Педагог тұлғасының сипаттамасы бірнеше сапалық қасиеттердің жиынтығынан тұрады. Бұл сапалық белгілер тұрақты түрде дәлелденуі тиіс. Біз, өз пайымдауымызша, болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын халықтық педагогика құралдары арқылы тәрбиелеудің мүмкіндіктерін мынадай ретпен ашып көрсетуге тырыстық:
1. Парыз – рухани әдептіліктің талабы. Мұғалімнің өз бойындағы озық адамгершілік қасиетті дамыта білу – мұғалімнің кәсіптік даярлығының іргетасы, ұстаздық парызы. Ұрпақтарымызды «жаман әдеттен құтқару үшін» ұстаз мейілінше сана-сезімін кемелдетіп, кәсіби міндеттеріне сәйкес болу жолында өзін-өзі танып біліп, тұлғалық қасиеттерді жетілдіруге үнемі ынталандыруды қажетсініп, өз бойында парыздылық сана-сезімін дамытуға тиіс. Болашақ мұғалімді биязы мінезді, ұлағатты ұстаз етіп тәрбиелеу ісі педагог мамандар дайындайтын жоғары оқу орындарының ортақ ісі. Ата-бабаларымыз ұлттық ізгілікті, елдің мерейін көтеретін рухани мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізіп отырған. Осынау асыл өсиеттей аталы сөздерді білу – бәріміздің парызымыз. Парыз – адамның ішкі талап тілегі, моральдық идеал ұйғарымын орындау, қажеттігін сезіну. «Өнегелі дана жоқ жерде өнерлі бала да жоқ», - деген халқымыз келер ұрпағын қателіктен, жаңсақ қадамдардан ұдайы қақпайлап, ылғи да түзу жолға сілтеп отырған.
2. Адам әдебімен көрікті. Әдептілік, ар, ұят – адамдықтың белгісі, тұрпайы мінез, тағы жат – надандықтың белгісі. Халқымыз ерте кезден-ақ әдепті жоғары бағалай білген. Қазақ ұлдары мен қыздарының бойында әдептілік қасиеттері байқалып тұрған. Ұнамды қарам-қатынас жасай білу - әдептілік. Бұл – адам баласының әу бастан өз өміріне серік етіп, тіршілік құру жолындағы алға ұстап келе жатқан қағидасы. Әр заманда әр халыққа тән әдеттер мен дәстүрлер өмірге келіп, соларға сай әдеп қағидалары туындап, ғасырдан ғасырға жалғасып, ұласып жатады. Әдеп, адамгершілік жөніндегі қағидалар қашанда халықтың өлең жырларынан, тапқыр шешендік сөздерінен, ауыз әдебиеті үлгілерінен тиісті орын алып отырған: «Әдептілікті данадан үйрен, мейірімділікті анадан үйрен», «Әдепті бала – елінің көркі», «Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар», т.б. Халқымыз жақсы мінез-құлқымен, өнегелі ісімен көзге түскен жастарды «әдепті бала екен» дейді. Әдептілік барлық адамға жарасатын қасиет. Бұл адамның өскен ортасына, төңірегіндегі адамдардың қарым-қатынасына байланысты қалыптасатын қасиет. Педагогикалық әдеп – мұғалімнің кәсіптік сапасы және кәсіптік ерекшелік белгісі. Мұғалім мамандығы ұрпақтар арасын жалғастырушы, сол себепті ұлттық мектептің ұлы мұратын іске асыратын ұстаздар қауымы, ұлттық намысты ту етіп, білімін, қажыр-қайратын елдің болашағын көркейтер қасиетті істен аянбауы керек.
3. «Ұстазы мейірлі болса, шәкірті пейілді болады» - деп ата-бабаларымыз айтқандай, ұстаз бен шәкірт ұғымы – біздің халқымызға өте қадірменді де қастерлі ұғым. Абай «Шәкіртсіз ұстаз - тұл» деу арқылы ұстаздық пен шәкірт ұғымын бірінің екіншісіне үйретуі, екіншісінің үйреткенді ынта қойып, біліп алатын, яғни ғылымның іліміне ие болатын, мұрагер ғана емес, ілгері жалғастырып, дамытушы ретінде анықтаған. Ұлы жазушы, ғұлама ғалым М.Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген өте терең, мәнді нақышы бар. Ол еліңнің ертеңі – жас ұрпағыңды жақсылап өсір дегені. «Бесік» сөзі тәрбие ұлттық негізде болсын дегенге де меңзеп тұр. Сондықтан, «Елдің келешегі – ұстаздың қолында» дегені ұстазға үлкен міндет артады. Демек, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, ұлттық қасиеттеріміздің асылдарын асқақтата отырып, шәкіртінің бойына сіңіре білетін деонтологиялық даярлығы жоғары ұстазды ғана бүгінгі күнге лайықты мектеп тәрбиешісі деп айта аламыз.
4. Жақсы мінез-құлық - адам жанының айнасы. Адамның мінез-құлқының бастапқы негізі жеке тұлғаның мінез-құлқы мен тұрмыс қалпынан орын алатын жоғары рухани құндылықтардың жиынтығы тұрғысындағы идеал ұғымы болып саналады. Ол адамның адамгершілік мақсатының жүйелі сипаты, мінез-құлықтың моральдық үлгісі, жеке тұлғаның жоғары абыройы тұрғысында қарастырылады. Өзінің кәсіби болмыс, мінез-құлқына өзіндік талдау жасаудан әр педагогтың ұтары мол. Оқушы үшін ненің қажет екендігін, оны толғандырып жүрген нендей жағдай екендігін білмей тұрып, ұстаздың бала игілігі үшін әрекет жасауынан нәтиже шықпайды. Әсіресе, балалардың да жан–дүниесіне үңілу және олардан тек тәртіпсіздікті ғана көрмей, дұрыс қарым-қатынастың ыңғайында тәрбиелесе, нәтижеге жетері хақ. Әр педагогикалық жағдайда ұстаздан ақылдылық және нақты әрекет талап етіледі. Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады, қасиеттер дегенде қазақ даналары әрбір нәрсенің игілікті жағы, соның өзінің және оның әрекеттерінің абзалдығында және жетілгендігінде деген мағынада айтады. Бүгінгі ұстаз жоғары мәдениетті, ой-өрісі кең, өз мамандығын толық меңгерген, жоғары деңгейдегі кәсіпкер болумен қатар, өз халқының, өз ұлтының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ата-баба мұрасын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен әдебиетін, өнерін, адамгершілік пен имандылықты дәріптейтін қарым-қатынас мінез-құлық қасиеттерді бойында қалыптастыру керек.
5. Имандылық – ұлттық тәрбиеміздің ұйытқысы. Ислам дінінің болашақ мұғалім тұлғасын қалыптастыруға да тәлім-тәрбиелік мүмкіндігі жоғары. Құранда пайғамбарымыздың ең асыл қасиеттерінің бірі - кешірімділігі мен кеңпейілділігі дей келіп, оны былай атап көрсетеді: «Имандылықтың белгісі мынадан көрінеді: ешкімге жамандық жасама». Пайғамбарымыздың үйретуі бойынша, адамгершілік пен парасаттылықтың алғашқы сатысы былай басталады: «адам ешкімге қысым көрсетпеуі керек, өзіне қысым көрсеткен адамды кешіре білуі қажет» - «бұл адамгершілік қасиеттің жоғары сатысы». Бұл педагогикалық деонтологияның «Зиян келтірме!» ұстанымының аясына саяды. Ұстаз – иманды ұрпақты тәрбиелеуші. Оның жаны да, тәні де таза болуға тиіс, Қорыта айтқанда, діннің бүгінгі адамзат өміріне жасайтын нақты ықпалын, тағылымдық мүмкіндіктерін көріп, бағалай білу, оны педагог-маман тәрбиесіне пайдалану басты парызымыз.
Сонымен, болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда халықтық педагогика құралдарының мүмкіндіктері:
- біріншіден, халық педагогикасы құралдары болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығының жетекші құралы, әдіс-тәсілдері, амал-жолдары, мінез-құлық ережелері қызметін атқарады;
- екіншіден, халық шығармашылығының (поэтикалық, музыкалық, сәндік-қолданбалы) көркемдік бейнелілігі арқылы парыздылық, құнды-адамгершілік, психологиялық-эмоционалдық, эмоционалдық-эстетикалық қасиеттерін қалыптастырылады;
- үшіншіден, халық педагогикасында белгіленген кәсіби моральдың нормалары мен ережелері болашақ мұғалім тұлғасын қалыптастыруға жол ашады;
- төртіншіден, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар болашақ мұғалімнің деонтологиялық сана-сезімін қалыптастырады.
Міне, осындай ізгі қасиеттер болашақ жас мамандардың бойында қалыптасуы оқу-тәрбие жұмысының өзара дәйектілікпен ұштасып жататын алуан түрлі саласына тәуелді. Халықтық педагогиканың қазынасында ғасырлар қойнауынан бізге жеткен ақыл-ойдың, ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрінің, шаруашылық кәсібінің, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан халық даналығының бай мұрасын болашақ мұғалімдерді дайындау бағытымен байланыстыру қажет.
Ойымызды қорыта келе, «Жас бала – жас бір шыбық». Жас кезінде қай түрде иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең сындырып аласың. «Баланы жастан» деген сөздің мәні осы. (М. Жұмабаев). Баланы адам қылып өсіру үшін тәрбиеші бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай үйрете білу керек. \ Ұстаздық борыш, жауапкершілік мұғалімнің өз шәкірттері алдында тұрған міндетін түсініп, сол үшін еткен іс-әрекетімен шектелмейді. Өзінің кәсіптік борышын білумен қатар борышты түсіну тәрбиешінің бұлжымас сеніміне айналып, ішкі қасиеттеріне, яғни моральдық сапаға айналуы тиіс. Ұстаз баланы тәрбиелеп қана қоймайды, оған білім береді, рухани болмысын, мінезін қалыптастырады. Ол кез келген шәкірттің ең сүйікті жақыны, жанашыры, қамқоршысы, болашағын болжаушы, адамзаттқа «алланың ақ жолын» айқындап көрсетуші құрметті де құдіретті тұлға. Ұстаздың жаны да, тәні де, орны да, ісі де бәрі таза болуға тиіс. Хадисте «бір күн ұстаздық еткен – бір айлық ораза тұтып, намаз оқумен бірдей» деп бекер айтылмаса керек.
Сол сияқты Жүсіп Баласағұни:
«Ұл-қызыңа әдеп үйрет,
білім-өнер, көп көріп
содан пайда, кемелденер.
Ұлыңа үйрет білім барлық амал,
Сонымен ол жияды қазына мал» немесе:
Сабыр – ақыл парасаттың белгісі,
Ақылсыз жан хайуанмен тең кісі
Бастарда істі байыбына барып ал,
Асыққандар күйінер де жаңылар.
Ақылды адам қарын бақпас, ой бағар,
Жан семіртер, ой семіртер ойланар
Тән семіртер сөз ауыздан сіңеді.
Жан семіртер сөз құлақтан кіреді.
Білімдінің бар ерек екі белгісі,
Жүзі жарқын оны білер ер кісі.
Көп тыңдай біл, сөздеріңді таңдай біл,
Ізгі ойларды өз жүрекке жалғай біл! - дегені
адамның жанын түсіну, адамға жақсылық тілеу сияқты адамгершілік әдептерін меңгертеді. Ғұлама ақыл-ой тәрбиесінің нәтижесі болып табылатын білімнің ролін, білім арқылы қалыптасқан білімділік, парыздылық, ақылдылық парасаттылық сияқты тұлғалық сапалардың мәнін ашып көрсетеді [68].
Сонымен ұстаздық шеберлік, іс-қимыл, іс-әрекет арқылы білімді іс жүзінде қолдану барысында қалыптасып, дамиды. Ұстаз өз халқының төл педагогикасын терең біліп, ол білімін оқу-тәрбие сабақтастығында саралап пайдалануға тиіс. Халық педагогикасы – ұлттық мәдени мұра болғандықтан, оны тәрбие ісінде қолдана білу – ұстаздық парыз.
1.3 Болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын халықтық педагогика құралдары арқылы қалыптастырудың құрылымдық моделі
Қоғамдық қатынастардың өзгеруіне орай, білім беру жүйесі де жаңа кезеңде, күрделі өзгерістерге түбегейлі бет бұруда. Бұл өзгерістер болашақ мұғалімнің кәсіби болмысының принциптеріне өзекті сауалдарды енгізуде. Қазіргі әлеуметтік жағдай педагогтардың алдына жаңа күрделі мәселелерді қоюда, шәкірттердің білім сапаларының төмен деңгейі, білім мен тәрбие арасындағы алшақтық, рухани байлықтың жұтаңдығы, мұғалімдердің ортаға бейімділігінің әрқилылығы, болашақ мұғалімдердің бойында ұлтымызға тән қасиеттерді – парыз, борыш, көрегенділік, ар-намыс, имандылық, мейірімділікті қалыптастыру мақсатында тәрбие берудің өз деңгейінде ұйымдастырылмауы. Мектеп толыққанды педагог тұлғаларын талап етуде, мұғалім еңбегінің негізгі «қаруы» - оның жеке тұлғасы, кәсіби толысуы, оңтайлы педагогикалық шешімдерді жүзеге асыра алуы.
Жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын халықтық педагогика құралдары арқылы қалыптастырудың негігі факторлары оқу-тәрбие үдерісі болып табылады. Педагогика ғылымында оқу-тәрбие процесі, педагогикалық процестің біртұтастығы, педагогикалық қызметке даярлық мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінде (В. Е. Гмурман, Н. Д. Хмель, С. Б. Корягина, Е. П. Нечитайлова, Г. А. Уманов т.б.) жан-жақты көрсетіледі [167, 46, 168, 169, 170].
Педагогикалық процеске қатысушылардың іс-әрекеті мен қарым-қатынасы педагогикалық ықпал ету арқылы жүзеге асады. Теорияда оқу-тәрбие процесін сабақ және сабақтан тыс іс-әрекетке шартты түрде бөліп қарастыру қабылданған. Студенттердің білім жүйесіндегі басты нысанасы болып оқу процесі саналады. Таным оқу процесіндегі негізгі іс-әрекет болып табылады. Тәрбиенің негізгі мақсаты – жеке тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру. Психологияда «жеке тұлға» деген ұғымның әртүрлі түсіндірмелері бар, бірақ олардың көбісі мына анықтамаға келіп тіреледі: жеке тұлға дегеніміз - әлеуметтік қатынастар мен саналы іс-әрекеттің субъектісі ретіндегі индивид.
Оқу процесінің басты функциясы оқыту болғанымен, оның тәрбиелік роль атқаратынын да ұмытпаған жөн, өйткені оқу процесінің бүкіл формаларында тәрбиелік мән бар. Демек, оқу процесінде білім беру, тәрбиелеу әрекеттері жүзеге асады. Педагогикалық теорияда «аудиториядан тыс жұмыс», «аудиториядан тыс тәрбие жұмысы» деген ұғымдарға берілген ғалымдардың (Н. Н. Азизходжаева, Т. С. Деркач, К. Мурзаев, Т. К. Хайдаров) анықтамалары баршылық [171, 172, 173, 174]. Ғалымдардың еңбектерінде жұмыс мазмұны оқу және оқудан тыс жағдайлар, ал оны жүзеге асыратын орын аудитория және аудиториядан тыс жағдайлар болып саналады. Т. С. Деркачтың сөзімен айтқанда, олар оқу мен оқудан тыс процестің бірлігі ретінде жоғары білікті маманды даярлайды, оның кәсіби іскерлігін, кәсіби бағыттылығын қалыптастыруды көздейді. Студенттердің аудиториядан тыс жұмыстары, оқу процесінен тыс уақытта белгілі бір білім, іскерлік, дағдыны меңгеруге қызығушылық пен ынталылық принципінің негізінде ұйымдастырылады. Сонымен, ғалымдардың берген анықтамаларын тірек ете отырып, біз теориялық тұрғыда оқу-тәрбие процесін оқу әрекеттері: білім беру-тәрбиелеу және оқудан тыс тәрбие әрекеттері: тәрбиелеу-білім беру деп бөліп қарастырамыз.
Жоғары оқу орнындағы оқу және тәрбие процесін болашақ мұғалімдердің халық педагогикасы құралдары арқылы деонтологиялық даярлығын қалыптастыру процесінде негіздерді айқындаушы ретінде қарастыру жоғары оқу орнының оқу-тәрбие процесіне талдау жасау үшін өлшемдерді саралауға мүмкіндік береді. Өлшемдер сандық және сапалық көрсеткіштерін айқындауға бағытталады:
- болашақ мұғалімдерді халық педагогикасы құралдары негізінде деонтологиялық даярлығын қалыптастыруға оқу-тәрбие процесінің мақсатты бағыттылығы;
- мұғалім тұлғасының деонтологиялық сипаттамасы;
- мамандарды даярлаудың зерттеу моделін анықтау, өлшемдер мен деңгей көрсеткіштерін тұжырымдау;
Бұл өлшемдерді анықтаудағы негізгі жұмыстар мыналар: кәсіби, базалық, эликтивті пәндер оқулықтары мен бағдарламаларын талдау; студенттердің өздік жұмысындағы тақырыптық тапсырмаларды талдау, студенттердің педагогикалық практика бойынша орындаған есебін талдау, сауалнамалар жүргізу, сабаққа қатысу, дөңгелек столдар, диспут, әңгіме, кураторлық сабақтар, т.б. өткізу.
Мұғалімдерді даярлаудың педагогикалық модельдерін принципті тұрғыда қайта құру біздің зерттеуіміздің міндеттеріне енген жоқ. Біз бұған дейін ашылған үлгілерге сүйене отырып, мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастыру ісіндегі білімді жетілдіруге тырыстық.
Болашақ музыка мұғалімдерінің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда базалық, кәсіптендіру пәндері жетекші роль атқарады.. Оны осы пәндер саласындағы оқу бағдарламалары мазмұнына жасаған талдау дәлелдейді. Халық педагогика құралдары туралы педагогикалық ақпаратты төмендегідей оқу пәндерінен алуға болады: музыкалық білім беру әдістемесі, сөйлеу мәдениеті, мамандыққа кіріспе, этнопедагогика. Енді осы оқу пәндері бағдарламаларында халықтық педагогика құралдары қандай деңгейде пайдаланылады, оларды студенттердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыру үшін қалай және қандай жолдармен ендіруге болады, соған тоқталамыз.
Болашақ мамандардық деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастыруда «Музыкалық білім беру әдістемесі» пәнінің ролі ерекше. Пәннің мақсаты – жалпы білім беретін мектеп оқушыларымен кәсіби-педагогикалық жұмыс жасауға болашақ музыка мұғалімін дайындау. Пәнді оқытудың негізгі принциптері: педагог-музыкантты дайындауға кәсіби бағыттылық; музыка мұғалімінің шығармашылық іс-әрекетінде тәжірибе жинау, педагогикалық шеберлікті жетілдіру. «Музыкалық білім беру әдістемесі» пәнінің бағдарламасы V бөлімнен тұрады. I бөлім: Кіріспе ретінде пәннің жалпы мазмұны. II бөлім: Оқушыларға музыкалық білім беру әдістемесінің негіздері. III бөлім: Музыка мұғалімінің тәжірибелік жұмыстарының негіздері. IV бөлім: Музыка мұғалімінің кәсіби педагогикалық іс-әрекеті. V бөлім: Педагогикалық зерттеулердегі музыкалық білім беру әдістемесінің мәселелері. Пәндегі IV бөлімнің «Музыка пәні мұғалімінің көркемдік педагогикалық іс-әрекеті» атты 1-тақырыбында музыка мұғалімінің көркемдік-коммуникативтік іс-әрекеті, оқушылармен эмоциональдық-рухани байланысқа жетудегі қарым-қатынас тәсілдері, педагогтің әртістік ролі қарастырылады. Студенттерге мұғалімнің іс-әрекеті, қарым-қатынас тәсілдерін түсіндірген кезде оқушылармен қарым-қатынасты педагогикалық деонтология талаптарына сай орната білуіне және соған арқау болар қазақ тағылымының ұстанымдарына (ар, ождан тазалығын сақтау, шындық пен әділдіктен, ақиқаттан айнымау, ақыл-ойлы, парасатты болу, салмақты болу, жас ұрпаққа тәрбие беруден жалықпау, т.б.) тоқтала кетіп, олардың әрқайсысына жеке сипаттама беруге болады. «Музыка мұғалімінің кәсіби қасиеттері, оның көркемдік-педагогикалық іс-әрекетінің тұлғалық ұстанымы (позициясы)» 2-тақырыбында музыка мұғалімінің кәсіби тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында ұлттық тәлім-тәрбиенің негізгі бағыттарын, ізгілікті әдіс-тәсілдерін пайдаланған жөн.
«Сөйлеу мәдениеті» курсы квалификациялық сипаттамада музыка мұғалімі іс-әрекетінің негізгі міндеттері ішінде тіл мәдениеті бағытындағы білім, ептілік, дағды, яғни дұрыс, таза, мағлұматқа бай және ырғақты көркем сөзді игеру ерекшеленеді. Әсерлі, көркем, қисынды құрастырылған сөз мұғалімнің педагогтік шеберлігін ұштауда маңызды фактор болып табылады. Бұл курс V бөлімнен тұрады. I Бөлім: «Музыка мұғалімінің сөйлеу мәдениеті» курсына кіріспе. Бөлім: Жалпы және музыкалық педагогикадағы сөйлеу мәдениетінің қалыптасу тарихы мен дамуы. III Бөлім: Музыка мұғалімінің сөйлеу мәдениетінің теориялық негізі мен мазмұнына сипаттама. IV Бөлім: Музыка мұғалімінің сөйлеу іс-әрекетіне рефлексифті қатынас – материалды сын көзімен қарап, ұғыну және оны конструкциялауды жетілдіруде тиісті шарт. V Бөлім: Әртүрлі музыкалық іс-әрекетте кәсіптік сөйлеу мәдениетінің дағдыларын меңгеру. Бұл жерде мына жайды атап айтқан жөн: Курстың тақырыптық жоспарларында халықтық педагогика жан-жақты ендірілмеген.
I Бөлімнің «Сөйлеу мәдениеті - жеке адамның білімдік және тәрбиелік көрсеткіші» 1-тақырыбында кәсіптік сөйлеу мәдениетін қалыптастыру талап етіледі. Бұл жерде музыка пәні мұғалімінің кәсіптік сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда қазақтың шешендік өнерінің алатын орны, болашақ мұғалімнің сөз жарасымдылығына қойылатын халық талаптары, музыка пәні мұғалімінің кәсіптік сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда айтыс өнерінің алатын орны, олардың ерекшеліктеріне тоқталу арқылы тақырып мазмұнын толықтыру қажет.
I Бөлімнің «Сөйлеу мәдениеті – музыка мұғалімінің кәсіптік даярлығына қажетті сынар» атты 2-тақырыбында сөйлеу мәдениетін жүзеге асыру шартына қойылатын негізгі талаптарын, музыка мұғалімінің сөйлеу мәдениетінің ерекшеліктерін қарастырумен бірге бір ауыз сөзге тоқтаған халқымыздың сөз саптауы, «қиыннан қиыстырып» тауып, дәл айта білуі жөнінде мағлұмат алғаны дұрыс. III бөлімнің «Болашақ музыка мамандарының монологтық, диалогтық сөйлеу шартына сай кәсіптік қатынасының ерекшеліктері» тақырыбында кәсіптік тіл қатынасының түрлерін, (монологтық, диалогтық), музыкалы-материалды жеткізуде тілдің әсер ету дәрежесіне тоқтала келіп, оңтайлы қарым-қатынасты болдыру үшін мұғалім тұлғасына қажет (сырттан келген мәліметті сараптап, бағалай білу икемі, дәл бағыттап, айқын, бейнелі сөйлей білу қабілеті, өз ойын жеткізудегі ым-ишараны (кинестика) қолдана білуі, т.б.) ебдейлік ерекшеліктері жөнінде жете мағлұмат алғаны ләзім.
Ал «Мамандыққа кіріспе» курсының мақсаты: студенттерге таңдаған мамандықтарының мазмұнын тереңдете ашу; музыкалық білім мамандығына жалпы сипаттама жасау; музыкалық білім беру мамандығының ерекшелігі, қоғамдағы музыканың алатын орны; мектептегі музыкалық бағдарламалар, музыка пәні мұғалімінің ролі, кәсібилігі, шығармашылық іскерлігі, ізденіштігі, сабақты ұйымдастыру қабілеттілігі туралы түсінігін қалыптастырып, біліктілігін арттыру. Бұл арада мына жайды атап айтқан жөн: тақырыптардың ешқайсысында да халықтық педагогика негіздері ендірілмеген.
Жоғарыда аталған пәндерге жасаған талдау барысында олардың мазмұнында болашақ мұғалімдердің парыздылық сана-сезімін қалыптастыруда халықтық педагогика құралдарының мүмкіндіктері қарастырылмаған. Оны курсты меңгеруге қойған мақсат, міндеттерден байқау қиын емес.
Зерттеу барысында біз оқу-зерттеу жұмыстары мен ғылыми зерттеу жұмыстарының мүмкіндіктерін зерделедік, Студенттердің оқу-зерттеу жұмыстары оқу сабақтарының міндетті жүйесі болып саналады, ол студенттің ғылыми ізденіске қатысу арқылы білімді тереңдете меңгеруіне, меңгерген теориялық және практикалық білімдерін педагогикалық іс-әрекеттерде пайдалана білу дағдысын жетілдіруіне мүмкіндік жасайды. Студенттердің оқу-зерттеу жұмыстарының нәтижесі реферат, бақылау жұмыстары, баяндамалар дайындау, арнайы практикалық жұмыстарды орындау (жоспар, сценарий, т.б.) арқылы айқындалады.
Студенттерді кәсіби даярлауда маңызды саланың бірі – ғылыми зерттеу жұмыстары (курстық, дипломдық жұмыстар). Біз соңғы жылдары бұл жұмыс формаларын болашақ мұғалімнің деонтологиялық тұрғыда даярлау мақсатында кеңінен пайдаланудамыз. «Музыкалық білім беру әдістемесі» пәнін мегеру барысында студеттер курстық жұмыс орындайды. Онда олар мәселенің теориясымен, оның практикада қолдануымен танысады, қажетті эксперименттер жасайды, нақты материалдар жинайды, қорытындылар даярлайды. Ғылыми зерттеу жұмыстары жүйесінде халық педагогикасы құралдарын көптеп ендіру қажет. Ол жұмыстар болашақ мұғалімдердің халық даналығымен, халықтық тәрбие дәстүрлерімен қарулануына және оларды практикада қолдануға мүмкіндік береді. Курстық және дипломдық жұмыс тақырыптары практикалық іс-әрекеттердің өзіндік сипатына және ерекшеліктеріне, кәсіби және ғылыми көзқарасына қарай таңдалады.
Студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстарының тағы бір формасы – студенттердің жыл сайын болатан ғылыми-практикалық конференцияға ғылыми баяндамалар дайындауы. Жарыс үш турдан тұрады. I-ші тур әрбір жоғары оқу орындарында жүргізіледі, одан өткен үздік ғылыми жұмыстар II-ші турға – жоғары оқу орындары аралық жарыстарға жіберіледі, одан оза шыққандар III турға – Республикалық жарысқа қатыстырылады. Алайда студенттердің курстық жұмыстарына, ғылыми-практикалық конференцияларға ұсынған баяндамаларына жасаған талдау олардың қазақ халық педагогикасына, ұлттық әдеп, ұлттық тәрбие көздеріне назар аудармайтынын, оларды бүгінгі күнге қажетті проблема тұрғысында қабылдамайтынын көрсетті. Ал бұл жағдай болашақ мұғалімдердің ұлттық бағытта қалыптасып, дамуына кедергі келтірері сөзсіз. Осыны ескере отырып біз студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысын белсендіруді жөн көрдік. Өйткені, жұмыстың бұл түрі студенттердің парыздылық сана-сезімін оятады, іс-әрекеті, мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына септігін тигізеді, халық педагогикасына деген аялы көзқарасын қалыптастырады.
«Музыкалық білім беру» мамандығының оқу құжаттарын зерттеу барысында байқағанымыз халық педагогикасы құралдарын мамандарға меңгертуге байланысты арнайы әдістемелік нұсқаулардың, оқу-әдістемелік құралдарының аздығы. Жоғарыда келтірілген деректер болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда халық педагогикасы құралдарын оқу пәндерінің (Музыкалық білім беру әдістемесі, Сөйлеу мәдениеті, Мамандыққа кіріспе, Этнопедагогика) мазмұнына ендіру қажеттігін дәлелдейді. Сонымен бірге халық педагогикасын меңгерту бойынша арнайы курстар мен әдістемелік нұсқаулар жасау қажеттігін айғақтайды.
Біздің бұл ұсынысымыздың қажеттігін зерттеу барысында жоғары оқу орнын 3-4 жыл бітірген жас мұғалімдер және студенттер арасында жүргізілген сауалнамалар нәтижелері де нақтылай түседі. «Жақсы даярланған», «қанағаттанарлық», «нашар даярланған», «даярлығы жоқ» реттік шкаланы пайдалана отырып, зерттеу объектілері мына сұраққа жауап береді: мұғалімдердің парыздылық сана-сезімінің, мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына халық педагогикасы құралдарының рөлі қандай, және бұл салада сіздің теориялық және практикалық даярлығыңыз қандай дәрежеде?
Студенттер мен жас мұғалімдер өздерінің кәсіби даярлықтарын төмен бағалады. Бұл бағытта жұмыс жасауды алдарына мақсат етіп қоймағандығын жас мұғалімдер өздері де жасырған жоқ. Жас мұғалімдер мен студенттерден алынған сұрау нәтижелері бойынша олардың басым көпшілігі халық педагогикасы құралдарының ролін терең түсінбейтінін, ұлттық тәрбие негіздерін жете білмейтінін айтты. Бұл студенттер мен жас мұғалімдердің ұлттық тәрбие туралы ғылыми ойларды толық меңгермегенін, оның бай педагогикалық потенциалын шеберлікпен қолдана алмайтындықтарын дәлелдейді (5 кесте). Ал жақсы даярлық деңгейін көрсеткен жас мұғалімдер мен оқушылардың бәрі де оқу орнында дәріс алып жүрген кезде факультет пен университет көлемінде ұлттық тәрбиеге байланысты өтілген әртүрлі іс-шараларға белсене араласқандар.
6 – кесте Жас мұғалімдер мен студенттердің кәсіби даярлануларына өздері берген жауап қорытындысы
|
Жас мұғалімдер
|
3-4 курс студенттері
|
Бағалар шкаласы (% пайызбен)
|
Жақсы даярланған
|
16
|
18
|
Қанағаттанарлық
|
22
|
19
|
Нашар даярланған
|
26
|
29
|
Даярлығы жоқ
|
36
|
34
|
Жоғары оқу орнын бітіруші студенттердің педагогикалық практака кезіндегі іс-әрекеттеріне (толтырылған күнделігі, студенттерге берілген мінездеме, іс-шаралар сценарийлері, сынып сағатының жоспарлары, т.б.) жасаған талдау көптеген студенттердің халық педагогикасындағы ұстаз тұлғасына қойылатын талаптар мен педагогикалық деонтология туралы білім қорының аздығын дәлелдейді.
Сондықтан студенттердің білімін халық педагогикасы саласында басылым көрген ғылыми еңбектерді меңгерту арқылы арттыру қажеттігі туындайды.
Қазақ халық педагогикасы, этнопедагогика құралдарының тәрбиедегі маңызы мен мүмкіндіктеріне зерттеуші ғалымдар баса назар аударған. Алайда, бұл еңбектерде болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыру процесінде халықтық педагогика құралдарының мүмкіндіктері көрсетілмеген, бірақ бұл мәселе мүлдем назардан тыс қалған екен деген ой туындамауы керек. Бұл ғалымдардың этнопедагогикалық, этнопсихологиялық зерттеулерінде тікелей немесе жанама болса да көңіл бөлінген.
Докторлық этнопедагогикалық зерттеулерде ғалымдар Қ. Б. Жарықбаев, С. Қалиев, С. А. Ұзақбаева, К. Ж. Қожахметова, М. Х. Балтабаев, Ш. Б. Құлманова, Ж. Наурызбай, Р. Қ. Дүйсембінова, Р. К. Төлеубекова, Қ. Бөлеев [31; 33; 39; 34; 28; 35; 36; 144; 24; 29] өздерінің әдіснамалық, теориялық көзқарастарын дәлелдеп, шешімі қарастырылып отырған мәселені теориялық тұрғыда негіздейді. Зерттеу нәтижелерін жоғары оқу орындары мен мектеп тәжірибесінде пайдалануға байланысты қолданбалы әдістемелік ұсыныстар жасайды.
Қазақтың халықтық психологиясы мен халықтық педагогикасын, олардың пайда болуы және даму тарихын теориялық тұрғыдан тұңғыш зерттеген профессор Қ. Б. Жарықбаев. Қазақтардың ұрпақ тәрбиелеудегі құралдары бата беру, айтыс өнері, жастарға адамгершілік тәрбиесін берудегі әдіс-тәсілдері, ондағы мақал-мәтелдердің маңызына психологиялық талдау жасайды және «халықтық педагогика», «этнопедагогика» терминдеріне түсінік беріп, олардың айырмашылықтарын анықтайды. Ғалымның диссертациясында Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірлердің даму кезеңдері анықталып, олардың Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдерде қалыптасу барысына жалпы баға берілген; XVIII және XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ ойшылдарының педагогикалық мұралары талданып, ғылыми айналымға ендірілген; олардың Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірдің даму тарихындағы орны анықталған; қазақ ағартушыларының және олардың ізбасарларының педагогикалық мұралары талдауға алынған [31].
С. Қалиев өз еңбегінде қазақ этнопедагогикасының ғылыми-теориялық мәселелерін этнопедагогикалық ұғымдарға ғылыми анықтамалар беру, қазақ этнопедагогикасының өзіндік ерекшеліктерін, халық педагогикасының негізгі қағидалары мен оның ғылыми педагогикамен байланысын ашып көрсету арқылы негіздейді. Алғаш рет қазақ этнопедагогикасының ғылым ретінде туып, қалыптасып, дамуын үш кезеңге бөліп қарастырады: қазақ этнопедагогикасының туу кезеңі (XIX ғасырдың екінші жартысы), оның белсенді қайраткерлері; қазақ этнопедагогикасының қалыптасу кезеңі (1920-1930) және сол кезеңдегі қайраткерлер; қазақ этнопедагогикасының даму кезеңдері (1970-1995).
Автор XV-XIX ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың, сондай-ақ XIX ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақтың демократ-ағартушыларының және XX ғасырда өмір сүрген қазақтың педагог ғалымдарының халықтық педагогика туралы ой-пікірлерінен мағлұмат беру арқылы тәрбие тарихымен таныстыру, сол тағылымның әсерлі үлгілерінен өнеге алған бүгінгі жастардың елін, жерін ұлтын, мәдениетін сүйетін арлы, намысқор, саналы, өнерлі, өнегелі, парасатты азамат болып шығуын көздейді [33].
С. А. Ұзақбаева өзінің зерттеу жұмысында халықтық педагогиканы тәрбие мен оқыту саласындағы халық бұқарасы білімдерінің, іскерліктерінің, дағдыларының жиынтығы ретінде қарастырады. Автор тарихи, этнографиялық көздерді, ауызекі халық шығармашылығын зерттеу, осы проблема жөніндегі, педагогикалық зерттеулермен танысу, тәрбиенің халықтық дәстүрлеріне талдау жасау, бала тәрбиесінде жас ерекшеліктерді ескеру, ондағы ойын-сауық, еңбек процесінде балаларға эстетикалық тәрбие беру, ұлттық мәдениетке, ана тіліне, қолөнерге ерте баулу секілді мәселелерге қатты көңіл бөліп отырған дұрыс деген қорытынды жасайды. Қазақтың халықтық педагогикасында эстетикалық тәрбие берудегі отбасы ішіндегі қарым-қатынастарға, іс-әрекеттерге, тәрбиелеу әдістері мен тәсілдеріне талдау жасап, балалар мен жастарға эстетикалық тәрбие беру құралдары қазақтың ауызекі поэтикалық және музыкалық шығармашылықтары қолөнері, халықтық тәрбие дәстүрлеріне ерекше көңіл бөлген [39].
Ғалым К. Ж. Қожахметованың зерттеуінде қазақ этнопедагогикасының әдіснамалық негізі айқындалады. Оның еңбегінде: қазақ этнопедагогикасы педагогика ғылымының құрамдас бөлігі екені негізделінеді, олардың өзара байланысы «педагогиканың жалпылығы, этнопедагогика – ерекшелігі, ал қазақ этнопедагогикасының - даралығы» дәлелденген; этникалық және әлеуметтік бірліктің мәні туралы негізгі идеяны тануға септігін тигізетін халықтық педагогиканың, әлеуметтік педагогиканың және этнопедагогиканың өзара байланысы айқындалған; қазақ этнопедагогикасының құрылымдық-кешендік үлгісі жасалған; қазақ этнопедагогикасының ғылыми-әдістемелік кешені жасалынған. Бұл еңбекті мұғалімдерге осы салада білім беруге негізге алуға болады [34].
М. Х. Балтабаев өз зерттеу жұмысында қазақ халқының дәстүрлі көркемдік мәдениетіне негізделген музыкалық-эстетикалық тәрбие тұжырымдамасын жасап, халықтың аспаптық, ән, би, сәндік-қолданбалы, ауызекі-поэтикалық өнерінен бастау алатын тәрбие процесінің әдіснамалық негідерін анықтаған; объективті тарихи құбылыс ретіндегі дәстүрлі көркем мәдениеттің мазмұны мен тәрбие процесінің нәтижесі болып табылатын жеке тұлға тәрбиелігінің арасындағы ішкі байланыстар мен заңдылықтарды ашқан; кіші мектеп оқушыларын барлық жас шамасы кезеңдерінде ұлттық көркем мәдениеттің ықпал ету сферасына тартуды ұйғаратын музыкалық-эстетикалық тәрбие жүйесін ғылыми-әдістемелік жағынан негіздеген.
Ш. Б. Құлманованың зерттеуінде бастауыш сынып оқушыларын халық музыкасы арқылы тәрбиелеу мүмкіндіктері олардың психофизиологиялық ерекшеліктерін (қабылдау, зейін, ес, қиял, ерік, сезім, дауысқа қатысты мүшелер: есту, тыныс мүшелері) және музыкалық қабілеттерін (есту, ырғақ, музыкалық ес) ескерумен айқындалады. Автор оқушыларға қолайлы қазақ халық музыкасын белгілі бір өлшемдердің (көркемділігі мен қызықтырғыштығы, педагогикалық мақматтылығы, жас ерекшеліктеріне сәйкестілігі, бала өмірі тәжірибесіне үйлесімділігі) негізінде сұрыптауды ұсынады. Еңбекте оқушыларды қазақ халық музыкасы арқылы тәрбиелеу негізінде екі нақты процесс орын алғаны біріншіден, оқушылардың өтілетін музыканы бейнелі түсінуі мен меңгеруін, екіншіден, оның мазмұнын әртүрлі дербес іс-әрекетте белсенді шығармашылықпен жүзеге асыруын бірлестіретіні жайлы мазмұндалады [35].
Ж. Наурызбайдың еңбегінде отандық педагогика ғылымында оқушылырға мәдени-этникалық білім беру проблемасы көтерілген. Ұлттық мектеп жасау, оның белгілері мен оған қойылатын талаптар, онда мәдени-этникалық білім беру жүйесін жасаудың роліне тоқталған. Мәдени-этникалық білімнің іргетасы негізінен отбасында, мектепте қаланатыны белгілі. Ал бүгінгі таңда оқу-тәрбие процесінде, рухани-мәдени түлеуімізге, салт-дәстүрді жаңғыртуымызға мәдени-этникалық білім берудің маңызы ерекше.
Ғалымның тәрбие басы – тіл, ана тілі, ұлттық тіл, еліміздегі тіл ахуалы, мемлекеттік тіл саясатының негізгі принциптері, ұлттық тәлім-тәрбие, оның қазіргі жайы, жақсарту жолдары, оған мектептер мен жоғары оқу орындарында жинақталған оң тәжірибелерге шолу жасалынған, ұлттық тәлім-тәрбиенің ғылыми-әдістемелік негізінде – халықтық педагогиканы кеңінен пайдаланып жатқан әр түрлі оқу орындарындағы озық іс-тәжірибелер жинақталып қорытылған. Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетін, рухани қазынасын, адамгершілік бастауларын қайта түлетуді басты нысана еткен. Автордың: «егер біз білім берудің өзіндік гүл шашқан әрі жеміс беретін ағашқа айналуын қаласақ, онда оны ұлттық топыраққа, этникалық қоректік ортаға отырғызуымыз керек. Сонда ғана оның тамыры – ұлттық мәдениет оның ұшар құндылығы – күн, оның сәулесі – жапыраққа бүкіл ағаш өмірінің негізі – фотосинтез арқылы жан бітіреді. Мәдениет біткеннің тепе-тең, бірін-бірі байытып, бір-біріне астаса түскен үндестігі, бірлігі, түптеп келгенде, адамдықтың, руханилық пен имандылықтың негізі болса керек», - деген ой-тұжырымын толық қолдауға болады [175].
Р. Қ. Дүйсембінова қазақ этнопедагогикасын мектептің оқу-тәрбие процесіне ендірудің әдіснамалық теориялық негіздерінің функционалдық мүмкіндіктерін анықтап, тұжырымдамасын жасайды, мектеп жағдайында қазақ этнопедагогикасын меңгертуге мұғалімдерді даярлау жүйесін айқындап, қазақ этнопедагогикасын оқу-тәрбие процесіне сатылап ендіру жүйесін ұсынады [144].
Р. К. Төлеубекова зерттеуінде халықтық педагогиканың анықтамасын беріп, халық педагогикасының зерттеу көздерін көсетеді. Халық педагогкасының мұрасының бірі – дәстүр ұғымына түсінік беріп, оның бала тәрбиесіндегі маңызына тоқталып, ата-баба дәстүрлерінің озығын жаңғырту, оны ұрпақ тәрбиесінде басты рольге айналдыру, қазақтың ата салтын, қағидасын қазіргі өмір тынысына сай пайдалану басты проблема екенін айта келіп, жеке басты жетілдірудің барлық саласын қамтитын этнокомплекстік тәрбие негізінде адамгершілік тәрбиесінің психологиялық-педагогикалық негіздеріне тоқталады [24]. Әсіресе бүгінгі таңда ұлттық педагогика тұрғысынан жалпы тәрбиені, оның ішінде адамгершілік тәрбиесі ұғымдарының ғылыми негізін ашып көрсету әлі де болса шешімін таппағанын анықтап, автор адамгершілік сезім, адамгершілік сана, адамгершілік сенім, адамгершілік мінез-құлық ұғымдарына қазіргі педагогика және психология ғылымдарының жетістіктеріне сүйеніп, өз анықтамаларын берген.
Қ. Бөлеевтің «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәлім-тәрбие беруге кәсіби дайындау теориясы және практикасы» атты монографиясы 2004 жылы жарық көрді. Онда қазақ педагогикасының тарихында тұңғыш рет қазақ мектептерінің болашақ мұғалімдерін оқушылырға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындаудың теориялық негіздері жүйеленген. Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге дайындау тұжырымдамасы, қазақ ұлттық мектебін құру, ұлттық тәрбие беруге қазіргі қазақ мектептерінің мұғалімдерін дайындау болшақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге автордың «Қазақ халқының этнопедагогикасы» және «Қазақ этнопедагогикасының тарихы» бағдарламалары бойынша дайындаудың мазмұны, формалары мен әдістері жасалынған [29].
Зерттеу жұмысының бәрі халық педагогикасының, қазақ этнопедагогикасының мәнін, мазмұнын зерттеп отырған объектілеріне қарай қарастырады. Барлық еңбектердің де педагогика ғылымы үшін маңызы зор, оларды зерттеліп отырған салада пайдалануға болады.
Қоғамдық қатынастардың өзгеруіне орай, білім беру жүйесі де жаңа кезеңде, күрделі өзгерістерге түбегейлі бет бұрады. Бұл өзгерістер педагогтың кәсіби болмысының принциптеріне өзекті сауалдарды енгізуде. Қазіргі әлеуметтік жағдай педагогтардың алдына жаңа күрделі мәселелерді қоюда, шәкірттердің білім сапаларының төмен деңгейі, білім мен тәрбие арасындағы алшақтық, рухани байлықтың жұтаңдығы, мұғалімдердің ортаға бейімділігінің әрқилылығы, болашақ мұғалімдердің бойында ұлтымызға тән қасиеттерді – парыз, ар-намыс, имандылық, мейірімділікті қалыптастыру мақсатында тәрбие берудің өз деңгейінде ұйымдастырылмауы – осы мәселелердің бәрі өз шешімін күтуде.
Болашақ мұғалімнің кәсіби толысуы, білімдарлығы көбінесе оның тұлға ретіндегі дамуының әр кезеңіндегі кәсіби-педагогикалық іс-әрекеттердің, эталонды талаптарын меңгеру деңгейімен байланысты. Бұл талаптар кәсіби мәнді сапалық қасиеттерді меңгерген тұлғаларда іске асырылады, сонымен бірге педагог тұлғасының кәсіби тұрғыда өркендеуінің алғышарты ретінде де орын алады.
Педагог В. А. Сухомлинский «әлемде дәрігер мен педагогтың кәсібінен артық адамгершіл кәсіп жоқ. Дәрігер адамның өмірі үшін соңғы минутқа дейін күреседі, аурудың жағдайының нашар немесе тіпті үмітсіз екенін ешуақытта оған сездірмейді. Бұл дәрігер этикасының бастапқы ақиқаты» деген, және мұғалімдер де өз салаларында педагогтық этиканы дамытып, тереңдетуге, тәрбиедегі адамгершілік бастаманы әрбір мұғалімнің педагогтық мәдениетінің аса маңызды белгісі ретінде орнықтыруға тиісті екенін, бұл педагогтық еңбектің тұтас бір саласы, аз зерттелген саласы екенін айтқан.
Біздің зерттеуіміздің негізі – жеке адамдар арасындағы қарым-қатынастар міндетті болып табылатын, сондай-ақ қызметінің басты нысанасы жеке адам, оның тағдыры болатын кәсіп өкілдеріне яғни мұғалімдерге қойылатын моральдық талаптарды ұлттық тәрбие негізінде қалыптастыру қажеттілігі.
Басқа көптеген кәсіптермен салыстырғанда педагог кәсібі өз еңбегінің адамгершілік мазмұны бай болуымен ерекшеленеді. Сондықтан болашақ мұғалімнің жеке басының қалыптасу процесін зерттеу, оның рухани және моральдық бет-бейнесіне талаптар қою – мораль теориясы мен педагогикалық теорияның аса маңызды міндеттерінің бірі. Қазіргі ұстаздың алдына: болашақ өркениетті, дәстүрлі демократиялы мемлекетті құратын жас ұрпақтың ең әуелі адамгершілік қасиеттерін қалыптастырып, содан кейін оның жан тазалығы мен тән сапаларын арттырып, ұлттық менталитетке сәйкес жан-жақты білім беру талаптары қойылған.
Мұғалімге қойылатын талаптар өте көп. Г. Г. Воробьев «Школа будущего начинается сегодня» деген кітабында мұғалімдерге қойылатын талаптардың жиырмадан астамын көрсеткен.
Негізінен ол талаптарды С. Б. Елжанов үш топқа бөліп көрсетеді:
1. Мұғалімнің жеке басының ізгіліктілігі.
2. Кәсіптік мамандық даярлығы терең де тиянақты жалпы ғылымилық білімі. Өз пәнін, ғылымын игеруі, оны оқыту әдістемесін, психологияны, педагогиканы меңгеруі.
3. Педагогикалық технологияны игеру. Педагогикалық мораль – мұғалім тәртібіне, мінез-құлқына, өзін-өзі ұстау, қарым-қатынас жасау мәдениетіне қойылатын белгілі бір талап-тілектердің, қағида-ережелердің қалыптық мазмұндық тұжырымының жүйесі, жиынтығы. Бұл жерде Елжановтың мектеп мұғалімдерін даярлау педагогикалық білім беру жүйесінде артықшылыққа ие болу керек, сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы болашақ маманды даярлауда жеке басының адами қасиеттеріне баса назар аудару керек деген пікірі өте дұрыс.
Ұстаздық қызметте қажетті негізгі дағдылар мен іскерліктер - мақсаттылық, зерттеушідік, құрастырушылық, танымдық, қарым-қатынас, реттеушілік, ұйымдастырушылық, бақылау-бағалау, болжау.
Кәсіби рөл мен жеке құндылықтар арасындағы диалектикалық өзара байланыс бүгінгі күні толыққанды педагог тұлғасына ерекше талаптар жүктейді. Педагог тұлғасының кәсіби мәнді сапалық қасиеттеріне тоқтала кетуді жөн көрдік. Осы орайда американ ғалымы А. Маслоудың әзірлеген «тұлғаның өзіндік маңыздылығы» теориясының мәні ерекше. Өзін жан-жақты дамытуды, білімін жетілдіруді даму ырғағымен байланыстыра отырып А. Маслоу былай деп тұжырымдайды: «Өзіндік білім жетілдіру, жан-жақты болуға талпыныс, яғни адамның биік белестерге ұмтылуы барлық жанда кездесе бермейді. Көп адамда ол үміт, ұмтылыс, елігу, белгілі бір нәрсеге қол жеткізу тырысу түрінде сипат алады. Өзін-өзі жетілдіру, дамыту барысында адам өз бойындағы қабілет-қарымын, ынта-жігерін ұштай береді» [141, 110].
Психология, педагогика мәселелерін көп зерттеген ғалым өздігінен көп жұмыс атқаруды жеке тұлғаның дамуының алғышарты деп қарайды. Ол педагог тұлғасын қалыптастыруда жоғары құндылықтар ретінде мыналарды атап көрсетеді: адалдық, шындық, белсенділік, тындырымдылық, тәртіп, қарапайымдылық, білімділік.
Ғалым-педагог Ғ. М. Кертаева педагогикалық деонтологияның ғылыми-әдіснамалық негіздерін зерттей келе педагогикалық деонтологияға сәйкес ұстаздың мінез-құлқының негізгі іргелі қасиеттерінің және іс-әрекет стилінің, педагогтық реңкі туралы үш пікірге тоқталады. Оларды тағы да атап өту жөн сияқты:
1. Балаға деген сүйіспеншілік.
2. Парыздылық сана-сезімі.
3. Білімге, өзіндік ізденіске деген ұмтылысы.
Ғалым деонтологиялық тұрғыдан дайындау, жетілдіру үшін болашақ мұғалімге жәрдемдесер тәлім-тәрбиеге, біріншіден, деонтологиялық сезімді ұялату, екіншіден, педагогикалық парыздың мазмұнын білу, үшіншіден, осыларды жүзеге асыратын тетігін білуді жатқызады және педагогтың деонтологиялық даярлығын жүзеге асыру үшін оның жеке тұлғалық мінез-құлқына, сана-сезіміне әсер ететіндей арнайы деонтологиялық дайындық қажет дейді.
Зерттеуші-ғалым Р. К. Төлеубекова ұрпақ тәрбиелеуде халықтық педагогиканың озық дәстүрлерін пайдалануды зерттей отырып, адам бойындағы барлық қасиеттердің құрылысы бірдей болатындығы және олар төрт бөліктен сана, сезім, сенім және мінез-құлық дағдысынан тұратындығы туралы қорытынды жасайды [24]. Оқу әдебиеттерін талдай келе, біз оларға төмендегідей сипаттама жасадық.
Сана – объективті шындықты идеалды түрде бейнелеудің ең жоғарғы формасы, адамның жан қуаттылығының жиынтық аты. Сана - жеке адамға тән қасиет. Адамда жеке санамен қатар өмір сүрген ортасына байланысты қалыптасқан қоғамдық сана да болады. Бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты. Идеялық мазмұны жағынан жеке адамның санасы қоғамдық санасының көрінісі болып табылады. Психолог-ғалымдардың (Қ. Жарықбаев, М. Мұқанов, А. Темірбеков т.б.) пікірлерінше, сана түйсік мүшелері арқылы объективті дүниенің мән-жайын, мазмұнын, ұғымын білуінде белсенді қызмет атқаратын психологиялық процестердің (ойлау, қабылдау, сезіну, түсіну т.б.) заңды нәтижесі болып табылады. Моральдық сана – адамның санасында адамгершілік принциптерінің бейнеленуі, яғни адамдар арасындағы өзара қарым-қатынасты және қоғамға қатынасты реттейтін мінез-құлық нормасы.
Сезім дегеніміз – табиғи және әлеуметтік өмірдің сан алуан жақтарына эмоциялық қатынас. Сыртқы дүние мен құбылыстарының адамның қажеттеріне сәйкес келу-келмеуінің нәтижесінде пайда болып отыратын психикалық процестің түрін сезім деп атайды. Олар – адамның іс-әрекеттерінің қозғаушысы. Адам сезімінде орын алған моральдық ұғымдар белгілі бір әрекеттерді орындауға тілек болып қана қоймай, сонымен қатар жағымды істерге айналуы қажет. Адам сезімдері тарихи-әлеуметтік сипатта болады. Демек, адамның өмірі қоғамға байланысты, оның әрекеті де қоғамдық саналы әрекет. Олай болса, адамның сезімдері де қоғамдық сипатта болып, сезімнің мазмұнын қоғамдық болмыс белгілеп отырады.
Сенім - әрбір іс-әрекеттің бағыт-бағдарын, принципшілдігін анықтайды. Сенім – адамның еркін білдірген, сезімін қозғаған, мақсат-мүддесіне, бағыт-бағдарына айналған жүйе. Адамзаттың сан ғасырлық тарихында адамгершілік, парыздылық пен имандылықтың ұлы қозғаушы күші – сенім екені анық. Жеке адамның сенім дәрежесі оның мінез-құлқы мен іс-әрекетін анықтайды.
Мінез – адамның негізгі өмірлік бет алысын және оның өзіндік әрекетінің айырмашылығын сипаттайтын сапалы өзгешелік. Мінездің моральдық жағынан тәрбиелілігі, бірқалыптылығы, толықтылығы, салмақтылығы – оның негізгі сапалары болып есептеледі. Моральдық жағынан тәрбиеленген мінез-құлық тұрғысынан да, оның айналасымен байланысы тұрғысынан да сипаттап отырады. Инабаттылық, ізгілік, адамдарға қамқорлық, көпшілік пікірімен санаса білушілік, өз міндетін орындаудағы жауапкершілік пен адалдық – мінездің сапасының негізгі көрсеткіштері. Адам мінезінің қалыптасуы әлеуметтік ортамен, қоғамдық болмыспен тікелей байланысты. Мінез тума қасиет емес, ол жүре келе қалыптасады.
Адамдардың моральдық мінез-құлықтарының, сана-сезімдерінің ішінде парыздың алатын орны ерекше. Парыз – жеке адамның іс-әрекетін, тәртібін жалпы мүддеге, әлеуметтік бірлікке бағындыру қажеттігін білдіреді. Ол объективтік талаптардың жиынтығы болғандықтан, адамдарды белгілі бір тәртіп нормаларын орындауға міндеттейді.
Қорыта айтқанда, деонтологиялық даярлықтың мазмұны тұтастай алғанда жоғарыда аталған сана, сезім, сенім және парыздылық ұғымдарымен анықталады.
Педагог тұлғасының кәсіби мәнді сапалық қасиеттеріне тоқталар болсақ, педагогикалық мамандықтың моральдық аспектілері әр педагогикалық қызметкердің өзінің іс-әрекетіне деген жауапкершілікпен, жеке көзқарасымен ұштасады. Педагог өз шәкірттерінің келеңсіз, жаман әдет-қылыққа баруына жол бермей, жан-жақты тәрбиенің аясынан шығарып алмауы шарт. Бұл салаға ата-анамен тығыз байланыс та енеді. Кез келген ұстаз моральдық міндетін орындауда еркін. Өзінің кәсіби білімін, біліктілігін, дағдысын қандай деңгейде пайдалана алуы оның кәсіби парыздылығына байланысты.
Көптеген мемлекеттер ұстаздарға арналған кәсіби мораль кодекстерін кәсіби ұйымдардың көмегімен жасауға әлі де қол жеткізе аған жоқ. 1967 жылы ЮНЕСКО жариялаған «мұғалімнің статусының нұсқаулары» жинағында келесі талаптар орын алған: «Ұстаздар одағы кәсіби этика принциптері мен кәсіби әрекет принциптерін даярлауы тиіс, бұндай принциптер кең ауқымда мамандықтың мәртебесін асқақтатып, жалпы танылған принциптер рухында кәсіби міндеттемелерді жүзеге асыруға жол ашады». Біздің елімізде де айқын түрде қалыптасқан педагогикалық моральдің орнына көптеген өкілетті нұсқаулар мен құқықтық жарлықтар орын алуда. Алайда, олар ұстаздың кәсіби моралінің нормаларын толықтай алмастыра алмайды, бұл арада ұстаз сипатының ең алдыңғы қатарында кәсіби парыздылық сезімі болуы керек. Сондықтан да педагогикалық қызметте мыналар ескерілуі абзал.
1. Мұғалімнің маңызды еңбек құралы, жоғарыда атап өтілгендей, - оның жеке тұлғасы. Өзінің кәсіби міндеттерін нәтижелі орындау үшін ұстазға міндетті түрде өз оқушыларының алдында ерекше абыройлы болғаны дұрыс. Алайда бұл сый-құрметтің, сенімділіктің өзі ерен еңбекпен келетіні түсінікті. Осы орайда әңгіме тек арнайы кәсіби-педагогикалық сапалық қасиеттер (парыздылық, парасаттылық, мейірімділік, шыдамдылық) хақында ғана емес, басқа да түрлі жалпы адами әлеуметтік құнды қасиеттер хақында. Бұл әлеуметтік бағалы қасиеттер педагогқа аса қажет, оның кәсіби міндеттерінің аясына адамгершілікке тәрбиелеу енеді. Әлеуметтік құнды сапалық қасиеттерді тәрбиелеу білім беру және іскерлік дағдыны жетілдірумен қатар жүреді. Білімді терең игертетін, моральдық сенімге тәрбиелейтін педагогтың өзі жан-жақты білім иесі, мол адами қасиеттерді бойына жинақтаған жан болуы тиіс.
2. Ұстаздарға қарап шәкірттер еліктейді. Балалар мен жасөспірімдер күн сайын бірнеше сағаттан мектеп әлемінен орын ала отырып, ұстаздарының берген білімдерін ғана меңгеріп қоймайды, мінез-құлық ерекшеліктерінен де көп нәрсені дарытады. Мұғалімнің сабақ процесінде беретін білімі мен тәрбие жұмысының мазмұны ғана емес, сонымен бірге оның адамгершілік және интеллектуалдық қасиеттері де оқушылардың сана-сезіміне күшті әсер етеді. Кез келген жағдайда мұғалімдердің назарға алатын қағидасы, олар оқушыларға өздерінің мақсатты бағытталған педагогикалық әрекеттерімен ғана қолайлы немесе қолайсыз әсер беріп қоймайды, сонымен қоса өзінің тұтас болмыс, жан-дүниесімен де қатты әсер етеді. Осы себептерге байланысты ұстаздардан қатты талап етілетіні – олардың тек үлгі аларлықтай бағыт-бағдар берулері, оқушыға зиянды әсер беретін барлық шараларға қарсы тұра білулері қажет.
3. Кәсіби міндеттерді атқарудағы әдіс-амалдарды еркін таңдаудың жеткіліктілігі. Жоғарыда айтып өтілгендей, ұстаздың кәсіби рөлі оған сан алуан және күрделі міндеттерді артады. Олардың жүзеге асуы үшін әрекеттің үнемі бірдей амалдары кезіге бермейді. Педагогикалық ахуалдар үнемі өзгеру үстінде және әр кезде жаңаша бағалануы тиіс. Педагогты барлық уақытта өз міндеттерімді қалай, қандай әдістермен жүзеге асырамын деген ой мазалайды. Таңдаудың өзі өзгеріп, жағдайға сәйкес түрленіп отырады. Кімде неғұрлым жоғары таңдау еркі болса, сол адамда соғұрлым жоғары жауапкершілік болмақ. Сол үшін мұғалімдерге моральдық нормалар аса қажет, көп жағдайларда оңтайлы шешім табуға жол ашады.
4. Қоғам мұғалімнің әр шешімінің сапасын және мақсаттылығын қадағалап отыра алмайды. Сол үшін бақылау ең алдымен мұғалімдердің өздерінің тараптарынан белең алуы тиіс. Педагогтың кәсіби тұрғыда өз ісінің шебері еместігін және кәсіби міндеттерінің сапасыз атқарылуын заңдар мен нұсқаулардың көмегі арқылы жеңу мүмкін емес. Бұл арада анағұрлым тірек болар күш те кәсіби-моральдық нормалар болып саналады.
5. Бүгінгі таңда ұстаздар қауымына нақты талаптармен қоса негізсіз де міндеттер артылуда. Негізді және қисынсыз жайлардың ара жігін ашып алған дұрыс. Бұл арада жан-жақты ойластырылған кәсіби мораль көмектеседі. Білім беруден басқа да (экологиялық, әлемге көзқарасты тәрбиелеу) міндеттерді ұстазға жүктей беру ата-ананың бала тәрбиесіндегі ролінің төмендеуімен байланысты. Ата-аналар өз міндеттерін қуана-қуана ұстаздарға артуға құмар, көпшілігі оларды тәрбие мамандары деп санайды. Бұндай тым міндеттің көп жүктелуі ұстаздар қауымына сол міндеттерді тереңдей қабылдай алмауға итермелейді, өздерінің кәсіби міндеттерін қысқартуға әкеледі. Қат-қабат нұсқаулар мен шамадан тыс толтыратын қағаздар реті де тәжірибелік міндеттерін алмастырып жібереді. Ұстаздарды осындай қат-қабат әрекеттерден, негізсіз талаптардан қорғау, ата-аналарды бала тәрбиесіне біліктілікпен қарауға дағды беруде де кәсіби моральдың лайықты нормалары аса қажет.
Педагогтардың кәсіби моралінің мазмұнын анықтауда табиғи түрде осы салада жинақталған халқымыздың мол тәжірибесіне, педагогикалық бай мұрасына арқа сүйейтініміз белгілі. Көптеген педагогтар кәсіби болмыс, мінез-құлықтың қалыптасқан этикалық нормаларын өз түсінігінше қабылдайды. Алайда, атап өтерлігі, бұл нормаларды мойындау оған мойын ұсыну емес. Сократтың өзі таң қалған жай - көптеген адамдар мейірімділіктің, қайырымдылықтың бар екендігін біле тұра қатыгездікке барады. Ал, Гегель тұжырымынша, нақты моральдық сана дұрыс әрекеттер арнасына жол ашпақ, ал адамның өзі іске асырған қылықтарымен танылады. Сол үшін қайтара еске алатынымыз, моральдық норманың қағидаларын нысанға алып, ойланбай жүзеге асыратын әрекеттерге жол бермегеніміз дұрыс.
Моральдық нормалар кәсіби болмыс, мінез-құлықтың ережелері мен моделін жинақтай отырып, өз алдына ынта туғызатын стандарт болып есептеледі, оны қолдауға әлеуметтік-кәсіби топтың қызығушылығы да басым. Кәсіби-педагогикалық моральдың нормалары тиімді жұмыс атқаратын әр ұстаздың адами сана құрылымынан орын алады. Өз мамандығын құлшыныспен, жан-тәнімен сүйіп атқарған педагогтың жоғары шеберлік шыңына өрлеп, өз еңбегінің жемісінің дәмін тата беретіндігі айқын.
Осы келтірілген ой-пікірлерді талдай келе деонтологиялық даярлығы халықтық педагогика құралдары арқылы қалыптастырылатын болашақ мұғалімнің негізгі іргелі қасиеттерінің және іс-әрекет стилінің, педагогтық қалпы туралы үш пікірге тоқталдық: кәсіби міндетіне деген адалдық, кәсіби шеберлік (білімділік), шәкірттерінің игілігі үшін қамқорлығы. Осы үшеуін де бір деңгейде қарастырғанды жөн деп санаймыз, өйткені, кәсіби адалдық та, шеберлік те, шәкірттеріне деген қамқорлық та айналып келгенде ұстаздық парыздылық дегенге саяды. Соларға қысқаша тоқтала кетеміз:
1. Мұғалімнің кәсіби міндеттерін адалдықпен атқару. Кәсіби парыздылық мұғалімнің қоғам, өз шәкірттері алдында тұрған міндетін түсініп, сол үшін еткен іс-әрекетімен шектелмейді. Өзінің кәсіби борышын білумен қатар борышты түсіну тәрбиешінің бұлжымас сеніміне айналып, ішкі қасиеттеріне, яғни моральдық сапаға айналуға тиіс. Моральдық борыштың адам санасында қалыптасуы үшін жеке адамдарда белгілі бір адамгершілік қасиеттер пайда болуы қажет. Осындай қасиеттердің ішінде маңызды орын алатыны - адалдық. Адалдық пен шыншылдық – этиканың негізгі ұғымдары. Әр ұстаз өзінің кәсіби міндеттерін адал түрде атқаруы тиіс деген пікірмен келіседі. Бірақ әр ұстаз мұны сақтай бермейді. Олардың кейбіреулерінің өз мамандықтарын жетік меңгермеуі, адалдықпен өз жұмыстарына қарамауы өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлкен зиян әкеледі, моральдық және интеллектуалдық дамулары тежеледі. Педагогикалық мамандықты саналы таңдау оған қатысты көп міндеттердің шешімін табуды ұсынады. Өз-өзіне сын көзбен қарау, жеке білімді үздіксіз жетілдіру ғана лайықты нәтижесін береді. Мұғалімнің өз кәсібіне деген адалдығы – оның ұстаздық парызы.
2. Кәсіби шеберлік және өздігінен білім жетілдіру. Кәсіби үстірттік (дилетанттық) әрдайым жақсылық әкелмейді. Ол қоғам үшін де қауіпті, ашық әрекетсіздікке соғады. Бұл жай балалардың біліміне кері әсерін тигізеді, мектепке жоғары қарқынды әдістер мен амалдардың, технологияның енуіне кедергі келтіреді. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі бұл жайға керісінше барлық педагогикалық жүйенің тиімділігін көтереді, өз күшіне деген сенімділікті нығайтады. Нақты осы ерекшеліктерге шәкірттер де құштар, А.С. Макаренконың пікірінше: «біз жоғары біліктілік деп санайтын қажеттіліктер - жұмысқа кез келген уақытта дайын болу, білім тереңдігі, іскерлік, өнер, аз сөзділік, өз ісіне сүйіспеншілік, осы алғышарттар балаларды еліктіреді, қызықтырады» [4, 46].
Кәсіби шеберліктің жеткіліксіздігі әсіресе еңбек жолын жаңа бастаған жас мамандарда кездеседі. Кәсіби тұрғыдан тез жетілу үшін міндетті түрде өзінің білім деңгейін көтеріп, біліктілігін жетілдірудің мәні зор. Осы орайда арнаулы және психологиялық-педагогикалық білімді ұштап, кеңейтіп, кәсіби маңызды сапалық белгілерді жетілдірудің қажеттілігі күмәнсіз. Аталмыш әрекеттерді педагог барлық еңбек жолында жалғастырып отырады, ертедегі даналықтарға құлақ түрсек: аз сөйлеп, көп оқу абзал.
Қазіргі таңда оқушылардың ақпарат алу мүмкіндігі ұлғайып отырған кезеңде бірсарындылықтың ешбір нәтиже бермесі белгілі. Тәжірибе дәлелдегендей, сапалы кәсіби әрекетті жүргізуде және ұстаз тұлғасының дамуын жетілдіруде ерекше мәні зор қайнар көздер бар: балаларға деген шынайы құрмет, шыдамдылық, оптимистік, қамқорлық, ширақтық. Бұл бағалы мінез-құлық ерекшеліктері өз-өзінен туындамайды, педагогтың кәсіби әрекетінің бүкіл өне бойында жинақтала береді. Аталып өткен сапалық белгілердің қатарында орын алып қалатын кереғар мінез-құлық ерекшеліктері де орын алып қалатын жағдайлар кездеседі. Олардың қатарына: ашуланғыштық, ұсақтық, беталды соқтыққыштық, кекшілдік, бос сөзділік, өкпешілдік енеді. Кәсіби шеберліктің жоғары деңгейін иелену үшін педагогикалық болмыс, мінез-құлықпен де үздіксіз жұмыс жүргізіліп отыруы шарт.
3. Ұстаздардың шәкірттерінің игілігі үшін қамқорлығы. Мектеп пен ұстаз және оқушылар – бір-бірінен ажырағыссыз, тығыз байланысты. Педагогтардың кәсіби моралінің талаптарының ең негізгісі болып саналатыны - әр жекелеген оқушының игілігі үшін қамқор болу. Әр нақтылы жағдайда бұл игіліктің неден белең алатындығын ұстаз өзі шеше алуы тиіс, ол үшін шәкірттің жеке тұлғасына талдау жасау, оның сыныптағы жағдайын білу, жанұядағы және оны қоршаған балалармен және үлкендермен өзара қарым-қатынасын нақтылай білген жөн. Мораль педагогтардан тұрақты педагогикалық жұмыс ретін талап етеді. Педагогикалық іс-әрекеттің маңызды өлшемі – оқушы туралы қамқорлық шаралары.
Болашақ мұғалімнің кәсіби мінез-құлқына, болмысына деген сыйласымды көзқарастың көрінісі келесі алғышарттарға байланысты: шыдамдылық, мейірімділік, терең білімділік. Ұлттық педагогикада да «Адам өз ортасына қарап өседі», «Өнеге күші өлшеусіз», «Ағаштан ағаш рең алады, адамнан адам тәлім алады», «Он рет өсиет айтқанша, бір рет өнеге көрсет» - деп сайып келгенде, тәрбиенің баршаға ортақ екенін танытады. Қазақ даналығында «Ел санатымен танылып, өнерімен теңеседі, ұрпағымен жалғасады» - деген сөз бар. Ғасырлар бойы қалыптасқан, халықпен бірге жасасып келе жатқан Адам деген ардақты атқа кір келтіргісі келмейтін әр кісіге ауадай қажет рухани игілігіміз болып табылатын әдеп, инабат, парасаттылық, парыздылық жолдарын үйрену өте маңызды.
Сонымен, болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастыру ісі бойынша педагогика ғылымы мен тәжірибесінің қазіргі кездегі жағдайын, тұжырымдамалық негіздерін кешенді түрде талдау бұл мәселенің әлі де болса толық шешімін таппай отырғандығын көрсетті. Сол себепті біздің зерттеу жұмысымыздың маңызды мәселелерінің бірі болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастырудың моделін жасау болды (сурет 2).
Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында маман моделі деген түсінікке көп көңіл бөлінеді. Педагог мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарында болашақ мұғалімнің халық педагогикасы құралдары негізінде қалыптасқан деонтологиялық даярлық кешені сол модельдің маңызды бір компоненті болу қажеттілігі даусыз. Модельді жасаудың әдіснамалық негіздері мыналар болып табылады:
- болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын қалыптастыру туралы теориялық қағидалар ұғымы (К. М. Левитан, Қ. М. Кертаева, Н. В. Жутикова) [15; 14; 142];
- халықтық педагогика құралдары және этномәдениеті құралдары арқылы тәрбие беруге негізделген идеялар мен ғылыми қағидалар (Қ. Жарықбаев, С. А. Ұзақбаева, Қ. Ж. Қожахметова, Ж. Наурызбай, С. Қалиев, Ә. Табылдиев, Р. Қ. Дүйсембінова және т.б) [31; 165; 34; 36; 33; 143; 144];
- адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, ізгілендіру парадигмасына негізделген идеялар мен ғылыми қағидалар кешені (Қ. Қ. Жампейісова, А. А. Бейсенбаева, Р. Төлеубекова, А. А. Калюжный, Н. Е. Щуркова т.б.) [145; 146; 24; 147; 148];
- болашақ мұғалімдерді адамгершілік тәрбиесіне даярлаудағы психологиялық, педагогикалық пәндердің қосымша мүмкіндіктері (М. И. Гей, Э. Хамраев т.б.) [149; 150]. Осыған байланысты, біз жасаған модельдің мәнін ашу үшін модель мәселесіне кеңінен тоқталу маңызды деп ойлаймыз. Педагогикалық іс-әрекеттің әр түрін модельдеу тәжірибесі Л. И. Бережной, В. И. Михеев, Г. И. Рузавин еңбектерінде қарастырылған [151; 152; 153].
Модельдеу әдісі танымның көрінісі мен танымның объектісін саналы талдаудың кеңінен танылған түрі болып табылады. «Модель» ұғымы қазіргі ғылым саласында әртүрлі мағынада қолданылады. Жалпы мағынада, «модель» (лат. modulus – үлгі, өлшем) – нысан және оған қатынастық мәндерді көрсететін көрнекілік құралдардың бірі (шартты бейне, схема, т.б.) [154]. Орысша-қазақша сөздікте «модель» - үлгі, сұлба, өрнек, өң, кейіп деген ұғымды білдіреді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «модель» - бір нәрсенің үлгі макеті. Қазіргі заманға сай жаңалау, жинақтау деген түсінік білдіреді [155].
Модель дайындалған зерттеу нысанасының түпнұсқа үлгісі болып табылады. Философиялық энциклопедиялық сөздікте оған мынадай анықтама беріледі: модель - ойлау және әдістеме саласында (құрылым, таңбалау жүйесі) табиғи немесе әлеуметтік шындықтың белгілі бір үзіндісі. Жалпы модельдеудің педагогикада бірнеше формалары бар, біз осының ең қолайлы, біздің зерттеуімізге тиімді, интегративті, кешенді негізде даярланған зерттеу тақырыбымыздың мәнін жан-жақты ашатын көп құрылымды, көп өлшемді түрін пайдаланып модельдеудің теориялық әдісін басшылыққа алдық. Ендеше, болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын халық педагогикасының құралдары арқылы қалыптастырудағы бұл модельдің негізі – мақсаттан, міндеттен, принциптерден, қағидалардан, әдістерден, құралдардан, түрлері мен нәтижеден тұратын кешен деп қарастырамыз
Болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығы деонтологиялық ұстанымдарға сәйкес қызмет етуге қажетті таным-біліммен және алынған білімді іс жүзінде жүзеге асыра алу дәрежесімен өлшенеді. Демек, бұдан шығатын қорытынды: болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығы (парыздылық сана-сезімінің қалыптасуы) өз кезегінде біріктірілген біртұтас тұлғалық құрылым болып табылатын жеке тұлғалық, ақпараттық-теориялық, іс-әрекеттік компоненттерін қамтиды.
Достарыңызбен бөлісу: |