1.1 «Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасы мәселелерінің зерттелуіне қысқаша шолу» тараушасында қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының даму, қалыптасу сипатына шолу жасалып, негізгі мәселелері талданды.
Сөйлеуде эмоционалды-экспрессивтік мағынаны жеткізуші тіл бірліктеріне дыбыс, сөз, сөз тіркестері, сөйлем жатады. Осылардың барлығы жиылып, тақырыптық-композициялық тұтастық құраған кезде тұтас мәтіннің эмоционалды-экспрессивтік тонын, ырғағын жасайды. Лексика адамның дүниеге, сыртқы ортаға қатысты сезімдік дүниетанымның тілдік картинасын бейнелесе, сөздің түрлі морфологиялық формалары, сөйлем мен мәтін және дыбыс адамның сыртқы ортамен сезімдік қатынастарының өзара байланысын, динамикасын нақты контекст жағдайында бейнелейді.
XX ғасырдағы Ш.Баллидің концепциясының негізінде стилистика тілдің экспресивтік формалары туралы ілім ретінде анықталды. Стилистика тілдік жүйе элементтерінің эмоционалды-экспрессивтік, сонымен қатар тілдің мәнерлегіш құралдарының қалыптасуына әсер ететін тілдік деректердің өзара әсерін зерттейтін ғылым ретінде таныла түсті [1].
XX ғасырда тіл білімінің үлкен жетістіктерге жетуі, жаңа бағыттардың пайда болуы стилистика ғылымының қарқынды дамуына әсер етіп, стилистикада тілдің функционалдық қырлары басты назарға ілікті. В.Матезиус бастаған чех ғалымдары әдеби тілдің функционалдық сипатын зерттеуге ерекше көңіл аударды [2]. Орыс стилистика ғылымында В.В.Виноградов жаңа бір кезеңнің бастамасы болды деп айтуға негіз бар. В.В.Виноградовтың еңбектерінде [3] тілдік-функционалдық концепция басым бағыт болса, оның негізін тілдің халық өмірінің нақты тарихи жағдайларындағы шынайы қызмет атқаруын зерттеуі құрайды.
Стилистика жалпыхалықтық, ұлттық тілдің барлық қырын, оның дыбыстық құрылымын, грамматикасын, сөздігін, фразеологиясын толық қамтитын күрделі жүйе ретінде таныла түсті. Тіл тұтас құрылымның тарихи дамуындағы іштей байланысқан элементтері тұрғысынан емес, оның тарихи дамуы барысындағы функционалды жіктелісі және әртүрлі сөйлеу құбылыстарының экспрессивтік бояулары мен реңктерінің сәйкестілігі тұрғысынан қарастырыла бастады. Тілдік қарым-қатынастың салалық қолданысы, сөйлеудің жекелеген қоғамдық шектелген түрлерімен (яғни, функционалды стильдермен) байланыста алып зерттелді. XX ғасыр басындағы және одан кейінгі орыс әдеби тілі, стилистикасы мен тіл мәдениетін зерттеудегі ізденістер (Г.О.Винокур, Л.В.Щерба, А.Н.Гвоздев т.б.) [4; 5; 6] осы бағыттағы зерттеулерді тереңдетіп, одан әрі дамытты. Сөз семантикасының экспресивтік, эмоционалдық және бағалауыштық компоненттері және олардың денотативті мағынамен байланысына айрықша назар аударылды.
Қазақ тіл білімінде стилистикаға қарасты мәселелердің зерттелуі А.Байтұрсынұлы [7], Қ.Жұбанов [8] еңбектерінен басталады. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» көркем сөз бен көсем сөзге қатысты ой толғамдары, Қ.Жұбановтың Абай поэтикасының қыр-сырын ашқан мақаласы мен басқа да еңбектері бұл саладағы алғашқы қарлығаштар болды. Ал стилистиканың жеке ғылым тармағы ретіндегі іргетасы қалануы М.Балақаевтың есімімен байланысты. Алғашқы басылымы 1966 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің стилистикасы»оқулығы стилистиканың пәні мен нысанын, ғылымдар ішінде алатын орнын анықтаған тұңғыш еңбек болды. Мұнда стилистика ғылымының мақсат-міндеттері, функционалды стиль түрлері, әсіресе қазақ тілі стилистикалық құралдарының сипаты бір жүйеге түсіріліп қарастырылады. Экспрессивтік стилистиканың мәселелері тілдік бірліктердің эмоционалды-экспрессивтік қызметіне қатысты қарастырылды [9].
Кейінгі кезеңдерде қазақ стилистикасы І.Кеңесбаевтың, А.Ысқақовтың, М.Балақаев, Р.Сыздықованың, Е.Жанпейісов, С.Исаевтың, Ф.Мұсабекованың, Н.Х.Демесинованың, М.Серғалиевтың, Н.Уәлиевтің, Р.Әмірдің, Б.Момынованың, О.Бүркітовтың, Ж.Құрманбаеваның, Б.Хасановтың, Т.Қоңыровтың, Х.Нұрмұқановтың, Х.Кәрімовтың, Б.Шалабайдың, Ш.Мәжітаеваның, Д.Әлкебаеваның, Г.Әзімжанованың т.б. ғалымдардың зерттеулерімен толықты.
Достарыңызбен бөлісу: |