Әдебиеттер:
1.Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. – 581 б.
2.Исаев С. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Арыс, 2008. – 624 б.
3.Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002. – 783 б.
4.Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.
5.Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. Алматы: Алаш, 2006. – 2-том. – 262 б.
6.Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Арыс, 2007. – 488 б.
7.Сыздық Р. Қазақ теледидарының тіл мәдениеті қандай? // Тіл және қоғам. – 2 (4), 2005. – Б. 9–17.
Резюме
В статье выявлена отражение в языковом сознании носителей казахского языка грамматической категории залога, являющейся в содержательном плане сложной и до сего времени неоднозначно трактуемой разными исследователями.
Summary
In the article educed reflection in language consciousness of carriers of Kazakh of grammatical category of mortgage, being in a rich in content plan difficult and till then ambiguously interpreting different researchers.
СЫН ЕСІМДЕРДІҢ ДАМУ ТАРИХЫНАН
Ж.Т. Сарбалаев,
С. Торайғыров атындағы Павлодар
мемлекеттік университеті
Тіл тарихында сын есімдердің өз алдына бөлек, дербес грамматикалық тіл болып қалыптасуында басқа сөз таптарынан ауысып келген лексикалық единицалар аса зор роль атқарған. Өйткені қазіргі тіл құрамындағы байырғы сын есімдер деп аталатын сөздердің барлығы да генезистік тұрғыдан не көне есімдер, не көне етістіктер болып келеді. Олар тілдің тарихи даму барысында атрибутивтік қолданыстың нәтижесінде сын есімдер тобына ауысып, оның жеке сөз табы болып қалыптасуына негіз қалаған. Бұл процесс лингвистикада яғни басқа сөз таптарының сын есімге айналуы адъективация деп аталады да, оның қорлану, өзге лексика грамматикалық категориялардың есебінен толығу көздерінің бірі ретінде танылады.
Адъективация жайында сөз болғанда, біздіңше, екі нәрсенің басын ашып, анықтап алу қажет. Оның бірі – бұл тілдің морфологиялық құрылымында ғана ұшырайтын тілдік құбылыс па, әлде онда тұрақты өтіп жататын процесс пе деген мәселе де, екіншісі, оның сын есімнің сөзжасам жүйесіне қатыстылығы туралы. Егер адъективация сын есім тудырудың бір тәсілі болса, онда ол сын есім жасаудың өзге тәсілдерінен қандай өзгешеліктерімен ерекшеленеді? Біздің ойымызша, оның процесс болатын себебі, сын есімдер де тілдің бір бөлшегі санатында жалпы тілдік құрылымға тән дамудан тыс тұра алмайды. Тілдік даму барысында олар тілдегі өзге лексика грамматикалық категориялармен сан қилы байланысқа түсіп, бірде сөз беріп, бірде олардан өз кезегінде өзі де сөз қабылдап, қозғалыста болады. Адъективация процесін мойындамау, екінші сөзбен айтқанда, тілдің дамуын танымау деген сөз. Екіншіден, адъективация сын есімдер тудырудың ең өнімді тәсілі болып саналады. Керек десеңіз сын есімдердің о баста өз алдына бөлек, жеке сөз табы болып қалыптасуы осы адъективация тәсілімен тығыз байланысты. Себебі, қазіргі тіліміздегі сын есімдердің өзегі болып табылатын «негізгі» немесе «байырғы» сын есімдердің барлығы әуел баста есім не етістік тобынан ауысып атрибутивтік мәнде орныққаны мәлім. Мысалы: көк, ақ, жас, бай, өзге, т.б. сөздердің о баста сындық мағынада емес, заттық ұғымда қолданылып, кейіннен сын есімдер тобына ауысқандығы белгілі. Сол секілді қызыл, сары, жасыл, ауру, кебу, сасық, жасық, қайнар, жанар, қашаған, сүзеген, тебеген, өңкиген, дүңкиген, ұшқалақ, жаңғалақ тәрізді түрлі қатыстық мағыналарды білдіретін сын сөздердің де бір кезде етістіктің формалық тұлғалары болғандығы бұлардың да соңынан адъективацияланып, атрибутив сөздер болып орныққаны анық. Егер осы айтылғандарға шала жансар, әпербақан, жел өкпе, жел аяқ, көрсе қызар, ұр да жық, тіс қаққан, тас бауыр, без бүйрек секілді күрделі сөздер мен тіркестерді қосатын болсақ, онда адъективацияның сын есім категориясын қалыптастырудағы ролі тіптен ұлғая түседі. Сонымен, бұл фактілер адъективацияны ескіден келе жатқан процесс әрі сын есім тудырудың көне тәсілі деуге мүмкіндік береді.
Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда басқа сөз таптарының сын есімге айналу процесі тілдің кемеліне келген, сөздердің қолданылу позициясы әбден айқындалған қазіргі дәуірде емес, сөздердің грамматикалық кластарға жіктеле бастаған көне кезеңінде басталған. Шынында да, тарихи тұрғыдан қарағанда тілдегі лексика-грамматикалық категория - сөз таптарының барлығы бірдей бір уақытта, бір кезеңде пайда болмаған. Тілдегі сөз таптарының қалыптасуы өте ұзақ уақытқа созылған. Тілдің тарихи дамуы барысында олардың біреуі ерте пайда болса, енді біреуі әлдеқайда кеш және «тыңнан» емес, тілде бұрыннан бар сөз таптарының негізінде қалыптасқан. Бұл пікірдің шындығы сын есімдердің даму тарихы арқылы да дәлелдене алады. Жалпы тіл білімінде, түркологияда да о баста алғашқы сын есім сөздердің зат есімдер тобынан ауысып келген сөздердің негізінде қалыптасқандығы, одан кейін олардың етістік негізді сөздермен толыққандығы айтылады. Бұдан сын есімдердің әуел баста адъективация процесіне ұшыраған зат есімдер мен етістік сөздердің негізінде дербес грамматикалық категория болып орныққандығын көреміз. Мысалы, осы орайда, орыстың үлкен ғалымы А.А. Потебняның сын есімдердің қалыптасуы жайында айтқан мына бір пікірін келтіре кеткн жөн сықылды: «...и в истории языков, различающих название вещи и признака прилагательное как выделенное из связи признаков, как более отвлеченное чем существительное, позднее существительного и образовалось из него» [Потебня, 1-60].
Зат есімдердің әдьективациялануы, яғни олардың сын есімге айнала бастауы көне дәуірде болған процесс. Көне дәуірдегі зат есімдер өз бойларына заттық ұғыммен бірге сын, сапа туралы мәндердә де жинаған грамматикалық топ болды. Тағы да А.А. Потебняга жүгінсек: “Различие между существительным и прилагательным в языке, доступном наблюдению в историческое время уменьшается по направлению к прошедшему. С одной стороны в существительном в том же направлении от нас увеличивается атрибутивность” ( Потебня. 1-37). Адам баласы санасының бірте-бірте өсуі, дуниетнымның да кеңеюі, соған орай тілдің де лексикалық,грамматикалық жақтан жетілуі о бастағы зат есімдердің морфологиялық жақтан жіктеліске түсуіне алып келді.Соның пен құбылыстың және сын-сапа мен белегінің атын білдіретін сөздер болып бөліне бастады. Зат пен сын-сапа туралы ұғымдарды өз бойларына жинаған бастапқы зат есімдердің сын есімге айналуы олардың атрибутивтік қолданысы арқылы жүрді.
Сөйтіп, о бастағы зат есімдердің атрибутивті қолданылуы тілде анықтауыш деп аталатын синтаксистік категорияның қалыптасуына алып келді. Ал, анықтауыш қызметінде зат есімдердің қолданылуы, сөйтіп, анықтауыш категориясының қалыптасуы, бір затты екінші зат арқылы тануға негізделеді. Басқа сөзбен айтқанда, анықтауыш категориясының қалыптасуы , «заттардың өзара салыстыру жолымен, бір-бірінен айырым белгілері мен салыстырма артық-кемдігін байқау арқылы жүреді» (Томанов 2-177). Анықтауыш категориясының қалыптасуы өз кезегінде тілдің морфологиялық құрылымында сын есімдердің дербес грамматикалық тіл ретінде орнығуына негіз қалады. Сөйтіп, зат есімдердің атрибутивтік функцияда колданылуының нәтижесінде алғашқы сын есім сөздер пайда болды. Ондай «алғашқы сын есімдердің атрибутивтік мағынасы басқа бір зат есімдермен салыстырғанда айрықша аңғарылатын дәрежеге жетті. Мысалы, қатты нәрсені, затты таспен салыстырудың арқасында «тас» деген сөздің сындық мағынасы, сондай-ақ, жұмсақ, сусыма жерді құммен теңестіріп қараудың нәтижесінде «құм» деген сөздің атрибутивтік функциялары дамыды. Осындай анықтауыштық қызметте тұрақты әрі ұдайы қолданыстың нәтижесінде о бастағы зат есім сөздердің бірсыпырасы лексикалық және грамматикалық жақтан шектеліске түсіп, бірте-бірте сын есім мәнін беретін сөздер болып қалыптасады. Қазіргі қазақ тіліндегі ақ, қара, көк, бай, кедей, жас, жарық, тең деген сын есімдердің атрибутивтік мәнде орнығуы дәл осы синтаксистік қолданыстың нәтижесі екені анық. Бұлар түркі тілдерінде, соның ішінде, қазақ тілінде де әрі сындық мәнде жұмсалумен қатар заттық мағынада да қолданылатын сөздер болып саналады. Аталған сөздердің әрі зат есім, әрі сын есім мәнінде жұмсалуын түркологияда әркім әрқалай түсіндіреді. Э. В. Севортян бұларды, мысалы түркі тілдерінің көне дәуірінде болған синкретизмнің қалдығы деп санаса, В. М. Жирмунский ертедегі есім сөздердің есім грамматикалық жіктелімінің тілдегі көрінісі деп бағалайды (3-117, 4-146). Ал, Ф. А. Ганиев болса, бұлардың сын есім мәнінде қалыптасуын адьективация процесінің нәтижесі деп қарайды (5-27)». Біздің ойымызша да, аталған сөздерді түркі тілдерінің көне дәуірінде болған дифференциялануының көрінісі деп санау жеткіліксіз. Сондықтан да бұл сөздер адъективацияланған зат есімдер ретінде танылуы тиіс. Ал бұлардың зат есім мәнінде қолданылуы, біздіңше, субстантивтену процесі арқылы жүзеге асады. Жалпы, зат есімдер мен сын есімдер шығу тегі жағынан да, ерекшеліктері тұрғысынан қарағанда да «бір-бірін әлі де болса толық енші алып болмаған сөз таптарының қатарына жатады» (6-112). Сын есімдердің зат есім мәнінде жиі қолданылуын А.А. Потебня былайша сипаттайды: «В течение долгого времени совмещение существительности и атрибутивности может быть обычном состоянием мысли, настолько господствующим, что при нем 1 образовавшиеся уже прилагательные и будучи атрибутивными вновь превращаются в существительные» (1-65).
Зат есімдердің сын есім тобына ауысуының тағы бір себебі-түркі тілдерінің морфологиялық жүйесінің өзіндік ерекшелігіне байланысты. түркі тілдеріне тән үлкен ерекшелік сол, онда сын-сапа категориясын білдіретін арнаулы морфологиялық тұлғалар жүйесі болмаған, тілдің даму барысында да ондай жүйе қалыптасқан жоқ. Түркі тілдері ондай сын-сапаны білдіретін грамматикалық категорияны басқаша жолмен қалыптастырады. Есім, етістік тұлғалар тілдік қолданыстың барысында адъективацияланып, сын есімдер тобына ауысты та, оның негізін құрайтын элементтер болып орнықты. Адъективацияланған кейбір етістік тұлғалары тілдің даму барысында сын есім жасайтын қосымшалар болып қайта ұғынылуы «Олардың кейбірі тек сол сөздер құрамында ғана қалса, -дейді белгілі ғалым М.Томанов, -кейбірі сын есім жасауыдң актив тәсілі болып қалыптасты" (2-178). Сонымен, сын есімдердің жеке лексика-грамматикалық категория болып қалыптасуы лексикалық және синтаксистік қолданыс барысында болды. Лексикалық және синтаксистік қолданыстың барысында о бастағы есім, етістік сөздер адъективацияланып, сын есім болып қалыптасты. Сан есімдердің сөз табы болып қалыптасуы, ең алдымен, зат есімдердің адъективацияланып, атрибутивтер тобына ауысуынан басталады. О бастағы адъективтенген зат есімдер тобы кейін осы топқа ауысып келген етістік тұлғаларымен толықты. Сын есімдердің етістік тұлғаларымен толығуы оның өзіне тән аффиксация жүйесіне ие болуына мүмкіндік берді. Мұның өзі адъективация процесі, болмаса адъективация тәсілі арқылы сөз жасау есімнің сөзжасам жүйесінде ежелден келе жатқан көне тәсіл екенін дәлелдейді. Адъективация тәсілі арқылы сөз жасау сын есімдердің басқа сөз таптарынан ауысып келген сөздер арқылы толығуы тек сын есімнің сөзжасам жүйесінде аффиксация тәсілі пайда болғаннан кейін ғана бәсеңдегенге ұқсайды. Бірақ, біздің бұл айтқанымыздан адъективация процесі сын есімнің сөзжасам жүйесінде мүлдем біржола тоқтады деген қорытынды тумаса керек. Адъективация (3,26). Ал үнем заңының, әлбетте, сөз таптарының бір-біріне ауысуға қолайлы жағдай жасайтыны, түрткі болатыны белгілі.
СӨЙЛЕМДЕРДІҢ КОММУНИКАТИВТІК СИПАТЫ
Н.А.Ильясова,
филология ғылымдарының докторы, доцент
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Алматы қаласы, Қазақстан
Тіл – қарым-қатынас жасаудың құралы, ал сөйлем сөйлеу мазмұны туралы, сөйлеуші жақ туралы, өзі туралы, сөйлеу жағдайы туралы айтушының әрдайым шындыққа деген қатынасын білдіреді. Мысалы, Мен бүгін қызық кино көрдім. Сен бүгін сабаққа бар. Олар кеше келді деген сөйлемдерде сөйлеу мазмұны тек мен, сен, ол субъектілеріне қатысты. Бүгін қалың қар жауды. 2017 жылы Қазақстанда EХРO көрмесі өтеді. Қасқыр – жыртқыш аң деген сөйлемдерде сөйлеудің мазмұны объектіге (қар, Қазақстан, қасқыр) қатысты. Ендеше, сөйлемдерді сөйлеу мазмұнына қарай субъектіге қатысты сөйлемдер және объектіге қатысты сөйлемдер түрінде екіге бөлеміз.
Субъектіге қатысты сөйлемдер арнаулы жақтық көрсеткішке ие. Сондықтан бұл сөйлемдер І, ІІ, ІІІ жақтық парадигмада жұмсалуға қабілетті. Мысалы, Мен оқыдым. Сен оқыдың (Сіз оқыдыңыз). Ол оқыды. Мұнда арнаулы жақтық көрсеткіш мен, сен, ол жіктеу есімдіктері арқылы көрініс табады. Ал объектіге қатысты сөйлемдер жалпылама жақтық көрсеткішке ие. Сондықтан олар ешқашан жақтық парадигмада жұмсалуға қабілетті емес, тек ІІІ жақта жұмсалады. Мысалы, Жаңбыр жауды. Жел соқты. Бейбітшілік орнады. Бұл сөйлемдерді І, ІІ жақта айта алмаймыз.
Сөйлемдердің сөйлеу мазмұны мен жақтық парадигмаға қатысты ерекшеліктерінен олардың коммуникативтік сипатын ашуға болады.
Біріншіден, сөйлеу мазмұны субъектіге қатысты сөйлемдердегі арнаулы жақтық көрсеткіш тілдік субъект қызметін атқарады. Тілдік субъект – айтылатын хабарға қатысты іс-әрекеттің, сындық сапаның, сандық сапаның, кәсіптің т.б. иесі және сөйлеуші мен тыңдаушы моделін айқындайтын коммуникативтік бірлік. І жақтық көрсеткішке ие сөйлемдерде тілдік субъект – мен сөзі; ІІ жақтық көрсеткішке ие сөйлемдерде тілдік субъект – сен сөзі; ІІІ жақтық көрсеткішке ие сөйлемдерде тілдік субъект – ол сөзі. Мысалы, Мен келдім, Сен келдің, Ол келді сөйлемінде тілдік субъект іс-әрекеттің иесі; Мен сұлумын, Сен сұлусың, Ол сұлу десек, тілдік субъект сындық сапаның иесі; Мен жиырмадамын, Сен жиырмадасың, Ол жиырмада сөйлемінде сандық сапаның иесі, Мен дәрігермі, Сен дәрігерсің, Ол – дәрігер дегенде кәсіптің (мамандықтың) иесі. Тілдік субъект коммуниканттар моделін айқындауда өзіндік ерекшеліктерге ие.
І жақтық тілдік субъект (мен) өзі туралы хабар жеткізуші. Адам өзінің әрекеті, сапалық көрсеткіштері туралы хабарды өзіне емес, тек тыңдаушы болған жағдайда айтады. Сондықтан тыңдаушы басқа адам болады. Ол сөйлем құрамынан көрінбей хабарды қоздырғыш күш ретінде сөйлеу актісіне қатысады. Ендеше, І жақтық тілдік субъект (мен) сөйлеуші, тыңдаушы – басқа адам.
ІІ жақтық тілдік субъект (сен) – тыңдаушы, сөйлеуші – басқа адам. Сөйлеушінің пікірі тыңдаушыға және оның іс-әрекетіне т.б. қатысты болғандықтан сөйлеушінің де, тыңдаушының да сөйлеу актісіне қатысу процесі белсенді.
ІІІ жақтық тілдік субъект – бөгде адамдардың сөйлеу актісіне түсуіне қызмет атқаратын агенс, ол сөйлеу актісіне қатыспайды. Бөгде адамдар тілдік субъектінің іс-әрекеті, сапалық көрсеткіші, кәсібі, дәрежесі т.б. туралы өзара пікірлесіп сөйлеу актісіне түседі. ІІІ жақтық арнаулы көрсеткішке ие сөйлемдерде сөйлеуші де, тыңдаушы да – бөгде адамдар. Екеуі де сөйлеу актісінде белсенді.
Сөйлеуші мен тыңдаушы моделінде коммуниканттар бірін-бірі көріп көзбе-көз немесе бірін-бірі естіп ауызба-ауыз сөйлесіп, сөйлеу актісіне екеуі де белсенді түрде қатысып отырады.
Сөйлеу мазмұны объектіге қатысты сөйлемдер адамнан тысқары тұрған ғалам туралы пайымдаудан туған. Сондықтан сөйлемге адамның өзі де, басқа адам да, бөгде адам да қатыстырылмайды. Сөйлеу мазмұны тек табиғи жаратылыстар мен құбылыстар, қоғамдық-әлеуметтік, саяси уақиғаларға қатысты болады. Осыған орай, коммуниканттар автор және қабылдаушы ретінде көрініс табады. Мысалы, Биылғы көктем аяқ асты шулы боп келді. Үш күн қатарынан лепілдеп ескек жел соқты да, сіресіп жатқан қалың қар бір түннің ішінде-ақ ұрланып көшіп кеткендей зым-зия жоқ болды (С.Мұратбеков ІІ. 15)
Сөйлемдердің коммуникативті сипатын айқындаудың екінші белгісі сөйлемдердің ақпараттық мәнімен байланысты. Сөйлемде адамның өзі, басқа адам, бөгде адам туралы (тек субъект туралы) ақпарат берілсе, бұл ақпарат сөйлеушінің тыңдаушыға бағытталған сөзі болып табылады. Сөйлемде заттар мен құбылыстардың көлемі, тұрқы, түрі, аумағы, алыс-жақындығын, тайыз-тереңдігі, бағыт-бағдары, сипаты т.б. туралы ақпарат берілсе, бұл ақпарат шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарға сөйлеушінің субъективтік қатынасын білдіреді.
Сөйлемдердің коммуникативті сипатын айқындаудың үшінші белгісі тілдік коммуникация үстінде жұмсалу қызметімен байланысты. Сөйлем – объективті шындыққа қатысты байымдаудың (суждение) көрсеткіші ретінде жұмсалып, хабарлау, сұрау, бұйыру, көзқарасты білдіру (модальділік) қызметін атқарады. Сондықтан тілдік коммуникацияның басты құралына жатады. Тілдік коммуникация адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін, сөйлесуін қамтамасыз етеді. Тілдің коммуникативтік қызметіне байланысты тілші ғалымдардың пікіріне сүйенсек, профессор Б.Хасанұлы: «Язык – средство общения или коммуникации?» деген мақаласында: «Говорят, языковая коммуникация и языковые общение одно и тоже, как и коммуникативтные постулаты и постулаты речевого общения. Однако не всегда допускается синонимия валентных способностей этих слов. Например, говорят: конференция проводится «для общения», но не говорят «для коммуникации». Лучше было бы говорить «для диалогического общения. Есть социолингвистике такие понятия, как социально-коммуникативная система, коммуникативная ситуация и., др. где слово «коммуникативная» трудно заменить словом «общение» Мы говорим «интеллектуальное общение», но не говорим «интеллектуальная коммуникация». Следовательно, эти слова не всегда выступают как абсолютные синонимы» – деген пікір айтады [1, 293 б]. Пікір алысу мен тілдік коммуникация ұғымдарының арасында өзіндік ерекшеліктер бар екені орыс тілшілерінің назарынан да тыс емес. Олардың айырмашылығы тілдік қатынасқа түсушілер тұрғысында анықталады. Н.А.Ипполитова: «Коммуникация и общение различаются и по степени активности участников. В коммуникации всегда активен один, а в общении одновременно все партнеры» [2, 37 б] деп тұжырымдайды. Ғалымдардың тұжырымына сүйене отырып, тілдік коммуникацияның өмір сүру формаларын жүйелеуге болады. Біріншіден, тілдік коммуникация пікіралысу формасында, екіншіден, баяндау формасында өтеді. Тілдік коммуникацияның қай түрі болса да, сөйлем арқылы жүзеге асады.
Тілдік коммуникация пікіралысу формасында өтсе адресант та адресат та сөйлеу актісіне белсенді түрде қатысады. Бұл процесс негізінен, сөйлеу мазмұны, ақпараттық мәні субъектіге қатысты сөйлемдер арқылы жүзеге асады. Себебі мұндай сөйлемдерге субъект ретінде сөйлеушінің өзі (І жақ мен) немесе тыңдаушы (ІІ жақ сен) және субъект ретінде агенс (ІІІ жақ ол) қатысады. Сөйлеуші мен тыңдаушының пікірге қатынасы айқын көрініс табады.
Тілдік коммуникация баяндау формасында өтсе сөйлеу актісінде адресанттың белсенділігі басым болады. Бұл процесс негізінен, сөйлеу мазмұны, ақпараттық мәні объектіге қатысты сөйлемдер арқылы жүзеге асады. Адресант табиғи және қоғамдық-саяси болмыс (тек объект) туралы пайымдауларын білдіргенде айтатын сөзіне өзін де, басқа адамды да қатыстырмай, тек сыртта тұрып бақылап, уақиғаға көз салған адам ретінде сөйлейді. Сөйлем шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарға қатысты адамның ойын білдіру қызметін атқарады. Адам мұндай сөйлемдерді қолданбас бұрын қоршаған ортаны ой елегінен өткізіп, соның ішінде ақпарат беруге қажеттісін логикалық заңдылықтар бойынша санасына жүйелеп, сөйлем арқылы жарыққа шығарады.
Тілдік коммуникация үстінде сөйлемдердің қолданылу аясы белгілі бір функционалдық ерекшеліктерге ие. Пікір білдіру процесінде жұмсалатын сөйлемдер сөйлеу ситуациясына бағынышты болады. Баяндау процесінде жұмсалатын сөйлемдер контекстке тәуелді. Профессор Р.Әмір: «Сөйлеу ситуациясы мен контекст екеуі екі бөлек ұғым. Сөйлеу ситуациясы дегеніміз пікіралысудың диалог, монолог түрінде болуына байланысты. Контекст сөйлемнің ой айту үстінде басқа сөйлемдермен қатынаста болуы» деп түсіндіреді. [3.51 ]
Сөйлеу ситуациясында әр түрлі коммуникативтік мақсат көзделеді, коммуниканттар субъект тұрғысынан жіктеліп, олардың эмоционалдық жай-күйі көрініс табады. Тілдік коммуникация бұйрық, өтініш, сұрау, түсіндіру, таласу, суреттеу, талқылау, әңгімелеу, жинақтау т.б. тәрізді функционалдық қызметтер арқылы шешімін табады. Мысалы, соғыста жараланған капитан мен дәрігердің арасындағы тілдік коммуникация:
Доктор: Сүйек, сүйек! Досым - ау, жараңыз жеңіл емес, Етіңізде оқ тұр ғой.
Намысұлы: Оқ болса, алыңыз да, тастаңыз! (М.Әуезов. Намыс гвардиясы.) Мұндағы коммуникативтік мақсат ортақ шешімге келу. Сөйлеушілердің диалогы бұйрық мағынасын анықтайды.
Бойжеткен қыздар мен жігіт арасында болған мына бір тілдік коммуникацияның мақсаты – нәтижеге жету.
Зайра: Ақан кешігіп келді, ойын бұзар аламыз.
Ақан: Жазалағың келсе, кіналамай жазаласаң да, құлақ қақпаспын, Зайражан.
Қыздар: Ойын бұзарына ойын бастар айтқызайық... Жарастықты, көңілді ойынды «Біржан әнімен» бастасын. Ақан ән салсын!. (М.Әуезов.Ақан – Зайра) Сөйлеушілердің диалогы тілек, өтініш мағынасын білдіреді.
Болмыстан алған әсерді білдіру, тыңдаушыға жеткізу мақсатын көздейтін диалогтар болады. Сөйлеушілердің эмоциясы бірқалыпты болып, тек түсіндіру мағынасында жұмсалады. М.Әуезовтың «Намыс гвардиясы» шығармасындағы түсіндіру диалогы:
Намысұлы: Ай достарым, жау жүрегіне сермелген найза біздің батальон болса, сол найзаның болат жебесі сендерсіңдер. Өйткені жау бекінісіне ең алдымен ілінген сендер болып тұрсыңдар. Ендеше, батальон, тіпті батальон емес, бүгінгі бар шабуылдың тағдырын шешетін тағы сендерсіңдер. Сендер жауды осылай алдап, қалың күшін бұрсаңдар, біз оң жағынан айналып келіп соғып, жарып кіреміз. Ер шығарлық төр де осы, езді көмер көр де осы. Біздің батальон, біздің полк осы бекіністі тегіс басып алып, жау желкесін кеспес болса, жорық жолсыз, қан рәсуа, түсінікті ме?
Бәрі: Түсіндік Бақытжан аға, түсіндік. (М.Әуезов)
Сөйлеушінің пікірінен тыңдаушы жаңа ақпарат алып, сөйлеу актісі бір мақсатты көздейтін, ортақ пікірге жұмылдырылған диалогтар болады.
Мысалы:
– Әй, имансыздың ісін қарашы... Е, айта бер... шешесі қайтіпті?
– Шешесі ойбайын салып қызына жабысқан екен, «сенің керегің жоқ, сүйгеніме қосыламын деп» ─ милициялардың арбасына мініп алыпты, ─дейді...
– Не дейді, шешей-ау! Рас дей ме? Ол бетпақты ауылдан неге кумайды?
– Қайдан қусын, қит етсе коммунисіне айтады. (Б.Майлин)
Сөйлеу актісінде сөйлеуші мен тыңдаушының әрқайсысы өзіндік пікірін танытып, екі түрлі мақсатты көздейтін, таласу мәнінде жұмсалатын диалогтар бар. Мысалы:
– Темірәлі шырағым, сенің өстіп тым желігіп кететінің-ай осы. Тып- тыныш отырған жұрттың шырқын бұздың ғой енді!
– Мен емес, қымыз ғой олардың шырқын бұзған. Ашты қымыз ішкен соң үйде ұзақ отыра алушы ме еді адам? Бой жазып бір уақ далаға шығып келмей, өле ме енді!
– Семіріп қалғанбысың өзі, қалай? Өзіңнен үлкен кісімен қалай-қалай сөйлесетін болғансың?
– Ашты қымыз ішкен соң, кісі ашынады екен, Жүке. Соны әлі білмейсіз бе? (Б.Нұржекеев)
Сөйлеу актісінде сөйлеуші белгілі бір зат не құбылысқа сипаттама беріп, тыңдаушының назарын соған аудартып, суреттеу мағынасында жұмсалатын диалогтар кездеседі.
– Ей, айналайын, көрікті жер кісісіз де көрікті бола береді. Ода не тұр екен? Үнінен Жайлаубектің шамдана бастағаны байқалды. – Тіршілік деген тек сенің адамың мен малың ғана емес, шырағым. Өсіп, өніп жатқанның бәрі тіршілік, бәрі жаратылыс. Сол көзқарасты бойыңа сіңіріп қарашы, төңірек тұнып тұрған жоқ па: қарағай мен қалың арша, тізеден шалғын, алуан түрлі шөп, адам атын біліп болмайтын көп гүл – соның бәрі сұлулық емес пе, сен ше?(Б.Нұржекеев)
Сөйлеуші мен тыңдаушының бір тақырыпқа қатысты өзіндік пікірін білдіру мақсатын көздейтін, талқылау мағынасында жұмсалатын диалог түрі бар. – Әйел мен еркектің даражасы тең дегенді әйел мен еркектің бүкіл жүріс тұрыстары тең деп түсініп осы күні батуасыз тасыраңдап кеткен қыз-келіншек көп. Құдай тең етпегенді заң қайдан тең етуші еді. Өйтіп барлық жағы тепе-тең болып тұрса, әйел, еркек деп ажыратып неміз бар? Ненің тең, ненің кем екенін ажыратпайды, оқығанда да зер салып оқымайды ғой деймін сол антұрғандар.
– Ойбай - ау, апа, ондай философияңыз өмірге қайшы келеді, – деді Қуат кәдімгідей қысылып. – Сізге солай сияқтанып көрінетін себебі: заман озған сайын адамдардың сана-сезіміне деген талап-тілектер де зорайып бара жатқан жоқ па? Әлгідей кейбір мешеу қалғандардың көзге бадырайып, оқшау көрінетіндігінің өзі сондықтан. (Б.Нұржекеев)
Белгілі бір тақырыпқа қатысты сөйлеушінің әңгімесін тыңдау мақсатын көздейтін, әңгімелеу мағынасында жұмсалатын диалог түрі кездеседі.
– Өйткені, – деді, Қорғасбай сыбырлап сөйлеп, – басқа дейтіндей бір де адамның реті жоқ. Қамсыз жатқандікі ме, сол күні қатты ұйықтап қалыппын. Шаң-шұң дыбыстар құлағыма еміс-еміс естіліп жатты. «Бұл не қылған дауыс екен, ә» – деп ұйқылы ояу қалпымда біраз ойлап жаттым. Кенет ат тұяғының дыбысын естігенде, ұйқым шайдай ашылып кетті. Сонда ғана орнымнан ұшып түрегелдім. Баяғы бойыма біткен сақтық, әуелі есіктен барып жапсарынан сығаладым. Үйі біздікіне жақын ғой, қарағанымда Жайту есігінің алдында басынан аққан қанын алақанымен сүртіп сәл еңкейіп тұр екен. Енді Жайтудың қасына жетіп барғанша, түк білмегенсіп жата бергенімнің өзі дұрыс екенін түсіне қойдым. Бірақ үйде отыра берсем, оның да жазасы жеңіл болмайтын еді. «Тәуекел, шаң-шұң шығып жатқан Байтудың үй жағына барып көптің ішіне қосылып кетейін» деп ойладым. (Б. Нұржекеев)
Сөйлеуші мен тыңдаушының нақты сұрақ қойып, нақты жауап беру мақсатын көздейтін, жинақтау мағынасында жұмсалатын диалогтар бар. Мысалы,
─Мынау аттан түсіп жатқан кім? ─деді Шұға.
─ Әбдірахман ғой, ─ дедім.
─ Әбдірахманың кім?
─ Қазақбайдың баласы.
─ Иә, әлгі учитель баласы ма?
─ Иә. ( Б.Майлин)
Тілдік коммуникация сөйлеу ситуациясына байланысты өрбігенде қолданылатын сөйлемдерді сөйлесім-сөйлемдер деп атаймыз. «Сөйлесім» - «сөйлеу» түбіріне ортақ етістің «с» жұрнағы қосылу арқылы жасала келіп, кем дегенде екі адамның сөйлеу әрекетіне түсу процесін білдіретін терминдік мәні бар сөз. Сөйлесім-сөйлемдердің басты ерекшелігі: пікірдің субъект мүшесі сөйлеуші, таңдаушы, басқа адам, бөгде адамдар ретінде сөйлемде көрініс тауып, олардың тілдік коммуникация үстіндегі қызметін анықтайды. Пікірдің субъект мүшесі ретінде сөйлеуші өзі қатысса, ол І жаққтық тілдік субъект (мен) болады, пікірдің субъект мүшесі ретінде тыңдаушы қатысса ол ІІ жақтық тілдік субъект (сен) болады, пікірдің субъект мүшесі бөгде адамдар ретінде қатысса ІІІ жақтық тілдік субъект (ол) болады. Тілдік субъект сөйлеу ситуациясын ұйымдастыруды ыңғайлы ету талабынан туындаған. Олардың І, ІІ, ІІІ жаққа бөлінуінің коммуникативтік мәні бар. І, ІІ, ІІІ жақ (персонализация) субъектінің коммуникативтік жағдайда қандай қатынаста екенін көрсетеді. Біріншіден, тілдік коммуникацияға сөйлеушінің де тыңдаушының да қатысып тұрғанын анықтайды; екіншіден, сөйлеуші пікір айту үстінде тыңдаушысын пікіралысуға икемдейді; үшіншіден, пікірді сөйлеуші жақтың сөзімен жалғастырып айтуды немесе өзінің ілгері пікірімен ұштастырып айтуды мақсат етеді. Ендеше, сөйлесім-сөйлемдер перцептивті қызмет атқарады. Яғни адамдардың бірін-бірі көруін, тануын, қабылдауын талап етеді. Сондықтан сөйлесім-сөйлемдер – пікір білдірудің құралына жатады. Пікір білдірудің маңызы адамдар арасында көзбе-көз мағлұматтар алмасу процесін ұйымдастыру. Адам адамға көзбе-көз мағлұмат бергенде, ақпарат мазмұны түсінікті, қабылдауға оңай формада жүзеге асуы тиіс. Бұл қажеттілік сөйлесім-сөйлемдер арқылы орындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |