1. Пәнаралық байланыстарды жүзеге асыруға арналған әдістемелік нұсқаулар
11 сыныптың физика курсындағы пәнаралық байланыстар басқа сыныптардағыға қарағанда неғұрлым алуан түрлі. Бұл физиканың қазіргі бөлімдерінің материалдары мазмұнының («Электромагниттік индукция», «Электромагниттік тербелістер», «Электромагниттік толқындар», «Салыстырмалылық теориясының элементтері», «Кванттық физика») көптеген басқа ғылымдармен, ең бастысы – математикамен және жаратылыстану ғылымдарымен (биология, химия, астрономия) тығыз байланысатын ерекшеліктеріне байланысты. Өрістің материялылығы, физикалық теориялардың шынайылығы, олардың байланысы мен сабақтастығы, ғылым ретіндегі физиканың практикамен байланысы туралы дүниетанымдық сипаттағы білімдер материя ұғымын, дүниенің танымдылығы туралы қағидаларды пайдалана отырып қалыптастырылады.
11 сыныптың физика курсындағы пәнаралық байланыстарды жүзеге асыруда мектепте оқытылатын жалпылама ғылыми идеялардың, жалпылама ұғымдар мен ғылыми әдістердің, мысалы: математикадағы гармониялық тербелістер мен физикадағы «Электр тербелістері» тақырыбын оқытудың бірыңғай тәсілі; математика мен физикадағы симметрия әдісі; атом және атом ядросы құрылысын физика мен химияның қазіргі заманғы ғылыми көзқарастары негізінде оқып-үйрену; спектрлік талдау әдісі және физика мен астрономиядағы оптикалық құралдарды пайдалану және т.б. әдіс-тәсілдерді пайдаланудың аса үлкен маңызы бар. Әсіресе, «Әлемнің физикалық бейнесі», «Физика және ғылым мен техниканың дамуы» тақырыбындағы қорытындылаушы дәрістерде физикадан және басқа іргелес пәндер бойынша бөлшектеніп берілетін білімдердің синтезделетіні маңызды.
Физика оқу бағдарламасының «Пәнаралық байланыстар» рубрикасында тірек білім болып табылатын көптеген мәселелер көрсетілген.
Тербелістер мен толқындардың ерекшеліктерін зерделеу барысында гармониялық функциялардың қасиеттері мен графиктері, туынды ұғымы мен осы функциядан туынды алу ережелері (математика, 9-10 сыныптар), физиканың XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы жетістіктері туралы білімдер пайдаланылады. Салыстырмалылық теориясының элементтерін өткенде 9 сыныпта физика сабақтарында алған механикалық қозғалыстың салыстырмалылығы, масса, энергия ұғымдары, денелердің өзара әсері туралы білімдер әрі қарай дамытылады.
11 сыныптағы физика сабақтарында жарықтың әсерін өткенде жарықтың биологиялық әсері (биология, 7 сынып), рентген сәулелерінің жасушаның мутациясына әсері, инфрақызыл және ультракүлгін сәулелердің тірі организмдерге әсері (биология, 10 сынып), метанды хлорлау реакциясының ерекшеліктері (химия, 10 сынып) туралы білімдер пайдаланылады.
Атом ядросы физикасының материалдары бойынша білімдерді қалыптастыру Менделеевтің элементтердің периодтық жүйесі, изотоптар мен атом ядроларының құрамы (химия, 8 сынып), палеонтологиядағы уақыт аралықтарын өлшеудің радиациялық тәсілдері және иондаушы радиацияның мутациялық әсері (биология, 10 сынып), ғылымның атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданудағы жетістіктері (тарих, 11 сынып) туралы білімдерді пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Атом ядросын оқып үйрену кезінде оқушылардың алғашқы әскери дайындық курсынан (10 сынып) алған өткір радиация, радиоактивтік зақымдану, сәулелену дозасы, иондаушы камера мен газразрядты есептеуіштің жұмыс істеу принципі туралы білімдерін пайдаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |