сөз жасаушы морфологиялық модельдер арқылы; сөздердің мағыналық құрылымында жаңа мағыналарының пайда болуы арқылы; сөздердің жасалуындағы семантика-грамматикалық тәсіл (бірге, алға, артқа т.б.); кірме сөздер арқылы жасалған сөздер; аналитикалық тәсіл арқылы жасалған сөздер; Сөздердің жаңадан жасалуы тілде толық қалыптасып, бекігенде өзінің ішкі формасын бірте-бірте жоғалтады, басқаша сөзбен айтқанда, әуелгі өзінің негізгі мағынасынан біраз ажырап, жаңа мағыналы сөзге айналады да, негізгі сөздік құрамға енеді. Сөйтіп, тілдің ұзақ дамуында жеке атау ретіндегі қолданысқа ие болады. Сөйлеуші мен тыңдаушы арасындағы сөйлеу барысында белгілі бір ақпараттық мәнге ие болып, жеке қолданыста жұмсалады. Мұндай сөздерге кеңістік мәнді, қимыл мәнді т.б. атаулар да жатады. Жаңадан жасалған сөздер тілде сөйлеушілердің бәріне бірдей түсінікті болатын жағдайға жеткенде жеке атау ретінде танылады. Бұл үдерістің мезгілі әр түрлі болуы да ықтимал. Сөздер өздерінің белгілейтін заттары мен құбылыстарының сипаты мен қасиетіне қарай денотаттық та, сигнификаттық та мән алуы мүмкін.
Лексикалану үдерісі тіл білімінде кең тұрғыдан қарастырылады. Қазір тіл білімінде лексикалану тек жалпы тілдік мәселе ретінде ғана зерттеліп қоймайды, сонымен бірге жеке авторлар тіліндегі лексикалану мәселесі төңірегінде де көптеген ғылыми жұмыстар жазылған. Ғалымдардың негізгі ғылыми қорытындылары мынадай ойдың аумағына шоғырланады: жеке авторлар қолданған сөз тіркестері қолданыс барысында атаулық тіркестер ретінде қалыптасқан, кейбір тұрақты тіркестер, фразеологиялық бірліктер мен фразеологиялық оралымдар авторлар шығармалары арқылы қалыптасқан. Қазақ тіл білімінде әзірге жеке авторлар тілінде жасалған атаулық тіркестерді зерттеу толық қолға алынбағанмен, ішінара ақын-жазушылар қалыптастырған метафоралық, метанимиялық тіркестер мен теңеулер жайында біраз жазылып жүргені белгілі. Кең мағынасындағы “лексикалану” үдерісі тек еркін сөз тіркестерінің негізінде ғана жасалмайды, сондай-ақ морфемалар сөзтұлғалардың өзгеруі арқылы, сөз тіркесінің дамуы арқылы жеке атаулардың кейде фразеологизмдердің жасалуы да мүмкін деп танылады.
Лексикаланудың жеке мәселелері ретінде мына құбылыстарды атап көрсетуге болар еді:
кейбір көмекші сөздер қолданыс аясында жаңа мәнге ие болып, жеке сөз ретінде танылады. Немесе, керек, керек деп жүріп, керегінен түгел айрылған еді деген сөйлемдегі «керек» модаль сөзі контексте заттанып, жаңа мән-мағына алады.
сөз тұлғалардың жеке сөз ретінде қолданылып, атау ретінде қабылдануы: алға, артқа, бірге, бірлесе, әлде, алда т.б.
сөз тіркесінің жеке сөзге айналуы: теміржол, жеке шаруа, жеке меншік, жеке шаруашылық, жеке көлік т.б.
еркін тіркестер арқылы жасалған фразеологиялық бірліктер: кең қолтық, аусыл келгір, жүзі қара, түбің түскір, мезі ету, сипап сөйлеу т.б.
Атаулық тіркестердің ішкі формасында болатын лексикалану құбылысын анықтау үшін, сөздің ішкі формасы туралы кейбір ұғымдарды анықтау қажеттілігі бар. Егер лексикалық бірлік туынды сөз болса, онда ішкі формасының мәні түбір сөз бен сөзтудырушы тұлғалардың мағынасы арқылы жасалады. Ал фразеологиялық бірліктің ішкі формасы оның құрамындағы сөз тіркесін құраушы тұлғалардың мағынасы арқылы пайда болады. Лексикалық бірліктің ішкі формасы – құраушы морфемалардың семантикалық және құрылымдық бірлігі мен жақындығы; жаңа атау жасалу барысында номинацияның негізгі белгісі мен ерекшелігі саналады. Бұл туралы ғылыми зерттеулерде біршама жазылғанымен, әлі де терең зерттеуді қажет етеді.
Зерттеуші ғалымдардың еңбегінде айтылып жүргендей, уәждеме мәселесін алғашқы қозғап, оның негізгі мәселелерін зерттеуші ғалымдар В. Гумбольдт, Х.Штейнталь болған. А.А. Потебняның жазған сөздің ішкі формасы да осы уәжділік теориясын анықтайды. “Из записок по русской грамматике” атты зерттеу еңбегінде А.А. Потебня грамматикалық формалар мен грамматикалық категориялардың ерекшеліктерін зерттейді, сөздің мағынасына талдау жасайды, сөздің ішкі формасын оның мағынасына жуық деп пайымдайды. Тілдегі кез келген сөз белгілі бір ұғымды білдіріп, сөйлеуде жұмсалады. Ал сөйлем басқа адамдар үшін айтылады. Адам өз ойын басқа біреуге жеткізу үшін, оның түсінікті болуы қажет. Осыған орай күнделікті тұрмыста қолданғанда, әр тілде атаулар белгілі модельдермен жасалады. Біздің санамызда қалыптасқан олардың табиғи қасиеттері алғашқы ұғымдық сипатынан ажырап, тілдің өзге тұлғалары мен мағыналық варианттары арқылы таңбаланады. Ғалым былай деп жазады: “Внутренняя форма слова, произнесенного говорящим, дает направление мысли слушающего, но она только возбуждает этого последного, дает только способ развития в нем значений, не назначая пределов его понимания слов” [17140]. Яғни сөздің ішкі мағынасы тыңдаушы үшін ұғымның біршама жалпы мәнін көрсетеді. Сондықтан да, айтылған сөзді әр тыңдаушы өзінше ұғуы мүмкін.
Орыс тіл білімінде уәждеме теориясы жақсы зерттелген. Айталық, Д.Н. Шмелев, Е.С. Кубрякова, И.Н. Сергеева, М.Д. Степанова, О.И. Блинова, К.А. Левковская т.б. ғалымдардың еңбегінде әртүрлі деңгейде уәждеме теориясы әңгіме болады. Зерттеушілердің пайымдауынша, туынды сөздердің кез келгенінің мағынасында уәжділік болады.
Қазіргі қазақ тіл білімінде уәждеме теориясы, соның ішінде сөзжасамдық уәждеме біраз зерттеліп келе жатыр. Бұл салада біз, әсіресе, М.М. Копыленко, А. Аманжолов, Б. Қалиев, Н. Уәлиев, Н. Оралбаева, Б. Қасым, А.Б. Салқынбай, Р. Авакова т.б. еңбектерін ерекше атауды жөн деп табамыз. Сондай-ақ әртүрлі атаулардың табиғатын зерттеуде, олардың уәжділігін көрсететін де бірнеше кандидаттық диссертациялар бар.
Уәждеме теориясының негізгі ұғымы - уәж, уәжділік. Профессор Н. Уәлиев фразеологизмдердің тілдік табиғатын зерделеу барысында «уәж» терминін қолданды да, кейін бұл атау толық ғылыми айналысқа түсті. “Уәждеме” термині әуелде философиялық ұғым ретінде қолданысқа түсіп, кейін көптеген ғылым салаларына енді. Тіл білімінде қарастырылатын уәжділік атау сөз бен сөзді белгілеп тұратын шындық өмірдегі, табиғаттағы заттар мен құбылыстар арасындағы байланысты анықтайды. Сөздің ішкі мазмұны мен мәнін ашу үшін, оның белгілеп тұрған заты мен атау арасындағы байланысты анықтау керек болады. Мәселен, тамақ өнеркәсібіне байланысты қолданылатын көмбе нан, наурыз көже, бидай көже, күріш көже, ағаш күбі, айран көже т.б. сияқты туынды сөздердің уәжділігін анықтау үшін осы сөздер белгілейтін заттар мен атау арасындағы мәндік белгіні айқындау қажет болады. Біз бұл жерде тек екіншілік мағынаны ғана анықтаймыз. Көмбе нан деген нанның бір түрі шоққа көміліп пісіріледі, сондықтан ол көмбе нан атауымен аталып тұр. Наурыз көже – наурыз айында пісірілетін астың бір түрі; бидай көже - бидайдан пісіріледі; күріш көже - күріш қосылып дайындалатын тағам түрі; ағаш күбі - ағаштан жасайтын, айранды пісу үшін қолданылатын құрал; айран көже – айран қосылып пісірілетін көженің бір түрі т.б.
Туынды сөзде лексикалық мағына мен грамматикалық мағынадан бөлек сөзжасамдық мағына болады. Туынды сөздегі сөзжасамдық уәждеме дегеніміз - екі түбірлес сөздің бірінің мағынасы екіншісінің жаңа мағынасының тууына негіз болатын, мағыналық себептілікке негізделген сөзжасамдық қатынас. Демек, атаулық тіркестердің сөзжасамдық уәжділігі құрамындағы сөздердің жаңа мағынаны негіздеуі арқылы көрінеді. Туынды сөздің мағынасын ашу үшін, оның сөзжасамдық уәжділік қатысын анықтау керек болады. Уәжділікті анықтау деген сөздің шығу тарихын қарастыру деген сөз емес. Бұл туралы атақты ғалым М.М. Копыленко былай деп жазған: “Если этимология является надежным инструментом изучения взаимоотношений народов – носителей древних языков и истории их материальной культуры, то мотивология незаменима при исследовании их воззрений, психологии, духовной жизни. При этом убеждением мы руководствовались приподготовке данного сообщения” [2.108].
М. Копыленко өзінің еңбегінде уәжділік мәселесінің 70-жылдардан бастап қозғала бастағанын тілге тиек ете отырып, көптеген атаулардың уәжділік сипатын анықтайды. Көптеген зерттеуші ғалымдар сөздердің уәжділігін анықтау үшін, оларды әртүрлі сипатта жіктейді.
Толық уәжділік – туынды сөздердің мағынасы оның құрамындағы сөздердің мағынасымен толық сәйкес келуінің нәтижесінде болады. Толық уәжділікте зат немесе құбылыстың негізгі белгілері сөздердің мағынасы арқылы көрініс табады. Атаулық тіркестердің дені термин-атаулар болғандықтан, көпшілігі осындай толық уәжділік арқылы қалыптасқанын аңғаруға болады. Мысалы: тарихи әлеуметтану, жанама эффект, аралық технология, тарихи әлеуметтану, аралық технология, қосымша жұмыс, үстеме анықтама, жеке кіріс, саяси қылмыс, саяси мәдениет, саяси экономия, саяси әлеуметтану, саяси төңкеріс, мәдени антропология, мәдени ассимиляция, мәдени плюрализм, мәдени диффузия, мәдени капитал, т.б. Бұл көрсетілген туынды сөздердің номинативтік мағыналары олардың ішкі формасын айқындай алады. Яғни саяси қылмыс ұғымы саяси және қылмыс сөздері арқылы құралып, осы сөздердің мағынасы арқылы толық уәжделіп тұр.
Сөздің толық уәжділігі айқындалу үшін, оның ішкі формасына қатысты жүргізілген кейбір ғылыми зерттеулерді қарастыруға болады. Мысалы В.Звегинцев өзінің “Семасиология” деп аталатын зерттеуінде ішкі форма туралы жазылған түсініктерге ғылыми талдау жасайды. Жалпы тіл біліміндегі, сондай-ақ орыс тіл біліміндегі уәждеме теориясы туралы көзқарастарға толық талдай жасай келіп, өзінің мынадай ғылыми пікірін білдіреді: “Внутреняя форма слова представляет собой языковую мотивированность (семасиологического поряд-ка), с помошью которой осуществляется создание новых слов. Она относится не к явлениям семасиологическим, а к явлениям ономасиологическим” [3. 196]. Яғни, автордың пайымдауынша, ішкі форма мен уәждеме бір құбылыстың қатарына жатқызылады. Атаулық тіркестердің мағынасын анықтау барысында да осы пікірге көз жеткізе аламыз. Мысалы, саяси бағдарлама деген терминнің туынды мағынасы саяси және бағдарлама деген екі сөз арқылы уәжделіп тұр. Бұл әрі туынды сөздің ішкі формасын да анықтай алады.
Әдебиеттер:
Потебня А.А. Эстетика и поэтика. – М., 1976. – 140 с.
Копыленко М.М. О мотивации наименования животных в тюркских языках. // Проблемы этимологии тюркских языков. – Алматы, 1990.–108 с.
3.Звегинцев В.А. Семасиология. – М., 1962. – 196 с.
Грамматикалық категория – этномәдени код
(етіс категориясы негізінде)
О. Жұбаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Грамматика бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымының докторы
Бүгінгі таңда когнитивтік бағыттағы зерттеулерде тілдегі білімнің көрінісін сипаттауға бағытталған ізденістер жанданып келеді. Морфология теориясының дамуы ондағы когнитивті үдерістерді талдауды қажет етіп отыр. Сондықтан зерттеу жұмысы грамматикалық категориялар мен көрсеткіштер түрінде көрініс тапқан морфология деңгейіндегі білімдерді айқындауға арналған. Сол арқылы морфологиялық категориялар мен тұлғалардың тілішілік ерекшеліктері айқындалып, тілде концептуалды мазмұнның репрезентациялануындағы морфологиялық бірліктердің орны көрсетіледі. Мұндай зерттеулер тілді құрылымдық немесе функционалды қырынан зерттеумен қатар қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан сипаттауға жол ашады, морфологияның тіл жүйесіндегі орнын айқындап, сөйлеу-әрекетіндегі маңызын түсінуге, морфологиялық категориялардың тұрпат және мазмұн межесін тануға мүмкіндік береді. Морфологиялық категорияларды осылайша талдау тілді когнитивті бағытта зерттеуге арналған еңбектердің дамып, өркендеуіне жол ашады.
Тіл жүйесіне бағытталып, ғалам туралы білімдердің тілде көріну тәсілдерін бейнелейтін грамматикалық концептілер лексикалық жолмен берілетін концептілерге қарағанда, біршама тұрақты болып келеді. Сол себепті грамматикалық концептілер жалпыұлттық деңгейде стандарттауға бейім болады. Грамматикалық концептілердің тұрақтылығы олардың ғаламның концептуалды бейнесінің категориалды бөлігімен байланысты болуымен де сипатталады. Морфологиялық категориялардың бұл ерекшелігін Қ.Жұбанов та атап көрсетеді: «Тіл өзгереді, бірақ барлық саласы бір қалыпта өзгермейді. Грамматика құрылысы өте шабан өзгереді. Тоқтамай калейдоскоп сияқты өзгерсе, грамматика да болмас еді. Демек, грамматикада дегеніміз – тілдің бір қалпының белгілі уақыт ішінде тұрақтауы, орнығуы. Осы арқылы ол дыбыс құрылысының өзгеруіне де кедергі болады. Сондықтан сөздер ұзақ замандар бойы дыбыс құрылысы жағынан бір-бірінен алыстап кетпейді. Бұдан олардың ұластығы байқалады» [1, 258-б.].
Лексика мен грамматикалық жүйе өзара байланысты. Грамматика тілдегі құбылысты бейнелейді, ал лексикаға атауыштық, бейнелеуіштік қызмет тән. Бала бастапқыда нақты болмыс категориялармен таныса отырып, тілдік категориямен танысады. Грамматика болмыспен тікелей байланысты болмайды, сан, шақ грамматиканың категориялары нақты категориялармен сәйкес келмейді, грамматика тілдің ішкі құрылымына қатысты болады, ол реляциялық сипатта. Осыған байланысты С.Исаев былай дейді: «Ең алдымен, грамматикалық мағына – лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда, грамматикалық мағына одан кейін пайда болады. Грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болып, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақстына қарай оған әртүрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек, осының нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады. Сондай-ақ лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөздерге (формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болатындықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан, жоғарыда көрсетілгендей көрсетілгендей, топтауға негіз болады. Оның үстіне сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде әдетте бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына, дұрыс көрсетіліп жүргендей, сөйлеу процесінде сөздің әртүрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы да грамматикалық мағына деп танылғанмен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық категория ұғымына қатысты, сөздің белгілі топтарға бөлініп, олардың грамматикалық сипатын айқындаудағы рөлі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады» [3, 18-б.].
Морфологиялық репрезентация мәселесін айқындауда грамматикалық категориялаудың орны ерекше. Грамматикалық категориялаудың мақсаты – функционалды-мақсатты жүйе ретінде тілдегі ортақ ұстанымдарды, мағынаның тілдегі кодталу ұстанымдарын, олардың тілдегі қолданысын айқындау. Онда тілдік қолданыс ерекшеліктері ескеріліп, сөздер грамматикалық топтарға бөлінеді, ол тілдегі грамматикалық және лексика-грамматикалық категорияларда көрініс табады. Яғни тілдік нысандар категорияларға жіктеліп, тілде көрініс тапқан категориялар негізінде категорияланады. Грамматикалық категориялау – ғаламды танудың категориалды үлгісі, морфологиялық репрезентация концептуалды мазмұнды құрылымдаудың категориалды тәсілі болып табылады. С.Исаев грамматикалық категориялардың өзіндік ерекшелігін былайша көрсетеді: «Тіл білімінің қол жеткен соңғы жетістіктеріне сүйенсек, грамматикалық категорияның мәні мынадай сипаттары арқылы айқындалады. Ол әрине, бірден грамматикалық мағына ұғымымен тікелей байланысты. Бірақ грамматикалық категория деп тану үшін, ең алдымен, бір ғана грамматикалық мағынаның болуы жеткіліксіз. Яғни бірнеше (кем дегенде екі) грамматикалық мағына болуы керек. Екіншіден, ол грамматикалық мағыналар бір деңгейдегі мәндес, ыңғайлас сипатта болуы керек. Айталық, өткен шақтық және айтушы (бірінші) жақтық немесе қимылдың болымсыздық мәнін білдіретін мағыналар бір деңгейдегі ыңғайлас сипатта емес. Олардың бір грамматикалық категория құрауы жайында әңгіме болуы мүмкін емес. Яғни олар бір грамматикалық категория шеңберіне ене алмайды. Үшіншіден, ол грамматикалық мағыналар өз ішінен бір-бірінен ажыратыла алатын қайшы мәнді сипатта болуы қажет. Төртіншіден, солардың бәріне лайық тұлғалық немесе парадигмалық берілу ерекшеліктері, грамматикалық көрсеткіштері болуға тиіс. Бесіншіден, сол грамматикалық мағынаның әрқайсысы белгілі грамматикалық амал-тәсілдер, тұлғалар арқылы беріліп отыруы керек. Алтыншыдан, осындай қасиеттер белгілі бір топтағы сөздердің грамматикалық немесе лексика-грамматикалық (семантикалық-грамматикалық) сипатын айқындай алатын мағыналық, тұлғалық белгісі болуға тиіс. Міне, осындай грамматикалық мағыналар жиынтығы мен олардың грамматикалық амал-тәсілдері я парадигмалық тұлғалар (формалар) арқылы беріліп, бірлікте тұруын грамматикалық категория деп тануға болады [3, 500-б.].
Түркітануда, оның ішінде қазақ тіл білімінде етіс категориясы ғалымдар назарын аудартып, көптеген талас тудырып келеді. Етісті антропоөзектік тұрғыдан зерттеп, оның тілдік табиғатын ашу етістің өзіндік ерекшелігін түсінуге мүмкіндік береді. Ғасырдан астам уақыт бойы сөз болғанмен, бұл мәселе төңірегінде әлі де шешіле қоймаған түйткілдер баршылық. Ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі зерттеушілер етісті бірде етістік (А.Казембек), бірде форма, формация (Н.И.Ильминский), бірде вид («Грамматика алтайского языка») деп түрліше атаған. П.М.Мелиоранский, М.Терентьев грамматикаларында ғана етіс түрлері «залог» деп аталған. Етістіктің бұл түрін етіс деп танымай, оның орнына форма, негіз, етістік сияқты атауларды қолдану Н.П.Дыренкова, А.Н.Кононов, В.Е.Егоров, Ж.Дени т.б. еңбектерінде де өріс алды. Сонымен қатар М.А.Казем-Бек, Н.И.Ильминский, М.Терентьев, П.М.Мелиоранский еңбектерінде болымсыз етістіктер етістің бір түрі ретінде («отрицательный залог») берілген. -ңқыра/-ңкіре жұрнақтарын Н.И.Ильминский «уменьшительная форма» деп атаса, «Грамматика киргизского языка» деген кітапта ол күшейткіш етіс («усилительный залог») көрсеткіштері ретінде берілген. Яғни ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезеңде зерттеушілер етіс категориясын түрліше таныған, ортақ ұстанымдар болмаған. Ал етістіктің болымсыздық жұрнақтары да, -ңқыра/-ңкіре жұрнақтары қатынас мәнін бере алмайды. Сондықтан олар етіс категориясын құрай алмайды. А.Байтұрсынұлы етістің 10 түрін көрсетеді: өздік: -н, ырықсыз: -л, ортақ: -с, салт, сабақты, беделді: -дыр, өзгелік: -ғыз, шығыс: -стыр, өсіңкі: -қыла, дүркінді: -ңқыра [4]. А.Байтұрсынұлы мен Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбановтың етістерді тануын салыстыратын болсақ, мынадай ерекшеліктер байқалады:
Ұлттық тіл білімі қалыптасқан кезеңдегі ғалымдардың етісті жіктеуі
А.Байтұрсынұлы
|
Қ.Кемеңгерұлы
|
Қ.Жұбанов
|
1. өздік: -н
2. ырықсыз: -л
3. ортақ: -с
4. салт
5. сабақты
6. беделді: -дыр
7. өзгелік: -ғыз
8. шығыс: -стыр
9. өсіңкі: -қыла
10. дүркінді: -ңқыра
|
1. өздік (возвратный): -н
2. ырықсыз: (страдательный): -л
3. ортақ (взаимный): -с
4. салт (средний)
5. сабақты етіс –т, -ыр/-ір/-р, -дыр/-дір, -қыз/-кіз
6. беделді етіс: -т, -ыр/-ір/-р, -дыр/-дір, -қыз/-кіз
|
1. өздік етіс
2. ырықсыз: -л
3. ортақ: -с
|
4. салт
5. сабақты
6. өзгелік етіс: -тыр/-тір, -қыз/-кіз, -ыт/-іт, -ыр/-ір
|
прогрессивный вид: -қыла/-кіле
многократный вид: -ңқыра/-ңкіре
|
7. өсіңкі етіс: -ңқыра/-ңкіре
|
Ғалымдар салт, сабақты, өздік, ырықсыз, ортақ етістерді бірдей таныған. А.Байтұрсынұлы әр етіс түрін даралап, әрқайсысының көрсеткіштерін көрсетіп, оған өзінше ат беруге тырысса, Қ.Кемеңгерұлы [5] мен Қ.Жұбанов мағыналық, тұлғалық ұқсастықтарына байланысты басын біріктіріп, жинақтауға ұмтылған. А.Байтұрсынұлы жіктеуіндегі беделді етіс, өзгелік етіс, шағыс етістерді топтастырып, бір етіс түрінде беру, дүркінді етісті (многократный вид) етіс қатарына қоспау жағынан келгенде, Қ.Кемеңгерұлы мен Қ.Жұбанов еңбектері өзара ұқсас. Қ.Жұбанов өсіңкі етісті етіс қатарына шартты түрде қосып отырғанын айта келіп, былай дейді: «Өсіңкі етіс мағынасы жағынан етіс емес, сонда да құрылысы жағынан (етіс үстеулері сияқты мұның үстеуі түбір мен -ма-ның аралығына тығылатын болғандықтан) етіске ұқсас болғандықтан, жетінші етіске мұны да санадық» [1, 380-б.].
А.Байтұрсынұлы жіктеуіндегі беделді етіс, өзгелік етіс, шағыс етістерді Қ.Кемеңгерұлы мен Қ.Жұбанов жинақтап, өзгелік етіс (беделді етіс – Қ.Жұбанов) түрінде берген. Қ.Кемеңгерұлы -т‚ -р‚ -қыз‚ -тыр т.с.с. жұрнақтардың сөздің соңғы дыбысына қарай ауысып отыратынын, алайда олар сөзге бірдей мағына үстейтінін көрсетеді. Қ.Жұбанов беделді, өзгелік етістерді топтастырып беру себебін былайша түсіндіреді: «Бұрынғы өзгелік етіс пен беделді етісті екеуін бір қостық. Үйткені екеуі де – өзге біреу арқылы істелетін іс. Өзге біреуге беделіңді саласың ба, қорқытасың ба – бәрібір. Тіл мұнысын айырмайды» [1, 381-б.]. Сол сияқты өсіңкі, дүркінді етістерді етіс категориясына қоспаған. Сондықтан А.Байтұрсынұлы етістің 10 түрін көрсетсе, Қ.Кемеңгерұлы 6 түрін, Қ.Жұбанов 7 түрін көрсетеді.
Етіс – субъектілі-объектілі қатынасты білдіретін етістіктің морфологиялық категориясы болып табылады. Етіске қойылатын талаптар үдесінен тексеретін болсақ, сабақты етіс етіске қойылатын талаптарға толық жауап береді. Сабақты етіс те, басқа етістер сияқты субъектілі-объектілі қатынасты білдіреді. Тура толықтауышты ғана қажет ететін, салт етістерге -т, -тыр, -қыз, -р жұрнақтары жалғану арқылы жасалған етіс түрі – сабақты етіс те, сабақты етіске (негізгі, туынды) аталған қосымшалар үстеліп, сөйлемде тура толықтауышпен қатар барыс септікті жанама толықтауыштың да болуын қажет ететін етіс түрі өзгелік етіс болуы керек. Бұл орайда «Қазақ грамматикасында» С.Исаев етістіктің салттылық және сабақтылық сипаты оның жалпы грамматикалық семантикасына, яғни тура объективтіні қажет ету-етпеуіне байланысты екенін айта келіп: «Салттылық-сабақтылық мәнді көрсетерлік етістіктің арнайы грамматикалық (парадигмалық) формалары жоқ. Етіс жұрнақтарының көпшілігі салттылық-сабақтылық мәнмен, яғни өзгелік етіс сабақтылықпен, өздік етіс пен ырықсыз етіс салт етістікпен байланысты, бірақ бұл қасиет оның бірден-бір грамматикалық көрсеткіші емес. Салттылық-сабақтылық мән етістіктің грамматикалық мағынасы арқылы түсініліп, сөйлеу процесінде тура толықтауышты (тура объектіні) меңгеру-меңгермеу сипаты негізінде көрінеді. Сөйтіп, бұл құбылыс етістіктің таза грамматикалық сипаты емес, әрі тікелей семантикалық, әрі синтаксистік-қатынастық қасиеттерінің көрінісі болып табылады. Сондықтан салттылық-сабақтылық сипатты (грамматикалық ерекшелікті) етістіктің лексика-грамматикалық категориясы деп таныған жөн», – дейді [3, 499-б.]. Бұл орайда бір нәрсені ескеру қажет: қазақ тілінде салт етістің арнайы көрсеткіштері болмағанмен, сабақты етістің көрсеткіштері бар: -т, -тыр, -қыз, -р. Алайда бұл көрсеткіштер өзгелік етіс қосымшаларымен ұқсас, омонимдес жұрнақтар болып табылады. Осындай тұлғалық ұқсастығына байланысты А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанұлы еңбектерінде етіс категориясы ретінде танылған салт, сабақты етістер 30-жылдардың аяғынан бастап оқулықтар мен грамматикаларда етіс қатарынан ығыстырыла бастайды. І.Кеңесбаев 1939 жылы жарық көрген «Қазақ тілі» атты оқулығында Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбановтардың үлгісімен етістің 6 түрін көрсетіп, салт, сабақты етістіктерді етіс ретінде танығанмен, кейінгі еңбектерінде етістің 4 түрін ғана атайды. 30-жылдардың аяғынан бастап, көрсеткіштері бірдей болғандықтан, сабақты етіс пен беделді (өзгелік) етіс біріктіріліп, салт, сабақты етістер етіске тән мағынасы мен қызметіне қарамастан, етіс аясынан алшақтатыла бастады. Бұл үрдіс 1957 жылы Уфада өткен етіс мәселесін қарастырған координациялық кеңесте де өріс алды. Бұл арада, сабақты етіс пен беделді (өзгелік) етістің басын біріктіру керек дегенде, аталған етістердің өзіндік ерекшеліктері ескерілмей қалып отыр. Біріншіден, сабақты етісте тура толықтауыш қана қатысады, ал өзгелік етісте тура толықтауышпен қатар барыс септігіндегі жанама толықтауыш та болуы шарт; екіншіден, сабақты етіс салт етістікке -т, -қыз, -тыр, -р сияқты қосымшалардың жалғануы арқылы жасалса, беделді (өзгелік) етіс осындай туынды сабақты етістіктерге немесе негізгі сабақты етістіктерге аталған жұрнақтардың үстелуінің нәтижесінде ғана жасалады. Осындай ерекшеліктеріне байланысты Ы.Маманов, С.Исаев еңбектерінде сабақты етістік пен өзгелік етісті біріктіру қисынсыз болатыны туралы айтылады. Ы.Маманов өткізу, түсіру, көбейту, көңілдендіру, пісіру – сабақты етістік, көріну, созылу, үзілу, жырылу, салыну, сүйіну етістіктерін салт етістіктерге жатқызып: «Салт және сабақты етістіктердің арнайы морфема арқылы жасалған тұлғасы олардың ауыспалы түрі болып табылады. Себебі арнайы морфемалар арқылы салт етістіктердің бір-біріне ауысуы етіс формаларымен ұштасып жатады. Яғни өздік және етістіктердің жұрнақтары сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын морфема қызметін атқарса, өзгелік етіс жұрнағы салт етістікті сабақты етістікке айналдыратын морфема болып табылады... Салт етістіктер екі түрде жұмсалады. Біріншісі, тура салт етістік бұған түбір етістік (негізгі түбір, туынды түбір, қос түбір, тіркесті түбір) күйінде түрып табыс септігін меңгермейтін етістіктер жатады. Олардың салт етістік мағынасын білдіретін арнайы грамматикалық көрсеткіші болмайды. Салттық мағына бұлардың өз бойында, яғни лексикалық мағынасында сақталады... Салт етістіктің екінші түрі – ауыспалы салт етістік. Бұл сабақты етістіктерге өздік және ырықсыз етіс жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Мысалы: көріну, басылу, көтерілу, зарлану т.б.», – деп жазады [6, 37-б.]. Сабақты етіс етіске тән өзіндік мағынасы мен арнаулы көрсеткіштері болуына байланысты (-т, -тыр, -қыз, -р) етіс категориясынан өз орнын алуы керек. Ал сабақты етіс етіс ретінде танылатын болса, онымен оппозиция құрайтын, яғни тура толықтауышты (объектіні) керек етпейтін салт етіс те осы категория шеңберінде қарастырылуы қажет.
Бірқатар түркологтар төрт етістің жасалуына негіз болады деп есептеп, негіз етісті (основной или исходный залог) етіс категориясының құрамына қосып жүр. Қазақ тіл білімінде негізгі етісті тануға байланысты екі түрлі бағыт қалыптасқан:
негізгі етісті етістің бір түрі деп көрсеткен еңбектердің қатарына: «Қазақ тілінің грамматикасы» (етіс категориясын жазған – А.Хасенова); А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі. Морфология»; Ш.Бектұров, М.Серғалиев «Қазақ тілі» т.б. еңбектерді жатқызуға болады.
Негізгі етісті етіс қатарына қосуға болмайды деп санайтын ғалымдардың қатарында Ы.Маманов, С.Исаев т.с.с. атауға болады.
Негізгі етістің басқа етістер сияқты өзіндік көрсеткіші де, етіс категориясына тән мағынасы да жоқ, ол субъектілік-объектілік қатынасты білдірмейді. Осыған байланысты С.Исаев: «Негізгі етіс деп аталатын етіс түрінің етістік түбірі деген ұғымнан, мейлі негізгі түбір, мейлі туынды түбір, мейлі күрделі түбір болсын, не семантикалық жағынан, не формалық жағынан, не синтаксистік қызметі, басқа сөздермен қарым-қатынасы жағынан ешбір айырмашылығы жоқ екен. Бұл – бір. Екіншіден, грамматикалық я лексика-грамматикалық категория түрлеріне негіз болатын тұлға‚ яғни негізгі етіс деп аталған, дұрысында‚ етістік түбірі деген тұлға ол категорияның бір түрі бола алмайды, категория шеңберіне енбейді, сол категория түрлеріне негіз ғана болады. Сондықтан негізгі етіс деген етіс категориясының түрі жоқ, етіс категориясына, түрлеріне негіз болатын негізгі, туынды, күрделі етістік түбір деген ғана ұғым бар»‚ – дейді [2, 178- б.]. Ендеше, етіс категориясына қойылатын талаптың, анықтаманың шеңберіне мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да мүлде келмейтін форманы етіс деп тану – әлі де талас тудыратын мәселе. Олай болса, түркітануда неше жылдар бойы талас тудырып жүрген негізгі етістің орнына салт, сабақты етістерді етіс қатарында тануға әбден болады. Біздің ойымызша, салт, сабақтылықты орыс тілінің үлгісімен переходность/непереходность категориясына байланысты сөз етпей, дербес етіс түрі ретінде арнайы қарастыру керек.
Өзгелік етістің сабақты етістен ғана жасалатыны туралы С.Исаев: «Өзгелік етіс қосымшасы салт етістікке жалғанғанда, салт етістіктен бірден өзгелік етіс тудырмайды, тек салт етістікті сабақты етіскке айналдырады, енді осы сабақты етістікке екінші рет етіс қосымшасы жалғанғанда барып өзгелік етіс жасалады» [2, 181-б.], – деген болатын. Ғалым өзгелік етістің өзіндік ерекшелігін толық түсініп, оны былайша сипаттайды: «Өзгелік етіс қимыл, іс-әрекеттің тікелей субъектінің өзі арқылы емес, екінші субъекті (ол екінші субъекті, қимылды, іс-әрекетті тікелей орындап, іске асырушы субъекті агенс деп аталады) арқылы істелетінін, іске асатынын білдіріп, сабақты етістіктен (кез келген етістіктен емес) белгілі қосымшалар арқылы жасалатын етіс категориясының түрі болып табылады. Демек, өзгелік етісте қимылды, әрекетті іске асырушы субъекті бір емес, екеу болады: бірі – іс-әрекетті, қимылды орындатушы иесі, сөйлемде ол грамматикалық бастауыш қазметінде болады, яғни бұл логикалық субъекті әрі грамматикалық субъекті болады, екіншісі, іс-әрекетті, қимылды тікелей орындаушы субъекті (агенс) ол сөйлемде берілмеуі де мүмкін, берілсе, барыс септік тұлғасында тұрып, ол сөз сөйлемде жанама толықтауыш қызметін атқарады. Бұл – бір. Екіншіден, өзгелік етіс тек сабақты етістіктен жасалады, сабақты етістікке өзгелік етіс қосымшасы үстелгенде, ол баяндауыш болып тұрған сөйлемде тек іс-әрекет, қимылды тікелей атқарушы барыс септіктегі екінші субъект (агенс) ғана пайда болады, баяндауыш сабақты етістікті сөйлемде іс-әрекетті орындатушы субъекті мен объекті өзгелік етіс қосымшасы қосылмай тұрғанның өзінде бар болатын» [2, 181-б.].
Әрбір халықты ұлт ретінде ерекшелендіретін, ұлттың дүниетанымын, ойлау жүйесін, дүниетанымдық көзқарастарын көрсету қазіргі тіл дамуында көбінесе лексика-фразеологиялық жүйеге қатысты қарастырылып келе жатқандығы белгілі. Алайда лексика жеке тұрып қарым-қатынас құралы бола алмайды, ол міндетті түрде тілдің грамматикалық жүйесіне иек артады. Яғни адамның ойын жарыққа шығаратын коммуникативтік жүйесіз тіл өз қызметін атқара алмайды. Олай болса, лексика мен грамматика – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Сол себепті де лексикада бар жалпыадамзаттық, ұлттық-танымдық жүйе грамматиканың да тілдік құрылымына орнықтырылған. Мұндай тілдің грамматикалық құрылымынан көрінетін ұлттық дүниетанымдық ерекшеліктерді қарастыратын грамматика ілімінің бір саласы – этнограмматика болып табылады.
Етіс тұлғаларының мәндері оқулықтар мен оқу құралдарында толық көрсетілмегенмен, тілімізде сақталып қалуы грамматикалық тұлғалардың этномәдени тұтастықты сақтап қалудағы қызметін көрсете алады. Бұл орайда академик Р.Сыздық тіл мәдениеті үшін күрестің тілдің бірнеше деңгейлеріндегі нормаларды сақтауға негізделетінін айтады: «Бүгінгі күрес мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне сай әлеуметтік қызмет өрісін кеңейту арқылы оның ұлттық тіл ретінде тарих көшінен қалып қоймауын көздеу. Тіпті дәлірек айтсақ, бүгінгі күрес – тілін сақтау арқылы қазақ деген халықтың, қазақ деген ұлттың жойылып кетпеуіне жол бермеу үшін күрес, жан беріп, жан алысып жатқан айқас. Өйткені тіл сол халықтың даралық сипатын көрсететін ұлттық рухани-мәдени коды. Тіл – тек қатынас құралы ғана емес, адамды сол халықтың туабіткен толыққанды мүшесі ететін күш, әр адамды сол тілді пайдаланушы халықтың тұлғасы етіп шығаратын құдіретті күш, тіл – ұлттық сананы түзетін құрал. Ол үшін тілді бүгінгі қазақша сөйлей алмайтындарға үйретіп жатқанымыздағы мақсат – күнделікті тіршілігімізде көше сұрай алатындай, магазиндегі не базардағы тауардың бағасын сұрай алатындай, қазақша амандасып, қайыр-қош айта алатындай дәрежеде білгізу емес, қазақшаны еркін сөйлей, оқи, жаза алатын дәрежеде, білгізуіміз керек. Сол күнде бүгінгі ана тіліміз үшін күресіміз барлық майданда жеңері хақ. Міне, осы айқаста дәл бүгінгі біздің барша мақсат-мұратымыз қазақ тілін келесі ұрпақтарға әйтеуір «аман-есен» жеткізу ғана емес, ғасырлар бойы жинақталған сөздік байлығын, дыбыстық гармониясын, грамматикалық жүйелілігін бұзбай, оларды қырнай түсіп, жетілдіре түсіп жеткізу екенін жақсы түсінсек» [7].
Қазақ тіл білімінде грамматикалық бірліктерді ұлттың, этностың дүниетанымдық білімдер жүйесімен байланысты қарастыратын ғылыми еңбектер жоқтың қасы деуге болады. Бұл мәселенің қазақ тіл білімінде зерттелмеуін күні бүгінге дейінгі грамматика іліміне қатысты зерттеу жұмыстарында тілдің құрылымдық бағытына көп мән беріліп, оның коммуникативтік-прагматикалық, психолингвистикалық, нейролингвистикалық т.б. антропоөзектік қырларының өз дәрежесінде зерттелмей келе жатқанымен түсіндіруге болады. Ал бұл тілді зерттеудің антропоөзекті парадигмасы, түпкі өзегінде адам факторын көрсетуді мақсат ететіндіктен, мұндай зерттеулерде міндетті түрде әрбір ұлттың дүниетанымы, ұлттық санасы, ұлттық болмысы көрініс табады.
Достарыңызбен бөлісу: |