243
Аударманың шығармашылық қағидалары туралы М.Әуезовтің
сол жылғы «Мәңгі жасайтын Шота Руставели» деген мақаласында
біраз ойлар бар. Грузин халқының ұлы ақынын насихаттауға
арналған бұл мақаласында М.Әуезов оның «Жолбарыс тонды
жортуылшы» деген атақты поэмасын аударуға қазақтың ең ірі
ақындары кірісіп отырғандарын хабарлайды да, соған байланысты
аударма жайында біраз ойларын ортаға салады.
Ең алдымен, мұндағы көңіл бөлерлік бір нәрсе:
автор аудармашылықтың үлкен өнер екенін, оған аса зор
жауапкершілікпен, үлкен дайындықпен кірісу керек екенін
сездіреді. Ол «Жолбарыс тонды жортуылшыны» аудармақшы
болып отырған ақындар бұл поэманың орысша аудармасының
бірнеше нұсқасын – Бальмонт, Петренко, Цагарели аудармаларын
және олар жайындағы сын-рецензияларды, Руставелидің мұрасын
жақсы білетін грузин оқымыстыларының еңбектерін, грузин
әдебиеті мен фольклоры жайындағы орысша деректерді оқып
танысуы керек екенін ескертеді. Оның үстіне, фузин тарихшылары
мен ақын-жазушыларынан көмек-консультация алып отыруды
ұсынады. Бұдан біз М. Әуезовтің әрбір аудармаға осындай жан-
жақты әзірлікпен, ғалымдық мағлұматпен, сол тақырып жайында
шын терең біліммен кірісуді талап еткенін көреміз.
Екіншіден, ол грузин поэзиясы туралы орыс тіліндегі
деректерге сүйене отырып, грузин поэзиясының біздің поэзияға
ұқсайтын біраз ерекшеліктерін ашады. Мұны ол жеке, не топ
дыбыстардың қайталап келіп отыратын үндестіктерінен, яғни
аллитерация, ассонанс үлгісінен табады. Бұл ерекшелік бірқыдыру
басқа тілдерге аударғанда дәл өзіндей етіп шығаруға қиыншылық
тудырса да, қазақ тілінен лайықты үйлесімін табатынын, біздің ескі
және жаңа әдебиет үлгілерімізде ондай ерекшеліктердің бар екенін
айтады. Мұнда да аудармада түпнұсқаның көркемдік, стильдік
ерекшелігін, ой тереңдігін жеткізуді бірінші кезекке қойған.
Руставелидің өз жанынан мақал шығарғыштығын, аз сөзге көп
мағына сиғызып, терең метафора үлгісімен салыстыра сипаттайтын
кестесі мол ақын екенін ескерте отырып, М.Әуезов автордың «сол
ерекшеліктері мен асылдарына аса ұқыпты боп отырса міндеттің
зоры да, кәдірлісі де сонда. Біздің ақындар мәдениеттердің бір-
бірімен интерационалдық жолда қабысып табысуына жәрдем
244
етеді. Тарихтың маңызы зор, мәдениеттік міндетті ада қылады»,
(М.Әуезов, «Уақыт және әдебиет», Алматы, ҚКӘБ 1962 ж., 292-
бет) – деп түйеді. Сонымен М.Әуезов қазақ жазушыларын бұл
сияқты ұлы шығарманы аудару үстінде оның авторының өз
тәжірибесінен үлгі алуға шақырады. Одан халықтың шын жақсы,
шын асыл қазынасын қалайша көрікті етіп пайдаланудың әдіс-
тәсілдерін үйренуді ұсынады. Бұдан оның көркем аударманы
жазушылар үшін шеберліктің мектебі деп бағалағанын ұғамыз.
Кейін, елуінші жылдары М.Әуезов өзінің осы пікірлерін онан
сайын дамыта түсті. Енді ол көркем аударманың өнер екенін
танытуға, оның ұстанымдары мен қағидаларын анықтауға белсене
ат салысады, олардың теориялық шешімдерін табу үстінде
толғанады.
Нақ осы тұста ол Абайдың аудармашылық өнеріне тағы бір
мықтап зер салады. Абайды тану, оның ұлы мұрасын жан-жақты
терең зерттеу жұмыстарын ғылыми тұрғыдан жолға қоюды
мақсат еткен М.Әуезов оның күллі әдеби-шығармашылығында
көркем аударманың қандай орын алатынын, бұл саладағы оның
шеберлігінің мәні қандай екенін анықтау ісімен шұғылданған.
Автор Абайдың Пушкиннен, Крыловтан, Лермонтовтан,
Буниннен жасаған аударма еңбектерін топ-топқа бөліп саралап
қарайды да, Лермонтов арқылы Батыс ақындарының шығарма-
ларын да қазақ жұртшылығына жеткізгенін өз алдына сөз етеді.
Ең алдымен, ол Абайдың аударма еңбекке деген ықыласына
тоқтайды. Абайдың орыс классиктерінен жасаған аудармалары
кейде дәл, кейде еркін болып келсе де, өлеңдік тұрғысынан алғанда,
әрқашан көркем боп шығып отырған. Демек, ол аудармаға да, өз
өлеңдерін жазғандағы сияқты, ақындық зор шабытпен, әр сөзді
саралап қолданатын асқан ұқыптылықпен кіріскен. Сондықтан
оның өз өлеңдеріне тән керкемдік, биязылық, нәзік те, терең
сыршылдық аудармаларында да ылғи табиғи түрде құйылып келіп
отырады. Тек Абайдың аудармашылық шеберлігінің арқасында
ғана Пушкин мен Лермонтов поэзияларының көркемдігі, терең
сыр, үлкен ойлары, Крыловтың халықтық өткір мысқылы мен ащы
сатирасы қазақ қауымының санасына еркін жол тапты.
Осыдан келіп, М.Әуезов аударма жұмысы Абайдың өзі үшін де
шеберліктің мектебі болғанын, оның ой-санасын ұлғайтып, өмірге
245
көзқарастарын қалыптастыруға себепші болғанын түсіндіреді.
Мұны ол Абайдың өз шығармаларының даму құбылыстарынан
көреді.
1887 жылдан бастап Абай творчествосынан көркем аударма
үлкен орын алған. Сол жылдардан бастап Абайдың өзі жазған
өлеңдерінен де жаңа түр, жаңа көріністер, сөз саптаудың жаңа
үлгілері анғарылады. Оның өз күйін толғауы, табиғат көркін,
махаббат жайын жырлауы басқаша бір сырмен, жаңаша құлпырған
бояумен жайнай түскен. Оның теңеулерінен де, саз-сарынынан да
автор жаңа нұсқаларды байқайды. Әрине, мұның бәрін М.Әуезов
Абайдың Пушкин мен Лермонтовқа жай ғана еліктеуі емес,
олармен терең ұғынысып, табыса туысып бара жатқандығы мен
аударманы шеберліктің шын мектебі етіп, өз халқына дәстүр
боларлық жаңа үлгі-өнеге ашқаны еді деп бағалайды. Сондықтан
да «Абайдан соңғы қазақ әдебиетін алсақ, ұлы ақын жасаған
аударманың мәдениеттік, тәрбиелік, көркемдік әсері ұшан-теңіз.
Өзге өнегесінен бұрын, Абай аудармалық еңбегімен және де өз
тұсындағы қауымын көп тәрбиеледі. Қазақ сахнасына орыстың
мәдениетінің жарығын әкеп төккендей болды», – дейді автор.
(М.Әуезов, «Әр жылдар ойлары», 158-159-беттер).
Абай аудармаларының осындай тарихи маңызын анықтаған
автор енді бұл еңбегінде оның аудармашылық өнерінің
ерекшеліктерін ашып, шеберлігінің мәнін айыра көрсетумен
шұғылданады. Ол үшін Абай жасаған аудармаларға жеке-жеке
ғылыми талдау жасайды.
Бұл тұрғыдан оның ең алдымен, зер салғаны – Абайдың
«Евгений Онегиннен» жасаған аудармалары. Татьяна мен Онегин
арасындағы хат алысу ретінде беріліп, романның махаббат
жайындағы толғауын түгелге жуық қамтыған бұл аудармада,
әрине, Пушкиннің көп айтқандары қалып кеткен. Оның үстіне,
Абай өз жанынан «Онегиннің ақырғы сөзі» деп тағы бір жайды
баяндайды. Бұл Пушкинде жоқ. Мұны автор көркем аудармадағы
еркін өзгерістің Абайша жасалған ерекше бір түрі деп бағалайды.
(Сонда, 155-165-беттер). Содан соң Пушкиннің жалпы сарынын
сақтай отырып, хаттар ретінде жеті бөлек боп берілген аударма
еңбектің қайсысы қай жерде түпнұсқаға жақын келетінін, қай
жерде алыстап кететінін ашып көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |