9
ЕУРАЗИЯ УНИВЕРСИТЕТІ
№ 12 (193),
маусым, 2015 жыл
қатынастарында және Күйгенжардағы хан ордасы
қожа Сеиід Мұхаммед–халифтың ұлы, – Алла жар болсын.
Жаћангер хан Софы қожамен бiрге өзiнiң ұлы Тәуке
сұлтанды жiбердi. Хан (Абдолла хан - Шығыс Түркiстанның
билеушiсi - Ж.А.) оны патшадай сыйлап, онымен бiрге
Қошқар бектi жiбердi. Жаћангер хан сол кезде, Құдай
рахмат айласын, Ахунд Молла Иакуб пен Жан қожаның ұлы
Вафа қожаны өлтiрдi. Осыдан кейін Жәңгір Қошқар бекпен
бірге өзінің үлкен ұлы Абақ сұлтанды жолға аттандырды. Ол
Абдолла ханның ұлы Жолбарыс сұлтанға өзінің қарындасын
ұзатып салды. Абдолла Абақ сұлтанды ерекше сыйлап,
қымбат дүниелерді көп берді» (8, с.384, 554-555).
Еуразия көшпелі елдерінің билеушілерінің қыста
оңтүстікте, қалалық өңірде қыстап, жазғы жайлауды елмен
бірге Арқада өткізетіні ертеден белгілі салт. Мәселен
Қытайдың «Ханнама» жылнамасында Қаңлы елінің
хандары туралы «Қаңлы елінің ханы қыста Логатнұқта
тұрады да, жазда Бетен даласына көшеді» дейді. Екі
арасы біраз жер, себебі Чаң-әннан (Қытайдың сол кездегі
астанасы) қаңлының қысқы жұрты 21300 ли болса, жазғы
жайлауы 9104 ли. Екі аралық шамамен 8000 ли деп алсақ,
қыстау мен жайлаудың арасы 2-3 мың шақырым болмақ.
Зерттеушілер Лоғатнұқты Шыршық өзенінің бойындағы
Қанға қаласымен, ал Бетенді Балқаш пен Арал арасындағы
өлкемен байланыстырады. Біздің пікірімізше, Бетен
Өлеңтінің Ақкөлге құяр жерінде орналасқан қалашық.
Қазақтың ұғымында Ақкөл-Жайылма аталатын құт мекенде
біз бірталай зерттеу жұмыстарын жүргіздік.
Жазғы орда ұстау дәстүрі өз кезегінде Қазақ ордасында
жалғасын тапқаны сөзсіз. Әз Тәукеге дейінгі қазақ
хандарының өмір тарихына қатысты деректерден де осы
көшіп-қонуды аңғарамыз. Мырза Хайдар «Тарихи-и
Рашиди» кітабында Моғолстан билеушісі Саид ханның
Қасым ханмен кездесуін баяндай отырып «Жаздың соңы
еді. Қасым ханның бұйрығымен қазақтар қыстауларына
қарай бағыт алды. Қасым хан (Саид ханға) «Қазіргі
уақытта Шайбанға қарсы елді көтеру қиын шаруа. Ел қысқа
дайындықты жасауы керек. Бұл кезде әскер жинау мүмкін
емес» деді. Осылайша сыпайы түрде жорыққа шығудан бас
тартты. Қасым хан ханды (Саид) үлкен құрметпен шығарып
салып, өздерінің ата қыстауларына қарай жылжыды» дейді.
Осы сияқты деректерді қазақтың әр ханына қатысты ондап-
жүздеп келтіруге болады.
Әрине, қазақ хандарының Түркістан өңірінен алысқа
ұзамай қалатын кездері де болса керек. Ол не жаугершілікке,
не жұтқа, не қысылтаяң елшілік істеріне байланысты
болама дейміз. Ондай жағдайда хан ордасы Түркістаннан
теріскейге қарай бет алып, Қаратауды жағалай көшіп
жүреді. Егер жаз уақытында сырттан келген елшіліктерді,
не ірі сауда керуендерін қарсы алу керек болса Кәрізге ақ
шаңқан үй тігіп, Бақ жаһанда қарсы алады. Бұл сонау ерте
заманда басталып ХІХ ғасырдың басына дейін жалғасын
тапқан дәстүр.
Әз Тәуке ханның жазғы ордасы Есілдің Күйгенжар
ауылынан аса беріп оңға қарай шұғыл бұрылатын жерінде,
өзеннің оң жағалауына орналасқан. Қазіргі оқырманға
түсінікті болуы үшін орда Күйгенжар ауылы мен Астана-
Қарағанды тас жолының арасында десек те болады. Әз
Тәукенің жазғы ордасын жағалай орын тепкен қорым соңғы
кезде жақсылап биік қоршалды, енді ескерткішке бәлендей
қауіп төнеді деп қорықпасақ та болады.
Әз Тәуке ханның жазғы ордасын жағалай төрт бұрышты
биік қорған соғылған. Қорғанның оңтүстік жағы 60 метрдей,
солтүстік жағы 40 метр, яғни қорған тік төртбұрыш емес, бір
жағының ені аздау. Қорғанның ұзындығы 100 метр. Бекініс
қорғанның сыртынан да, ішінен де терең ор қазылған және
ол орлар Есілмен арық арқылы жалғасады. Ендеше Есілден
не шығыр арқылы, не атпамен жоғарыға қарай су жіберіліп
тұрды деп есептеуге болады. Себебі, бекініс-қорған
орналасқан жердің деңгейі өзеннен жоғарырақ. Өзен мен
бекіністің оңтүстік-батыс мұртының арасы 50 метрдей.
Әз Тәуке ханның жазғы ордасына кіретін қақпа екеу
болған сияқты, оның бірі шығыс жақтан, яғни негізгі
дарбаза және екіншісі батыс жақтан қосалқы қақпаның
орыны көрінеді. Қорғанның ішінде ескілікті саман мен
шымнан салынған құрылыстардың орыны аңғарылады,
бірақ олардың не зират, не қоныс-жай екенін арнайы қазба
жұмыстарын жүргізбей тұрып анықтау қиын. Біз Әз Тәуке
бекініс-қорғанның ішінде он екі қанат кигіз үй тігіп отырды
деген жорамал ұсынамыз. Бүгінгі күні қорғанның бүкіл
периметрі бойынша ХХ ғасырдың басынан бастап салынған
зираттар қоршап тұр. Бірнеше құрылыс, соның ішінде
христиан бейіттері қорғанның ішіне де еніп кеткен.
Әз Тәуке ханның жазғы ордасы қауіпсіздік мәселесін
жақсы ескеріп салынғаны анық көрінеді. Біріншіден,
бекініс-қорғанның іргесі биік көтерілген, бұрыштары
қарауыл мұнара сияқты жасалған. Екіншіден, бекініс-
қорғанның ішінен де, сыртынан да терең ор қазылған
және құрылысшылар оған су жіберуді қамтамасыз еткен.
Үшіншіден, жазғы орданы батысынан және оңтүстігінен
Есілдің өзені қорғап тұр десек те болады. Жазғы орданың
негізгі қақпасы Есілден өтетін қазақтың байырғы өткеліне
бағытталған, яғни өзге елмен байланыс осы өткел арқылы
жасалғаны сөзсіз. Бұл өткелді жергілікті ел Күйгенжардың
өткелі деп атайды. Жазғы орданың шығыс және солтүстік
жақтарынан алыстан орағытқан ор кездеседі ме, оны
анықтау қазіргі уақытта қиын. Бекініс-қорғанның екі
жағынан да тас жол өтеді және соған байланысты жер бедері
қатты өзгерген.
Күйгенжарда Әз Тәуке хан ордасының болуына қандай
дәлелдер бар ?
- Біріншіден, жазғы жайлауда көшпелі жауынгер елмен
бірге болу Еуразия кеңістігін билеген басшылардың ерте
замандардан бергі дәстүрі. Қазақта «хан жайлауы» деген
ұғым бекер өмір сүрмесе керек.
- Екіншіден, Күйгенжар, Сарыоба, Ақмола арасын Әз
Тәукенің ұлы, 1729-1737 жылдары қазақтың үлкен ханы
болған Сәмеке ханның тұқымдары мекендеді. Ақмола дуаны
1832 жылы ашылғанда алғашқы аға сұлтан болған да Сәмеке
немересі Қоңырқұлжа сұлтан.
- Үшіншіден, Күйгенжар – Әз Тәукеге аталық болған
Барқы батырдың қонысы. Шежіре деректерінде Күйгенжар
өткелін «Алтай-Қарпық» өткелі деп те атайды. Аталық
Барқы батыр Алтай руының Сайдалы тармағынан шыққан
белгілі ел басыларының бірі, оның тұқым-жұрағаттары әлі
де Күйгенжар маңында қоныстанған.
- Міне, басқа әңгімелерді айтпағанның өзінде жоғарыда
аталған үш дәлел Күйгенжарда Әз Тәуке ханның жазғы
ордасы болды деген жорамалдың шындыққа келетінін
айғақтауға жететін сияқты.
Қазақты тұтас билеген Тәуке ханның 1715 жылы
өз ажалынан қайтыс болғанын осы жылы Уфаға келген
Тайқоңыр Құлтабай аталық ұлы бастаған қазақ елшілігі
мәлім етті. Елшілік Әз Тәуке ханның орнына үлкен хан
болып сайланған Қайыптың атынан келген: «Доброю воле
умре Тевке. Мухаммед хана ближней, Тайкунур-батыра
своим жалованием послом отрядили великому государю»
(7,с.125). Бұл жерде жазба дерек «Мухаммед хан» деп
Қайып Мұхаммед ханды нұсқап отыр. Тайқоңырдың Уфадан
әрі Ресейдің орталығына барған-бармағаны бізге белгісіз.
Бір өкініштісі, біз Тәуке ханның қай жерге жерленгені
туралы анық дерек білмейміз. Қазақ хан әулетінің бірнеше
ұрпағы жатқан Әзіреті Сұлтанда Әз Тәуке хан жерленді
деген дерек жоқ. Бір анығы – ханның Есіл бойындағы
Күйгенжар сияқты шүйгін жерде алтай руынан шыққан
аталықтармен бірге жаз жайлайтыны. Осыған байланысты
Әз Тәуке хан Есіл бойындағы жазғы ордасында да жерленуі
мүмкін деген жорамал бар.
Қазақтың үлкен тағына Қайып Әз Тәуке қайтыс болған
соң 1715 жылдан 1718 жылға дейiн иелік жасады. Үлкен
орданың ханы ретiнде мемлекет басқарып, халықаралық
қатынастарға белсене қатысты. Қайып ханның Уфаға,
Қазанға, Тобылға жiберген елшiлiктерi оның Тәуке ханнан
кейiнгi өкiлеттiгiн мақұлдатуға бағытталған.
Қайып бiрнеше рет батысқа қарай екпінді жылжи
бастаған Жоңғарияға қарсылық жасауға тырысты, бiрақ
барлық қимылы кері нәтижемен аяқталды. Қайып ханның
ең ауыр жеңілісі Аягөз өңiрiндегi 1717 жылғы оқиға. Бұл
оқиғаларды Ресейден арнайы Қазақ ордасына келген
Борис Брянцев елшілігі былайша суреттейді: «Қазақ
жүзінің қалмақтармен соғысы туралы Құттыбай мырза
айтты; қалмаққа қарсы шыққан қазақ әскері 30.000 адам
ішінде өзі де бар, Аягөз аталатын өзен жанында мың шақты
адам қалмақтармен кездесіп кешке дейін соғысты, ал түнде
қалмақтар ағаш кесіп, қорған жасаған; қорғанды екі күн
атқыладық. Үшінші күні қалмақтарға мың жарым адам тың
күш келіп қосылған, олар қазақтардың салықшыларының
үстінен түсті, қорыққан салықшылар қаша бастағанда
қазақ әскерлері келді; қанша қалмақ қырылғанын, өз
адамдарының қаншасынан айрылғанын білмейді: тек қалмақ
жағынан «тіл» әкелген, олар әлі де қазақтардың қолында.
Өздері танымал ақсүйектерден екі адамынан айырылған,
ал Әбілқайыр хан, тағы басқалары аман есен өз ұлыстарына
оралған. Басқа қазақтардың да айтатыны осы Құттыбай
мырзаның сөздері, тек біреуі соғыстың үшінші күнінде таң
сәріде қалмақтардың кенеттен бас салғанын, ал қазақтар
ұзын мылтықтарымен қарсы атқылағанын хабарлады.
Қалмақтар найзамен аяусыз қыра бастады, шыдамай қашқан
қазақтарды жарты күн бойы қуып отырып тағы біразын жер
жастандырды, ал қаза болғандардың қанша екенін білмеді.
Қайып хан өз ұлысына екі адаммен ғана оралған, заттарын
түгел қалмақтар тартып алған» (5, с.314).
Біздің ойымызша Қайып ханның жеңілісінің бір себебі
Сібір губернаторы Матвей Гагариннің көмек беремін деген
уәдесіне сеніп қалғандығы. Оның дәлелі осы жеңілістің
алдында Тобольскіден Қайып ханға келген елшіліктің
басшысы Никита Белоусовқа Матвей Гагарин: "Қазаққа
қанша әскер керек екенін біл, қажет болса көмекке келеміз
деп кездесетін жерін анықтай сал", – деп тапсырма берген.
Шын ниеті қазақты алдаусыратып қою: «А о войне на
контайшу говорить ему с ним, Хаип ханом, и Казачьею
ордою разговором, в какое время им послать воевать его,
тайшу, и из которых мест, дабы ему, Миките, о том у них
уведать подлинно, и в каком числе людей могут оне его,
контайшу воевать».
Қайыптың беделін түсірген, елдің берекесін кетірген
екінші соққы Арыс, Бөген, Шаян өзендерiндегi 1718
жылдардағы ұрыстарда берілді. Қазан губернаторы
Салтыковқа жазған хатында Қайып хан: «Қалмақтар екi рет
ұлысымызды талқандады» деп жазады. Осы ұтылыстардан
соң ол ру басшыларының арасында өз беделiнен айырылды,
ел бытырап жан-жаққа қарай көше бастады. Ресейге
жазған хаттарында Қайып тек қалмаққа қарсы көмек
емес, өзінен бөліне көшкен қазаққа қарсы көмек көрсетуді
сұрайды. Бiртұтас Қазақ ордасының саяси-территориялық
одақтардың (үш жүздік бөлініске сай) шекараларына сәйкес
және одан да әрі ыдырауы Қайып хан тұсында басталған
үрдіс. Қайып ханды 1718 жылдың күзінде өзімізге белгілі
Әбілмансұр - Абылайдың атасы Жолбарыс Абылай атағымен
белгілі сұлтан Орта жүз батырларының қолдауымен өлтірді.
Жаугершілік заман «Ақтабан шұбырынды - Алқакөл
сұламамен» жалғасты. Қазақтың үш жүзінің бір тудың
астында атой салған, жаугершілік арасында бейбіт күн
кешкен, Түркістанды қыстап, Есілді жайлаған Әз Тәуке
заманы ертегі-аңызға айнала бастады, ол заманның
ескерткіштері де көңілден өшіп, көзден таса болды.
Ж.О. АРТЫҚБАЕВ,
т.ғ.д., профессор
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНА 550 ЖЫЛ