257
4.1.3 Қоғамдық-саяси еңбектерді аудару тәжірибесінен
Бұл саладағы аударма ісіне байланысты тәжірибені сөз етпес
бұрын өткен ғасырдағы, нақтылап айтқанда, кеңестік дәуірдегі
тарихымызға біраз көз жүгіртуге тура келеді. 1918 жылдың 8
қазанында, яғни төңкеріс жасап, билік басына келген Кеңес
өкіметінің екінші жылында РСФСР Халық комиссариатының
Ұлттар ісі жөніндегі қырғыз (қазақ) бөлімі Ордада баспа бөлімі
мен аударма бөлімін құру туралы шешім қабылдады. Бұл
құрылымдарға орыс тілінен қазақ тіліне кітапшалар, үндеухаттар,
ұрандар аудару жұмысы жүктелді.
Қазақ өлкесіндегі полиграфия базасының әлсіздігінен,
ұлттық кадрлардан шыққан редакторлардың, аудармашылардың,
полиграфистердің, жалпы баспагерлердің жетіспеушілігінен қазақ
тіліндегі әдебиеттер алғашқы кезде Мәскеуде, Қазанда, Ташкентте
басылды. Ал Қазақстанда баспа ісі 1920-жылдардың бас кезінде
дами бастады. Орынбор қаласында Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет
Майлиннің, Шолпан Иманбаеваның, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит
Мұқановтың, Ілияс Жансүгіровтің, Ғабит Мүсіреповтің, Жақан
Сыздықовтың алғашқы кітаптары жарық көрді.
1924 жылы 23-31 мамырда өткен РКП(б) XШ съезі қабылдаған
қарарлар мен қаулыларға ұлт баспасөзі және оны өркендету жайлы
арнаулы тармақтар енгізілді. Мысалы, осы құжаттың 11-тармағында
«Ұлт республикалары баспасөзінің жергілікті халықтың тіліне
көшуін аяқтау, ұлт баспасөзінің таралымын көбейтуге жету... баспа
саласында ұлттық баспалардың бәрі негізінен алғанда орыс тілінен
басқа тілдерде кітап басып шығаруға көшуіне жету қажет...» деген
нұсқаулар бар.
Сөйтіп, 1920-жылдардан бастап саяси әдебиетті аудару ісі
жүйелі, жоспарлы түрде жолға қойылды деуге болады. Марксизм-
ленинизм классиктері Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің,
Владимир Ильич Ленин мен Иосиф Виссарионович Сталиннің
еңбектерін, партия мен үкіметтің қаулы-қарарларын қазақ
тіліне аудару ісін бір жерге жинақтау, оны дұрыс ұйымдастыру
мақсатында Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті
жанындағы Партия тарихы институты құрылды. Сөйтіп бұдан
кейінгі жылдары пролетариат көсемі В.И. Ленин шығармаларының