1.2 «Қазақ тілі лингвостилистикасының логика-философиялық негіздері». Тіл мен ойлаудың байланысы, олардың өзара әрекеттесуі барлық лингвистикалық және философиялық бағыттарда мойындалып, қай уақытта да түрлі қырынан қарастырылып келеді. Бірақ стилистиканың философиялық негіздері мен ол байланыстың сипаты, маңыздылығы жөнінде қазақ тіл білімінде терең сөз бола қойған жоқ. Ал шындығында, стилистиканың философиялық негіздерін тану арқылы тіл мен ойлау мәселесінің тағы бір арнасы анықталып, стилистиканың теориялық бір тамыры анықталады және аса маңызды тұсы – адамның дүниетанымындағы тілдің түпмәні, адамзат қоғамы мәдениетінің мәртебесі айқындалады.
В. фон Гумбольдттың тіл мен ойлаудың өзара тығыз қарым-қатынасы туралы концепциясына сүйенетін болсақ, мынадай мәселелер ерекшелініп алынуы керек деп санаймыз. В. фон Гумбольдт ең алғаш рет тілді тек адамдардың қарым-қатынас құралы ғана емес, дерексіз, топтастырылған ойлаудың аса қажетті шарты екендігін дәлелдеді. Ақыл-ой әрекеті – тек қана рухани әрекет, онда да терең тамырдан тыныс алатын дыбыстық тілмен білінбейтін, тек сезімдік қабылдауда ғана түсінілетін құбылыс болып табылады. Соның негізінде ғана тіл мен ойлау әрекеті айрылмас тығыз бірлікте болып танылады. Адамның «өз ішінен ойлау барысы» деген құбылыстың өзі тек қана тілдің көмегі арқылы жүзеге асырылады. «Тіл – ойлауды ұйымдастыратын орган болып табылады».
Тіл ойлауға шешімділік жағынан ықпал ететін құбылыс. Сол жағынан қарайтын болсақ, тіл адам ойының танымдық әрекетін, оның бағыты мен мазмұн сипатын анықтайтын күшке ие болып келеді. Сөз сыртқы заттың (предметтің) жай ғана таңбасы емес. Сөз – сол заттың адам жанында орналасатын бейнесі. Жеке адамның сөйлеген сөзінде сыртқы заттың тікелей бейнесі емес, оған араласқан сөйлеушінің жан дүниесінің қабылдау мүмкіндіктерінің нәтижесінде жаңадан дерлік пайда болған бейнелер қолданылатынын осылай танытқан В.Гумбольдттың бұл концепциялары стилистиканың негізгі заңдылықтарына алынуы тиіс [10].
Лингвистикалық салыстырмалылық болжамын қалыптастырған Сепир – Уорф теориясын басшылыққа алатын болсақ, онда мінез-құлық пен ойлаудың тілге қатысы терең тануды қажет ететін мәселе екенін айқын түсінеміз. Әрине, бір қарағанда, Сепир – Уорф теориясы жалпыадамзаттық ойлау бірліктерінің бар екенін жоққа шығарғандай болып көрінуі ықтимал. Ал шын мәнінде, Сепир – Уорф болжамы бойынша, ұлттық ойлау мен ұлттық сөйлеудің қарым-қатынасын тану арқылы ғана жалпыадамзаттық логикалық категориялар танылуы мүмкін деп түсінуіміз керек [11].
Тілді логикалық тұрғыдан талдап-танудың негізгі мақсаты мен міндеті – тілдің ойды құраудағы, сыртқа білдірудегі қызметі қалай, қайтіп, қандай жолмен жүзеге асырылатынын анықтауға ұмтылу болып табылады. Жалпылама түрде айтар болсақ, тілдегі сөздер, сөз тіркестері қалай да бір шындық болмыстағы заттарды білдіріп, соларды таңбалауға қызмет етеді. Яғни сыртқы дүниедегі заттардың адам санасындағы ерекше бір «өкілі» іспетті қызмет етеді. Осымен де байланысты, логиканың міндеті – сол сыртқа білдірілу процесінің ерекшеліктерін (тіл элементтері мен олардың байланысын) және сыртқы дүниедегі заттардың өзара байланысын тану болып анықталады. Бірақ бұл жерде ерекше есте тұтар мәселе бар, ол – тіл мен оның таңбалап тұрған заттарының арасында тікелей байланыс бар деп саналмауы. Тілдің басты механизмдері ойдың, оймен бөлшектеп танудың, Абайша айтқанда, «тұтасты қырыққа бөліп танудың» қызметін атқаратынын мойындай отырып, сыртқы ерекше дүниенің ішкі ерекшелікке «ауысуындағы» заңдылықтарды тану логикалық талдаудың негізгі мақсаты болып келеді.
Табиғи тілді логикалық талдаудың нәтижесі арнайы формалдық тіл жасауға алып келетіні белгілі. Сол арнаулы формалдық тіл негізінде логика мен тілдің байланысын тануға, соның негізінде стилистиканың логикалық негізін тануға мүмкіндік болады. Тілдің таным құралы ретіндегі қызметі философияның, логиканың негізгі нысаны бола отырып, сол таңбалар өздері таңбалайтын нәрселермен қандай байланыста болатыны және ол байланыстың сипаты мен ерекшелігі неде екендігін анықтауға мүдделі болады. Табиғи тіл, осы тұрғыдан қарастыратын болсақ, таңбалар жүйесін құрайды. Сонда тілді – таңбалар жүйесі деп қарастырғанда, тілдің стилистикасы негізгі орында тұрады. Өйткені, адам өзінің ойын түрліше білдіруде тілді (таңбаларды) түрлендіре қолдану арқылы өз ойын түрлендіріп отырады. Осыған байланысты тілдік таңбалардың стилистикалық мүмкіншіліктерін тереңірек танудың синтаксистік, семантикалық, прагматикалық аспектілерінің ерекшеліктері айқындалады.
Адамның ойлауы мен тілдік құдіретінің арқасында ғылым да, көркем әдебиет те дамып-жетіліп келеді. Сондықтан да стилистиканың теориялық негіздері ретінде философия мен логика ғылымдарын алудың өзі – стилистикалық мүмкіншіліктердің тамырларында тұнып жатқан құпиялар мен сырларды тануға негіз болады.
1.3 «Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының психолингвистикалық негіздері». Қазақ тілі ерекше жүйе ретінде өзінің құрамындағы бірліктерінің энергиялық қуатын сөйлеу барысында, сөйлеу әрекетінде таныта алады. Сөйлеу барысы көптүрлі және көпбейнелі түрге ене алатын күшке ие болып келеді. Адам баласының сөйлеуі барысында физикалық та, психикалық та, физиологиялық та процестер қатар жүріп жататынын байқауға болады. Сол сәтте сөйлеу – әрі индивидуалды, әрі әлеуметтік құбылыс ретінде өтіп жатады.
Стильдік ерекшеліктерді мәтінге жинап-теріп, бір арнаға ұйымдастыратын психикалық процестердің негізгісі ретінде сөйлеу процесі барлық тіл бірліктерінің жаңа бағдар ала ұйымдасуының жаңа сапасын танытады. Сол болмыспен сыртқа шығарылған сөйлеу туындысы енді сыртқы ортаны өзгертуге мүмкіндік алатын белгілі бір күшке ие екенін көрсетеді. Адамның санасында ойлау мен қиялдау процесі сөйлеу әрекетімен тығыз байланыста болып, адам ойлауының ерекше түрін, яғни тілдік ойлауын (сөйлеу – ойлау – речевое мышление) қалыптастырады.
Тіл құралдарының эмоционалды-экспрессивтік қызметі лексиканың, грамматиканың аясында зерттелгенмен, экспрессивтік стилистиканың арнайы құралдары ретінде бірізге түсірілген жоқ. Психология мен психолингвистика адамның іс-әрекетіндегі эмоцияның қызметін зерттеуге бағытталған. Сол себепті адамда болып жататын психикалық процестерді талдауда эмоцияның психикалық және іс-әрекеттік қырын бірлікте алып түсіндіру басты ұстаным болып есептеледі. Психологияның өзінде де адамның эмоциялық сезімдерінің қат-қабат сырларын зерттеу әлі жеткіліксіз. Бұл эмоцияны тілдік тұрғыдан зерттеуге де қиындық тудырып отыр. Сондай-ақ, психологиядағы эмоцияның түрлерінің топтастырылуы және оның жалпы сипаты дәл анықталды деп те айту қиын. Адамға тән негізгі эмоция түрлері әлі психологияда да, физиологияда да дәл анықталмаған.
Психологтардың ойынша, эмоцияға универсалдық сипат тән: «Некоторые отдельные эмоции являются универсальными, общекультурными феноменами. И кодирование, и декодирование ряда эмоциональных выражений одинаковы для людей всего мира, безотносительно к их культуре, языку или образовательному уровню» [12, 56 б.]. Эмоцияның универсалды қасиеті В.А.Артемьева т.б. ғалымдардың зерттеулерінде де эксперименталды тұрғыдан дәлелденеді. Дегенмен, ғалымдар арасында тілдегі сезім мен адамның табиғи сезімдерінің әрдайым сәйкес келетіндігіне күмән келтіретіндері де бар. В.И.Шаховский оған үзілді-кесілді қарсы пікір айтады: «шынайы сезімдер мен оның тілдік моделі ешқашан сәйкес келмейді» [13, 90 б.]. А.Н.Леонтьев болса, тіл бірліктері заттық өмірдің барлық қатынастары мен қасиеттерін идеалды формада бейнелейді деген пікір айтады [14]. Адамның өзіндік табиғатына тән универсалды эмоциялық сезімдерді негізге ала отырып, тілдің стилистикалық жүйесіндегі универсалды экспрессивті мағыналарды анықтауға және олардың тілдегі көрінісін анықтауға болады деген болжам жасауға болады. Бұған тілдегі адам сезімдерінің бейнелену семантикасы негіз болады. Лингвистикалық зерттеу еңбектерінде мұндай эмоциялық универсалдар түрліше аталып жүр: доминант эмоциялар, негізгі эмоциялар, эмоционалды тон, жетекші эмоциялар, базалық эмоциялар т.б. Сонымен қатар, психологтар адам баласына тән сезімдер мен толғаныстардың табиғаты бірдей болғанмен, әр тілдің эмоциялық сөздік қоры әртүрлі екенін айтады. В.Н.Гридиннің пайымдауынша, барлық халықта эмоциялар универсалды, ортақ болғанымен, олардың әр тілдегі типологиялық құрылымы бір-біріне ұқсамайды екен, себебі әр тілдің эмоционалдық табиғатына ұлттық ерекшелік тән болып келеді.
Сонымен, эмоционалдылық пен бағалауыштық – өзара тығыз байланысты категориялар екені даусыз. Психологиялық және лингвистикалық еңбектерде адамның эмоциясын зерттеудің екі жолы қарастырылады: 1) «алдымен адамға тән эмоциялық сезімдерді анықтау арқылы оның тілдегі көрінісін зерттеу»; 2) «тілдегі эмоциялық құралдарды анықтау арқылы адамның сезімдер дүниесіне талдау жасау» [15].
Достарыңызбен бөлісу: |