9. ҚР Президентінің ұсынған «Қазақстан-2030» Стратегиясы және оның негізгі басымдықтарының жүзеге асырылуы
1997ж 1 қазанда «Қазақстан-2030» стратегиясы «қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, әл-ауқатының артуығ қауіпсіздігі» атты ел Президентінің Қазақстан Халқына Жолдауында жарияланды.Стратегияда көзделген мақсат – ұлттық бірлікке, әлеуметтік әділеттілікке, бүкіл жұртшылықтың экономикалық әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізу үшін тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстан мемлекетін орнату. Осы мақсатқа орай мынандай ұзақ мерзімді негізгі бағыттар бөліп көрсетілді:
Ұлттық қауіпсіздік: аумақтық тұтастықты толық сақтай отырып, еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуы. Мемлекеттің тұрақты түрде дамуын қамтамасыз ететін барлық қажеттіліктер шеңберіндегі бастапқы шарт – ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттіліктің сақталуы. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі көрсеткіші ретінде демократиялы, индустриясы дамыған басты мемлекеттермен байланыстарды күшейту, халықаралық институттар мен форумдардың көмегі мен жәрдемін пайдалану қажеттігі атап көрсетілді. Мұның өзі халықаралық қоғамдастық тарапынан Қазақстанға қолдау жасаудың жақсы жолға қойылуын, бай табиғи қорлардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді, Қазақстан азаматтарының өз еліне деген сүйіспеншілік сезімін арттырады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысындағы сөзсіз басым бағыт сыртқы саяси қызметке, Қазақстанның өз көршілерімен және дүние жүзінің жетекші елдерімен өзара тиімді қатынастар қалыптастыруға саяды.
Ішкі саясаттың орнықтылығы және қоғамның шоғырлануы: бірлік – қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуының кепілі. Бұл салада барша азаматтар үшін тең мүмкіндіктің және барлық этникалық топтар үшін тең құқықтың болуына кепілдік беру, ауқаттылар мен кедейлер арасындағы айырманы азайту, әлеум. мәселелерді шешу, саяси орнықтылық пен қоғамның шоғырлануын ұзақ мерзімге қамтамасыз ететін дәулетті Қазақстан мемлекетін орнату міндеті қойылды.
Шетелдік инвестициялар мен ішкі жинақ қаражаттың деңгейі жоғары болатын ашық нарықтық экономика негізінде экономикалық өрлеу. Негізгі қағидалары: мемлекеттің белсенді рөлін сақтай отырып, оның экономикаға араласуын шектеу, макроэкономиканы орнықтыру, экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, экономиканың нақты секторын сауықтыру, күшті әлеум. саясат жүргізу, қатаң қазыналық және монетарлық шектеулер жағдайында бағаны ырықтандыру, ашық экономика мен еркін сауда қатынасын орнату, энергетикалық және табиғи қорды өндіруді одан әрі жалғастыру, шетелдік инвестицияларды қорғау.
Қазақстандықтардың денсаулығы, білім алуы және игілігі: азаматтардың тұрмыс жағдайы мен деңгейін көтеру, экологиялық ортаны жақсарту. Сырқаттардың алдын алу және салауатты тұрмыс салтына ынталандыру, азаматтарды салауатты тұрмыс салтын ұстауға, дұрыс тамақтану, гигиена мен тазалық ережелерін сақтауға баулу, нашақорлық пен наша бизнесіне қарсы күресу, маскүнемдік пен темекі шегуді қысқарту, ана мен баланың денсаулығын сақтау, қоршаған орта мен экологияны таза ұстау мәселелерін қамтиды.
Энергетикалық қорлар: тұрақты экономикалық өрлеу үшін мұнай мен газ өндірудің және оларды шетке шығарудың көлемін жедел ұлғайту жолымен энергетикалық қорды тиімді пайдалану. Бұл стратегия: таңдаулы халықаралық технологияларды, коммерциялық құпия және қомақты капиталды тарту, қордың тез де ұтымды пайдаланылуы үшін басты халықаралық мұнай компанияларымен ұзақ мерзімді серіктестік орнату, мұнай мен газ экспорты үшін құбырлар желісінің жүйесін жасау, отын қорын пайдалану қызметінде дүниежүзілік қоғамдастықтағы ірі елдердің Қазақстанға және оның әлемдік отын берушілік рөліне ынтасын ояту бағытын ұстау, ішкі энергетикалық инфрақұрылымды жасау, өзін-өзі қамтамасыз ету және бәсекеде тәуелсіз болу мәселелерін шешу мәселелерін қамтиды.
Инфрақұрылым (көлік және байланыс): ұлттық қауіпсіздікті, саяси тұрақтылықты нығайту, экономикалық өрлеуді күшейту. Отандық көлік-коммуникациялық кешеннің әлемдік рыноктағы бесекелестік қабілетін қамтамасыз ету және Қазақстан арқылы өтетін сауда ағынын ұлғайту міндеті қойылған.
Кәсіпқой мемлекет: іске шын берілген және елдің негізгі мақсаттарына қол жеткізуде халық өкілдері болуға лайық мемлекеттік қызметкерлердің осы заманғы қабілетті құрамын жасақтау. Бұл саладағы міндет осы заманға сай тиімді мемлекеттік қызмет пен нарықтық экономикаға оңтайлы басқару құрылымын құру, басты мақсаттарды іске асыруға қабілетті Үкіметті жасақтау, ұлттық мүдделердің сақшысы болатын мемлекет орнату.
Достарыңызбен бөлісу: |