Үшінші жақ-азамат немесе заңды тұлға. Өкілдің онымен әрекетке түсуі нәтижесінде өкілдік берушінің азаматтық құқық қатынастары белгіленеді, өзгереді және тоқтатылады.
Сенімхат.
Бір адамның (сенім берушінің) өз атынан өкілдік ету екінші адамға (сенім білдірген) берген жазбаша уәкілді сенімхат деп аталады.
Сенімхатты пайдалану кезінде «уәкілдік» және «өкілетті» деген терминдерді ажырата білу керек.
Уәкілдік дегеніміз-өкілдің өкілдік беруші атынан іс-әрекетке қатысуы, ал өкілеттілік-өкілдік беруші үшін өкілдің жасауға құқылы әрекеттердің шеңбері болып табылады.
Заң жағынан қарағанда сенімхат беру-біржақты мәміле, яғни бұл өкілеттілікті беру үшін бір тараптың өкілдік берушінің ерік білдіруі қажет және жеткілікті, сондықтан да өкілдің келісімі талап етілмейді.
Заң сенімхаттың жазбаша түрін міндетті түрде сақтауды талап етеді. Сонымен бірге мәміле жасауға берілетін сенімхат нотариалды жолмен куәландырылуы талап етілетін болса, онда ол нотариалдық жолмен куәландырылады. Сенім ауыстыру жөнінде берілген сенімхаттың қолданылу мерзімі куәландырылуы ол негізгі алынып берілген алғашқы сенімхаттың қолданылу мерзімінен аспауы керек. Сондықтан сенімхат-әр кезде де мерзімді құжат азаматтық құқыққа сәйкес сенімхат 3 жылдан аспайтын мерзімге берілуі мүмкін. Егер сенімхатта неғұрлым ұзақ мерзім көрсетілсе, ол 3 жыл бойы , ал егер қолдану мерзімі көрсетілмесе-берілген күннен бастап 1 жыл бойы жарамды болады. Егер сенімхат берілген күні көрсетілмесе ол жарамсыз деп танылады.
Өкілдің алған өкілеттілігінің көлемі мен мазмұнына орай сенімхаттың 3 түрі болады:
1.Бас сенімхат, ол белгілі бір кезеңге арналып, әр түрлі мәмілелер жасайтын өкілге беріледі;
2.Бір мәрте берілетін сенімхат-ол тек бір әрекет жасау үшін ғана беріледі;
3.Арнайы сенімхат-ол біртекті мәмілелер жасайтын өкілге беріледі.
Өзіне арнап өкілеттілік құқық берілген әрекеттерді сенім алушының өзі атқаруы тиіс.
Сенімхаттың күші мынандай жағдайларда жойылады: сенімхат мерзімінің өтуі; сенімхатта көзделген әрекеттерді жүзеге асыру; сенімхатты беруші адамның оның күшін жою; сенімхат берген адамның одан бас тартуы; өз атынан сенімхат берген заңды тұлғаның тоқтатылуы; атына сенімхат берілген заңды тұлғаның таратылуы; сенімхат берген адамның қайтыс болуы оның әрекет қабілеттілігі жоқ, хабар-ошарсыз кетті деп танылуы.
4.Мұрагерлік құқық.
Мұрагерлік –қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкінің басқа адамға(адамдарға)-мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы. Қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен, бірыңғай тұтас нәрсе ретінде және бір-ақ мезгілде ауысады.
Мұрагерлік-өсиет және заң бойынша жүзеге асырылады. Өсиет қалдырылмаған не бүкіл мұраның тағдыры айқындалмаған кезде, мұрагерлік заң бойынша орын алады. Мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен міндеттері кіреді.
Мұра қалдырушының жеке басына тығыз байланысты мына құқықтар мен міндеттер:
1) егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға мүше болу құқығы;
2) өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу құқығы;
3) алименттік міндеттемелерден туындайтын құқықтар мен міндеттер;
зейнетақы төлеу, жәрдемақы және еңбек пен әлеуметтік қамсыздандыру туралы заң актілердің негізінде басқа да төлемдер төлеу құқығы;
5) мүліктік құқықтармен байланысы жоқ жеке мүліктік емес құқықтар мұраның құрамына кірмейді.
Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады. Мұра қалдырушының қайтыс болған күні, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетілмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі күшіне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады. Егер бірінен кейін бірі мұрагер болуға құқылы адамдар бір күнде қайтыс болса, олар бір мезгілде қайтыс болған деп танылады және олардың әрқайсысынан кейін мұрагерлік ашылады да олардың әрқайсысының мұрагерлері мұрагерлікке шақырылады.
Мұра қалдырушының соңғы тұрған жері, ал егер ол белгісіз болса-мүліктің немесе оның негізгі бөлігінің орналасқан жері мұраның ашылу орны болып табылады.
Мұра ашылған кезде тірі жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тірі кезінде іште қалған және мұра ашылғаннан кейін тірі туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады. Мұра ашылғанға дейін құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагерлер болуы мүмкін.
Мұра қалдырушыны немесе мүмкін болатын мұрагерлердің біреуін қасақана өлтірген немесе олардың өміріне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша мұра алуға құқығы жоқ. Бұған өсиет қалдырушы оның өміріне қастандық жасалғаннан кейін өздеріне қатысты өсиет қалдырған адамдар кірмейді. Мұра қалдырушының соңғы еркін жүзеге асыруға қасақана кедергі жасаған және сол арқылы олардың өздерін немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлікке шақыруға не мұраның оларға тиесілі үлесін көбейтуге ықпал жасаған адамдардың өсиеті бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ.
Өсиет бойынша мұрагерлік.
Азаматтың ол қайтыс болған жағдайда өзіне тиесілі мүлікке билік ету жөнінде өз ықтиярын білдіруі өсиет болып табылады. Азамат өзінің барлық мүлкін немесе оның бір бөлігін заң бойынша мұрагерлік тобына кіретін де, кірмейтін де бір не бірнеше адамға, сондай-ақ заңды тұлғаларға және мемлекетке өсиет етіп қалдыра алады. Өсиетті өзі жасауға тиіс. Өкіл арқылы өсиет жасауға жол берілмейді. Өсиет қалдырушы себебін түсіндірместен заң бойынша мұрагерлердің біреуін, бірнешеуін немесе барлығын мұрадан айыруға құқылы. Егер өсиеттен өзгеше туындамаса, заң бойынша мұрагерді мұрадан айыру оныңт ұсынылу құқығы бойынша мұрагерлік етуші ұрпақтарына қолданылмайды. Мұра қалдырушы кез келген мүлік туралы өкімді қамтитын өсиет жасауға құқылы. Өсиет оның жасалған жері мен уақыты көрсетіле отырып, жазбаша нысанда жасалып, нотариатта куәландырылуға тиіс. Өсиетке өсиет қалдырушының өзі қол қоюы қажет. Егер өсиет қалдырушы дене кемістіктеріне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиетке өзі қол қоя алмаса, оның өтініші бойынша оған нотариустың немесе өсиетті куәландырушы басқа адамның қатысуымен өсиет қалдырушының өсиетке өзі қол қоя алмауының себебін көрсете отырып, басқа азаматтың қол қоюы мүмкін.
Нотариатта куәландырылған өсиетті өсиет қалдырушы жазуы керек не өсиет қалдырушының айтуымен куәның қатысуы арқылы нотариус жазуға тиіс. Өсиет қалдырушының айтуымен өсиет жазылған кезде нотариус жалпы жұрт қабылдаған техникалық құралдары (жазу машинкасы, дербес компьютер және т.б.) пайдалануы мүмкін.
Өсиет қалдырушының айтуы бойынша нотариус жалған өсиетті-өсиетке қол қойылғанға дейін нотариус пен куәнің қатысуы арқылы өсиет қалдырушы толық оқып шығуға тиіс.
Құпия өсиет, оның жарамсыз болып қалу қаупімен, өсиет қалдырушының өз қолымен жазылуға және қолы қойылуға, екі куәнің және нотариустың қатысуымен куәлар қол қоятын конвертке салынып, желімденуге тиіс. Куәлар қол қойған конверт куәлардың және нотариустың қатысуымен, нотариус куәландырып қол қоятын басқа конвертке салынып желімденеді.
Нотариус жоқ елді мекендерде тұратын адамдардың өсиетін заң актілерінде нотариат әрекеттерін жасауға уәкілдік берілген лауазымды адамдар куәландырады.
Нотариустың, өсиетті куәландыратын басқа адамның, куәлардың, сондай-ақ өсиет қалдырушының орнына өсиетке қол қоятын азаматтың мұра ашылғанға дейін өсиеттің мазмұнына, оның жасалуына, күші жойылуына немесе өзгертілуіне қатысты мәліметтерді жария етуге құқығы жоқ.
Заңды мұрагерлік.
Заң бойынша мұрагерлік кезінде, бір жағынан, асырап алынған және оның ұрпақтары және екінші жағынан, асырап алушы мен оның туыстары қандас туыстарға теңестіріледі. Асырап алынғандар мен олардың ұрпақтары асырап алынушының туған ата-анасы, оның басқа да қандас туыстары қайтыс болғаннан кейін заң бойынша мұрагер болмайды. Асырап алынушылардың ата-анасы мен оның басқа да қандас туыстары асырап алынушы және оның ұрпақтары қайтыс болғаннан кейін заң бойынша мұрагер болмайды.
Азаматтық кодексте төмендегі мұрагерлердің кезегі берілген:
1.Заң бойынша мұрагер болу құқығын бірінші кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының балалары, соның ішінде ол қайтыс болғаннан кейін тірі туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы мен ата-анасы алады.
2.Заң бойынша мұрагер болу құқығын екінші кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының ата-анасы бір, ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңілері қарындастары, сондай-ақ оның әкесі жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесі алады.
3.Заң бойынша мұрагер болу құқығын үшінші кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының туған немере ағалары мен апалары алады.
4.Заң бойынша мұрагер болу құқығын төртінші кезекте мұра қалдырушының алтыншы атаға дейінгілерін қосқанда басқа туыстары алады, бұл ретте туыстық дәрежесі неғұрлым жақын туыстар туыстықтың неғұрлым алысырақ дәрежедегі туыстарын мұрагерлікпен шеттетеді. Туыстық дәрежесінің жақындығы ортақ ата-бабасынан туу саны негізінде анықталады. Әрбір дүниеге келу бір ата (бір туыстық) дәрежесі деп аталады. Мұрагерлікке шақырылған төртінші кезектегі мұрагерлік тең үлесте мұрагер болады.
5. Заң бойынша мұрагер болу құқығын бесінші кезекте, егер мұра қалдырушымен бір отбасында кемінде 10 жыл бірге тұрса, тең үлеспен оның туыстас, аға-інілері мен апа-сіңлілері, өгей әкесі мен өгей шешесі алады.
6.Заң бойынша мұрагер болу құқығын алтыншы кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының асырауындағы еңбекке жарамсыз адамдар алады.
Әдебиеттер:
1. З.О.Ашитов, Б.З.Ашитов.ҚР құқық негіздері.-Алматы, Жеті Жарғы, 2003.
2. С.Д.Баққұлов.Құқық негіздері.-Алматы.-Алматы, 2004.
3. Е.Баянов.Мемлекет және құқық негіздері.-Алматы: «Жеті Жарғы», 2001.
4. Ғ.Төлеуғалиев.Азаматтық құқық. Жалпы бөлім.-Алматы: «Жеті Жарғы», 2001.
Нормативтік-құқықтық актілер:
1. ҚР Конституциясы. 30 тамыз 1995 жыл. (21 мамыр 2007 ж. өзгертулер мен толықтырулар).-Алматы, 2007.
2. ҚР Азаматтық кодексі (Жалпы бөлім) 27 желтоқсан 1994 жыл.
3. ҚР Азаматтық кодексі (Ерекше бөлім). 1 шілде 1999 жыл.
4. «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» ҚР 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94 Заңы.
5. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94 Заңы.
6. «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР 2003 жылғы 13 мамырдағы № 415-ІІ Заңы.
7. «Бағалы қағаздар рыногы туралы»ҚР 2003 жылғы 2 шілдедегі №461-ІІ Заңы.
6-тақырып. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы
Жоспар:
1. Қылмыс түсінігі, оның құрамы.
2. Қылмыстық жауаптылықтың негіздері.
3. Қылмысқа қатысу.
4. Қылмыстық жазаның түсінігі және түрлері.
5. Қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын және жеңілдедетін мән-жайлар.
1.Қылмыс түсінігі, оның құрамы.
Қылмыстық құқық дегеніміз-құқық саласының негізгі түрлерінің бірі ретінде қылмыстың түсінігі мен белгілерін, қылмыс үшін қылмыстық жауаптылықтың негізі мен шектерін, сондай-ақ қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатудың шарттарын анықтайтын құқықтық нормалардың жиынтығы.
Қылмыстық құқық міндеттері-әлеуметтік құндылықтарды қорғау және қылмыстардың алдын-алу, болдырмау болып табылады. Қылмыстың алдын-алу заңда көзделген жеке мақсаттардың бірі-қылмыстан сақтандыру мен тығыз байланысты әрі онымен шарттас. Осы екі міндеттің мазмұны қоғамдық қатынастарды қорғауды, басқа жаңа қылмыстарды болдырмауды, қылмыс жасаған тұлғаға ықпал ету шараларын қолдануды сипаттайды.
Қылмыстық кодекс.
1997 жылы шілде айының 16 жұлдызында ҚР жаңа Қылмыстық кодексі қабылданып, ол 1998 жылы 1 қаңтардан бастап заңды күшіне енді. Аталған Қылмыстық кодекстің 3-бабында қылмыстық жауаптылықтың негізін былай анықтайды: қылмыс жасау, яғни қылмыстық заңда көзделген қылмыс құрамының барлық белгілері бар әрекет қылмыстық жауаптылықтың бірден-бір негізі болып табылады.
Қылмыс-Қылмыстық кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп аталады.
Жасалған әрекетті қылмыс деп тану үшін оны қылмыстық заң нормаларында бекітілген тиісті қылмыс құрамдарымен салыстыру қажет.
Егер қылмысты жасау-қылмыстық жауаптылыққа тартуға іс-жүзінде негіздеме бола алса, қылмыс құрамы-оның заң жүзіндегі негіздемесі. Бұл екі негіздеме өзара тығыз байланысты, екеуі бір бүтінді құрайды. Қылмыс құрамы заң бойынша анықталмаса, қоғамға қауіпті әрекет қылмыс болып саналмайды, қандай да бір қылмыс құрамының нышандарының болуы, егер жасалған әрекетте осы нышандар болмаса, қылмыстық жауапқа тартуға негіз бола алмайды.
Қылмыс құрамының негізгі белгілері:
1)қылмыстың объектісін сипаттайтын белгілер: қылмыстық қол сұғушылықтан қылмыстық заң бойынша қорғалатын қоғамдық қатынас;
2)қылмыстың объективтік жағын сипаттайтын белгілер: объектіге зиян тигізетін немесе зиян тигізу қаупін тудыратын қоғамға қауіпті іс-әрекет;
3) қылмыстың субъективтік жағын сипаттайтын белгілер: кінә, қасақаналық, абайсыздық;
4)қылмыстың субъектісін сипаттайтын белгілер: жеке тұлға, есі дұрыстық, қылмыстық жауаптылық жасы, арнаулы субъекті.
Қылмыс құрамының осы негізгі белгілері кез келген қылмыс құрамында болады және олардың біреуінің болмауы қылмыс құрамының жоқтығын көрсетеді. Жоғарыда аталған қылмыстың объектісін және объективтік жағын сипаттайтын белгілер қылмыстың объективтік ақиқаттылығын көрсетеді, сол себепті қылмыс құрамының объективтік белгілері деп аталады.
Қылмыстың объектісі-қылмыстық қол сұғушылықтан зиян келетін немесе зиян келуі мүмкін қоғамдық қатынастар.
Қылмыстың объективтік жағы-қылмысты істеген адамның мінез-құлқының сыртқы көрінісін білдіреді. Объективтік жақ ең алдымен, қоғамға қауіпті мінез-құлық актісінің сыртқы көрінісі, ол адамдардың әрекеті немесе әрекетсіздігі арқылы көрініс табады. Қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік нысандары мен түрлері қылмыстың заң тұжырымдарында әр түрлі және жан-жақты. Бірқатар қылмыстың объективтік жағын сипаттауда оның міндетті белгілеріне уақыт, орын, жағдай, қылмысты жасау тәсілдері де жатады. Қылмыстарды ажыратып жіктеуде, оның қоғамға қауіптілігінің дәрежесін белгілеуде, қылмысты саралауда объективтік жақтың осы белгілерінің маңызы өте зор.
Қылмыстың субъективтік жағын және субъектісін сипаттайтын белгілер қылмыс жасаған адамның субъективті ерекшелігін көрсететіндіктен, қылмыс құрамының субъективтік белгілері деп аталады. Субъективтік жақ қылмыстың ішкі жағын, мәнін және мазмұнын сипаттайды. Қылмыс жасаған адамның ішкі дүниесінде, оның еркімен санасында өтетін психологиялық процестің көрінісі. Демек, қылмыстың субъективтік жағы бұл негізінен адамның психикалық іс-әрекетінің қылмыс істеуге тікелей байланысты жағының көрінісі болып табылады. Субъективтік жақтың белгілеріне кінә, ниет және мақсат жатады. Кінә кез келген қылмыс құрамында болғандықтан, ол қылмысты саралаумен тығыз байланысты. Ал кейбір қылмыс құрамының субъективтік жағының белгілеріне қылмыстың ниеті мен мақсаты жатады.
Қылмыстың субъектісі дегеніміз-қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасаған және заңға сәйкес сол үшін мемлекеттің алдында қылмыстық жауаптылықты көтеруге қабілеті бар адамды айтамыз. Қылмыс субъектісін сипаттайтын белгілерге жеке тұлға, ақыл-есі дұрыстық, қылмыстық жауаптылық жасына жету, яғни 16-жасқа толу жатады (кейбір қылмыстар үшін 14,18, жасқа жету міндетті). Көрсетілген белгілермен қатар, арнаулы белгілерді қажет ететін адам қылмыстың арнаулы субъектісі болып табылады.
Қылмыс құрамының элементтерінің әрбір кезге сәйкес тән белгілері болады. Кейбір ғалымдар мұндай белгіні «түрлік белгі» деп атайды. Қылмыс құрамына мұқияттылықпен таңдап алынған түрлік белгілер ғана қосылады.
Түрлік белгілер дегеніміз-барлық қылмыстарға ортақ, олардың қоғамға қауіптілігі және құқыққа қайшылығын білдіретін жиынтығының көрінісі болады. Түрлік белгіге жатпайтын тек қана жекелеген қылмысқа тән белгілер қылмыс құрамына қосылмайды. Сондықтан олар қылмыс құрамынан тысқары болады да, осыған байланысты қылмысты саралау үшін маңызы болмайды. Мысалы, біреудің мүлкін ұрлағанда (ақша, зат, құжат т.б.) немесе ол ұрлықтың қашан болғаны қылмысты саралауға әсер етпейді. Түрлік белгі сол немесе басқа қылмыстың міндетті белгілері болып табылады. Осы түрлік белгінің біреуі жоқ болса, онда қылмыс құрамы да болмайды. Қылмыс құрылымының арнаулы (факультативті) белгілері болады. Бұл белгілер бір құрылымдар үшін міндетті, екіншілері үшін міндетті емес болып табылады, яғни бұл заң шығарушының кейбір қылмыс құрамдарын сипаттау үшін қолданылатын белгілер.
Оған: қылмыстың зардабы, уақыты, орны, қылмыс істеу тәсілі, құралы, қылмыстық ниет, мақсат, қылмыстың заты, қылмыстың арнаулы субъектісі жатады. Бұл белгілер қылмыс құрамында аталып көрсетілсе, онда олар сол құрамының қажетті белгілері болып табылады. Қылмыс құрамында көрсетілмеген жағдайда, олар қылмысты саралауда әсер етпейді, тек қана жаза тағайындалғанда есепке алынады.
2.Қылмыстық жауаптылықтың негіздері.
Қылмыстық жауаптылық дегеніміз-қылмыс құрамының барлық белгілері бар әрекетті жасаған адамға арнайы өкілетті мемлекеттік органдар қолданатын, қылмыстық заңда қарастырылған қылмыстық құқықтық сипаттағы мәжбүрлеу шараларды өтеу міндетін жүктеуді түсіну қажет.
Бұл анықтамадан қылмыстық жауаптылықтың негізгі белгілерін ашып көрсетуге болады:
1.Қылмыстық жауаптылықтың басталу сәті болып қылмыс құрамының белгілерін құрайтын әрекет жасалған уақыт танылады.
2.Қылмыстық жауаптылық кінәлі адам үшін жағымсыз салдарды өтеу міндеті жүктелгендігін білдіреді. Яғни, қылмыстық әрекет-себеп болса, қылмыстық жауаптылық-салдар.
3.Заңда көрсетілген жағымсыз салдар тек арнайы өкілетті мемлекеттік органдармен ғана қолданылады.
4.Қылмыстық жауаптылық-жағымсыз салдарды іс жүзінде нақты өтеу ғана емес, оны өтеу міндеті болып табылады.
5.Жағымсыз салдардың сипаты тек қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық-атқару заңдарымен ғана анықталады.
Қылмыстық жауаптылықтан босатылатын мән-жайлар.
Қажетті қорғану.
Қажетті қорғану жағдайында қол сұғушы адамға зиян келтіру, яғни қорғанушының немесе өзге бір адамның жеке басын, тұрғын үйін, меншігін, жер учаскесін және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамдық қауіпті қол сұғушылықтан қол сұғушыға зиян келтіру жолымен қорғау кезінде, егер бұл орайда қажетті қорғану шегінен асып кетушілік жол берілмеген болса, ол қылмыс болып табылмайды. Барлық адамдардың кәсіби немесе өзге де арнаулы даярлығына және қызмет жағдайына қарамастан тең дәрежеде қажетті қорғануға құқығы бар. Бұл құқық адамға қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан құтылу басқа адамдардың немесе мемлекеттік органдардың көмегіне жүгіну мүмкіндігіне қарамастан тиесілі болып табылады.
Нәтижесінде қол сұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтірілетін, қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілігі дәрежесіне қорғанудың көпе-көрінеу сай келмеуі қажетті қорғаныс шегінен шығу деп танылады. Бұлайша шектен шығу тек қасақана зиян келтірілген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады.
Адам өміріне қол сұғушыға не қаруды қолданумен немесе қолдануға әрекет етумен ұштасқан өзге де қол сұғушылыққа тойтарыс беру кезінде адамға зиян келтіру қажетті қорғаныс шегінен шығу болып табылмайды.
Қол сұғушылық жасаған адамды ұстау кезінде зиян келтіру.
Қылмыс жасаған адамға оны мемлекеттік органдарға жеткізу және оның жаңа қол сұғушылық жасау мүмкіндігін тыю үшін ұстау кезінде зиян келтіру, егер мұндай адамды өзге амалдармен ұстау мүмкін болмаса және бұл орайда осы үшін қажетті шаралар шегінен шығуға жол берілмесе, қылмыс болып табылмайды.
Қол сұғушылық жасаған адамды ұстау адамға келтірілген зиян жағдай мәжбүр етпейтін анық шектен тыс зиян қажетсіз келтірген кезде, олардың ұсталатын адам жасаған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне және ұстаудың мән-жайына көпе-көрінеу сай келмеуі ұстау шараларын асыра сілтеу деп танылады. Бұлайша асыра сілтеу қасақана зиян келтірілген жағдайда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Аса қажеттілік.
Қылмыстық кодеспен қорғалатын мүдделерге аса қажет болған жағдайда зиян келтіру, яғни белгілі бір адамның немесе өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің мүдделеріне тікелей қатер төндіретін қауіпті жою үшін зиян келтіру, егер бұл қауіпті басқа амалдармен жою мүмкін болмаса және бұл орайда аса қажеттілік шегінен шығып кетушілікке жол берілмесе, қылмыс болып табылмайды.
Құқық қорғау мүдделеріне алды алынғанға тең немесе одан гөрі елеулі зиян келтірілген, төнген қатердің сипаты мен дәрежесіне және қатер жойылған жағдайға көпе-көрінеу сәйкес келмейтін зиян келтіру аса қажеттілік шегінен шығу деп танылады. Мұндай шектен шығушылық тек қасақана зиян келтірілген жағдайларда ғана жауаптылыққа әкеп соғады.
Жедел-іздестіру шараларын жүзеге асыру.
Уәкілетті мемлекеттік орган қызметкерінің не осы органмен қызметтес өзге адамның осындай органның тапсырмасы бойынша жедел-іздестіру шараларын орындауы кезінде заңға сәйкес жасаған әрекетімен Қылмыстық кодекспен қорғалатын мүдделерге келтірген зияны, егер бұл әрекет бір топ адам, алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйым) жасаған қылмысты болғызбау, анықтау ашу немесе тергеу мақсатымен жасалса, сондай-ақ егер құқық қорғау мүдделеріне келтірген зиян аталған қылмыстармен келтірілетін зиянға қарағанда онша мәнді болмаса және егер оларды болғызбау, ашу немесе тергеу, сол сияқты қылмыс жасауға кінәлі адамдарды әшкерлеуді өзге тәсілмен жүзеге асыру мүмкін болмаса, қылмыс болып табылмайды.
Орынды тәуекел ету.
Қоғамдық пайдалы мақсатқа қол жеткізу үшін орынды тәуекел еткен ретте Қылмыстық кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтіру қылмыс болып табылмайды. Егер аталған мақсатқа тәуекелмен байланыссыз іс-әрекетпен (әрекетсіздікпен) қол жеткізілмейтін болса және тәуекелге жол берген адам қылмыстық кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтірілуін болғызбау үшін жеткілікті шаралар қолданса, тәуекел орынды деп танылады. Егер тәуекел ету адамдардың өміріне немесе денсаулығына көпе-көрінеу қатер төндіруге, экологиялық апатқа, қоғамдық күйзеліске немесе өзге де ауыр зардаптарға ұштасатын болса, тәуекел ету орынды деп танылмайды.
Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу.
Егер күштеп мәжбүрлеудің салдарынан адам өзінің іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) ие бола алмаса, күштеп мәжбүрлеудің нәтижесінде Қылмыстық кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтіру қылмыс болып табылмайды.
Бұйрықты немесе өкімді орындау.
Өзі үшін міндетті бұйрықты немесе өкімді орындау жөнінде іс-әрекет жасаған адамның Қылмыстық кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтіруі қылмыс болып табылмайды. Мұндай зиян келтірілгені үшін заңсыз бұйрық немесе өкім берген адам қылмыстық жауапқа тартылады. Көпе-көрінеу заңсыз бұйрықты немесе өкімді орындағаны үшін қасақана қылмыс жасаған адам жалпы негіздерде қылмыстық жауапқа тартылады. Көпе-көрінеу заңсыз бұйрықты немесе өкімді орындамау қылмыстық жауаптылыққа ұшыратпайды.
Қылмысқа қатысу.
Қылмысқа қатысу дегеніміз-екі немесе одан да көп адамның қасақана қылмыс жасауға қасақана бірлесіп қатысуы қылмысқа қатысу деп танылады.
Қылмысқа қатысушылардың түрлеріне-ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші орындаушымен бірге қылмысқа қатысушылар деп танылады.
Орындаушы деп-қылмысты тікелей жасаған немесе оны жасауға басқа адамдармен (қоса орындаушылармен) бірге тікелей қатысқан адам, сондай-ақ жасына, есінің дұрыс еместігіне немесе Қылмыстық кодексте көзделген басқа да мән-жайларға байланысты қылмыстық жауапқа тартуға болмайтын басқа адамдарды пайдалану арқылы, сол сияқты әрекетті абайсызда жасаған адамдарды пайдалану жолымен қылмыс жасаған адамды айтамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |