Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі N 39 Заңы.
МАЗМҰНЫ
Осы Заң Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және мүгедектердi әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етудiң, олардың тiршiлiк-тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiндiктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) арнаулы жүрiп-тұру құралдары - мүгедектердiң белсендi және баяу жүрiп-тұруына арналған техникалық көмек түрi;
2) алып тасталды - ҚР 03.12.2015 № 433-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі);
3) кәсiптiк бағдарлау - мүгедектiң еңбек қызметi түрлерiн таңдауына көмек көрсетуге бағытталған шаралар жүйесi;
4) қайта жасау хирургиясы - организмнiң бұзылған функцияларын қалпына келтiруге немесе олардың орнын толтыруға бағытталған хирургиялық емдеу әдiсi;
5) медициналық-әлеуметтiк сараптама - организм функциясының тұрақты бұзылуынан туындаған шектеулі тіршілік-тынысын бағалау негiзiнде куәландырылатын адамның әлеуметтiк қорғау шараларына деген қажеттiлiктерiн белгiленген тәртiппен анықтау;
5-1) медициналық-әлеуметтік мекеме (ұйым) – көмек пен күтімге, медициналық қызмет көрсетуге мұқтаж қарттардың, мүгедектердің, оның ішінде психоневрологиялық науқастар қатарындағы мүгедектердің, мүгедек балалардың стационар, жартылай стационар немесе күндіз болу жағдайында тұрақты немесе уақытша тұруына арналған ұйым;
6) медициналық оңалту - организмнiң бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, iшiнара немесе толық қалпына келтiруге бағытталған медициналық қызметтер кешенi;
7) мүгедек – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам;
8) мүгедек бала – тұрмыс-тіршілігінің шектелуiне және оны әлеуметтiк қорғау қажеттiгiне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемiстiктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегiз жасқа дейінгі адам;
9) мүгедектердi әлеуметтiк оңалту - мүгедектердiң тiршiлiк-тынысының шектелуiн жеңiп шығуы үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуiне бағытталған шаралар кешенi;
10) мүгедектердi әлеуметтiк қорғау - мүгедектерге әлеуметтiк көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөнiндегi шаралар кешенi;
11) мүгедектердi жұмысқа орналастыруға арналған арнаулы жұмыс орындары - мүгедектiң жеке мүмкiндiктерi ескерiле отырып жабдықталған жұмыс орындары;
12) мүгедектердi кәсiптiк оңалту - мүгедектердiң бұзылған не жоғалтқан кәсiптiк дағдыларын, бiлiмi мен машықтарын алуына немесе қалпына келтiруiне және оларды бейiмдеу мен жұмысқа орналастыруға бағытталған шаралар кешенi;
13) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
14) мүгедектердiң әлеуметтiк-тұрмыстық және ортаға бейiмделуi - мүгедектердiң өзiн-өзi қарап-күту, өз бетiмен өмiр сүру мүмкiндiгiне қол жеткiзу немесе олардың отбасылық және қоғамдық өмiрдiң үйреншiктi жағдайларына қайта оралу процесi;
14-1) мүгедектердің мамандандырылған ұйымдары – мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері, сондай-ақ ондағы қатысу үлестерінің жүз пайызы мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне тиесілі ұйымдар мына талаптарға сай келсе:
мүгедектердің орташа жылдық саны қызметкерлердің жалпы санының кемінде 51 пайызын құраса;
бір жылда мүгедектердің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар еңбекке ақы төлеу жөніндегі жалпы шығыстардың кемінде 35 пайызын құраса, осындай бірлестіктер мен ұйымдар;
15) мүгедектiк - организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулықтың бұзылуы салдарынан адамның тiршiлiк-тынысының шектелу дәрежесi;
16) мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасы - мүгедектi оңалтудан өткiзудiң нақты көлемiн, түрлерi мен мерзiмдерiн белгiлейтiн құжат;
17) мiндеттi гигиеналық құралдар - табиғи физиологиялық мұқтаждықтарды және қажеттiлiктердi қанағаттандыруға арналған құралдар;
18) протездiк-ортопедиялық көмек - мүгедектердi протездiк-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөнiндегi медициналық-техникалық көмектiң мамандандырылған түрi және оларды пайдалануды үйрету;
19) протездiк-ортопедиялық құралдар - кем аяқ-қолды немесе дененiң басқа да мүшелерiн алмастыратын, аурудың немесе денсаулыққа зақым келудiң салдарынан организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар;
19-1) сурдоаударма – қандай да бір тілден дактильді әліпби және (немесе) ымдау тілі көмегімен аудару;
20) сурдотехникалық құралдар - есiту кемiстiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға арналған, соның iшiнде байланыс құралдары мен ақпарат берудi күшейтетiн техникалық құралдар;
21) техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар - протездiк-ортопедиялық және сурдо-тифлотехникалық құралдар мен мiндеттi гигиеналық құралдар;
22) тифлотехникалық құралдар - мүгедектердiң көру кемiстiгi салдарынан жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар;
23) тiршiлiк-тынысының шектелуi - адамның өзiн-өзi қарап-күту, өздiгiнен жүрiп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзiнiң мiнез-құлқын бақылау, оқу және еңбекпен айналысу қабiлетiнен немесе мүмкiндiгінен толық немесе ішінapa айрылуы;
24) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары – мүгедектерге және мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын, көлемін және шарттарын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер;
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 № 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.01.12 № 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.12.2013 № 152-V (01.01.2006 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |