61
Мен аң-таңмын.
Ер жетіп, ауылдан ұзап кеткеніме көп жыл өтті. Анда-санда ғана
қатынап тұрамын. Елдің қадір-қасиеті əлі бұзыла қойған жоқ. Əрине,
алыстан жолаушы келген соң мал сояды, амандасуға ағайын-туған
жиналады. Сондай бірінен соң бірі сабылып жатар ауылдастарымның
ортасынан ең əуелі іздейтінім – ұршық иіріп отыратын Күлпəш еді.
Шешемнен амандығын алғашқы сұрарым да сол кісі.
– Е, ол қатынды құдай ала ма? Жүр ғой, əйтеуір, жеті күн –
жерден, жеті күн – елден жеп. – Шешемнің бұл сөзі зілсіз, ешбір
кек, жаулық тілемей айтарын білемін. Өйткені баяғыда мал сойса,
Күлпəштан қулығын асырып ым-жымын көрсетпей қоятын да, егер
келмей қалса: «Əлгі қатын қайда жүр, ауырып қалған жоқ па?» – деп,
елегізіп іздеп отырар еді. Сыбағасын сақтап, бөлек алып қоятын.
Ауылға оқта-текте бара қалсақ, «туған жердің келбеті-ай, ауасын-
ай» деп тамсанып, күні кеше ғана қашқандай болып, екі қолыңды
төбеңе қойып безіп кеткен ауылды жаңа көргендей өп-өтірік
таңырқап, тамсанып қарайтын жасанды əдетіміз бар ғой. Сондай
əрі жалған, əрі монтаны мінез маған да жұққан-ды. Тыртиған трико
киіп, қырыққан серке бұттанып, маң-маң баса өзен жаққа беттедім.
Бұқтырма барған сайын молайып, екі жағалауын кеміріп, кенересін
кеңейтіп келеді екен. Су алатын жарбақтың жиегінде екі шелекті
төңкеріп тастап, ұршық иіріп Күлпəш отыр. Кішкентай немересі
құмнан үй жасап ойнап жүр. Мені көріп, орнынан лып етіп тұрып
қарсы жүрді.
–Үйбай-оу, Орашжан-ау, қашан келіп қалғансың? Дені-қарның
сау ма? Күлия ұлы келіп көзайым болып, той жасап жатыр екен ғой.
Жүзіқара, əбден қуланып алған, мен тіпті ауыл үй отырып сезбей
қалдым.
Бетімнен сүйді.
– Түу, жүдеусің ғой. Ала қағаздың бетін айналдырамын деп азып
кетіпсің. Біздің ұл шұжықтай... Иə, оқуыңды қашан бітіресің? Онын-
шыдан соң оныншы класқа мұғалім боп жүргендер көп қой. Бітпейтін
неме болса қайтып келсеңші, жаман əкеңді жалғызсыратпай.
– Оқуымды əлдеқашан тауысқанмын, шеше.
– Енді неғып қайтпайсың?
– Қалада қызмет істеймін.
– Қызметті қайтесің. Жаман əкең отын-шөбін жеткізе алмай,
біздің ұлға сан рет келеді. Біздің ұл мықты болып өсті. Трактордың
62
құлағында ойнайды. Ептеп ішіп қоятыны бар, ол ештеңе етпес.
Қалада да қарап жүрмейтін шығар.
Мен не айтарымды білмедім. Ауылда қалып не тракторист,
не орманшы болмағаныма өзім де сан рет опынған едім... Əкем
қартайыңқырап, оның үстіне денсаулығы нашар, шаруасының қиюы
қашып жүргені рас-ты. Енді қайтейін, қаладан отын-шөп жіберетін
емес...
Бағланның төре табақ етін алдымызға енді ала бергенде, самбыр-
лай сөйлеп Күлпəш кірді.
– Ей, қатын, – деді шешеме айбындап. – Неге қуанбайсың? Жа-
ман жүрегің неге жарылмайды, ойбай? Май ішкен мысықтай, екі
көзіңді тарс жұмып жылмиып отырсың ғой. Ұлыңның келгенін неге
айтпадың? Ораш сенің ғана ұлың емес, күні кеше мұрнынан сығып
алған менің де балам. Балам болмаса – баламның жан жолдасы,
күні кеше тай-құлындай тебісіп бірге өскен. Жылқының майындай
жылбысқаланып, Орашыңның əкелген сəлем-сауқатын жалғыз өзің
жамбасыңа басып жатырсың ғой. Қысқы – қызылымыз бен жазғы –
ағымызды қылдай қылып бөліп жеуші едік. Баяғыда біреу: «Ауыл үй
қонсақ қоналық, бірақ аяқ-табақ араластырмайық» деген екен. Отыз
жыл оттас болған көршінің қақысынан қиын не бар бұл жалғанда.
Ұлың қайда? (Мені жаңа көргендей құшақтап, екі бетімнің сау-
тамтығын қалдырмай сүйді). Келші, құлыным, мауқымды басып,
шөлімді қандырып шөпілдетейін-ай. Реңің жақсы, бұрынғыдай
емес, толып, азамат болыпсың. Ай сайын ақша жіберіп, əке-шешеңді
асырап жатырсың, естімей, көрмей отырғамыз жоқ. Əлгі біздің жа-
ман ұл май-май болып, темір итаяғының астынан бір шықпайды,
жүргенінен тұрғаны көп. Көк тиын əкеліп жатқан ол емес, «апа,
бересілі болдым» деп, ашқарақ сиырдай мөңіреп тұрғаны. «Аласы-
сы» қашан, ит біле ме? Неге ауыздарыңды аңқайтып қалдыңдар, ет
жесеңдерші. Ей, шал, жамбастың етін азайтып маған берші, – деп,
салалы саусақтарын табаққа тарбайта салды.
Мен аң-таңмын.
Əкем мырс-мырс күліп, жамбасты етімен ұстата берді. Ал ше-
шем болса бір қызарды, бір сазарды. Содан соң тамағын кенеп сөз
бастады. Бейне бір бұрынғының билеріндей...
– Əй, Күлпəш, сен өйтіп бастырмалатпа. «Жуас түйе жүндеуге
жақсы» деп. Қара суымнан қалдырып көргенім жоқ, көзіңнен
шықсын. Баламның алдында жер-жебір, жекен суыма жетіп, есімді
63
шығарып жібердің ғой. Көшке берген тайыңды ал, бірдемесін өткізіп
қойғандай, ер-тоқымыңды бауырыңа алып тулағаның неткенің. Боз-
талдан шөбімді жеткізіп бер деп он рет барғанда, он күн аяғына
бас ұрғанда, төгіп-шашып əрең əкелмеп пе еді ала көз ұлың, онда
да ақысын былай алып, шөлмек-шөлмек арағымды ішкен, ол аздай,
трактормен сүзіп қораның қанатын құлатып кеткен. Бір басыңда бес
ұршық бар, бірін бере көр деп жалындым, бетпақтанып міз бақтың
ба?.. Енді келіп, екі иығыңды жұлып жеп, тамағымнан тас өткізіп,
отымның басын сабалайсың... Əдірем қал...
– Сенің де сырың белгілі. Шалым бар деп кергисің келіп, кердең-
дейсің келіп...
Мен орнымнан тұрып кеттім. Əкем: «Жетті енді, желіге
бермеңдер!» – деп, зекіп еді, екеуі... бірдей жым болды.
Сүт пісірім уақыттан кейін, жайдары жарасып, маңдайлары
жіпсіп, шай ішіп отырды. Ұзақ бір əңгімеге кеткен. Бір-біріне аса
риза көңілмен рақаттана күледі.
– Сен қатын да қайдағыны білесің,– деді Күлпəш құла шайды сорап-
тай түсіп. – Шалыңның қолын қағып көргем жоқ, сен де кеңсің ғой.
– Рас, сенен қызғанып қайтемін. Бір өтірігі жоқ, – деді шешем.
Екеуі тағы күлді. Мен аң-таңмын.
– Осы, Күлия, сен əлгі жоғалған шелегіңді таптың ба? – деді
Күлпəш.
– Жоқ, судай сіңіп, тастай батты ғой.
– Құлағыңды бері жақындатшы. – Сыбырлап сөйледі. – Тірі
адамға мен айтты деп аузыңнан шығарып, сездірме. Сенің шелегіңді
мен бір үйден көрдім.
– Қойшы əрі, рас па?
– Рас, өтірік айтсам жаным шықсын. Шелегіңнің бүйірінде
кішкене майысқаны бар еді ғой.
– Дəл өзі.
– Ендеше, сол шелек біздің үйде, Мағыштың сеңкесінде керосин
құюлы тұр екен, танып алып келдім. Тегінде, осы ауылдың бары мен
жоғын менен сұра.
Шешем Күлпəшқа қағазға орап бір асым ет беріп, ол қолтығына
қысқан олжасын зыр жүгіріп апарып тастады да, сүйектен жонып
істеген ұршығын алып құстай ұшып қайтып келе жатты.
Өте əділ айырбас, екі жақты түсінушілік жағдайда өткен бүгінгі
кеңес келесі күні басқаша сипат алған.
Достарыңызбен бөлісу: |