1) экономикалық тұрғыда – білікті шетелдік жұмыс күші мен инвесторларды тарту есебінен
адами капиталды жинақтау жүріп жатыр;
2) демографиялық ахуал жақсарып келеді;
3) туыстардың бірігуі мен этномәдени өзгешеліктердің оң әсері есебінен әлеуметтік
тұрақтылық нығаюда;
4) сыртқы саяси имидж өсуде – адамдарға мұқтаж және шетелдіктерге сеніммен қарайтын,
дамып келе жатқан ел образы қалыптасуда.
Иммиграциялық стратегияның кемшіліктеріне оның уақытша көші-қон бағдарламасымен
салыстырғанда экономиканың жұмыс күшіне қажеттілігіне реакциясының баяулығы, экономикалық
әсерінің төмендеуіне және мигранттарды әлеуметтік қамсыздандыруға және интеграциялауға үлкен
шығындар жұмсау жатады.
Еңбек көші-қонын реттеу бойынша ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесі Қазақстан үшін өзекті.
Алайда халықаралық тәжірибенің имплементациясы бүгінгі күннің ұлттық болмысын міндетті түрде
есепке алуды қажет етеді.
Этникалық көші-қон саласында көшіп-қонушыларды қабылдауға арналған жылдық квота
белгіленетін Германияның репатриациялық саясат моделі қызықты. Бұл ретте Германияға қоныс
аудару үшін үміткер этникалық немістердің тілді білуіне және неміс мәдениеті мен дәстүріне
тиесілігін дәлелдеуіне жоғары талаптар қойылады. Этникалық мигранттар Германияға келген соң
тіркеуден өтеді және белгілі бір жердің (әкімшілік бірлік) аумағында нақты бір қауымда
тұруға жолдама алады. Репатриант мәртебесін алғаннан кейін көшіп қонушылар автоматты түрде
неміс азаматтығын алады. Әлеуметтік қолдау тұрғысынан неміс тілі курсы төленеді және
зейнетақы есептеу кезінде шыққан еліндегі еңбек өтілі есепке алынады.
Ресей Федерациясындағы этникалық көші-қон саясаты шетелде тұратын отандастардың ерікті
түрде қоныс аударуына олар тіркелген соң және азаматтық алғанға дейін мектепке дейінгі
тәрбиелеу, жалпы және кәсіптік білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету, денсаулық сақтау және
жұмыспен қамту мемлекеттік және муниципалдық мекемелері қызметтерін қамтитын өтемақы пакетін
беру арқылы жәрдемдесуге бағытталған.
Израильде өзінің этникалық/діни топқа тиесілігін дәлелдеген адамдарға қаржылай көмек (
бастапқы орналасуға, күнделікті шығыстарға, пәтер жалдауға және ивритті үйренуге)
көрсетіледі. Бұл ретте мигранттар шекарадан өтісімен азаматтық алады.
Ішкі көші-қон саласында.
Дамыған шет мемлекеттер үшін ішкі көші-қон тұрақты жұмыспен қамтудың және кедейлікке
қарсы іс-қимыл жасаудың тиімді тетігі болып табылады. Әдетте, ішкі мигранттар экономикалық
өсім нүктелеріне ұмтылады, ал мемлекет өз тарапынан халықтың осал топтарының қоныс аударуы
және одан әрі жұмысқа орналасуға мүмкіндігі болуы үшін көшіп-қонуға жағдай мен стимулдар
жасайды.
Ішкі көші-қонды реттеу және халықты оңтайлы қоныстануға ынталандыру шеңберінде Қытай
Халық Республикасы, АҚШ, Аустралия, Канада тәжірибесі қызығушылық тудырады.
Қытай Халық Республикасында ішкі көші-қон Кедейлікпен күрестің 2020 жылға дейінгі
кешенді бағдарламасы шеңберінде ынталандырылады. Аталған Бағдарлама шеңберінде жыл сайын 2
млн. адамды қайта даярлау, өндірісте жұмыс тәжірибесі бар 6 млн. адамды жұмысқа орналастыру,
сондай-ақ 2 мың адамды қолайсыз аудандардан қоныс аударту жүзеге асырылады. Бұл ретте тұрғын
үй проблемасы шешілуде: қоныс аударушылар үшін экономикалық қолжетімді пәтерлерді салу
жүргізілуде, сондай-ақ қолжетімді бағамен баспананы жалға алу мүмкіндігі беріледі.
АҚШ-та мемлекет ішінде көшіп-қону салықтық стимулдар арқылы көшетін жұмыскер мен
осындай жұмыскерді жалдайтын жұмыс беруші үшін ынталандырылады. Жұмыскерге қоныс аударумен
байланысты негізгі шығындар бойынша салықты шегеріп қалу құқығы, ал жұмыс берушіге жұмысқа
қабылданған қоныс аударушылар қатарынан әрбір қосымша адам үшін жылына 3000 долларға дейін
салық жеңілдіктері беріледі.
Аустралияда 2015 жылы "JOBACTIVE" бағдарламасы жаңартылды, оның мақсаты – ұзақ
мерзімді жұмыссыздық деңгейін бұрынғы тұрғылықты жерінен кемінде 90 минуттық жерде
орналасқан өзге өңірге қоныс аударып жатқандарға қаржылай көмек көрсету арқылы төмендету.
Адам провинцияға қоныс аударған жағдайда бір рет 6000 доллар алады, егер астанаға көшетін
болса, небәрі 3000 доллар алады, қатысушы кәмелетке толмаған балалары болған жағдайда
қосымша 3000 доллар ала алады. Қаражатты жалдау, коммуналдық және көлік қызметтерін төлеуге
жұмсауға болады.
Канадада ел ішінде көшіп-қону жұмыс беруші үшін салық алымдары арқылы ынталандырылады.
Жұмыс беруші жұмыскерді бір өңірлік офистен басқасына ауыстырғанда көшіруге шығындалған
қаражат сомасы салық салынатын сомадан шегеріледі. Көшуге және жүкті тасымалдауға,
коммуналдық жазылымдарды (телефон, телевизия, интернет және т.б.) қайтаруға, бұрынғы
тұрғылықты жері бойынша жылжымайтын мүлікті сатуға жұмсалған шығындар, жүргізуші куәлігін
және басқа рұқсаттарды өзгертуге байланысты шығындар шегеруге жатады.
Канадада білімдарлардың кетуін болдырмау бойынша бағдарламалар бар. Мысалы, Саскачеван
провинциясында оқуды енді бітірген түлектерге өңір аумағында жеті жыл бойы тұру және жұмыс
істеу шартымен $20,000 ұсынылады.
Қазақстан үшін осы халықаралық тәжірибе ішкі мигранттарды республиканың экономикалық
өсу аймақтарына жіберу арқылы ішкі көші-қонды ел экономикасының сұранысына бағдарлау
тұрғысынан өзекті.
Бүгінгі таңда көрсетілген көші-қон бағыттарымен қатар әлемде бизнес-иммиграцияның
дамуының жаңа үрдістері байқалады. Әлемнің дамыған елдерінде инвесторлар қоғамдастығын
тартуды ынталандыруға, оның ішінде бизнесті жүргізу жағдайларын жеңілдету, ел азаматтығына
қабылдау бөлігінде бұрын-соңды болмаған шараларды көздеу, "Алтын виза" және т.б. арқылы
ынталандыруға бағытталған бағдарламалар жиі қабылдануда. Қоғамдық маңызы бар жобаларға 500
мың евродан жоғары үлес қосқан жағдайда, жеңілдетілген режимде инвесторға азаматтық ұсынатын
Ирландияның тәжірибесі де ынталандыру үлгілерінің бірі болып табылады.
Қазақстан үшін бұл халықаралық тәжірибе, әсіресе, бизнес-иммиграцияның қазіргі бағытын
жетілдіру базасында қызығушылық тудырып отыр.
Көші-қон процестерін реттеудің әлемдік тәжірибесін қорытындылау Қазақстан
Республикасында әлеуетті қолданылатын мынадай тетіктерді анықтауға мүмкіндік береді: