Әдебиеттер:
1. Е.Жұбанов Қазақтың ауызекі көркем тілі, Алматы, 1996.
2. Балақаев М. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. А, 1984.
3. Әбікенова Г.Т. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. Семей, 2006.
4. Л.Дүйсенбекова Қазақ ресми іс қағаздары. А., Ана тілі, 2005.
8-дәріс.
Тақырыбы: Функционалды стильдер. Көркемсөз стилінің ерекшеліктері. Шаршытоп алдында көркемсөз стилінде сөйлеу.
Жоспары:
Көркемсөз стилінде ойды жарыққа шығару тәсілдері.
Қанатты сөздер, плеоназм, тавтология, лаконизм, лексикалық жетімсіздік, стилистикалық қателік, экспрессивті лексика ұғымдарымен жұмыс.
Көркемсөз стилінің өзіне тән белгілері.
Көркемсөз стилінің функционалдық стильдер жүйесіндегі алатын орны.
Дәрістің мақсаты: Студенттерді экспрессивті стилистика негіздерімен таныстыру.
Дәріс мәтіні: Көркем әдебиет тілінің сөз бедері. Көркем әдебиеттегі сөз қолданысының ерекшелігі. Суреткердің сөз жұмсау шеберлігі. Өмір шындығы мен көркем қиял. Сөзбен «көркем сурет» салу өнері. Денотат және образ. Көркем әдебиет тілінің сөз бедері.
Көркем сөз бедері. Болмысты нақты, өз бедерімен бейнелеудің айрықша тәсілдері. Шығарманың эстетикалық қуаты. Бейнелеуіш құралдардың сөз бедерін түзудегі мәні. Стильдік контраст. Бөгде стильдік элементтер. Сөз әсерлілігінің сөзге, мәтінге,тарауға,бөлімге тұтас шығармаған қатысы. Фразеологизм мен күрделі сөздерді салыстыру. Мысалы, бас тарту. 1. Байсал ақсақалға қой сойып , бас тартты. 2. Бауыржан оларды қоштаудан бас тартты. Жағасын ұстау. 1. Марат келіп Мұқанның жағасынан ұстай алды. 2. Шұбар соны естіп жағасын ұстап келді (М.Әуезов).
Қазақ тілінде фразеологиялық тіркестер үшке бөлінеді: идиома, фраза және мақал-мәтелдер. Идиомалардың білдіретін мағыналарына олардың құрамындағы сөздердің мағыналары қатыспайды, мүлде басқа мағынада, сол тұрақты қалпында оды әсерлі, образды етіп айту үшін жұмсалады. Мысалы, қара қылды қақ жару, қой үстінде боз торғай жұмыртқалау, қас пен көздің арасында, қой аузынан шөп алмау, аузымен орақ ору т.б. бұл идиомалардың білдіретін мағыналары осы тіркестерді құрастырушы сөздердің мағыналарынан келіп шықпады. Мысалы, аузы-мұрны қисаймастан деген идиоманың білдіретін бір бүтін мағынасы (ұялмастан, шімірікпестен) осы тіркестің құрамындағы аузы-мұрны қисаймастан деген сөздердің білдіретін мағыналарына мүлдем сәйкеспейді.
Фраза ерікті мағынасындағы сөз бен фразеологиялық байлаулы мағынасындағы сөздің тіркесінен жасалып, өзінің даяр қалпында жұмсалады. Мысалы, мидай дала, асқар тау, шалқар көл, ата мекен, ата жау, аталы сөз, су жаңа қыпша бел т.б. осы сияқты тұрақты сөз тіркестер енеді. Идиоманың құрамындағы ерікті мағынасындағы сөз алуан түрлі сөздермен тіркесіп жұмсалуға икемді болса, фразелогиялық байлаулы мағынасындағы сөз бір не бірен-саран сөзбен ғана тіркеседі. Мысалы, мидай дала, шалқар көл деген сөздер әр түрлі сөздермен тіркесіп жұмсала берсе (жазық дала, кең дала, ұлан-ғайыр дала, терең көл, үлкен көл, кішкене көл т.б.) фразелогиялық байлаулы мағынасында мидай сөзі дала сөзімен, шалқар сөзі көл сөзімен ғана тіркеседі.
Тіліміздегі тұрақты тіркестердің бір түрі – мақал-мәтелдер. Олар халық данышпандығының айнасы. Сонау ата заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, екшеліп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалып жатқан ауыз әдебиетінің бай саласының бірі мақал-мәтелдердің ерекше қасиеті көлемінің шағындығы, мазмұнының кеңдігі, тілдің өткірлігі, мағынасының тереңдігі. Әрі ол барлық халыққа бірдей әсерлі, жалпы адамзатқа ортақ, көңілге қонымды, ұтымды келеді.
Мақал-мәтелдердің көбі өмір шындығының қорытындысы, іс-әрекеттің ережесі болып келеді. Мысалы, «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!», «Елінен безген ер оңбас, көлінен безген қаз оңбас!»- десе ата-бабамыз, қазіргі солардың ұрпағы біз оны қалай мансұқ етіп, бекер деміз?! МСақал-мәтел аз сөзді, терең мағыналы, әрі ұтымды болғандықтан, сөйлеген сөзде пайдалана білу жоғары мәдениеттілікті, ойлылықты байқатады. Өйткені «Сөздің көркі –мақал, жүздің көркі – сақал» дегендей мақал-мәтел айтылайын деген ойға мазмұндылық дарытады. Мысалы, «Шегірткеден қорыққан егін екпес», «Еңбек түбі – береке», «Еңбексіз егін бітпес, оқусыз білім бітпес» сияқты мақалдар еңбекті ұйымдастыру барысында әңгімеде пайдалану сөз мазмұнын жандандыра түседі. Осындай орынды қолданған мақал-мәтелдер ауызекі сөзді де, жазбаша сөйлеуде де шешендік, көркемдік элементтерінің бірі болғандықтан халықтың тіл байлығын қадір тұтып, тіл өнерін үйренемін деушілер оларды көп біліп, дұрыс пайдалануы қажет. Мақал-мәтел адамды образды ойлатуға үйретеді.
Қанатты сөздер. Қанатты сөздерді айтылатын оймен орайластырып дұрыс қолдана білген адамның сөзі мірдің оғындай өткір, көңілге бірден ұлай қалатын, дәл, әрі көркем болады. Бұлар бұрын-соңды шешендер мен көркем ақын-жазушылардың аузынан, қаламынан шығып жұртшылыққа тарайды да, олар бүкіл халықтың қасиетіне ие болып жалпылық сипат алады. Мысалы,, «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы», «Соқыр тауыққа бәрі бида», «Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды», «ит үреді, керуен көшеді», «Сырдың суы сирағынан келмейді» сияқты қанатты сөздерді о баста қашан? кім? айтқаны белгісіз, сондықтан олар халықтың нақыл сөздері деп айтылады. Бірқатар қанатты-нақыл сөздердің авторы белгілі. Мысалы, «Баяғы жартас бір жартас», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» (Абай), «Достың сыры досына паш» (С.Торайғыров), «Жаңылмайтын – жан, сүрінбейтін тұяқ жоқ» (Ғ.Мүсірепов).
Қанатты сөздер – ұшқыр ойдың қанаты. Айтылатын ой-пікірдің көркем бейнелеудің құралы. Оны көп біліп, сөйлеуде, жазуда сөйле алу – үлкен өнер. Қазақ халқының айқын ойлы данышпан ұлдары мен классиктері сөз шығармаларында қанатты-нақыл сөздерді мол пайдаланған. Мысалы,
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан. (Абай)
Дүниенің қазіргі кетігі көп, кез келген жерде барып қалана беруге болмайды, бірақ ұлы ақынның қалауы ол емес, халқыңа керекті кетікті толтыр дегенді білдіреді.
М.Әуезов «Абай жолы» романында Абайдың болашақтан үлкен үміт күтетін жаңашыл адам екенін көрсету үшін оған мына сөздерді айттырады:
- Арыстан айға шауып мерт болғанмен, артында жортқан баласы арыстандық етпей ме? Ақ сұңқар ауға шырмалғанмен, ұясынан ұшқан балапаны сұңқарлық етпей қоймас! – деген қазақ неткен дана! Ғ.Мұстафин «Миллионерде» Игіліктің ерте-кеші жоқ, жоспарыңызды қалдырып кетіңіз,-дейді. І.Есенберлиннің «Алтын ордасында». «Бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырма», Сұлу әйел - өмірдің көркі, ақылды әйел – үйдің көркі, опалы әйел – төсектің көркі», «Адамның катесін, білместігін кешуге болады, ал опасыздығын кешуге болмайды», «Жылан шаққан адам ала жіпті аттауға қорқады», «Антын бұзған оңбайды», «Көкті сүюге жаратылған қыран жерде жатып өлгісі келмейді», «Тарихты халық жасайды, бірақ сол тарихтың барысын жылдамдататын, не кібіртіктететін де жеке ұлы адамдар», «Жалғанда құлап қалған дәреженің биігі жаман, жаныңдай жақсы көрген әйелдің күйігі жаман» т.б.
Қорыта айтқанда, көркем тілмен бейнелеген кестелі сөздерді жазған (сөйлеген) кезде өз сөзінде пайдалану- тыңдаушының құлақ құрышын қандырып, ойына о қосып, қиялына қанат бітіреді. Сөйлеуші тіліндегі қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, ұшқыр да ұтымды афоризмдер айтылатын ойдың ажарын ашып, көркемдігін арттырады. Тыңдаушының (оқушының) зейінін өзіне еріксіз аударады.
Бақылау сұрақтары:
Көркемсөз стилінің тілдік, стильдік ерекшелігі неде?
Көркемсөз стилінің жанрларына не жатады?
Көркемсөздегі дара стиль дегеніміз не?
Әдебиеттер:
Б.Шалабай Көркем әдебиет стилистикасы. - Алматы, 2000.
Ф.Мұсабаева Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. - А, 1976.
Әбікенова Г.Т. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. Семей, 2006.
Р.Сыздықова Сөз құдіреті. – Алматы, 1997.
9-дәріс.
Тақырыбы: Ғылыми стильге қойылатын талаптар. Шаршытоп алдындағы ғылыми-көпшілік сөз.
Жоспары:
Арнаулы тіл ұғымы.
Ғылыми сөздің жанрлық, стильдік ерекшеліктері.
Ғылыми іскери сөз сөйлеудің алғышарттары мен талаптары.
Дәрістің мақсаты: Ғылыми стильдің сөз бедері ерекшеліктерін ескеріп, шаршытоп алдында ғылыми сөз сөйлеп үйрену.
Дәріс мәтіні: Ғылыми стиль. Ғылыми стильдің негіздік белгілері: қолданылатын орны, қарым- қатынас мақсаты, стильдік сипаты, тілдік амал- тәсілдері. Ғылыми еңбектердің тілдік ерекшеліктері.
Жұрт алдында сөйлеуге дайындық жолдары. Жұрт алдында сөйлеуге машықтанудың сатылары. Шешендерден үйренудің, топ алдында сөйлеп жаттығудың, есте сақтау қабілетін шындаудың қажеттілігі.
Психологиялық дайындық. Психологиялық дайындықтың рөлі, қажеттілігі. Психологиялық дайындықтың шарттары. Шешеннің өзіне сенімділігін қалыптастырудың жолдары.
Нақты сөзге дайындық. Нақты сөзге дайындықтың кезеңдері. Тақырыпты анықтаудың шарттары. Сөз мақсатын тұжырымдау. Сөдің жоба-жоспарлары. Әдебиеттермен жұмыстың жолдары. Көпшілік алдында сөйлеудің тәсілдері.
Күнделікті дайындық. Күнделікті дайындықта қажетті дағдылар. Арнайы папкілердің, күнделіктің, пікірдің, хаттың дайындықтағы рөлі, қажеттілігі. Өз сөзіне талдау жасау мен басқа шешендердің сөзіне талдау жасаудың шешендік қабілетті шыңдаудағы мәні.
Көпшілік алдында сөйленетін сөздің құрылымы. Көпшілік алдындағы сөздің бөліктері, олардың орны мен өзара сабақтастығы. Көпшілік алдында сөйленетін сөздің құрылымының бөліктерін жоспарлау.
Кіріспе бөлім, оның міндеті мен тілдік ерекшеліктері. Кіріспе сөз, оның ерекшелігі,жеке міндеттері. Кіріспе сөзде қолданылатын тілдік құралдар. Сөзді бастаудың түрлі тәсілдері.
Негізгі бөлім, оның міндеті мен тілдік ерекшеліктері. Негізгі бөлім, оның ерекшелігі, жеке міндеттері, ұстанымдары. Тақырыпқа қатысты ой -тұжырымдардың логикалық байланысы. Талдаудың логикалық тәсілдері мен материялды түсіндірудің негізгі әдістері. Сөздің логикалық, психологиялық сипаттары. Тыңдаушылардың назарын аударудын тәсілдері. Сөздің жүйелігіне кері әсерін тигізетін факторлар, оларды болдырмаудың жолдары.
Қорытынды бөлім, оның міндеті мен тілдік ерекшеліктері. Қорытынды сөздің ерекшелігі, жеке міндеттері. Ойды қорытындылау тәсілдері. Қорытынды сөздің тыңдаушыға әсері. Қорытынды сөздегі тілдік құралдар.
Сөз бөліктерін байланыстыру әдістері. Сөз мазмұнын біріктіруші тілдік құралдар. Шешеннің субъективтік көзқарасын, реттік қатынастарды білдіретін сөз орамдары. Сөздегі ойларды сабақтастырудың құралдары, ой желісін күшейтетін тәсілдер. Шешендік сөздің композициясының элементтері.
Баяндама_немесе_есеп_беру'>Баяндама немесе есеп беру - бұл ашық түрдегі, ресми хабарлама немесе мазмұны белгілі бір мәселені зерттеп, мәнін ашуға бағытталған құжат. Баяндама әрдайым құжаттық мәлiметтердiң негізінде дайындалады. Бұл іс қағазы басқармаға немесе лауазымы жоғары тұлғаға қандай да бір қызметтік ақпаратты жеткізу үшін қолданылады.
Баяндама – белгілі бір тақырып төңірегіндегі барынша кең ашылған, көпшілік алдында, көп жағдайда ауызша баяндалатын хабарлама.
Баяндаманың түпкi мақсаты – ақпарат және дерек беру, сонымен қатар мәтiнде ұсыныстар да болады.
Құжаттың құрылымы: кiрiспе, зерттеу әдiстерi, нәтижелер және талқылау.
Баяндамалардың (есеп берудің) төмендегідей түрлері бар:
ғылыми есептер-баяндамалар;
әскери есептер;
тексеріс бойынша есептер;
бағалау бойынша есептер;
несие бойынша есептер;
демографиялық есептер;
полицей есептері;
іс сапарлар есебі;
тергеу жұмысына қатысты есептер;
бюджеттiк есептер;
аудиторлық есептер;
жылдық есеп, т.б..
Ғылыми баяндамалар мазмұнының берілу әдісіне қарай ауызша, қысқаша жазбаша және толық түрдегі жазбаша болып үш түрге жіктеледі.
Ауызша баяндама. Баяндаманың бұл түрі әдеттегiдей, жазбаша баяндаманың негiзiн салушы болып табылады және оны өңдеуге көмектеседi немесе керiсiнше, iстелген жұмыстың қорытындысы ретінде есептеліп, нәтижелердi түсіндірудің тиiмдi құралы болып табылады. Ауызша баяндаманы талдап талқылауға берілген уақыттың үштен бір бөлігі ғана осы ауызша баяндаманы хабарлауға кетеді. Ал қалған уақыт баяндаманы талқылауға беріледі.
Баяндаманың мұндай түрі барынша ақпаратты, түсінуге жеңіл әрі тыңдаушының есінде тез сақталатындай болуы керек.
Жазбаша (қысқа) баяндама. Көлемі бойынша бұл баяндаманың түрi 20 беттен аспайды. Әдеттегiдей, қысқаша жазбаша баяндама зерттеу барысында өте маңызды мәлiметтi қорытып жеткізетін құжат болып табылады. Баяндаманың бұл түрінің құрылымы әдетте мынадай: кiрiспесі, мақсаты, әдiстемесі, нәтижелері, ұсыныстар.
Жазбаша (толық) баяндама. Баяндаманың бұл түрі қысқа баяндамадан баяндама мазмұнындағы зерттеу қорытындыларына негізделген мәліметтің көптігімен ерекшеленеді. Мұндай толық баяндаманың жалпы көлемі 60 бетке дейін жетуі мүмкін. Баяндаманың бұл түрін әдістемелік жағынан барынша дұрыс құрылған және оқуға жеңіл етіп жазуға тырысу керек.
Баяндаманың о р т а қ б е л г і л е р і
Баяндаманың үш түрі де белгілі бір мәліметті жетізуге байланысты дайындалады.
- баяндаманың үш түрінің де құрылымы бірдей болады.
- келтірілген фактілер нақты, дәлелді болу керек. т.б.
Студенттер тарапынан дайындалатын баяндамалар
Баяндама тақырыбы ретінде сол оқу курсының дәрiстерінде айтылмаған, талданбаған материалдар, мәселелер жеке студентке семинар сабақтарында қорғайтын өздік жұмыс ретінде беріледі. Мұндай семинар сабақтарында даярланған баяндамалар дәріс материалдарын толықтыруға және оқытушының студенттің өздік жұмысты, ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау қабілетін бағалауға мүмкіндік береді.
Студенттен өзіндік интеллектуалдық еңбекті талап ететін баяндамаларды әзірлеу төмендегідей қадамдардан (этап) тұрады:
таңдалған тақырып бойынша оқытушы тарапынан берілген әдебиеттермен танысып, оқып шығу;
сол тақырып төңірегінде айтылған әр түрлі ғылыми пікірлерді жинап, салыстыру, зерттеу;
тақырып төңірегіндегі ойын жинақтап, толық жоспар формасында логикалық құрылымын құрастыру;
баяндама мәтінін жазуда ғылыми стиль талаптарын ескеру.
Кез келген ғылыми жұмыстардың құрылымы сияқты баяндама құрылымы да дәстүрлі үш бөлікиен тұрады: кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды бөлім.
Кіріспе бөлімде баяндама тақырыбы, басқа мәселелермен байланысы, бұл тақырыптың қарастырылуы, негізгі дереккөздер беріледі.
Негізгі бөлімі логикалық жағынан нақты құрылуы керек. Мәліметтер өзара байланысты, дәлелді әрі нақты болу керек. Негізгі мәтінде айтылған ой қайталана бермеуі тиіс.
Қорытынды бөлімде тақырып төңірегінде тұжырымдар жасалып, негізгі мәселелер нақтыланады.
1-тапсырма. Жоғарыдағы мәтінді пайдалана отырып, сұрақтарға жауап беріңіз.
Сұрақтар:
Баяндама дегеніміз не, оның қандай түрлері бар?
Баяндаманың құрылымдық жүйесі қандай?
Баяндама қандай мақсатта дайындалады?
Баяндама жазуда қандай стиль қолданылады, ол стильдің ерекшелігі не?
Баяндаманың басқа да ғылыми-зерттеу жұмыстарынан өзіндік ерекшелігі неде?
– тапсырма. Кестені толтырыңыз.
1–кестедегі мәліметтерді оқып шығып, баяндаманың түрлерін, өзіндік ерекшелігін есте сақтаңыз.
Ғылыми баяндама түрлеріне қатысты мәліметтерді еске түсіре отырып, 2-кестені толтырыңыз.
1-кесте
Баяндама түрлері
|
Ауызша баяндама
|
Жазбаша (қысқа)
баяндама
|
Жазбаша (толық)
баяндама
|
Ө з і н д і к е р е к ш е л і к т е р і
|
|
|
|
О р т а қ б е л г і л е р і
|
|
Бақылау сұрақтары:
1. Ғылыми стильдің қолданыс аймағы, түрлері.
2. Ғылыми стильдің фонетикалық ерекшеліктері.
3. Ғылыми стильдің лексика-фразеологиялық ерекшеліктері.
4. Ғылыми стильдің морфологиялық және синтаксистік ерекшеліктері.
Әдебиеттер:
Б.Шалабай Қазақ тілінің стилистикасы. - Алматы, 2006.
Ф.Мұсабаева Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. - А,1976.
Әбікенова Г.Т. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. Семей, 2006.
10-дәріс.
Тақырыбы: БАҚ және тіл мәдениеті мен стилистикасы
Жоспары:
Үздік мақала жазудың талаптары.
БАҚ терминологиясы.
Мақала мәтінінің стилі.
Дәрістің мақсаты: Стилистикалық принциптері мен жазу мәдениетінің талаптарын ұстана отырып, сауатты мақала жазып үйрену. Мақала мәтінін талдап машықтану.
Дәріс мәтіні: Көркем әдебиетте бір затқа тән қасиетті басқа затқа телу арқылы сөз кестелерін көркемдеуге болады. Ондайда әдеттегіден өзгеше ойнақы тіркестер жасалады. Мысалы, Асау Терек долданып, буырқанып... дегенде ұлы Абай асау өзен Терек (өзеннің аты) сөзімен тіркестерін айту ол өзеннің көркем бейнесін көз алдына елестете қояды. Сондай-ақ асау әдетте, асау ат, асау тай, асау бел сияқты сөз тіркестерінде кездесетін болса, көркем әдебиетте асау жел (Иса), асау қиял ( Жамбыл), асау жүрек ( Абай), тәтті қылықтарын, есалаң тілек (М.Жұмабаев) тәрізді тіркестерде де кездеседі. Мұндайды метафоралық тіркес дейміз. Метафоралық тіркесті де таңдап талғап пайдаланбаса айтылатын ой бейнелі шықпай керісінше құлаққа түрпідей тиуі мүмкін. Мысалы, буаз ешкі деуге болса, буаз бұлт деу қисынға келмейді.
Әңгіме барысында сөйлеушінің, тіпті жазушы-журналистердің сөйлем құрауында әттеген-айлар кездесіп қалады. «Оңтүстік Қазақстан» (1.04.1981) газетінен байқалған тілдегі түйткілдерден мысалдар келтірейік:
1. Сүтті ұлғайтудың үш жолы бар. 2. Малшылардың үстерінде стандартты үй, алдарында жиюлы шөп. 3. Жыл бойына ешқандай шара өткізілмепті. 4. Осы өңірдегі астықшылардың алды.
Осы сөйлемдердегі әдеби тілдің нормасына мүлдем сай келмейтін сөздер бар. Мәселен, сұйық зат ұлғаймайды, көбейеді, молаяды. Олай болса, «сүтті ұлғайту» деп қолдану жауапсыздықтан туған деп білу керек.
Әдетте, қазақ алдындағы малы, басындағы үйі, деп қолданады, «үстінде стандартты үй» деп қолдану олқылық, үстінде үй емес, киім болуы тиіс. «Жиюлы шөп» емес, тіл білетін қазақ үюлі шөп деп атса керек, «шара өткізу» деп әдеби тілде айтылмады, тек «шара қолдану» деп жұмсалады. Қазақ тілінде күні бүгінге дейін «астықшы» деген сөз барын жұрт біле бермейді. Оның «диқан» деген дап-дайын баламасы бар екенін автор білсе керек.
Кейбір газеттерде (Оңтүстік Қазақстан) көптік жалғауын жөн-жосықсыз қолданушылық бар. Мысалы, өзендер суы молая түсті, көздерімізбен жер сүзіп отырмыз, ол кірпіктерін айқастырды, осау қиял алыстарға самғады, мазасыз маусымдар басталды, бетіндегі әжімдерге қарады, жыртықтарын жамай алмай жүр т.б. Міне осылардың барлығы да ана тілінің қалыптасқан құрылымына нұқсан келтіріп, тіл бұзарлыққа жол беру болып табылады. Сөйлеуші немесе жазушы сөздері бір-бірімен тіркестіргенде олардың арасындағы мағыналық жақындықтарына, қолдану ерекшеліктеріне, граматикалық сипатының сәйкестігіне сүйенеміз. Қазіргі тіл тәжірибесінде солғын тіркестер өте көп. Олардың дені орыс тіліндегі сөздерге балама жасаудан, тікелей аударудан пайда болғандар. Мысалы: алтын кітап, дөңгелек стол, ауалық клуб т.б. Ал көргенді шығарма, тиянақты табыс, үрдіс келбат, толғай табыстар сияқты тіркестер тіліміздің көркін келтіріп тұрмағаны белгілі. Бұл сөздерді еріксіз тіркестіргенмен, олардың арасында жатықтық, мағыналық үйлесімдігі жоқ. Мұндай қолданыс синтаксистік нормадан ауытқу болып табылады.
Сөздің де, сөз тіркестің де басын біріктіріп, ойды тиянақты етіп тұратын тұлға – сөйлем. Сөздерді өзара тіркестіріп мүшелік қатынастаайту арқылы сөйлем құралады. Әр сөйлемнің айтылу интонациясы болады, әр сөйлемнің кісінің тиянақты ойын хабарлайды. Сондықтан сөйлемді – адамның ойын білдірудің басты амалы деп танылады.
Қазақ тілінің синтаксистік мүмкіншіліктерін дұрыс пайдаланып, әр түрлі ойға сәйкес етіп алуан түрлі сөйлемдер құрай білу тіл шеберлігін қажет етеді. Адамның басқаға хабарлайтын пікіріміз жеке сөздермен шектелмей, ұласа айтылған көптеген сөйлемдер қатарымен тиянақталып тұрады. Сондықтан мінсіз түзілген сөйлемдер арасы өзара дұрыс болуы тиіс. Мысалы: басқаларынан оқшау қала бастаған жаралы киік оқ тигеніне қарамастан, шоқақтап келеді. Құс сияқты қанаты болмаса да, жас киік әлі ширақ көрінеді. Бірақ киік пен шапқан аттар арасында қашықтық бірте-бірте қысқара түсті (С.Бақбергенов).
Міне, осындай өзара ішкі логикалық, әрі синтаксистік байланыстағы сөйлемдерден кісі ой дәлдігін, сөз арқылы салынған сурет болса, оның эстетикалық әсерін бірден түсініп, тез сезеді. Ал өзара байланыстары айқын емес сөйлемдер білдірейін деген ой-пікірдің түсінігін ауырлатады, не мүлде түсініксіз етеді. Сөйлемдер әрі мағыналық, әрі синтаксистік байланысқа түспесе, ол ой жұтаңдығын да аңғартады. Мысалы, «Құтты қадам» әңгімеден үзінді. «Шұбатыла шөккен Қаратаудың керуен жолдарын да буылдыр белестің боз мұнар пердесі шымқап, қалың көрпесін қымтана түскен төрткүл төңіректің ұлан ұшынан сұлбалана сағым сызғандай. Қара жонданған күре жол үрдінге жасырынып, күртік қара қос жолаң қалдырған соны сүрлеу бізді де жаяу борасып жүгірген айқара атыраптың тура төріне бастап бара жатты». Ешнәрсе түсінуге болмайды.
Түсініксіз бұлдыр ойлар, бейтаныс жергілікті сөздермен қазақтың қара шаңырағы болған есіл Қаратауды қор қылған. Әрі қарай оқиық: «Еңсесін етектеген ен жайлау төрінде жамырасқан ұсақ шоқылар үстінен төнген бұл заңғар төбе кәдімгі көп таулардан болекше». Ен жайлаудың есігі мен төрі болушы ма еді? «Жамырасқан ұсақ шоқылардың үстінен төнген», «заңғар төбе» болушы ма еді? Әдетте төбе болған соң, ол заңғар болмаса керек еді, сонымен бірге, төбе шоқыдан аласа болатын еді, бұл қалай? – деген ойға түстік.
«Жазба сөз бір өңкей әскер легі де емес, қой-сиыр аралас шұбалған көш те емес, жайнап тұрған бақша да емес, өмірге түгел ортақ ой-сезімді дәлірек те толығырақ бере алатын тіл байлығы. Бұл байлықты қалай болса солай пайдалану болашақ үшін қиянат» - дейді Ғ.Мүсірепов. Бұл өте орынды пікір. Сондықтан тілді әдеби тіл нормасын сактап пайдалану қоғамның әр азаматынан талап етіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |