С.С.Жиенбаевтың
қалам тартпаған тіл білімінің салалары кемде-кем.
Қазақ тіл білімінің тарихына көз жіберсек, 30-40 жылдардағы және де оларға
дейінгі тілші-ғалымдардың барлығы дерлік, негізінен тілге қатысты барлық
салаларда көрініп отырады. Бұл – ғылымның, оның ішінде қазақ тіл білімінің сол
кезеңдегі деңгей көрсеткіші. С.Жиенбаев еңбектерінің кең ауқымдылығы оның
ғылымдағы сіңірген еңбегінің мәнін, салмағын төмендетпейді. Жұмысымызда
С.С.Жиенбаевтың қазақ тіл білімінің салалары бойынша ғылыми танымдары
арнайы сөз етіліп, оның еңбектерінің табиғаттары айқындалды. Атап айтқанда :
1.
Ғылыми шығармашылығындағы ақтаңдақтар жаңа деректермен
толықтырылып, қоғам өміріндегі және ғылымдағы алған, алатын орны
әділ де тиесілі бағасы салмақталды;
2.
Әліпбиді реформалау жөніндегі пікірлері тұңғыш зерттеу объектісі
етіліп, қазіргі күн талабына сайлылығы, өзектілігі айқындалды.
3.
Емлеге қатысты пікірлерінің жалғастылығына назар аударылды, олардың
ішіндегі бүгінгі күнде де өзекті болып отырғандарына тоқталып,
практикалық өміршеңдігі айқындалды.
4.
Қазіргі қалыптасқан пунктуациялық ережелеріміздегі ғалымның үлес
салмағы сараланып, оның пунктуация негіздерін (қазақ тіліндегі)
қалаушы ғалымдарымыздың бірі екендігі аталды;
5.
С.Жиенбаевтың лексикологияның жеке ғылыми сала ретінде қазақ тіл
білімінде арнайы зерттеу объектісі етіп алынуына алғаш қадам жасаушы
екендігі дәлелденді, сонымен қатар оның сөздік жасау мақсаттары мен
принциптерінің ғылыми бағдарламасын алғаш жасаушы екендігі
айқындалды.
6.
С.Жиенбаевтың өзіне дейінгі әдебиеттерде сөз болып көрмеген
грамматика және грамматикалық категорияларға байланысты жалпы
лингвистикалық мәселелерді көтеруі, қазақ тіліндегі сөздерді тапқа
бөлуді сол тұрғыдан қарап шешуді ұсынуы, яғни қазақ тіліндегі сөздерді
таптастырудың теориялық негізін салушылардың бірі екендігі оның
ғылымдағы жаңашылдықтарының бірі ретінде танылды;
7.
Жай сөйлемге қатысты пікірлері талданып, оның ішінде үйірлі
мүшелерге қатысты айтқан пікірлері түбегейлі талданып, сын көзбен
қараған кісіге үйірлі мүшелер туралы ғалымның тұжырымдары қазіргі
қалыптасқан түсініктерге, бірді-екілі келіспеушіліктері болмаса, негіз
болғанын айқындадық. Сонымен қатар, арнайы зерттеу еңбектері
болмаса да, жалпы синтаксис мәселелеріне арналған еңбектерінде
ғалымның сөйлемдегі сөздердің байланысы, сөйлем мүшелерінің
қызметі, атаулы сөйлемдер туралы айтқан пікірлер шоғырына талдаулар
жасалып, оңы-солы ажыратылады;
8.
Құрмалас сөйлемдерге қатысты ғалымның пікірлеріне шолу
жасалып, түсінік берілді, ғалымның ұстанған бағытының, ой-
толғамдарының мәні замандастарымен, қазіргі қазақ тіліндегі
қалыптасқан
пікірлермен,
түркітанудағы
өріс
алған
пікірлер
ағымдарымен салыстырыла, салғастырылып, қателіктерінің себептеріне
талдау жасалып, қазіргі қазақ тілі синтаксисінде әлі де болса өзекті
пікірлері атап көрсетілді.
9.
Қазақ тіл білімінің ғалым араласқан салаларына тоқтала келе, оның
қазақ тіл білімі тарихындағы алатын үлес салмағы айқындала түсті,
оның қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі екендігін дәлелдей
түсетін айғақты пікірлер ұсынылды, қазақ тіл біліміндегі орны
көрсетілді.
Қазақ тіл білімінің негізін салушылар А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов,
Х.Басымов, С.Аманжолов, Н.Т.Сауранбаев т.б. ғалымдарымызбен бірге
С.С.Жиенбаев та қазақ тіл білімінің теориялық мәселелерінің ғылыми
негіздерін қалыптастыруға өзіндік үлесін қосты. Қазақ тіл білімінің өзекті
мәселелеріне қатысты ғалымның ой-пікірлері ауқымды мәселелерді шешуге
негіз болса, оның кейбір ұсыныстары көптеген көкейтесті мәселелерді шешуге
бастама, қозғаушы, түрткі болды. Ғалымның жекелеген ғылыми идеялары - әлі
де болса өзектілігін жоймаған, түбегейлі зерттей түсуді талап ететін, ой салатын
дүниелер. Атап айтқанда, әліпбиді реформалау, яғни әріптердің мөлшерін
азайту, емлені тіліміздің ішкі заңдылықтарына сай қайта құру, сөз алды
оңашаланған айқындауыштарының синтаксистік, стильдік табиғаттарын ашу
мәселелері күн тәртібінен түсті деп айтуға болмайды. Ғалым мұраларын талдау
барысында ғылыми мұраны арнайы зерттеу объектісі етіп алу маңыздылығы
айқын көрінді. Жұмыстан алынған нәтижелерді қазақ тіл білімінің тарихын
жазуда, тіл білімінің ғалым қалам тартқан салаларын зерттеу барысында
пайдалануға әбден болады деп ойлаймыз. Сонымен қатар қазақ тіл білімі
саласында зерттеу жүргізіп жүргендердің салыстыру материалы ретінде кейбір
ұғымдардың табиғатын түйсінуіне септігін тигізері сөзсіз. Және де жұмыс
нәтижелерін жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде арнайы
курстар мен семинарларда, «Қазіргі қазақ тілі» пәнінен оқылатын дәрістерде,
оқулықтар мен көмекші құралдар жазу істерінде пайдалануға болады деп
ойлауға толық негіз бар.
Жұмысты жазу барысында алынған нәтижелерімізге сәйкес мынандай
тұжырымдар ұсынылды:
1.
Қарастырылған нақты еңбектерге, қалыптасқан теориялық негіздерге,
тілдік фактілерге сүйене отырып, С.С.Жиенбаевтың әліпбиге қатысты ,
емленің кейбір мәселелері жөніндегі айтқан ұсыныс, пікірлерінің
дұрыстығын, пунктуацияның негізін салушылардың бірі екендігін,
сөздерді таптастыру жөніндегі жаңашылдығын, мекен пысықтауыш пен
толықтауыштарды ажыратуда ұсынған критериінің дұрыстығы, т. б
дәлелдеу;
2.
Қазіргі кезде басқаша қалыптасқан үйірлі мүшелерге, құрмалас
сөйлемдердің жіктелуіне, т.б. мәселелерге қатысты тұжырымдарының
негізсіз емес екенін ғылыми әдебиеттер мен тілдік фактілерге сүйене
отырып, дәлелдеп беру, қателіктері болса олардың объективті,
субъективті себептерін түсіндіру;
3.
С.С.Жиенбаевтың синтаксис саласындағы алатын орнына берілген
ғалымдардың бұрыннан белгілі бағаларын толықтыра , айқындай түсу,
оған қосымша ғалымның назардан тыс қалып келген қазақ тіл білімінің
өзге салаларындағы еңбектеріне тиісті бағасын беру, 30-40 жылдардағы
қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлесін көрсету;
4.
Жалпы қазақ тіл біліміндегі ғалым мұраларының алатын орнын анықтау,
т.б.
Жұмыстың тақырыптық ерекшеліктеріне сай, осы тектес зерттеу
жұмыстарында, тіл білімінің жекелеген салаларының зерттелу тарихына
тоқталғанда қолданылған әдістерді негізге ала отырып, зерттеудің жетекші әдісі
ретінде сипаттау әдісін алу қажеттілігі туды. Сонымен қатар, бұл әдістің
әдебиет тарихында кеңінен қолданылып жүргені мәлім нәрсе болып табылады.
Жұмыстың тарихилық сипаты аталмыш әдістің жұмысымызға негізгі әдістерінің
бірі етіп алынуына басты себеп болды, жұмыстың нәтижелі болуы да осыны
талап етті. Баяндау әдісі де материал жөнінде жалпылама түсінік қалыптастыру
мақсатында, ғылым жөнінде өмірбаяндық шығармашылық деректерді
жеткізгенде, т.б. кеңінен қолданылды. Салыстыру әдісі, қажетті мәліметтерді
жинақтау, талдау, қорыту, тарихи салыстырма әдістері де жұмысымызда кеңінен
қолданылды. Зерттеу әдістерінің әр қилылығы, жұмыс барысында
пайдаланылған қазіргі тіл білімі мен С.Жиенбаевтың тұжырымдарын, оның
тұстастары еңбектерімен, жалпы түркітанудағы пікірлермен, т.б. салыстыру
барысында, ғалым пікірлерін дәлелдеу не оның пікірлеріндегі қайшы тұстардың
мәнін ашу барысында, оның ұсынған ғылыми тұжырымдарының өзектілігін
айқындаудағы қажеттіліктерден туындап отырды.
Сонымен қатар, орыс тіл білімінде ғылым тарихына қалам тартып жүрген
ғалым Будагов Рубен Александровичтің еңбектеріндегі талдау әдістерін
жұмысты орындау барысында негізге алынып отырғанын атап өткіміз келеді
(Будагов Р.А. Введение в науку о языке. М., 1965 ; Сонікі – Из истории
языкознания . М., 1954 ; Сонікі – Язык, история и современность. М.,1971.).
Ғалымның еліміздің тарихында алатын орны, қоғамдық, ғылыми қызметтері
және ұстаздық жолдары туралы, оның қазақ тіл біліміндегі орнын айқындайтын
негізгі ғылыми жаңашалдықтары туралы республикалық ғылыми-көпшілік
«Ақиқат» журналының 1995 жылғы мамыр айындағы санында «Тағылым» атты
мақала, ҚР ҒМ-ҒА Хабарларының қоғамдық сериясының 1997 жылғы 2-
нөмірінде ғалымның әліпби мен емле мәселелеріне арналған «С.Жиенбаев және
әліпби мен емле мәселелері» атты мақала, ҚР Білім және мәдениет
министрлігіне қарасты Ы.Алтынсарин атындағы білім проблемалары
институтында шыққан ізденушілер мен аспиранттар жинағында (1997 жыл)
«Айқындауыш мүшелер туралы» атты мақала, республикалық ғылыми-
әдістемелік «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының 1997 жылғы 11-12
сандарында «С.Жиенбаев сөз таптастыру принциптері туралы» атты мақала, ҚР
ҒМ-ҒА А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында Ізденушілер мен
аспиранттар жинағында «С.Жиенбаев және лексикология мәселелері» атты
мақала (1997), Қызылорда Гуманитарлық университетінің 60 жылдық
мерейтойына шығарылған жинақта «Ғылым тарихы туралы бірер сөз» (1997)
мақала жарық көрді. Сонымен қатар Қызылорда Гуманитарлық университетінде
1995,1996 жылдары өткізілген ғылыми, ғылыми-әдістемелік конференцияларда
жұмыс мазмүнына сая баяндамалар жасалынды.
Ұсынылып отырған еңбек кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан,
С.С.Жиенбаевтың еңбектерінің библиографиялық көрсеткішінен және қосымша
пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
|