тiлiнде “хаос” сөзiнiң аудармасы “есiнеу”, “мүлгу” болса, аудармасы “қуыс” болмақ. Ежелгi грек тiлiндегi “бат”, “батос” сөздерi “терең”, “ тұңғиық” деп аударылса, қазақ тiлiндегi баламасы (суға, сұйыққа) “бат”, “бату” болмақ.

Ал латын тіліндегі “бұқа” сөзі ше ?

Олжас Сүлейменовтің “Таңба тіліндегі” бұл сөз төркініне көз салайық:

“Латинское “buca” связано с тем же знаком:

bus-a us-a

x> *buh-a buth-a uth-a

|

a-uth aus



auz

А первичная семантика : *buca-корова (лат.) mucca-корова (ит.) bucuIa – телка, коровенка; buculus – теленок, бычок (лат.). Основа * buk – бык, функционировала до tau rus – “бык” из taur – “бык” (др.-сем.).

Но займствованное слова не создает такого обширного гнезда слов, какое произведено в латинском от * buk, в греческом от bоus- бык, в слаянском от *muk (mуk) * buk (bуk).

Тюрки заимствовали романское название коровы, не придав значения окончанию ж.р., ибо категорий грамматического рода не ведали : bukа, buqа – бык (общетюрк.).

Это слово вытесняет более раннее:

* aus ( оuz (oguz, ogуz – “бык”, “корова”, от которого произошел не только германский oks – бык, но и умлаутное oguz, ogіz – вол, “кладенный бык” (общетюрк.).

Значит, знак коровы и тюрками в разное время понимался как “рогатая голова” = бык.

Но для этого было необходимо, чтобы иероглиф наконец принял ту форму, которую мы видим в шумерском письме, начиная с ІІІ тысячелетия до н.э.

(- gud - бык

(- ud - солнце, день.

Не осталось никакого намека на знак отрицания рогов. Теперь просто –“рогатая голова” (живой бык) и лежачая на боку – мертвый бык (мясо, вол.).

Сонда қалай, бұл кездейсоқтық па, әлде тiл туыстығы ма? Ал мифоэпикадағы ұқсастықтарды қайтемiз?

Заманымыздың өткен ғасырындағы 60-жылдардағы зерттеулерге мән берсек, грек абызы Гомердiң “Одиссея” поэмасындағы басты кейiпкердiң елiне оралып, қаңғыбастың киiмiн киiп, ешкiмге танылмай жүрiп, кiмнiң қас, кiмнiң дос екенiн танып барып, нақты iске кiрiскендiгi турасындағы миф қазақтың эпостық жыры “Алпамыс батырдың” сюжетiндегі ұқсастықтары тайға таңба басқандай көрiнедi.

Қазiргi басылымдардағы зерттеулердің ішінде Әмiрхан Балқыбектiң мына пiкiрiне көңiл қойсақ: “Көне гректер Қорқыт ата жайлы аңызды өте жақсы бiлген және Қорқыт ата туралы аңыздың бас кейiпкерi грек емес, ат жалында ғұмыры өткен далалық болғандығы да ақиқат. Көне гректер оны Қорқыт емес, Хирон есiмдi кентавр ретiнде танитын. Ұлылығына, ұлылығынан өрiс алып жататын даналығына да шәк келтiрмейтiн. Оның көне мифологияда Геракл, Тезей, Ясон, Ахилл, ағайынды Диоскуралар секiлдi даңқты грек қаһармандарының ұстазы ретiнде дәрiптелуi де сол даналығына бас июден туған абзал ишараттар деп ұғынғанымыз дұрыс. Басқасын былай қойғанда, дәрiгерлiктiң негiзiн салушы саналатын Асклепийдiң де (Рим мифологиясында Эскулап - Ә. Б.) алғашқы тәлiмгерi осы Хирон болған едi дегеннiң өзi неге тұрады. Иә, көне гректер Қорқыт – Хиронға бiр кiсiдей-ақ тәу еткен”.

Осы әфсаналардағы Қорқыт пен Хиронның расында да бiр кейiпкер екендiгiн нақтылай түсу үшiн Ә. Балқыбек мынадай жайларға тоқталады: “Қайда барсаң Қорқыттың көрi” деген сөздi екi қазақтың бiрi бiледi. “аңыз бойынша Қорқыт ата түсiнде мола көредi. Моланың ажалының жақындап қалғандығын сездiрген тұспал екендiгiн аңғарған ол өлiмнен қашып жолға шығады. Бiрақ қай тарапқа жол тартса да алдынан көр қазып жатқан адамдар кездесе бередi. Қай-қайсынан да “кiмге көр қазып жатырсыңдар?” деген сауалына алатыны “Қорқыт атаға деген бiр ғана жауап. Ақыры жердiң бетiнде татар дәмi қалмағандығын сезiнген Қорқыт Ата Сырдың суына кiлем төсеп, өзеннiң ортасына қарай жүзедi. Су ортасында қобызын ойнатып отырып қалғып кеткен кезiнде су жыланы шағып, ажалы содан келедi.

Көне грек мифологиясындағы Хирон жайлы аңыз да баяндалуы жағынан сәл басқашалау болғанымен осы төңiректен алыс кете қоймайды. Кезектi ерлiгiне кетiп бара жатқан Геракл мен кентаврлардың болымсыз жерден шыққан қақтығысында Гераклдiң гидра жыланның уына малынған жебелердiң бiрi кездейсоқ ұстазы Хиронға тиiп кетiп, данагөй дала перзентi денесiне жайылған заһардан азаптанып өледi. Бiр ғажабы, грек әфсанасы Хирон ажалсыздардың қатарынан болатын дейдi. Бiрақ тұла-бойын меңдеп бара жатқан удың күштiлiгi соншалық, Хиронның өзi Тәңiрiден (Көне грек түсiнiгiнде Зевс - Ә. Б.) ажал жiберуiн сұрауға мәжбүр болған. Тәңiрi тiлегiн қабыл етiп, осылайша грек мифологиясындағы ең әйгiлi кентаврдың жаны бақиға аттанады”. “Ұзын-ырғасы осындай болып келетiн осы екi әфсанадан өзара ұқсас тұстарын суыртпақтай бастасақ, желілердегi мынадай ғажайып жақындықтарға ұшырасар едiк:



жүктеу 1,83 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   20




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау