8.10 Абай Құнанбаев (1845-1904 жж.)
Абай ( Ибраһим ) Құнанбаев (1845-1904) – қазақ халқының ұлы ақыны, жазушы, қоғам қайраткері, қазіргі қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы.
Абай 1845 жылы қазіргі Семей облысының Абай ауданында туған. Абайдың әкесі өте қатал адам болса, шешесі Ұлжан қайырымды, мінезі жұмсақ, тілге бай адам болған. Әжесі Зере мен анасы Ұлжан Абайға ертегілерді, аңыз әңгімелерді айтып, жақсы тәрбиелеп отырған.
Абай жастайынан-ақ ерекше қабілетімен, ақылдылығымен көзге түседі. Әкесі Құнанбай Абайды 9 жасында Семейдегі діни мектебіне береді. Семейде жүргенде ол орыс тілін үйренуге тырысады. Бұл медреседе араб, парсы тілдерінде, негізінен, дін сабағы жүргізілетін еді. Ол енді дін оқуын ғана місе тұтпай, білімін өз бетінше жетілдіруге ұмтылады. Сөйтіп көптеген шығыс ақындарының шығармаларымен, араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қиссалармен танысады, Шығыстың Низами, Науаи, Сәғди, Хафиз, Физули сияқты ұлы ғұлама, классик ақындарына бауыр басады.
Медресенің үшінші жылында Абай Семей қаласындағы «Приходская школаға» да қосымша түсіп, орысша сауатын аша бастайды. Бірақ 13 жасында Абайды әкесі бұл оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады.
70- жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады.
Абай Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты көп оқып, олардың шығармаларын қазақ тіліне аударады. Абай аударған Пушкиннің «Татьянаның әні», Лермонтовтың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңдеріне ән де шығарады. Абайдың «Болыс болдым мінекей», «Сегіз аяқ», «Интернатта оқып жүр» деген өлеңдері болыс-билерді қатты сынға алады. Ол қазақ халқын мәдениетті болуға, орыс халқынан үлгі алуға шақырды.
Абай өлең шығаруды бала кезінде-ақ бастаған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе қара сөз) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.
Абай 1904 жылы қайтыс болды. Ол өз шығармаларының кітап болып басылғанын көре алмай кетті. Абай өлгеннен кейін – 1909 жылы Петербургте – «Қазақтың ақыны Ыбыраһим Құнанбайұлының өлеңдері» деген атпен кітап болып шықты. Абай шығармалары кеңес дәуірінде көп данамен әлденеше рет жарық көрді. Орыс тіліне, орыс тілінен шетел тілдеріне аударылды. Бұл күндері Абайды, оның шығармаларын дүние жүзі біледі. Республикамызда көптеген мектептер және көшелер Абай есімімен аталады. Абай атында қала, аудан бар.
Сөздік
мінезі жұмсақ – мягкий характер
жастайынан-ақ – с малых лет
ерекше қабілет – особые способности
діни – религиозный
місе тұтпай – зд. не ограничиваясь
жетілдіру – совершенствовать
ұмтылу – стремиться
киссалар – мифы
бауыр басу – привыкать
баули бастау – прививать навыки, приучать
жете танысу – основательно знакомиться
шешен сөйлеу – красноречие
төселу – приобретать навык
елге танылу – стать известным в народе
аты шығу – его имя становится известным
билікке араласу – зд: приобщаться к власти
тәжірибе жинақтау – набираться опыта
көлеңкелі жақтар – темные стороны
сәуле түсіру – зд: улучшать
күш салып бағу – прилагать усилия
көңіл тоятындай – зд: чувство удовлетворения
пайдалы деп тапқан істер – дела, которые считал полезными ????
әсіресе – в частности
ықылас қою – уделять внимание
көзқарасы қалыптасу – формировать взгляд
Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.
2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: қосымша, нәтиже, көзқарас, ұмтылу, ықпал, жүйе, араласу, пайдалы, жарық көру, алайда, бауыр басу, түсіну, жетілдіру.
4. Мәтіннен күрделі етістіктерді теріп алып, аударыңыздар.
5. Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
6. «Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
7. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді жазып алып, түрлерін анықтаңыздар.
8. Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.
9. Мәтіннен есімше мен көсемшелерді жазып алып, олардың жұрнақтарын белгілеңіздер.
10. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
11. Сөйлемдегі етістіктердің түрлерін белгілеңіздер: негізгі- туынды, негізгі- көмекші, сабақты- салт, болымды -болымсыз, дара -күрделі.
12. Мәтіннен алынған келесі сөздердің синонимдерін келтіріңіздер: есім, қайтыс болу, негізін салушы, ұмтылу, қала, қасында, аудару, қайырымды, ту.
8.11 Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы (1858-1931 жж.)
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы – ұлы ойшыл, фольклортанушы, этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.
Ол өлең жазумен қатар, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырумен де айналысты. Шежірелер мен айтыстарды, көптеген тарихи жырларды хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманаттады. Сонымен бірге ол күллі ғұмырын қазақ халқын сауаттандыруға жұмсады.
10-15 жасынан бастап-ақ өлең жазып, хат жазарлық болғаннан-ақ Мәшһүр Жүсіп халық әдебиетін ел аузынан да, қағаз бетінен де жинаумен айналысады.
1887 жылы 29 жасында Мәшһүр Жүсіп Бұхара, Ташкент, Түркістан, т.б. шаһарларға сапарға шығады. Мәшһүр Жүсіп бір жыл Бұхарада тұрып оқып, білімін толықтырады. Араб, парсы, шағатай, түркі тілдерін үйренеді. Өзбек, тәжік, және т.б. тілдерді де біледі, әдет-ғұрпын түсінеді. Көптеген ғылыми кітаптарды оқып, танысады.
Келесі жылы Бұхарадан қайтып, Түркістандағы атақты Қожа Ахмет Яссауидің басындағы Әмір Темір салдырған көк күмбезін көреді. Онда да бірсыпыра уақыт болып, бірнеше ғалымдармен танысады. Одан әрі Сыр өңірін аралап, Шу мен Сырдан өтіп, Ұлытау мен Кішітауды басып, Есіл мен Нұраны жайлап, мекен қылған жұртты аралайды. Осындай екінші сапарына Мәшһүр Жүсіп 37 жасында, яғни 1895 жылдар шамасында шықса, үшінші сапары 49 жасына (1907) сәйкес келеді.
Мәшһүр Жүсіптің үш кітабы: «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты туындылары 1907 жылы жарық көреді. Мәшһүр Жүсіп жинаған фольклор үлгілерінің басым көпшілігі – аңыз бен әңгімелер. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының аңыз-әңгімелерді, тарихи әңгімелерді, шешендік сөздерді қағазға түсірумен ғана шектелмей, фольклордың басқа да жанрлық түрлерін, атап айтқанда, тұрмыс-салт жырларын, эпос, ертегі, мақал-мәтел, ақындар айтысын, т.б. жинағаны белгілі.
Зерттеуші ел арасынан түрлі ертегілер де жинаған. Халық поэзиясы үлгілерін, оның ішінде мақал-мәтелдерді Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ерінбей ұзақ жинаған.
Мәшһүр Жүсіп сондай-ақ ақындар айтысының не бір тың үлгілерін де жинаған, тәрізді ақындардың сөз қағыстырулары Мәшһүр Жүсіп қолжазбаларында белгілі бір тәртіппен, реттілікпен берілген.
Ақын қолжазбаларында көптеген ақын жыраулардың өлең мен қиссалары, дастандары т.б. бар, ақындар туындыларын қағазға түсірген.
Бұл жинаушылық барысында Мәшһүр Жүсіп өзіндік жинау әдісіне сүйенгені белгілі. Олар: тілдік ерекшеліктерді сақтау, дәлділік, айтушы аузынан сол қалпынан көшіру, арнайы бір тақырыпқа материал жинау, т.б.
Сондай-ақ айтушы не айтты – бәрін түгел қалдырмай жазу шарты, еш сөзін қысқартуға, алып тастауға немесе өз жанынан басқа бір нәрсені қосуға мүлде болмайтындығы, диалектілік ерекшеліктер болса, оны да тастамай көрсетіп отыру керектігі жөніндегі т.б. талаптар барлық фольклорист ғалымдар үшін ортақ. Сол тәрізді шығарманы кім, қашан, қайдан, кімнен естіп жаттап алды деген сауалдарға жауап жазу керектігі тәрізді талаптарды Мәшһүр Жүсіптің орындап отырғандығы бізге мәлім.
Мәшһүр Жүсіп жазбаларында фольклордың барлық жанрлары қамтылған. Егер жанр бойынша жіктеп жүйеге келтірсек, ертегілерден 15 шақты мәтін үлгі; батырлық жырлардан – 5-6; ғашықтық жырдан – 2-3; қисса-дастандардан – 11-12; тұрмыс-салт жырларынан – 30-40 шақтысы; аңыз-әңгімелердің – 200-300 үлгісі; жаңылтпаштың – 100-150 шақты көлемі; жұмбақтың қара сөз бен өлең түріндегісі – 50 шақтысы; мақал-мәтелдердің 2,5 мың жолдық мөлшері; ақындар айтысының 27 үлгісі; 30-40 шақты ақын-жыраулардың өлеңдері, дастандары т.б. орын алған.
Шығыс, батыс мәдениетін, қазақ тілін жетік меңгерумен бірге араб, парсы, орыс, көне түркі тілін жете игеруі және ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласын көп аралауы нәтижесінде Мәшһүр Жүсіптің қазақ халық әдебиетін өз замандастарына қарағанда, анағұрлым мол жинап, ол туралы кеңірек зерттеу жүргізу мүмкіндігі болды.
Мәшһүр Жүсіп жазып қалдырған көп материалдарды шолып қарай отырып, оның жинаушылық еңбектерін саралауға бастайтын мынадай ерекшеліктерін жинақтап айтуға болады. Біріншіден, Мәшһүр Жүсіп ертегінің, не аңыздың қысқартылған сұлбасын, шығарма фабуласын берумен шектелмеген. Ақын белгілі бір материалды ел арасындағы айтылу қалпын сақтай отырып, неғұрлым толық қамтып отырған.
Екіншіден, әрбір сөздің сол кездегі дыбысталу қалпын, орфоэпиясын ескеріп, белгілі бір сөздерді естілуі бойынша қағазға түсірген.
Үшіншіден, Мәшһүр Жүсіп қай материалды кімнен қандай жағдайда қалай жазып алғанын жеткізіп отырған.
Төртіншіден, ел тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын кең білген Мәшһүр Жүсіп жинаған материалдарға деген өз бағасын, байқауларын қоса жазып отырған.
Мәшһүр Жүсіптің фольклорист ғалым ретінде қалыптасуының үш қайнар көзі бар. Бірі – өз елінің ауыз әдебиеті мен фольклор үлгілерінен тұратын бай мұрасын қабылдауы; екіншісі – шығыс елінің, оның ішінде орта ғасырлық ғалымдар жетістіктерін игеруі; үшіншісі – батыс ғалымдары, оның ішінде орыс зиялыларының әсері.
Сөздік
қатар – наряду с
хатқа түсіріп – зд. записать
аманаттау – оставить на хранение
күллі ғұмыр – вся жизнь
сауаттандыру – обучать грамоте
жұмсау – зд: посвятить
шаһар – город
сапарға шығу – путешествовать
толықтыру – зд: углублять
көк күмбезін – голубой купол
аралау – обойти
мекен қылған – выбравшие местом проживания
сәйкес келу – зд: приходится
басым көпшілігі – преобладающее большинство
шектелмеу – не ограничиваться
атап айтқанда – в частности
ерінбей – зд: не жалея сил
сондай-ақ – а также
не бір тың үлгілерін – лучшие образцы
тәрізді – наподобие
жинаушылық барысында – в процессе сбора
тілдік ерекшеліктер – языковые особенности
өзіндік жинау әдісі – собственные методы сбора
сүйену – опираться
дәлділік – точность
сол қалпынан көшіру – переписать в первозданном виде
қалдырмай жазу – зд: написать все
қысқарту – сокращать
алып тастау – убрать
қосуға мүлде болмайтындығы – ничего не добавлять
жіктеу – классифицировать
жүйеге келтірсек – привести в систему
ғашықтық жыр – песнь влюбленных
жолдық мөлшері – объем строк
мүмкіндік болу – появиться возможности
шолу – обозревать
жинаушылық – собранный
саралау – отбирать
сұлба – образец
шектелмеген – не ограничиться
қалпы – состояние
Тапсырмалар
1. Мәтінге жоспар құрып, мазмұнын жоспар бойынша айтып беріңіздер.
2. Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
3. Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: ерекшелік, қамту, нәтиже, әсер, жіктеу, саралау, көшіру, тәртіп, ерінбей, толық, күллі, сапарға шығу, керектік, жеткізу, талап.
4. Мәтіннен -шы -ші жұрнағы бар сөздерді алфавит ретімен теріп жазыңыздар.
5. Келесі сөздерді оқып, олардың қай сөз таптарынан жасалатынын көрсетіңіздер: ерекшелік, дәлділік, қысқарту, керектік, айтыс, қолжазба, шешендік, жинаушылық, екіншіден, жазбалар, ойшыл, сауаттандыру.
6. Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіздер.
7. Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
8. Есімше мен көсемшелерді байланысқан сөздермен жазып алып, жұрнақтарын белгілеңіздер.
9. Есімдіктерді жазып алып, олардың мағынасына қарай түрлерін белгілеңіздер.
10. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді жазып алып, түрлерін анықтаңыздар.
11. Мәтіннен зат есімдерді (қатысты сөздерімен) жазып алып, жалғауларының түрін анықтаңыздар.
12. Мәтіннен сан есімдерді теріп алып, мағынасын анықтаңыздар.
Мұхтар Мағауин (1940- ????? жж.)
1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданы... туған. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университеті... филология факультеті..., 1965 жылы оның аспирантурасы... бітірген.
Еңбек жолын 1965 жылы бастады. «Қазақ әдебиеті» газетi... бөлім меңгерушiсi, 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасы... бас редактор... орынбасары, Қазақ КСР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты... аға ғылыми қызметкер болып iстеген, Мәскеуде М. Горький атындағы Әдебиет институты... қазақ фольклоры мен қазақ әдебиетi тарихы бойынша арнайы лекциялық курстар жүргiздi. 1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасы... бас редакторы. 1988 жыл... берi «Жұлдыз» журналы... бас редакторы.
Баспасөз бетi... алғаш рет 1959 жылы көрiндi. «Қобыз сарыны» атты ғылыми монографиясы жарық көрген (1968). «Көк мұнар» (роман, 1972), «Бiр атаның балалары», «Көк мұнар» (повестер мен әңгiмелер), «Аласапыран» (тарихи роман-диология, 1980-1982), «Шақан Шерi» (роман), «Мен» (ғұмырбаяндық роман-хамса), «Ұлтсыздану ұраны» (мақалалар) және тағы басқа кiтаптары жарық көрген.
2002 жылы он үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Көптеген шығармалар... орыс тiлi... аударылған. Қазақстанның Халық жазушысы.
Тапсырмалар
Мәтін бойынша сөздік құрастырыңыз.
Көп нүктенің орнына жалғауларын қосыңыз.
Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
Мәтіннен Сіз үшін жаңа сөздермен сөйлем құрастырыңыздар.
Замените причастия, выступающие в предложении в роли сказуемого, формой глагола прошедшего времени.
Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
Мәтіннен сын есімдерді жазып алып, сапалық және қатыстық екенін белгілеңіз.
Мәтіннен зат есімдерді (қатысты сөздерімен) жазып алып, жалғауларының түрін анықтаңыздар.
Мәтіннен алынған келесі сөздердің синонимдерін келтіріңіздер: туу, бітіру, жарық көру, аудару,алғаш рет.
8.12 Бейімбет Майлин (1894-1938 жж.)
Бейімбет Майлин (Бимағамбет) - қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Таран ауданы.
Алғаш ауыл молдасынан оқып, сауат ашқан. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы Медресе-Ғалияда оқып білім алған. Алғашқыда мұғалімдік қызмет атқарған (1916-1919 жж.). «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоциациясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932 жж.). Мұнан кейінгі жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметін атқарды. Саяси репрессияның құрбаны болды.
Бейімбет Майлин – поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында, «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде жарияланған алғашқы өлеңдерінен бастап-ақ ел өмірінің сан-сала көкейкесті мәселелеріне ден қояды.
Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Ол «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмаларының авторы. Бейімбет Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Ол – көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер.
Бейімбет Майлин – он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол – ірілі-ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы. Бейімбет Майлин шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады.
Сөздік
қалыптастырушы – основатель
туып-өскен жері – родная земля
алғаш – вначале
сауат ашу – обучаться грамоте
қызмет атқару – работать
ұйымдастыру – организация
бөлім меңгеруші – заведующий отделом
бірдей – одинаково
өнімді еңбек ету – продуктивно работать
қаламгер – писатель
қолжазба – рукописный
жариялау – публиковать
сан-сала – разносторонний
көкейкесті – актуальный
мәселе – проблема
ден қою – обращать особое внимание
өріс – сфера
ұзарту – продлить
өрес – статус
қомақты – весомый
жарқырап көріну – ярко засветиться
көркем әңгімелері арқылы – с помощью художественных рассказов
өзі өмір сүрген – то, что пережил сам
заман тынысы – зд: веяние времени
сомдай алу – описать
аяқталмай қалу – остаться незаконченными
мұның сыртында – за этим
ірілі-ұсақты – зд. небольшие
Тапсырмалар
Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
Мәтінге сұрақтар құрастырыңыздар.
Мәтін бойынша синквейн ( 5 жол өлең- пятистишие) құрастырыңыз.
Берілген тірек сөздерден толық сөйлем құрастырыңыз: жарқырап, Бейімбет Майлин кемелдікпен, мәңгі,сауат ашқан, үлес қосқан.
Мәтіннен мекенжайды білдіретін сөздер мен сөз орамдарын анықтаңыз.
Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: мәселе, әнгіме, ден қою, сан сала, бірдей, қомақты, айырықша, байыту, мәңгі, атқару, саяси, алғашқы.
Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, қандай тұлғада тұрғанын анықтаңыздар.
Мәтіннен көмекші сөздерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар.
«Сын есім + зат есім», «үстеу + етістік», «зат есім + зат есім» сөз тіркестерін құрыңыздар. Сөз тіркесінің 1- сөзі мәтіннен болуы тиіс.
Сөздерді оқып, олардың қай сөздерден жасалатынын көрсетіңіздер: орысша- қазақша, қалыптастырушы, ұйымдастыру, алғашқы, қаламгер, қолжазба.
Мәтіннен үстеулерді қатысты сөздермен теріп жазыңыздар. Үстеулердің мағынасын белгілеңіздер.
Мәтіннен зат есімдерді (қатысты сөздерімен) жазып алып, жалғауларының түрін анықтаңыздар.
Мәтіннен сан есімдерді теріп алып, мағынасын анықтаңыздар.
8.13 Мұқағали Мақатаев (1931-1976 жж.)
Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев – қазақ... әйгілі ақыны. Туған жері – Алматы облысының Нарынқол ауданы...ғы Шалкөде ауылы. Топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы.
Балалық бал дәурені соғыс жылдары... ауырлық-тауқыметімен тұспа-тұс келеді. Әкесі Сүлеймен соғыста қаза болып, анасы Нағиман Мұқағалидың өкшес...н баса туған үш ұлды өзі асырап, жеткізген. Орта мектепті интернат... жатып бітірген Мұқағали еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңес... хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жеті жылдық мектептің мұғалімі болады.
Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газеті... орналасып, қаламгерлік... ден қояды. Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдары... редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағы... қызмет атқарады.
Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді.
Мұқағали поэзиясы... қайнар көзі, шабыт тұғыры – туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандас...ының арман-аңсары. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясы... жаңа биіктерге көтеріп, мазмұны... байытты. Мұқағали поэзиясы тек өнер үшін туындаған өнер деңгейі...гі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқы... сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті.
Мұқағали аударма сала...нда да өзіндік шеберлік-шалым...мен толымды еңбектер тындыра алды. Ол Дантенің «Құдіретті комедиясының», «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлең...ін қазақ тілі... аударды. Біртуар дара дарын Мұқағали Мақатаевтың қаламынан туған қанатты жырлар халқы... бірге мәңгі жасай бермек.
Сөздік
топырақ бұйырған жері – место, где похоронен
балалық бал дәурені – детские годы
ауырлық-тауқымет – трудность, лишения
тұспа-тұс – противоположный
өкшесін баса туған – родившиеся следом за
асырап жеткізу – вырастить и воспитать
кеңестің хатшысы – секретарь совета
қаламгерлікке ден қояды – зд: занялся писательством
өнерінің қаймақтары – зд. лучшие творения искусства
шоғырлану – концентрироваться, скапливаться
өткеру – провести, пропустить
өзіндік дара үні – собственный голос
қайталанбас – неповторимый
шабыт тұғыры – вдохновение, желание, муза
арман-аңсары – душевные мечты
сезімін байыту – обогатить сознание
кісілігін биіктету – возвысить благородство
кемелдендіру – обогащать
тындыра алу – суметь довести до конца ???
Тапсырмалар
Мәтінді оқып, «шын» немесе «жалған» екенін анықтаңыз.
- Мұқағали Мақатаев 1931 жылы туды.
- Топырақ бұйырған жері – Талдықорған қаласы.
-Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты.
-Мұқағали Мақатаев – қазақ әйгілі ақыны.
- Ол Уолт Уитменнің өлеңін орыс тілне аударды.
Көп нүктенің орнына жалғауларын қосыңыз.
Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
Мәтіннің абзацтарына сұрақтар құрастырыңыздар.
Мәтіннен -лық, -лік,-дық, -дік, -тық, -тік жұрнағы бар сөздерді алфавит ретімен теріп жазыңыздар.
Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, қандай тұлғада тұрғанын анықтаңыздар.
Мәтіндер бойынша кез келген сөздерді қолданып, келесі тапсырмаларды орындаңыздар: дыбыстық талдау, морфологиялық талдау, сөз құрамына талдау, синтаксистік талдау.
Мәтіннен табыс септік жалғауы тәуелдік жалғаудан кейін тұрған сөздерді жазып алыңыздар.
8.14 Жұбан Молдағалиев (1920-1989 жж.)
Жұбан Молдағалиев (05.09.1920 жылы туған, Тайпақ ауданы, Сайқұдық ауылы) – қазақ ақыны.
Оралда ауыл шаруашылық техникумын (1940) бітіріп, 1940-47 жылы Кеңес Армиясы қатарында болды. Ұлы Отан соғысына қатысты.
Одан кейінгі жылдары: «Лениншіл жас» (1948-52), «Қазақ әдебиеті» (1955-56) газеттері мен «Жұлдыз» журналы (1958-63) редакцияларында, Қазақстан Жазушылар одағында (1953-54; 1963-71; 1 секретары) қызмет істеді. Алғашқы өлеңі Орал «Комсомол ұрпағы» газетінде (1939) басылды.
Тұнғыш жинағы «Жеңіс жырлары» деген атпен 1949 жылы жарық көрді. «Жыр туралы» поэмасында (1963) татар ақыны, Кеңес Одағының Батыры Мұса Жәлилдің ерлігі бейнеленген. «Мен қазақпын» поэмасында қазақ халқының өмірі, ұлттық ерекшелігі реалистік тұрғыда берілген. «Айттым сәлем» лирикалық поэмасы (1967) махаббат пен ерлікті жырлайды.
1970 жылы Ж. Молдағалиевтың таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрді. Ж. Молдағалиев көркем аударма мен публицистика саласында да жемісті еңбек етіп келеді. Бірсыпыра шығармалары: ағылшын, неміс, араб, испан, поляк, монғол, француз, венгр және басқа шетел тілдерінде басылып шықты.
Ж. Молдағалиев екі рет Еңбек Қызыл Ту және 2-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
Сөздік
одан кейінгі жылдары – в последующие годы
ауылшаруашылық – сельскохозяйственный
ұлттық ерекшелік – национальная особенность
реалистік тұрғы – с реальной точки зрения
жырлау – воспевать
таңдамалы шығармалары – избранные произведения
бірсыпыра – немало
Тапсырмалар
Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңіздер.
Мәтін бойынша диаграмманы толықтырыңыз:
Жұбан Молдағалиев
Ол кім?
-
Қашан туды?
1940 жылы нені бітірді?
-
«Жыр туралы» поэмасында кімнің ерлігін бейнеледі?
-
Қай поэмасында қазақ халқының өмірін, ұлттық ерекшелігін реалистік тұрғыда берген?
Мәтін бойынша синквейн ( 5 жол өлең- пятистишие) құрастырыңыз.
Мәтіннен мекенжайды және еңбек құралын білдіретін сөздер мен сөз орамдарын анықтаңыз.
Мәтіннен берілген келесі сөздермен сөйлем құрастырыңыздар: бітіру, ерлік, бейнелеу, ерекшелік, бірсыпыра, марапаттау.
Асты сызылған сөздерді формалдық белгілері арқылы қай сөз табына жататынын анықтаңыздар.
Мәтіннен етістіктерді, етістік формаларын жазып алып, құрамын көрсетіп, түсіндіріңіздер.
Мәтіннен келесі үлгімен жасалған сөздерді теріп жазыңыздар: түбір, тәуелдік жалғау, септік жалғау.
Мәтіннен сын есімдерді жазып алып, сапалық және қатыстық екенін белгілеңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |