Қамбар батыр, Ер Тарғын, Абылай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты
Наурызбай, Батыр Баян, Қарасай, Өтеген, Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Райымбек, Махамбет,
Исатай, Сырым, Кенесары, Наурызбай, Амангелді, Бекболат, т.б. есімі елге белгілі, қол
бастаған немесе ұлт-азаттық күрестің ұйтқысы, басшысы болған батырларымыз бен
хандарымыздың көркем әдебиеттегі соқталы бейнесі сап түзеп, осы арқылы қазақтың рухани
әлемі жаңа белеске көтерілді, байтақ кеңістікке шықты. Қазақ тарихының әрбір кезеңі, яғни ел
басынан өткен, халық тағдырында терең із қалдырған тарихи, саяси оқиғалар енді нақты
тарихи тұлғалардың - қазақ батырларының бейнесі арқылы, солар өмір кешкен, азаттық
жолында арпалысып өткен заман, уақыт кеңістігі арқылы көркем шежіреленді. Әдеби
кейіпкер ретінде бой көтерген осынау тарихи тұлғалардың көркем, жинақталған бейнесін
сомдау енді өз кезегінде қаламгерлер үшін де жаңа суреткерлік, шеберлік мүмкіндіктерге жол
ашты. Осы орайда, әрбір әдеби жанрдың көтеретін жүгі салмақ басып, әдеби әдіс-тәсілдердің
көкжиегі де кеңи түсті. Осы арқылы дәстүрлі қазақ поэзиясының кең тынысы жаңа құнарлы
көркемдік ізденістерге қол артуға қаламгерлерді итермеледі. Ғасырлар қойнауынан тамыр
тартқан әдебиет тарихындағы ұзын салқар рухани көшіміздің ең бір асылы мен аяулысы да,
яғни рухани құндылықтарымыздың баға жетпес байлығы да қарап отырсақ осы арнадан енші
тауыпты. Ел тағдырындағы батырлардың тарихи орнын бейнелеген, сомдаған өнер
туындыларын сөз еткенде біз ауыз әдебиетін, яғни халық мұрасын алдымен атаймыз. Бұл
мұралардың аса маңыздылығын, ел тағдырындағы тарихи мәнін біздің аға буын,
әдебиеттанушы ғалым- зерттеушілеріміз астын сыза айтып кеткен. Мысалы, қазақ эпостану
ғылымында батырлық жырлардың мазмұнына, көркемдік сипатына қатысты алғашқы, құнды
ғылыми ой-толғамдарға арна салған маңызды зерттеулер, жинақтар жарық көре бастады.
Осынау көркемдік құндылығы аса жоғары халықтық мұраларымыздың ел арасынан, әртүрлі
дерек көздерінен жиналып, тұтастырылып, өңделіп, ғылыми тұрғыдан зерттелуі
Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, Г.Потанин, И.Березин, И.Мелиоранский,
Н.Ильминский, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Мұқанов,
С.Сейфуллин, І.Жансүгіров еңбектерінен бастау алып, кейінгі кезеңдерде де осы үрдіс
әдебиеттану ғылымының басқа да белгілі өкілдерінің еңбектерінде жалғасын тапты. Бұл
еңбектерде енді халық ауыз әдебиетінің, оның ішінде батырлық жырларымыздың тарихи
негіздеріне, осы жырлар өмірге келген кезеңнің әлеуметтік-қоғамдық сипатына да тереңірек
талдау жасала бастады. М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, М.Сильченко,
Н.Смирнова, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, М.Ғабдуллин, Р.Бердібаев, С.Садырбаев,
С.Қасқабасов т.б. көрнекті қазақ әдебиеттанушы-ғалымдардың 60-70-жылдардағы ғылыми-
зерттеу еңбектері, оқулықтары мен оқу құралдары да аса бай халық мұрасының әр алуан
көркемдік қырларын талдауға арналды. Осы орайда әсіресе эпостық жырларымыздың
танымдық-тағылымдық маңызы, ондағы көркемдік тұрғыдан жинақталған бас кейіпкерлердің
образдық тұтастығы, тарихи оқиғалар мен жырларда суреттелетін сюжеттік арналардың
арасындағы сабақтастық, поэтикалық құндылықтар, барлығы тарихи-салыстырмалы негізде
сөз болады. Осы орайда қазақ батырларының, яғни эпостың бас кейіпкерлерінің ел
тағдырындағы, ұлт тарихындағы орны мен миссиясы да ғылыми негізде, жаңаша ұлттық
таным, эстетикалық талғам тұрғысынан шынайы бағасын ала бастады. Осы іргелі ізденістер
қатарында, халық жүрегінде берік орын тепкен, ең бір кең тараған жырларымыз:
“Қобыланды”, “Алпамыс”, “Қамбар”, “Ер Көкше”, “Ер Қосай”, “Ер Сайын”, “Ер Тарғынның”
мәтіндік табиғатына, лексикалық сипатына байланысты ғылыми ізденістер арқылы қазақ
эпосының тілдік қоры мен көркемдік құрылысына, ішкі логикалық тұтастығы мен жанрлық
құрылымына да ерекше көңіл бөліне бастады. Яғни батырлық эпостың ішкі құрылымдық
негіздері мен ішкі көркемдік болмыс-бітімін тереңдей талдайтын зерттеулердің жарық көре
бастауы қазақ әдебиеттану ғылымын, оның ішінде эпостану ғылымын жаңа белеске көтерді.
Қ.Жұмалиевтің “Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері”, М.Ғабдуллиннің “Қазақ
халқының ауыз әдебиеті”, Ә.Марғұланның “Ежелгі жыр, аңыздар”, Ә.Қоңыратбаевтың “Эпос
және оның айтушылары”, “Қазақ эпосы және түркология”, М.Әуезов атындағы әдебиет және
өнер институтының ғалымдары дайындаған “Қазақ әдебиетінің тарихы”, “Фольклор
шындығы”, “Қазақ фольклорының тарихилығы” т.б. іргелі ғылыми-зерттеу еңбектер
әдебиеттану ғылымының эпостану мәселелерін кең ауқымда қарастыруға жол ашты. Кейінгі
жылдары жарық көрген Р.Бердібайдың “Эпос – ел қазынасы”, “Қазақ эпосы”, “Кәусар бұлақ”,
С.Садырбаевтың “Фольклор және эстетика”, “Халық әдебиетінің тарихи негіздері”,
О.Нұрмағанбетованың “Казахский героический эпос “Кобланды батыр”, Қ.Сыдиқовтың
“Ақын жыраулар”, Е.Тұрсыновтың “Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері”,
С.Қасқабасовтың “Ертек пен эпостың сюжеттік типологиясы” (“Қазақ фольклорының
типологиясы” жинағында), Ш.Ыбыраевтың “Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының
поэтикасы” т.б. еңбектер эпостық жырларымыздың тарихи, көркемдік құндылығын жаңа
ғылыми
ізденістер
арқылы
биіктете
түсті.
Осының негізінде қазақ фольклоры, әсіресе эпостық жырлардың көркемдік болмыс-бітімі
ғылыми танымның бүгінгі талап-тілектеріне сай зерттеле бастады. Бұл зерттеулер қазақ
әдебиеттану ғылымындағы халық мұраларын тарихи тұрғыдан жаңаша зерделеудің
әдістемесін тың арнаға бұрды. Осылайша, халық мұрасынын әділ, терең, әрі тарихи-
салыстырмалы бағасын алуы бір жағынан осы халықтық рухани құндылықтарымыздың
көркемдік деңгейінің қаншалықты биік, сапалы болғандығын көрсетсе, екіншіден көркем
әдебиетіміздің ендігі өркендеу, өсу белестеріне де таптырмас қазына көзі екендігін аңғарамыз.
Яғни дәстүрлі мәдениетіміздің бай арналары кейінгі көркемдік дамуға айырықша серпін
берді.Жалпы, батырлық жырлардың ел тағдырындағы орнын, мәнін айтқанда, әрине әр
ғасырдың, әр тарихи кезеңнің батырлық жырларға тигізетін тақырыптық, көркемдік, тілдік
ерекшеліктерін де атамай кетуге болмайды. Себебі әр тарихи кезең халық, ұлт алдына
айрықша, өзіндік саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тарихи мәселелерді өткір қойып отырды. Туған
жерді, Отанды қорғау идеясы, осыған қарамай барлық әдеби мұралардың басты идеялық-
тақырыптық арқауы болып қалып отырғанын аңғарамыз.Мысалы, белгілі әдебиеттанушы–
ғалым Е.Ысмайылов қаһармандық жырларымыз әрқилы тарихи кезеңдерде дүниеге келіп, сол
кезеңдердің тарихи-саяси, әлеуметтік оқиғаларымен терең сабақтасып жатқандықтан
төмендегідей
саралау
жасайды:
1.Қаңлы-Қыпшақ дәуіріне (“Ер Төстік”, “Көрұғлы”, “Алпамыс” т.б.) жырларды жатқызады.
2.Ноғайлы заманының жырлары деп (“Қобыланды”, “Дотан батыр”, “Едіге”, “Орақ-Мамай”,
т.б.)
мұрараларды
атайды.
3.Қазақ пен жоңғар арасындағы күресті суреттейтін, сол тұста халыққа кеңінен таныс, ел
тағдырындағы айтулы оқиғалардың бейнесін қайта тірілтетін, қайтара жаңғыртатын жырлар
дейді. (Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Өтеген, Сұраншы, Райымбек, Малайсары, Олжабай,
Жәнібек, Тілеуке, Саңырық, Сыпатай т.б. батырларға арналып, солардың ерлік жорықтарын,
батырлығын, қаһармандығын, ақыл-парасатын, әсіресе отан сүйгіштік қасиеттерін қастерлей
отырып жырлайтын туындылар тобын атайды).Сонан соң ХІХ ғасырдың эпосы деп, бұл
топтағы жырларды бөлекше топтап, атап өтеді. Яғни ғалым-зерттеушінің осылай топтастыру,
немесе ғылыми жүйелеу арқауында, түптеп келгенде осы аттары аталған батырлар
жырларындағы, немесе аңыз-ертегі, тарихи жырлардағы тарихилық негіз бірінші қатарға
шығарылған. Демек батырлар жырындағы басты идеялық лейтмотив, алтын арқау алдымен
тарихи шындыққа табан тірейді. Яғни белгілі бір тарихи тұлғаның тарихи орны мен оның ел
алдындағы
тарихи
қызметі
басты
нысанаға
алынады.
Жалпы көркем өнердегі, оның ішіндегі көркем әдебиеттегі бейнеленген батырлар тұлғасына
назар аударсақ, зер салсақ қазақ қаламгерлерінің үлкен бір шоғыры нақты тарихи болған
батырларға, олардың нақты өмір кешкен заманына көбірек қалам тербегенін аңғарамыз.
Нақты тарихи тұлғаның образын сомдау бір жағынан авторлар үшін көп ізденісті талап етсе,
екінші жағынан ел ішіндегі көне көз қариялардың әңгімесі, немесе ел жүрегінде жатталып
қалған аңыз-әңгімелер, жыр-шежірелер барлығы жиылып келгенде қазақ қаламгерлері үшін
таптырмас мол рухани қазына көзі болды. Осы халықтық қазынаға табан тіреген
ақындарымыз, жыршы-жырауларымыз, прозашыларымыз кейіпкер сомдауға қажетті тарихи
деректердің барлығын елдің өзінен алды. Осы арқылы қазақ батырларының көркем
әдебиеттегі бейнесінің халықтық сипаты, елдік мән-маңызы тереңдей түсті. Көркемдік
Достарыңызбен бөлісу: |