215
Күн орнынан шығады,
Мұның бәрі адамнан [19; 353].
Зар заман өкілдерінің бірі – Дулат Бабатайұлы:
Қилы-қилы заман-ды,
Заманға сай адамды,
Салғастырып қарасам,
Су мүйіз болған танадай,
Шыр көбелек айналам, - дейді [20; 155].
Зар заман поэзиясында уақыт пен заманның үш шақтағы бейнесі де жасалды.
Зар заман поэзиясында «қала», «шаһар», «қорған», «үй», «бекініс» ұғымдары өзгеше
сипатқа ие болды. Зар заман ақындарының шығармаларында ата-қоныстан айырылуға деген
қарсылық кейде қаланы қабылдамау түрінде байқалады. Ен даланы еркін жайлаған қазақ
үшін қалада қамалып отыру оңай көрінбеген. Бұл, біріншіден, көпшелілердің
психологиясынан болса, екіншіден, олар қаланы жын-шайтанның, кесір-кесапаттың ордасы
ретінде бағалаған деген де пікірлер бар. Мысалы, Мөңке бидің тақпақтап айтқан бір сөзінде:
Соққан бейіт сықылды,
Үй шығады деп еді.
Қырыққан серке бұтындай,
Би шығады деп еді, – десе, Шортанбайдың бір толғауында:
Кейін келер заманда,
Шошала деген үй шығар,
Шошаңдаған би шығар, – дейді.
Зар заман ақындарының түсінігінде, қала салу – қазақ жерін талауға түсірген
отырықшылық саясаттың әрекеті ретінде көрінді. Олардың жырларынан қала салу ісінен
жақсылық күтпеу сарыны анық байқалды.
Зар заман ақындарының тағы бір шошына қарағандары – қазақ ортасына ақшаның келуі
болды. Алыс-берісін малмен есептеген көшпелілер сауда-саттыққа, тиын-тебенге бірден
үйреніп кете қоймады. Ақшасыз аяқ баспайтын өмірге тосырқай қарады. Өйткені, қазақтың
бар байлығы – малы ақшаға сатыла бастады. Ел ішінде алыпсатар, алаяқтар, қайырымсыз
саудагерлер көбейді. Ақшаның келуі – дархандығы даладай қазақтың психологиясына әсер
етті. Бұл ақындар шығармаларынан анық байқалды. Мәселен, Шортанбай ақын: «Қайыр
кетіп байлардан, Бұзауға ақша беріп тұр», «Сауып ішер сүті жоқ, мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты», – десе, Албан Асан: «Қағаздан ақша шығарып, Сатып орыс мал
қып тұр», «Әділетті жақсының, Ақша тілін байлады», – дейді.
Зар заман ақындарының жырларында өзгеше сипатқа ие болған нәрсенің бір – шай. Ия,
кәдімгі шай. Алғашында Европаның өзінің шайға тосырқай қарағандығын еске түсірсек,
қымыз бен шұбат ішіп келген қазаққа да шайдың келуі жаңалық болғаны анық.
Мысалы, Албан Асан:
Жыртық үйдің ішінде,
Самаурынды шай болды.
Ащы боп шыққан сары су,
Ішіп, көңіл жай болды, – десе, ақын Нармамбет Орманбетұлы:
Жұрттың бәрі ант ішті,
Шайға қосып қант ішті [21; 38], – деп жырға қосқан.
Зар заман поэзиясында халық тосырқау қараған нәрселердің келесі бірі – санақ, есепке
алу жайы. Себебі, қазақ ешқашан баласын санамаған, бала-шағасының санын жария етпеген.
Адам санау деген ұғым мүлде болмаған. Санақ жүргізу, есепке алу – қазақтың салтында
болмаған үрдіс еді.
Мағлұм болған аят бар,
Есепке кірер бір күні,
216
Дүниеде жүрген адамдар, – деп Әбубікір Кердері ақын айтқандай, тірліктегі
пенделердің есебін алу – тек Алла тағаланың ісі деп түсінген. Бұл көрініс ақындар
поэзиясынан былайша көрінеді:
Дулат:
Малыңды салып талауға,
Адамын хаттап санауда.
Шортанбай:
Қараны санап, малды алды,
Қазаққа қамқор ханды алды.
...Ай сайын келіп санатып,
Есебіңді алып тұр.
Мұрат:
Мал мен басты есептеп,
Баланың санын алғаны.
Осылайша жырлаған ақындар есепке алуды ақ патшаға бағынышты құл болу деп
түсінді.
Ақырзаман
Қазақтың дәстүрлі діни нанымда «ақырзаман» деген түсінік бар. «Ақырзаман» ұғымы
адам баласының және бүкіл әлемнің ең соңғы тағдыры туралы ерте замандардан бері
қалыптасқан. Ауыз әдебиетінде «ақырзаман» ұғымы адамның күйзеліске ұшырауы,
тығырыққа тірелуі деп түсіндіріледі. Адам баласының өзі өмір сүрген заманға көңілі
толмауы, өткен дәуірді аңсауы ежелгі дәуір әдебиетінің нұсқаларында да кездеседі. Осы
ақырзамандық сарын қазақтың зар заман ақындары деп аталатын: Әбубәкір Кердері,
Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы сынды ақындар поэзиясында кездеседі. Олар орыс
отаршылдығының келуімен «заманақыр таянды», «зауал келді, қауіп-қатер таянды» деп
түсінді. Сондай-ақ, Әбубәкір Кердері ақырзаманның келуін пенделердің теріс пиғылдарымен
байланысты екендігін айта келіп: «Күнәм Кафтың тауындай, Иманым байдың малындай.
Талай ма деп қорқамын, Күфір нәпсім жауымдай», – деп толғанады.
Ақырзаман адамы аласа туады,
Аласа туса да таласа туады.
Қулық-сұмдық ойлай туады,
Жамандыққа бойлай туады.
Итере салсаң жығыла кетеді.
Ішсе бозаға тоймайды,
Боқтаса, түгіңді қоймайды [20; 380].
Зардың анасы – мұң. Мұңсыз өмір жоқ. Мұң-зардың әдебиет өмірінен орын алуы
заңдылық. «Зар заман – отаршылдық қысымын көрген елдің әдебиетінде рухани
құндылықтардың азып-тозуына налудан, қоғамның болашағына үміт артпай, ізгілікті еткен
өмірден іздеп, халықтың салт-дәстүрлері салтанат құрған кешегі күнін аңсаудан, ежелден
ұлттың танымына, көшпелілік табиғатына жат құбылыстарды қабылдамай, дәуірге
наразылық білдіруден туған ағым». Бұл сарын екі түрлі ыңғайда байқалады. Соның бірі –
заманақыр таянды, қауіп-қатер жақындады» деп топшылау, екінші – «зауал келді, нәубет
басқа түсті, демек, ақырзаман дегеніміз осы деген түйін», - деп жазады Б. Омарұлы [22; 65].
Ғалым бұл тұжырымын Шортанбай Қанайұлы, Әбубәкір Кердері, Асан Барманбекұлы,
Қарасақал Ерімбет, т.б. шығармаларымен дәлелдейді. «Әр нәрсенің болжалы, келе жатыр
жақындап»
делінетін
эсхатологиялық
формуланың
Шортанбай
Қанайұлы
шығармашылығынан басталып, Әбубәкір Кердері, Албан Асан шығармашылықтарында
дәлелденген.
Әбубәкір Кердерінің ақырзамандық ұстанымы өте айқын. Ақын тағы бір жырында:
Тұман басты заманды,
Біз заманға не қылдық,
Заманның түбі қылдай-ды.
Достарыңызбен бөлісу: |