Үшінші кезеңге Қытайдағы, Түркиядағы, Швециядағы қазақ қоғамының тарихын және 1980 ж.ж. даму деңгейін зерттеген батыс тарихшылар, этнологтар зерттеулерін жатқызуға болады. Бұл ғылыми зерттеулер Швецияның Упсалыдағы университетте көпұлтты мәселелерді зерттеуге арналған Орталықтың арқасында мүмкін болған. Орталық Қытай мен Түркиядағы қазақтарды әр түрлі тарихи кезеңдер мен әр түрлі әлемнің елдеріне ірі масштабты миграциялар нәтижесінде саяси қашқындар, ресми немесе тәуелсіз мигранттар, еңбек иммигранттары секілді әлеуметтік статустарға ие болған этникалық азшылық ретінде зерттеу жобасын қаржыландырды. Осы бағыттағы әсіресе, екі монографияға көңіл бөлу керек. Бірін профессор Линды Бенсон, екіншісін доктор Ингвар Сванберг жазған.
Окландский университетінің (АҚШ, Рочестер) профессоры Линды Бенсонның және швед ғалымы Ингвар Сванбергтің «Казахи Китая» атты Упсалыда 1988 ж. жарық көрген монографиясына Шыңжандағы этникалық азшылық және оларға қатысты қытай өкіметінің ұстанған саясаты, Қытайдағы 1980 ж.ж. батыс ғалымдары жүргізген тарихи және этнографиялық зерттеулері туралы мақалалар кірген. Зерттеу сонымен қатар қытай, монғол, түрік, ағылшын, неміс және басқа тілдерде жазылған деректер мен ғылыми әдебиеттер ортасы, өткен тарихшы және синологтар – Оуэн Латтимор, Дж. Мосли, Годфри Лиас, Эйчен К.Ву және басқалары жетістіктерін кең көлемде тартты. Аталған және сонымен қатар И.Сванбергтің «Казахские беженцы в Турции» деген монографиясының құндылығы сол авторлар еңбекті жазу барысында Шыңжан мен Тайванда далалық жұмыстар кезінде осы елдердегі қазақ қоғамының қазіргі даму жағдайы туралы жинақтаған фактілі материалдарын, сонымен қатар ҚХР-ның, Тайванның, АҚШ-тың мұрағат қорларының құжаттарын кеңінен тартқан.
Бір жылдан соң Упсалыда Ингвар Сванбергтің «Казахские беженцы в Турции. Изучение процесса культурного выживания и социальных изменений» атты монографиясы жарық көрді. Еңбекті автор оқиғаға қатысқан Халиф Алтай, Хасен Оралтай және Қызырбек Ғаритолла мемуарларына, сол кезде Түркияда, МХР, ФРГ, Швеция мен Тайванда өмір сүрген қазақ респонденттерінен алынған интервьюлеріне сүйеніп қазақтардың өз Отанын тастап Үндістан мен Пәкістанға қашуы, содан соң әлемдік қоғамның көмегі арқасында, ең алдымен түрік үкіметінің көмегімен Түркияға келуі, осында түрік қоғамына сіңісуі мен онда жемісті қызмет етуі туралы жазған. Монографияда негізгі қарастырылған мәселе Орталық Азияның қазақ көшпенділерін Үндістан мен Пәкістандағы фермерлер мен қолөнершілерге, кейін Батыс Еуропа мен Американың жалдамалы жұмысшылары мен қызметкерлеріне трансформациялануы мәселесі.
1990 ж. АҚШ-та профессор Линды Бенсон «Илийское восстание: мусульманский вызов Китайским властям в Сяньцзяне, 1944-1949» атты монографиясын Пекиндағы Ұлттық кітапханада, АҚШ-тың Ұлттық мұрағатында, Вашингтондағы АҚШ Конгрессінің кітапханасында, Орталықазиялық ғылыми зерттеу орталығының Британ кітапханасында, Лондон университетінің Шығыс және Африкалық Зерттеу Мектебінде жинақталған қытай, орыс, түрік, ағылшын және американ деректерін, сонымен қатар Лидский университетінде (Ұлыбритания) сақталған Оуэн Латтимор коллекцияларын кеңінен тарта отырып жазған.
Төртінші кезең осы мәселені соңғы жылдары ғана зерттеуге мүмкіндік алған қазақстандық ғалымдардың еңбектерінен тұрады. Қазақ диаспорасының өткен тарихы мен қазіргі таңдағы жағдайына қазақ қоғамын тарту ісінде ең алдымен, шет елдердегі қандастарымыздың сол жерде тұрмысымен және өмірлік қызметімен, оларда туындап отырған проблемалармен танысу мүмкіндіктері болған Қазақстанның журналистері мен жазушылары маңызды рөл атқард және «Қазақ елі» және «Шалқар» басылымдарының беттерінде үнемі жариялап отырды.
Солардың ішінде қазақ диаспорасы өкілдерінің өмірі туралы репортаж жасау үшін арнайы Түркияға, Францияға, ФРГ мен басқа елдерге барған Қазақ телевидениясының корреспонденті Нұртілеу Иманғалиұлының жұмысын атап өту керек. Оның репортажы 1995 жылы Қазақ телевидениясында көрсетіліп тұрды.
1995 жыл әлемнің елдеріндегі қазақ диаспорасының тарихы, лингвистикасы және этнографиясының әр түрлі проблемаларын зерттеуге арналған эмпирикалық материалдарды жинақтау ісінде жемісті жыл болды. 1994 жылдың аяғында профессор Тұрсынбек Кәкішев Ирандағы қазақ елді-мекендерінде болды және олардың тарихы мен орналасу географиясы, сонымен қатар қазіргі таңдағы даму жағдайы туралы бірнеше мақалалар жазды. Кейін, 1995 жылдың 20 және 22-ші ақпанында Қазақ телевидениясының бағдарламасында бейне жәдігерлер көрсетілді. Сонымен қатар, профессор Т.Кәкішев Әл-Фараби атындағы ҚазМУ ғылыми-зерттемелі топты басқара отырып, Қытай мен Монғолиядағы қазақтардың лингвистикалық проблемалары бойынша ғылыми ізденістер жүргізді.
1994 жылы Мендикулова АҚШ-та болып, сонда қазақтармен-бұрынғы вермахтың әскери тұтқындары, қазіргі АҚШ-тың зейнеткерлерімен және азаматтарымен кездесті. Кейін кездесу жөнінде мақаласы жарық көрді (А война отняла Родину... // Вечерний Алматы. 1995. 31 мая. №75). Осы жылы оның Ресейдегі қазақ ирреденттері мен Батыс Еуропа елдеріне иммиграцияланған қазақ диаспорасы туралы бірнеше мақалалары жарық көрген (Казахская ирредента в России (история и современность) // Евразийское сообщество. 1995.№8; Трудовая иммиграция казахской диаспоры в 1960-1990 гг. // Евразийское сообщество. 1995. №10).
1995 жылдың 16-17 қарашасында Түркістанда қазақтардың Бүкіләлемдік Ассоциациясы, ҚР-ның Ғылым министрлігі - Ғылым Академиясының философия институты және Қожа Ахмет Йассауи атындағы Қазақ-Түрік Халықаралық университеті ұйымдастырған «Қазақ диаспорасы: проблемасы мен жетістіктері» атты Халықаралық симпозиум болды. Аталған ғылыми-шығармашылық форум Қазастанда алғаш рет жүзеге асты және қазақ диаспорасының қазіргі таңдағы проблемаларын зерттеуге арналған ғылыми-ізденіс жұмыстарға арналған. Симпозиумға Түркияның, ФРГ-ның қазақ диаспорасы өкілдері және Ресейдің, Монғолияның, Өзбекстанның қазақ ирреденттері өкілдері, сонымен қатар аталған проблемалардың әртүрлі жақтарын зерттеген қазақстандық ғалымдар қатысқан.
Ғылыми өндірістің ішінде 1994 жылы қазақстандық тарихнамада К.Л.Сыроежкиннің «Казахи в КНР: очерки социально-экономического и культурного развития» атты монографиясын атап өткен дұрыс. Автор өз еңбегінде қытай деректері менбасылымдарын кеңінен пайдалана отырып, ҚХР-ғы қазақтардың тарихи өткені мен қазіргісін зерттеулерін жазған. Аталған монографияда ҚКП-ның этникалық азшылық ретінде оларға қатысты ұстанған саясаттың нәтижесінде ҚХР-ғы қазақтар ортасында болған әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгерістер сарапталған және процесстердің жағымды, жағымсыз жақтары және олардың нәтижелері нақты анық көрсетілген.
1997 жылы «Казахская диаспора: Проблемы этнического выживания» атты еңбек жарық көрді. Еңбек екі бөлімнен тұрады және Линды Бенсон мен Ингвар Сванбергтің «Казахи Китая» және Ингвар Сванбергтің «Казахские беженцы в Турции. Изучение процесса культурного выживания и социальных изменений» атты монографияларының орыс тіліндегі аудармасы болып табылады. Аталған монографияларды орыс тіліне ҚР-ның Ғылым министрлігі – Ғылым Академиясының тарих және этнология институтыныңғылыми информация Орталығын басқарушы тарих ғылымдарының кандидаты Б.М.Сужиков аударған және «Сорос-Қазақстан» қорының қаржылық көмегінің арқасында жарық көрген.
Дегенмен, еңбекте бірқатар олқылықтар көзге түседі. Атап айтсақ, біріншіден, аудармада Линды Бенсон мен Ингвар Сванберг жасаған библиографиялық аппарат жоқ және автордың жасаған ғылыми тұжырымдарына негіз болған деректерге сілтемелер берлімеген. Екіншіден, мәліметтерді бұрмалау кездескен. Мәселен, 112 бетте №29-шы ескертудегі берілген мәліметте: « Шығыс-Түркістандық исламдық республика жойылған соң Жанымхан 1950 жылы тұтқынға алынып, 1952 жылы Үрімші түрмесінде өлді» деп, көрсетілген. Шынымен де Жанымхан 1950 жылдың 1 шілдесінде тұтқынға түскен, бірақ түрмеде өлмеген, 1951 жылдың ақпанында Үрімшіде сотсыз және тергеусіз қытайлардың қолынан атылған.
Әрі қарай, 114 бетте №32-ші ескертуде: «Зуха батыр Сәбитұлы 1930 жылдардағы қазақтардың көтерілісінің қолбасшысы болған. Қытай өкіметі қазақтарды қорқытпақ болып батыр кесілген басын Үрімшіде алаңда іліп қойған» делінген. Шынымен де Зуха батыр қытайларға қарсы қазақтардың көтерілісіні бастаған, бірақ 1930 жылдары емес, 1920 жылдары. 1929 жылы ол және онымен қоса 54 адамды қытайлықтар Алтайдағы Көктоғай, Кендырлік деген жерде өлтіріп, қазақтарды қорқытпақ болып Сарысүмбедегі Ертіс өзені арқылы өтетін мостың үстінде оның басын іліп қойған т.б.
Жалпы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жазу үшін теориялық-методологиялық және фактілі база болып табылатын қазақ диаспорасының тарихи және қазіргі таңдағы жеке-жеке проблемаларына арналған кеңестік және батыстықтардың еңбектерін зерттеу мен оларды пайдалану қазақ диаспорасына қатысты қазақстандық тарихнаманының «ақ таңдақтарын» толтыруға мүмкін.
Әдебиет: Мендикулова Г.М. Исторические судьбы казахской диаспоры. Происхождение и развитие. Аламаты:Ғылым, 1997., 3-13 беттер
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
Қаза диаспорасына тән қасиеттер?
Батыс саясаттану ғылымында бөлінген миграция теориясының үш тобы?
Миграцияның параметрлері?
«Қазақ диаспорасы» мәселесінің зерттелуінің неше кезеңі бар?
Кеңес дәуірінде не себепті «диаспора» мәселесі жабық тақырып болды?
Қазақтардың Жоңғар хандығымен қатынастар тарихы баяндалған фундаментальды еңбек?
Өздерінің зерттеулерін Шыңжандағы, Тибеттегі, Үндістандағы және Пәкістандағы қайғылы оқидан кейін бірден1950 ж.ж. жүргізген батыс ғалымдары және олардың зерттеулері?
«Руководство и политическое размещение в казахском обществе Синьцзяна» деген тақырыпта 1955ж. Гарвард университетінде қорғаған докторлық диссертациясын қорғаған ғалым?
Шыңжандағы қайғылы оқиғаны бастан кешірген немесе олардың туыстары жазған бірқатар зерттеулер мен мемуарлардың маңыздылығы?
1994 жылы Мендикулованың АҚШ-та болып, сонда қазақтармен-бұрынғы вермахтың әскери тұтқындары, қазіргі АҚШ-тың зейнеткерлерімен және азаматтарымен кездесуі баяндалған және Ресейдегі қазақ ирреденттері мен Батыс Еуропа елдеріне иммиграцияланған қазақ диаспорасы туралы мақалалары?
Қашан Түркістанда қазақтардың Бүкіләлемдік Ассоциациясы, ҚР-ның Ғылым министрлігі - Ғылым Академиясының философия институты және Қожа Ахмет Йассауи атындағы Қазақ-Түрік Халықаралық университеті ұйымдастырған «Қазақ диаспорасы: проблемасы мен жетістіктері» атты Халықаралық симпозиум болды?
1997 жылғы Б.М.Сужиковтың Линды Бенсон мен Ингвар Сванбергтің еңбектерінің аудармасы «Казахская диаспора: Проблемы этнического выживания» атпен жарық көрген еңбектің екі кемшілігі?
№4, 5, 6 дәріс
Тақырып:Тәуелсіз Қазақстан және қазақ диаспорасы.
Дәрістің мақсаты: «Менталитет» ұғымына, қазақ диаспорасына тән менталитетке, Еуразиялық интеграция жүйесіндегі қазақ диаспорасы, Қазақстан Республикасы мен қазақ диаспорасы арасындағы өзара қатынастарды терең танып-білу үшін құндылықтық деңгейдегі әр қилы байланыстарға тоқтала отырып, студенттерге қандас бауырластарымыздың сана-сезімін, дүниетанымын терең танып білуіне жағдай жасау.
Тірек сөздер: Нигилистену, маргинал, жаһандану, менталитет, бейсаналық, интеграция, репатриант этникалық кеңістік, т.б.
Негізгі сұрақтар мен қысқаша мазмұны: 1. Шетел қазақтарының санасы мен менталитетіндегі ерекшеліктер. 2. Қазақ диаспорасы-тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдылық. 3. Еуразиялық интеграция жүйесіндегі қазақ диаспорасы.
1. Шетел қазақтарының санасы мен менталитетіндегі ерекшеліктер.
Қазақ диаспорасының кешенді мәселелерін зерттеу барысында назар аударатын ерекше мәселе-алыс және жақын шет елдерде өмір сүріп отырған қандастарымыздың өзіндік ұлттық санасының әр түрлі деңгейдегі көріністері және оралман-репатриант қазақтардың этникалық дүниетанымындағы күрделі өзгерістерді зерделеу. Әрбір халықтың ғасырлар бойы қордаланатын рухани әлемі болады. Оның тарихи қалыптасуына, дамуына және келесі ұрпаққа сабақтастықпен жалғасып отыруына себепкер болатын көптеген факторлар мен жағдайлар жүйесі болуы тиіс. Яғни ол халықтың көптеген жылдар бойы бейімделген әлемді түсіну, түйсіну, сезіну, игеру әдеттері мен мүмкіндіктерінің жүйеленуі, бейнеленуі болып табылады.
«Қазақ диаспорасы» құбылысы соңғы уақытта елімізде әлеуметтік, гуманитарлық зерттеулер объектісіне айналуда. Бұл үрдіс көптеген тарихи дүниетанымдық мәселелерді нақты ғылыми тұжырымдауға мүмкіндік береді, этникалық ауқымды бағдарларға теориялық сипат жасалуға негіз болады.
Бұрынғы Кеңес Одағында ұлт саясаты үлкен бұрмалаумен жүргізіліп келгені белгілі. Көптеген халықтар өзінің ұлттық, ұлыстық дамуында тоталитарлық жүйенің қыспағын көріп келді. Соның нәтижесінде әлеуметтік кеңістікте әр халыққа тиісті табиғи-тарихи дамудан гөрі «жеделдетілген интернационалдандыру саясаты» жетекші рөл атқарған болатын. Бұндай жағдай ұлттық сананың мәңгүрттенуіне (яғни ұлттық сабақтасу заңдалағының бұзылуына), нигилистенуіне (сұрықсызданып, басқаларға еліктеушілік басымдық танытуына), маргиналдануына (шала ұлттанып, шекаралық қасиеттерге иемденуге) әкеліп соқтырды. Әлбетте, адамзат тарихында үлкен, дамыған халықтар саны аздау ұлыстарға қай жағынан болса да өз ықпалын жасап отырған және болашақта да әсер ете бермек те. Бұл процесті соңғы уақытта жаһандану (кейде «ғаламдану» деген ұғымда қолданылады) деп атайды.
Ал, енді этнопсихологиялық аспектілерді қарастыру барысында оның іргелі категориясы болатын «менталитет» ұғымының мән-мағынасы мен шығу тегі туралы айта кеткен жөн сияқты. Менталитет немесе ментальдылық деген ұғым mens-ақыл, ой тәсілі, пайымдау, жан дүниесі деген түсініктерден туындайды. Сөйтіп, менталитет дегеніміз жеке адамның немесе әлеуметтік топтың әлемді белгілі бір кейіпте, қалыпта сезіну, түйсіну және іс-әрекеттер жасау мақсатында қордаланған дайындықтары мен ыңғайларының жүйесі. Ол – жеке және ұжымдық сананың терең іргестастық деңгейіндегі құбылыстарын қамтиды және бейсаналық, одан тысқары жағдайда жүзеге асып отыратын үрдістерді де бойында ұстайды.
Бейсаналық - Швейцариядағы атақты психологы карл Густав Юнгтің түсіндіруі бойынша тек қана жеке басқа байланысты санадан тыс құбылыстармен шектеліп қана қоймайды, сонымен қатар ежелгі дүниемен байланысы бар қасиеттерін атайды.
Менталитет адамдардың ішкі дүниесінің (рухани, психологиялық, саяси, діни, ұлттық, жыныстық және т.б.) тұрақты бейімділігін білдіреді. Менталитетті мәселен мынандай түрлерге бөлуге болады: балалық (жасқа байланысты), ұлттық (этникалық), азиялық (континенттік), орта ғасырлық (өркениеттік), бюрократиялық (мемлекеттік), мұсылмандық (діни) және басқа түрлері. Әрине, осы аталғандар бір-бірімен өзара байланысып, барынша бір-біріне әсер етумен болады және соның арқасында олар өзгерістерге ұшырап отырады. Әрине, әр түрлі елдегі қазақ диаспорасының бәріне тән түпкі гендік негіздер мен ұқсастықтар да бар, сонымен қатар әлеуметтік дүниеде өзіндік түзетуден өткізіп, ерекшеленген ерекшеліктер де кездеседі. Сондықтан қазақ диаспорасының менталитеті мәселесін талқыламас бұрын жалпы халыққа тән қасиеттерге тоқтала кеткен жөн. Жалпы қазақ менталитетіне назар аударатын болсақ, бұл халықтың жоғары деңгейдегі капиталистік нарықтық қатынастардың ықпалын өз тарихында терең сезінбегенін білеміз, сондықтан да болар әлі де рулық-жүздік бағдарлар кейбір жағдайларда ұлттық санадағы ұлттық біртұтастықтың қалыптасуына кедергі болуда және қазақтар соңғы кезеңдегі мешіттердің көбеюіне қарамастан мұсылман дініне толығынан берілмеген халық деуге болады және олар өзінің аруаққа сенетін далалық пірлерінен айырылған емес. Осындай қасиеттер көп халықтарда кездесе де бермейді.
Қазақ халқының үлкен бір бөлігінің басқа этникалық кеңістіктерге әр түрлі себептермен ауысып кетуіне негізінен қазақ диаспорасы мәселесін туындатқаны белгілі. «Этникалық кеңістік» деген ұғымның негізгі мәніне назар аударатын болсақ, алдымен бұл территория мәселесі екенін байқаймыз. Сондықтан «этникалық кеңістік» дегеніміз белгілі бір этностың гендік қорын мәдениеті мен салт-санасын, тілі мен дәстүрлерін дамытуға, өркендетуге және ұдайы жаңғыртуға толық мүмкіндік алатын өзіндік әлеуметтік, табиғи және тарихи ортасы. Бұл кеңістікте әрбір халық қайталанбас ерекше біртұтас дүние ретінде қалыптасады және жалпы адамзат мәдениетін өзіндік бір жақтарымен толықтыра, байыта түседі.
Ресей республикасында тұратын 700 мыңға жуық қазақтардың жартысына жуығы өздерінің өмір сүріп жатқан жерлерін ежелгі мекеніміз деп есептейді. Ресейде халқының саны жағынан қазақ диаспорасы он бірінші орында деп есептелінеді. Шынымен де қазіргі Ресей мен Қазақстан шекарасы кезінде Кеңес үкіметінің орашолақ жүргізе салған сызығымен анықталған. Сөйтіп ежелден келе жатқан қазақ ауылдары өздерінің тілінде, дінінде ұлттық бедерін жоғалтпай дамып келе жатқан қазақ ауылдары өздерінің тілінде, дінінде ұлттық бедерін жоғалтпай келе жатқан кезеңін 1950 жылдардың аяғы мен 1960 жылдардың басында Ресейдің (Қазақстанның өзінде де) қазақ мектептерін жабу, қазақ шоғырларын ыдыратып, өзіндік санасының біртұтастығы күштірек халықтардың (орыс, неміс) шылауында кетуіне әкеліп соқтырады. Сөйтіп тоталитарлық мемлекет тарапынан саналы түрде «этникалық бәселекесу» саясаты жүргізілді. Үлкендер жағы болмаса, жастар түгелімен еуропаорталық негізде тәрбиеленіп, ойлау мен түйсіну орыс тілінде жүріп отырды. Соған қарамастан Ресейдің қазақтары (Орынбор, Омбы, Астрахань, Саратов, Волгоград облыстары) өздерінің тілін, дінін, халықтың салт-дәстүрін жоғалтқан жоқ деуге болады.
Қазақ диаспорасының алыстағы (ТМД-ның сыртындағы) елдерінің ішіндегі көбірек қатынас жасап, барынша тәуелсіз Қазақстанға бетін бұрған Моңғолия қазақтары болып табылады. Жалпы саны 150 мыңдай қазақтардың бір шама бөлігі Қазақстанның әр жеріне қоныс аударып та қойды. Ал енді олардың менталитетіндегі ерекшеліктерге келер болсақ, алдымен бұл елдің кешегі коммунистік партия заманында бастан кешіргендер ескере кеткен жөн, яғни демократиялық мемлекет болмағандықтан қазақ диаспорасы өзіндік оқшаулықта (Қазақстанмен нашар байланыста) өмір сүрді, жалпы елдің 6 процентін құрайтын қазақтар өздері тұрып жатқан өлкеде 90 процентке жақын. Сондықтан да болар қазақтың тілі мен салт-дәстүрі жақсы сақталған. Бірақ кезінде барлық мешіттердің бәрін құртып, дінге қарсы соғыс жарияланғаннан бері мұсылмандық тұрмыстық деңгейде ғана сақталған. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын бұл өлкеде ірі кәсіпорындар жоқтың қасы, халықтың өркениетті тұрмыстан гөрі табиғи шаруашылыққа бейімділігі сақталып келген. Қазақ тілінде өтетін сабақтардан гөрі, моңғол тілінде өтетін сабақтар қазақ мектебінде басым. Бірақ жастар қазақ пен моңғол тілдерінде шатастырмай сөйлейтінін атап өтуге болады.
Қытай жерінде өмір сүріп жатқан қазақ халқының үлкен бір тобына (1,2 млн-нан аса) тоқталсақ, бұл елдің соңғы он шақты жылда экономикада қол жеткізген табыстары жоғары екенін атап өткен жөн. Бірақ идеоглогия жағынан біздің елдің бағдарынан біраз айырмашылықтар бар, сондықтан да болар, қазақтардың бірінші дүниежүзілік құрылтайына Қытайдағы қазақ диаспорасының өкілдігінің келе алмауы. Қытай қазақтарының өзіндік санасының сипаттамасына тоқталатын болсақ, олар негізінен батыс мәдениетінен гөрі шығыс мәдениетінің (қытай, ұйғыр, дүнген және т.б.) және мұсылмандық салт-дәстүрдің ерекшеліктеріне көбірек бетбұрыс жасаған деуге болады. Өзінің ежелден келе жатқан мал шаруашылығымен айналысу дәстүрін сақтаған, ауыз әдебиеті сияқты қасиеттерін жақсы жандандыра білген. Бірақ әлеуметтік саладағы этникалық бәсекелестікте кенже қалуға итермелейтін құбылыстар көптеп кездеседі. Дегенмен Қытайдағы қазақтардың ұлттық өзіндік санасында болашаққа деген сенім біртіндеп орнығып келе жатқандай. Себебі, екі елдің арасында қазіргі кезеңде бірталай саяси, құқықтық мәселелер халықаралық деңгейде шешімін табуда.
Түркиядағы қазақтардың тағдыры өзіндік ерекшеліктерге толы: бұл елге негізінен қазақтар ХХ ғасырдың ортасында Шығыс Түркістаннан қоныс аударған (Үндістан, Ауғанстан, Пәкістан, Ирак жерлері арқылы).
Ал қазіргі кезеңде Түркия жеріне барынша бейімделген қандастарымыз Еуропаны «бағындыруға», «мойындатуға» бет бұрған десе де болады. Еуропа елдеріндегі көптеген диаспора өкілдері осы Түркия жерінен тарағандар. Ұлыстың негіздері – наймандар мен керейлер. 2002 жылдың 18-19-шы мамырында Кельн қаласында Еуропа қазақтарының құрылтайын ұйымдастырған да солар болатын.
Өзбекстанда өмір сүріп жатқан қазақ диаспорасының өзіндік санасына келетін болсақ, онда бұл республикадағы қазақтар өздерінің ұлттық келбетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін, дінін (мұсылмандық діни сананың да ықпалы зор) және бұл рухани құрылымдарды қоғамда негізнен жақсы сақтай білген. Әрине елдегі этникалық үлкен және түпкілікті халық - өзбектердің өмір салты, мәдениеті мен салт-дәстүрі өзінің ықпалын этникалық топтарға тигізуі заңды құбылыс.
Өзбекстандағы қазақтардың саны жөнінде әр түрлі деректер көрініс беріп жүр. Өзбектеніп кеткен қазақтардың санын айқындау өте қиын мәселе. Мәселен, өзбекстандық журналист Ниязи Назымның қазақтардың өзбектеніп кету себептерін көрсетуге тырысқан сөздерінен байқауға болады: «Өзбекстанда негізінен бір жарым миллион қазақ тұрады. 624 қазақ мектебі бар еді, соның жартысынан көбі жабылды. Теледидардан, радиодан бірде-бір қазақ тіліндегі бағдарлама берілмейді. Анда с-анда Ташкенттен «Нұрлы жол» деген газет шығады. Қазақ тіліндегі аудандық газеттердің бәрін жапқан».
2. Қазақ диаспорасы – тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатындағы басымдылық.
Шет елдердегі қазақ диаспорасын қолдау жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы 2000 жылы жарияланды. Осы құжат бойынша соңғы уақытта кешенді істер атқарылуда. Сәйкесінше Қазақстан республикасы мемлекет ретінде қазақ диаспорасымен өзара қатынастарын дамытудың бірнеше жолдары бар. Олар: 1. Интеграциялық немесе консолидациялық қатынас; 2. Фрагментті немесе жанжалды қатынас; 3. Оқшауланған немесе қарсыласты қатынас; 4. Факторлы өзара байланыс.
Қатынастардың біріншісі олардың арасында ең жоғарғы, тиімді, өркениетті түрі болып табылады. Яғни тәуелсіз Қазақстан Республикасы қазақ диаспорасын мәдени, саяси, әлеуметтік тұрғыдан қабыл алып, өзара кірігіп, мәселелерді бірігіп шешуге тырысады. Бұл өзара қатынастардың орнығуы үшін тек қана заңдарды жөндеп, құқықтық негізде іргетастар қалау аздық етеді. Ол үшін жалпы халықтық деңгейде (екі жақтан да) терең этнопсихологиялық ұмтылыстар қажет. Сонда ғана алыстағы да, жақындағы да қазақ диаспорасы қазақ елін өзін бауыр басатын Отан, Атамекен ретінде қабылдайды. Ал қазақстандықтар үшін шет елден келген қандастар жәй ғана пана іздеп келген пенделер емес, толыққанда мемлекеттің азаматы болатын өркениетті жандар деген ұғым беки түседі.
Фрагментті немесе жанжалды деңгей бұл қоныс аударып келген, немесе алыс, жақын шет елдерде өмір сүріп жатқан қандастар мен қазақстандық шындықтың арасында біршама әлеуметтік қашықтық, қайшылықтың барлығын білдіреді. Ол екі жақтың әр түрлі құндылықтар жүйесін құрып, өздері күйттейтін мүдделердің жетегінде кетуден туындайды. Бұл қатынастардың оңды да, теріс жағы да бар. Оңды жағы өзара қатынастардан туындайтын әр түрлі мәселелердің тезірек көлеңкелі тұстарын анықтап, сол бағытта тиімді жұмыстар атқаруға мүмкіндіктер ашылады. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанда өмір сүруге бейімделген оралмандарды Солтүстік өңірге механикалық түрде шенеулік нұсқаумен көшіре салуға болмайды. Ал, теріс жағы көшіп келген қандастарымызға қиындықтар моральдік нұсқан келтіріп, жандарына қаяу түсіруі мүмкін. Міне, осындай құбылыстың көрінісі – Моңғолиядан келген қазақ диаспорасының бір бөлігі қайта Баян-Өлгей жаққа көшіп кеткен.
Оқшауланған немесе қарсыласты деңгейдегі қатынастар көбінесе өзара байланыстың тереңдемеуінен, ол үстірттік формада ғана көрініс беруінен туындайды. Бұл этномәдени, этносаяси бағдарлар мен құндылықтардың түйіспеуінен, өзара көмек пен түсіністіктің болмауынан өрбиді. Қазіргі кезеңде Қазақстан республикасы өзінің шет елдердегі қазақ диаспорасына тартымды, мәдени, әлеуметтік, тіптен саяси тұрғыдан көмек бере алып отырған жоқ. Ол қытай, Ауғанстан, Тәжікістан, Өзбекстан. Түркіменстан елдеріндегі қазақ диаспорасының жағдайынна белгілі болып отыр. 2002 жылы Өзбекстанның, Еуропа қазақтарының құрылтайлары болып өтті. Дегенмен, ол елдердегі қазақ диаспорасының күрделі мәселелері (тіл бойынша, әлеуметтік мәселелер, көші-қон бойынша) әлі шешімін таппаған күйінде.
Қазақ диаспорасының өкілдеріндегі құндылықтар жүйесі әр түрлі елдерде алуан сипатта көрініс беретіні де табиғи нәрсе.Сондықтан Қазақстан Республикасы мен қазақ диаспорасы арасындағы өзара қатынастарды терең танып-білу үшін құндылықтық деңгейдегі әр қилы байланыстық сипаттамаларды қарастыру қажеттілігі бар. Оларды төрт түрге бөлуге болады: генетикалық, құрылымдық, қызметтік және факторлық байланыстар.
Достарыңызбен бөлісу: |