240
аудармашы ретінде де, сондай-ақ көркем аударманың теоретигі
ретінде де осы қағиданы берік ұстап отырды.
Пушкин өлендерінің ұйқасымы жайына келгенде, М.Әуезов
жаңадан жасалып жатқан аудармалардың ішінде, Ілиястың
қолынан шыққан «Чаадаевқа» мен «Қара бұлты» болмаса, көбінде
ұйқастарды Пушкинше қолданбаушылық бар екенін сынайды. Рас,
ол ондай ұйқастарды тек ұйқас үшін ғана беріп, формалистікпен
түбірден алмаймын деп қатып қалуға да қарсы. Өлең ұйқасының
жаңа түрін қолданғанда, оны Абайдың «Амал жоқ қайттым
білдірмейіндегі» шалыс ұйқасты тапқаны сияқты, қазақ әуеніне
үндесіп кететіндей жатық етіп шығару керек. Автор бұл жайында
Ілиястың «Чаадаевқаны» аударғандағы шалыс ұйқас түрін
қолданған әдісін мысалға келтіреді. «Бұл Пушкиннің, көбінесе,
өзі қолданған ұйқас. Аудармада соның сақталуы мін емес, қасиет
болып көрінеді», – дейді ол.
Бұл мақалада М.Әуезовтің ерекше назар аударып, баса
көрсеткен мәселесі – Пушкиннің өзіне тән сөз ерекшеліктерін
сақтау. Ақын бір жағынан Муза, Апполлон, Лира деген сияқты
ескі қадым заманғы әдебиет ескерткіштеріне тән атауларды
көп қолданса, екіншіден, орыс тілінің ескірген сөз түрлерін, дін
сөздерін мол келтіріп отырады. Мұндай жерлерін бүгінгі ұғымның
тілімен аударсақ болар ма еді? Жоқ, болмайды. Арада жүз жылдық
тарих жатыр. Оны ұмытудың жөні жоқ. Пушкиннің ондай сөздері
қазіргі орыс тілінің көлемінде қаншалық ескі сияқты сезілсе, оның
аудармасында да, мүмкін болғанша, сондайлық көне боп сезіліп
тұруын ескерген жақсы.
Автордың бұл қозғағаны – көркем аударманың теориясы – аса бір
күрделі мәселесі. Мұның бір жағы жоғарыда айтылған түпнұсқаның
стиль ерекшеліктерін жеткізу міндетімен де ұштасады. Ал бөліп
қарағанда, мұнда дәуір айырмашылықтарын, ұлттық түрді,
яғни мазмұны мен түр сәйкестігін сақтау мәселелерінің кейбір
шешімдері айтылып жатыр. Ол кездердегі аудармаларда, қазақша
түсінікті болсын деген желеумен, түпнұсқаның мұндай жерлерін
қазақтың қарапайым ұғымындағы бірдеңелермен айта салу әдеті
басым болатын. Автор аудармада осындай қарабайырлықтан
мәдениеттілікке көтерілуді, қазақ оқырмандарын жалпы
дүниежүзілік білім өрісіне бастауды насихаттаған.
241
М.Әуезов бұл мақаласында кейбір аудармашылардың Пушкин
бойлаған тереңдікке шома алмай, ол толғаған сезімдерді қозғай
алмай, үстірт соғып, Пушкинді жанап қана жүргенін айтады.
Осыған байланысты ол: «түпнұсқадағы көңіл-күйі мен суретті
көріністердің, жалындай маздап, шарқ ұрып тұрған сөз келісімнің
аудармада солғын тартып жүдеп кететіні бар. Соны сезген кей
аудармашылар қазақша құр шешен сөзге өктейді. Бірақ бұл
сөздер, сырты сұлу сияқты көрінгенмен, Пушкин жолдарының
сезім сырын шерте алмай, бос шығын сияқты болып тұрады деп
қынжылады. Қорытып айтқанда, автор бұл кемшіліктердің бәрі
Пушкин жолдарын шала ұғудың салдары, – деп түйеді, және де:
«...аударма деген асығыстықты, үстірттікті көтермейтін өнер, онда
түпнұсқаның орысша мағынасын түсінумен қатар, оның ырғағын
да бойға сіңіріп, көкейге қондырып алу керек», - деп ескертеді.
Тегі сол жылдары, әсіресе Пушкиннің қайтыс болуының жүз
жылдығын атап өту жайындағы ой-пікір де біраз өсіп қалды.
Баспасөз орындары бұл мәселеге үнемі көңіл бөліп, жаңадан
жасалған аударма еңбектердің таңдаулыларын жариялап отырды.
Солардың ішінде М.Әуезовтін 1937 жылы «Социалды
Қазақстан» газетінің 8 қаңтардағы 6-санында жарияланған «Евгений
Онегиннің» қазақшасы туралы» дейтін, «Қазақ әдебиеті» газетінің
10 ақпанындағы 7-санында жарияланған «Пушкин аудармасы
казақ әдебиетіне не берді» дейтін мақалаларын оқимыз. Бұлардың
бәрінде де автор жоғарыда айтылған аудармашыларға қатал талап
қоя отырып, көркем аударманың тіліміз бен әдебиетімізге тигізіп
жатқан ықпалын талдап сөз етеді, жұртшылыққа оның маңызын
түсіндіреді.
М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына зер салған
адам оның 1936-1937 жылдары көркем аударма мәселесімен
едәуір шұғылданғанын аңғарады. Бұған бір жағынан, жоғарыда
айтылғандай, Пушкин күнін өткізу себеп болса, екінші жағынан,
қазақтың театр өнері өркендеп, қазақ сахнасына аударма
пьесалардың шыға бастағандығы себеп болды. Қазақтың
мемлекеттік драма театры отызыншы жылдардың алдыңғы
жартысында «Сүңгуір қайық», «Астық», «Досым», «Жойқын князь
Митислав» дейтін аударма пьесаларды қойған болатын. Соңынан
«Ақсүйектер» пьесасы койылды. Ал бұдан кейін, 1936 жылы
242
«Ревизордың» қойылуы қазақтың жас сахна өнерінің тарихындағы
үлкен оқиға, биік белес еді.
Бұл оқиғадан, яғни аударма пьесалардың қазақ сахнасында
қойыла бастауынан М.Әуезов терең сыр ұқты, мәдени
дамуымыздың жаңа бағытын, кең өрісін көрді. Сондықтан да
ол 1937 жылы «Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар» («Қазақ
әдебиеті», 1937 ж.) деген мақала жазып, көркем аударманың
ұлттық театр өнерін өркендетуге тигізіп отырған және бұдан
былай да тигізе беретін игілікті әсерін сөз етті.
М.Әуезов өзінің бұл еңбегінде аударма пьесаларды қазақ
сахнасында қоюдың ең бірінші пайдасы — халықаралық мәдениетті
игеру деп білді. «Кеңес драматургиясының таңдаулы пьесаларын
қою арқылы көпшілікке кеңес мәдениетінің табыстарын танытып,
сол мәдениетті сүюге, оның әрбір сәтті шыққан туындысын
«өз мүлкім, өз табысым» деп қарауға баулимыз. Қазақтың жас
әдебиетінде жаңа тарихтың кейіпкерлері әлі аз және толық
дәрежесінде бейнеленіп болмай жатыр. Ал жалпы кеңес
драматургиясында олар көбірек те әртүрлі жақтарынан суреттеледі.
Сондықтан аударма пьесалар қазақ жұртшылығына мәдениет
жағынан өне бойы жаңа нәр әкеліп отырады. Мұндай пьесалардың
театрларымызда мәдениетті түрде қойылуы және қазақ
артистерінің оларды ойнап шығуы, бір жағынан, сахна өнерінің
өскенін көрсетсе, екінші жағынан, көпшілікке революцияшыл
реалист театрдың бергенін береді. Бұл пьесалардың зор қасиеті
– қазақ актерлерін жалғыз қазақ пьесаларының көлемінде
қалдырмай, сол актер типінің өзін де өзгерте өсіреді. Қазақ
актерін, кеңестің интернационалдық мәдениетінің майданындағы,
интернационалдық мүсіні бар актер етеді», - дейді ол. Бұл
мақалада және бұдан сәл бұрынырақ жарияланған «Ревизор қазақ
сахнасында» («Социалды Қазақстан», 1936 ж., 228-бет) деген
мақаласында да М.Әуезов драмалық шығармаларды аударудың
және оларды қазақ театрының сахнасында қоюдың жалпы маңызы
туралы айтқан. Оның өзінде, көбінесе, театр өнерін өркендетуге,
актерлердің шеберлігін арттыруға аударма пьесаларды қоюдың
тигізетін пайдасын баса көрсеткен. Ал драмалық шығармаларды
аударудың техникасы мен қағидалары жөнінде, яғни басқа
жанрларға карағанда, оның өзіне тән өзгешеліктері бұл мақалада
сөз бола қоймайды.
Достарыңызбен бөлісу: |