254
филиалдары мен бөлімшелері бар екенін, сол себепті мұнда
негізгі мәселелер ұжымдық түрде, ғылыми тұрғыдан ойланып-
толғану арқылы байыпты шешіліп отыратынын баяндай келіп,
аударма тәжірибесінде олардың қолданып жүрген тәсілдері көркем
прозаның аудармасына да көп ретте қолайлы келетінін дәлелдейді.
«Аударманың өте-мөте қонымды ғылыми дәлелденген түрі деп
олар – шығарманың мазмұнын да, формасын да толығырақ беретін
ғылыми дәл, балама аударманы есептейді. Марксизм-ленинизм
классиктерін аударушылар аударылатын шығарманың лексикасын
да, синтаксисін де, олардағы ой-пікірлерді, эмоциялык және
образдық көріктерді толығымен сақтауға, түпнұсқаның мазмұны
мен формасының бүкіл нәр-қуатын толық беруге талаптанады»
– дейді деп, М.Әуезов нақ осы қағиданы прозалық көркем
шығармалардың аудармасына да қолдануды ұсынады.
Бұл пікір көркем аударманың практикасы мен теориясына көп
еңбек сіңірген жазушы М.Әуезовтің кездейсоқ айта салған ойы
емес, қазақтың тіл мәдениетінің, әдебиетінің, көркем ойының,
тіпті жалпы дүниежүзілік әдебиет пен мәдениеттің даму бағытын
бағдарлай отырып, ұзақ ойланудан соң айтқан ғылыми қорытынды
еді. Бұл әдіс, яғни түпнұсқаның формасы мен мазмұнын толық
та дәл сақтай отырып айнытпай аударуға тырысу, сол кездің
өзінде көркем аудармада молынан бар болатын. Бірақ онда, бар
тәжірибені қорытып, бар жұмысты белгілі бір ізге салып отыру
жағы болмағандықтан, бұл тәжірибе кейде сәтті, кейде сәтсіз
шығатын да, түпнұсқаның формасы мен мазмұнын, автордың күллі
стилін толық сақтаймын деушілердің бірсыпырасы сөзбе-сөздікке,
әріпқойлыққа ұрынып қалатын.
М.Әуезов көркем аудармада түпнұсқаның мазмұнымен қатар,
бүкіл формасын да айнытпай сақтау керек деген қағиданы ұстады.
Мұны ол бұл мақаласын жариялаудан бес жыл бұрын, яғни 1952
жылы И.Тургеневтің «Дворян ұясы» романының өзі жасаған
аудармасын жариялаумен байланысты жазған кіріспе мақаласында
да атап көрсеткен болатын. «Мен шамам келгенше ең алдымен
романды
дәл аударуға тырыстым, - деген ол.
− Тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем
ерекшеліктерін бере алатын болады, бұл жөніндегі дәл аудару
дегенді мен сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару деп түсінемін.