Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты
Экономика, құқық және философия кафедрасы
ҚҰҚЫҚ НЕГІЗДЕРІ
ДӘРІС
Құрастырушы:
з.ғ.к., доцент С.Т. Иксатова
Павлодар, 2014
1-тақырып. Мемлекет, құқық және мемлекеттік-құқықтық құбылыстар туралы негізгі ұғымдар
Жоспар:
1. «Құқық негіздері» оқу курсының жүйесі.
2. Мемлекет туралы негізгі түсініктер.
3. Құқық және мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың негізгі түсінігі.
1. «Құқық негіздері» оқу курсының жүйесі.
Құқық негіздері пәні заң ғылымдары бойынша гуманитарлық пәндер жүйесінде ерекше орын алады. ҚР мемлекеттілігінің қалыптасуы, елде экономикалық реформалардың жүзеге асуы және нарықтық қатынастарға өту кезеңінде құқықтың мән-маңызы айрықша. Әсіресе, тауар-ақша (мүліктік) және басқару қатынастарын құқықтық реттеуде заңдар мен басқа да нормативтік актілердің маңызы ерекше. Сондықтан да бұл пән арқылы ҚР Конституциясын, оның жаңа қырлары мен ерекшеліктерін және басқа да заңдардың жоғары принциптерін, олардың мағынасы мен мазмұнын, жалпы мемлекетіміздің қоғамдық өмірінің құқықтық негіздерін үйретеді.
Қазақстан Республикасы құқық жүйесіндегі пәндердің ең негізгілері қамтылып, онда Мемлекет және құқық теориясы, Конституциялық құқық, Азаматтық құқық, Әкімшілік құқық, Еңбек құқығы, Қылмыстық құқық, Отбасы құқығы, Қаржы құқығы, Экологиялық және жер құқығы және Халықаралық құқық салаларынан жоғары білімді мамандар даярлауда қажетті теориялық түсініктер беріледі.
Аталған пән төмендегі мәселелерді қарастырады:
-мемлекет пен құқықтың, саяси және құқықтық сананың, құқықтық қатынастардың заңдылықтары мен құбылыстарын;
-мемлекеттің Конституциялық құрылысын, мемлекеттік биліктің бөліну теориясы мен тәжірибесін;
-Қазақстанда қолданылатын негізгі құқық нысандары мен салаларының ерекшеліктерін;
-мемлекеттік қызмет принциптері мен мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық мәртебелерін;
-әкімшілік жауаптылық мазмұнын;
-азаматтық құқықтың жалпы ережелерін, жеке және заңды тұлғалар ұғымы мен олардың мүдделерін қорғау мәселелерін;
-қылмыс ұғымы мен санаттары, себептері және қылмыстық жауапкершілік негіздерін;
-еңбек заңдылықтарын, еңбекті қорғау мәселелерін;
-неке және отбасы құқығының негізгі қағидаларын;
-мемлекетіміздің қаржылық қызметінің құқықтық негіздерін;
-экологиялық және жер құқығының басты ерекшеліктерін.
2. Мемлекет туралы негізгі түсініктер.
Мемлекет адамзат дамуының белгілі бір кезеңінде пайда болып қалыптасады.
Мемлекет дегеніміз қоғамдық саяси ұйым. Қоғамдық ұйымның алғашқы түрі рулық қауым.
Ру дегеніміз адамдардың тарихи қалыптасқан бірлестігі, туысқан адамдардан тұратын қауымдастық. Рулық қауымда ру мүшелерін ұйымға олардың туыстық қандастығы, бірлесіп істеген еңбегі және мүліктің ортақ болуы біріктіреді. Рулық қауым әдетте екі сатыдан өтеді. Алғашқы әйелдер үстемдік етіп тұрған аналық дәуірде ру топтары әйел туыстық жағынан болса, кейінгі аталық дәуірде билік отбасының иесіне айналған ерлерге ауысады. Рулық қауымдағы биліктің түбегейлі өзгеруі егіншілік пен мал шаруашылығының пайда болуы, даму және еңбек құралдарын, қару-жарақтарды көбірек өндіріп, жетілдіре түсуімен тығыз байланысты болды. Осындай өзгерістердің нәтижесінде ерлер қоғамдық өндірісте маңызды орынға ие болып, ру қауымында шешуші күшке айналады. Міне, содан бастап туыстық-ерлер тарапынан анықталып, ер адам ру басшысы болып саналады. Рулық қауымда қауымдық билік жүзеге асырылды. Ру өміріне байланысты мәселелердің барлығын рудың жалпы жиналысы қарап, шешіп отырған. Ру басшысына жасы толған азамат тағайындалады. Ру басшысының қызметі мұрагерлікке негізделмейді. Әдетте, оны кез келген уақытта ауыстырып отырған. Ру ағасына әдет-ғұрыптарын, дәстүрін білетін, рудың қамын ойлайтын және қауымды басқара білетін адам сайланған. Бірнеше рулар бірігіп тайпа құрады. Тайпаны басқару үшін ру ағаларынан кеңес құрылды. Ру өмірінің маңызды мәселелері ру мүшелерінің жалпы жиналысында шешіліп, ел шешімінің жүзеге асырылуын ру басшысы қадағалады. Сонымен, рулық қоғам егіншіліктің, мал шаруашылығы, қолөнер кәсіптерінің дамуына байланысты ыдырап, қоғам мүшелерінің жікке бөлінуіне алып келді. Әрбір отбасының өзіндік шаруашылығы қалыптасып, мал, жер, құрал-жабдықтар жеке меншікке айнала бастады. Рулық қауым ішінде мүлік теңсіздігі пайда болды. Ру әскери басшылар ру мүшелері қатарынан бөлініп шығып, басқарушы ерекше үстем тапқа айналды. Рулық қауымның әскери демократиясы қалыптасып, мемлекеттік құрылымның алғашқы негізі қаланды. Меншік иелері байлардың айрықша мүдделері болғандықтан олар басқа ру мүшелерімен яғни кедей шаруалармен қатар отырып, мәселелерді бірге шешуге бармайды. Сол себепті байлар мен кедейлер арасында қарама-қайшылықтар туа бастады. Рулық биліктің орнына саяси билік, жаңа саяси құрылым пайда бола бастады.
Алғашқы қауымдық қоғамның экономикасы мен құрылымы-экономиканың негізгі сипаты: қоғамдық еңбек, қоғамдық меншік, қоғамдық бөліс, қоғамдық өмір сүру.
Қоғамның құрылысы: туысқандық ру, тайпа, одақ, бірлестіктер.
Алғашқы қауымдық қоғамның экономикалық, әлеуметтік, құрылымдық, басқарушылық салаларындағы объективтік даму процестері бір-бірімен тығыз байланыста өзгеріп, жаңарып отырады. Бұл объективтік даму процестің күрделі сатысы әлеуметтік революциялық төңкеріс-б.з.д. 10-15 мыңжылдықтарда болған. Ол төңкеріс кезінде малшылық пен егіншілік қалыптасты, ажарланған тастан жасалған қарулар өмірге келді, адамның тәжірибесі өсіп, молайды.
Қоғамдық еңбек төрт күрделі тарауға бөлінді: мал шаруашылық, жер игеру, өндірістік және саудагерлер тобы. Бұның бәрі еңбектің өнімділігін арттырды, қоғамның шығысынан кірісін асырды. Қоғамдық байлық қалыптаса бастады, оны иемденетін топтар, таптар пайда болды. Экономикалық өзгерістер әлеуметтік қайшылықтарды өмірге әкелді. 5-4 мыңжылдықтарды сол қайшылықтарды реттеп, қоғамды басқару үшін құқық пен мемлекет пайда болды. Мемлекет пен құқықтың туынды тарихы-қоғамның антагонистік тапқа бөлінуінің нәтижесі болып табылды.
Мемлекеттің рулық қауымнан айырмашылығын мынандай белгілері арқылы ажыратамыз:
1.Мемлекеттік егемендік.
2.Мемлекеттің халқы әкімшілік жүйеге бөлінеді.
3.Мемлекеттің әкімшілік билік жүргізетін органы болады. Басқару ісімен шұғылданатын адамдар қызмет етеді.
4.Мемлекет заңдар шығарып, солардың күшімен қоғамдық қатынастарды реттейді.
5.Салық жүйесінің қалыптасуы.
Мемлекет пен құқықтың шығу себептері:
-жинау экономикасынан өндіру экономикасына көшу;
-мал шаруашылығынан егіншіліктің бөлінуі;
-еңбектің ірі қоғамдық бөлінісі;
-алып-сатарлардың пайда болуы.
Мемлекет пен құқықтың өмірге келуінің, қалыптасуының негізгі объективті заңдылықтары:
-еңбек өнімділігінің өсуі;
-артық өнімнің пайда болуы;
-жеке меншіктің пайда болуы;
-таптардың пайда болуы.
Мемлекет дегеніміз-жария өкіметтің пайда болуы мен іс-әрекетінің нәтижесі ретінде қалыптасатын, қоғам өмірін ұйымдастырудың нысаны және оның негізгі салаларына басшылық ететін, қажетті жағдайларда өкіметтің күш-қуатына сүйенетін басқару жүйесі.
Мемлекеттің негізгі белгілері:
1.Басқару органдары мен мекемелерінің ерекше жүйесінің болуы.
2.Қоғамдық қатынас ережелерін белгілейтін құқықтың болуы.
Мемлекеттің қоғамдағы басқа да ұйымдардан айырмашылық белгілері:
-мемлекет қоғамдық көлемде бірден-бір билік жүргізетін ұйым;
-мемлекет қоғамдағы заңдылықты, тәртіпті бақылап отырады;
-мемлекеттің ішкі-сыртқы істердегі тәуелсіздігі, басым үстемдігі.
Мемлекеттің пайда болуы туралы теориялар.
Теологиялық теория мемлекет пен құқық Алланың құдіретімен жаратылды деп түсіндіреді. Бұл теорияны ғылыми түрде уағыздаған Фома Аквинский, Жак Маритен т.б.
Патриархалдық теория-мемлекет адамдардың отбасы тәжірибесінен қалыптасқан азаматтардың саналы түрде өздерінің мүдде-мақсаттарын іске асыру үшін біріккен одақ деп түсіндіреді. Бұл теорияның өкілі және дамытқан зерттеушісі Аристотель болды.
Органикалық теория-бұл пікірді Платон көне дәуірде уағыздаған.(б.з lV-III ғ.) Бірақ теория толық түрде XIX ғасырда қалыптасты. Бұл теория-адам қоғамында табиғаттың объективтік даму заңдарына сәйкес эволюциялық жолмен мемлекетті құрады.
Мемлекеттің Үкіметі-адамның басы-миы сияқты қоғамды басқарады. Қанаушы тап қоғамның экономикасын дамытады. Ол қоғамды қорғайды деп түсінеді.
Күштеу теориясы-19ғ.қалыптасқан пікір.
Өкілдері: Л.Гумплович, К.Каутский т.б.
Мазмұны: күшті рулар,тайпалар өздерімен шектес әлсіз руларды, тайпаларды күштеп, зорлық жасап өзіне бағындырып, бақылауды жақсарту үшін мемлекет құрады-деп түсіндіреді.
Материалистік теория-мемлекет пен құқықтың пайда болуын экономикалық тұрғыдан түсіндіреді, себептері: қоғамдық еңбектің бөлінуі, қосымша өнімнің, жеке меншіктің пайда болуы, қоғамның қарама-қарсы екі тапқа бөлінуі, қайшылық күресінің басталуы. Мемлекет пен құқықтың мазмұнының тарихи өзгеріп отыруы қоғамдық мүдде-мақсатты қорғауы.
3.Құқық және мемлекеттік-құқықтық құбылыстардың негізгі түсінігі.
Құқық дегеніміз-адам мен қоғамның жаратылысымен байланысты, тұлғаның бостандығын білдіретін, формалды түрде анықталған, қоғамдық қатынастарды реттейтін, мемлекеттің күшімен қамтамасыз етілетін жалпыға бірдей тәртіп ережелерінің жиынтығы.
Құқық белгілері: нормативтілігі, жүйелігі, формалды анықтылығы; мемлекеттің күшіне сүйенуі; адамдардың еркін білдіруі; жалпыға міндеттілігі; өзгергіштігі.
Құқықтың қызметі дегеніміз-адамның іс-әрекетіне, мінезіне, тәртібіне нормативтік актілердің жасайтын ықпалы мен әсері. Сол арқылы қатынастарды дұрыс, уақытында орындалуын қамтамасыз ету.
Құқықтың реттеу функциясы-нормативтік актілер арқылы қоғамдық қатынастардың байланысын, орындалу жолдарын, бағыттарын анықтап отыру.
Бұл функция екі әдіс-тәсілмен орындалады: біріншісі-құқықтық нормада қатынастың орындалу жолдарын, бағытын көрсету; екіншісі-нормативтік актіде субъектілерге толық бостандық беру, дұрыс орындалу бағытын көрсету.
Құқықтық қорғау функциясы-нормативтік актілердің қарым-қатынасқа ықпалын, әсерін күшейту, жаман қатынастарға тыйым салу.
Бұл функцияның әдіс тәсілдері:
-қоғамдағы қатынастардың дұрыс орындалуын бақылау;
-құқықты нормада тыйым салудың себептерін көрсету;
-жауапкершіліктің түрін көрсету;
-жасаған қателіктері үшін субъектілерді жауапқа тарту.
Құқық принциптері әділдік, дұрыстық көрсеткіші болғандықтан тұрақтылығымен ерекшеленеді. Құқық жасалу барысында мына принциптер негізге алынуы тиіс.
-Демократиялық;
-Ұлтаралық келісім;
-Заңдылық;
-Адамгершілік;
-Азаматтардың заң алдында теңдігі.
Қоғам реттеушіліксіз өмір сүре алмайды, ол дегеніміз адамдардың өмір сүруінің әр түрлі салаларындағы жүріс-тұрысын ретке келтіру.
Реттеу-нормалардың көмегімен жүзеге асырылады, ал нормалар, өз кезегінде, техникалық және әлеуметтік нормалар болып бөлінеді.
Қоғамның әлеуметтік нормалары-бұл қоғамдық қатынастарды реттеуде қолданылатын жүріс-тұрыс ережелері. Оларға құқық, діни, әдет-ғұрып, мораль және корпоративтік нормалар жатады.
Құқық жүйесі-бұл құқықтың өзінің құрылымы, оның салаларға, институттарға бөлінуі. Құқықтың жүйелік құрылымы оның белгілі бір байланыстағы көптеген элементтерден құралған біртұтас құрылым екендігін білдіреді.
Құқық саласы-бұл белгілі бір қоғамдық қатынастар түрін реттейтін заң нормаларының жиынтығы.
Құқық саласының белгілері:
-әрбір саланың өз пәні болады;
-әрбір саланың өз заңнамасы, яғни, дербес кодекстері болады;
-құқық субъектілерінің құқықтық жағдайын реттейтін, құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру тәсілдерін және құқықтық нормаларды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік-құқықтық шараларды орнықтыратын ерекше заңды режимі болады.
Құқық салаларының түрлері:
1.Негізгі салалар: бұлар басты құқықтық режимдерді қамтиды, жалпы алғанда, құқық салаларының жүйесінің ең басында Конституциялық құқық, одан кейінгі материалдық құқықтар-азаматтық, әкімшілік құқықтар және оларға сәйкес іс-жүргізушілік салалар, азаматтық іс-жүргізушілік, қылмыстық іс-жүргізушілік және әкімшілік іс-жүргізушілік құқықтары орналасқан.
2.Арнайы салалар: бұларда құқықтық режимдер қоғамның ерекше сфераларына бағытталған-еңбек құқығы, жер құқығы, қаржылық құқық, әлеуметтік қамсыздандыру құқығы, отбасы құқығы;
3.Кешенді салалар: бұларға негізгі және арнайы салалардың әртүрлі институттарының бірігуі тән-шаруашылық құқық, аграрлық құқық, экологиялық құқық, сауда құқығы, прокурорлық қадағалау, теңіз құқығы.
Құқық институты-бұл қоғамдық қатынастардың белгілі бір түрін реттейтін заң нормаларының жиынтығы.
Ұсынылатын әдебиеттер:
1. С.Д.Баққұлов Құқық негіздері- Алматы, 2004ж.
2. Ғ.Сапаргалиев. Құқық негіздері – Алматы, Оқу құралы, 2006ж
3. З.О.Ашитов ҚР құқық негіздері – Астана, 2007 ж.
4. Е.Баянов. Мемлекет және құқық негіздері – Алматы, 2006 ж
5.Т.А.Ағдарбеков. Мемлекет және құқық теориясы. Оқулық.-Алматы, 2003.
6.Н.Дулатбеков, С.Амандықова, А.Түрлаев. Мемлекет және құқық негіздері.-Астана, 2001.
7.З.Ашитов,Б.Ашитов.ҚР Құқық негіздері.-Алматы, 2003.
8.С.Табанов.Салыстырмалы құқықтану негіздері.Оқулық-Алматы, 2003.
2-тақырып. Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығының негіздері
Жоспар:
1.Конституциялық құқық-Қазақстан Республикасының жетекші құқық саласы ретінде.
2.ҚР Конституциясы-мемлекеттің Ата Заңы.
3.ҚР адамдардың және азаматтардың жағдайының конституциялық негіздері.
4.ҚР Конституциялық құрылымының негіздері.
5.Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі.
1.Конституциялық құқық-ҚР жетекші құқық саласы ретінде.
Конституциялық құқық-ҚР құқық жүйесінің жетекші салаларының бірі ретінде-ол өзінің ішкі тұтастығымен сипатталатын құқықтық нормалар жүйесін білдіреді және басқа құқық жүйесінің нормаларынан ерекшеленеді. Ішкі тұтастық конституциялық нормалардағы қоғамдық қатынастарын ерекшеліктерімен белгіленетін, солар арқылы реттелетін жалпы белгілердің болатындығын білдіреді.
Конституциялық құқық пәнін оның нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар құрайды. Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар мемлекет және қоғам құрылымының негізін құрайды және мемлекеттік биліктің жүзеге асуымен тікелей байланысты жүргізіледі. Конституциялық құқық пәнін білмейінше оның нормаларын қолдану саласын да анықтау мүмкін емес. Өйткені, нақты құқықтық әрекеттерді таңдау кезінде, ең алдымен қай саланың нормасын қолдану қажеттігін анықтап алу керек. Ал ол үшін, реттеудің нысаны болып табылатын қоғамдық қатынастар сипатын белгілеу қажет. Ол мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын: саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа салаларды қамтиды. Ол аталған салаларда тек негізгі, базалық қабаттарды ғана реттейді. Бұл қабаттар мемлекет пен қоғамдағы кейін кең дамитын саяси, экономикалық, әлеуметтік, діни байланыстардың негізін қалайды.
Конституциялық құқық, тұтас алғанда, құқықтың реттеу әдістері деп аталады, белгілі бір тәсілдер мен әдістердің көмегімен мемлекеттік және қоғамдық қатынастарды реттейді.
Конституциялық-құқықтық қатынастарды реттеу үшін төмендегідей:
1.Міндеттеу әдісі;
2.Тыйым салу әдісі;
3.Рұқсат ету әдісі;
4.Тану әдістері қолданылады.
Міндеттеу әдісі -мемлекеттік органға сияқты, жеке тұлғаларға да қатысты, олардың барлық қызмет саласында қолданылады.
Рұқсат ету әдісі- мемлекеттік органдардың өкілеттігін белгілеу кезінде де қолданылады.
Тану әдісін- кеңестік кезеңнен кейінгі конституциялық құқық жөніндегі әдебиеттерде мұндай әдістің қолданылу мүмкіндігі байқалмайды. Оның үстіне бұл әдіс объективті фактордан –адамдардың табиғи құқығын заң тұрғысынан танудан туындайды.
ҚР Конституциясының құқықтық нормалары қалайша құқықтың қайнар көзі ретінде сипатталады:
1.ҚР Конституциясында бүкіл конституциялық заңдардың негізі болып табылатын құқықтық нормалар орнықтырылады. Басқаша айтқанда, Конституцияның құқықтық нормалары конституциялық-құқықтық қатынастарды реттейтін барлық нормативтік-құқықтық актілерді қалыптастыру мен дамытудың негізі болып табылады.
2.ҚР Конституцияның құқықтық нормалары мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын: саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени салаларды қамтиды. Әрине, Конституцияның құқықтық нормалары аталған салалардағы қоғамдық қатынастарды егжей-тегжейлі және жан-жақты реттемейді. Ол тек қоғамдық қатынастардың мәнді, басты бағыттарын ғана реттейді. ҚР Конституциясының құқықтық нормалары құқықтың басқа салаларының құқықтық нормаларынан осынысымен ерекшеленеді.
3.Конституциялық құқықтың басқа бастауларымен салыстырғанда, ҚР Конституциясының жоғары заңдық күші бар және ҚР-ның барлық аумағында қолданылады. ҚР-да қабылданған заңдар және басқа нормативтік актілер Конституциядан бастау алуы және оған қайшы келмеуі тиіс. Егер олар Конституцияға қайшы келсе, онда олар заңсыз деп танылады және қолдануға жатпайды. ҚР Конституциясында оның қағидаларының жоғары заңдық күшін қамтамасыз етудің кепілдігі белгіленген.
4.ҚР Конституциясының тек конституциялық құқықтық қана емес, сондай-ақ құқықтың басқа да салаларының бастауы ретіндегі мәні мынада, онда халықтың, мемлекеттің еркі, олардың құқықтық демократиялық мемлекет құру, дүниежүзілік қауымдастыққа оның тең құқылы мүшесі ретінде қосылу жөніндегі табандылығы тікелей көрініс тапқан.
5.Конституция құқықтың басқа бастауларынан, тұтастай қоғамның негізгі заңы екендігімен ерекшеленеді. Басқа нормативтік-құқықтық актілер қоғам өмірінің жекелеген тараптарын қамтиды. Ал, ҚР Конституциясының идеялары, құқықтық нормалары бүкіл қоғам өмірінің мейлінше мәнді бағыттарын реттейді.
6.Сондай-ақ Конституция-конституциялық құқықтың басқа бастауларынан өзгерістер мен толықтырулар қабылдаудың, ерекше тәртібін белгілеуімен де ерекшеленеді. Мұндай тәртіп Конституцияның мемлекет пен қоғамның негізгі заңы ретіндегі және олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажеттігінен туындайтын мәнімен сипатталады.
7.ҚР Конституциясының тағы бір өзіндік қыры-онда оның басқа қайнарларының нысандары: конституциялық, жай заңдары, Президенттің нормативтік жарлықтары мен қаулылары, ҚР Үкіметінің қаулылары, сондай-ақ заңдық күшінің деңгейі қабылдау, жариялау, күшін жою тәртібі көрсетіледі.
2. Қазақстан Республикасының Конституциясы-мемлекеттің Ата Заңы.
1993 жылы 28 қаңтарда егеменді тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің бірінші конституциясы қабылданды. Ол құқықтық мемлекет құру, оның мемлекеттілігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етудің кепілі болып табылатын тарихи орын алатын ҚР Конституциясы болды. Алайда, қоғам дамуының қажеттілігі негізінде жаңа Конституция жобасы жасалды.
1995 жылы 30 тамызда Республикалық референдум өткізу жолымен конституция қабылданды. Осы Конституцияға-конституциялық реформалар нәтижесінде екі рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Алғашқысы 1998 жылдың 7-қазанында болса, екіншісі 2007 жылдың 21-мамырында болды.
Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі-өзінің егемендік құқығын баянды етті. Ата Заңы қабылданған күн демалыс, мемлекеттік мереке- ҚР Конституциясының күні деп жарияланды.
Бұл жаңа Конституция Қазақстанның төртінші Ата Заңы (1937,1978,1993,1995). Оның құрылымы кіріспеден, 9 бөлімнен, 98 баптан, көптеген тармақтар мен тармақшылардан тұрады.
Конституцияның ең жоғарғы заңдық күші бар және ол ҚР-ның бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Мұның өзі Конституциялық нормалар мен заңдардың басқа нормативтік-құқықтық актілердің нормаларынан үстем екендігін көрсетеді. Кейінгі екі Конституцияның алдыңғы екеуінен елеулі айырмашылығы сол-бұлар тұңғыш рет мемлекетіміздің тәуелсіздікті, егемендікті және Қазақстан халқының толық билігін бекітіп, одан әрі орнықтырды.
Жаңа Ата Заңда құқықтық мемлекеттің қалыптас бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, соның ішінде жеке адамның жан-жақты еркіндігі, идеологиялық және саяси әр алуандығы (сөз және шығармашылық бостандығы, саяси партиялар мен бұқаралық партиялар, сондай-ақ бұқаралық қозғалыстар бірлестігін құру еркіндігі), халық билігін жүзеге асыратын демократиялық амалдар, экономикалық қатынастардың қызмет етуі әлемдік талаптарға сәйкестендірілген. Оның нормалары тұрақты, жалпы мәнде ұзақ жылдарға бейімделіп тұжырымдалған.
ҚР Конституциясы барлық заң салаларының негізі болып табылады, ал оның нормалары басқа заңдар үшін басты қағида болып есептеледі.
Ата Заңның бұл бөлігі саяси және идеология тұрғысынан алғанда аса маңызды. Өйткені, бұл Ата Заң ҚР-нда демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың конституциялық негізін қалады.
Осыдан келіп, ҚР-ның мынадай негізгі мақсаты туындайды: өзінің ең қымбат қазынасы ретінде адамды және оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын айқындап, бекіту; өз елінде және мемлекеттер арасында азаматтық бейбітшілікті, ынтымақтастық пен тату қарым-қатынас жасау әдістерін орнықтыру; байырғы қазақ жерінде мемлекеттік бірлікті сақтау; республиканың тәуелсіздігін сақтап, ұстап тұру; ҚР-ның демократиялық негіздерінің мызғымастығын бекіту.
Осыған орай республика қызметінің түбегейлі қағидалары айқындалады, олар:
-қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық;
-бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму;
-қазақстандық патриотизм;
-мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламенттік дауыс беру арқылы шешу (1-бап, 2-тармақ).
Ата Заңның негізгі бөлігінде (I-VIII бөлімдер) азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері туралы, конституциялық құрылыс жайлы, мемлекеттік нысандар жөнінде, мемлекеттік буындардың жүйесі мен мәртебесі туралы (Президент, Парламент, Үкімет, Конституциялық кеңес, соттар, және сот төрелігі, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы) нормалар тұжырымдалған.
«Жалпы ережелер» деп аталатын 1 бөлімде жаңа конституциялық құрылысқа сапалық сипаттама берілген, яғни Конституция бойынша республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау қағидасына сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл бөлімде осыған орай конституциялық құрылысты айқындайтын, мемлекет пен жеке адамдардың және азаматтық қоғамның қарым-қатынастарынан туындайтын негізгі қағидалар тұжырымдалған, олар:
-Қазақстан халқының толық билігі (егемендігі);
-ҚР аумағының тұтастығы;
-мемлекеттік билікті жүзеге асыру барысындағы пікір еркіндігі;
-Конституцияның үстемдігі (жоғары тұратындығы);
-мемлекет билігінің бөлінісі;
-адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекет мүдделерінен басымдығы;
-мемлекеттік тіл саясатының кепілдігі, т.б.
Азаматтық қоғамда мемлекет адам мүддесі үшін жұмыс істейді, мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарына бөлініп, олардың тежемелік, тепе-теңдік жүйесі пайдаланылады.
ҚР конституциялық құрылысының мазмұны, саяси, экономикалық негіздерден, әлеуметтік саясат негіздерінен, ішкі саясат негіздерінен құралады. Олар ҚР Конституциясының 1,2,3,4,6,7,8,12,14,26-баптарында тұжырымдалған.
Конституцияның 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады», -деп жарияланған.
«Адам және азамат» деп аталатын 2-бөлімінде адам мәртебесі, жеке бастың құндылығы ашып көрсетілген. Онда жеке адамның құқықтары мен бостандықтары халықаралық құқықтың мойындалған қағидалары мен қалыптарына тікелей байланыстырылған. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мемлекет мүддесінен жоғары қойылуы Ата Заңның басты ұстанымы болып табылады.
«Президент» деп аталатын 3-бөлім мемлекет басшысы ретінде президенттің жаңа мәртебесін толық бейнелейді. Қазақстан Республикасының конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы 2007 жылғы 21 мамырдағы Заңы негізінде ҚР Президенті 5 жылға сайланады делінген. Сонымен қатар, бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды.
Бұл шектеу Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентіне қолданылмайды, делінген.
Достарыңызбен бөлісу: |