5. Қазақ тілінің монғол тілдерімен қарым-қатынасы. Қазақ тілінің монғол тілдерімен қарым-қатынасы екі түрлі жағдайда қарастырылады. Бірінші, қазақ тіліндегі монғол тілінен тікелей ауысып кірген сөздер:
а) әкімшілік, ел билеу ісіне байланысты: жасақ, ноян, нөкер;
ә) жер-су атауларына байланысты: Алтай (Алтын тау), Қорғалжын (қорғасын), Тарбағатай (суырлы), Қордай (қарлы), Нұра (жақсы) сөздер кездеседі.
Екінші, бір тілден екінші тілге ауысты деуге келмейтін, екеуіне де ортақ сөздер тобы. Қазақ лексикасында монғол тіліндегі сөздермен түр-тұрпаты жағынан ұқсас, мағынасы жағынан үйлес келетін, әсіресе, зат есім, сын есім, етістік сөздер көптеп кездеседі. Мысалы: қой, қойшы (қон, қончын), бұқа (бух), алтын (алтан), сары (шар), қап-қара (хап-хар), алтын (алтин), дулыға (дуулга), бура (бұғура) т.б. Бұл сияқты сөздер тек қазақ тіліне ғана емес, түркі тілдеріне ортақ сөзер болғандықтан, олар түркі тілдерінен монғол тілдеріне ауысты ма, әлде монғол тілінен түркі тілдеріне ауысты ма деген мәселелер әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Сол себепті, мұндай сөздерді түркі (қазақ) – монғол тілдеріне ортақ сөздер деп атауға болады. Түркі-монғол тілдеріне ортақ сөздердің бар екенін Ш.Уәлиханов айтқан болатын. Мұндай ортақты тек сөздік қордан ғана емес, олардың грамматикалық құрылысынан да байқауға болады. Түркі тілдері сияқты монғол тілдері де жалғамалы тілдердің қатарына жатады.
Араб, парсы және моңғол тілінен енген сөздер ауызша қабылданғандықтан, фонетикалық өзгерістерге ұшырап, қазақ тілінің дыбысталу заңына сай қолданылып, басқа тілден енгендігі аңғарылмайтын халге түскен.
6. Орыс тілі арқылы енген сөздерді Қазан төңкерісіне дейінгі және Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде енген сөздер деп екі үлкен топқа бөліп қарастыруға болады. Бұлай бөлудің өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Төңкеріске дейін енген сөздер араб-парсы сөздері сияқты ауызша енгендіктен фонетикалық өзгерістерге ұшыраған. Ал төңкерістен кейінгі сөздердің айтылуы да, жазылуы да орыс тіліндегі қалпын сақтап қалады.
Революцияға дейінгі кезеңдегі сөздерге жәрмеңке (ярмарка), жәшік (ящик), бөтелке (бутылка), бөрене (бревно), әшмөшке (восьмушка), сіріңке (серняки), божы (вожжи), бөкебай (пуховой), самауыр (самовар), шен (чин), сот (суд), түрме (тюрьма), әтпекет (адвокат), кір (гир) т. б. сөздер жатады. Бұлардың ішінде кейбір сөздер қазір орыс тіліндегі нұсқасымен айтылып та, жазылып та жүр. Мәселен, атпекет, пошта, кәмпит сөздері баспа беттерінде адвокат, почта, конфет болып жазылып жүр.
Қазан төңкерісінен кейін енген сөздердің қазіргі әдеби тілде молдығы қоғамдық-саяси, мәдени, оқу, ғылым, техника, сауда, спорт, әскери ұғымдарға тікелей байланысты. Мысалы: демократия, диктатура, партия, конференция, пленум, фабрика, электр, энергия, машина, станок, троллейбус, трамвай, бригадир, азот, фосфор, гербицид және т. б.
7. Басқа тілден сөз алу тіл-тілде екі түрлі жолмен іске асады:
1) тікелей сөз алу;
2) калька тәсілі арқылы сөз алу.
Жоғарыда аталған араб-парсы, монғол, орыс тілдерінен енген сөздердің бәрі де бірінші жолмен іске асқан.
1. Ал калькалау жолымен сөз алуда сөздің құрылысын сақтап аудару арқылы сөздің мағынасы беріледі. Мысалы, қатынасушы (участник), қатараралық (междурядие), қалааралық (междугородный), оқулық (учебник), тоңазытқыш (холодильник), шаңсорғыш (пылесос), таным (познание), шешім (решение), ұшқыш (летчик), ағым (течение). Бұл сөздерде сөз құрылысы (түбірі, жұрнағы) толық аударылған. Сондықтан аударудың бұл түрін толық калька деп атайды.
2. Өзге тілден сөз, морфемалары толық аударылмай құрамына төл сөз компоненті араласып та алынады. Мысалы, облысаралық (межобластной), курстас (сокурсник), тракторшы (тракторист), боксшы (боксер). Бұлар өзге тілден жартылай аударылып алынатындықтан жартылай калька деп аталады.
3. Кейбір өзге тілдерден сөздерді аударғанда тек мағынасы алынады да, оған ана тілінен балама табу жолы бар. Бұған буын (поколение), түйсік (ощущение), отар (колония), балмұздақ (мороженое) т.б. сөздерін жатқызуға болады. Мұны семантикалық калька деп атайды. Яғни семантикалық калька бойынша, ана тілі сөзінің шет тілі сөзінің әсері арқылы жаңа, ауыспалы мағыналарға ие болуын айтамыз. Әдетте кальканың лексикалық, семантикалық, фразеологиялық және синтаксистік түрлері көрсетіледі. Жоғарыда кальканың лексикалық және семантикалық түрлеріне мысалдар келтірілді. Фразеологиялық калька – шет тілдік тұрақты тіркестерді сөзбе-сөз аудару болса, синтаксистік калькаға шет тілі қалыбына салынып жасалынған синтаксистік констукциялар жатады. Мұндайлар жеке сөз тіркестері, жеке сөйлемдер болып келуі мүмкін.
Кірме сөздер төл сөздеріміздей қызмет атқарып, қазақ тілінің сөздік құрамынан тиісті өз орнын алады және олар сөздік құрамды сан жағынан ғана толықтырмай, сапа жағынан да байытады. Ескерте кететін нәрсе: сөз ауысу процесі екі жақты болады. Қарым-қатынас жасау барысында шет тілінің сөздері біздің тілімізге еніп қана қоймай, қазақ тілінің сөздері де өзге тілдерге де еніп жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |