Мектептегі әдістемелік кабинеттер мен бұрыштар. Ағымдағы мәліметтер әдістемелік бұрышта қамтылып көрсетіледі. Мектепте бос бөлме болған жағдайда, арнайы кабинеттер жабдықталады, олар әдістемелік жұмыстың және мұғалімдердің өз бетімен білім алуын ұйымдастырудың барлық түрін өткізу үшін негізгі тірек бөлме болады. Мұндай әдістемелік кабинеттерде ғылыми еңбектер, әдістемелік құралдар, журнал, газет кесінділері, педагогикалық әдебиеттердің жинағы, т.б. сақталады. Кабинет басшылығына жоғары маманданған мұғалім қойылады. Әдістемелік кабинетте мұғалімдер білімдерін өз бетімен көтеру үшін қажетті мәліметтерді ала алады. Мектептің әдістемелік кабинетінде жақсы сабақтардың және сыныптан тыс шаралардың даярламасы іріктеліп қойылады, ондағы материалдар мұғалімдер мен оқушылардың бірлескен жұмысының тиімді түрін таңдауға негізделген. Мектептің әдістемелік кабинетінде компьютер болуы қажет, онда мол әдістемелік мәліметтер жинағы сақталуы керек.
Мектептің әдістемелік кабинетінде әрбір пән бірлестіктерін (кафедраларына) арналған бұрыштар болуы шарт. Онда сол пән бірлестігі (кафедра) мүшелерінің шығармашыл жұмыстары, папкалары, сонымен қатар жыл сайынғы беретін сабақтарының видеокассеталары, электронды оқулықтар жиынтығы және т.б. материалдар болуы керек.
Егер әдістемелік кабинет қазіргі талапқа сай жабдықталса оның мұғалімнің шығармашылығын арттыруда өз үлесін қоспақшы.
Мүдде бойынша мұғалімдер бірлестігі. Жұмыстың бұл түріне жататындар: мұғалімдер клубы, топтар және көркемөнерпаздар кештері, т.б. Көбінесе бос уақытты бірге өткізу, араласу үшін жұмыстың бұл түрі мұғалімдердің кәсіптік шеберлігін жетілдіру ісінде үлкен көмек беруі мүмкін, бәрінен бұрын мұғалімдердің жалпы мәдениетін, өзара араласу арқылы жеке мәдениетін көтеруге көмектеседі. Көптеген мектептерде мұғалімдер театры, студиясы жұмыс істейді, онда жас мұғалімдер әртүрлі ойын-сауық көрсету мен концерттерді дайындап, өткізудің барысында педагогикалық әдістің негізін меңгереді. Бұл жұмыс түрлері педагогикалық ұжымның ұйымшыл болуы үшін қызмет етеді.
Педагогикалық тәжірибе көпшілік және озық болуы мүмкін. Озық педагогикалық тәжірибе тарихилығымен ерекшеленеді. Өйткені әрбір жаңа кезеңде мектептің материалдық, әдістемелік, кадрлық және басқа да мүмкіндіктерінің кеңеюімен педагогикалық қызметтің жаңа талаптары пайда болды. Сонымен бірге озық тәжірибе педагогика ғылымы мен практикасының қазынасын үнемі толықтырушы, жаңартушы қызмет те атқарады. Озық педагогикалық тәжірибені жасау және таратуда мұғалімнің көзқарасы үлкен рөл атқарады.
Озат тәжірибе – әдеттегі қалыпты деңгейден жоғары табыстарға жеткізетін педагогикалық іс-әрекеттердің кешенді жиынтығы, жалықпай шығармашылықпен еңбек етудің нәтижесі.
Озат тәжірибе деп мұғалім мен оқушының еңбегін барынша жеңілдететін, оқыту мен тәрбиелеу саласында ерекше табыстарға жеткізетін жекеленген мұғалімдердің пайдаланған іс-тәжірибесін айтады.
Озат тәжірибе – логикалық әдіс-тәсілі жағынан ерекше нәтиже беретін, жалпы мектеп қабырғасында қолдануға болатын ең тиімді тәжірибе.
Озат тәжірибенің ең жоғары деңгейі – жаңашылдық. Озат тәжірибенің авторларын – жаңашыл мұғалімдер деп атайды. Жаңашыл мұғалімдер жаңа идеяны ұсынады, сондықтан оларды жаңашыл дейді. Олардың негізгі идеясы – ұстаздық қызметтестік, яғни ұстаз бен шәкірттің қызметестігі.
Достарыңызбен бөлісу: |