Біріккен сөздердің емлесі жайлы
. Сөздердің бірге не бөлек жазылуы –
емлеміздегі шешімін толық таппай келе жатқан мәселелерінің бірі.
«Орфографиядағы өзге қиындық бір басқа да, құрама сөздердің жазылуындағы
қиындық бір басқа деуге болады.» (
Н.Уәлиев,....Қазақ орфографиясындағы
қиындықтар. А., 1988 ж. 55 б.). «Емле ережесін қанша қамтыдық десек те,
таразының басы қайда ауса, сол ережеге айналып, жазу нормасы болған тұстары
да жоқ емес.» ( М.Балақаев. Қазақ әдеби тілі мен оның нормалары . 1984 . 157 б.).
Шындығында да «жазуда қиындық туғызып келе жатқан жай ереженің өзі емес,
сол ережеге бағынатын біріккен сөз категориясын ажыратуда болып келе
жатыр» (
Р.Сыздықова. Емле және тыныс белгілері. А-ты. 1996 ж. 15 б.)
Жоғарыда айтып өткеніміздей, емле ережелерінің негізін қалау 30-жылдар
үлесіне тиді. Профессор Қ.Жұбанов 1935 жылы жазған бір мақаласында біріккен
сөздердің жазылуында қате көп кететінін, бұл мәселеде таластың көп екендігін
сөз еткен болатын ( Х.Жубанов. Исследование по казахскому языку. А-ты. 1996
г., стр. 165)
Аталмыш проблемаға байланысты С.Жиенбаевтың да «Тағы да біріккен
сөздер емлесі жайлы» (Халық мұғалімі.1940 ж.7-8) атты мақаласында біраз
сындарлы
пікірлер
баршылық.
Тіліміздің
құрылымдық
жүйесінде,
методологиялық негіздерінде «аға тіл» әсерінің немесе өзіміздің сол тілге көп
әсіреленуіміздің нәтижесі жоқ деп айта алмаймыз. Бұған, әрине,
граматикамыздың орыс тіл білімі негізінде жасалғандығы, орыс тілі
граматикасының бірден-бір баламасыз
үлгі алар көз болғандығы себеп болса
керек. Ал, тіліміздің ішкі заңдылықтарын туыстас тілдермен, тіл тарихымен
салыстыра зерттеу – 50-жылдардың жемісі.
Сөзжасамның өнімді түрлерінің бірі – біріккен сөздердің емлесі мәселесінде
де орыс тілі емле ережелерін таза калькалаудың үлгісі ретінде 30-жылдар
оқулықтарындағы мына ережені алуға болады: «Екі сөз қосылғанда (біріккенде)
бір мағына беретін болса, сондай сөздер біріккен деп есептелсін де, бірге
жазылсын»
(Көрсетілген мақала.1940)
С.Жиенбаев
«
бір сөзбен айтуды бір
мағына берудің негізгі белгісі етіп қолдану» тілімізге сай келе бермейтінін, орыс
тілінде сөздер дәнекер арқылы тұлғасын өзгертіп біріксе, қазақ тіліндегі сөздер
біріккенде тұлғалық не сапалық өзгеріске, негізінен, түспейтінін дұрыс
көрсеткен. Мәселен, орыс тіліндегі сельское хозяйство – сельскохозяйственный,
красное знамя – краснознаменный, единая кровь – единокровный, весь союз –
всесоюзный деп біріккен сөздерге сәйкес ауыл шаруашылығы, қызыл тулы деген
сөздердің қосылып жазылуына келіспейді. Дәлел ретінде мынау тектес сөздер
тізбегін береді:
1.
Ауыл шаруашылығы – мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, орман
шаруашылығы, т.т.;
2.
Қызыл тулы – қызыл орамалды, қос орденді, т.т.;
Ал, бүкіл союздық (бүкілодақтық – Б.Б) деген сөзді бірге жазатын болсақ,
бүкіл қалалық, жалпы қалалық сияқты бөлек жазылып жүрген сөздерге де
осындай принципті ұстауды ұсынады. Бүкілодақтық, жалпыхалықтық тектес
сөздер 1957 жылғы ереже бойынша бөлек жазылып келсе, соңғы ережелерде
бірге жазылуы дәстүрге айналған сөздер ретінде қабылданып отыр.
Біріккен сөздерге қатысты соңғы сөздікте де емле ержесіне қайшы келетін
даулы жерлер жоқ емес. Бұнда бозторғай, қараторғай бірге, ал осы сияқты суық
торғай, қара қарға, ала қарға деген сөздер бөлек жазылған. С.Жиенбаев осындай
олқылықтарды жою үшін бұл сөздерді бөлек жазуды ұсынған. «Себебі – дейді ол
– мұндағы анықтауыш болатын сөздер: боз, қара, ала, суық - бәрі де
анықтауыштық қызметінен айрылған сөздер емес» (Көрсетілген мақала. 1940 ж.)
Қазіргі кезеңде бұл сөздерді бірге немесе бөлек жазу жөнінде қарама-қарсы екі
көзқарас бар. Біріншісі – бозторғай, қараторғай, т.б. сөздерді қосып жазайық,
оның себебі, біріккеннен соң олар (біріккен компоненттер) бастапқы
синтаксистік қатынасын жойып, жаңа лексикалық мағынаға ие болады, яғни
бұрынғы мағыналық дербестігін, лексика-грамматикалық мағыналарын,
бұрынғы синтаксистік қатынасын да, байланысын да жояды, жаңа сапалы сөзге
айналады дейді (Қазіргі қазақ тіліндегі сөзжасам жүйесі. А., 1983 ж. 206-207 б.).
Сонымен қатар, бұл жаңа сөздердің көпшілігі бастапқы ұғым-қатынастарын
мүлде жойып жібермейді, әр қайсысының бастапқы мағыналарын (жігін
ажыратқанда) айқын ұғуға болады, біріккен құрамда ол мағыналары, әсіресе,
грамматикалық мағыналары күңгірттенеді де, жаңа ұғым, жаңа мағына пайда
болады деген дүдәмалдау қорытынды жасап, сол ыңғайда біріккен сөздерді –
семантикалық байланысын үзбей жасалған біріккен сөздер (баспасөз, келіссөз,
бозторғай, қараторғай , т.т.), мағыналық байланысы күңгірттенген, немесе
мүлдем жойылған біріккен сөздер (бізтұмсық, қырықаяқ, т.т.) деп екіге бөледі
(Көрсетілген еңбек. 210 б.). Бұрынғы дау тудыратын сөздер - бірінші
тобындағылар. Бұларға қарсы пікірді қолдаушылар құрамындағы әр сөздің
лексикалық мағыналары, тіпті, лексика-грамматикалық мағыналары да айқын
дейді. Ұстанатын дәлелдері де С.Жиенбаев пікірлерімен үндес. Бұл жерде осы
екі пікірдің қайсысы дұрыс деп төрелік беру емес, солардың жазу тәжірибемізде
қалай қалыптасқанының, әлі де болса, объективті, субъективті себептерін
зерттеу керек сияқты.
Жоғарыда аталған мақалада С.Жиенбавтың әр, еш, бір түбірлері арқылы
жасалатын біріккен сөздерге бюайланысты көтерген мәселелері қазіргі емле
ережелерімізде ара жігі ашылып, шешімін тапты.
Ойын қорытындылай келе, ол біріккен сөздерге мынадай ережелер
ұсынады:
1.
Кісі аттары қосылып жазылады.
2.
Ауыл, жер-су аттары қосылып жазылады;
3.
Жеке айтылмайтын, тек қосылып айтқанда ғана мағына беретін сөздер
немесе жеке-жеке айтқанда басқа мағына беретін сөздер қосылып
жазылады.
Бұл ережелердің алғашқы екеуі толықтырылып бекіді де, соңғысы қазіргі
құрама сөздер деп аталып жүрген сөздерге ортақ қасиет ретінде қалыптасқан.
Ақтөбе, Ақтау, Ащысай, Алатау сөздерінің жазылуы мен айтылуы бірдей. Ал
Сарыөзек, Қандыағаш, Қараөзек сияқты сөздердің айтылуы мен жазылуындағы
алшақтықты жою үшін сөздердің тұлғасын өзгертпей біріктіру принципін қайта
қарауды ұсынады. Қараңыз: «Сөз бірікпеу керек. Біріксе, оның жігі жоғалып,
онан әрі кіруге жол ашылуы керек.». Соған сәйкес кісі аттарын айтылуына сай
Амангелді, Балгүміс, Меңдіғара, Ерғазы деп кіріктіріп жазуды ұсынады.
Кіріккен сөз жөнінде де М. Балақаев: «... екі сөздің бірігуі нәтижесінде іштей
морфемалық, дыбыстық өзгерістерге ұшырап, әбден жымдасып, тұтасып кеткен
күрделі (біріккен) сөздің бір түрі» - дейді. Сонымен қатар, «біріккен сөздердің
бірігуі арқылы тіпті дара тұлғаға айналуы тілімізге тән құбылыстардың бірі»
(М.Балақаев. Көрсетілген еңбек). Олай болатын болса, қатаң морфологиялық-
таңбалық принцип жоғарыдағы айтылған тілімізге тән біріккен сөздердің кірігу
процесіне кедергі жасап, емле ережесіндегі қиындықтарды көбейтуге себепші
болып отыр деп ойлаймыз.
Қазіргі қазақ тіл білімінде еліміздің тәуелсіздік алып, өз алдына дербес
мемлекет болып орныға бастауына байланысты жазуды орхон, латын
әліпбилеріне көшіру жөнінде ғалымдар пікірлері өрістеп келеді. Олармен қатар
жазудың қазіргі кириллица әліпбиі негізінде қала беруін қолдайтын пікірлер де
жоқ емес. 30-жылдары латын әліпбиі арқылы жазылған әдебиеттерді оқи
отырып, осы әліпби негізінде қазақ әліпбиіндегі әріп таңбаларының санын елеулі
түрде азайтуга болатынын, сонымен қатар осы графиканы қолдану арқылы батыс
өркениетінің жетістіктеріне жеңілірек қол жеткізуге болатынына көз жеткізген
сияқтымыз. Осы ыңғайда 30-жылдардағы емле ерекшеліктеріне қайта үңілудің
өзектілігі байқалады.
Ал, емле мәселелері бұл тақырыпта қалам тартып жүрген жекелеген
ғалымдардың ( Р.Сыздықова, Н.Уәлиев, т.б.) еңбектерінде болмаса, жалпылық,
бұқаралық сипаттан қалып барады.
|