|
Жоба
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2017 жылғы_________ №____________
қаулысымен
бекітілген
|
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіні
Қазақстан Республикасының орындауы
туралы екінші кезеңдік баяндама
Әдіснама
Осы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіні Қазақстан Республикасының (бұдан әрі – ҚР) орындауы туралы екінші кезеңдік баяндама (бұдан әрі – баяндама) Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің 16 және 17-баптарына сәйкес ұсынылады.
Шолуда Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитеттің 2010 жылғы 3-21 мамыр аралығында өткен 44-сессиясында берілген қорытынды ескертпелерде ұсынылған ұсынымдарды іске асыру нәтижелері баяндалады.
Талдау кезінде мемлекеттік органдар қабылдаған ресми құжаттар, статистикалық ақпарат, мақалалар, баяндамалар және ресми көздерден алынған өзге де ақпараттық-талдамалық материалдар, оның ішінде үкіметтік емес (бұдан әрі – ҮЕҰ) және кәсіподақтық ұйымдардың материалдары пайдаланылды.
Баяндаманы дайындау процесінде мемлекеттік органдардың, БҰҰ Даму Бағдарламасының (бұдан әрі – БҰҰДБ), ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен талқылаулар өткізілді.
1-қосымшада ҚР-ның 2010-2015 жылдардағы негізгі
әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері көрсетілген.
Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі комитеттің 44-сессиясында берілген ұсынымдар бойынша баяндама
7-ұсыным
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 2-бабының 3-бөлігіне, Азаматтық процестік кодексінің 2-бабының 3-бөлігіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 1-бабының 4-бөлігіне, Қылмыстық кодексінің
1-бабының 3-бөлігіне сәйкес ҚР ратификациялаған халықаралық шарттар көрсетілген кодекстер алдында басымдыққа ие және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайлардан басқа тікелей қолданылады.
Адам құқықтары саласындағы ратификацияланған халықаралық шарттар нормаларының дұрыс және біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында ҚР Жоғарғы Соты «ҚР халықаралық шарттарының нормаларын қолдану туралы» 2008 жылғы 10 шілдедегі нормативтік қаулыны қабылдады, бұл да халықаралық шарттарды практикада қолдануға мүмкіндік береді.
ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясы аясында халықаралық актілерді, оның ішінде Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіні зерделеу сабақтарының тақырыптары қарастырылған.
Статистикалық нысандарда республика соттары қараған, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы пактіге сілтемелері бар істерді жеке есепке алу көзделген.
Сот жұмысының қағидаттары сот төрелігін іске асыру мәселелеріне қатысты қолданыстағы заңнаманың нормаларын бұлжытпай қолдануға, халықаралық шарттардың нормаларын сақтауға негізделетінін атап өту қажет. Халықаралық шарттардың ережелері ұлттық заңнамаға имплементацияланған және судьялар оларды қолдана отырып халықаралық нормаларды тікелей іске асырады.
Сот актілерінде халықаралық шарттарға, оның ішінде Пактіге сілтемелер көрсету мәселесі бойынша жұмыс жалғасуда.
8-ұсыным
Адам құқықтары туралы хабардарлықты арттыру мақсатында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің (бұдан әрі – АҚУ) сайты жұмыс істейді,
АҚУ-дың бюллетені, ақпараттық жадынамалары тұрақты негізде шығарылады. Омбудсмен қызметі ашық және БАҚ-тарда кеңінен жарияланады. Адам құқықтары, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, мәдени құқықтары саласындағы ақпараттық материалдарды АҚУ мекемесінің қызметкерлері өңірлердегі әлеуметтік, білім беру, балалар, пенитенциарлық мекемелерге барғанда таратады.
АҚУ қызметі туралы жыл сайынғы есепте лауазымды адамдарға жолданған барлық өтініштер мен ұсынымдар көрініс табады.
Ұлттық құқық қорғау мекемелері (Уәкіл және ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия) халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық аясында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері үшін адам құқықтары саласындағы оқыту
семинар-тренингтерін өткізеді.
Сонымен қатар АҚУ мекемесінің қызметкерлері келіп түсетін шағымдарды қарау кезінде, азаматтарды жеке қабылдау барысында азаматтарға олардың құқықтарын, құқықтарды қорғау амалдарын түсіндіреді.
2010-2015 жылдар ішінде Омбудсменнің мекенжайына азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарының бұзылуы туралы 2 566 өтініш түскен, АҚУ мекемесінің қызметкерлері Қазақ саңыраулар, соқырлар қоғамының 115 медициналық-әлеуметтік, балалар ұйымына, оқу-өндірістік кәсіпорнына мониторинг жүргізу мақсатымен барды. АҚУ мекенжайына келіп түскен азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарының бұзылуы туралы өтініштер жөніндегі 2010-2015 жылдарға толық ақпарат 3-қосымшада көрсетілген.
ҚР халқының негізгі құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету және қорғау жөнінде ҚР қабылдайтын шаралар туралы ақпараттандыру бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, 2015 жылы жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша республикалық және өңірлік БАҚ-тарда адам құқықтары жөнінде
3663 материал жарияланған. Оның ішінде республикалық электрондық БАҚ телеарналарында – 322 материал, баспа БАҚ-тарда – 479 мақала,
интернет-ресурстарда – 825 жарияланым, өңірлік БАҚ-тарда – 2037 материал берілген.
Бұдан басқа 2015 жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырысты
4 этникалық БАҚ 4 тілде орындады және мемлекеттік телеарналар 3 тілде, радиоарналар 9 тілде таратты.
9-ұсыным
Оқушылардың адам құқықтары саласындағы білімі, олардың экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары 9-11 сыныптарда
34 сағат көлеміндегі «Адам. Қоғам. Құқық» пәнін, 5-9 сыныптарда «Өзін-өзі тану» пәнінің бағдарламасын меңгеру процесінде қалыптасады. Мәселен,
7-9 сыныптарда «Өзін-өзі тану» пәнінің шеңберінде «Адам және қоғам» бөлімі оқытылады.
Сот жүйесі қызметкерлерінің және балалармен жұмыс істейтін мамандардың хабардарлық деңгейін арттыру ҚР Үкіметінің 2012 жылғы
2 наурыздағы № 285 қаулысымен бекітілген ҚР азаматтарының құқықтық мәдени деңгейін арттыру жөніндегі 2012-2014 жылдарға арналған кешенді жоспарда көзделген. Бұдан басқа ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 29 қарашадағы
№ 1116 қаулысымен бекітілген «Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған бағдарлама» іске асырылды.
Аталған құжаттарға сәйкес құқықтық мәселелерді, Конвенцияларды меңгеру құқық қорғау органдары мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламаларында да көзделген.
Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) жоғары оқу орындарында (Алматы, Қарағанды, Қостанай академиялары, Ақтөбе заң институты) «ІІО-ның адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі қызметі» пәндері оқытылады.
ІІМ мен ІІД оқу орталықтарындағы сабақтарда адам құқықтары саласында ҚР ратификациялаған халықаралық Конвенцияларды және шарттарды зерделеу жүргізіледі.
Халықтың полицияға деген сенім дәрежесін арттыру мақсатында 2014 жылдың басынан бері ІІМ-де барлық елге арналған 1402 бірыңғай хабарласу нөмірі бар бірыңғай сенім телефоны (Call-center) жұмыс істейді. Енді әрбір азамат Қазақстанның кез келген жерінен «сенім телефонына» тегін қоңырау шалып, ішкі істер органдары қызметкерлерінің тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық фактілері және басқа да бұзушылықтар туралы хабарлай алады.
Бұл шараның адам құқықтарының бұзылуына жол бермеу жөніндегі полиция қызметкерлерінің әрі қарайғы әрекеттеріне пәрменді ықпалы бар.
10-ұсыным
2012 жылы АҚУ Ұлттық құқық қорғау мекемелерінің халықаралық үйлестіру комитетінде «В» мәртебесін алды.
Қазақстан Республикасының Конституциясында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін бекіту Қазақстан Республикасының ұлттық құқық қорғау институтын Париждік қағидаттарға сәйкес келтірудегі, адам құқықтарының ұлттық жүйесін нығайтудағы маңызды қадам болып табылады.
АҚУ қызметі төмендегідей бірқатар Париж қағидаттарына сәйкес келетінін атап өту қажет:
1) АҚУ-ды Парламент Палаталарымен келісім бойынша Президент бекітеді. Басшылыққа алынатын құжатта АҚУ-ды лауазымынан босату негіздерінің түпкілікті тізбесі келтірілген;
2) АҚУ-ға адамның құқықтары мен бостандықтарына қатысты кез келген ақпаратты лауазымды адамдардан сұрату, мониторинг жүргізу мақсатында мекемелерге, оның ішінде жабық мекемелерге бару, үлкен қоғамдық маңызы бар жағдайларда Президентке, Парламентке және Үкіметке жүгіну құзыреті берілген;
3) АҚУ мекемесі өтініштерді барлық аумақтық бірліктерден, оның ішінде өз интернет-ресурсы арқылы алады және қарайды. Қазіргі уақытта АҚУ өңірлік өкілдіктерін құру мәселесі пысықталуда;
4) АҚУ мемлекеттік органдарға ұсынымдар жолдайды. ҚР Президентіне жолданатын Қызметі туралы жыл сайынғы есепте АҚУ жолдайтын барлық өтініштер мен ұсынымдар көрсетіледі, бұл олардың іске асырылуының бақылануына кепілдік береді;
5) АҚУ азаматтық қоғам институттарымен де, халықаралық ұйымдармен де мәселелердің кең спектрі бойынша белсенді ынтымақтасады;
6) АҚУ қызметі ашық әрі БАҚ-тарда және Уәкіл сайтының (ombudsman.kz) беттерінде кеңінен жарияланып отырады;
7) АҚУ әзірлеу және Парламенттің қабылдауы деңгейінде адам құқықтары саласындағы нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындауға және талқылауға қатысады;
8) АҚУ адам құқықтарының бұзылуы туралы жеке шағымдарды қарайды;
9) АҚУ адам құқықтарының бұзылу жағдайларын қарауға бастама жасайды;
10) АҚУ өз қызметінде тәуелсіз және бір де бір заң шығарушы, сот және атқарушы билік органына бағынбайды, олардың құрамына кірмейді және олардың құрылымдарына жатпайды;
11) АҚУ-дың жыл сайынғы есебі баспа түрінде жарияланады және
АҚУ-дың сайтында еркін қолжетімділікте орналасады.
Әлеуметтік және экономикалық құқықтарды қорғау мәселелері АҚУ қызметінде басым болып табылады. Атап айтқанда, АҚУ мүгедектерді қоғамдық-саяси өмірге тарту, еңбек және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және еңбек қатынастарын үйлестіру, балалардың құқықтарын қорғау, мәжбүрлеп қоныс аудартудан азаматтардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушыларды қайта әлеуметтендіру және еңбек арқылы оңалту және басқа да мәселелер бойынша бастамашылық етті.
11-ұсыным
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
Мемлекеттік саясат басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жүйелі шаралар әзірлеу болып табылады.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) құрылды, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды іске асырады.
Ол үшін Агенттік құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаменті құрылды.
Агенттік құрылымында осы салада құқық қорғау қызметін жүзеге асыратын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (бұдан әрі – Бюро) құрылды.
Бюро сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған адамдарға әкімшілік іс жүргізуді және қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін жеткілікті өкілеттіктер кешеніне ие.
Бұдан өзге, Мемлекет басшысы жариялаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру үшін 2015 жылғы қарашада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы қабылданды (жаңа редакцияда).
Заңға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар (жаңа Заңның 22-б. 1-т.), оның ішінде прокуратура органдары да жүргізуге міндетті.
Олардың осы саладағы өкілеттіктері Қылмыстық-процестік кодексте және «Прокуратура туралы» ҚР Заңында регламенттелген.
Демек, прокуратура органдарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қажетті өкілеттіктер кешені берілген.
БҰҰ ұсынымдарын іске асыру және қылмыстық-құқықтық шараларды қолдануды азайту мақсатында уәкілетті орган қызметіндегі басымдықтар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ығысқан.
Ол үшін жаңа Заңмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және стандарттар, сыбайлас жемқорлық қатерлерін талдау секілді құралдар енгізілген.
Қаржылық бақылау шаралары кеңейіп келеді, егер бұрын декларациялауға тек мемлекеттік қызметшілердің мүлкі жататын болса,
2020 жылдан бастап бұл институт еліміздің барлық азаматтарына қолданылатын болады (ҚР азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар адамдардың кірістерін және мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру тұжырымдамасы).
Бұл ретте есепке тек шығыстар ғана емес, кірістер де алынатын болады.
ҚР қылмыстық заңнамасы тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралды.
2015 жылы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін бас бостандығынан айыруға қатысты емес баламалы жаза түрлері енгізілді (еселі айыппұлдар).
Бұл шаралар 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған ҚР құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қабылданды.
Сонымен қатар жаңа Қылмыстық кодекс бойынша жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарға мерзімнің ескіруі қолданылмайды, шартты түрде соттауға тыйым салынды, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығына өмір бойына тыйым салу енгізілді.
Осы жылдары сот жүйесінде жемқорлық қылмыстар нөлдік деңгейге жеткізілгені аса маңызды.
Мәселен, сот жүйесінде 2013 жылы 15 қылмыс анықталды, 4 судья сотталды; 2014 жылы – 7 қылмыс, 5 судья сотталды; 2015 жылы сотталған судьялар жоқ.
Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес халықтың сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілігін қалыптастыру жөнінде белсенді шаралар қабылдануда.
Бұл тапсырманы іске асыруға алғаш рет заңнамалық деңгейде бекітілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауатты арттыру институты ықпал етуде.
2015 жылы республикалық және өңірлік телеарналарда қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін арттыруға бағытталған
3 369 бейнесюжет көрсетіліп, радиодан 4 840 ақпараттық хабарлама дыбысталды.
Баспа БАҚ-тарда 6 135 мақала, интернет кеңістігінде және әлеуметтік желілерде, сондай-ақ ақпараттық агенттіктердің сайттарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта 8 549 мақала мен қысқаша баспасөз хабары шығарылды.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің ертерек алдын алу үшін жаңа Заңмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар институты енгізілді.
Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған, әрбір қоғамдық қатынастар саласына арналған ұсынымдар жүйесі.
Стандарттарды әзірлеу міндеттемесі мемлекеттік органдарға, квазимемлекеттік сектор ұйымдары мен субъектілеріне жүктелген.
Сондай-ақ Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының бірі ретінде «мүдделер қақтығысын» болдырмау және оны шешуді бекіту жаңашылдық болып табылады.
Бұдан бұлай сыбайлас жемқорлықпен күрес тек мемлекеттік емес, жеке секторда да жүзеге асырылады.
Оған қоса, 2017 жылдан бастап жыл сайын Мемлекет басшысының қарауына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама енгізілетін болады.
ҚР мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін жетілдіру бойынша жүйелі және кешенді шаралар қабылдауда.
Мемлекеттік аппараттың жалақысын кезең-кезеңімен, үнемі көтеріп отыру мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік өзін-өзі сезінуін арттыруға және олардың өз міндеттерін адал әрі әділ негізде орындауы үшін жағдайлар жасауға бағытталған.
ҚР құқық тәртібі органдарына деген сенім деңгейін арттыруға, мінсіз жүріс-тұрысымен және біліктілігінің жоғары деңгейімен ерекшеленетін персоналды қалыптастыруға бағытталған шараларды әзірлеуде.
Ол үшін құқық қорғау қызметіне үміткерлерді іріктеу тәртібі қайта қаралды.
Бұдан былай қызметке түсу үш кезеңнен өту жолымен конкурстық тәртіпте жүзеге асатын болады.
Бұл – заңнаманы білу деңгейін тестілеу, жеке бас ерекшеліктерін және кәсіби құзыреттілігін бағалау, сондай-ақ үміткермен сұхбат.
Бұл ретте құқық қорғау органдарын кезең-кезеңімен қарусыздандыру, сондай-ақ құқық қорғау қызметінің стандарттарын мемлекеттік қызмет стандарттарына сай келтіру шаралары қабылданады.
Сонымен қатар құқық қорғау органдарының қызметкерлерін аттестациялау бойынша жаңа тәсілдер енгізілуде.
Сот жүйесіне деген сенімді арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде оның рөлін күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Судьялар корпусын қалыптастыру тетігін жетілдіру, электрондық сот ісін жүргізуді дамыту, оның ашықтығы мен қолжетімділігі деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылданды.
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» жаңа Заңның қабылдануымен әрбір адам заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға өзінің конституциялық құқығын іске асыра алады.
Ол үшін көп нәрсе жасалды. Бұдан бұлай азамат тікелей мемлекеттік органға тікелей жүгіне, сондай-ақ ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып ақпаратты алып, тарата алады.
Олардың қатарында Электрондық үкімет порталы, мемлекеттік органдардың интернет ресурстары бар.
Сондай-ақ бұл құқық 2015 жылы қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңының шеңберінде іске асырылады.
Заңда қоғамдық кеңестердің халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, барлық деңгейлердегі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметін ұйымдастыру айқындалған.
Азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпаратты кедергісіз, оның ішінде сенім телефондары мен мемлекеттік органдардың веб-сайттары арқылы беруі үшін жағдайлар жасалған.
Еліміздің инвестициялық тартымдылығын күшейту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті, халықтың мемлекеттік қызметтерді сапалы және тез алуын қиындататын әкімшілік кедергілер жойылуда.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша ұсынымдарды сыбайлас жемқорлық қатерлеріне сыртқы талдау жүргізу және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы бақылау қызметінің қорытындылары бойынша уәкілетті орган әзірлейді.
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның және «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заңның қабылдануымен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру үшін жағдайлар жасалды, рұқсаттар саны мен қызметтің лицензияланатын түрлері күрт азайды.
Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімділігін бағалау және оның сапасын сыртқы бақылау жүйесі қалыптастырылды.
Атқарылған жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдерін бұзу саны (2012 жылмен салыстырғанда 8,7 есеге) және оларды көрсету сапасына шағымдардың саны (25 %-ға) жыл сайын төмендеп келеді, сондай-ақ автоматтандырылған қызметтердің үлесі (2 еседен астам) және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілетін қызметтердің үлесі (51 %-ға) ұлғайды.
Мемлекеттік сатып алуларды автоматтандыру деңгейі артуда, бұл бәсекеге қабілетті ортаның қалыптасуына, бюджет қаражатының ашық және тиімді игерілуіне ықпал етеді.
Экономиканың мемлекеттік емес секторында кәсіпкерлік қызметті жүргізу, халықты жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту үшін қолайлы жағдайлар жасалды.
Жалпы алғанда, аталған шараларды қабылдау ҚР-ға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет деңгейі бойынша Орталық Азия өңірінде де, ТМД елдері арасында да көшбасшы орындардың бірін иеленуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта ҚР-да 10 жылдық кезеңге есептелген (2015 жылдан 2025 жылға дейін) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия іске асырылуда (ҚР Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығы).
Стратегия мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын қалыптастыру арқылы бүкіл қоғамды осы қозғалысқа тартуға бағытталған.
Сондай-ақ ҚР Үкіметі Стратегияға қол жеткізу жөніндегі
іс-шаралар кешенін айқындады.
Іс-шаралар жоспарының сапалы орындалуын бақылауды Үкімет, сондай-ақ құрамына ҮЕҰ, БАҚ және басқа да азаматтық қоғам өкілдері кіретін Арнайы мониторинг тобы жүзеге асырады.
Сот жүйесін дамыту
ҚР-да сот жүйесін жетілдіру бойынша бірізді іс-шаралар жүргізілуде.
Бүкіләлемдік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің 2014 жылы жарияланған рейтингіне сәйкес «Сот тәуелсіздігі» көрсеткіші бойынша 2011 жылы 111 орында болған Қазақстан өз көрсеткіштерін 25 тармаққа жақсартып, 240 елдің ішінде 86-орынға ие болды. 2015 жылы ҚР өз көрсеткіштерін 2011 жылмен салыстырғанда 39 тармаққа, 2014 жылмен салыстырғанда 14 тармаққа жақсартып, аталған көрсеткіш бойынша 72- орынға тұрақтады. Одан басқа, ҚР Дүниежүзілік Банктің сот жүйесінің даму жағдайын және сот шешімдерінің орындалуын бағалайтын «Doing Business» рейтингіндегі «Келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индикаторы бойынша (үш параметрден тұрады: «уақытша шығындар», «қаржылық шығындар» және «сот өндірісі сапасының индексі») 189 елдің ішінде 9-орынға ие болды.
ҚР Судьялар одағын әлемдегі сот төрелігі туралы БҰҰ бағдарламаларымен жұмыс істейтін Халықаралық судьялар қауымдастығының (ХСҚ) 2011 жылы толық құқылы мүшесі ретінде қабылдауы ҚР жүргізетін судьялардың тәуелсіздігін нығайту жөніндегі жұмысты тану болып табылды. ҚР Судьялар одағының ХСҚ-ға кіруі ҚР сот жүйесі негізгі индикаторлар бойынша халықаралық сот төрелігі стандарттарына сәйкес келетінін растайды.
Аудандық соттармен қатар мамандандырылған ауданаралық экономикалық, әкімшілік және қылмыстық соттар, әскери соттар, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар құрылып, толыққанды жұмыс істеуде. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап инвестициялық даулар бойынша бөлек сот өндірісі құрылды.
Азаматтық сот өндірісін жаңғырту мақсатында 2015 жылғы
31 қазанда ҚР жаңа Азаматтық процестік кодексі (АПК) қабылданды. Жаңа кодекс заңның үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі институционалдық реформа шеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында орын алған бірқатар шаралардың іс жүзінде іске асуын қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, сотта азаматтық-құқықтық даулар бойынша прокурордың қатысуын қысқарту, барлық сот процестерін аудиобейнефиксациялауды енгізу, инвестициялық дауларды қараудың жаңа тәртібі туралы нормалар енгізілуде.
Сот отырысы хаттамасын жасау сапасын арттыру үшін соттарда заманауи технологиялар негізінде электрондық хаттама жасау мүмкіндігімен сот процестерін аудиобейнефиксациялау (АБФ) жүйелері орнатылған. Республикада 2015 жылдың қорытындысы бойынша залдарды жаңа АБФ жүйесімен жарақтандыру 73,6 %-ды құрады, 2016 жылы жаңа АБФ жүйесімен барлық соттар жабдықталды.
2011 жылы сот дауларын шешуді сотқа дейінгі қалпына келтіру тәсілі ретінде медиация институты енгізілді. Жаңа АПК-да сонымен бірге қалпына келтіретін сот төрелігінің дамуына, соттардың жүктемесін азайтуға ықпал ететін медиация институтының одан әрі дамуы және бiтiстiру рәсiмiнің жаңа түрі – сотта судья жүргізетін медиация көзделген.
Медиатор да, сот та жүргізетін медиациялардың іске асуын соттарда жүргізілетін эксперимент растады. 2014 жылы 9000-нан астам медиативті келісім жасалды, бұл кемінде 18000 азаматтың татуласқанын білдіреді.
Сот құрылысын оңтайландыру жөніндегі жұмыстың қисынды жалғасы ретінде 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап «ҚР Қылмыстық,
Қылмыстық-процестік және Азаматтық процестік кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қолданысқа енгізілді. Сот сатыларының санын оңтайландыру жүргізілді және үш деңгейлі сот жүйесі құрылды: бірінші саты – аудандық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық саты – Жоғарғы Сот.
2014 жылдың шілде айында халықаралық практикада кеңінен қолданылатын бірнеше жаңа институттар мен нормаларды, атап айтқанда қылмыстық теріс қылықтар, тергеуші судьялар, процестік келісімдер, пробация институттарын, бас бостандығынан айыруға балама жазаларды кеңінен енгізуді, сотталғандарды электрондық бақылауды (электрондық білезік) және т. б. көздейтін жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстері қабылданды.
2015 жылғы 31 қазанда «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігі жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды. Заң, сондай-ақ сот өндірісін және азаматтық процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында кейбір заңнамалық актілердің нормаларын 2015 жылғы 31 қазанда қабылданған ҚР Азаматтық процестік кодексіне сәйкестіндіруге бағытталған.
2015 жылғы 31 шілдеде «ҚР сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін Конституциялық Заңға қол қойылды. Осы заңда кемінде он бес жыл судьялық жұмыс өтілі бар отставкадағы судьяға зейнет жасына жеткенде өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төленетіні көзделген.
2015 жылғы 4 желтоқсанда «ҚР кейбір конституциялық заңдарына Жоғары Сот Кеңесі, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңы қабылданды. Аталған заңмен отставкаға шығу үшін судьялық жұмыс өтілін ұлғайту бөлігінде түзетулер енгізілді, отставкадағы судьяның өмір бойғы ай сайынғы қамтылымын тоқтата тұру және қайта бастау мәселелері реттелді. Сондай-ақ Конституциялық Заң сот жүйесіндегі кадр жұмысын жетілдіруге, судьялардың тәуелсіздігін арттыруға, Жоғары Сот Кеңесінің қызметін жаңғыртуға бағытталған түзетулерді көздейді. Оған қоса судьялыққа үміткерлердің біліктілік талаптары және оларды іріктеу тетігі қатаңдатылды.
Жоғарғы Сот жанынан негізгі мақсаты республиканың
сот-құқықтық жүйесіне халықаралық сот төрелігі стандарттарын енгізу, сот қызметін құқықтық реттеуді жетілдіру және соттардың құқық қолдану практикасын қамтамасыз ету болып табылатын Халықаралық кеңес құрылды.
Достарыңызбен бөлісу: |