141-бап. Тексерiлетiн субъектiлердi (объектілерді) топтарға бөлу
1. Мемлекеттiк бақылау және қадағалау тексерiлетiн субъектiлердi төрт топқа бөлу ескеріле отырып жүргізіледі.
2. Бірінші топқа өздеріне қатысты тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі, жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге нысандары қолданылатын тексерiлетiн субъектiлер (объектiлер) жатады.
Тексерілетін субъектінің қызметі нәтижесінде салдарларының ауырлық дәрежесі ескеріліп, адамның өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне зиян келтіру ықтималдығы тәуекел болып табылады.
Тексерулер тағайындау мақсатында бақылау және қадағалау органы жүргізетін іс-шаралар кешені тәуекелдерді бағалау жүйесі болып табылады.
Тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі мынадай мемлекеттік бақылау және қадағалау салаларында жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылған субъектiлерге қатысты бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезінде:
1) халықтың радиациялық қауіпсіздігі саласында;
2) атом энергиясы саласында;
3) өрт қауіпсіздігі саласында;
4) жарылғыш және улы заттардың, радиоактивтік материалдар мен заттардың айналысы мен оларды қолданудың белгіленген қағидаларының сақталуына;
5) улардың, қару-жарақтың, әскери техниканың және жекелеген қару түрлерінің, жарылғыш және пиротехникалық заттар мен олар қолданылып жасалған бұйымдардың айналымы саласында;
6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында;
7) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында қолданылады.
Осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы талаптардың сақталуын тексеру үшін эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілерде тексерулер жүргізудің мерзімділігі:
1) тәуекел дәрежесі жоғары болған кезде – жарты жылда бір реттен;
2) тәуекел дәрежесі орташа болған кезде – жылына бір реттен жиі болмауға тиіс.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын объектілерді тәуекел дәрежелері бойынша бөлу "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген ережелер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Осы тармақтың төртінші бөлігінің 1), 2), 3), 4) және 6) тармақшаларында көрсетілген қызмет салалары үшін тексерулер жүргізудің мерзімділігі тәуекел дәрежесін бағалау өлшем шарттарымен айқындалады.
Тексерiлетiн субъектiнiң тiкелей қызметiмен, салалық даму ерекшелiктерiне және осы дамуға әсер ететiн факторларға байланысты, тексерiлетiн субъектiлердi әртүрлi тәуекел дәрежесiне жатқызуға мүмкiндiк беретiн сандық және сапалық көрсеткiштердiң жиынтығы тәуекел дәрежесiн бағалау өлшемшарттары болып табылады.
Тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі үшін қолданылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары реттеуші мемлекеттік органдардың және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның бірлескен актісімен бекітіледі және мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Реттеуші мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган бекіткен жартыжылдық кесте тексерулер жүргізудің ерекше тәртібін тағайындау үшін негіз болып табылады.
Тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың он бесінші қарашасына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың он бесінші сәуіріне дейінгі мерзімде реттеуші мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар тексеру жүргізудің жартыжылдық кестелерінің жобаларын келісу үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Тексерулердің жартыжылдық кестелерінің жобаларында сол бір тексерілетін субъектiлер (объектiлер) белгіленген кезде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті орган кестелердің жобаларын реттеуші мемлекеттік органдарға және жергілікті атқарушы органдарға мұндай субъектiлерді (объектiлерді) тексерулер жүргізу кестелерінен алып тастау үшін не осы баптың талаптарын ескере отырып, оларды жүргізу мерзімдерін түзету үшін қайтарады.
Тексерулер жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың оныншы желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың оныншы мамырына дейінгі мерзімде реттеуші мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар тексерулер жүргізудің бекітілген жартыжылдық кестелерін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық кестесін қалыптастыруы үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органға жібереді.
Тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін ұсыну нысанын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды.
Тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық кестесін ағымдағы күнтізбелік жылдың жиырма бесінші желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың жиырма бесінші мамырына дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсында орналастырады.
3. Екінші топқа өздеріне қатысты ішінара, жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары жүргізілетін тексерілетін субъектілер (объектілер) жатқызылады.
Ішінара тексеру жүргізу үшін бақылау және қадағалау органдары:
1) жеке кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын есептілікке;
2) жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарының нәтижелеріне;
3) өзге де ақпаратқа талдау жүргізеді.
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген жағдайларды қоспағанда, реттеуші мемлекеттік органдар ішінара тексеру жүргізу кезінде тексерілетін субъектілерді (объектілерді) іріктеу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына қатысты актілерді әзірлейді және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп бекітеді, олар мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
4. Мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда) тәуекелді бағалау жүйесін қалыптастыру әдістемесін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
Ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес, тәуекелдер дәрежесін бағалау өлшемшарттарының ерекшелігі мен құпиялығы ескеріле отырып, Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру әдістемесінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Үшінші топқа өздеріне қатысты осы Кодекстің 144-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша жоспардан тыс тексерулер мен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары жүргізілетін тексерілетін субъектілер (объектілер) жатады.
6. Төртінші топқа өздеріне қатысты тексерулер жүргізілместен бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандары ғана жүргізілетін тексерілетін субъектілер (объектілер) жатады.
7. Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын кәсіпкерлік субъектілері қызметінің салаларын осы баптың 3, 5 және 6-тармақтарында көрсетілген топтар бойынша жатқызуды, сондай-ақ тексерілетін субъектілерді (объектілерді) тәуекел дәрежесі жоғарыға жатқызылғандарға және тәуекел дәрежесі жоғарыға жатқызылмағандарға бөлуді әрбір бақылау және қадағалау саласы үшін реттеуші мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
8. Екінші топқа жатқызылған тексерілетін субъектілер (объектілер), егер мұндай тексерілетін субъектілер үшінші тұлғалардың алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шарттарын жасасқан болса, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен үшінші топқа ауыстырылуы мүмкін.
|